Байланысты: Ақпан және Қазан төңкерістерінің аралығында қалыптасқан Алаш және басқа да саяси партиялар мен ұйымдардың мақсаттары мен міндеттері
Ақпан және Қазан төңкерістерінің аралығында қалыптасқан Алаш және басқа да саяси партиялар мен ұйымдардың мақсаттары мен міндеттері Ұлттық демократияшыл зиялылар ұлттың азаттық идеясын таратушы, қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятушы, отаршылдыққа қарсы күреске дем беруші болды. Оны бұрын кадет партиясы Орталық Комитетінің мүшесі болған Әлихан Бөкейханов басқарды. Көрнекті ағартушылар мен демократтар, революциялық қозғалысқа белсене қатысушылар А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Ермеков, Жаһанша және Халел Досмұхаметовтар, Ж.Ақбаев және басқа көптеген адамдар оның пікірлестері мен серіктестеріне айналды. Қазақ халқын отарлық езгіден азат ету, автономиялық ұлттық мемлекет құру идеясы алаш қозғалысының негізгі өзегіне айналды. Ақпан төңкерісінен кейін 1905 жылдан бастап өмір сүрген алаш қозғалысы қайта жанданды. 1917 жылғы сәуір-мамыр айларында «Алаш» партиясының облыстық, ішінара уездік съездері болып өтті. Мәселен, қазақтардың 1917 жылғы сәуір айында болған Жетісу облыстық съезі жергілікті өзін-өзі басқару орындарының өкілеттігіне жататын мәселелер жиынтығын қарады. Олардың қатарында азық-түлікпен жабдықтау, жергілікті өзін-өзі басқару, сот ісін жүргізу, салық салу, білім беру және ағарту проблемаларын шешу көзделді.
1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынборда Жалпықазақ съезі болып, оған Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстары мен Ішкі Бөкей Ордасынан делегаттар қатысты. Съезд мемлекеттік басқару формасын, қазақ облыстары автономиясын, жер мәселесін, халықтық милиция ұйымдастыру, земство, халыққа білім беру, сот, рухани-дін мәселелерін және т.б. қарады.
Ақпан төңкерісінен кейін Ресейдің ұлт аймақтарында мұсылмандар қозғалысы жандана түсті. 1917 жылғы сәуір айында Түркістан, Башқұртстан, Татарстан, Кавказ мұсылмандарының съездері болып өтті.
Ақпаннан қазанға дейінгі кезеңде ұлттық демократия идеясы қалыптасты. 1917 жылғы қыркүйекте мұсылман ұйымдарының съезі тұңғыш мұсылман партиясын – Түркістан федералистер партиясын құрды. Съезд Ферғана, Сырдария, Каспий сырты, Жетісу облыстары құрамындағы Түркістан өлкесін «Ресей республикасымен федерациялық байланыстағы автономиялы ел» деп жариялайтын тұғырнама қабылдады.
Қазақстанның кейбір қалалары мен ауылдарында құрылған жастар ұйымдары қозғалыстарда белсенді рөл атқарды. Мәселен, 1917 жылы Әулиеата мен Меркеде «Қазақ жастарының революцияшыл одағы» құрылды, Ақмолада нақ сондай «Жас қазақ» ұйымы жұмыс істеді. Кейіннен осы ұйымдардың көптеген мүшелері (С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов) Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату жолында жанқиярлықпен күресті.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Семейде, Петропавлда, Қостанайда, Оралда, Өскеменде кадеттер ұйымы жұмысын жандандыра түсті. Семейде ол «Свободная речь» деген өз газетін шығарып тұрды. Қазақ зиялылары кадеттерден іргесін аулақ сала бастады. Кадеттер бөлінбес, біртұтас Ресейді, конституциялық монархияны, қоныстандыру саясатын жақтады. Кадет партиясы Орталық Комитетінің мүшесі Ә.Бөкейханов мұндай бағдарламалық қағидалармен келіспейтінін, өзінің бұл партиядан шығатынын мәлімдеді.
Сөйтіп, Ресейдегі сияқты, оның ұлттық аймағы – Қазақстанда да көп партиялы жүйе қалыптасты. Қазақстанда ұлттық, діни, сословиелік, таптық негізде пайда болған әр түрлі партиялар мен топтар көптеген реттерде келісімге немесе ымыраға келе алмай, бір-бірімен шиеленіскен айтыс жүргізді. Сонымен бірге 1916 жылғы, оның ізінше болған 1917 жылғы Ақпан төңкерісі Қазақстанның халық бұқарасының орасан көпшілігін дүр сілкіндіріп, тарихи процестің дамуын жеделдетуге себепші болғаны анық еді.