Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының кейбір бұйрықтарының тізбесіне
4-қосымша
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының
2009 жылғы 6 қарашадағы
№ 666 бұйрығымен бекітілген
Қан мен оның компоненттері донациясы алдында донорды медициналық зерттеп-қарау қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қан мен оның компоненттері донациясы алдында донорды медициналық зерттеп-қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 166-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленген және қан мен оның компоненттерін дайындауды жүзеге асыратын медициналық ұйымдарда (бұдан әрі – қан қызметі ұйымдары) донорды қан мен оның компоненттері донациясы алдында медициналық зерттеп-қараудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидадаларда мынадай түсініктер пайдаланылады:
1) қан мен оның компоненттерінің өтеусіз ерікті донациясы – аллогендік қан мен оның компоненттерін Кодекстің 167-бабына сәйкес донорға берілетін кепілдіктерден басқа, ақысыз іске асырылатын донация;
2) қан мен оның компоненттерінің мақсатты донациясы – аллогендік қан мен оның компоненттерін нақты пациенттер үшін тапсыру және Кодекстің 167-бабына сәйкес донорға берілетін кепілдіктерден басқа, ақысыз іске асырылатын донация;
3) қан мен оның компоненттерінің аутологиялық донациясы – бір адамнан алынған және кейіннен сол адамның өзіне ғана аутологиялық қайта құюға арналған қан мен оның компоненттерінің донациясы;
4) аяқталған (толық) донация – бұл ± 10% қол жеткізілген мақсатты көлеммен жаңа алынған қан эксфузиясы;
5) аяқталмаған (толық емес) донация (жеткіліксіз) – бұл мақсатты көлемге жеткізбей процедураны еріксіз тоқтатумен байланысты, бірақ эксфузия аяқтау кезінде 200 мл және одан артық көлемде жаңа алынған қанның жеткіліксіз эксфузиясы;
6) жүргізілмеген донация (тесілу) – бұл іске аспаған венепунция, сондай-ақ 200 мл дейінгі көлемде жаңа алынған қан эксфузиясы.
3. Донорды қан мен оның компоненттері донациясы алдында медициналық зерттеп-қараудың тәртібі мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) донорды қабылдау және есепке алу;
2) донорды медициналық зерттеп-қарау.
4. Тиісті медициналық зерттеп-қараудан өткен және қарсы айғақтары жоқ, медициналық мақсатта қан мен оның компоненттерінің донациясын жүзеге асыруға ерікті түрде ниет білдірген он сегіз жасқа толған жеке тұлға донор болып табылады.
5. Қанды алғаш рет тапсыратын жасы 60-тан асқан тұлғалар, сондай-ақ жасы 65-тен асқан тұлғалар қан мен оның компоненттері донациясына медициналық зерттеп-қарауды жүргізетін дәрігердің ұйғарымы бойынша жіберіледі.
6. Қан мен оның компоненттері донациясының жиілігі мен реті бойынша донорлар мынадай санаттарға бөлінеді:
алғашқы донор - қан мен оның компоненттері донациясын алғаш рет іске асырған тұлға;
қайталама донор - қан мен оның компоненттері донациясын алдындағы донация кезінде де осы Қан қызметі ұйымында жүзеге асырған тұлға;
тұрақты донор – қан және (немесе) оның компоненттері донациясын тұрақты түрде жүзеге асыратын тұлға. Тұрақтылық деп қан донациясының жылына 3 рет және одан да артық, плазма мен қан жасушаларын жылына 12 және де одан да көп рет, эритроферез әдісімен эритроциттер донациясы - жылына 2 рет және одан да артық тапсыру тұрақтылығы ұғымы болып түсініледі.
7. Қан мен оның компоненттері донациясы мынадай түрлерге бөлінеді:
1) донация түрі бойынша:
қан донорлығы;
плазма, оның ішінде иммундық плазма донорлығы;
қан жасушалары донорлығы;
2) уәждеме бойынша донация:
өтеусіз (өтеусіз ерікті донация, мақсатты донация және аутологиялық донация);
ақылы негізде жүзеге асырылатын қан донациясы.
3) жаңадан қан донациясы рәсімінің аяқталуына орай:
аяқталған (толық);
аяқталмаған (толық емес);
жасалмаған (тесілу).
2. Донорды қабылдау және есепке алу
8. Донорды қабылдау қан қызметі ұйымдарында жеке басын куәландыратын құжаттар немесе мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер үшін әскери билет негізінде жүргізіледі.
9. Осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген құжаттарды көрсеткеннен кейін донорға өз бетінше немесе медициналық тіркеушінің қатысуымен, толтырылатын осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес, сауалнама, сондай-ақ осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес ақпараттандыру парағы беріледі.
Осы тармақ перифериялық қанның гемопоэздік дің жасушалары (бұдан әрі - ГДЖ) донорына таратылмайды.
10. Перифериялық қанның ГДЖ донорларын қоспағанда, донордың төлқұжатын донорлар және донорлыққа жатпайтын тұлғалар туралы электрондық дерекқор мәліметтерімен салыстырып тексереді, бұдан кейін донордың электрондық немесе қағаз картасының төлқұжаттық бөлігіне донор жөнінде ақпараттың тексерілгені жөнінде белгі соғып, толтырады.
11. Перифериялық қанның ГДЖ донорын қоспағанда, донорды есепке алу бастапқы медициналық құжаттар бойынша жүзеге асырылады, оның негізінде донорлар туралы электрондық дерекқор құрылады.
12. Перифериялық қанның ГДЖ донорын қоспағанда, алғашқы донорларға қан мен оның компоненттерін донациялаудан кейін осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша донор куәлігі беріледі. Жоғалған донор куәлігінің дубликаты донордың жазбаша өтінішінің негізінде беріледі.
13. Перифериялық қанның ГДЖ донорларын қоспағанда, донорлықтан шеттетілген донорға уәкілетті органмен бекітілген нысан бойынша анықтама беріледі.
Донорлық қызметті жүзеге асыру мүмкіндігі туралы шешім қабылдау үшін мынадай мәліметтер негіз болады:
1) қан мен оның компоненттерінің донорлығына жатпайтын донорлар мен тұлғалар туралы электрондық дерекқор;
2) қан және оның компоненттері донорының сауалнамасы;
3) алдын-ала зертханалық тексеру;
4) дәрігерлік қарау.
14. Донорлыққа жатпайтын тұлғалар туралы электрондық дерекқор мәліметтері ЖИТС-ке қарсы күрес және профилактикалау орталығынан (бұдан әрі – ЖИТС орталығы), туберкулезге қарсы ауруханалардан (диспансерлер), наркологиялық ауруханалардан (диспансерлер), тері-венерологиялық ауруханалардан (диспансерлер), психиатриялық ауруханаларынан (диспансерлер), тиісті аумақтарда халықтың санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқаты саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінен алынатын ақпарат, сондай-ақ қан және оның компоненттері донациясы үшін қан қызметі ұйымдарына жүгінген тұлғаларды трансфузиялық инфекцияларға тексеру нәтижесі бойынша әзірленеді.
15. Қан қызметі ұйымдарын жаңадан анықталған тұлғалар туралы ақпаратты одан әрі жаңартумен, АИТВ инфекциясын жұқтырған тұлғалар туралы ақпаратпен қамтамасыз ету облыстардың және тиісінше Астана және Алматы қалаларының ЖИТС орталықтары жүзеге асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |