Гуманизациялау (ізгілендіру) принципі – студентке деген ерекше сүйіспеншілікті, құрметті талап етеді. Студентке сенім артып, оның жеке басының қасиеттерін ескеріп, оқу-таным әрекетінің жемісті болуына қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасау керек.
Оқу процесінде, сабақтарда студенттерді қорқытпай, қысымшылық жасамай, керісінше, олармен жақсы қарым-қатынас жасау міндет.
Бұл принцип гуманитарлық бағдарды жүзеге асыруды керек етеді. Жоғары оқу орындарында білім мазмұнын жалпы адамзаттық және ұлттық рухани игіліктерге қарай бағыттау, қазақ халқының тарихын, мәдениетін, тілін, дәстүрін, көркемөнерін, қолөнерін, терең оқып-білу міндетін іске асыру керек.
Бұл принципті іске асыруда халық педагогикасының маңызы зор. Халық педагогикасы қазақ халқының ғасырлар бойы атадан балаға өлмес мирас, өмірлік мұра болып келе жатқан тәрбие жөніндегі жинақталған тәжірибесі. Әсіресе студенттерді ізгілікке тәрбиелеуде халық педагогикасының қағидалары мен салт-дәстүрлерінің орыны ерекше.
Шарттары:
• оқытуда жеке тұлғаның ар-намысына тиетін жазалау әдісін қолданбау.
• студенттің өз міндетін орындауға деген ықыласын мақұлдау.
• үлгерімі нашар, жауапкершілігі төмен студенттерді әдепті, бірақ қатаң түрде айыптау, оларға қателіктерін шыдамдылықпен түсіндіру.
• студенттердің өзі туралы жақсы бағасын өзіне сенімін, сый-құрметін қалыптастыру.
• қол жеткен жетістіктерін бекітіп, тұрақты түрде талап қою.
• жеке тұлғаның іс-әрекетін дұрыс бағыттап, теріс қылықтардың көрінуіне жол бермеу.
• студентті түсіну, жақсы көру, бірақ талап та қою.
• студенттің табысына шынайы түрде қуану.
• студенттің көңіл-күйін ескеру.
• студенттің дене кемістігін сөз етпеу.
• студенттің өздігін баспау.
• студенттерді басқа студенттермен салыстырмау.
• студенттің ар-намысына тиетін сөз айтпау.
Мәселелік принцип– оқу процесінің мазмұны, әдістері, ұйымдастыру нысандары мәселелі сипатта болуын талап етеді. Мәселелі оқыту білімді дайын түрде бермей, студенттердің ізденуін, дербестігін, шығармашылық ойлауын дамытуғу бағытталады. Мәселелік принцип – студенттердің ойлау процесінің психологиясына негізделеді. Өйткені ойлаудың басталуы мәселенің болуына байланысты, басқаша айтқанда, ойлау – мәселелік сұрақ немесе міндеттен басталады.