Түсініктілік принципі. Студент өзінің ойлау қабілетіне, жинақтаған білімінің, іскерлігінің, ойлау тәсілдерінің көлеміне қарай түсінеді. Аталған принципті жүзеге асыру үшін әуелі оңай, белгілі, қарапайым материалдар, содан кейін қиын, белгісіз, күрделі оқу материалдары оқылады.
Шарттары: • оқылатын материалдарды әрбір жас кезеңдеріне бөлу.
• студенттің ақыл-ойы белгілі бір пәнді оқуға әзір болу керек екенін ұмытпау.
• студенттің дайындығын, дамуын және мүмкіндігін ескере отырып оқыту. Студенттердің өмір тәжірибесін, қызығушылықтарын. Даму ерекшеліктерін зерттеу және ескеру.
• студенттерді оқыту арқылы дамыту.
• мүмкіндіктері бірдей студенттерді біріктіру.
• жақсы студенттердің дамуын тежемеу, оқу үлгірімі нашар студенттерді тез қарқынмен жұмыс істеуге үйрету.
• оқытудың қарқынын белгілеп, керек жағдайда өзгерту.
• ұқсатуды, салыстыруды, қатар және қарама-қарсы қоюды кең қолдану.
• оқытудың алғаш сәтінде барлық білімді емес, тек негізгілерін беріп, бекітуге жаңа мысалдар, фактілер алып, жаңа білімді нақтыландыру.
• студенттердің танымдық іс-әрекетін басқару.
• студенттердің оқу жұмысын жеңілдете бермеу, олардың өз бетімен оқуына, оқу материалын таңдауына көмектесу, бағыт беру.
Ынталандыру принципі.Бұл принциптің маңызы өте зор. Оқуға, білімге, оқытушының жеке басына деген, сондай-ақ оқу жұмысының барлық әдістеріне, түрлері мен нысандарына студенттерде ынта-ықылас болса, олардың оқу-таным әрекеті сенімді, ерікті, қуанышты болады.
Сондықтан оқытушы, ең алдымен, сабақтарын қызықты, тартымды, әсерлі етіп өткізуге міндетті.
Ынталандыру принципі студенттерге жеке-дара қарауды қажет етеді. Осыған орай В.С.Сухомлинскийдің берген кеңестері мыналар:
Студенттердің ақыл-ой күштері мен мүмкіндіктері бірдей емес.
Оқыту мен тәрбиелеудің барлық заңдарын қолдануға болатын абстрактылы студент жоқ: студент әрқашан дара, өзінше ерекше.
Оқуда барлық студенттер үшін табысқа жетудің бірыңғай алғы шарттары жоқ.
Оқу қызметінің берілген сәтінде әр студенттің неге қабілетті екенін анықтаудың маңызы зор.
Оның ақыл-ой қабілетін одан әрі қалай дамытуға болатындығын анықтау маңызды.
Студенттен мүмкін еместі талап етуге болмайды.
Бағдарламада қаралған деңгейге әр студент қандай жолмен, қандай кідірістермен және қиыншылықтармен келетінін анықтап алу керек.
Әрбір студенттің ақыл-ой еңбегінде бағдарламаны нақтылы жүзеге асыру керек.
Әрбір студенттің күші мен мүмкіндігін ашып, оны ақыл-ой еңбегінде қуанышқа кенелту.
Қиын студенттерге шамасына қарай ақыл-ой жұмыстарын беру.
Әрбір студенттің оқудағы және ақыл-ой еңбегіндегі дара сүрлеуін анықтау керек. Осы сүрлеуді және жақсылық жалынының қызуын сақтау.
Шарттары: • жаңа және дәстүрлі емес оқыту нысандарын қолдану.
• ділгірлік оқыту.
• компьютерлік технологияны қолдану.
• интерактивті компьютерлік құралдарды қолдану.
• өзара оқыту (жұптық, топтық).
• білім, іскерліктерді тест сынағы арқылы тексеру.
• аудиторияда жағымды микроклимат жасау.
• оқытушының өз пәніне, студенттерге оң көзқарасы.
• студенттердің оқудағы жетістіктерін көрсету.
• білімнің оны ашқан адамдардың тағдырымен байланысы.
• оқыту нысандарын және әдістерін түрлендіру.