Астана Ақшамы. 2013. №107. 21 қырқүйек Қалжанов А. Түрлі ұлтты топтастырар Бір айға жуық уақытқа созылған Қазақстан халқы тілдерінің XV қалалық фестивалін «Үздік жарнама»



Дата12.03.2018
өлшемі41,94 Kb.
#39113
Астана Ақшамы.- 2013.- №107.- 21 қырқүйек

Қалжанов А.



Түрлі ұлтты топтастырар

Бір айға жуық уақытқа созылған Қазақстан халқы тілдерінің XV қалалық фестивалін «Үздік жарнама», «Игіістің басы-тіл», «Мемлекеттік тіл -мемлекеттік қызметте» байқаулары және «Тіл – достықтың кепілі» атты ана тілімізді меңгерген өзге ұлт өкілдерімен кездесу кеші қорытындылады. Тілдерді дамыту басқармасы, Астана циркі, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ұйымдастырған бұл шараларға жеке-жеке тоқталайық.



Үздік жарнама агенттігі анықталды

Елордада тұңғыш рет өткізілген «Үздік жарнама» байқауына бас қалада осы салада жұмыс істейтін 45 жарнама агенттігінің 15-і қатысуға ниет білдірді. «Байқауды сынамалы түрде өткізейік деп отырмыз. Қандай форматта өту керек, болашақта қандай болуы керек сол жағына жете мән береміз. Жар­нама агенттіктерінің мемлекеттік тілге деген көзқарасын, ықыласын таразылап, өзіміз де бұл жұмысты қалай ұйымдастырамыз деген мәселені назарға аламыз. Жарна­ма - тіл саясатының үлкен саласы. Нарықпен бірге қоғамымызға жар­нама келді. Сондықтан жарнаманың да қаламыздың мәдениетінен алатын өзіндік орны бар» деді байқауды ашқан Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Бежкан Досжан бастаған қазылар алқасы жұмыстарды бағалағанда тақырыптың өзектілігіне, жар­нама мәтінінің мазмұндылығы мен тартымдылығына, безендіру шеберлігіне мән берді. Нәтижесінде, «Ана тілің - ата-бабаңнан қалған аманат» тақырыбында ұсынылған «Елорда-жарнама» ЖШС-нің жұмысы үздік болып танылды. Екінші-үшінші орындарды «Наружка KZ» ЖШС мен «Эф­фект» жарнама агенттігі бөлісті. Сондай-ақ, «Заман КЗ», «Про­фи ДМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, жеке кәсіпкер «Ре­клама плюс», «Ықылас жарнама» жарнама агенттігі ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Цирк қызметкерлері сайысты

Астана циркінде өткен «Игі істің басы - тіл» байқауына өнер ұжымының он үш бөлімі қатысты. Байқау шарттары - ұлттық мәдениетімізде өшпес із қалдырған түлғаларымыздың өмірі мен шығармашылығымен таныстыру, құжатты мемлекеттік тілде жүргізу, жұмыс кабинеттерін қазақы болмыс аңғартып тұратындай етіп безендіру болды.

Атап айтсақ, цирк қызметкерлері «Білгір», «Сөз шебері», «Үздік бөлім», «Әсемдік бәріне жарасады» атты төрт номинация бойынша жарысқа түсіп, бухгалтерлік есеп және жоспарлау, қүқықтық және кадрлық-келісімшарттық жұмыстар, қонақ үй бөлімдері мен костюмдерді, реквизиттерді, көркемдік және баспа өнімдерін дайындау және жөндеу шеберханасы озып шықты.

Тіліміздің мәртебесін асырған кеш

Қазірде мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдеріне елімізде сұраныс жоғары. Әсіресе, телеарналарда. Бұл күндері қай телеарнаны қарасаңыз да, қазақша сайрайтын өзге ұлт өкілінің кемінде бір есімі шыға келеді. Кейбірінде, тіптен, екі-үш журналистен кездеседі. Мәселен, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жаңалықтарын грек ұлтының өкілі Ламбриан Топузидис, «Таңшолпан» бағдарламасын кәріс қызы Ирина Тен жүргізеді. «Аста­на» телеарнасында Оксана Петерес пен Оксана Лоскутова есімді өзге ұлттың қыздары жұмыс істейді. Осыдан шығатын қорытынды - бүгінгі таңда қазақ тілін білсең, өлмейсің. Қай жерден болсын, жұмыс табылады.

Елбасының «Қазақ тілі - қазақстандықтарды ұйыстырушы фактор» деген сөзі де бар. Демек, елімізде тұратын әр ұлттың баласы тіліміздің айналасында бірігуі тиіс.

Сондай мақсатта кеше С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Тіл - достықтың кепілі» атты мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерімен кездесу кеші өтті. Оған жоғарыда аты аталған Ирина Тен мен «24 KZ» телеарнасының бағдарлама жүргізушісі Максим Рожин, «Бас редакторлар клу­бы» қоғамдық бірлестігінің вицепрезиденті Мұратбек Тоқтағазин қонақ болып қатысты. Шараға жиналғандар алдымен мезгілсіз дүниеден өткен университеттің кафедра меңгерушісі Үлан Байдүйсенді бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Одан кейін сөз алған оқу орнының ректоры

Ақылбек Күрішбаев «Тілің бар жерде күнің бар, тілің жоқ жерде түгің жоқ», «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген қанатты сөздерді келтіріп, мемлекеттік тілдің ел өмірінде алатын орнының айрықша екендігіне тоқталды. Осыдан бірнеше жылғы жағдаймен салыстырғанда, қазіргі кезде уни­верситет студенттері арасында мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары артқанына қуанатынын жасырмады. 2025 жылға қарай қазақстандықтардың бәрі қазақ тілінде сөйлейтініне сенім білдірді. Ректордың сөзінен 1994 жылы тұңғыш қазақ тобы ашылған оқу орнында бүгінде мемлекеттік тілде білім алып жатқан студенттердің саны 52 пайызға жеткенін білдік.

Сөз алған қонақтардың арасында алғашқы болып сөйлеген Мүратбек Тоқтағазин осы кешке келіп, көңілі толып отырғанын жеткізді. Қазақ тілінде жаза білудің пайдасы туралы айтып, сөзін нақты мысалдармен өрнектеді.

Ирина Тен Қазақстанда туғаннан және осында тұрғаннан кейін қазақ тілін білу парызы санағанына, сол арқылы қазақ үлтының ақкөңіл мінезін де танығанына, қазақ тілінің байлығына қайран қалатынына тоқталды. «Қазақтың дархан даласында дүниеге келгендіктен, қазақ халқының көптеген салт-дәстүрлерін бойымызға сіңірдік. Мәселен, анам жұма сайын жеті шелпек таратады» деді ол.



Максим Рожин тілімізге қатысты орын алып жатқан олқылықтар ту­ралы ойын жеткізді. «Мен егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп Абай айтпақшы, ана тілін білмейтін қандастарымызға қатысты «Қазақ тілін қазақ үйрене алмайды дегенге сенбеймін» деді ол. Қазақ ұлтымен іші-бауыры араласып кеткенін, осыдан бес жыл бұрын қазаққа күйеубала болғанын, әзірге жалғыз қызы барын, оның аты Аяла екенін айтып, сөзінің тоқ етерін егер адам өз ана тілін білмейтін болса, халқының бай мұраларынан қол үзіп алатынына келтірді.

Мазмұнды кеш барысында студенттердің қойған сұрақтарына тиянақты жауап қайтарылды.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет