Қалқанша без гормондары Қалқанша без мойынша арқылы жалғасқан екі бөліктен тұрады және қалқанша шеміршегінен төмен кеңірдектің (трахея) екі жағында, мойында, орналасқан. Ол сопақша құрылыста болады. Бездің ұлпасы коллоидтармен толтырылған фолликулалардан тұрады. Коллоид құрамында йодқұрамды гормондар (тироксин, тирйодтиронин) тиреглобулин протеинімен байланысқан түрде болады. Фолликулла аралық кеңістікте парафолликуллалық жасушалар орналасқан, олар тирекальцитонин гормонын өндіреді. Трийодтиронин мен салыстырғанда тироксиннің қандағы мөлшері жоғары болады. Бірақ, трийодтирониннің белсендігі тироксинмен салыстырғанда жоғары болады.
Бұл гормондар аминоқышқыл тирозинді йодтандыру жолымен алынады. Инактивациясы, бауырда, глюкурон қышқылымен жұп қосылыс түзу арқылы өтеді.
Йодқұрамды гормондар ағзада келесі қызметтерді атқарады: - 1) барлық түрдегі алмасуларды (протеиндік, липидтік, көмірсулық) күшейтеді, негізгі алмасулар жылдамдығын жоғарлатады және ағзаның энергия түзуін күшейтеді; -2) өсу үдерісі мен физикалықжәне ақыл-ес дамуын күшейтеді; -3) жүрек жиырылуы жиілігін жоғарлатады; -4) асқорыту трактісі қызметін стимулдейді: тәбетті жоғарлатады, ішек перистальтикасын күшейтеді, асқорытушы сөлдер секрециясын жоғарлатады; -5) жылу өндіруді күшейту арқылы дене температурасын жоғарлатады; -6) симпатикалық жүйке жүйесі қоздырылуын жоғарлатады.
Қалқанша безі гормондарының секрециясы аденогипофиздің тиреотроптық горомндары арқылы, гипоталамустың тиреолибериндері арқылы, қандағы йод мөлшері арқылы реттеледі. Қанда йод және йодқұрамды гормондар жетіспеушілігі болғанда кері оң байланыс механизмі бойынша тиреолиберин өндірілуі күшейеді. Ол тиреотроптық гормон синтезін стимулдейді. Тиреотроптық гормондар қалқанша без гормондарының өндіріліун жоғарлатады. Қандағы йод пен қалқанша без гормондарының артық мөлшері болған кезде кері теріс байланыс механизмі арқылы тежелу жүреді.
Қалқанша безі қызметінің бұзылысы оның гипоқызметі және гиперқызметі арқылы байқалады.
Егер қызметінің жетіспеушілігі бала кезде байқалса, онда бұл бой өсуінің тежелуіне, дене пропорцисы, жыныстық және ақыл-ес дамуының бұзылысына әкеледі. Мұндай патологиялық жағдай кретинизм деп аталады.
Ересек адамдардағы қалқанша безінің гипоқызметі кезінде патологиялық жағдай – миксидема – дамиды. Бұл ауру кезінде жүйке-психикалық белсендіктің тежелуі (енжарлық, маужыраушылық, апатия, интеллект төмендеуі, жыныс қызметі бұзылысы, барлық түрдегі және негізгі алмасудағы заттар алмасуының басылуы) байқалады. Мұндай науқастарда дене массасының жоғарлауы ұлпаларда сұйықтық мөлшері көбеюі есебінен жоғарлайды және беттің торсиып толуы байқалады. Сондықтан бұл аурудың атауы: - миксидема – шырыштар ісінуі – пайда болған.
Қалқанша безінің гипоқызметі суы мен топырағында йод тұздары жетіспеушілігі болатын жерлерде тұратын халықтарда дамуы мүмкін. Бұл эндемиялық зоб (жемсау) деп аталады. Бұл ауру кезінде қалқанша безі ұлғаяды, фолликуллалар мөлшері жоғарлайды, бірақ йод жетіспеушілігі себепті горомндар аз түзіледі. Бұл ағзада сәйкес бұзылыстарға әкеледі. Ол гипотиреоз түрінде байқалады.
Қалқанша безінің гиперқызметі кезінде тиреотоксикоз ауруы (диффуздық токсикалық зоб, Базедов ауруы, Грейвс ауруы) дамиды. Бұл аурудың сипаттық белгілері: - қалқанша безінің ұлғаюы (зоб) – экзофтальм, тахикардия, заттар алмасуы жоғарлауы, басым түрде, негізгі алмасу, дене массасының жоғалтылуы, тәбеттің жоғарлауы, ағзаның жылулық балансының бұзылысы, қозу мен тітіркенудің жоғарлауы.