Бөгенбай батыр даңғылы
Бөгенбай батыр даңғылы Н.Тілендиев даңғылынан басталып, Сарыарқа, Жеңіс, Республика даңғылдарын және Желтоқсан, Бейбітшілік, М.Әуезов, С.Торайғыров, Ш.Айманов, Ж.Аймауытов, Р.Қошқарбаев, Ш.Уәлиханов көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 3611,7 м.
Бөгенбай батыр (1680-1775) – қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күрескер, XVIII ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста қол бастаған даңқты батыр, көрнекті мемлекет қайраткері. «Қазақтың қамал-қорғаны» баһадүр Бөгенбай Абылай хан бастаған қазақ халқының ұлт бірлігі жолындағы азаттық күресінің ұйытқысы болды.
Бұл даңғылда Бөгенбай батырдың ескерткіші, «НұрБанк» ғимараты, М.Әуезов атындағы балалар кітапханасы, №7 мамандандырылған мектеп, «Шапағат» коммуналдық базары орналасқан.
Жеңіс даңғылы
Бұрынғы атауы – Победа даңғылы. Жеңіс даңғылы Т.Рысқұлов көшесінен басталып, І.Есенберлин көшесінде аяқталады. Абай, Бөгенбай батыр даңғылдарын және Кенесары, Т.Бигелдинов, С.Сейфуллин, Ә.Жангелдин, Мәскеу, Ә.Молдағұлова, Ы.Алтынсарин көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 3304,4 м.
Жеңіс – қырғын соғыста жауды жеңіп, тізе бүктіріп, толық жеңіске ие болушылық. Кеңес Одағы 1945 жылы Германия мен оның одақтастарының басқыншылығына қарсы шығып, жеңіске жетті. Германияның негізгі мақсаты – Барбаросса жоспары бойынша КСРО-ны жою еді. Мамырдың 8-інен 9-ына қараған түні герман жоғары командованиесінің өкілдері Германияның сөзсіз тізе бүккені туралы актіге қол қойды.
Бұл даңғылда ҚР Қаржы министрлігі, Қазақ ұлттық музыка академиясы, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университет орналасқан.
Достарыңызбен бөлісу: |