Сәлима. Керек. Қызметсіз адам – кәріп. Қызмет – абырой, айбын, бедел, мерей. Мен осылардың барлығына ие болдым. Шайқап іштім, шайқалып бастым. Қызмет қызығы бәрін ұмыттырды. Бай, бала керек екені жайына қалды. Соның жазасын тартып отырысым мынау енді.
Сәлім(толқып). Әттеген-ай, сенің де жолың болмаған екен ғой! Сен мені кеудемнен қаққаныңмен, мені сені жүрегімнен жұлып тастай алмадым. Қайда, қандай күйде жүрсем де ұмытқан емеспін. Елде есен-сау, берекелі өмір сүріп жатыр ғой деуші едім, сенің де шекең қызбаған екен ғой. «Кеш қалдың!» – дегенше, егіліп жыласаң етті сонда, бәрі басқаша болатын еді!
Сәлима. Ұялдым.
Сәлім. Онда Базарбаевтан неге ұялмадың?
Сәлима. Ұялғанда қандай, от болып жандым. Жыладым-еңіредім. Мұз болып суыдым, көндім. Сол-сол-ақ екен, екі аяғымды жерге тигізбей, аупарткомның үшінші хатшылығына сайлатқызды да жіберді. Әйел затын беттің әрі, сөздің зәрі өсірген заман еді ғой ол бір. Өзің білесің, менде әр бар, сөз де жоқ емес. Қысқасы, заман талабынан шықтым.
Сәлім. Құрысын ондай заманы!
Сәлима. Айтпағын. Қайтейін, жепілдек көңіл, желкілдек етек болып өте шықты келте өмір!
Сәлім. Ал, менің өмірім әйеліммен алысумен өтті. Дүниеде басқа ұлттан әйел алған еркектен бақытсыз адам жоқ.
Сәлима. Қой! Неге?
Сәлім. Білемін, сіздер, идеологтар: аралас отбасы – ұлттар достастығының айқын көрінісі дедіңіздер. Далбаса. Итті иесімен қинасын. Иттің иесі – адам. Адамның иесі – халық. Ерлі-зайыптылар ешқашан ұрыспай-таласпай тұра алмайды. Сондайда әйелің басқа ұлт өкілі екен, пәле қозды дей бергін. Жәй үй-ішілік бықы-тықы әңгіме демнің арасында ұлтаралық жанжалға айналып шыға келеді. Менің көрген күнім сол болды. Қит етсе, әйелім қазақтың, мен орыстың жер-жебіріне жетуге кірісіп кеп кететінбіз. Құрысын, қатынды кісі жеңген бе, оның үстіне ол – ұлы орыс халқының өкілі болса.
Сәлима. Болсын. Онда тұрған не бар?
Сәлім. Бәрі бар. Ол орыстың, мен қазақтың намысын жыртып салғыласамыз, арғы-бергі атақты адамдарымызды, арыстарымызды атап айбынданамыз, өнер-білім саласындағы өрелі істерімізді алға тартып, озбақ боламыз. Сондайда Валя жеңетін. Орыстың барлық патшасы, зиялылары – тарих төрінде тұр, тізіп атай бер. Олардың әрқайсысы туралы том-том кітап жазылған. Қазақтың ханының бәрі – қарақшы, зияларымыз – халық жауы. Бетке ұстарымыздың бәріне қара күйе жағып, ауызға алғысыз қылып тастаған. Кімді арқа тұтпақсың?! Абай мен Шоқан қай шалғайыңды жабады? Мұхтар мен Қаныш, Бауыржан мен Талғат қашанғы мият болмақ? Сондағы өкініш пен шарасыздықты айтпағын енді!
Сәлима. Арыстарымыздың бәрі ақталды ғой, атай бермейсің де шетінен тізіп?
Сәлім. Кеш ақталды. Олар ақталғанша біздің отбасының ойраны шығып біткен. Рухани көсемі, мақтаны жоқ халық – сорлы. Ал, сорлының ұлы – күштінің құлы. Мен мұны өзім басымнан көп өткердім, талай-талай жер болдым. Әз Төле, қаз дауысты Қазыбек, Әйтекелер, Абылайхандар, Ахмет ағалар, Димаш даналар ендігі ұрпақтың абыройына айналса екен. Жастар осылардай ұлыларымыз бар екенін біліп өсіп, атын ардақтасын! Тек ұятты ұл, ибалы қыз тусын! Сонда ғана оңаламыз біз.
Сәлима. Ұл-қызың бар шығар?
Сәлім. Бар. Ұлым да, қызым да бар. Бірақ олар қазақ емес, орыс.
Сәлима. Кім де болса, барды айт.
Сәлім. Жоқ, қазақтың баласының қазақ болмағаны – азап!
Сәлима. Қазақ балаңнан көрген азап құрысын бәрінен!
Сәлім. Қайдам-ау! Қазақты қинаса, қазақ қинасын. Жақсылық көрейік, жамандық көрейік, өз қандасымыздан көрейік.
Сәлима. Мынауың, әбден күйзелген адамның сөзі ғой.
Сәлима. Несі қайдам? «Қыздың жаманы бір шәугім шайға жарайды» – деген. (Орнынан тұрып). Жүр.
Сәлім. Мейлі, барсам, барайын.
Сәлім мен Сәлима парк аллеясына бет түзейді. Екінші көрініс Сәлиманың үйі. Сәлім мен Сәлима шай ішіп отыр. Сәлім. Үйің келіскен екен. Қалада мынандай пәтерің болуы – үлкен бақыт.
Сәлима. Қайдам, осыны малданып отырған жай бар әйтеуір. Осыдан басқа не қалды бізде енді?
Сәлім. Қой, тірі адамның тірлігі таусылған ба.
Сәлима. Қайдам?
Бет-аузы ұйпа-тұйпа Қайрат келіп, есікті керіп тұра қалады.
Сәлима(қысылып). Міне – менің балам. Қайрат, есікті керме, ағаңмен амандас.
Қайрат. Амандасып неге керек?
Сәлима. Балам, кергіме, жөндеп сөйле!
Қайрат. Мен басқаша сөйлей алмаймын, басыма не келсе, соны айтамын.
Сәлім. Дұрыс. Сөз – адамның мінезі.
Қайрат. Мен оны сенсіз де білемін.
Сәлима. Қайрат, қой! Бұл ағаң – Сәлім. Біздің Кербұлақтан, екеуміз бір класта оқығанбыз. Әскерден босап келіпті.
Қайрат. (кекесінмен). Білемін. Біздің қолбасшы жерлесіміз, сенің алғашқы махаббатың, жас кездеріңде араларыңда роман болған.
Сәлима. Қой әрі!
Қайрат. Несі қой, рас. Сен бұған тигенде мұндай болмайтын едің.
Сәлім (сабырмен). Қайрат, адам анасына ауыр сөз айтпас болар.
Қайрат (екіленіп). Ал, мен айтамын! Мен – осының тәрбиесінің жемісімін. Бұл – сыртта басалқалы қызметкер, үйде – жеңілтек әйел болды. Жасымнан көргенім – өңшең белі – жуан, беті – жылмаң, қылығы – қылмаң ағайлар. Бұлар басқа бөлмеге кеткенде мен шөлмектердің ортасында шошайып отырып қалатынмын. Сөйтіп жүріп сарқынды арақты қолқ дегізіп құлқыныма құя салатынды шығардым. Аяғы мынау – алапат ішкішке айналдым. Бәріне кінәлі – осы. Мен оны бетіне...
Сәлім (даусы қатты шығып). Тоқтат сөзді!
Сәлима (шошып). Сәлім, ойбай, қатты сөйлеме бұған. Бұл – бұзық.
Қайрат(сұрланып). Дұрыс айтады, бұзықпын. Қолбасшы, біліп қой, мен сенің салага солдатың емеспін.
Сәлім. Солдаттан садаға кет! Сен әбден басынған екенсің Сәлиманы, оныңа жол жоқ енді. Адам анасын қорлаушы ма еді?!
Сәлима. Бұдан да зорын айтады бұл.
Қайрат. Мен шындықты айтып тұрмын.
Сәлім. Адамның ар-намысына тиетін шындықты сонша екіленіп айтудың қажеті қанша?
Қайрат. Шындық – бәрінен де қымбат.
Сәлім. Шындық осы екен деп көку – азу.
Сәлима. Сәлім-ау, қор қылмай-ақ қой сөзіңді. Бұл маған аузына келгенін айтып, ойына оралғанын істеп үйренген.
Қайрат. Иә, сөйтемін. Сен соған лайықсың.
Сәлім. Жетеді! Сен бала еркінси берме! Біліп қой, бұдан былай мұндай нөмірің өтпейді.
Қайрат. Өтеді!
Сәлім. Жоқ, өтпейді!
Қайрат(Сәлимаға). Айтшы, мына шалға не жоқ, неменеге түседі араға! Мүмкін, сен бұл ғашығыңа тиіп алған шығарсың. (Сәлімге). Полковник жолдас, сен мына кемпірді алуға тиіссің. Басында бұзған өзің, ал да түзе. Осы қазірден бастап қол ұстасыңдар да кетіңдер екеуің, үйді босатыңдар.
Сәлима(ашуға булығып жылап жібереді). Не дейді мына жүгермек?
Қайрат. Не деймін? Соны да білмейсің бе? Таңданба, мұндай сөздің талайын естігенсің. Атқамінер, әуей болғанша әйел болу керек еді. Сонда өз балаң болатын еді. Ол саған мұндай ауыр сөз айтпас еді.
Сәлім. Әй, жетесіз, сен қоясың ба, жоқ, қоймайсың ба мына жосықсыздығыңды?
Қайрат. Білемін. Сендер әскерде солдаттарға қоқиланған қораз болып, ойларыңа келгенді істеп үйренгенсіңдер. Ол әскер құрыған. Енді сен де біз сияқты жай адамсың.
Сәлім. Иә, адаммын. Әскерде ұстанғаным да, қазір ардақтайтыным да – адамгершілік.
Қайрат(кекетіп). Адамгершілік! Қолынан түк келмейтін адам ойлап тапқан сөз – ол.
Сәлім. Адамгершілік – арлы, иманды адам ардақтайтын асқақ сезім. Егер ол сенде жоқ болса, басқада бар. Мен енді саған Сәлиманы қорлауға бермеймін. Сендейлерді оспадарсыз дейді. Мен сенің әкеңнен үлкенмін. «Сіз», – деп сөйлесең қайтеді?
Қайрат. Онда тұрған не бар? Сен – ол сенсің.
Сәлім. Қайран ғана қазағым-ай, арып-ашып келгендегі естігенім «Сіз» емес, «Сен» болды ма?
Қайрат. Полковник болмақ тұрмақ генерал болып кетсең де «Сен» деймін мен сені.
Сәлім. Мүмкін әкеңді де сен дерсің.
Қайрат. Сен демегенде кім демекпін? Сен деймін.
Сәлім. Онда шаруаң біткен екен, бар, «Сеніңді» серік қылып ала кет. Сәлимадан да, менен де аулық жүр!
Сәлима. (кемсеңдеп). Апыр-ау, маған да ара түсетін адам бар екен ғой!
Қайрат. Қуанба! Бұл полковник мұнысы үшін жауап береді әлі-ақ! (Сәлімге). Осыдан көр де тұр, өкінетін боласың! (Сәлимаға). Мен кеттім бірдеңе тауып ішуге. Екеуің отырыңдар, мүмкін, махаббаттарың қайта қозар. Махаббатқа барлық жастағылар бас иген. Полковник (Сәлиманы нұсқап), бұл – көңілшек әйел, көп әуреге түсірмейді.
Сәлім. Кет әрі! Көргенсіз!
Сәлима. Бар-бар! Көрсетіп біттің өнеріңді.
Қайрат. Біткенім жоқ. (иегімен Сәлімді нұсқап). Оған көрсететін көресі – алда. Күтіңдер!
Қайрат кетеді. Сәлім. Қандай әдепсіз еді мына балаң! Қалай ғана бір шаңырақтың астында өмір сүріп жүрсің мұнымен?
Сәлима. Бәрі – арақтың кесірі. Арақ ішпесе, ол әжептеуір адам. Қайтейін, бір әулеттен қалған еркек кіндік, күдерімді үзе алмаймын. Мен түңіліп кеудесінен итерсем, қаңғып қалады ғой бұл байғұс.
Сәлім. Әйелі жоқ па сонда?
Сәлима. Бар.
Сәлім. Бар болса, сол ие болмай ма?
Сәлима. Ол да шаршап біткен әбден.
Сәлім. Сөйткен болар. Бұл жұмыс істемейтін шығар, әйелі екеуіңе масыл да.
Сәлима. Жоқ, істейді. Шағын кәсіпорын деген бірдеңкеде бірдемені айналдыратын сияқты. Арағына ақша табады.
Сәлім. Иә, сондай бір пәле шығыпты ғой.
Сәлима. Онысы кәсіпорын болып түк те өндірмейді, өңшең алыпсатар, алаяқ, аннан-мұннан қашқан алқаш жиналған жер көрінеді. Бұлардікі де сол. Не істеп, не қоятындарын адам білмейді, әйтеуір арақ ішпейтін күні жоқ. Күндіз-түні қызара бөртіп жүргені. Үйде күнде – ұрыс-керіс. Мен де, келінім де – бағы ашылмаған сорлымыз.
Сәлім. Сәлима – сұлу... Сәлима – хатшы...
Сәлима. Тоқта-тоқта, айтпашы сол құрғырларды. Менің бақытсыздығым да сонда, асқақтап өмір сүргенімде. Білсемші, аузыма ел қараған белсенді емес, бетіме ер қараған қатын болғанымда бақытты болатын екенмін.
Сәлім. Әлбетте.
Сәлима. Лаж қайсы, өмір ауаны осылай болды. Тоталитарлық жүйенің зардаптары аз айтылып жүрген жоқ, солардың ең сойқанын біз, әйелдер, көрдік. Токарь, слесарь, тракторшы, миллиционер, әскери қызметші болдық. Құдайым-ау, осылар әйел атқаратын жұмыс па еді?!
Сәлім. Жоқ. Бұрын-соңды бірде-бір ел мұндай тағылықты білмеген.
Сәлима. Әйел – мысық, арқасын кім сипаса, соған пырылдайды, деген рас. Біздің арқамызды сыйпаған алақан – номенклатура. Басшылар біз сияқты беті жылтыраған ұрғашыны номенклатураға жататын қызмет беріп, еліктетіп-солықтатып, ұлы сөзде ұят жоқ, ойнасы етіп, Хауа анадан бергі құқымыз – ана болудан айырды. Сол кездегі аупарткомның идеологиялық хатшылары, ауатком төрағасының орынбасарлары түгел әйел болатын, солардың бәрі дерлік қазір менің көрген күнімді көріп отыр.
Сәлім. Мүмкін.
Сәлима. Мүмкін емес, солай. Бірен-саран байға тигендері бар, әрине. Ұятты аттап, некесіз бала туып алғандары да жоқ емес. Оларды сол заматта коммунистік моральға жат қылыққа ұрындың деп қызметінен алып тастаған. Кезінде күліп едік, қазір солар озды, олжабайларынан немере сүйіп отыр. Қызметті күйттеген біз қу тіземізді құшақтап қалдық.
Сәлім. Әттеген-ай-а!
Сәлима. Сорлы басым мансаптың құлы болыппын! Қызмет дәмді тамақ, сәнді киім болды. Солардың буына мас болдым. Сөйтсем, бізді құдай қатын болып, бала табу үшін жаратыпты ғой. Басқа тірліктің бәрі алдамшы, баянсыз екен. Рас, мұғалім, дәрігер, есеп қызметкері сияқты әйелге лайықты жұмыстар бар, соларды атқарғанның өзі артық, айта берсең. Әйел – ана! Ал, ана болудан ауыр, абыройлы жұмыс жоқ бұл дүниеде.
Сәлім. Қоғамдық белсенді өмірден алыстап қалмай ма әйелдер онда?
Сәлима. Бізді құртқан – осы коммунистік түсінік. Байына жақсы жар болып, бала туып, тәрбиелеуден асқан белсенді тірліктің қажеті қанша әйелге?
Сәлім. Осының бәрін о баста білуің керек екен де.
Сәлима. Менің өкінішім де сол. Алғаш алдандым. Содан соң қызметімнен, беделімнен айырылып қалмаймын деп қорқып, Базарбаевтың айтқанына көніп, айдауына жүрдым.
Сәлім. Кеңес адамы – қорқумен күн кешкен бейшара. Қорқыныш біздің бала күнімізден қатал әміршіміз болды. Кішкентай кезімізде бірдеңені бүлдірсем, әке-шешем ұрады, тамақ бермей қатырады, ойынға жібермей қояды деп қорықтық. Біз есейген сайын жағымпаздарға талатты. Қорқыныш – адамды құл ететін зұлмат. Біздің замандастарымыз қорқа-қорқа адамдық қасиеттің бәрінен айырылып біткен.
Сәлима. Мен де солмын. Партиядан қорқып, қарғы баулы қаншығы болдым. Қызметімнен айырылып қаламын деп қорқып, жар құшу, бөпе әлдилеуден марқұм қалған бейшарамын.
Сәлім. Бөпені қайдам, жар құшу мүмкіндігің бар әлі.
Сәлима. Қалайша?
Сәлім. Екеуміз үйленейік. Солайша.
Сәлима. Қойшы құрысын! Не қызық көреміз деп үйленеміз қартайғанда?
Сәлім. Сәлима, айтшы, дүниеде не ауыр?
Сәлима. Екі қабат әйел ауыр.
Сәлім. Ғажап! Дәл тауып айттың. Мен сұрақты дұрыс қоймаппын, кәрі адамға не ауыр деуім керек екен.
Сәлима. Түн ауыр.
Сәлім. Неге?
Сәлима. Таусылмайды.
Сәлім. Дұрыс. Біз сол түн ауырлығын бірге көтеріп, бірге қысқартамыз. Сол үшін үйленеміз.
Сәлима. Мен – меншікті ерім болып көрмеген әйелмін. Әттең, жасымызда қосылғанда мен сенің сенімді досың, адал жарың болатын едім. Ендігіміз – тым-тым алыстап кеткен арманды аңсау, бір кездегі емінген сезімнің көн тұлыбына емірену болар.
Сәлім. Әйелдің күңкілі, еркектің күркілі шықпаған үй – қаңыраған қуыс. Жұртқа есік-тереземізден солар естіліп жатуы үшін үйленеміз.
Сәлима. Күңкілді айтасың, шаң-шұңды көрмедің бе жаңа?
Сәлім. Ол басқа. Маған қосылсаң, сен ол шатақтан құтыласың.
Сәлима. Қайрат – біздің әулеттен қалған жалғыз тұяқ. Мен – ендігі қалған өмірімді соны қатарға қосуға арнаған адаммын. Құтылуды айтасың, қайта ол теріс айналса, мен аяғына жығылуға әзірмін. (Шайын жаңартып). Одан да шай іш.
Сәлім. Шай бар болсын, маған жауабың керек.
Сәлима(күліп). Қызықсың сен, Сәлім. Айттым емес пе, қартайғанда басты қатырып қайтеміз? Қояйық бұл әңгімені.
Сәлім. Қоймаймын. Сен – менің өмір бойғы арманымсың. Жас кезімде жолымыз болмады, енді кеудемнен қақпа. Біз бір-бірімізге рухани жар боламыз. Қартайғанда адамға өткен-кеткенді айтып, мұң-шерді тарқатып отыратын серік керек. Екеуміздің мына жарық дүниеде көргеніміз өле-өлгенше айтып отыруымызға кең молынан жетеді.
Сәлима. Сен өткенді айта аларсың, мен айта алмаймын.
Сәлім. Неге?
Сәлима. Партия ісінің бәрі – құпия. Партия – қызметкері адамның өмірін сүрмеген, ол нұсқаумен, сілтеумен қатып-семіп, шектеумен шегеленіп қалған, түкке тұрғысыз нәрсені құпия тұтып, ел-жұрттан жақсыны да, жаманды да жасыра-жасыра зымиян болып кеткен. Біз – жан адамға шалқып қуанышымызды, егіліп мұңымызды айта алмаған мұңдармыз. Темір болып қатып қалғанбыз, мұздай суықпыз.
Сәлім. Әскери құпия партия құпиясынан кем бе екен?
Сәлима. Қайдам?
Сәлім. Асып түседі. Сол құпиялардың барлығының құны көк тиын қазір. Архив ашылып, құлыптаулы құжат атаулы кәдеге жарап жатыр.
Сәлима. Білемін, бірақ менің өз өмірімде еске алып, әңгіме етерлік ештеңе жоқ болса, қайтемін?
Сәлім. Сәлима, сен өйтіп таусылма. Еске алар жай, ортақ мүдде де табылады. Екеумізге дүкеннен барып бір бөлке нан әкелудің өзі – жұмыс, әңгіме болады әлі-ақ.
Сәлима. Сәлім-ай, айтқаныңның бәрі рас. Жаңа айтпадым ба, Қайратты тастап ешқайда кете алмаймын мен. Оның үстіне (күмілжіп барып), басымда билігім жоқ.
Сәлім. Қой, зейнетке шыққан адамның басында билігім жоқ дегеніне кім сенеді?
Сәлима. Маскүнем балам менің аяғымды қия бастырмайды.
Сәлім. Қалайша?
Сәлима. Қанша арақ ішкенімен, ішкі есебі мықты Қайраттың. Менің бар жиған-тергенім, мына үш бөлмелі үйім – оның көзінің құрты. Жарты бұрауынан айырылса, жарылып өлуге әзір.
Сәлім. Онда таста бәрін соған. Маған бір қуыс беретін тәрізді, сонда тұрамыз екеуміз. Сәлима. Жоқ, болмайды. Мен болмасам, бұл үйдің оты өшеді. Оның үстіне ел-жұртты қайтеміз. Ұяттағы! «Қартайғанда кәрі боз жорға шығарыпты!» деп дос күліп, дұшпан табалар.
Сәлім. Ел-жұрт қайта: «Ақыры армандарына жеткен екен!» – деп сүйсінер.
Сәлима. Қайдам? Кім білген?
Сәлім. Біз білеміз. Коммунистік мораль, темірдей тәртіп, ерен еңбек, көтеріңкі социалистік міндеттеме, асқаралы жоспар – адамды тұқыртып ұстау, құл етудің тағы басқа да толып жатқан түрлерін ойлап тапқан партия жоқ. Енді еркін, ақылға сыймайды өмірді еншілесек, ешкімнің егініне түскендік болмас.
Сәлима. Не десең де, төрімізден көріміз жақын қалғанда үйленіп жатқанымыз ақылға сыймайды. Масқара ғой ол! Өлім! Өтінемін, ендігі әрі бұл сөзді аузыңа алмашы, босқа көңіл қалып, суысып кетеміз.
Сәлім. Сенен меселім қайтуы – маған таң емес. Бұл жолы кері шегінбен!
Сәлима. Сілім, өйтіп қасарыспа, түбі жақсылыққа апармайды.
Сәлім. Мен айтарымды айттым. Ендігісі саған байланысты. Ойланып көр! Жақсылап ойлан! (Орнынан тұрып). Ертең келемін, жауабын сонда айт.
Сәлім кетеді. Сәлима(Сәлімді табалдырыққа дейін ұзатып салып, бері беттеп тұрып). Құдайым-ау, қайттім еді?! Сәлім, мен сені, бір ғана сені сүйгенмін, сүйіп өтемін бұл өмірден! Тағдыр бізге қосылуды жазбаған. Басында жастығым жанастырмап еді, енді қарттығым қашққақтатады. Қайтпек керек? (Қалтасына қолын салады, асық шығады). Айналайын ақ сақа, қашан ғана Қайраттың баласы ұстар екен?! Қанша ғана Қайраттың баласы ұстар екен?! Қанша иірдім, алшы тұрмайсың. Сәлімге иірейінші, қайтер екенсің. (иіреді). Алшы! Ойбай-ау, мұнысы несі? Алшы тұрғаны қайткені? (Ойланып мұңайып тұр). Фатима келеді. Фатима. Мама, неменеге көңілсізсіз? Не, Қайрат ренжітті ме тағы?
Сәлима. Ешкім ренжіткен жоқ. Жәй, бір нәрсе ойлап кеткенім.
Фатима. Ол қандай ой, айтыңыз, бірге ойласайық.
Сәлима. Кәрінің асқақ ойы – жасқа жасық. Қайтесің, білмей-ақ қой. (Әңгіме ауанын басқа жаққа бұрып). Фатима, неге ерте келдің жұмыстан?
Фатима. Қайда, сіз әлі жап-жассыз, айттырса да болады.
Сәлима. Айттыруын айттырар-ау, бірақ мен сендерді тастап, қайда бармақпын?
Фатима. Ешқайда? Мен сізді туған анамнан артық көремін.
Сәлима. Қайдан? Туған ана, туған бала! Жөні бөлек қой олардың!
Фатима. Білемін. Сіз маған шешемдейсіз.
Сәлима. Фатима, жүзіңде бір өзгеріс бар, жай ма?
Фатима. Мені облыстық әкімшіліктің аппаратына жұмысқа шақырып жатыр.
Сәлима(селк етіп). Қой!
Фатима. Рас.
Сәлима. Кім шақырып сөйлесті?
Фатима. Білмеймін, кадр бөлімінің бастығы-ау деймін.
Сәлима(күліп). Онда кадр бөлімі болмайды, бастықтардың бірі шығар.
Фатима. Қайдам?
Сәлима. Қайратты аямадың ба?
Фатима(жұлып алғандай). Не деп аяймын?
Сәлима(күмілжіп). Ая... Ая... Қойшы... Кейін білесің...
Фатима. Қызықсыз сіз! Нені білемін! Облыстық білім басқармасынан айлығым көп болады екен, соны білемін
Сәлима. Ол білгенің аз. Ондағыларға әйелдің айлығының азы-көбі емес, әрі керек екенін ескер!
Фатима. Қойыңызшы, мама! Сіздің кезіңізде солай шығар, қазір заман басқа, адам өзгерген.
Сәлима. Өзгерген дәнеме де жоқ, бәрі бұрынғы қалпы. Бастық шетелдік машина мініп жарқ-жұрқ, қарапайым халық қалт-құлт етіп жүр қайта қазір. Бар болғаны бастық атаулы бұрынғы тонын теріс айналдырып киіп алған, ауыздарында – халық қамы, көкейлерінде өз құлқыны. Олар әйелге қызметкер деп емес, ойнап-күліп, көңіл көтеретін қуыршақ деп қарайтын. Қазір де солай. Қарағым, осы инспекторлығыңнан асқан қызмет жоқ, қойшы сол пәлесін!
Фатима. Мама, мен құжатымды беріп қойдым (ширығып). Біліп қойыңыз, мен ешкімнің ермегі бола алмаймын.
Сәлима. Сен кешір, айналайын! Бүгін бір ауыр күн болып тұр. Әлгінде паркте, мектепте бірге оқыған баламен, құдай-ау, не қылған бала, шалмен кездесіп қалып, үйге ертіп келдім. Ас үйде шай ішіп отырып, біраз әңгіменің басын шалдық. Ойламаған жерден біздің үстімізге Қайрат келіп қалып, сөзімізге араласа кеткені. Өзінен-өзі бұлқан-талқан болып, аузынан ақ ит кіріп, қара ит шықты. Әкесінен үлкен кісіге «Сен-сен», – деп шап-шап етті. Маған айтып жүрген былапыт сөздерін де аямай ағытты. Болмады бұл Қайрат, одан еститінім – өң бір қорлау. Оны өзің көріп те, біліп те жүрсің. (Жылап). Қайтем, қайтіп күн көремін?! Асылып өлгеннен басқа түк қалмаған сияқты!
Фатима(кемсеңдеп). Мама-маматай! Жоқ сұмдықты айпаңызшы! Қайрат емес, айтқызып жүрген арақ. Арақ ішпесе, одан жақсы адам жоқ, білімді, ақылды.
Сәлима. Рас айтасың. Қайрат жасынан зерек, алғыр еді, мектепті де, институтты да кілең беске бітірді. Үлкен қызметкер болар деп едім, болмады.
Фатима. Араққа қалай салынған сонда?
Сәлима (ойланып қалып барып). Ащы да болса айтайын. Қайрат екеуміздің түбімізге жеткен – менің жеңілтек жүрісім. Мен бастықтың көңілін аулап жынданғанымда, Қайратым өшін бөтелке түбіндегі арақтан алыпты ғой.
Фатима. Сіз кінәлі емессіз, өзі үйір болған ғой араққа. Мен білемін, небір алқаштың баласы аузына арақ алмайды.
Сәлима. «Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз» – деген осы онда. Дегенмен, Фатима қарағым, мен бір адасқан әйелмін. Бай, бала керек екенін ойламай, желіктім, шен қудым. Сен де сөйтіп жүрмегін дегенім ғой – жаңағым.