2.2.1.АТАТҮРІК ПРИНЦИПТЕРІ(ҚАҒИДАЛАРЫ) ҚАНДАЙ. АШЫП АНЫҚТАП ЖАЗЫҢЫЗ?
Түрік ұлтын, жаңа түрік мемлекетін заманауи өркениет деңгейіне жеткізу жолында Ататүрік жүзеге асырған реформалардың негізі болған принциптердің жиынтығы «ататүрікшілдік», немесе «кемализм» деп аталады. , Ататүрік құрған Түркия республикасы мемлекетінің практикалық тұрғыдағы тұғырнамасы, идеологиялық арқауы.
Олар мыналар:
1. республикашылдық (мемлекеттің және ұлттың тұрақты түрде республикалық құрылым жолымен басқарылуы);
2. халықшылдық (мемлекеттің халық үшін қызмет етуі және оның халық тарапынан басқарылып отыруы);
3. ұлтшылдық (ұлтжандылық, түрік ұлтының мүдделері мен мерейінің басты мақсат болып табылуы);
4. мемлекетшілдік (барлық саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени шаралар Түркия мемлекетінің мәңгі өмір сүруін және нығаюын қамтамасыз етуі керек);
5. лаицизм (діни емес, зайырлы мемлекет жүйесі);
6. революцияшылдық (тоқырауға жол бермеу, үнемі даму, жаңару үстінде болу, әлемдік өркениеттен артта қалмау).
Бұл принциптер 1937 жылы ресми түрде Түркия республикасының конституциясына енгізілді. 1960, 1982 жылға конституцияларға енгізілген өзгерістер де бұл принциптерге нұқсан келтірген жоқ.
2.2.2.Ататүріктің принциптері негізінде жасалған реформалар жайында мағлұмат беріңіз. Принциптердің негізінде Түркияда Ататүріктің басшылығымен мынадай реформалар жүзеге асырылды: саясат саласында — сұлтандық жойылып, Түркия республика болып жарияланды. Түркияның жаңа парламенті – Ұлы Ұлттық Мәжілісі ұйымдастырылды, халифат таратылды, жаңа конституция қабылданды.
құқық саласында — шариғат соттары таратылды, азаматтық кодекс және жаза туралы заңдар қабылданды, әйелдерге еркектермен тең құқықтар берілді, көп әйел алуға тыйым салынды;
білім беру саласында — латын жазуына негізделген жаңа түрік әліпбиі қабылданды, жаңа типті университеттер құрылды, білім берудің тұтас жүйесі қалыптастырылды;
лаицизмге бағыт алу жолында — дін мемлекеттен ажыратылды, дәруіштердің ғибадатханалары (текелер) таратылды. Әрине, дінге тыйым салынған жоқ;
батысшылдық бағытында — сағат мерзімі мен күнтізбе өзгертілді (1926 жылдан бастап Түркияда еуропалық жыл санау жүйесі жүргізіліп келеді), ұзындық пен салмақ өлшемдері жаңартылды, фес орнына шляпа кию, басқа да еуропалық киім үлгілері енгізілді, фамилиялар туралы заң қабылданды және тағы басқалар;
тарих ғылыми саласында — түрік тарихын шынайы тұрғыда жазу ісі қолға алынды, бұл үшін Ататүріктің өзі «Түрік тарихының басты бағыттары» атты бағдарламалық мәні бар арнайы еңбек жазды. Осы саладағы жаңа тұрпатты, жаңа идеологиялық бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіріп отыратын «Түрік тарих қоғамы» құрылды (1931 жыл) және ол күні бүгінге дейін жемісті түрде жұмыс жүргізіп келеді;
тіл білімі саласында — түрік тілін араб-парсы элементтерінен мейлінше тазартып, бүкіл халық еркін түсінетін және қолданатын деңгейге көтеру басты мақсат етілді; Ататүріктің басшылығымен және тікелей араласуымен ұйымдастырылған «Түрік тіл қоғамы» (1932 жыл) өзінің тарихында бұл бағытта орасан көп жұмыс атқарды (көптеген сөздіктөр жарияланды, ондаған мың араб-парсы сөздері түрік түбірлес жаңа сөздермен ауыстырылды, соңғы жылдары Еуропа тілдерінен енген сөздерге де түрікше баламалар табу ісі табысты жүріп жатыр), араб жазуының орнына латын жазуы енгізілді (1928 жылы);
экономикада — басқа елдердің капиталына арқа сүйеп, Осман империясы сияқты сол елдерге тәуелді, кіріптар болып қалмас үшін ұлттық капиталды ұлғайтуға, ұлттық экономиканы күшейтуге ден қойылды, «экономикалық тәуелсіздік — дербестіктің басты шарты» деп танылды;
сыртқы саясатта — түрік ұлты мен Түркия республикасы мемлекетінің әлем шеңберінде құрметтелуі мақсатында шет елдермен әрі ұлттық, әрі адамгершілік негіздегі бейбіт қарым-қатынастар жасау кезделінетін болды…