10.1 Сақтандырудың әлеуметтік - экономикалық мәні, оның іс-әрекет сфералары 10.2 Жалпы сақтандыру және өмірді сақтандыру 10.3 Міндетті әлеуметтік сақтандыру 10.4 Сақтық рыногы
10.1 Сақтандырудың әлеуметтік - экономикалық мәні, оның іс-әрекет сфералары Сақтандыру– қоғамның экономикалық қатынастарының айрықша сферасын бейнелейтін көне категориялардың бірі. Сақтандыру сферасы адам өмірінің, өндірістік және әлеуметтік-экономикалық қызметтің барлық жағын қамтиды. Сақтандыруға түрткі болатын басты себеп – бұл өндіріс пен адам өмірінің қауіп-қатерлі сипаты. Қоғамдық-экономикалық қатынастар адам мен табиғаттың объективті қарама-қайшылықтарының болуымен, қоғамдық өндірістің қатерлі сипатымен байланысты, бұл қатынастардың кездейсоқтық, көп жағдайларда бұрын ойда болмаған сипаты болады. Қоғамдық өндіріс үдерісінде белгілі бір қауіп-қатердің болуымен байланысты сақтандыру кезінде ақшалай қайта бөлгіштік қатынастар пайда болады. Қоғамдық өндіріс үздіксіздігінің объективті талаптары, бір жағынан, қорғану, осы тәрізді жағдайлардың ұнамсыз салдарларынан сақтану және басқа жағынан, бұл құбылыстардан болған шығасыларды өтеу қажеттігін тудырады. Сондықтан өндірістік үдерістерді жалғастыру, азаматтардың жекелеген санаттарының өмір тіршілігі мен әл-ауқатын қолдап отыру мақсатында оларды сатып алу үшін қоғамның, жеке өндірушілердің, олардың топтарының (салалық немесе аумақтық аспектілерде) натуралдық-заттай босалқы қорларын да немесе резервтерін де, сондай-ақ ақшалай ресурстарды да кіріктіретін қажетті қаражаттары болуы тиіс. Мұндай ақшалай қаражаттар әдетте резервтік және сақтық қорлары түрінде қалыптасады.
Қолайсыз табиғи, дүлей күштердің, кездейсоқ жағдайлардың, өндірістік факторларың және ақшалай жарналардың есебінен залал шығасылардан шеккендерді өтеу іс-әрекетімен байланысты экономикалық қатынастар дербес сақтандыру категориясына бөлінеді.