Байланысты: Саясаттану пәнінен дәріс жинағы 2021-2022(1) (1)
Ежелгі Грек елі мен Ежелгі Римдегі саяси ойлар (Платон, Полибий, Аристотель, Цицерон).
Б.з.д. мыңжылдықтың басында Ежелгі Греция жеке және тәуелсіз полистер формасы түрінде бірнеше қала-мемлекеттер пайда болды. «Полис», -қала деген сөзден шыққан. Грек полистерінде басқару формасының өздері жақтаған түрін орнату жолында әртүрлі әлеуметтік топтар арасында аяусыз күрес жүрді. Ол кездегі басқару формасының негізгі түрлері мынадай еді: аристократия (ескі немесе жаңа ақсүйектер тобы), олигархия (байлар мен дәулеттілер тобы) және демократия (халық билігі). Б.з.д. VI-V ғғ. әртүрлі полистерде басқарудың өзіндік формалары пайда болып, одан әрі дамыды. Афинада демократия, Фивыда олигархия, Спарта мемлекетінде аристократия пайда болды. Осы процесс Ежелгі Грецияның саяси ілімінде көрініс тапты. Ежелгі Грек полистерінде саяси көзқарастың пайда болуы мен дамуында 3 кезең айқын байқалады:
Ерте кезең- (б.з.д.IX-VI ғғ.) ежелгі грек мемлекеттілігінің пайда болуына сәйкес келді. Бұл кезеңде саяси көзқараста рационалау (Гомер, Гесиод, атақты «жеті данышпан») байқалады. Мемлекет, құқық мәселелеріне философиялық тұрғыдан қарау (Пифагор, Гераклит) қалыптасады.
Екінші кезең- (б.з.д.V-IV ғ. бірінші жартысы) ежелгі грек философиясы мен саяси ойларының гүлденген кезеңі (Демокрит, софистер, Сократ, Платон, Аристотель т.б.)
Үшінші кезең- (б.з.д. IV ғасырдың екінші жартысы мен IIғ.) эллинизм кезеңі, грек мемлекетінің құлдырауы.
Адамдардың еріктілерге және құлдарға бөліну жағдайында қалыптасқан антикалық саяси ой еркіндік идеологиясы ретінде дамыды. Бостандық-басты құндылық, ежелгі гректің саяси ілімінің негізгі мақсаты мен мәселесі болды. Бірақ бұл жалпыға бірдей бостандық емес, шектелген бостандық еді. Құлдар бостандық мәселесінде есепке де алынбады. Қоғамдағы алатын орнын олардың шығу тегіне қарап емес, мүліктік жағдайымен байланыстырды.