1. Атқа міну мәдениеті
Орталық Азия – Еуразияның кең даласында мыңдаған жылдар бойы үстемдік еткен көшпелілер өркениетінің бесігі. Бұл өркениеттің тағы бір атауы – «Дала өркениеті» немесе «Ұлы Дала өркениеті». Біздің кең-байтақ даламызда жылқы алғаш қолға үйретіліп, көшпелі мал шаруашылығы пайда болды. Көшпелі өркениет тұйықталып қалған жоқ, ол Орталық Азияның отырықшы-егіншілік өркениетімен, қытайлық, ирандық және өзге де шығыс өркениеттерімен байланыста дамыды.
Ботайлықтар – Еуразиядағы тұңғыш жылқы өсірушілер.
Қазақстан аумағында энеолит кезеңінің ерекше ескерткіші – Солтүстік Қазақстандағы Ботай тұрағы екені баршаға мәлім. Ботай тұрағы б.з.б 3-2 мыңжылдықтармен мерзімделеді. Бұл тұрақ 15 гектар жерді алып жатыр. Тұрақты қазу барысында 158 тұрғын үй табылды.
Бізге қажеттісі жылқы сүйектерінің өте көп табылғаны. Осы археологиялық деректер ботайлықтар жылқыны алғаш қолға үйреткендігіне куәлік етеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды.
Ботай ескерткішіне 1981-1983 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан университетінің археологиялық экспедициясы, профессор Виктор Зайберттің жетекшілігімен қазба жұмыстарын жүргізілген. Ғалымдарды табылған ат сүйектерінің көптігі таң қалдырған. Жұмысқа аңдар сүйегін зерттейтін ғалым-остеологтар шақырылды. Олар ауқымды істер атқарды. 133 мыңдай жылқы сүйектері зерттелді. Нәтижесінде анықталғаны, Ботай аттары бұрынғыда белгілі жылқылар түріне жатпайтын боп шықты. Ботай аттарының сүйегі өзге де ежелгі аттар сүйегінен ерекшеленіп тұрды. Ғалымдар бірауыздан ботай аттарының қолға үйретілген деген пікірді ұстанды. Олар далада жүрген жабайы жануар еместігін айтады. Жылқылар үй шаруасында, аң аулауда қолданылған. Күні бүгінге дейін жылқылар қолға кеш үйретілген деген пікірлер айтылды. Қоныстың материалдарына әлемнің барлық ғалымдары қызыға бастады. Ботай жылқысын зерттеп білуге Солтүстік Қазақстан облысына Жаңа Сібір, Мәскеу, Англия, Алмания ғалымдары келді. Көптеген ғалымдар ортақ пікірге сүйенді, яғни Ботайлықтар әлемде ең алғаш жылқыны қолға үйретушілер деп танылды.
Мақалада атқа міну мәдениеті жайлы: «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі.
Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.
Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.
Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.
Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі.
Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі.
Біз әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз.
Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды.
Бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Дала тұрғындары теріден, киізден, кендір мен жүннен, кенептен шалбар тікті. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шалбарлардың қазіргі шалбардан еш айырмасы жоқ.
Сонымен қатар бүгінгі етіктердің барлық түрі көшпенділер атқа мінгенде киген жұмсақ өкшелі саптама етіктің «мұрагерлері» екені белгілі.
Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді.
Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың құрылымы да өзгеріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды.
Қазақстан аумағында өмір сүрген түркі тайпалары ойлап тапқан тағы бір технологиялық жаңалық – қылыш. Оның оқтай түзу немесе иілген жүзі – ерекше белгісі. Бұл қару ең маңызды әрі кең таралған соғыс құралына айналды.
Сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Еуразия көшпенділерінің айрықша маңызды әскери жаңалығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер осылайша пайда болды. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық пен біздің дәуіріміздің І ғасыры арасында көшпенділердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауынгерлік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі – айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал етті» [1].
Достарыңызбен бөлісу: |