КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Еліміз егемендік алып, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты қоғамда тарихи сана мен ұлттық таным көкжиегі кеңейе бастады. Осыған байланысты ұлттық рухани-мәдени мұраның тарихи маңызын саралап, қайта бағалау мүмкіндігі туып отыр. Кез келген этнос атаулының ежелгі дүниетанымдық жүйесі, халықтық рухы әуелі оның тілінде көрініс табады. Бұл ретте В.Гумбольдт: “Язык народа есть его дух, и дух народа есть его язык. Язык насыщен переживаниями прежних поколений и хранит их живое дыхание”,- деп пайымдаған [1,68-82 б.]. Әр халықтың өзіндік салт-санасы, елдік рухы алдымен оның тілінде таңбаланады. Этностың өзіндік дүниетанымынан, тұрмыс-салт ерекшелігінен туындаған арнайы сөз қолданыстардың халықтың өткен өмірінде қандай мәні болса, бүгінгі өмір тіршілігіне тигізер пайдасы одан зор. Тілдің мемлекеттік мәртебесін нығайтудың қазіргі таңдағы маңызды бір мүмкіндігі – оның осы танымдық қызметін неғұрлым толық ашып көрсету, сол арқылы ежелгі елдік атрибуттарды, халықтық қалыпты, рухани тамырды тереңірек зерттеп, жете тану. Тіл мен танымды жіктеп қарамай, оны құбылыс ретінде сабақтастыра қарау академик Ә.Т.Қайдаров ұсынған “тіл мен ұлт біртұтас” немесе “адамды тіл әлемі арқылы тану” деген қағидаларға сүйенетін қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттың қалыптасуына әкелді. Этнолингвистиканың ғылыми-теориялық негізі Ә.Қайдаров, Е.Жанпейісов, М.Копыленко, Р.Сыздықова, Б.Қалиев, Н.Уәлиев, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Р.Шойбеков, А.Жылқыбаева т.б. ғалымдардың еңбектерінде қаланды. Соңғы уақытта қазақ тіл білімі лингвомәдениеттану, когнитивтік тіл білімі сияқты тілдік салалармен толығып, өз жемісін бере бастады. Төрт түлік мал атауларын зерттеуде де осы бағыттарды қолдану оң нәтиже берері анық. Өйткені төрт түлік атауларын, әсіресе жылқы атауларын зерттеуді осы бағыттарға сәйкес жүргізу ұлттың тарихы мен тегін зерделеумен қатар, оның дүниетанымын, өзіне ғана тән ұлттық болмысы мен мінез-құлқын айқындауға жол ашады.
Кәсіп пен олардың таңбалық сипаттамасы – тіл бір-бірімен тығыз байланысты. Қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өмірінде жылқының маңызы зор болды. Қазақ халқы үшін жылқы – қозғалыс көзі, өмір сүру, тіршілік ету формасы. Сондықтан жылқыға қатысты сөздер, сөз тіркестері, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер тілімізде көптеп ұшырасады. Осы тілдік деректерді жүйелі түрде жинау, ғылыми талдау сөздік қордың толығуына ғана емес, оны жаңа қырынан зерттеуге, тануға әсер етеді. Сол сияқты жылқы атауларын көркем мәтінде қарастыру мәселесі де өзекті. І.Есенберлин сынды сөз зергерінің атын әлемге паш еткен “Көшпенділер” трилогиясындағы жылқы атауларына этнолингвистикалық талдау жасау, біріншіден, қазақ халқының ұлттық танымының, ұлттық болмыс-бітімінің, ұлттық рухының, менталитетінің жарқырай көрінуіне жол ашса, екіншіден, жазушының тілдік тұлғасын тану мүмкіндігіне ие боламыз. Мұның өзі жылқы атауының негізіндегі ғаламның ұлттық тілдік бейнесін және қаламгердің идиостилін айқындауға жол ашады. Тақырыптың өзектілігі де осында.
Достарыңызбен бөлісу: |