АРЫМЫЗ ДА, НАМЫСЫМЫЗ ДА – АНА ТІЛІМІЗ БОЛУЫ КЕРЕК
Аяганов Алтай
Қарағанды гуманитарлық колледжі
Қазіргі кезде экономикасы қарыштап алға басқан елдер дамудың жоғарғы сатысына көтерілуде. Сол елдердің көкжиегінен көріне бастаған қазақ елінің де беделі жоғарлап келеді. Бұған біріншіден жердің байлығы себеп. Дамыған Еуропа елдерімен тереземіз тең болсын деп әр елдің тілін үйреніп көптілділік мәселесі көтерілді. Бұл ғылым мен білімнің негізгі қаруы іспеттес болды. Олай болса, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар меңгерген бәсекеге қабілетті маман атану бәріміздің негізгі мақсатымызға айналды. Үш тілді меңгеру заман талабы болып шыға келді. Осы заман талабына орай жазып отырған жұмысымның тақырыбын Арымыз да, намысымыз да – Ана тіліміз болуы керек деп атауды ұйғардым. Бұл көптілділікке қарсы пікірде емес, көзбен көрген, құлағыммен естіген жайттардан туындаған мәселелер еді. Біздің жеріміз табиғи ресурстарға өте бай. Сол байлықты шетелдік инвесторлардың көмегімен игеру жүргізілді. Олар мұнай-газ саласына белсене араласып ірі компанияларын тұрғызды. Шетелдік инвестициялар қара және түсті металлургияны да дамытуға қол жеткізді. Осы технологияны игеруіміз үшін және жаңадан ашылып жатқан зауыт-фабрикаларға жұмысқа тұруға да ағылшын және т.б. тілдерді игеру міндеті енгізілді. Сонымен қатар білім жүйесінде магистр, доктарант оқуына ағылшын тілінде емтихан тапсыру, ғылыми еңбектерге ағылшын тілінде пікір жазу және бар. Аға буын «келешек жастардың қолында» деп экономика, білім, саясат, тіл мәселелеріне немқұрайлылық көрсетпей, бірден сол дәуірдің заңдылықтарын ұстана отырып, экономика саласында табиғи байлықтарды үнемдеудің, саясатта озық тәжірибені, білім саласында оңтайлы әдіс-тәсілдерді және ана тілінің рөлін шешіп бергені жөн болар еді.
Үш тілді меңгеру заман талабы болса да, ең алдымен қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге күш салғанымыз құба-құп болар. Қазақ қоғамында өзіндік тұлға ретінде қалыптасуы үшін бірінші кезекте ана тілін білуі шарт.
Жалпы жұмыс жоспары үш үлкен тақырыпты қамтитың зерттеу бөлімінен тұрады бірінші, екінші бөлімде мәдени коммуникация, тіл және ойлау, ұлттық мүдде және оны сезіну атты тақырыпқа негіз болатын ғылымда дәлелденген тұжырымдамалар келтірілген, ал, үшінші бөлімде әлемдік беделге ие болған тілдер тарихынан үзінді келтіріліп бүгінгі ана тіліміздің қаншалықты деңгейде өрістеп келе жатқаны көрсетіледі және әр бөлім тақырыпты ашуда өзіндік рөл атқарады. Сонымен қатар қосымша әдебиеттерді кеңінен қолдана отырып, өз пікірімді, ұсыныстарымды келтірдім.
XX ғасыр мәдениеті (соның ішінде әсіресе батысеуропалық мәдениет) даму барысында өзіндік тұрақты бағдарларынан айырылып қалып отыр. Бұл күрделі мәселе төңірегінде талай ғалымдар өз пікірлерін білдіріп келеді. Мысалы, канадалық әлеуметтанушы, мәдениеттанушы М.Маклюэннің айтуы бойынша, мәселенің түп-төркіні ақпарат алмасу құралдарында жатқан көрінеді.
М. Маклюэн әлеуметтік-мәдени даму процесін тікелей ақпарат алмасу құралдарының езгерістерімен байланыстырады да, дискреттік идеяға мәдени дамудың континуалды идеясын қарсы қояды. Ол 60-жыддардың басында-ақ адамзат тарихындағы мәдени кезеңдердің тікелей негізгі ақпарат құралдарының өзгерісіне байланыстылығы туралы мәселені көтерген болатын. Мұндағы негізгі ақпарат құралдары деп отырғанымыз -- тіл, баспасөз, ғылым, компьютерлер, теледидар және т.б.
М. Маклюэн адамзаттың тарихи даму барысында негізгі қарым-қатынас құралдарының өзгеруіне байланысты үш кезеңді көрсетті. Әрбір тарихи-мәдени сатының өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Мысалы, бірінші кезең — тас дәуіріндегі жабайылық (варварлық) кезеңі. Адамдардың өз ара қарым-қатынас құралының бірден-бір көзі — ауызекі сөз, тіл болды. Ауызша сөзге негізделген қауымдық өмірде адам тек акустикалық (дыбыстық, естілетін) кеңістікте өмір сүреді. Шетсіз-шексіз, бағыт-бағдарсыз дыбыстық (акустикалык,) кеңістік адам баласының алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіне сәйкес келеді. Сананың синкретикалығының (бөлінбегендігінің, жіктелінбегендігінің) нәтижесінде алғашқы қауымдық қоғамдағы адам табиғат пен қауымнан кіндігі ажырамаған, өзінің дербес жан, тіршілік иесі екендігін әлі де түйсіне алмайтын дәрежеде болған. Сол себепті қауым мүшелерінің санасы топтық, ұжымдық сипатта қалыптасты.
Негізгі коммуникация (байланыс) құралы тіл болғандықтан, тілге, ауызекі сөзге негізделген салт-дәстүрлер, мифтер, әдет-ғүрыптар немесе, жалпылама айтсақ, фольклор кеңінен дамыды және ұрпақтар мирасқорлығының негізі де сол болып табылды. Тіл — коммуникация құралы ретінде адамның тікелей қатынасуын (айтуын, естуін) қажет ететін болғандықтан да адамдар ұжымы өз ара ұйымшыл, бөлінбес бірлікте болды.
Жазу-сызудың пайда болуы адамзатты естілетін дыбыстық акустикалық кеңістіктен көзге көрінетін визуалды көрнекі кеңістікке итермеледі. ұрпақтан ұрпаққа ұласқан ақыл-өсиет, даналық ой, көпжылдық тәжірибе нәтижесі ендігі жерде тікелей ауызекі айтылмай, жазылған және көзбен көріп оқылатын мәтіндерге (текстерге) айналды. «Үйрек қанатынан жасалған қаламсап тіл үстемдігіне шек қойды; ол өмірдегі қасиетті құпияны жоққа шығарды; ол сәулет өнері мен қалаларды, жолдар мен әскерді, бюрократияны дүниеге әкелді. Ол сананы тылсым көлеңкеден жарыққа шығарып, өркениетке бастама болған түбегейлі метафора болды».
Әліпбиге дейінгі қауымдық қоғамда адамның өмірге бейімделген негізгі сезім мүшесі құлақ болды. Есту сенумен пара-пар болды. Фонетикалық әліпби құлақтың сиқырлы әлемін жайбарақат бейтарап көз әлеміне алмастырды. Ендігі жерде негізгі сезім мүшесі болып есту мүшесі құлақ емес, көру мүшесі — көз келді.
Коммуникация құралдары күрделене келе, тек адамды қоршаған ортаны ғана өзгертіп қоймайды, сонымен бірге адамның өзінің де ойлау жүйесіне, дүниетанымына, іс-әрекетіне, менталитетіне өзгерістер енгізеді. Бытыраңқы әріптер сияқты, адамдар бірте-бірте о бастағы қауымдастықтан, бірлестіктен алыстай берді. Жазу-сызудың пайда болуынан басталған жатсыну, шеттену процестері Еуропадағы түңғыш баспа станогының дүниеге келуімен одан ары ұлғая түсті. Христиандық Еуропада XV ғасырдың 2-жартысында Иоганн Гуттенберг өзінің ойлап тапқан баспа станогын іске қосты. М. Маклюэн айтпақшы «Гуттенберг галактикасы» — баспа ісі — нағыз ақпараттық төнкеріске келіп соқты. «Гуттенберг галактикасының» арқасында тұңғыш көпшілік конвейерлік тауар — басылып шыққан кітап дүниеге келді. Ол бұрын болмаған көп мүмкіншіліктерге жол ашты. Жазу-сызуы жоқ уакытта ұрпақтан ұрпаққа ұласқан тәжірибені ру көсемдерінің зердесі сақтап, адам өмірлік мәні бар қағидаларды тек солардан еститін болса, енді әрбір адам жеке-дара отырып-ақ, кітапты оқу арқылы өткен-кеткен аталар даналығынан, мұрасынан үлгі алатын жағдайға жетті. Жеке адам, дара адам өзінің жеке тұлға екендігін түсіне бастады. Өзінің басқалардан ерекшеленетінін, өзіне ғана тән дауысы, жүріс-тұрысы, білімі, бет пішіні, түр-сипаты, қасиеті бар екендігін ұғынған адамзатта индивидуализм (жеке-даралық тұлға) идеясы пайда болды. Оның ұжымдық сипаты — ұлтшылдық та бой көтере бастады.
М. Маклюэннің айтуы бойынша, қатынас құралдарының өзгерісіне байланысты болатын мәдени кезеңдердің біреуіне екіншісіне өту барысында көптеген үйреншікті мәдени элементтердің жоғалуы және өзінің басты маңызынан айырылуы мүмкін, бірақ оны ешқашан күйреу, дағдарыс нәтижесі деп қарастырмау керек. Ондай құбылыстар орын алғанымен де, жалпы, прогрессивтік идеяны жоққа шығаруға болмайды деп есептейді.
Соңғы үшінші кезең немесе аудио-визуалды кеңістік кезеңі жаңа қарым-қатынас құралдарын — телеграфты, радионы, телефонды, теледидарды, компьютерді және тағы басқа ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерін ала келді. Соның нәтижесінде баспа өнімдері және соған негізделген баска да мәдениет институттары (әдебиет, театр, кітапхана, тағы сол сияқтылар) дағдарысқа ұшырап отыр. Кітапханадан оқушының, театрдан көрерменнін, әдебиеттен ақын-жазушылардың, өмірден эпистолярлық жанрдың — күнделік, хат, өмірбаян жазу ісінің қайтқан кезеңі келді. Көп ойланып, көп толғануды, өзіндік сананың рефлексиясын қажет ететін процестер бірте-бірте ұмыт қалуға айнады. Адамдар менталитеті өзгеріске ұшырады. Электрондық коммуникацияның шапшаңдылығының арқасында тек көз арқылы дүниені танып-білу мүмкін емес болып отыр. Бүгінгі күнге ештеңені қалт жібермей еститін «саққұлақ» пен ештеңені мүлт кетірмей аңғаратын «көреген» қажет. Осы екеуінің симбиозы арқылы ғана біз қар көшкінінің қарқынындай акпараттық экспансияға төтеп бере аламыз. Біртұтас электрондық байланыс біздің планетаны «үлкен ауылға» айналдырып отыр. Индивидуалистік жекешілдіктің орнын альтруистік «елжандылық», ұлтшылдықтың орнын космополитизм, монологтың орнын диалог алған кезең.
Баспа станогы өзіндік дүниетанымға сүйенген өзіндік көзқарасы бар көрерменді, оқырманды дүниеге әкелсе, электрондық техника бет-бейнесіз жалпы көпшілікті (бұқараны) тудырды. Бұл мәдениеттен таңдаулы зиялылықтың (элиталықтың) кетіп, бұқаралыққа жол ашылғандығы.
Жаңа дәуірден бастап XIX ғасырдың соңына дейін мәдениеттегі тілге көп көңіл бөлінген жоқ. Тіл сананың, ойдың, рухтың құралы ретінде ғана, қосалқы бөлшек есебінде қарастырылып келді. Тек XIX ғасырдың басында ғана философияда, мәдениеттануда тілге деген бетбұрыс байқалды. Соның нәтижесінде тіл адам болмысының ең негізгі тәсілі екендігі айқындалды. Сана әрдайым белгілі тілдік негізде өмір сүреді, ол тілмен бірге дамиды. Тіл дыбыс түрінде де, жазбаша белгі түрінде де тіршілік ететіндігі бәрімізге мәлім. XIX ғасырдың басында пайда болған батыс лингвистикасы (тіл туралы ілімі) дыбыстық тілге көп көңіл бөлді, өйткені жазбаша тілді олар дыбыстық тілдін бейнеленуі деп есептеді. Сөйтіп, о баста лингвистика фонология (дыбыс туралы ілім) жүйесінде дамыды.
XIX ғасырдың 60-жылдарынан бастап тілдің мәніне деген көзқарас құрт өзгерді. Тілдің негізгі және алғашқы түрі — жазу, жазбаша тіл деген түсінік фонологияны ығыстыра бастады. «Адам тілге ие болу үшін, тілде болмыс құру үшін оған бірінші жазу идеясымен таныс болу керек». Фоноорталықтық көзқарастарды сынға алған тіл философиясы арқылы мәдениеттанудағы структуралистік бағыт өзінің жаңа биіктеріне көтерілді. Осыған өз үлесін қосқан философтарды атап өтетін болсақ, олар: Мишель Фуко, Роллан Барт, Жак Деррида.
Бұлардың концепциясы бойынша тілдің негізін жазудан немесе таза белгіден іздеу керек. «Жак Дерриданың айтуынша, түсінікті сөз ретінде ауыздан шықпай тұрып-ақ, тіл жазбаша түрде немесе таза белгі, таңба ретінде тіршілік еткен, болмыс құрған». Сонымен фоноцентристер үшін тілдің мәні ауызекі сөйлеуде, айтылуда болатын болса, семиологтар үшін тіл белгілі бір таңба, белгілер жиынтығы болып есептеледі. Семиология дегеніңіз, Барттың айтуы бойынша, таңбалар, белгілер жүйесі туралы ілім болғандықтан, ол лингвистикадан да кең орын алады.
Тіл — тек коммуникативтік құрал емес, сонымен бірге адам болмысының, онын мәдениетінің көрінісі, өйткені мәдениет таңба, белгіден тыскары, яғни тілден тысқары өмір сүре алмайды. Адамды түгелдей дерлік таңбалық әлем қоршаған, ейткені адам болмысының өзі таңбалық, тілдік болмыс. Адам бір мезгілде таңбаны тудырушы да, оны талдаушы да. Міне, қысқаша тоқтала кететін болсак, қазіргі замандағы тіл, таңба мәселесіне және оның мәдениеттегі орнына деген көзқарастар осындай. Тіл — тек денотативті (белгілі, сигналдық) коммуникация құралы ғана емес, сонымен бірге коннотативті (белгілі әлеуметтік-мәдени, идеологиялық мәні бар) құрал. Тілде әр халықтың тарихы, оның өмірі, тіршілігі, шаруашылығы мен мәдениеті жатыр.
Структуралистер үшін мәдениеттің негізгі мәні оның тілдік-таңбалық құрылымында жататын болса, соларға жақынырақ тұрған герменевтика бағыты үшін мәдениеттің мәтіндерін түсіну, ұғыну жолы ашылды[1].
Тіл және ойлау. Адамдар арасында таралуға тиісті ақпараттардың әр түрлі болуы оның әрқайсысы жекелей белгілі бір затты және әрекетті білдіретіндей жағдайдың болуына алып келді. Белгілі бір объектілер тобы үшін қолданылатын жалпылама белгілер еңбек үдерісіне қатысушылардың тануы үшін де жалпылама болуы тиіс еді. Өйткені оларды қабылдау, түсіну үшін оларды көру керек. Үжымдық еңбекке адамдар бірін-бірі көрмей де қатысуы керек болды. Сондықтан әрекеттердің, оқиғалар мен заттардың топтарына олардың жалпылама қасиеттерін көрсете алатындай тіл белгілерінің дыбыстық жүйесі қажет болды. Құбылыстардың тұтас тобына тән жалпы белгілердің (жалпы жүгіру, жалпы ұру, жалпы ағаш, жалпы тас) көрініс беруі сол топтағы құбылыстар арасындағы айырмашылықтарды бөліп алу, олардың теуелділіктері мен байланыстарын қарастыру үшін ойлау қажеттігі туды.
Ойлау — адам санасының маңызды ерекшелігі. Ұжымдық еңбектің пайда болуы мен дамуы бір-бірінен ажырамайтын ойлау мен тілдің болуын қажет етті. Еңбектің үнемі жаңа нышандары мен жалпылама қасиеттері жалпылама атқа ие болды. Жалпылама тілдік қолданыстар көрнекі түсінік-терден бөліп алынған ұғымдарға өтуге, адамның санасының ерекше қасиеті — ойлауға себеп болды. Одан әрі қарай адамдар қарапайым, әр қадам аттаған сайын кездесетін, қайталанып отыратын байланыстарды аңғарды: "Осы зат екінші заттан қатты болса, егер ол үшінші заттан да қатты болса, онда бірінші зат үшінші заттан қатты болады", "Егер белгілі бір нәрсе екінші бір нәрсенің ішінде болса, ал ол үшінші бір нәрсенің ішінде де болса, онда біріншісі үшіншінің ішінде болады". Осылай бұрыннан белгілі туптекті қорытындылардан олардың арасындағы байланыс негізінде белгілі бір жаңа білім шығатын логикалық ой қорыту пайда болды. Уақыт өткен сайын логикалық түрде ой қорыта білу жылдамдады. Адамдардың бірқатар ұрпақтарының көздері жетуіне орай логикалық байланыстар окиғалардың, әрекеттердің және сол заттардың өз арасындағы қатынастар мен өзара байланыстарға сәйкес келетіндігі белгілі болды. Адамша ойлауға тән логика шықты.
Осылай сана өзіне сай атрибуттарымен (сезім мен ойлау, логикамен) ұзақ мерзім ішінде пайда болған адамның жануарлық күйден адамдар қоғамына өтуге және тіл сиякты қоғамдық еңбек қызметі кезінде пайда болған қоғамдық қүбылыс ретінде көрініс береді. Сананың мұндай әлеуметтік мәні қалыптасып келе жатқан адам күнде өзі пікір алысып, қатынасып тұратын басқа барлық адамдарға тән жалпыны анықтай отырып, ол өзінің адам екенін, өзімен рудың мүшелерінің арасында белгілі бір қатынастар бар екендігін сезетін болды. Адамның өзін-өзі тануы және өзінде болып жатқандардың, өзінің санасынан тысқары болып жатқандардан тәуелсіз екендігін білуі — адам санасының аса маңызды ерекшелігі.
Хантәңірі шыңының басына жауып жатқан қардың маған қалдырған әсерін еске түсіре отырып (мен тауға төменнен қарадым), мен ой қорытамын. Алайда өзімнің ойларым туралы пікірлерді талқылай отырып, мен Хантеңірінің басындағы қарды алыстан көргендей емеспін, ол туралы пікірім мүмкін қате шығар деп күдіктенемін.
Адамның жеке өзінің ойлары, сезімдері, зауқы, бағалауы, оның дұрыс немесе бұрыстығы туралы ойлау қабілеті мынаны білдіреді: оның санасы тек қана объективті нағыздықты емес, сонымен қоса өзін-өзі көрсете алады, демек, ол — жарқ етудің көрінуі, өзіндік сана. Адам өзінің санасынан орын алғанның субъективті шындық, ал оның санасынан тыс тәуелсіз болып жатқандар объективті шындық екендігі жақсы аңғарады. Біздің психикамыздың идеалдығы осындай, оған ешбір жануар қол жеткізе алмайды. Сыртқы табиғатты және өзінін қоғамдық қатынастарын өзгерте отырып, адам сонымен қоса өзінің сипатын, өзінің санасын қалыптастырды және дамытты[2].
Мүдде деп (латын. interest) -дара адам, отбасы, ұлт немесе қогам ушін қажетті маңыздылықты, адамдардың еркі мен әрекет бағыттарының объективтік және әлеуметтік жағдайларына сай айқындалуын айтамыз. Мысалы, адамдар өздерінің материалдык қажеттіліктерін өтеу үшін белгілі бір әрекет жасауға, еңбек етуге мүдделі. Адамның рухани дүниесіне де қатысты мүдделері көп болады. Өмірлік қызметте адамдар тобына ортақ мүдденің болу құбылысы да жиі ұшырасып отырады. Ортақ мүдде белгілі бір әлеуметтік топқа енетін жеке адамдардың мүддесінен және олардың қоғамдық өмірдегі орны мен атқаратын рөлінің әртүрлілігіне орай қалыптасқан әрекеттері мен істерінің шынайы себептерінен тұрады.
Ұлттық мудде деп белгілі бір ұлт өкілдерінің бәрі үшін ортақ қоғамдық мүдделерін айтамыз. Қазақтардың ұлттық психологиясына тікелей қатыстылығы бар, ұлттың баршаға ортақ мүддесі дегенге келетін болсақ, оны әр көздегі әр түрлі әлеуметтік топ өкілдерінің түсінуі мен оған сай әрекет етуінің әр түрлі болғандығын көрер едік. Ұлттық мүдденің алдыңғы лекке шығуы мен оны қанағаттандыру бағытындағы әрекет белсенділігінің артуы да ұлттың өзінің (ұлттық психологияның да) даму үдерісіндегі ілгері басқан сәттерге сәйкес келеді.
Ұлттық мүддені сезіну — ұлттық психологияны қалыптастырушылардың бірі болып табылады. Бұл жерде мәселенің қойылуына, яғни ұлттық мүдде жөнінде ғана емес, ұлттық мүддені сезіну жөнінде болып отырғанына назар салу керек. Ол екеуінің арасында айырма бар: алдыңғысы психологиялық феноменге жатпайды, кейінгісі жатады. Мұндағы негізгі түйін — жеке адамның (алынып отырған ұлт өкілінің) ұлттық мүддені түсінуі оның алдына қойылған міндетке көзқарасын, сонымен қоса оның әрекетінің, тәртібінің бағыттарын айқындауға әсер ететінінде болып отыр. Демек, бұл мәселенің маңыздысы — ұлттық мүдденің өзінде емес, оны жеке адамның түсінуінде, сезінуінде, сонымен оны әрекетке басшылыққа алуында болып отыр. Адамның әрекеті мен тәртібінің бағыттарын мүдденің өзі емес, мүддені сезіну айқындайды. Ұлттық мүдде мен ұлттық қажеттілік мемлекеттік мүдде мен мемлекеттік қажеттілікпен қатар турады. Мүдде мен қажеттілікті түсіну адамдардың қоғамдық қызметінің интеграциясындағы козғаушы күш болып табылады.
Мүдде адамды алға жетелейді. Ұлттық мүддені сезіну ұлты үшін жаны күйетін отаншылды жанталастырады, оны отқа да, суға да түсіреді, жеңіске жетелейді.ұлттық мүдде мен қажеттілікті түсінудің ұлттық психологияның құрамдас құрауышы ретіндегі мәні осында. Ұлттық мүддені түсіну өзіндік сана категориясымен тікелей байланысты.
Ұлттық өзіндік сана. Ұлттық психологияның құрамдас элементтерінің бірі — ұлттык өзіндік сана. Ұлттық өзіндік сана дегеніміз — этностың сананың жоғары, күрделіленген, жетілдірілген формасы. Ұлттық өзіндік сананы ұлттық өзінің әлеуметтік-этностық мәнін танып білуі, дүниежүзілік қауымдастык жүйедегі өзінің орнын және қандай орын ала алатынын, адамзат тарихындағы атқарып жүрген әрекеттік рөлін және оның қандайын атқара алатын, адамзат жасап жатқан өркениетке косқан және қоса алатын үлесін сезіп-тұшынуы, сонымен қоса өзге халықтармен тең, еркін және тәуелсіз өмір сүрудің табиғи-тарихи құқығын түсінуі деп ұғуға болады.
Әлеуметтік психологияда көпшілік жағдайда ұлттык өзіндік сана ұлт мүддесімен байланыстыра қарастырылады. Ол қоғамдық және халықаралык қатынастар жүйесіндегі ұлттың жағдайымен айқындалатын объективті ұлттық мүдделердің бейнесі немесе ұлттық мүдделердің мәні және оларды іске асыруға тырысу ретінде сипатталады.
Ұлттық сезім үш элементтен тұрады. Оның біріншісі — ұлттық қадір. Бұл ұғым адамның өз ұлтын қадірлеу, сыйлау, өзгелердің аддында оның беделін түсірмеу, ұлт өкілі ретіндегі адамның өзінің үнемі қадірінің болуын ойлап әрекет етуі сияқты сезімдердің жетегінде жүруін көрсетеді. Бұл ұғымның сезімдік реңкі басым.
Ұлттық сезімнің екінші элементі — адамның белгілі бір ұлтқа тәнділікті сезінуі болып табылады. Ол әр адам мен азаматтың өзінің белгілі бір ұлттың өкілі екендігін сезінуін көрсетеді. Ұлтқа тенділікті сезіну белгілі деңгейде оның әрекетіне әсер етеді. Бұл — дүние жүзіндегі елеулі ұлт өкіддерінің бәріне тен қасиет. Ұлтқа тенділікті сезіну Отанға деген сезіммен үндес болып келеді.
Ұлттық мақтаныш сезімі де әлеуметгік психологияда жиі ұшырасатын құбылыстардың бірі. Адам өзінің мемлекетінің жерімен, оның қазба байлықтарымен, бай мәдениетімен, қызықты тарихымен, ұлы адамдарымен мақтанады. Бұлар — шет жұрттықтармен көздесіп-танысқанда тілге тиек болатын нәрселер. Өзгелер сияқты қазақ халқының да ауыз толтырып, мақтанып айтатындары аз емес.
Ұлттық қадір, ұлттық мақтаныш, ұлтқа тәнділікті сезіну бәрі қосылып келіп, адамның өз ұлтына деген эмоциялық қатынасын білдіретін, оның ойы мен әрекетіне мұрындық болатын психологиялық күйдің жиынтығын құрайды. Бұл үшеуі ұлттық психологияның кұрамына енетін ұлттық Сезім деп аталатын кешеннің кұрамдас құрауышы есебінде қарастырылады[3].
XVIII ғ. Ресей тарихына үңілсек, жазушылары еңбектерін француз, неміс тілдерінде жазып, жоғары оқу орындарында неміс, француз тілдерінде дәріс оқытылды. Сол кезде орыс тілінің мүшкіл болып қалуын сезінген орыстың тұңғыш академигі М. Ломоносов табандылық көрсетіп, орыс тілінің рөлін көтерді. Бүгін де орыс тілі білім мен ғылымның тіліне айналды[4]. Ресейдің әлемдік аренадағы беделі орыс тілінің беделімен тығыз байланыста. Қазіргі таңда орыс тілі дүние жүзіндегі тілдердің алғашқы ондығынан көрінуде. Ресми емес мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша орыс тілінде 250 млн-нан астам адам сөйлейді екен. Оның 130 млн. Ресейдің тұрғылықты халқы болса, қалғаны алыс-жақын шетелде тұратындар мен орыс тілін екінші немесе шетел тілі ретінде қолданатындар. Кеңес Одағының дүркіреп тұрған шағында бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары еді. ХХ ғасырдың 80-жылдарындағы статистикалық мәліметтері бойынша, әлемде екінші орынды иеленген орыс тілін 350 млн-нан астам адам түсінген. Алайда КСРО-ның ыдырауы орыс тіліне үлкен соққы берді. Оның беделі екінші орыннан алғашқы ондықтың соңына әп-сәтте түсіп қалды. Тәуелсіздік алған одақтас мемлекеттердің біразы өз ұлттық тілін дамытуға кіріссе, Шығыс Еуропа елдері орыс тілін «шетелдік тіл» ретінде ғана бағалап, табалдырықтарынан әрі аттатпай тастаған[5].
Қазір қытай тілі де кең таралып келе жатыр. Меніңше, қытай тілі халықаралық тіл болмаса да, біздің өмірімізде қажет тіл болатын сияқты. Балаға кішкентай кезінен, яғни балабақшадан, мектептен бастап қазақ тілін, орыс тілін, ағылшын тілін, француз тілін, неміс тілін үйрете берсе зиян болмайды деп ойлаймын[6].
Қай жерге, қай мемлекетке барсаңыз да, әр мемлекеттің өзінің үлкен тамыры болады. Сол тамыр – тіл. Тамыр тереңдей берген сайын, берер жемісі де мол болмақ. Бірақ бірнеше тіл білгеннен ешқандай жамандық жоқ. Орыс тілі – халықаралық тіл. Олай дегенім, бүкіл дүние жүзі орыс тілін біледі. Қазір Араб еліне, Түркияға, Қытайға барсаңыз орыс тілінде сөйлейтіндерді кездестіруге болады. Біз одан қашпауымыз керек. Орыс тілін де ұмытпай, біліп, үйренгенімізді дамытуымыз керек. Сонымен бірге дүниежүзілік ағылшын тілі, француз тілі, испан тілі бар[7].
Тіл саясаты уақытқа, экономикадағы өзгерістерге, бір ұлттың әлеуетінің өсуі мен ақпараттық технология саласында жеткен жетістігіне қарай өзгеріп отырады. Экономикасы күшейген мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерімен бірге тілдік саясаты да қатар күшейеді. Мәселен, Ұлыбританияның ұлттық – тілі ағылшын тілі бүгінде әлем халықтары жаппай үйрене бастаған тілге айналды, ағылшын тілімен бірге адамзатқа ықпал ету әсері күшейді. Бүгінде Америка Құрама Штаттарының, Австралия, Жаңа Зеландия, Канаданың басым бөлігінің халқы сөйлейтін тілге біздің халықтың ықыласы ерекше. Сонымен қатар көршіміз Қытай Халық Республикасының тілі – тілі қытай тілінің ықпалы да біртіндеп күшейіп келеді. Бүгінде 1,300 миллион халық сөйлейтін тілді 40 миллионнан астам шетелдіктер үйренуде[8].
Орталық және Шығыс Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде аға буын орыс тілін кеңес заманында мектептерде міндеттеп оқыту негізінен қолданса, кейінгі ұрпақ оған «империализмнің қалдығы» ретінде қарап, ұлттық тілін ұлықтауға көшкен деседі орыстандыру саясатының қарсыластары. Әрине, орыс тіліне еш қарсылығымыз жоқ. Өзге тілдердің деңгейін төмендетуден аулақпыз. Қайта отарлық дәуірді басынан өткеріп, тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекеттердің көлеңкеде қалып келген ұлттық тілін қайта жандандыру – заңды құбылыс. Оған ешкімнің қарсылығы да, таласы да болмауы тиіс. Бірақ ресейліктер бұл пікірмен келіспей отыр. Ол түсінікті де. Кейінгі кездері тілдің саяси дауға айналуын жиі байқап жүрміз. КСРО ыдырағаннан кейін тіл мәселесін жеке пайдасына шешіп алған Ресей өзінің тұрақты саяси кеңістігін қалыптастырып алған болатын. Оны кейбір одақтас елдердің экономикалық жетістігінің тіл саясатына тәуелді болып отырғанынан-ақ байқауға болады[9].
2020 жылға дейінгі мерзімге арналған мемлекеттік бағдарлама: «Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын да дамыту» атты төртінші мақсатты іске асыру –орыс және шет тілдерін оқып үйренуге арналған.
Біз ұлы Абай атамыздың «орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да бәрі орыста тұр» - деген сөздерін ұмытпауымыз керек. Бірде бір қазақ орыс тілінен жаманшылық көрген емес. Керісінше Абай атамыз айтқан ғылым мен өнердің, бүкіл дүниенің хикметтерін орыс тілінен аударған телегей-теңіз кітаптар арқылы таныдық. Төртінші мақсаттың тағы бір маңызды бағыты – шетел тілдерін, әсіресе ағылшын тілін үйрену. Бұл – өмір қажеттілігі, әлемдік бәсекеге қабілеттілік белгісі. Олай болса өзімізді де, балаларымызды да шетел тілдерін үйренуге дағдыландыруымыз керек[10].
Жүсіпбек Аймауытұлының «Ұлтты сүю» еңбегінде: Ақтығында айтпағым: оқығандар өзін-өзі тәрбие қылу керек. Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өзі ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жиһат қылуы керек. Естерінізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ. Адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы – оқығандар. Бекерге кеткен сағат, босқа өткізген минут – ұлт ісіне зор шығын[11]. Менің ойымша, өз ұлтын сүймеген, ұлтын қадірлемеген адам басқаны да қадірлеп жарытпайды. Бүгінгі таңда басқа тілде сөйлеп, жетік біліп тұрып, өз ана тілімізді білмеске, ұлт ретінде бар екенімізді білдіртпесек, онда мемлекетіміздің болашағы күмән туғызатын мәселеге айналуы мүмкін. Өзге ұлттар арасында да бізді ұлт ретінде сыйлайтындар азаяды. Орыс, ағылшын тілін біл, бірақ ана тіліміз олардан биік, жоғары тұруы шарт.
Ұлт мәселесіне келген кезде Маркс айтқандай, ұлт – өмір сүрудің формасы. Егер бір адам мен анамды сүйемін деп айтса, анасын қадірлей алған, анасын шын жүректен сүйген адамды басқаның шешесін жек көреді деп түсіну барып тұрған жетесіздік. Сол сияқты Отан сенің анаң, сен сол өзіңнің ұлтыңды, оның тілін, ата-бабадан қалған дәстүрін сүйсең, ол басқа елді жек көресің деген сөз емес. Өзінің анасын сүйіп жарытпаған адам – басқаның анасының қадірін білмейді[12].
Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде,елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз. Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеруі үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек. Біз ағылшын тлін игеруде серпіліс жасағанымыз жөн. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады[13].
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін келтірер болсақ, тілдердің үштұғырлылығы белгілі бір жоспарға сай жүргізілуі керек. Ол үшін бірінші кезекте қазақ тілін дамытамыз десек, көптілділікті балабақшадан емес, бастауыш сыныптан кейін бастаған жөн секілді. Оның өзін саралап, ой елегінен өткізіп, оқушының жас ерекшелігін ескеру қажет. Мектеп бағдарламасының оқулықтарының өзі бірнеше рет ауыстырылып, ақыр соңында ескі бағдарламаны дұрыс деп шешті. Қарап отырсақ соның өзі мол қаражатты талап етіп, оқулық жазу бизнеске айналды. Ондай олқылықты, қателіктерді болдырмау үшін үлкен топ жұмыс істеуі қажет-ақ. Қазақ тілін дамытамыз десек үлкен шенділерден бастап, сонымен қатар заңдық күші бар, белгілі басымдықтар енгізілуі керек. Тілдің үштұғырлылығы жоғары оқу орындарында тіпті мектеп бағдарламаларында әлде қашан басталып кеткен. Соның ішінде ақсап тұрғаны ана тіліміз емес пе? Ана тілін меңгермей жатып ағылшын, орыс тілдерін енгізіп жіберсек «Заман талабы», «Үрдіс», «Үдеріс», «Жаһандану» сияқты жеделдету сөздерімен қазақ тілінің жұтылып кетпеуіне кім кепілдік береді. Туымызбен қоқыс төгіп, тілімізді менсінбей жатсақ ұлтымыздың ұлылығын аяққа басқандығымыз болмай ма? ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының өзінде орыс тілі өз алдына қазақ жастары шет тілдерін жетік меңгерді десек те болады. Оның белгісі жаһандану деген ашық әлемнен оқшауланбай, керісінше әлемге айқара есік аштық. Қазақстан жерінің арқасында көрші елдермен қатар Еуропа елдерінің де бизнесінің тасы өрге домалады. Әрине бұл қазақ тілі жойылып барады деген сөз емес, тек тілді дамытудың бас қасында жүрген тіл жанашылрларының ісін баяулатып жіберді. Туған тіл ендігі жерде балабақша мен мектептің, экономика мен бизнестің, білім мен қызметтің тіліне айналады деген сенімдемін. Ол үшін жазылып қойған заң емес күші бар заң қажет-ақ.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.А.Т. Құлсариева Мәдениеттану Алматы. Раритет, 2007. – 43-47 беттер.
2.Ғ. Есім Қоғамдық білім негіздері Алматы. Мектеп, 2006. – 28-30 беттер.
3. Сонда – 123-127 беттер.
4. Алдан Смайыл Тірегін тапқан туған тіл. // Егемен Қазақстан №142 (7953), 10 қаңтар, 2013 жыл, 3-бет.
5. Н. Қарағойшина «Елім, тілім дейтін ұқрпақ тәрбиелеуіміз керек» // «Тіл» №11 (46), 2012 жыл, 67 бет.
6. Н. Қарағойшина «Тарихымыз да, тағдырымыз да тілмен байланысты» // «Тіл» №4 (41) 2012 жыл, 11 бет.
7. Ж.Б. Базаров «Тіл үйренген ұтылмайды, бірақ ана тілі сол тілдерден биік тұруы шарт» // «Әлем әдебиеті» №6, 2010 жыл
8. Ж.Б. Базаров «Төртеу түгел болса ...» // «Әлем әдебиеті» №12, 2010 жыл
9. Ж. Кенжалин «Көп тіл білу арқылы өзге халықтарды тануға болады» // «Ана тілі» №12, 2012 жыл, 6 бет.
10. el.kz / 1202 сайты, 11.01. 2013
11. adyrna. kz / сайты, 11.01. 2013
12. Н. Қарағойшина «Қазақ тілін білмейінше, қоғамның тынысын сезіну мүмкін емес» // «Тіл» №5 (42) 2012 жыл, 12 бет.
13. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. // Орталық Қазақстан №213-214 (21 417), 15 желтоқсан, 2012 жыл, 8-бет.
Достарыңызбен бөлісу: |