Асхат әлімов интербелсенді әдістерді жоғАРҒы оқу орындарында қолдану оқу құралы Алматы


ІІ. Интербелсенді әдістеменің теориялық және методологиялық негіздемесі



бет43/310
Дата25.04.2020
өлшемі1,85 Mb.
#64655
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   310
Байланысты:
Әлімов Асхат. ЖОО интербелсенді әдістерді қолдану

ІІ. Интербелсенді әдістеменің теориялық және методологиялық негіздемесі
1. Болонья процесінің негізгі идеялары туралы
«Білім игеру процесінің басты тұлғасы – үйренуші» деген ұстаным бүгінгі күнгі «білім» ұғымының жаңа мағынасы мен түсінігі, жаңашыл таным философиясы мен оның идеяларын ұстанатын біліми жобалар мен технологиялардың басты идеясы. Бұл идея Болонья процесінің негізгі қағидаларына сәйкес келеді. Қазіргі күні еліміздің жоғары оқу орындары өзінің дамуы мен ертеңгі болашағын Болонья процесімен байланыстырады. Қазақстанда білімді 2005-2010 жылдарда дамытудың мемлекеттік бағдарламасының көптеген мақсаттары Болонья келісімінің ортақ жоғары білім саласын құру, ұлттық жүйелерді жақындастыру және өзара мойындау идеяларымен сарындас және үндес.

Болонья идеяларының неліктен, қай себепті пайда болғандығы жақсы белгілі. Күні кеше ғана индустриалдық кезеңде бүкіл Әлем салыстырмалы тұрақтылық жағдайда еді: еңбек пен тауар өндіру нарықтары айқындалып, ұлттық және аймақтық экономикалар бір қалыпты, болжауға тұрарлық түрде дамитын, кәсіптер де көзге көрінетін бәлендей өзгерістерге ұшырамайтын. Бәрі де үйреншікті әрі болжаулы болатын: экономикалық даму капиталдың көлемі мен жалпы тауар өндірісін кеңейтумен шектелетін.

Ал бүгінгі постиндустриалдық заманның басты ерекшеліктері, керісінше, тұрақсыздық пен болжаусыздық, динамика мен өзгерістер. Оның себептері келесіде жатыр: ақпараттың шамадан тыс геометриялық прогрессияда ұлғайып отыруы, бұрынғы рыноктардың өз шекараларын өзгертуі және соның салдарынан туындаған жаһандану үрдісі, әлем экономикасының тауар өндіруден (қазір бұл сала жұмысқа қатысушылардың тек 15 %-ін ғана қамтиды) қызмет көрсетуге (барлық жұмыс жасайтындардың 85%-ін қамтиды) ауысуы. Соңғы жәйт өз кезегінде дәстүрлі кәсіптердің өзгеруіне және жаңа кәсіптердің көптеп пайда болуына әкелуде: әрбір он жылда кәсіптердің жалпы саны 25%-ке жаңарып отырады. Сонымен бірге кәсіптер ықпалдасуға (интеграцияға) қарай ойысуда, ортақ қасиеттер иемденуде: олардың ерекшеліктерінен ұқсастықтары басым болуда.

Постиндустриалды кезеңнің тағы да бір ерекшелігі экономиканың адамға бағытталуымен және өз кезегінде адамның өндірістегі алатын орнының өзгеруімен байланысты. Адам енді өндірістің элементі емей, оның басты құндылығы мен артықшылығына айналуда. Экономика бүгін экономика үшін емес, адам үшін дамуда.

Бүгінгі күнгі экономиканың басты мақсаты адамға, оның біліміне бағытталған. Алайда бұл жерде мәселе білімнің өзінде емес, оның әрекеттегі өзгеруінде, қолдануында болып отыр. Сол себепті де қазіргі адамцентристік (антропологиялық) экономикаға жаңа білімді мамандар қажет. Ал бұл талап «білім беру» тұрғысынан емес (білімцентристік қағида), «білім алу» (үйренушіцентристік қағида) ғана орындалуы мүмкін.

Осы идея аумағындағы Болонья процесі қолданысындағы басты тұжырымдамалық ұғымдардың бірі – білім игеру процесінің нәтижеге бағытталуы, нәтижені білім беру/алу жүйесінің негізгі қызметіне (функциясына) айналдыру. Білім алу процесінің нәтижесі дегеніміз сабақ, пән, бағдарлама, оқудың толық курсы аяқталғаннан кейін студенттің (жоғарғы оқу орны түлегінің) қандай білім, білік, дағды, машық иемденетіндігі, оның «не» жасай алатындығы, қолынан «не» келетіндігі.

Нәтижеге бағытталған білім игеру процесінің басты тұлғасы студент болып отырғандығы дау туғызбайтын мәселе: үйрену ғана ықтимал, яғни бұл процесс бұрынғы «оқытушыцентристік» оқытудан «студентцентристік» оқуға ауысуды меңзейді.

Білім игерудің нәтижесін бұрынғыдай тек білім, білік, дағды аумағында ғана құрастыру қазіргі күні аздық етеді, өйткені олар үйренушінің тек біліктілігін ғана айқындайды. Сол себепті де Болонья процесінде біліктілік (квалификация) термині құзырлылықпен (компетенция) алмастырылған, құзырлылық білім игеру процесінің басты нәтижесі ретінде танылады.

Біліктілікті (квалификация) негізге алған оқыту білім алушының өмір сүрудегі мүмкіншіліктеріне, оның қандай да бір әрекетті жасау дайындығына жіті назар салмай, оның білімін тек оқытылатын пән деңгейінде, яғни оқытушы тұрғысынан жасалған бағдарлама мен жоспарлау тұрғысынан қарастырады. Біліктілік дегеніміз тұрақты контекстер мен алгоритмдер аумағындағы алдын-ала айқындалған әрекеттер арқылы маман дайындау.

Ал құзырлылық білім игеру процесін жоспарлаудан нәтижені айқындауға қарай ойыстырады, негізгі әрекет тұлғасы оқытушы деп есептелетін «оқытудан» («үйретуден») басты қозғаушы күш студент болатын «оқуға» («үйренуге») ауыстырады, салмақты «білім беруден» «білім алуға» түсіреді. Құзырлылық бүкіл білім жүйесін өз білімінің ауқымын, оны игерудің әдістері мен тәсілдерін өзіндік тұрғыдан айқындайтын, қоғам алдындағы өз біліміне деген жауапкершілікті терең түсінетін студентке бағытталуды талап етеді. Құзырлылық идеясы бойынша студент білімді өздігімен игеруі керек.

Құзырлылық дегеніміз маманның белгілі бір кәсіби сала аумағындағы білімі, білігі, дағдыларының жиынтығы. Бұл ұғым тек танымдық және әрекеттік-технологиялық түсініктерді білдірмей, сонымен бірге мотивациялық, әлеуметтік және тұлғалық ерекшеліктерді меңзейді. Кәсіби құзырлылық – маманның кәсіби қызметті атқаруға дайындығын көрсететін күрделі қасиеттерінің (өмірлік тәжірибесі, теориялық білімдері, практикалық біліктері мен дағдылары, тұлғалық ерекшеліктері) көрсеткіші.

Бүгінде кәсіби құзырлылықтың келесідей түрлері ажыратылады:

- арнайы - жеткілікті деңгейде кәсіби қызметті меңгеру, өзінің болашақтағы кәсіби дамуын жоспарлау қабілеті;

- әлеуметтік – бірлескен кәсіби қызмет пен өзара әрекеттесуді, кәсіп саласында қабылданған қарым-қатынас тәсілдерін меңгеру, өз жұмысының нәтижелеріне деген әлеуметтік жауапкершілікті сезіну;

- тұлғалық - өзін-өзі дамыту және өз қабілеттерін жүзеге асыру тәсілдерін меңгеру;

- жеке – кәсіп аумағында өз қабілеттерін жүзеге асыру тәсілдері мен өзінің дербестігін дамытатын тәсілдерді меңгеру, кәсіби тұрғыдан өсіп-дамуға деген дайындығы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   310




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет