Астана ақшамы. – 2011. - №31. – 17 наурыз
Уайсова А.
Қош келдің, Наурыз!
Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті – еліміздегі ірі аграрлық білім ордасы. 1957 жылы негізі қаланған оқу орнында ауылшаруашылық және техникалық бағыттағы мамандықтардан басқа өнер, қызмет, әлеуметтік және бизнес бағытындағы мамандар даярланады.Жоғары білім беру саласының білікті маманы, ғылым докторы, Астана қаласы мәслихатының депутаты Айтбай Бұлашев басқаратын аталмыш оқу орнында өзіндік ғылыми мектеп, профессорлық-оқытушылар құрамы, өнер және спорттық дәстүрлер қалыптасқан.
Жақында университетінің Техникалық факультетінің студенттері мен оқытушылары Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін бар сән-салтанатымен атап өтті. Мазмұнды әрі әсерлі өткен осы шараға біз де куә болып қайттық.
- Университетімізде биылғы Наурыз мерекесін ерте бастауымыздың себебі бар, - дейді факультет деканы Саяхат Нөкешов. – Техфак университеттің ең үлкен факультетінің бірі, мыңнан аса шәкірттер білім алуда. Сексеннен астам оқытушылар құрамының жартысынан көбі ғылым докторлары, профессорлар. Бес академик дәріс береді. Біздің түлектеріміздің басым көпшілігі туған жерлеріне оралып, ауыл шаруашылығының білікті мамандары қатарын толтырады. Талапты жастарымыз өнерден алақан емес.
Айтса айтқандай, домбырашылардың шағын оркестрі орындаған әдемі күй төгіліп, студенттер Наурыз тойын бастап кетті. Төрге амандық-саулық сұрасып қариялар өтті, немерелерін ертіп әжелер келді. Жай келмепті, баланың тұсауын кесті, сүндетке отырғызған немересінің байғазысын ала келіпті. Байғазыға әсем ән айтылды. Қазақы әдетімен ақсақалдар батасын берді. Сол ақсақалдардың бірегейі Жәдігер Есхожин техника ғылымдарының докторы, академик. «Биылғы жыл Отанымыз үшін ерекше жыл ғой. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы, кезектен тыс сайлау өткелі жатыр. Соған байланысты Наурыз тойын мәнді де сәнді өткізу ойымызда бар. Сол үшін жастарды қолдап, білгенімізді көрсетуді мақсат етіп отырмыз. Әдет-ғұрпымызды жастардың есіне салып, ұлттық тәрбиеге баулып, төл мәдениетімізге жастардың ықыласын аударуды жөн деп таптық», - деді ол. Қазақтың дастархан басында отырып, келелі әңгіме айтып, келген қонақты қарсы алып, елдің-жердің амандығын сұраудың өзінде де өнеге жатыр. Бүгінгі жастар мән бере бермейтін, сәлемдесудің қазақы реті де ақсақалдардың аманатындай сахна төрінен естіліп жатты. «Орта толсын!», «Ат-көлік аман келдіңіздер ме?», «Мал-жан аман, ел тыныш па?». Күнде айтылып жатпаса да, көріскен жұрт алдымен аузына алатын құлаққа жағымды, жылы сөздер. Наурыз мерекесін ұйымдастырушылар қазақы дәстүріміздің өнегесін де ескерген болса керек.
Он шақты үндістандық студенттерді көрген кезде, алысты жақындастыратын Наурыздың қасиетінен болар деп ойладым. Олай дейтінім, дәл осы күндері Үндістаннан келген бір топ студент университетте тәжірибе алмасуға келген беті екен. Бұл үрдіс екі жылдан бері жалғасын тауып келе жатыр. Бұрындары біздің тараптан студенттер мен ұстаздар Үндістанда болып, тәжірибеден өтсе, бұл жолы үнділік Ұлттық кадет корпусының студенттері Астанаға келіпті. Үнділік студент Прим Кумардың Астанада болған әсері ерекше. «Астанаға келгенде таң қалдық. Аязды күн мен қарды бірінші рет көріп тұрмыз. Қайта-қайта ұстап қуандық. Қаланың келбеті, ғимараттары өте ұнады. Одан бұрын жергілікті халықтың жылы- шырайлығы таң қалдырды. Астананың суығын жұмсартатын жылылық адамдарында екен. Біздер үшін ең маңызды мереке - Республика күнін қаңтар айында атап өтеміз. Бүкілхалықтық мереке үлкен шерумен өтеді. Елімізге деген мақтаныш, сүйіспеншілігімізді паш етеміз. Ал бір жылда 365 кұн болса. Үндістанда соншама мереке бар шығар. Өйткені, республикамызда тұрып жатқан көп этносты, көп дінді әртурлі халықтардың мерекелері де көп. Оның бірін білсек, бірін біле бермейміз», - дейді үнділік студент.
Университеттің әлеуметтік мәселелер және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Александр Майер студенттердің үлкен жауапкершілігін айтып өтті. Шынында да, ұлттық тағамдарға толы дастархан, ұлттық қолөнер туындыларымен безендірілген зал, сахна төрі, және ұлттық киім киіп, өнерін ортаға салып жүрген жастарымыздың талабы қуантады. Студенттер ұлттық қазынасынан сусындап, тарихына бойлаудың сәті түсіп тұр. Наурыз өткізуге жастардың қатысуы, үлкенге ізет, кішіге құрметі көпшіліктің көкейіне түйіп кеткен өнегесі болды.
Бұл мерекеге университеттің №1 студенті Серік Абраев та келіпті. Серік ағамыздың университет өмірінен тысқары қалмай, жастардың мерекесінің ортасында жүргенін әдемі дәстүрдің нышанындай қабылдалдық. Серік Абраев өзінің студенттік жылдары жөнінде былай деп еске алды: «Мен осы институтты бірінші бітірген студенттердің бірімін. Құжаттарым мұражайда сақтаулы тұр. Қазір ұстаздық қызметтемін. Біз оқып жүрген уақытта мұндай жағдай болған жоқ, Наурыз мерекесін тойламайтын кезең болатын. Құдайға шүкір, Тәуелсіздігіміздің арқасында көп жоғалтқанымызды қайтаруға қолымыз жетіп отыр».
Ендігі кезекте ақсақалдарды сахна төрінен ізетпен шығарып салып, Сәкен ауылы және Абай ауылы болып екі топқа бөлінген студенттер, бастаңғыға жиналыпты. Ауылдың алты ауызын айтып болған соң, «Тобық», «Соқыр теке» ойыны басталды. Өздерін еркін ұстап, риясыз қалпымен шаттанып, өзгелерді де баурап әкеткен Сәкен ауылының жастары мерекені қыздыра түсті. Далада қар, салқын самал есіп тұрса да, көктем иісін сезіндік. Өйткені, қалаға да, далаға да Наурыз келгені байқалып тұр. Соның бір көрінісі университеттегі Наурыз тойы болғандай.
► "Г~< М I III/ '.ЛГІ^\ „ц.гтім-,
Достарыңызбен бөлісу: |