Түсіндірме сөздік
Аймақ – 1. Өлке, атырап; 2. Төңірек, маңай, айнала;
Бірлік – ынтымақтық, ауызбірлік, татулық;
Егес – талас- тартыс, тайталас;
Егесті – дау-дамайлы, бәсекелі;
Шідер – аттың алдыңғы екі аяғы мен артқы бір аяғын қосып салынатын тұсау. Шідер салды – еркіне жібермеді;
Төскей – таудың қия беткейі, биіктеу баурай;
О дүние – діни адам өлгеннен кейін де тіршілік етеді-мыс дейтін ұғым, ақиреттік ұғым.
БАЙДАЛЫНЫҢ ШОРМАНҒА АЙТҚАН ТӨРТ НАҚЫЛЫ
Шорман 90 жастағы Байдалы биге салем беріп, «үлгілі сөз естиін» деп бала жігіт күнінде барған екен. Би: «О, кәрілік, мен саған не жаздым!» дей беріпті. Қонағы бір қонып ауылына қайтқалы жатқанда Байдалы қарт бала Шорманға: «Не алып қайттың?» - депті.
- «Ойхой, кәрілік, мен саған не жаздым» дегеннен басқа ештеңе естігенім жоқ, - депті Шорман. Сонда Байдалы Шорманға: - Сөздің анасы сенде еді, баласы менде еді, өзің бастамаған соң мен не айтайын, ана таппаса, бала тумақшы емес. Әдейі ат арытып келдің гой, төрт ауыз сөз айтайын, соны алып қайт, - деп, Байдалы: - Алыста не алыс? Жақында не жақын? Тәттіде не тәтті? Ащыда не ащы? – депті.
- Алыста – жер мен көктің арасы алыс. Жақында – ерлі – зайыпты кісінің арасы жақын. Тәттіде – сол қатыннан туған бала тәтті. Ащыда – сол бала қаза тапса сол ащы, - дейді Шорман.
- Бір айтуға бұ да жарайды, бірақ анығы бұлай емес. Жер мен көктің алыстығы жоқ, көзге көрінеді. Ерлі – зайыптының жақындығы жоқ, талай қатын мен еркектің араздасып келгенін көріп, айырып жібердім. Жақын болса біреуінен біреуі айырылар ма еді? Бала да тәтті емес, айтуға ғана. Әкесімен араздасып келіп, баласын әкесінен айырып әкеткенді де көрдім. Ондай баладан айырылғанның ащылығы жоқ. Төрт сөздің шешілуі мынау:
Алыста – білімді мен наданның арасы алыс.
Жақында – өлім жақын.
Тәттіде – жан тәтті.
Ащыда – жаннан айырылу ащы
«Алтын берген дос емес, ақыл берген дос» деп бұрынғылар осындай сөзді айтқан екен.
************************************************************
Тапсырма. Мәтінге сүйене отырып, түсінгеніңді баянда.
Достарыңызбен бөлісу: |