1.2.1 Жылқының жасы мен жынысына, түрі мен түсіне қатысты т.б. атаулардың жазушы шығармасында берілуі. Жылқының жалпы атаулары: ат, жылқы, жұнт, қылқұйрық. Шығармада ат, жылқы сөздерінің қолданылу жиілігі өте жоғары. Себебі шығарманың оқиғалар желісі қазақ хандығы құрылған тарихи кезеңде өтеді. Бұл – көшпенді қазақ халқы үшін жылқының маңызы ерекше артып, жылқы әрі көлік, әрі азық, әрі соғыс құралы болған кезең болатын. Сондықтан шығармада атты, салт атты, атты әскер тәрізді сөз қолданыстары да жиі ұшырасады.
Шығармада жылқының жасы мен жынысына қарай қойылған атаулар түгелдей көрініс тапқан: тай, құнан, бесті, байтал, дөнежін, сәурік, биет.б. Олар жеке-дара емес, бір лексика-семантикалық топта қарастырылды.
Халқымыз еркек жылқыларды айғыр және саяқ деп екіге бөледі. Үйірге түсетін еркек жылқы айғыр, бес жасқа дейін үйірге салмаған еркек жылқы сәурік деп аталады. Бес жастан асқан, ақталған жылқыны азбан, екі жастан асып, үш жасқа қараған еркек жылқыны құнан, төрт жасқа шыққан еркек жылқыны дөнен дейді. Құнан, дөнен,құнажын, дөнежін лексемаларындағы -құ/-гу, -дө/-ду қосымшаларының беретін мағынасы монғолдың үш, төрт сан есімдерімен сәйкес екеніне қазір ешкім күмәнданбайды.
Қылшылдаған жас айғыркезі келгенде кәрі-құртаңды үйірінен өзі қуады [3,101 б.] деген сөйлемде жазушы айғыр, үйір сөздерін ауыспалы мәнде, адамға қатысты қолданып, көркем бейнені сомдауға жұмсаған.
Қазақ тілінде құлын атаулары өте көп. Шығарманың да өн бойында ұшырасып отырады. Халықтық дәстүрлі тәжірибе негізінде пайда болып, сұрыпталып, қолданысқа енген құлынның түрлі атауларын біз былайша топтадық: 1) туылған уағына қарай: марқа құлын, кенже құлын; 2) енесінің сүтке жарыту, жарытпауына т.б. байланысты: күнқақты құлын, мәйекті құлын, еміншек құлын, тіленшек құлын; 3) құлынның жаратылысына, басқа да түрлі әсерлерге байланысты, даму ерекшеліктеріне қарай: асау құлын, шу асау құлын; 4) жас мөлшеріне қарай: қара құлақ құлын, жабағы; 5) түгіне байланысты:қаракер құлын, шабдар құлын, бурыл құлын т.б.
Жылқының жасына, жынысына, тұқымына, мінез-құлқына, табиғи ерекшеліктері мен түрлі қасиеттеріне байланысты тілімізде өте көп атаулар пайда болып, сөздік қордан орын алған. Сол сияқты жылқының түр-түсін білдіретін атаулар да көп. Этнограф Х.Арғынбаев жылқының түсі дәстүрлі 4 топқа бөлінеді деп атап көрсетеді: 1) қылаң; 2) баран; 3) ала; 4) шұбар [4,29 б.]. Жылқының түсін білдіретін жалаң атаулардың барлығы да шығарманың өн бойында кездесіп отырады. Мысалы, қылаң, қылаңға жататын басқа түстер де шығармада назардан тыс қалмайды: Қос қылаңы – Жоламанның ұшқан құспен жарысар бедеулері [5,39 б.]. Қылаң тобына жататын түстердің негізгісі – ақ. Жылқының ақ бозын халық қасиетті санайды. Шығармадағы қолбасшылардың, хандар мен әміршілердің жорық аттарының ақ боз болып келуі тегін емес. “Ақ ат мінген сайыпқыран жорықта кілең жеңіске жетеді. Әдетте, мұндай атты сардар немесе патшаның өзі мінсе жарасады”, - дейді Омар Хайям. Тағы кешегідей сес көрсетіп, жалаң қылыштарын басынан жоғары көтере, нөкерлерін соңынан ертіп жасыл туын желбірете, қамалды жанай ақ боз ақалтекесін ойнатқан Абдолла әмірші... [3,364 б.].
Жаугершілік заманында жиі болып тұратын анттасу дәстүрі қазіргі заманда ұмытыла бастады. Соғыс кезінде боз бие құрбандыққа шалынып, оның қанына екі жақтың адамдары саусағын батырып, серттесіп, бітімге келетін болған. Жалпы қазақ ұғымында ақ – ең қалаулы түс, қасиетті ұғым, жақсылықтың, пәктіктің, әділдіктің белгісі. Шығармада халықтың ежелгі хан сайлау дәстүрі бірнеше рет сөз етіледі. Ертеде хан сайлауында болашақ ханды боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, хан сайлаған. Шығармада қазақтың атақты Жәнібек, Қасым, Абылай сияқты хандарын хан көтеріп, таққа отырғызуы баяндалады. Бір ай өтпей осы Талас, Шу маңындағы қазақ руларының басшылары жиналып, Бұрындықтың орнына боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, Қасымды хан сайлады [3,291 б.]. ... Атамыз Абылайды үш жүздің игі жақсылары боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге орап, хан ғып көтерген күнінің түнінде ол бір ғажайып түс көріп шығыпты [5,181 б.]. Жылқының ақ боз түстісі ерекше символдық және магиялық, сакральдық (киелілік) сипатқа ие. Құрбан шалғанда ақ жылқының таңдалу себебі: ақ түс – күннің символы. Дегенмен, қазақ күнді ақ емес, қызыл дейді. Сол сияқты жылқының ақ түстілерін қызыл жылқы деп атайды. Ендеше, жылқының түсін атауда сирек қолданылатын қызыл түс те күннің түсі, Тәңірдің символы. Қызыл ат денесін қартайса майда-майда қоңырқай теңбіл басады, яғни жылқы түсі енді тарланға айналады. Шығармада тарлан ат та кездеседі: Кәрі тарланның кей қимылы жас тұлпарға бергісіз [5,156 б.]. Жазушы мұнда қарт адамның қимылын кәрі тарланға балайды.
Қазақ ұғымындағы тағы бір қасиетті түс – көк. “Көк – түгі нағыз көк емес, қоңырлау көк денені, әсіресе, бас-аяғын көкшіл қылшықтар басқан жылқы түсі, ...құлын кезінде қоңыр, күлгін, сұр болып келетін бұл түс бара-бара өзгеріп, бозара түседі” [6,92 б.]. Ертеде көк ала жылқыны да құрбандыққа шалатын: Бұл хабарды естігенде қас жаулары, әсіресе, Әбілқайыр жерін алып, суын алып, қиянаты көп өткен кейбір қазақ ауылдары көк ала жылқы құрбан шалып, қуанышқа кенелді [3,247 б.].