Амангелдіқызы Айгүл Семей қаласы «Бөбек» балабақшасының тәрбиешісі



Дата08.06.2018
өлшемі30,3 Kb.
#41380
Амангелдіқызы Айгүл

Семей қаласы «Бөбек» балабақшасының тәрбиешісі

Құралай 2-ші кіші топ
МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАНЫҢ ТІЛІН ДАМЫТУ
Мектеп жасына дейінгі баланың тілін дамытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер
«1-1,5 жас аралығында баланың сөздік қоры 30-40 шамасында болады. Екі жасқа аяқ басқанда, Абай атамыз айтқандай, жылтыраған, шықылдаған ойыншықтарға, заттарға көңіл аударып, зат, ойыншық аттарын өздігінен атай бастайды. Екі-үш сөзден сөйлемшелер құрап, есімдіктермен мынау, анау, мен, сен, қалай, кім, не, т.б., сын есімдермен үлкен, кішкентай, т.б., домалақ, ұзын, әдемі, жаман, т.б. жаңа да талпынып айта бастаған сөздерінде дыбыстық, грамматикалық қателер жібереді. Бұл кезеңдегі қателерге назар аударылмай, баланың сөздік қорын сан жағынан молайтуға назар салынуы керек. Қойылған сұраққа сәбидің бірден жауап беруге талаптануы осы кезде баламен сөздік жұмысын суреттер арқылы да дамытуын қажет етеді, бала сөздігі 300-400-ге жетеді. Ал үш жасында бала өз атынан сөйлеуге (Мынау менің... Маған қарашы көзім қандай, қолым қандай?), өзінің жақсы көретін ойыншықтары, үй жануарлары, олардың төлдері жайлы жақсы көру сөздерін сезім білдіре айтуды («Бөпені уату», «Қуырмаш» ермек тақпақтар) ұнатады. Ана тілін сезіммен қабылдау, өзге тілдің құрылымдық ерекшеліктерін, айтылу әуезін сезіну, оны қабылдау дағдыларының қалыптасуы 2,5-3 жас аралығында айқын көрініс береді. 4-5 сөзден тұратын сәби сұрақтарын бұл кезде жауапсыз қалдырмау керек. Сәбилермен сөйлесе бастау кезеңі 3 жаста оның диалогты сөйлеу тілі негіздерін құрайды».

2-3 жастағы сәбилерге тән психологиялық табиғи ерекшеліктерді ескеріп, ата-аналар, педагогтер қауымы сөздік-альбомды, «Тілашарды» дұрыс пайдаланса, сәби тілінің белсенді сөз қоры арта түспек. «Суреттi сөздiкте» берілген суреттер баланың жақыннан танитын ойыншықтары, заттары; көшеде, аулада көргенде қызықтыратын құбылыстарды, жанды-жансыз қарекет иелерін аңғарта таныстыратын, өз елінің ерекше тұрмыстық ерекшеліктерін білдіретін тақырыптарды қамтыды. Екі жастағы бала тәрбиешіні тыңдайды да, жаңа сөздерін іштей, не бірлесе қайталай қабылдап, ойыншықпен ойнайды. Кейін өзі ойыншыққа жақындап бұл сөздерді өзі қайталауға талпынады. Ойнау кезінде бала ол сөздердің жалпы мағынасын (мысалы, жүн, жұмсақ) ұғады, бұл сөздер, иттың ғана емес, әтештің, аттың тағы басқа жануар, хайуанат, құстардағы терінің түгінде кездесетінін түсінетін болады. Еліктеу әдісі бұдан гөрі ересек балаларды тілге үйрету кезінде кез келген ойын үстінде пайдаланылады. Заттармен ойын ойнау кезінде балалар оларды бір орыннан екінші орынға ауыстырады, лақтырады, көрсетеді, итереді, шұқылап егеді, бұрайды, заттарды бақылайды және олардын сапасын, қимылын атайды. Мұнда да тәрбиешінің баламен дұрыс сөйлесуі, интонациямен бала игеретін жаңа сөздерді бөліп айтуы үлкен рөл атқарады.

4 жасқа қараған бала әрекетінде тілді, сөйлеуді меңгеруде мазмұндық және құрылымдық-формалық бағыт айқын байқалады. Балалардың осы кезеңде өздігінен сөз шығарғыштық белсенділігі басым болуына байланысты оларға сөздің мағыналық және формалық құрылысы туралы нақты білім берілу көзделеді. Заттарды жеке-жеке аталымдарымен қоса, жалпы аталымы болатыны кей сөздердің дерексіз, белгісіз нысандарды да белгілі бір сөздермен берілетіні балаға біртіндеп түсіндіріледі. Осындай жас ерекшеліктеріне қарай тіл жетілісін ескеріп, балалармен сөздік жұмысын жүргізу әдістерін білу керек.

1) өзі үшін, сөйлеу органы бұлшық еттерін адамның жұмыс істете білу қабілеті-сөздердің дыбыстарын дұрыс артикульдеу, интонация элементтерін, просодемаларды модульдеу және оларды есту;

2) дыбыс түрлері мен интонацияны тілден тыс элементтермен, өз ана тілімен салыстыра алу қабілетінің болуы, оларды қазақша сөйлеу элементтеріне тән мағына ретінде түсіне алуы;

3) сөздің мағыналық элементін өз сезімімен салыстыра білу қабілеті, яғни оларды бағалауы;

4) араласу, тану, сөзді және адамның мінез-кұлқын тәртіптеу үдерісінде сөздің мағыналық үйлесімділік дәстүрін және бағалау элементін есте сақтау қабілеті ерекше рөл атқарады. Егер тәрбиеші баланың табиғи сөйлеуі неғұрлым қарқынды болатын жағдай жасаса, онда баланьң тілі солғұрлым тезірек байиды және оның психикасы жан-жақты дамиды. Ал тілді екінші тіл ретінде үйретуде лингвистикалык-дидактикалық ұстанымдарға құрылған әдістерді қолдану керек болса, үйретуші олардың төмендегідей жіктелісін еске ұстағаны ләзім: Алдымен тілге арнайы оқыту әдісі қолданылады. Оқыту әдісі деп білімді бір адамнан басқа адамға беруді, үйренуші мен үйретушінің арасында жүйелі түрде, біртіндеп орындалатын іс-әрекетті айтады. Оқыту бірыңғай теориядан тұруы, тілді үйретушінің әрекеті тұрғысында болуы – балабақша үдерісіне жат нәрсе. Сондықтан да мектепке дейінгі кезеңдегі тілдің дамуына мынадай практикалық әдістер тән: еліктеу әдісі, сөйлесу (әңгімелесу) әдісі, қайталап айту әдісі, әңгімелеп беру (құрастыру) әдісі. Еліктеу әдісінде үйретуші мен үйренуші екеуі де бір сөзді, ырғақ жағынан әр түрлі етіп айтады: үйретуші ересек адамдармен сөйлескендегідей біршама қарқындырақ, сөздің дыбысын артикульдеп және сөздің дауыс ырғағын мәнерлеп сөйлейді, ал үйренуші тыңдайды да, соңынан қайталайды, оның сөзіне еліктейді, сөйлеу қимылын үйренуге (дауыстьң артикуляциясы мен модуляциясы) және мағынасын түсінуге тырысады (затты, қимылды және т. б. көрсететін дыбыс комплекстерін, мәліметін салыстырады).Мұндайда тәрбиеші үшін орфоэпиялык норма деңгейінен төмен түспеу және баланьң сөзіне еліктемеу (сақауланбау, шолжаңдамау) аса маңызды. Бұл әдісті қолдануды сәби шағынан бастап, кейінгі шақтарға (тек балалар бақшасында ғана емес, мектепте, тіпті есейгенде де) жалғастырып отырады.

Еліктеу әдісіне үйрену тұрмыстық іс-әрекеттерді атқару кезінде, айталық, баланы шомылдыру кезіндегі баламен қатынас үдерісінде еріксіз түрде болуы мүмкін. «Мына құлыншақтың айдары, құйрығы қайсы?» деп тәрбиеші ойыншық құлыншақтың алдымен айдарын, кейіннен құйрығын сипап, «айдар», «құйрық» деген сөздерді ерекше бөліп, дауыстап «Міне, айдары, міне, құйрығы! Қандай әдемі десейші! Қазір біз оның айдары мен құйрығын жұмсақ тарақпен тараймыз. Міне, айдары да, құйрығы да жап-жақсы, жұп-жұмсақ болды» –деп, баланы өз сөзіне еліктете алуы керек.

Балабақшада сөздік жұмысын жүзеге асыратын сабақтардың бірнеше түрі бар. Олар:

1) Балалардың сөздік қорын байыту сабақтары;

2) Сөз мағыналарын меңгерту сабақтары;

3) Сөздерді бейнелі қолдануға үйрету сабақтары. Бұл сабақтардың қай-қайсысында да төмендегідей әдістер қолданылады:

1. Бақылау әдісі;

2. Сурет қарастыру әдісі;

3. Техникалық құралдарды қолдану әдісі;

4. Көркем шығарманы, оқу, жаттау, талдау әдістері.

Бақылау әдісі – арнайы сабақта да, сабақтан тыс режимдік сәттердің әр кезеңінде қолданылатын әдіс. Бақылауға дайындық кезеңінде тәрбиеші бағдарлама бойынша балаларға танып білуге тиісті құбылыстырды таңдап алады.

Бақылау кезінде негізгі мақсат – айналаны жоспарлы түрде, біртіндеп бақылату. Тәрбиеші айналаны танытуда әр түрлі тәсілдерді алмастыра қолданады. Атап айтқанда, затты тікелей қарастырып (мысалы, қолмен сипап, қозғалмалы зат болса, қозғалтып, жүргізіп көрсету; ұқсас заттармен салыстырып зерттей қарастыру, түсінбей қалғанын сұрап алуға үйрету), т.б. Кеңістіктегі уақытты бағдарлай білу дағдылары балабақшадағы іс-әрекет, ойын, серуен кездерінде нақты мысалдармен тереңдетіле түседі. Бақшадағы қол еңбегі, бейнелеу өнері, көркемөнерге қатысты аталымдар баланың тікелей бақылауы арқылы жүзеге асып жатады.

Сабаққа дайындық барысы:

1. Тәрбиешінің бақылауға алынатын нысандарды белгілеуі;

2. Саяхат өткізетін жерге бару жолын ойластыруы;

3. Әңгімелесу арқылы бұрыннан білетін жайларын балалардың естеріне

салу, яғни тақырыпаралық байланысты жүзеге асыру;

4. Сабақтың қызықты, ерекше эмоциямен басталуын көздеу, тақырыпқа

қатысты тақпақ, жұмбақ дайындау;

5. Сабақ барысында балаларға берілетін нұсқауларды әзірлеу.

Бағдарлама бойынша қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды бақылау және саяхаттар мен мақсатты серуендер «Күзгі табиғат аясына», «Құстар қайтқанда», т.б. тақырыптарда ұйымдастыру көзделген. Тілді табиғи түрде дамыту мақсатымен сонымен қатар күзгі еңбекпен таныстыру, малшылардың жайлаудан (қырдан) қайтатыны, малдың қыстауына келетіні, малға жемшөп әзірлеумен малшылыр қалай айналысатыны туралы арнайы әңгімелесу сабақтары өткізіледі. Балалар мұндай әңгімелесу барысында егінді ору, оны бастыру, тазарту, қоймаға құю сияқты сөз тіркестеріне үйренеді. Астық дақылдары: арпа, сұлы, бидай, тарыны муляждан көріп, ойында бекітеді. Олардың пішіндерінің әр түрлілігі және олардан жасалған нандардың дәмі ерекше екендігі дәлелді түрде түсіндіріледі. Жалпы ұғым беретін (астық, жеміс, дақыл, көкөніс) сөздері меңгертіледі.

Сурет қарастыру әдісі – балаға эстетикалық және адамгершілік тәрбие беру жағынан тиімді әдіс. Балаларға суретті бірден көрсетпей, тәрбиеші сабақтың қай тұсында көрсету тиімді екенін алдын ала ойластырады. Қазіргі тіл дамыту жағдайы суретке дейін олардың сұлбасын көрсете отырып, басқа ұлт баласының белсенді сөз қорын дамыту жолын тауып отыр. Мысалы, бала тілін ширату үшін қазақ тіліндегі тақпақтарды жеңіл жолмен тез жаттатуда сол шығармадағы сөздердің, тіркестердің мәнін бейнелейтін тірек суреттер мен тірек-сызбаларды пайдалану жақсы нәтиже беріп келеді. 3-4 жастағы балаға екінші тіл алғаш рет үйретілу кезеңінде орыс тілінде берілетін мәтін ішінде бірнеше сөздердің ғана жаттатылу мақсаты қойылса, естияр топта тек қана атауыш сөздерден тұратын мәтіндер бойынша бірнеше сөздер мен тіркестерді жаттату ұсынылады. Бастапқыда тақпақтарды балалар сызбалар, тірек суреттер арқылы еріксіз жаттаса, кейін қазақ тілінде еріксіз үйреніп жаттап алған сөздерінің мағыналарын өздігінен түсінуіне мазмұнды мәтіндер негізінде жол ашылады. Солтүстік аймақтық орталықтарда қазақ отбасындағы ата-аналардың өз ана тілдерінде сөйлемеуі балалардың ана тілін табиғи түрде үйренуіне қиындықтар туындатуда. Қазіргі осы жағдайдан шығу жолы баланы қазақша сөйлетуде түрлі ұғымдарды, қимыл-қозғалыстарды: «жоқ», «бар», «биік»– ұшы жоғары қараған жебе, «қысқа» – ұшы төмен қараған жебе, «кішкентай» – жолақты кішкентай дөңгелек, «үлкен» – жолақты үлкен дөңгелек, «жұмсақ»-мақта, «қатты» – боялған төртбұрыш, әдемі – көбелек «секіреді»– екі ұшты тік жебе, «менде» – адам силуеті, «тәтті» – кәмпит, «ұшты» – құс қанаты суреті, «отыр» – орындық белгісі, «жатыр» – ұзын сызық, «таза» – түйір қан белгісі, «жейді» – жабық ерін, «жылы» – ашық күн белгісі, «суық» – қар ұшқыны, «сурет салады» – қыл қалам, «сатып алды» – ақша белгісі, «ұйықтайды» – жабылған кірпік, «жақсы» – қайырымды, үлгілі іс (мысалы, балық өсіру), «жаман»– қайырымсыз, жаман қылық (мысалы, рогаткамен құс ату), «жақсы көремін» – жүректің суреті, «сатып алды» – қатталған ақша белгісін беретін балаға суретін салуға да, ұғынуға да оңтайлы болып отыр.

Баланың сөздік қоры көркем әдеби туындыларды мультфильм, компьютер, диафильм арқылы таныстыру барысында еркін дамиды.Қ. Ыдырысовтың «Аспаз», Ә.Мұсахановтың «Менің анам дәрігер»,Ғ.Өкеевтің «Біздің балабақшамыз», Ә. Меңжанованың «Тазалықтың досы» сияқты әндер мен өлеңдердегі кәсіби мамандық иелеріне тән сипаттар суреттелгендігі балаларды олардың еңбегіне, құрал-жабдықтарына жақындата түседі. Олар өздеріне жақын мамандардың әрқайсысына қатысты аталымдарды сондықтан да тез меңгереді. Зейнелғабиден Иманбаевтың «Ұйықтар алдында», Әдібай Табылдиевтің «Ата, бізге келіңіз», Мәдіхат Төрежановтың «Әжесін қайсысы жақсы көреді?» атты шығармаларындағы баланың сезіміне әсер ететін жолдар балалардың есінде тез сақталады.

Әрбір топ бағдарламасында балаға мағыналары түсінікті, достарымен, үй-іші, тәрбиешісімен, мұғаліммен сөйлесуде еркін қолданылатын сөздік қорды тез меңгерту көзделеді. Ондай белсенді қолданылатын сөздік қорды топтау оңай емес. Оны таңдаудың негізгі ұстанымдары – тіл дамуының әр сатысына сай ауызша тілдік қатынасқа ол сөздердің практикалық қажеттігі болуы, яғни жас ерекшелігіне қарай сол кезеңде ол сөздердің қолданыста жоқтығына көз жеткізу, тіпті бұл туралы балаларда түсініктің де болмауы, екіншіден, ол сөздердің көркем сөзде, ауызекі сөйлеуде жиі қолдану ұстанымы, үшіншіден, дыбыстық құрылымы жағынан тілдік элементтердің балаларға қабылданарлықтай болу ұстанымдары.

Оқытуда негізгі мақсат пассив сөздерді активтендіріп отыру. Сондықтан, балалардың белсенді сөз қатарларын арттырумен қатар, аз қолданылатын, мағыналарын түсінбейтін сөздерін де түсіндіріп отыру керек. Мұнсыз балалар кейін әдеби шығармаларды тез қабылдап кете алмайды. Әсіресе, балабақшаға әр түрлі білім деңгейіндегі балалардың баруына орай, сөздік жұмысын жүргізу талаптары да әр деңгейде болуы көзделуде. Мультфильм кейіпкерлерін көп біліп, компьютерді меңгеріп келген балалармен актив сөздерді тексеру тіпті үлкен жұмысты қажет етеді. Десек тағы, қазақ тілі мұғалімі бағдарлама талабымен мынандай жұмыс түрлерін толықтай жүргізуі тиіс:

Жаңа сөздерді балаларға артикуляциялық жақтан дұрыс айтқызып жаттықтыру;

1. Ол сөздер мен тіркестерді диалогта қолдандыру;

2. Тыңдаған, оқыған шығармалардан естіген таныс сөздер мен тіркестерді қайталатып айтқызу;

3. Ауызша және жазба жұмыстарда орындатып, айтқызып, сызба, таблицаларға толтыртқызып, штрих-белгілерімен жазғызып жаттықтыру.

Сөздің жанды сөз ретінде бекуі сөйлемге, баланың ауызша сөйлеу тіліне енгізілуден басталады. Сондықтан тақырыпқа қажетті сөздердің (аты, белгісі, сапасы, түрі, түсі) түрлерімен қоса шылау, модаль сөздер сияқты сөйлем құрауға қажетті көмекші сөздер де үйретілуі керек.

3. Қазақ тілі сабағында қолданылатын әдіс-тәсілдер жиыны

Орыс тілінде оқытып-тәрбиелейтін балабақша топтарында және қазақ балабақшаларының орыс тілді балаларымен жүргізілетін қазақ тілі сабақтарында үш әдіс бір-бірімен байланыста қолданылады:

1. Сөздік әдістер: Әңгімелесу, мазмұндау, түсіндіру, көркем мәтінді оқу, жаттау, әңгімелеу, әңгімелету;

2. Көрнекілік әдістер: саяхат, заттар мен суреттерді, айналаны бақылау, теледидар, компьютер материалдары;

3. Дидактикалық ойындар әдісі;

4. Тірек-сызбалар әдісі.

Сөз қорын дамыту жұмысы балалардың белсенді түрде қолдана бастаған сөздерінің санының артуын көздей жүргізіледі. Әр сабақтың тақырыбы мен мақсатына орай тілді оқытушы не тәрбиеші ыңғайлы әдісті тәсілдерімен байланыста таңдап алады. Оқыту әдісі дегеніміз – сабақ үдерісінде қолданылатын тәсілдер жүйесі. Мысалы, «Отбасы» тақырыбына әңгімелесу әдісімен жүргізілген сабақта суреттер қарастыру, «Отбасы» рөлдік ойынын ойнату, телефонмен сөйлету, т.б. сабақ тәсілдері болып табылады.

Сөйлесу, әңгімелесу арқылы ұйымдастырылатын ойындар барысында тәрбиеші сұрақтарды балалар түсінетіндей етіп қояды. Жоғарыда берілген үлгі мәтіндердің бірнеше рет қайталануы балалардың өзара сөйлесе отырып ойнауларына түрткі болады. Қуыршақтармен ойнауға құрылған «Қуыршақтың бөлмесін жабдықтайық», «Қуыршақты киіндірейік» сияқты «Отбасы» тақырыбына қатысты ойындарды қазақ қуыршақтарымен жабдықталған бұрыштарда қазақ үй ішінде ұйымдастыру балалардың ұлттық салт-дәстүр, тұрмыстық ерекшеліктер туралы патриоттық білім алуларына ықпал етпек. Өзара сөйлесуде үлкендерге «апай, ағай, тәтей» кішілерге «бөпетайым», «ботақан», «балақан», ағаға «көке», әкеге «әке» деп тіл қатуларын ойын үстінде қалыптастыру сөздік әдістері арқылы жүзеге асырылады.

Тілді жаңа да үйреніп жүрген балалардан бастап, мектепалды тобында екі жыл арнайы оқытылып келген балаларға да бірдей тиімді және әрдайым олардың қызыға қатысатын сабақтары – дидактикалық ойындарға құрылған сабақтар. «Дидактикалық ойындарды сөздің лексикалық мағынасын жалпылау дәрежесіне қарай жіктеп, оларды әр түрлі тіл деңгейіндегі балалардың меңгеруіне қарай ұсынғанда, бұл әдіс арқылы тілдің жоғарғы дәрежесіне қол жеткізілетіні байқалды. Ғалымдардың сөздің мағыналарына қарай балаларға біркелкі қабылданбайтынын, «баланың тілді игеру қарқыны сөзді жалпы қабылдаудың бес түрлі деңгейлі дәрежесінде болады» деген теориялық сараптаманың нәтижесін дидактикалық жаттығулар мен ойындар барысында байқауға болады. Сөздің лексикалық мағынасын жалпылау дәрежесі дегеніміз не? Енді осы сараптамаға біртіндеп жүгіне отырып, практикалық әдіс-тәсілдерді жүйелеп шығалық.

«Сөз — тілдің негізгі өлшемі. Ол былайша айтқанда бір мезгілде тілдің барлық компоненттерінің — фонетиканың (сөз дыбыстарынан тұратындықтан), лексиканың (болмыстың белгілі бір құбылыстарын білдіріп, кодамен шифрлайтындықтан, яғни мағыналық рөл атқаратындықтан), грамматиканың (бұл жағдайда белгілі бір тұлға қолданылатындықтан), «өкілі» болып табылады. Тілде сөз белгілі бір мағынаға және тиісті грамматикалық тәртіпке ие болады, сөздерді «жай», фонетикалық құрылыссыз және грамматикалық формасыз, үйрену мүмкін емес.» «Сөздің тілден тысқары шындықты: заттар мен құбылыстарды (үй, күн, адам, күннің батуы), дерексіз ұғымдарды (ой, шындық), іс-әрекетті (құрылыс салу, жарық жағу, сүю, ойлау), заттардың сынын (ақ, мәңгі, жылы шырайлы, әділ), іс-әрекеттің белгілерін (жоғары қарай, ашық, шың, адал), санды (бір, он, екі, жүз), заттарды, сынды, санды, есім сөздерді көрсетуін (мен, кім, қандай, қанша) білдіру (кодамен шифрлау) қабілетін сөздің лексикалық мағынасы деп атайды».



Дидактикалық ойындар мектеп жасына дейінгі басқа ұлт балаларына да, жергілікті халықтың өз балаларының тілін дамытуда да өте маңызды рөл атқарады. Бір ғана «Ғажайып қапшық» ойынын бірнеше мазмұнды мақсатқа құруға болады: а) қапшыққа салынған ойыншықтарды, муляждарды біртіндеп алып отырып аттарын жекелей айтқызып шығу; ә) жалпылама мәнді сөздер бойынша айтқызу: «Ойыншықтарды алып шығыңдар», «Жемістерді жинаңдар», «Ыдыс-аяқтарды алыңдар» деп тапсырма беру, т.б.



Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет