СҮЙІНБАЙ АРОНҰЛЫ
Жақсы жігіт ел-жұртының қаласындай,
Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай,
Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,
Көреді бәрін де өз баласындай.
Жақсы жігіт сөзіне сақ тұрады
Қыранның қырдан байқар баласындай.
Жаман парқы жақсымен бірдей емес,
Жақсы жігіт елінің ағасындай,
Жақсының сөзін әркім пайдаланар,
Миуалы алма, өріктің ағашындай.
Жаманның көкірегі – көр, көзі – соқыр,
Жүрер жолдан адасып-ай.
Жақсы адам қайсы жерден ажырайды,
Жақсымын деп бәрі жүр таласып-ай
Жамандар – өтірікші, өсегі көп,
Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай.
Жалған сөзбен бықсытар ел арасын,
Жанбай қалған ағаштың шаласындай.
Соқтығып әркімге бір ұрынады.,
Сиырдың тентек болған танасындай,
Сондай жанның ешкімге сүйкімі жоқ,
Жылқының қотыр болған аласындай.
Жақсы адам елдің басшы серкесіндей,
Жұғымды болар елдің еркесіндей.
Жақсының жүзі – жылы, сөзі – майда,
Халқымның қалың жүнді көрпесіндей.
Жақсы болар баланың – жүзі жақсы,
Наубайдың күймей піскен бөлкесіндей.
Жақсыға үлкен – кіші – бәрі жақсы,
Жасынан бірге өскен еркесіндей.
Жақсы кісі көрінер жыл құсындай,
Жаман адам балтаның ұңғысындай.
«Олақтан салақ жаман» деген мақал,
Жамандар кеудесі – үлкен, сөзі – кесек,
Ақылы ауыс адамның жындысындай.
Екеуін салыстырып әдейі айттым,
Қажетін қолданарсың тұрмысыңа – ай.
*************************************************************
Тапсырма. 1. Өлеңді оқып, мазмұнын түсініңіз; 2. Осы өлеңге байланысты өз ойыңызды мына сөзді тірек етіп алыңызда, айтыңыз; 3. Жақсы жігіт, жақсы әйел, жаман парқы тапсырма бойынша сурет.
Достарыңызбен бөлісу: |