Қарағанды 2020 Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


Болмыс. Онтология және метафизика



бет6/24
Дата18.09.2024
өлшемі0,74 Mb.
#204656
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24
Байланысты:
Оқу құралы 2020 жыл (2)

2.2 Болмыс. Онтология және метафизика

Біз «болу», «тіршілік ету» ұғымдарын синоним, яғни ұғымдары бір-біріне ұқсас, маңызы бірдей атаулар ретінде қабылдаймыз. Философия «болу» ұғымын бар болудың дәлелі ретінде ғана емес, нақты тіршілік етудің кепілі ретінде қарастырады.


Сондықтан, «болу» сөзі философияда жалпы өмір сүрудің терең астарын ұғындыруға талпынатын ерекше мәнге ие категория.
Болмыс мәселесі туралы ілім онтология (онтос – тіршілік, логос – сөз, білім) деп аталады. Онтология терминін алғаш рет 1613 ж. неміс философы Р.Гоклениус ұсынады, кейіннен XVIII ғ. 1-ші жартысында Х.Вольф онтологияны болмыс туралы ілім ретінде нақтылап, оны «бірінші философия» деп есептеді.
Болмыс категориясы әлемді философиялық тұрғыда түсіндірудің алғышарты болып табылады. Бұл тұрғыда қоршаған әлемнің және адамның өзіндік санасының бар екендігі туралы қарастырылады. Бұл жүйелі түрде әлем картинасын қалыптастыруды мақсат етіп қояды.
Шынтуайтына келгенде, жекелеген заттар, процестер, құбылыстар туындайды, бірақ жоғалады да, ал тұтас әлем мәңгі бар, жоғалмайды әрі сақталып қала бермек. Болмыс ұғымы заттардың, процестердің нақты айырмашылығынан алшақтауы мүмкін, алайда, әлем болмысының тұрақтылығына, оның мәңгі тіршілігіне кепілдік бере алады.
Әлемнің онтологиялық анализін жасау философиялық категориялардың жүйесімен көмегімен жасалады, бірақ негізгі екі ұғым, яғни болмыс және бейболмыс ұғымдары арқылы ғана жүзеге аспақ. Философияда маңызды рөл атқаратын бұл категориялар адамның өзі өмір сүретін әлемнің реалды түрде өмір сүретіндігін, сондай-ақ оның тек адам үшін жаралғандығын айқындайды. Сондықтан, болмыс ұғымын бар дүниенің бәрін қамтитын шындық ретінде анықтауға болады.
Сонымен, «болу» категориясы барлық заттар мен құбылыстардың негізін құрайтын және олардың өмір сүруіне кепілдік беретін нақты әлемді білдіреді. Адам баласы «болу» ұғымын түсінгендіктен, «бейболмыс», «жоқ» ұғымдарының да болатынын ескерді. Бейболмыс категориясы кез келген заттың, дүниенің реалдылығын теріске шығарады.
Философияда, сонымен қатар, абсолютті болмыс пен бейболмысты қолдану мен зерттеу ұсынылады. Абсолютті болмысқа мәңгілік, шартсыздық, тұрақтылық сияқты қасиеттер тән.
Мұндай философиялық тұжырымдарға байланысты түрлі мәндер қалыптасты: материализмнің дәстүрлі формасында - материя, діни философияда - Құдай, Гегель философиясында - абсолютті идея. Абсолютті болмыс бақылауға бағынбайды, адам жасай алатын тәжірибеден тысқары жатқан, яғни трансцендентті ұғым. Ол танып-білуге болатын әлемнің іргетасы ретінде бой көрсетеді.
Болмыс туралы сауал философиялық сұрақтармен қатар дүниеге келді, тарихи тұрғыдан алғанда, болмыс әлемді мифологиядан түсінуден философиялық дүниетанымға бетбұрыс кезеңімен тұспа-тұс.
Адамның дүниеге деген қатынасында қандай құндылық жатса да, оның негізінде – болмыс катеогриясы жатыр. Не нәрсенің болса да дүниеде болу жолы, тәсілі оның негізін құрайтыны белгілі. «Болу» жолдары және сан алуан құндылықтар - бәрі де ең алдымен жалпыға ортақ болуы тиіс. Болмыстың формаларының барлығына ортақ жалпы ерекшелік - болу. Болмыс - адам санасынан тыс өмір сүретін дүниелерді, яғни материяны, адамдардың материалдық өмірінің табиғатын анықтайтын философиялық категория.
Жалпы, философия тарихына көз жүгіртетін болсақ, дүниенің пайда болуы мен құрылысы турасында онтологиялық, алғашқы мән жөніндегі сұрақ философия қалыптасқаннан бері жалғасын табуда. Сонау ерте заманнан күні бүгінге дейін болмыс мәселесі төңірегінде қалыптасқан ой-тұжырымдарға тоқталуды жөн санадық. Философия тарихында болмыс терминін алғаш рет антикалық философ Парменид енгізді. Парменидтің пікірінше, нағыз болмыс бұл ‑ мәңгі бар нәрсе. Парменид дүниені қозғалмайтын, тұтас, толтырылған шар түрінде елестетті. Екі бастаманы көрсетеді - от, жарық және қараңғылық. Ал болмыс мәңгі, тұтас және бөлінбейтін болғандықтан, ол туралы ой да бүтін, оның үстіне оның өзінің болмысы бар. Нағыз болмыс ‑ бұл ақыл‑оймен игерілетін болмыс. Адамды субъективтілік шеңберінен тысқары шығарып, объективтілік деңгейіне жеткізе алатын, оның дәйектілігі мен күмәнсіздігін негіздейтін ой адамға сенімділік береді.
Парменидтің «болмыс» категориясы адамдардың күнделікті, практикалық өмірінде жүзеге асырылып отыратын нақты іс ‑ әрекеттері мен ойларының философиялық тұрғыда түсіндірілуі ғана емес, сонымен қатар, ол батыстық адамға тән дүниетанымдық және аксиологиялық принциптерден де бұрын оның нақты өмірлік қажеттіліктерін бейнелейтін нақты да айқын экзистенциалдық негіздер болып табылады.
«Ештеңеден еш нәрсе туындамайды» деген қағидаға сай, әрқилы пікірдегі ойшылдар әлем әрқашан тіршілік етуге тиіс болған деген қорытындыға келді. Парменидтің «болмыстың басталуы мен аяқталуы жоқ» деген тұжырымдамасы түбегейлі үлгіге айналды. Болмыс шексіз ғана емес, ол өзгеріссіз («түбегейлді тиянақты»), ол уақыт ағымына (болып жатқанның бәрі қазір болып жатыр және оның өткені мен болашағы жоқ) тәуелді емес. Өткеннің осы шақтың және болашақтың арасын не бөле алады? Егер ол қандай да бір тіршілік иесі болмаса, онда уақыттың болуы-шынайылық емес, ал егер тіршілік иесі болса, онда мұның бәрі - болмыстың бір бөлшегі деген сөз. Өткен шақ, осы шақ және келер шақтың бәрі де – болмыс [1, 262 б.].
Зенон (б.з.д. 490-430 жж.) - Элей мектебінің өкілі. Философияға тұңғыш рет диалог формасының қолданылуын енгізді. Ол қозғалыстың диалектикалық табиғаты туралы мәселелерді теріс формада қолданды. Зенон үшін болмыста қайшылық жоқ, сондықтан қайшылықты болмыс - жалған (елес) болмыс. Зенон философия тарихында «Ахилл және тасбақа», «Жебе» т.б. апорияларымен белгілі. Апория (гр. «aporia» – тығырыққа тірелу, шарасыздық) - ежелгі грек философиясында шешілуі қиын мәселені білдіретін ұғым. Апория заттың өзінде немесе ол туралы ұғымдағы қарама-қайшылықтың негізінде пайда болады. Зенонның қозғалыстың мүмкін еместігі туралы пайымдауларын апория деп атайды. Зенон апорияларының мәні мынадай: белгілі қашықтықтан өту үшін оның жартысын жүріп өту керек; жартысын жүріп өту үшін осы жартының жартысын жүріп өту керек, сөйтіп осылай кете береді. Бұдан шығатын қорытынды: қозғалыстың басталуы мүмкін емес [5, 18 б.].
Парменид дүниесіндегі «болмыс» категориясы философияның ең негізгі ұғымы ретінде ғана қалып қоймай, метафизикалық мәселелерді зерделеуге, яғни адамға да, адамзатқа да бағынбайтын материалдық емес болмыс туралы, табиғи мәндердің идеалдық себептері туралы және өмірде бар дүниелер туралы айтуға мүмкіндік беретін ілімге жол ашатын ұғым ретінде қалыптасты. Сезімнің көрсетуіне сенбеу, пайымдық білімді жоғары бағалау Парменид іліміндегі рационализмнің басым екендігін аңғартады. «Болмыс - бар нәрсе, олай болса ол туралы ойлауға, оймен бейнелеуге, зерттеуге, сипаттауға болады», - дейді.
Метафизика-болмысты бар болу тұрғысынан зерттеу; бар нәрсенің мәні туралы пайымдаулар; алғашқы себептер мен принциптерді зерделеу; бізді қоршаған нақты дүниені рационалды тану; адамды қоршаған заттар, олардың теңдігі мен мәні туралы рационалды білім. [6, 24 б.] Метафизиканың басты тақырыбы - онтология, яғни болмысты зерттеу. Метафизикалық ой дегеніміз - ойлау, оның тұжырымдамасымен бірге тұтасымен қатар, ол туралы ойлану және адамның өзі туралы білуі.
Метафизиканы түсіндіру философияны түсінумен, оның мәдениеті мен пәнінің динамикасымен тығыз байланысты. Философиялық ой тарихында метафизика ұғымы көбінесе философияның синонимі ретінде әрекет етті, өйткені метафизика барлық философияның орталық доктринасы болып табылады, онда әлемде адамның өмір сүруіне қатысты іргелі ірі сұрақтар қойылады. «Метафизика» терминін алғаш рет Родос Андроник (б.з.д. I ғ.) Аристотельдің шығармаларын жүйелеу барысында ұсынған, ол физикадан кейін тұруды жөн санаған. «Метафизика» сөзінің этимологиясы (шығу тегі) «физикадан кейінгі» дегенді білдіреді. Аристотель шығармаларының ішінде тұтас әлем және барлық тіршіліктің болмысы жайлы сұрақтар қойылды. Бұл трактаттар ішінара «физика» пәні бойынша белгілі дәрістер жинағы сияқты сұрақтарды қамтыды, бірақ сонымен бірге «бірінші философияда» Аристотель неғұрлым іргелі және жалпылама дүние туралы қарастырғаны анық болды. Сондықтан оны жай физиканың құрамына енгізуге болмайды, оны физикадан кейін (грекше «мета») орналастыру керек болды. Кейде бұл ұғым басқаша сипатта да кездеседі: әлем туралы зерттеулерді жүзеге асыру әдісі ретінде де қолданыла береді, бұл тұрғыда ол диалектикаға қарсы.
Философия тарихындағы энциклопедист ғалымдар Платон мен Аристотель болмыс, субстанция (алғашқы бастама) ұғымдарын анықтауға талпынды. Платон өз философиялық жүйесін қалыптастырған алғашқы ойшыл болды. Платон шамамен б.д.д. 427 ж. Афины маңында, ақсүйектер отбасында дүниеге келді. Ол философияның метафизика, эпистемология және саясат философиясы бөлімдеріне елеулі үлес қосты. Осы салалардың бәрінде Платонға Сократтың ілімі қатты ықпал етті [6, 262 б.]. Платон Сократтың шәкірті, объективті идеализмнің негізін қалаушы, диалогтар ретінде жазылған 30-дан астам философиялық еңбектердің авторы. («Парменид», «Теэтет», «Мемлекет», т.б.) Дүниеге идеалистік көзқараспен қараған Платон сол заманның материалистік ілімдеріне қарсы белсенді күресті.
Платон объективті идеализмнің жүйесін жасады. Сезім арқылы қабылданатын «заттар дүниесіне» «идеялар дүниесін» қарама-қарсы қойды. Идеялар объективті түрде табиғат пен қоғамға тәуелсіз өмір сүреді. Нақтылы «заттар дүниесін» Платон көлеңкелер дүниесі деп атады, өйткені заттар дегеніміз идеялардың көшірмелері, көлеңкелері ғана деді. Идеялар дегеніміз заттардың мәңгілік бейнелері, оларды ойша «сезілетін заттар» ғана көреді.
Адамның жаны, рухы тәнге тәуелсіз о дүниеде идеяларда өмір сүреді. Ол материялық емес, мәңгілік нәрсе. Адам бойына уақытша ғана қонақтап, кейін тәннен ажырап, өзінің мәңгілік әлеміне қайта оралады. Платон философиясында «идеялар дүниесі» – «Эйдос» деп аталады.
Сезімдік дүние «идеялар» мен «материяның» туындысы, арасында, екеуінің ортасында тұрады. «Идеялар» мәңгілік, аспаннан да биік, олар туылмайды, пайда болмайды, өлмейді, салыстырмалы емес, кеңістік пен уақытқа тәуелді емес. Платон ілімі философияның кейінгі уақытта өркендеп, дамуына көрнекті рөл атқарды.
Платонның пайымдауынша, шынайы реалды болмыс - ақылмен ғана танып-білуге болатын денесіз (материалды емес) идеялар дүниесі. Платон түсінігіндегі болмыс Парменид тұжырымдағандай біртұтас емес, керісінше, өздеріне ғана тән идеялары бар рухани, көпшілікке тән болмыс. Идеялардың барлығы өз алдына мәңгі әрі өзгермейді, ол өз-өзіне ғана тән. Идеялардың саны көп, бірақ шексіз емес. Идеялар мәңгі өмір сүретін әлемді (Эйдос) деп атайды. Идеялар бір-біріне тек қарым-қатынас барысында ғана емес, сонымен қатар біріне–бірі бағынышты, яғни, барлық идеялар белгілі бір ортақ идеяға тәуелді қатынастарда болмақ. Платон әлеуметтік тектік бөлінісін азаматтардың бірлескен тұрғылықты жері бойынша мемлекеттің тұрақтылығының алғышарты деп тұжырымдады. Төменгіден жоғары текке өз бетінше өтуіне жол берілмейтінін, әрі бұл ірі қылмыс деп санады, себебі әрбір адам өзіне табиғатынан белгіленген жолмен жүруі шарт. Тек өз ісімен айналысу, өз жолымен жүру және өзгелердің өміріне араласпау - әділдік деп есептеді. Әділдіктің Платон бекіткен ұстанымы әлеуметтік теңсіздікті, адамдардың тумысынан маңдайына жазылған жазмышын мойындауын жариялайды.
Платон рухани дүниенің жеке идеялары туралы ой өрбіткенде, көбіне «эйдос» ұғымын алға тартады. Грекше идея да, эйдос та бір-біріне ұқсас мағынада: түр, форма (пішін), сұлба, т.б. Эйдос сезімдік заттар үшін бір уақытта әр түрлі міндет атқармақ: а) себептілік; ә) заттардың жаратылу кескіні үшін үлгі; б) заттардың түпнегізін бейнелейтін ұғым.
Платон түсінігіндегі материалды дене - өзгермелі, уақытша, ал идеялар әлемі өзгермейді, демек мәңгі. Заттар әлемінің өзгермелілігін түсіндіру үшін Платон «хора» (материя) ұғымын қолданды.
«Хора» яғни материалды әлем кез келген пішінді қабылдап, түрленетін материя болуға қабілетті дүние. Платонның материясын танып-білуге болмайды, ол - бейболмыс. Материя өзгеру, жалқы, затқа айналу, дүниеге келу мен өлу сияқты құбылыстардың қайнар көзі.
Аристотель (б.з.д. 384-322 жж.) – ежелгі грек философы, логика және басқада көптеген ілімдердің негізін қалаған энциклопедист - ғалым. Әлем бойынша бірінші ұстаз атағына ие. Франциядағы Стагирда туған, Афиныдағы Платон мектебінде тәрбиеленді. Платонның денесіз форма жөніндегі («идеялар дүниесі» пікірін) теориясын сынаса да «идеализм мен материализм» арасында екі ұдай күйге түсіп платондық идеяны толықтай жоққа шығара алған жоқ. Аристотельдің айтуы бойынша, рух тәннен бөлінбейді, тән өлгенде жан да жоғалады. 335 ж. Афиныда өз мектебін (Ликей деп аталады) ашты. Аристотель философияны үш салада бөліп қарастырды: 1) теориялық бөлімі – болмыстың кезеңдері, себептері мен түпнегізі турасындағы ілім; 2) практикалық бөлім – адамдардың іс-әрекеті жөнінде; 3) поэтикалық бөлім – (творчество) шығармашылық жөнінде. Ал ғылымның зерттейтін объектісі – адамның ақыл-ой өрісі жететін дүние.
Аристотель табиғатты «материяның» «формаға», «форманың» «материяға» біртіндеп ауысуы түрінде қарастырды. Алайда материядағы қозғалыс бастамасының баяулығын байқап, түбінде қозғалыстың түп төркіні мен мақсатқа келіп тірелетін форманың белсенділігіне баса назар аударды. Қозғалыс атаулының түп төркіні – «өзі қозғалмайтын, қозғалтуға түрткі болатын» - Құдай деген тұжырым жасады.
Ертедегі грек мәдениетіндегі даналық ғарыштың шынайы бейнесін ой елегінен өткізіп, үйлесімді түрде тоқуға ұмтылған. Платонның шәкірті Аристотельдің, кейінірек метафизика деп аталған «алғашқы философиясы», адам өмірінің мақсаты және ләззат көзі болып табылатын өзгеше болмысты зерттеуге ұмтылды. Шын мәнінде, антикалық метафизика, жоғары сезімге ие қағидаларды немесе болмыстың бастамасын (архе) іздей отырып, жалпы метафизиканың үлгісі болды. Батыс Еуропа философиясының кейінгі дамуында философиялық білім жүйесіндегі метафизиканың мәртебесі де, бағалауы да өзгереді, оның кейбір жаңа маңызды жақтары пайда болды. Ортағасырлық философияда метафизика жоғары зердеге бағынышты болумен қатар, болмысты танудың жоғарғы формасы ретінде бой көрсетті. Атақты ортағасырлық теолог Акуиналық Томас алғашқы философияны, метафизика мен теологияны (құдай туралы ілім) біріктіруге тырысты. Философия бұл алғашқы себепті тану, яғни Құдайды жаратушы ретінде танып білу. Томастың бұл ұстанымына әсер еткен Аристотельдің метафизикалық жазбаларындағы философия мен теологияның өзіндік байланысының баяндалуы. Аристотельдің философиясы тіршіліктің мәні мен табиғаты туралы мәселені, сонымен бірге, тіршілік туралы мәселені көтере отырып, ең алғашқы және соңғы деп санайды. Аристотель құдайдың мағынасын «алғашқы» деп атайды, жаратушы немесе жеке Құдай емес, Логос мағынасында қолданады. Нәтижесінде алғашқы философия, метафизика және теологияның бірігуі анықталады. Акуиналық Томас теологиясындағы метафизика Аристотельдегідей жалпы болмысты анықтаушы әдіс ретінде емес, теологияға толықтай бағынатын және Құдай туралы ілімнің қызметшісі ретінде болмақ.
Мұсылман ойшылдары алғашқы бастаманы мұсылмандық догматпен - тәухидпен, яғни «Алладан басқа Тәңір жоқ» ұстанымымен байланыстырды. Діни ойшылдар мутазилит ретінде Құдайды тәнсіз, формасыз, ешқандай субстанциясыз жаратылыс бастауы ретінде қабылдады. Ол әрқашан бар және алғашқы жаратушы бастаушы.
Араб ойшылы әл-Кинди (шамамен 800-870 ж.ж.) антикалық философияда қалыптасқан пікірлерге сүйене отырып, алғашқы бастама жөнінде өзіндік ұстанымын өрбітті. Әл-Кинди дүниетанымындағы алғашқы бастама теологиялық сипатқа ие Құдай болмысы болды. Құдайды барлық қағидалардың бастаушысы, мәңгі әрі бірегей ақиқат деп атады. Ол бәрінен бұрын бар болған, басы да соңы да, баламасы жоқ мән. Оның формасы да материалды қасиеті де жоқ.
Болмыс мәселесін адамның тіршілік ету қасиетімен байланыстыра отырып зерттеген философтардың бірі XX ғ. Мартин Хайдеггер (1883 - 1976 жж.) болды. Экзистенциалист-философ ретінде М.Хайдеггер бар ғұмырын болмыс ұғымына академиялық анықтама беруге сарп етті. 1927 ж. болмыстың тіршілік етуі жайындағы «Болмыс пен уақыт» атты еңбегін жариялады.
Хайдеггер философиясында болмыс мәселесі философиялық анализдің нысанына айналды. Себебі, батыс философиясындағы метафизикада болмыс мәселесі Хайдеггерге дейін нақты болмыс нысанына айналған емес, оның үстіне метафизика тек бар дүниелерді зерттеумен ғана шектелген болатын. Хайдеггер тек бар дүниелерді ғана зерттеулермен шектемей, бар бола білу жөніндегі көзқарасын ұсынды. «Бар болу» - «da sein» - өзін-өзі проблемаға айналдыра алатын, өз болмысына өзі қатынас жасай алатын адам. Тек адам ғана «da sein» сатысына жете алады. Ол үшін өз-өзіне сұрақ, талап қоя білуі қажет. Өзіне сұрақ қоя білу қабілеті өз ақиқатына қарай жолға шығуды білдіреді. Адам бар болу үшін, тіршілік ету қабілетін түсіну-түсіндіру үшін бірнеше жағдайларды: уақыт, ұят, соңғы қадамға бара білу, қамқорлық іспеттес ұғымдарды түсініп, игеруі тиіс. Уақыт - адам болмысының негізі. Уақытсыз болмыс қалыптаспайды, танылмайды да. Ұят – экзистенциалдық категория. Ұят - болмыстың көріну формасы, егер ұят болса, демек болмысы қалыптасқан деп айта аламыз. Себебі, ұят адамды өз-өзіне шақырады. Адам дүниеге алданғанда күнә, қателіктерге тап болады, сол кезде адам ой түкпірінен ұят шақырады. Соңғы қадамға бара білу – адам тіршілігінің бір себебі, шарты. Бұл мүмкіндігіңнің шегінде жұмыс жасай білсеңіз, өзіндік болмысыңды қалыптастырғаның дегенді аңғартады. Қазақ дүниетанымында мұндайда «болсаң от бол, болмасаң жоқ бол» дейді. Қамқорлық – адамның өз-өзіне қам, жағдай жасауы. «Атың барда желіп жүріп жер таны, асың барда, беріп жүріп жер таны» қағидасын ұстана отырып, адамның өзіндік болмысын қалыптастыратын метафизикалық күй.
Жалпы, экзистенциалдық философияда болмыс ұғымы барлық тіршілікке қатысты категория емес. Әдетте, экзистенциалдық ұстаным болмыс ұғымын трансцендентті бастамамен (Құдай), қоғамның және жекелеген адамның өмір сүруімен байланыстырады.
Болмыс категориясының тарихи эволюциясы және оның түсіндірмесі барлық философиялық ойдың дамуының негізгі кезеңдерін, оның табиғатты зерттеуден адамның өмір сүруінің әр түрлі жолдарындағы зерттеуіне дейінгі қозғалысын көрсетеді. Бұл уақыт өте келе болмыстың негізгі формаларын анықтап алуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда: 1. Адам болмысы; 2. Заттар болмысы; 3. Әлеуметтік (қоғамдық) болмыс; 4. Рухани болмыс.
Материя – адамның санасынан тыс, тәуелсіз өмір сүретін және санада бейнеленетін (сана арқылы сипаттауға болады) объективті шындық. Материя әлемде нақты өмір сүретін шексіз көп объектілер мен формалардың субстанциялық негізі болып табылады.
Материяның ең негізгі атрибуты - қозғалыс, қозғалыссыз материя, материясыз қозғалыс жоқ. Қозғалысты кез келген өзгеріс деп түсіндіруге болады, ол материяның сыртқы емес, керісінше, ішкі қасиеті, ажырамас бөлігі, ол объективті, мәңгі әрі абсолютті. Қозғалыстың механикалық, физикалық, химиялық, биологиялық және әлеуметтік түрлері бар. Сондай–ақ, кеңістік және уақыт - материяның маңызды атрибуттары. Кеңістік - материя болмысының объективті, жалпы, заңды формасы, ол әр түрлі жүйелердің көлемге ие екендігін, өзара орналасқандығын, құрылымдылығын және бірге өмір сүретіндігін сипаттайды. Реалды кеңістік тіршілік етушілерді іс жүзінде бөлудің, сонымен қатар біріктірудің тұрақты көрсеткіші. Ол үш өлшемді, кез келген кеңістіктік қатынастар үш өлшем-координаталар (ұзындық, ең, биіктік) арқылы сипатталады.
Уақыт өте келе дүниенің бастамасы мәселесіне байланысты философияда бірнеше пікірлер қалыптаса бастады. Олардың қатарына: монизм, дуализм, деизм саналады.
Монизм (гр. «monos» - біреу, жалғыз) – дүниенің алғашқы негізі ретінде бір ғана бастаманы мойындайтын философиялық ілім. Идеалистер үшін алғашқы бастама – идея, сана. Материалистер үшін материя алғашқы бастама болып табылады.
Дуализм (лат. «duo» - екеу) - монизмге қарсы, дүниенің негізі екі бастамадан тұрады, екеуі бірін-бірі толықтырып отырады деп тұжырымдайтын пікір. Негізін салған Р. Декарт.
Деизм (лат. «dues» - Құдай) – дүниенің негізін құдай жаратты, бірақ, адамның іс-әрекетімен қоғам өміріне араласпайды деп тұжырымдау. Негізін салған XVII ғ. ағылшын философы, лорд Чербери [5, 8 б. ].
Деистік ұстаным Абай Құнанбаевтың дүниетанымында айқын сезіледі. Жаратушы, Дүние, Адам – осы үш категория Абайдың онтологиялық философиясының негізін қалайды.
Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті Алланы танытуға сөз айырмас.
Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді, Оларға кез-кезімен нәби келді.
Қағида шариғаты өзгерсе де, Тағриф алла еш жерде өзгермеді,- деп, Тәңірдің абсолютті мәңгілігін айқындай келе:
Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті, - деп деистік тұрғыда қорытындылайды. Абайдың пайымдауынша, Жаратқанның тудырған осы дүниенің темірқазығы – адам. Ендеше, «Адам бол!» атты қағидасын ұсынады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет