4.1 Семинар сабағы құрылымының үлгісі
І. Мотивация (немесе Қызығушылықты ояту) кезеңі
Сабақ басында оқытушы студенттерге талқыланатын проблеманы (проблемаларды) ұсынып, сол мәселе бойынша білімдерін, пікірлері мен көзқарастарын анықтау мақсатында оларға келесі тәртіппен төмендегідей тапсырмаларды орындауды ұсынады:
- Жеке жұмыс. Әр студент «Мен осы тақырып бойынша не білемін?Бұл мәселе бойынша ойларым мен ұстанымдарым қандай?» деген сынды сұрақтар төңірегінде берілген уақыт ішінде (1-3 минут) жекелей ойланып, өз идеяларын қағазға түсіреді.
- Топтық жұмыс. Шағын топ ішінде студенттер жазғандарымен бөлісіп, талқылау ұйымдастырады, өз ойларын толықтырады, оларға өзгерту енгізеді. Топтық талқылау нәтижесінде студенттер бәріне де ортақ, жалпылама бір шешімге тоқталуы керек. Бұл жұмысқа уақыт көбірек беріледі (шамамен 5-7 минуттай).
- Жариялау. Кезекпен әрбір топтан бір студент (шешен, спикер) топ тұжырымдарын ауызша жария қылады.
- Қорытындылау. Оқытушы немесе оқытушының сұрауы бойынша бір студент талқыланатын проблема бойынша бүкіл аудитория келтірген негізгі деректер мен проблемалардың қысқаша тізімін тақтаға (плакатқа) жазады.
- Негізгі проблеманы айқындау. Тақтаға жазылған тізім ішінен студенттер оқытушының ұйымдастыруымен ең өзекті проблеманы таңдайды (проблемалардың бірнешеу болуы да мүмкін; мұндай жағдайда әр топ сабақтың келесі кезеңінде жеке проблеманы қарастыру ісімен шұғылданады).
Достарыңызбен бөлісу: |