Сарайшық Жайық өзені бойына салынған ортағасырлық ескі қала. Орал бойындағы Сарайшық қаласын Кіші Сарайшық деп атаған, ал Үлкен Сарай қаласы Шыңғысхан елінде болыпты. ХІІІ ғасырда Сарайшық Ноғай ордасының орталығы болған,
XIV ғ. ІІ жартысында Сығанақ пен Сарайшықта күміс, мыс тиындар соғылған. 1340 жылы Қазақстан территориясында сауда орталықтары: Сарайшық, Отырар, Іле жазығындағы Екіөгіз, Қаялық, Алмалық қалалары болғаны тарихтан белгілі. 1518 жылы Бұрындық хан қыстап шығады. Ал,1523 жылы 70 жасында өлген Қасым хан осында жерленеді. Қазақ хандары Жәнібек пен Қасым ханның табыты қойылған сағаналар осы Сарайшықта.
Сауран Сауран – ортағасырлық қала орны, Түркістан шаһарының теріскейіне таман 35 км. жерде. Тіршілік еткен уақыты –
ІХ–XVII ғғ. Түркістандық ең мықты қамалдардың бірі болған. Берік қорғаныс ғимараттары, мал, азық-түлік қоры, қамал ішінде құдықтар болуы себепті Сауран көп айлар бойы қоршауға төтеп бере алатын еді. Сауранда жерасты суару жүйесі, қоғамдық қызмет ғимараты салынды, қалада медресе болды. Сауранды бірінші рет 1867 жылы зерттеген кісі - П.И.Лерх. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы,
1967 жылы Қ.А.Ақышевтың жетекшілігімен Қазақ ССР Ғылым академиясының Жетісу археологиялық экспедициясы отряды қазба жұмыстарын жүргізді.
Ақтөбе Ақтөбе – ортағасырлық қаланың орны, Жамбыл облысының Шу ауданында, Ақсу өзенінің сол жағалауында. Биіктігі 300 метрдей төбе, қаланың орталық қамалы мен ірілі-ұсақты мекендерінің ұзындығы 15-17 км дуалмен қоршалған. Қала орнының ауданы 36 шаршы километр. Ақтөбе қаласы үш бөлімнен тұрады - бекініс, шаһарстан мен қамал. Шаһарстан үш қатарлы қуатты бекініс үймелерімен һәм терең қазылған ормен қоршалған. Қаланың өмір сүрген уақыты V-XII ғғ. екенін қазу кезінде табылған заттар растайды. Қала орны 1947 жылы ашылды. 1980 жылы қала орны әуеден суретке түсіріліп, нәтижесінде көшелер мен үйлердің қалдықтары, суару жүйелері, құдықтары анықталды. Қазбадан табылған материалдарға қарағанда, қала тұрмысы V-XII ғғ. едәуір көркейген, әскери бекініс ретінде XIII-XIV ғғ. дейін өмір сүрген. Ақтөбе - орта ғасыр тарихының құнды ескерткіші.
Отырар Отырар – ерте орта ғасырда Қазақстанда пайда болған ірі қалалардың бірі. Отырар қаласының екінші аты - Фараб. Отырар Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын орталық, Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Монғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды. Монғол шапқыншылығы салдарынан Отырар қиратылып, қала тұрғындары қырғынға ұшырады, тірі қалғандары Монғолияға айдап әкетілді. Бірақ, 1219 жылғы апаттан кейін Отырар қайта жанданды Отырарда дүниежүзілік сауда бұрынғысынша делдалдық роль атқарды. Ақ Орда хандары мұнда медреселер, ханакалар, мешіттер, кесенелер салған. Отырарда археологиялық қазба жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Зерттеу қорытындылары Қазақстанның орта ғасырларға жататын қалалары өмірінен толық мәлімет беруге тиіс.
Түркістан Түркістан (Йасы) – Оңтүстік Қазақстан облысындағы қазіргі Түркістан қаласының шығыс жақ шетінде жатқан ортағасырлық кент орны. Оныншы ғасырда Түркістан аудандарында өзі аттас округ орталығы ретінде Шавгар шаһары атырапқа танылған. Орта ғасырда Йасының өз ақша сарайы болған. Мұнда Әмір Темірдің еркімен еңсе көтерген күллі мұсылмандар әлемінің әулиесі - Қожа Ахмет Йасауидің кесене-мешіті бар. Қазақ хандарының қабірлері де осында. Қала орны топографиясында бұрыштарға қарай дөңгелек мұнаралы жартылай қираған қабырғалармен қоршалған қисық бесбұрыш нысанды шаһарстан дараланып көзге түседі. Оңтүстік, оңтүстік-батыс және батыс жақтарынан шаһарстанға қорғаныс қабырғалармен қоршалған ұланғайыр бекініс жалғасады. Оңтүстік-шығыс жағында Күлтөбе тауы көкке бойлап тұр. 1980-1981 жж. Күлтөбеде Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының зерттеуі алғашқы Йасы қаласының орны осында екендігін анықтады.