Адам жанын зерттеу, бала тәрбиесі жайлы;
Имандылық тақырыбы;
Жаман мінез, әдеттер;
Адамгершілік жайлы;
Қазақ мақалы;
Қазақ халқы жайлы.
Адам психологиясы және бала тәрбиесі жайында ағартушы 7, 10, 20, 25, 31, 41, 43 қара сөздерінде айтқан. Адамның қызығушылығы «бір нәрсені, не көріністі білейін, игілігін көрейін» деген ерекше ынталануынан шығады. Қызығу, жан мен тәннің құмары және жас бала психологиясы жайында 7-қара сөзінде айтқан. «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгендеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды» дейді.
Осы тұрғыдан келгенде, қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздері халыққа ерекше тәрбие береді, адамгершілікке үндейді. Оңайдан қиынға қарай, жақыннан жыраққа қарай, қызықты, күлкілі жайдан үлкен толғаулы қорытындыға қарай біртіндеп жетектейді. Мұның барлығы адамзатты адамгершілікке жетелеу мақсатында еді.
Абайдың қара сөздерінің кім үшін болса да, тәрбиелік мәні зор. Әсіресе білімге ұмтылушы жастар үшін айрықша құнды. Өйткені ғылым да, өнер де жастар үшін. Адамның қолын бақытқа жеткізетін ілім-білімді игеру де – жастардың ғана қолынан келетін іс.
Абайдың «Алтыншы», «Сегізінші», «Он бірінші» сөздері білімге ұмтылуға бөгет жасайтын надандық мақтаншақтық мінездерді шенеуге арналады. «Бірлік, тірлік» деген сөз ұғымдарының мәнін аша келіп, «Алтыншы сөзінде» Абай: «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес», - десе, сол әңгімесінің екінші жерінде: «Ырыс алды – тірлік» дейді. Жанын қорғалап жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады...
«Кеселді жалқау, қылжақ бас,
Әзір тамақ, әзір ас,
Сыртың пысық, ішің нас,
Артын ойлап ұялмас, - болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық», - дейді. Ұлы ақын осы пікірін өзінің «Үшінші», «Он бірінші» сөздерінде де толықтырып, ұштай түседі. Мал үшін ар-намысын сату, бірінің үстінен бірі арыз беріп жала жабу, ауызбіршіліктің болмауы тәрізді мінездердің бәрі де надандықтан, мәдениетсіздіктен, жалқаулықтан, еңбексіздіктен келіп туатынын дәлелдей келе, ақын өзінің оқырмандарын жат мінездерден қашық болуға тәрбиелейді. Бұл әңгімелердің идеялық мазмұны да, келешек ұрпақ үшін құндылығы да осында.
Өзінің өлеңдеріндегі тәрізді қара сөздерінде де ұрлық, парақорлық, пәлеқорлық, мансапқорлық, тағы басқалар елдің ел болуына зор бөгет екендігін айта келіп, «Қырық бірінші сөзінде» ұлы ақын екі нәрсені ұсынады: біріншісі – «Бек зор үкімет», екіншісі – қаржы. Үкіметтің күшімен қазақтың ұл, қыздарын еріксіз түрде мектепке беріп, оларды ғылымның әр саласынан мамандандырып, ой-санасын жаңаша тәрбиелеп, бұрынғылардан мүлде өзге психология, өзгеше наным-сенімдегі адамдар етіп тәрбиелесе, сонда ғана елдің түзелетіндігін айтқан.
Абайдың «Он жетінші сөзі» қайрат, ақыл, жүрек, ғылымға арналады. Алдыңғы үшеуі адам үшін өздерінің атқаратын жұмыстарын айта келіп, әрқайсысы өзін бірінші орынға қойып таласады да, ғылымға төрелікке жүгінеді. Ғылым үшеуінің де жақсылы, жаманды қасиеттерін дәл сипаттап, әділ сынайды. Жеке-жеке үшеуінде де кемшілік бар.
«...Осы үшеуің басынды қос, оның ішінде жүрекке билет», - деп үкім шығарады. «Егер үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтаймын», - дейді оларға ғылым. Демек, Абай жүректі, яғни адам – адамды сүю, адам үшін қызмет етуді бірінші орынға қояды. Бірақ ғылым бойынша да, Абайша да ең идеал нәрсе – осы үшеуінің бірлігі. «Осы үшеуі (ақыл, қайрат, жүрек) бір кісіден менің айтқанымдай табылса, табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам сол», - дейді.
Тап осы тәрізді, тағы бір үлкен адамгершілік мәселесін қозғайтын шығармасы – «Отыз алтыншы сөзі». Қара сөз – ұят туралы. Өз кезегінде ұяттан, ардан безгендерді сынай келіп, ұят және оның түрлерін сөз етеді. Ұяттың бір түрі – адамның балалық дәуірінде болатын табиғи құбылыста, екіншісі – жасықтық, ынжықтықпен байланысты. «Ұялмас нәрседен ұялған ұялу – ақымақтық, жамандық», - дей келіп, шын мәніндегі ұят қандай болу керек деген сұраққа жауап береді.
Достарыңызбен бөлісу: |