Қарағанды 2020 Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі



бет7/24
Дата18.09.2024
өлшемі0,74 Mb.
#204656
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   24
Байланысты:
Оқу құралы 2020 жыл (2)

2.3 Таным және шығармашылық

Адамзат тарихы даму тенденциясына ие. Бұл адамның жаңа білімдерді игеруге деген құштарлық, қызығушылық, рухани жетілуге деген сұраныстарынан келіп туындайды. Таным теориясы туралы алғашқылардың брі болып зерттеу жүргізген Платон болды. Таным бұл әлем туралы шынайы білім алуға бағытталған адамның шығармашылық әрекеті.


Таным мәселесі - философиядағы маңызды сұрақтардың бірі. Әлемді қалай танып-білуге болады? Жалпы, танып-білуге бола ма? Ақиқат дегеніміз не? Бұл сауалдар әу бастан даналыққа деген құштарлықтан туындаған әрі өз мәнін күні бүгінге дейін жойған емес.
Бұл сұрақтар философиялық сипатқа ие, өйткені олар жалпы түрде беріледі (әлемге бағытталған) және адамдардың санасында үнемі кездесіп отыратын мәселелердің жалпыланған тұжырымы ғана. Таным теориясын философияның бір саласы ретінде анықтауға болады, онда танымның табиғаты, оның мүмкіндіктері мен шекаралары, танымның шындыққа қатынасы, таным обьектісі зерттеледі, білімнің сенімділігі мен ақиқаттығы үшін жағдайлар ашылады.
Барлық басқа әрекеттер сияқты, танымның да өзіндік құрылымы бар:
Субъект - білім алуға бағытталған әрекеттерді жүзеге асырушы адам. Мысалы Сіз осы туындыны оқып отырсыз. Сіздің әрекетіңіз осы туындыны зерттеп, танып-білу. Демек, бұл тұрғыда Сіз субъектісіз.
Объект – адам зерттеуге, тануға ұмтылған дүние, яғни адамның танымдық әрекетінің нысаны. Мотивтер - қарапайым сөзбен айтқанда, біз бір нәрсені жүзеге асыруымыз. Бұл тұрғыда практикалық және теориялық себептерді, қызығушылықтарды айтуға болады.
Танымның мақсаты - әлем туралы шынайы, сенімді білім алу, ақиқатқа қол жеткізу. Нәтиже - бұл объект немесе құбылыстар туралы толыққанды білім, яғни табылған ақиқаттың нақ өзі. Кейде нәтиже алу ойламаған, жоспарланбаған жағдайда болады. Мысалы, бала шынымен ойнап, оны сындырып алса, ол әйнектің өте нәзік екенін және оны ұқыпты ұстау керектігін аңғарады. Таным барлық басқа әрекеттердің элементі болып табылады деген қорытынды жасауға болады.
Философияның таным туралы зерттейтін бөлімін гносеология (эпистемология) деп атайды. Гносеология адамның дүниені білу мүмкіндіктерін, танымдық іс-әрекеттің құрылымын, шындыққа қатынасындағы білім формаларын, ақиқат пен нақты білімнің өлшемдерін, оның табиғаты мен шекараларын зерттейтін философияның бір саласы. Таным процесінің заңдылықтарын зерттеу таным теориясы деп аталады. Философияның негізгі мәселесін ақиқат не жалған деп шешуге байланысты екі түрлі таным теориясы (материалистік және идеалистік) қалыптасты. Сонымен қатар, адамның дүниені танып-білу мүмкіндігін жоққа шығаратын бағытты - агностицизм деп атайды. Гностицизм (гр. «gnostos» - білім) дүниені танып-білу мүмкіндігіне сенетін, мойындайтын ілім. Адамның санасы, зердесі дүниенің барлық қыр-сырларын танып-біле алады деп тұжырымдайтын философиялық көзқарас. Агностицизм (гр. «а» - теріске шығару, «gnostos» - білім) – дүниені танып-білу мүмкіндігін теріске шығаратын ілім. Терминді алғаш ағылшын жаратылыстанушысы Гексли енгізді.
Эпистемологияның негізін салушының рөліне Парменид үміткер бола алады: ол жоқ дегенде, біліммен сенім арасындағы жүйелі айырмашылықты көрсетіп кетті. Оның атақты поэмасының басында әйел-құдай оған «барлық нәрсені-анық ақиқатты да, пенделердің сенімсіз ойларын да оқып-тани аласың» деп уәде береді. Поэма екі бөлімнен тұрады: шындық жолы және алдамшы көзқарас жолы.
Протогор үшін қандай да болсын шынайылық шартты, ол - қарапайым желді сезу сияқты субъективті мәселеге ғана қатысты шындық емес. Бұл тезис үшін ол, біздің білуімізше, ешқандай дәлел келтірмеді, сезім қабылдауы мен сенім арасындағы қарапайым аналогиялар әр «ия» деген дәйекке лайық «қарсы» дәйегін келтіруге жағдай жасады. Протогорды кейде скептик ретінде сипаттайды. Бір жағынан, бұл-түсініксіз сипаттау. Скептиктер - «шындықты табу қиын, тіпті мүмкін емес» деп білетін адамдар. Протогор үшін бәрі оп-оңай, сіз тек бір сенім қалыптастыруыңыз керек, сосын ол шындық болып шыға келеді. Алайда, Демокрит тұрғысынан алғанда, шынайылықтың әмбебеп, объективті тұжырымдамасын шарттылықпен ауыстыру-скептизмнің өте терең формасы болмақ. Іздеуге тұрарлық нағыз шындықтың түрі релятивистер үшін табылуы мүмкін емес, өйткені ол жоқ. Алайда, Демокриттің өзі скептицизмді теріске шығаруда өте қатаң ұстанымда болған жоқ. Ол білімнің екі түрі болады деген, бірі - сезім арқылы, екіншісі - зерде арқылы танылады. Тек зияткерлік білім ғана-заңды білім, бес сезім білімнің тек жалған түрін береді [7, 197-198 бб.].
Платонның пікірінше, білімнің екі деңгейі бар: сезімдік және рационалды. Бұл, айналамыздағы әлемді зерттеген кезде, біз оның бейнелерін ойдың көмегімен түсінеміз немесе оны сезім мүшелері арқылы түйсінеміз.
Сезімдік таным: сезім мүшелері яғни көру, есту, тітіркену, тыңдау, иіс сезу қабілеттері арқылы танып білу.
Рационалды таным: тек адамға ғана тән ой-зерденің қызметі нәтижесінде танылатын шындық.
Платонның ойынша, адамның білімі өмір бойы үңгірге шегенделген, тек қана оның сыртындағы қозғалған қуыршақтардың үңгір алдындағы оттың жарығынан қабырғаға түскен көлеңкелерден ғана көрген адамның білгені сияқты. Тек математик пен философ қана сол үңгірден шынайы дүниенің күндізгі жарығына қашып шыға алады [7, 210 б.].
Әдетте, тапқыр да дәлелді, мазмұны халыққа таныс терең ойлы, көркем тілді сөздер ғана тыңдаушысын ұйытады, даналықтың негізін құрайды. Осындай дана сөздер өздерінің мәні мен маңызын, құндылығын жоймай, ұлттық рухани мәдениетіміздің сарқылмас қайнар бұлағы іспеттес. Бұған дәлел осыдан екі жарым мың жыл шамасында бұрын өмір сүрген, грек философиясында скифтердің ойлау жүйесіне өшпес із қалдырған скифтік Анахарсисті (Анарыс) айтуға болады. Себебі халқымыз даналықтың түп-төркінін, шығу тарихын, сондай-ақ қазақ шешендік өнерінің негізін салушылардың байырғы өкілдерінің болмыс-бітімін анықтау ісінде дала данышпаны Анахарсистен қалған даналық сөздер, толғамдарының маңызы, мазмұны, мәні өте жоғары. Оның өмір тарихы, философиялық нақылдары, данышпандық сөздері туралы тарихта грек философтарынан қалған біраз деректер, мәліметтер баршылық. Данышпан философ, ділмар, әрі шешен Анақарыс даналық ілімімен ерте дүние тарихының өзінде-ақ «жеті ғұламаның бірі» ретінде аты аңызға айналған. «Өнерге, әсіресе сөз өнеріне ерекше құмартып, билердің шешендік келесіне қатысып, тыңдап, өзі де билік айтып ер жеткен. Әскери тағылым алған. Жорық басы болған. Скифтердің әдет-ғұрпын өте жетік білген...» деп жазады Т.Жұртбаев «Дулыға: Көне түркі батырлары туралы тарихи әфсаналар» деген шығармасында [8, 141 б.].
Ұлы бабамыздан қалған данышпандық қанатты сөздің бірі: «Басқа пәле – тілден». Данышпандықтан туған тұрлаулы тұжырым, өнегелі де ғибратты сөз. Нақты сөзге айналған философиялық ой-түсініктің негізгі мазмұны сөз өнері, тіл өнерінің қадірін, құдіреттілігін түсіне білуде жатыр. Бұдан түйіндейтініміз, кемеңгер ойыңды халқыңа жеткізе айтар тілің болмаса білгеніңнен не пайда. Қазақтың сөзге көсем, ділмар билері мен шешендері сияқты Анахарсис те сөздің қадір-қасиетін ондағы ой-пікірдің қадір-қасиетімен өлшеген. Данышпанның танымында сөз өз бетімен құрылып жақсы да, жаман да бола алмайды: «Ой, ойдың жүйесі жаман болса, оны жеткізіп тұратын сөз де жақсы емес, егер сөз жүйесіндегі ой жақсы болса, онда сөздің өзі де жақсы. Сұлу айтылған сөздің мәні мен мағынасы таяз болса, бұл - ақылдың, ойдың мешеулігінің белгісі, ал сөздің мәні мен мағынасы терең келіп, оның айтылу реті бұзылып жатса, бұл - шешеннің сөйлеу өнеріне тән кемшілік» [9, 46-47 бб. ]. Бұл жерде ғұлама аз сөзге көп мағына берген, әрі әрбір сөздің мағынасының аясын кеңейте білген ділмарлығы да ерекше дараланып тұр. Ендеше алдында атап кеткеніміздей, қазақ сөз өнерінің түп-төркіні, ежелгі тарихы жайлы сөз қозғағанда дала данышпаны, ұлы ғұлама Анахарсистің данышпандық сөздері мен толғамдарының өзіндік орыны ерекше екеніне баса назар аударуымыз керек.
Таным үрдісін жүзеге асыруды зерттеу нәтижесінде жаңа дәуір философиясында эмпирзим және рационализм деп аталатын бағыттар қалыптасты.
Рене Декарт (1596 - 1650 жж.) - француз философы. Теңдессіз математик ретінде танылған Р. Декарт осы ғылымның көмегімен бүкіл ғылымдар жүйесін, философияны қайта өзгертуді армандады. Р. Декарт алгебра, аналитикалық геометрия, механика мәселелерін зерттеумен шұғылданады. Еңбектері: «Әдіс туралы ой - толғау» және «Алғашқы философиялық толғаныстар». Өзінің «Толғаныстарында» өзінің алдына философияны бұрынғы жүзжылдықта пайда болған скептицизм қаупінен азат ету міндетін қойды. Ол үшін әуелі өзі теріске шығарғысы келген скептикалық ұстанымды көрсетуге тура келді. Алғашқы «Толғаныста» ол Монтеньнің ойларын мақұлдайды, алайда дәлелдерін өткір де мұқият формада баяндайды [7, 155 б.].
«Cogito» - Декарт эпистемологиясының іргетасы. Сол кезден бастап, қазірге дейін сыншылар оның қаншалықты мығым екеніне күмәнданумен болды. «Мен ойлаймын, демек, өмір сүремін» тұжырымының негізді дәйек екені шүбәсіз, оның дұрыстығы ақылмен бір шолғанда-ақ қабылданады.
Төмендегі үзінді Р.Декарттың «ой» деген сөзді кез келген саналы тәжірибеге қолданғандығын өте айқын көрсетеді: «Мен түйсіктерге иемін немесе материалдық объектілерді сезімдерім арқылы қабылдаймын. Сөйтіп, қазір жарықты көріп, шуды естіп тұрмын, жылуды сезініп отырмын. Бұл объектілер нақты өмір сүріп отырған жоқ, себебі ұйықтап жатырмын; бірақ мен, ең аз дегенде, көремін, естимін, жылынамын. Мұның нақты өмір сүрмеуі мүмкін емес, бұл - менің түйсігім деп дұрыс аталған нәрсе; дәл осылай қарастырылатын әрі қарайғы түйсік-ойдың әрекетінен басқа ештеңе де емес».
Қарапайым интуициялар ақылдың алдында тұрғанда күмән тезінен өткізілмейтіндіктен, оларды анықтау үшін ешқандай дәлел қажет емес; Декарт «интуиция ақиқатқа жету әдісі ретінде дәлелден асып түседі» деп есептеді. Жеке интуициялар мен әлгінде көрсеткен айналмалы әдіске ғана күмәндана алады: олар мазмұнын жария етуге байланысты қандайда бір күмәндануға жатпайды. Тек жалпы принципке және нақты қабылдауларға қатысты ғана Құдіретті шындыққа жүгіну қажет. Яғни, Р.Декарттың дәйектенуінде айналмалы әдіс жоқ. Алайда, «Толғаныста» ақыл өзін анықтау үшін қолданылатыны сөзсіз. Бірақ, мұндай айналмалы әдіс міндетті түрден болады және ол зиянсыз [7, 165 б.].
Ағылшын философы Давид Юмның (1711–1776 жж.) ойынша, субъективтік себептілік бар, ол сезімдік әсерлердің идеяларын тудырады. Мысалы, адамдар күннің күн сайын шығатынына сенімді. Бұл сенімнің негізі - осы құбылыстың үздіксіз күнделікті қайталанатындығында. Яғни, адамдардың практикалық сенімінің бастауы теория емес, қалыптасқан дағды - сенім. Осылайша, Д.Юмның біржақты эмпиризмі және оны рационализмнен бөліп қарастыруы - дүниені танып-білуге болмайды деген агностикалық тұжырымға алып келді. Адамның ақылы сезім мүшелері беретін білімнен басқа білім бере алмайды, өзінің рухани тәжірибесінен басқаны қорыта алмайды.
Давид Юм 1711 ж. атақты Шотланд әулетінің кіші тармағында дүниеге келді. Ол жастай жесір қалған анасының кенжесі болатын, өмірдегі өз жолын ерте таңдауына тура келді. 12-15 жас аралығында Эдинбург университетінде әдебиет пен философияны оқыды, өзі айтқандай, екі пәнге де ғашық болды. Содан соң заңгер мамандығына дайындалуға ұйғарды, бірақ кейін бұл ойынан бас тартты, себебі, өз сөзімен айтсақ, «философия мен жалпы оқуға ұмтылыстан басқаның бәрін жек көріп кетті».
1734 жылдан 1737 жылға дейін ол Анжудағы Ла-Флеште өмір сүрді, бұл Р.Декарт иезуиттер колледжінде білім алған жер еді. Колледж кітапханасын пайдалана отырып, Д.Юм өзінің алғашқы іргелі еңбегін - «Адам табиғаты туралы трактатты» (Treatise of Human Nature) жазды. Трактат үш том болып жарияланды, алғашқы екеуі 1739 ж., ал үшіншісі 1740 ж. басылды. Еңбектің мақсаты бірінші басылымында баяндалды, ол - пайымдаудың эксперименттік әдістерін адамгершілік субъектілеріне енгізу талпынысы еді. Д.Юм эксперименттік әдісті моральдық пәндерге қолдана отырып, өзінің психология үшін атқарған ісі Ньютонның физикаға сіңірген еңбегімен тең деп есептеді. Ол идеялардың арасындағы өзара байланыс туралы қорытынды жазып, ұсынуды жоспарлады, мұндай байланыс денелер арасындағы гравитациялық тартылыстың үлгісі болар еді [7, 111-113 бб.].
Ойлау мен елестетуді эмпирикалық түрде салыстырудың шегіне жетуі Д.Юм философиясында байқалады. Бірақ, Д.Юм оларды «идеялар» деп атаудың орнына, қабылдаулардың, әсерлердің және идеялардың екі тобын бөліп қарастыра отырып, Дж.Локк пен Берклидің теорияларын дамыта түсуге тырысады. «Бәрі сезім мен ойлаудың арасындағы айырмашылықты біледі, - дейді Д.Юм. - сезім - әсерлерге, түйсіктер мен эмоцияларға қатысты мәселе. Ойлау идеяларды, мысалы тракттатты оқып отырғанда басыңызға келетін нәрселерді қамтиды» [7, 192 б.].
Таным теориясындағы пайым мен зерденің бір-бірінен алшақ кеткендігін, ендігі жерде олардың ымыраға келмейтіндігін айқын көріп, бұл мәселеге баса назар аударған, классикалық неміс философиясының негізін салушы Кант Иммануил (1724-1804 жж.) - неміс философы, ғұлама ғалым. Негізгі еңбектері: «Таза ақылға сын», «Тәжірибелік ақылға сын» және «Пайымдау қабілетіне сын».
И.Кант гносеологиялық сауалға келгенде, адам білімдері жиынтығының категорияларының ара-жігін ажырата білген ең соңғы әрі аса көрнекті метафизик бола білді. И.Кант дүниетанымындағы гносеологиялық мәселелерге тоқталатын болсақ, әлем екіге бөлінеді: «біздік зат» және «өзіндік зат». «Біздік заттар» дүниесін адам зердесі тани алады, себебі, ол тәжірибеге бағынады. Жалпы, И.Канттың пайымдауынша, танып-білудің негізі - тәжірибеде. Біз танып-біле алмайтын (тәжірибеге бағынбайтын) заттар дүниесі болады, өйткені, сол заттардың ішкі мәні – сол заттың өзіне ғана мәлім болмақ. И.Кант танымның трансцендентті нәрсенің (о дүниелік) қарама-қарсылығын сезінуден басталуға тиіс екенін көрсете келіп, философияда қалыптасқан қарама-қайшылықтарын ашып берді. Трансцендентті нәрселерге құдайлар мен адамның трансцендентті ойларын жатқызды.
И.Кант өзіндік санадағы орталық мәселелерді зерттеуді мақсат етіп қойды. Біз білетін барлық білімдердің түрі пайымдаулар арқылы танылмақ. Оның үстіне, барлық пайымдауларды аналитикалық және синтетикалық деп бөлді. Аналитикалық пайымдаулар - кез келген объект туралы түсініктің қалыптасуы. Аналитикалық пайымдауларды толық зерттегенмен, жаңа ақпарат бермейді. Мысалы: барлық денелердің созылатыны, өзгеретіні жөнінде жалпылама сипат береді, бірақ толықтырушы анықтама бере алмайды. Синтетикалық пайымдаулар біздің білімімізді байытады, өрісін кеңейтеді.
И.Кант білімнің екі деңгейін көрсетті: априорлы білім және апостериорлы білім. Апостериорлы білім - тәжірибе арқылы жететін ақиқат, ал априорлы білім - біз тәжірибесіз білетін ақиқат. Демек, тәжірибемізге дейін өзгенің тәжірибесінде анықталған ақиқат. Біздің барлық біліміміз тәжірибеден басталады деген мәселе бойынша Кант Д.Локкпен келіседі, алайда, барлық ақиқат білім тәжірибеден кейін ғана қалыптасады деген тұжырымды құптамады.
Эмпиризмге қарсы бола тұра, И.Кант рационализмді де одан кем түспес белсенділікпен сынайды. Сараптауының соңында, ол категориялар өздерінің қолданылу деңгейін анықтай алмайды, ал принциптер өз ақиқаттығын айқындауға қабілетсіз деп дәлелдеуге ұмтылды. Түсіну «өздігінен субстанция секілді қандай да бір зат бар» немесе «әрбір өзгерістің себебі бар» дегенді дәлелдей алмайды. Тәжірибе жүзеге асып, априори дәлелдеуге болатынның бәрі белгілі бір шарттарға сай болуы тиіс. Бірақ тәжірибенің жүзеге асатынын алдын ала айқындау мүмкін емес; тәжірибенің жүзеге асу мүмкіндігін оның өзінің нақты пайда болуы ғана көрсетеді [7, 140 б.].
Таным процесінде адам баласы бірі-бірін теріске шығаратын тұжырымдарға жолығады. Оларды «антиномиялар» деп аталады. Өзінің таным қызметінде адам шешілмес қайшылықтарға кезікпей қоймайды.
Априорлы білімді шешу үшін Кант төрт антиномия құрды. Антиномия - қайшылыққа немесе ой-тұжырымдарға (тезис және антитезис) әкелетін, бір-біріне қарама-қарсы дәлелдемелер жұбы. Әр антиномияда тезис «белгілі бір кезең толық аяқталды» деп тұжырымдаса; антитеза «ол мәңгілік жалғасады» дейді. Екінші антиномия - бөлінгіштікті; үшінші - себеп-салдарлық байланысты; төртіншісі - күтпеген жағдайларды қарастырады. Әр жағдайда Кант белгілі бір кезеңді басқа бірдеңе тудырған нәрселер кезеңі ретінде көрсетеді, мысалы, Канттың терминдерінде әсер оның себебінен «туындайды». Антиномиялардың әрбірінде дәйектің тезисі шексіз абсолютпен аяқталады. Кант әр антиномияның екі жағы да қате деп есептейді: тезис-догматизмнің қателігі, ал антитеза - эмпиризмнің қателігі. Антиномия құрастырудың мәні - эмпирикалық зерттеу саласы мен таза ақыл талаптары арасындағы сәйкессіздікті көрсету. Тезис дүниені ойдан шағын етіп көрсетеді; антитеза оны ойдан үлкен етіп көрсетеді [7, 141 б.].
Таным мәселесінде айтарлықтай ақиқат іздеп, танымның диалектикалық әдісін ұсынған немістің классикалық философы Георг Вильгельм Фридрих Гегель болды. Ол 1770 ж. дүниеге келіп, Тюбинген университетінде теологияны зерттеді; 1801 ж. Йена университетіне қызметке орналасып, сонда ол Наполеон 1806 ж. Пруссия әскерін күйрете жеңгеннен кейін жабылғанша сабақ берді. Қайыршылықтың сәл алдындағы Гегель осыдан көп ұзамай өзінің іргелі еңбегін - «Рух феноменологиясын» жариялады [7, 147 б.].
Ой әлеміне қосқан Гегельдің үлесі - философияға тарихилық элементті енгізуінде. Ол тарихтың философиядағы және философияның тарихнамадағы ерекше орнын айқындап берді. Тарихты логиканың көрінісі деп түсіндірді. Егер екі пікір қарама-қайшы болса, Гегель оны олардың арасындағы жанжал ретінде сипаттады: пікірлер бір-бірімен шайқасып, бұл шайқаста жеңіп не жеңіліс табады. Бұл - бір пікірдің («тезис») басқа пікірмен («антитезис») күресіп, соңында екеуі де үшінші пікірден («синтез») жеңіліс табатындығын айта келіп, оны «диалектика» деп атады.
Рухқа жету үшін диалектиканың екі кезеңінен өту қажет. Біз абсолюттен, нақты дүниенің жиынтығынан бастаймыз, ол алдыңғы, ерте кезеңдердегі философтар айтқан болмысқа ұқсайды. Біздің бірінші тезисіміз мынадай: абсолют - таза болмыс. Алайда таза болмыс қандай да бір қасиеті болмаса, ештеңеге айналады, сондықтан, біз қарама-қарсылыққа әкелеміз: «Абсолют дегеніміз - ештеңе». Тезис пен антитезистен синтез арқылы арыламыз: болмыс пен бейболмыстың бірігуі енді Қалыптасу үстінде, сондықтан біз: «Абсолют қалыптасу үдерісінен өтуде», - дейміз [7, 149 б.].
Танымның әдістері дегеніміз адамның танымдық процесін жүзеге асыратын құралдар. Танымның әдістері екі деңгейге бөлінеді:

  1. Теоретикалық – түсініктер арқылы анализ жасау әдісі.

  2. Эмпирикалық – бақылау, тәжірибе жасау, салыстыру арқылы жүзеге асатын танымның әдістері.

Эмпирикалық және теориялық деңгейлер зерттеу объектісі, объективті әлемнің көрініс деңгейі және практикамен байланысының табиғаты, танымның логикалық әдістері және т.б. байланысты ерекшеленеді.
Теориялық деңгей абстрактілі ойлауға негізделеді, ол үшін сезімдік қабылдау нәтижелері зерттеудің бастапқы нүктесі болып табылады.
Эмпирикалық және теориялық деңгейлер арасында күрделі және қайшылықты қатынастар бар. Эмпирикалық деңгей - нәтижесі тәжірибеден алынатын білім деңгейі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет