3.6 Қоғам және мәдениет
Әлеуметтік философия - қоғамдағы адамдардың өмір сүру жағдайы мен үрдістерін ұғынуға бағытталған философиялық білімнің маңызды саласы. Әлеуметтік философия табиғат және адам болмысының жалпы мәселелерін пайымдай отырып, адамдарды қоршаған және қамтыған басқа да шынайылықпен бірге қоғамның қатынасы мен байланыстарына ғана талдау жасап қоймайды, әрі әлемнің тұтас ерекше болмыстық түрі ретінде нақ тек адамдардың қоғамдық тіршілік әрекетіне тән ерекше заңдылықтар көрінісін де саралайды. Зерттеу объектісі – қоғам. Қоғамды түрлі ғылым салалары зерттейді. Егер әр ғылым қоғамдық болмыстың өзіндік қырларын зерттесе, ал әлеуметтік философия қоғамды біртұтас негізде қарастыра отырып, адамдардың қоғамдық өмірінің дамуының жалпы заңдылықтарын зерттейді. Әлеуметтік философияның пәні – бұл қызмет ету және даму заңдарымен тұтас әлеуметтік жүйе ретіндегі қоғам болып табылады. Әлеуметтік философия қоғамды өзіндік барлық қырлары мен қатынастары, құрылымдық ұйымдарының өзара байланысында, оның дамуының ең жалпы заңдылықтары, қайнарлары мен қозғаушы күштері, әлеуметтік жүйенің табиғатпен және тұтасымен әлеммен өзара әрекеттесуінде күрделі өзін-өзі ұйымдастырушы және өзін-өзі дамытатын жүйе ретінде зерттейді. Қоғамды қарастыра отырып, әлеуметтік философия қоғамдық өмірдің 4 негізгі қырын зерттейді: 1-ден, «қоғам» ұғымының мазмұнын зерттейді: қоғамның жалпылама (теориялық) үлгісін философиялық талдаумен береді; 2-ден, қоғамдық үрдістердің мазмұны мен себептерін ашады. Бұл ретте қоғамның даму тарихын табиғат және табиғи үдерістерден ажыратуға, оның даму заңдарын табиғат заңдарымен теңдестіруге болмайды. Табиғатта стихиялық күштер мен объективті заңдылықтар бар сияқты, тарихты адамдар жасайды; 3-ден, қоғам өмірінің материалдық және идеалды факторларының арақатынасы. Философтар қоғамдық үдеріс үшін анықтаушы – қоғамдық болмыс па немесе қоғамдық сана ма деген сауалға жауап береді. 4-ден, адамның жасампаз және әлеуметтік қызметтің субъектісі (яғни белсенділік көзі) ретіндегі маңызы. Себебі қоғам адамдармен қалыптасады. Адамзат тарихында субъективті фактордың рөлі үздіксіз өседі. Субъективті фактор жеке тұлғаның қызметінде көрінеді.
Қоғам – еңбек құралдарын жасауға және еңбек барысында оны пайдалануға қабілетті адамдарды біріктіру түрлері мен өзара әрекеттері тәсілдері тиісті табиғаттан оқшауланған, бірақ онымен тығыз байланыстағы материалдық дүниенің бір бөлігі. Сөздің кең мағынасында бұл тарихи қалыптасқан адамдарды біріктіру нысандары мен өзара әрекеттестіктің барлық түрлері мен жиынтығы. Тар мағынасында – әлеуметтік жүйенің тарихи нақты тұрпаты, әлеуметтік қатынастардың белгілі бір түрі. Жалпы моральдық-этикалық өлшемдермен (қағидалары) біріктірілген адамдар тобы. Адамдардың бірігуі нәтижесіндегі бірлестігі қоғамның барлық жан-жақты мүмкіндігі бар кеңістігі қоғамдық болады, яғни бұл адамдар және олардың ұрпақтары үшін ортақ меншік, ал қалған барлық түрлері ұйымдасып аяқталмаған, қоғамның аяғына дейін қалыптаспаған болып саналынады. Әлеуметтік философияның міндеті -қоғам деген не, оның адам өмірінде қандай маңызы бар екенін түсіну. Болмыстағы барлық құбылыстардың ішінде анағұрлым күрделісі – қоғамдық өмір. Егер табиғатта материалдық құрылымдар арасындағы өзара іс-қимыл саналы тіршілік иесінің араласуынсыз жүзеге асырылса, қоғамда белгілі бір мақсаттарды алға қоятын және оларға қол жеткізуге ұмтылатын дарынды саналы адамдар әрекет етеді. Адамдардың әрекеті нәтижесінде қоғам үнемі өзгерісте, дамуда.
Қоғам - тұтас, серпінді және дамушы жүйе. Қоғам ғылымға белгілі жүйелердің ең күрделісі болып табылады. Ғылыми айналымда қоғамның көптеген анықтамалары бар. Ең қарапайымы: қоғам – бұл адамдар мен олардың өзара қарым-қатынасының жиынтығы. Қоғам, оның біртұтастығы жөніндегі түсінік – бұл философиялық ойдың ұзақ дамуының нәтижесі. Қоғам жекелеген бөліктерден тұратын реттелген тұтастық ретіндегі түсінік нышандары Антикалық Грекияда пайда болса керек. Мұндай көзқарастың пайда болу себебі: «бөлік» және «бүтін» – Ежелгі Грекияда негізі қаланған диалектикалық ойлау тәсілінің бірі.
Достарыңызбен бөлісу: |