1.2.2 Жылқының тұқымына және табиғи ерекшеліктеріне, жүрісіне, дене мүшелеріне, сыны мен бабына байланысты атаулардың қаламгер шығармасында берілуі. Шығармада жылқының тұқымы мен түрлі табиғи ерекшеліктеріне байланысты: қазанат, арғымақ, ақалтеке, жүйрік т.б. сөздер мол қамтылған. Жазушы әр тұқымның өзіндік қасиеттері мен кемшіліктерін, артықшылықтарын, сын-сипатын ашып, шығармада шебер пайдаланады.
Жылқы жүрісінің атаулары: ілбу, жол жорға, тайпалу, жорыту, жортақтау, бұлаң құйрық, май бүлкек, ит бүлкек, текіректеу. Жылқы жүрісі табиғи және жасанды болып екіге бөлінеді. Табиғи жүріс – жылқыға адамның үйретуінсіз біткен жүріс. Жылқының табиғи жүрісінің түрлері: аяң, өгіз аяң, желіс (бүлкіл, бөкен желіс, сар желіс болып бөлінеді), шабыс (жай түрін майшоқырақ, қарқындысын жай шабыс, ал жылқының бар мүмкіндігінше шабуын ағынды шабыс дейді). Қара жүріс деп халқымыз шаппай жүріп отырған аяңды ұзақ жүрісті, қалмақы жүріс, желіс деп ұзақ уақыт желе жортуды айтады. Құлан бүлкілге (бүлкекке) басты деп жорта жөнелгенді, сау желіске салғанды айтады.
Шығармада жылқыға тән қимыл-әрекет атаулары мол қамтылған. Оқыранды, кісінеді, шұрқырасты, осқырынды, шіңгірледі, азынады, сатұр-сұтыр шабу т.б. жылқының жүрісіне, шабысына, үркуіне, үні мен түрлі әрекеттеріне қатысты еліктеуіш сөздер (етістіктер). Жылқыға байланысты дыбыстық еліктеуіш етістіктерге Қ.Н.Шотаның диссертациясында жан-жақты талдау берілген [7,56-61 б.]. Ал қасысты, тістесті, тебісті, үрікті, тулады, тарпыды, қарғыды, т.б. жылқының түрлі қимыл-қозғалысының атаулары.
Жылқының дене мүшелерінің атаулары шығарманың өн бойында ұшырасып отырады. Бұл топтағы жал, ерлік, құйысқандық т.б. атаулар тікелей жылқыға қатысты болса, қалғандары түрлі жануарларға ортақ атаулар. Жұмыста сербек, шаша, жаңбырлық, шідерлік т.б. сөздерге талдау жасалады.
Жұмыста бәйгеге атының сыны жөнінде Кей-Қауыстың (ХІ ғ.), Киікбай сыншының үлгісі (ХІХ ғ.), сыншы Ш.Шөңкейұлының (ХІХ ғ.) талаптары, Күреңбай (ХІХ ғ.), Толыбай сыншының, З.Сәніктің үлгілері мысалға алынды. Ат баптаудың қыры мен сырын қазақ атбегілері жақсы түсініп, жеке тәжірибесінде қолдана білген. Халықтың бәйге атын баптауға қатысты ұжымдық тәжірибелері – тілдің кумулятивтік қызметінің нәтижесінде сақталып қалған халықтың қазынасы. Осы ұлттық құндылықтар жазушының назарынан тыс қалмай, шығарманың танымдық мәнін арттыра түскен.
Достарыңызбен бөлісу: |