КӨРКЕМ АУДАРМАДАҒЫ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР (С.СМАТАЕВ“ ЕЛІМ-АЙ” ШЫҒАРМАСЫ БОЙЫНША)
Г.Т.Назаркулова
Қазіргі таңда көркем аудармада ұлттық-мәдени лексиканың қазақ тілінен орыс тіліне аударылу тәсілдері өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Бір халықтың рухы, жаны екінші халыққа аударма тілі арқылы жетеді. Бір халықтың екінші халықпен қарым-қатынас жасауы, бір-бірінің тұрмыс-тіршілігімен танысу, өз елінің ой-санасын өркендетуінің басты құралы аударма екені бұрыннан белгілі. Аударма дегенде, қазақ тілі мен орыс тілі арасындағы қарым-қатынастың шамамен XII-XIII ғасырлардан басталғандығы ғылымда айтылып келеді. Қазақ тілі мен орыс тілі арасындағы жақындықтың тілдің даму тарихында қалыптасқан заңды құбылыс екендігін мойындауымыз керек. Қазақ тілінен орыс тіліне аударылып жүрген көркем аудармада өз кезегін күтіп тұрған мәселелер көп. Тіліміздегі сөздердің, әсіресе көнеріп келе жатқан сөздердің, не тек түркі тілдерінде ғана қолданылатын ұлттық-мәдени лексиканың ішкі сырына үңілсек – оның пайда болу, қалыптасу тарихы болады. Сондықтан оның бәрін басқа туыстас емес тілдерге қалай болса солай аудара беруге болмайды. Құрылысы жағынан туыстас емес қазақша жазылған көркем шығармаларды орыс тіліне аудару, сол сияқты орыс тілінен қазақ тіліне аудару аса жоғары жауапкершілікті қажет етеді. Белгілі неміс ақыны Гетенің “бір тілден екінші тілге аударма жасау кезінде аударуға болмайтын сөздерге баса назар аударғанда ғана, бөгде халықты және оның тілін айқын тану мүмкін деген сөзімен айтсақ, бір ретінде аса маңызды. Ұлттық-мәдени лексика деп – белгілі бір тілдегі ұлттық, тарихи, мәдени бояуы бар сөздер мен сөз тіркестерді айтамыз. Ұлттық мәдени лексикаға реалийлер, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер және т.б. кіреді. Солардың ішіндегі ең күрделі, әр көрнектісі фразеологизмдер болып табылады. Сондықтан мақалада қазақ тіліндегі фразеологизмдердің орыс тіліндегі көркем аудармада ұлттық ерекшеліктер мен ұлттық бояуды көрсете алу, я болмаса көрсете алмау мәселесіне тоқталмақпыз. Фразеологизмдерді аудару мәселесі белгілі бір ұлтқа, халыққа тән ұлттық, тарихи ерекшеліктерін, екінші бір тіл оқырмандарына өзгеріссіз, түсінікті етіп жеткізу – маңызды мәселе болып табылады. Қазақ тіл білімінде фразеологизмдердің басқа тілге аударылуы туралы мәселесі бұрыннан бері зерттеліп жүр. Жалпы фразеологиялық бірліктердің зерттелу процесі 1920-30жылдарда басталған болатын. Фразеологизмдердің белгілі бір халыққа, этносқа тән ұлттық бояуларының бар екендігіне, оны аудармада ерекше ескеру керектігін, көркем аудармадағы олардың аударылып, берілу дәрежесін зерттеу – тіл білімі ғылымында өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Фразеология саласы – тіл біліміндегі ең күрделі сала. Сондықтан аудармашы сөйлем ішінен фразеологиялық бірліктерді ажырата білуі қажет және сөйлемде берілген тұрақты сөз тіркестерінің ұлттық-мәдени бояуларын анықтай алуы керек. Фразеологизмдерді ажырату және оны аудару, аудармашыға көп қиындықтар туғызады. Мәселен, тұрақты сөз тіркестерінің көп компонентті мағыналарының құрамындағы сөздердің мағынасынан алшақ болуы, кейбіреулерінің тарихи деректерінің болуы. Ең бастысы – сөйлем ішінде тұрақты тіркестерді еркін сөз тіркестерімен бірден ажыратып алуға болмайтындығы. Түпнұсқа тілдің табиғатын толық білмегендіктен, мұндай сөздерді аударуда көп қиындықтар ұшырасады. Осыдан барып, түпнұсқа тілден аударылған фразеологизмдердің толыққанды мағынасы аудармада күңгірттеніп, мүлдем өзгеріп кетеді.
Мысалы: