М.Тынышбаев көшесі
М.Тынышбаев көшесі Қарасай батыр көшесінен басталып, Ы.Алтынсарин көшесінде аяқталады. Ақбұғы, Біржан сал көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 727,6 м.
Мұхамеджан Тынышбаев (1879-1937) – қоғам қайраткерi, қазақтың тұңғыш теміржол инженері, тарихшы ғалым, ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты, Қоқан автономиясының басшысы, Алашорда үкіметінің мүшесі. Талдықорған облысының Қапал ауданында туған. Верный (Алматы) гимназиясын бiтiрiп, Петербургтегi қатынас жолдары инженерлерi институтын тәмамдаған. «Қазақ» газетiнде мақалалар жариялап тұрған. Алаш партиясын құруға тікелей араласып, 1917 жылғы желтоқсан айында жарияланған Алаш автономиясы үкіметінің он бес мүшесінің бірі болады. «Алаш автономиясы аумағындағы уақытша жер пайдалану туралы Ереженің» жобасын қабылдауға қатысады. Орыс география қоғамының, Түркістан бөлімінің, Қазақстанды зерттеу қоғамының, «Талап» ұйымының мүшесі болады. Қазақ халқының арғы-бергі тарихына қалам тартып, бүгінгі күндері де маңызын жоймаған зерттеу еңбектерін жариялайды, қазақ шежіресін түзеді. Саяси қуғын-сүргiн құрбаны.
М.Шоқай көшесі
Бұрынғы атауы – Перспективный көшесі. «Промышленный» тұрғын алабы. Мұстафа Шоқай көшесі Көкжелек көшесінен басталады. Ұзындығы – 1108,8 м.
Мұстафа Шоқай (1886-1941) – отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы жүргізілген қоғамдық қозғалыс көсемдерінің бірі, Алашорда үкіметінің мүшесі. Түркістан халықтары арасында тарихта тұңғыш рет демократиялық Еуропаның ортасында түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалаушы. Туған жері бұрынғы Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) уезіне қарасты Шоқай ауылы. Алғашқы қоғамдық жұмысы – оның 1914 жылы Ә.Бөкейханның ұсынысымен ІV Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясының хатшылығы. Өмірінің соңында, тамыз айының басынан қараша айының соңына дейін немістің бірнеше лагерін аралап, тұтқындағы ондаған мың түркістандықтармен кездеседі, оларды өлім тұзағынан құтқарып алуды өзінің бірден-бір борышы санайды. 1941 жылы Берлинде құпияға толы жағдайда қайтыс болады. Сүйегі Берлин қаласындағы мұсылмандар бейітінде жерленген.
Достарыңызбен бөлісу: |