Ерлан. Ресторанды бүгін қояйықшы, көке.
Берік. Неге?
Ерлан. Зәуре үйіне қайтуы керек.
Аманғайша. Қап, бұл бір қызық болды-ау!..
Зәуре. Мазасызданбаңыз, ештеңе етпейді.
Аманғайша. Сонда да былай бір... Зәуре, онда ертең ертерек келіңдер. Күтеміз.
Ерлан. Мама, сізге Зәуре ұнап қалды-ау деймін.
Аманғайша. Ұнамағанда ше?! Біз мұны жігіт болды деп жүрсек, бұл бала құсап ойнағанын қоймайды.
Ерлан. Қайдағы бала! Мен қыз ертіп келемін, бұлар баласынады!
Зәуре. Шын, сен – баласың әлі.
Ерлан. Мама, әне жығып бердіңіз Зәуреге.
Аманғайша. Әй, қылжақбасым-ай, Зәуреден жеңілгенің жөн. Зәуре екеуің енді біз кеткенше күнде келіп тұрыңдар.
Берік. Сен енді көп айта берме, келеді.
Зәуре. Сөйтеміз, келіп тұрамыз.
Ерлан. Келістк. Ертеңге дейін! Чау!
Аманғайша. Мұнысы несі тағы.
Берік. Қалалық болғаны.
Ерлан мен Зәуре кетеді.
Бесінші көрініс
Оспанның үйі. Басын ақ орамалмен тас қылып таңып алған
Тәттігүл Балқиямен сөйлесіп отыр.
Тәттігүл (даусы сынық, көңлі пәс) Уһ-уһ, шыбын жаным! Басым! Түсіп барады!
Балқия. Сонша не болды, кеше сап-сау едің ғой.
Тәттігүл. Нервтікі бәрі. Қу қыз құртты ғой мені, тәте-ау! Оның жігіті – Беріктің баласы екен?
Балқия (шоршып түседі). Не дейді, байғұс-ау! Қойшы, құрысын, рас айта ма?
Тәттігүл. Рас, тәте-ау, рас.
Балқия. Қой әрі! Оны қайдан біліп жүрсің?
Тәттігүл. Қонақ үйінде жатыр екен, барып шаңын қағып келдім.
Балқия. Берік кетпеп пе еді кететін жағына қаңғып? Баласы қайдан жүр екен мұнда?
Тәттігүл. Ит біліп пе? Әкесі сияқты қаңғыбас біреу болуы керек. Қалаға қаңғып келген жалаңаяқтардың біреуі көрінеді. (Еңіреп жылап жібереді). Не істейміз енді, тәте-ау?
Балқия. Қой, жылама, сөзге құлақ сал. Бүйтіп көзіңнің жасын көл қылғанша байың мен қызыңды Беріктің баласына жоламайтын қыл.
Тәттігүл. Кешелі бері айтпаған сөзім, қылмаған айлам қалмады, қасарысып көнбейді екеуі де. Әсіресе, Оспаннан күйдім, «Қыз сүйгеніне барады», – деп бетбақтырмайды.
Балқия. Онда ажырас Оспаннан.
Тәттігүл. Мен оны сүйемін, ажыраса алмаймын. Ажырасамын деп қорқытып көргенмен, қыңатын Оспан жоқ.
Балқия (кекетіп). Сүй-е-емін! Қыңатын Оспан жоқ! Құры қорқытқанша, сотқа арыз берші, Берік алдыңа түсіп мөнтеңдеп жүріп бермесе, маған серт. Содан соң қызға екі жақтап ауыз саласыңдар. Зәуре айтқан тілді алады, алмаса, ананың баланы тырп еткізбейтін бас қаруы бар, соны қолдан.
Тәттігүл. Ол қандай қару, тәте? Бәрі құрысын, соны айтыңызшы алдымен.
Балқия. «Айтқан тілімді аласың, алмасаң, ақ сүтімді кешпеймін. Арам!» – де Зәуреге. Көр де тұр, тырп ете алмайды, көнеді. Содан соң Зәуре біздің Ерланға тимей, кімге тимек?
Тәттігүл. Айналайын тәтетай-ай, қандай білгіш едіңіз? Болды-болды бітті шаруа. Қатырамын мен енді екеуін де.
Сырттан үйге Зәуре кіреді.
Зәуре (Балқияны көріп). Балқия апа, сәлематсыз ба?
Балқия. Ой, айналайын, амансың ба? Денсаулығың қалай? Оқу жақсы ма?
Зәуре (отырып). Жақсы.
Тәттігүл. Жақсысы сол, айттым ғой жаңа, қай-қайдағы бір жалаңаяқты тауып алып, айтқанға көнбей, әуреге салып тұр мені.
Зәуре. Мама, тағы...
Тәттігүл. Несі тағы?.. Балқия апаң әдейі келіп отыр.
Балқия. Зәуре шырағым, біздің саған бөтендігіміз жоқ, көпті көргенбіз, біразды білеміз. Саған жар табылады, әке-шешеңе адам табылмайды. Қыз сырдеске жерге барса – игі. Ондай адамдар – бізбіз.
Зәуре. Апа, мен сүйгеніме барамын.
Тәттігүл. Тәте-ау, міне, бар айтатыны – осы. «Сүйем-сүйем!» – дегеннен басқа сөз жоқ мұнда. Өстіп жұлқынып тұрған бір сұмдық әкесі екеуі. Қайтіп адам боламыз?
Балқия. Зәуре қарағым, бәріміз де қыз болғанбыз. Сүюдің не екенін байымызбен төсекке бір жатып тұрған соң барып білгенбіз. Осыдан «Ата-анамның тілін алайыншы», – деші, сол сәттен бастап біздің Ерланды сүйетін боласың.
Зәуре. Мына айтып тұрғаныңыз – азғынның тірлігі. Ал, мен – адаммын. Адамға алысқан қол айтқан серт болады.
Балқия. Ол рас қой. Бірақ, адамның анадан аяры болмайды.
Зәуре. Мен де анама мендегінің бәрін беремін. Сұраса, жаным да пида. Тек жалғыз ғана махаббатымды бере алмаймын. Махаббатсыз тірі өлік болып, сүлдерімді сүйретіп жүре алмаймын.
Тәттігүл (құшырланып). Міне, не айтып болады бұған?
Балқия. Зәуре, сен өзің сол махаббатты қалай түсінесің?
Зәуре. Түсінетін не бар? Ерланды сүйемін, бітті.
Тәттігүл. Міне, делқұлы болып қалған бұл тегі.
Балқия. Құры сүю махаббат емес. Ғашық болу, күйіп-жану – әншейін еріккеннің ермегі. Қыз Жібек, Баян сұлу ғашық болса, – баяғының, байдың қыздары. Ол заман кеткен келмеске. Қазір адам махаббатты емес, қайтсем қатарымның алды болам дегенді ойлайтын кез.
Зәуре. Мұныңыз – сезімсіз адамның сөзі, емшектегі баланы алдау.
Тәттігүл. Тәте-ау, алтын сөзіңізді қор қылмай-ақ қойыңыз бұған. Көрдіңіз бе бетбақтырмайды. Әбден ақылы толған, ырық бермейді жан адамға.
Балқия. Мейлі, ендеше, махабббат де, деме, ғашық бол, болма, қыздың пешенесіне әйел болу жазылған. Адам осы заманғы отбасы болуды ойлауы керек, махаббат деген қалған әлдеқашан.
Зәуре. Балқия апа, адам сезімі бұрынғы, қазіргі заман дегенді білмейді. Қоғамдық құрылыс құбыла берсін, мейлі, ал, махаббат – мәңгі. Ол – тұрақты, адамдар қонақтар биік тұғыр.
Балқия. Түу, шынында, бұл Зәуреге біздің әліміз жетпейді екен.
Тәттігүл. Жетеді. Сен қыз бар ма, сен қыз осыдан мына Балқия тәтемнің Ерланына тимесең, мен ақ сүтіме жүгінемін. Саған берген ақ сүтім – арам, кешпеймін... Ақ сүтім атсын сені!
Зәуре (еңіреп жылап жібереді). Ақ сүт!.. Ақ сүт!.. Бәрі... Ана да, ақ сүт те махаббаттан жаралған. Ана!.. Махаббат!.. Ақ сүтін пұлдаған ана... Жоқ... Айта алмаймын...
Зәуре жүгіре басып үйден шыға бере, есік көзінде маскүнем Ерланмен бетпе-бет келіп қалады?
Ерлан. Сәлематсың ба, Зәуре?
Зәуре (солқ етіп өксіп). Барыңызшы! Қандай адамсыз сіз өзі?
Ерлан (Зәуренің сөзін бөліп). Қандай адаммын, алқашпын, ішкішпін, айналайын!
Зәуре. Онда жүрмейсіз бе өз бетіңізше ішетінніңізді ішіп?! Біресе әкеңізді, біресе шешеңізді жұмсап, мазамды алып біттіңіз ғой тегі!
Ерлан (масаң күйінен сергіп). Зәуре айналайын, сен ренжіме маған! (Балқия мен Тәттігүлге қарап). Мыналар екен ғой сенің мазаңды алып жүрген. Сіздер, шешелер, біліп қойыңыздар, алқаштың әйелі болмайды. (Төс қалтасынан аузы ашылған бір шөлмек арақты суырып алады). Алқаштың махаббаты, сүйіктісі, міне, мынау. Біз мұны күндіз төс қалтамызға салып жүреміз, түнде құшақтап жатамыз. Сіздер құры босқа Зәуренің басын қатырмаңыздар. Зәуре, менің саған қылдай да қиянатым жоқ. Бара ғой, жігітің күтіп қалады. Көріп қалдым, далада жүр. Бақытты болыңдар!
Зәуре. Рахмет, аға! Сау бол, мама?
Зәуре кетеді.
Балқия (баласына дүрсе қоя береді). Әй, оңбаған, біздің Зәурені саған қосамыз деп қара терге түсіп жүргеніміз не, сенің мынауың не?
Ерлан. Мен айттым емес пе, құры босқа арам тер болмаңдар. Мен әзірше әйел алмаймын, алатын кезде ешкімнен сұрамаймын. Өнбейтін істі қойып, үйге жүріңіз, әйтпесе, кілтті беріңіз.
Балқия (кілтті беріп). Мә, бар-бар, арағыңды құшақта да жат.
Ерлан кілтті алып кетеді.
Тәттігүл. Тәте-ау, мына әңгіме не болып барады өзі?
Балқия. Не болсын, қызыңды бере бер тиетін байына.
Тәттігүл. Сіз өйтіп кергімеңіз. Беріктің баласына қызымды беріп, жер болатын жайым жоқ менің.
Балқия. Ей, не деп көкіп тұрсың сен өзің? Жер боласың ба, көр боласың ба, өз талайыңнан көр.
Тәттігүл. Өз талайым емес, мені осы пәленің бәріне ұрындырған сізсіз.
Балқия. Құдай-ау, мынау не деп тұр? Жазығымыз Оспанға қосып, оны да, сені де адам қылғанымыз ба? Ұмытқан екенсің оның бәрін.
Тәттігүл. Жоқ, ұмытқаным жоқ. Сіз – әзәзілсіз. Мен Берікті күтетін едім, сіз азғырып, басқа жолға түсіргенсіз.
Балқия. Не, сен сонда Оспанға тигеніңе өкінесің бе?
Тәттігүл. Ол – басқа әңгіме.
Балқия. Неге басқа әңгіме? Оспандай-ақ байы болсын әрбір әйелдің.
Тәттігүл. Оныңыз дұрыс.
Балқия. Ендеше, неменеге аузыңа келгенді айтып тұрсың?
Тәттігүл. Оспан – қуанышым, бақытым, Берік – өкінішім, мұңым. Мені осындай екі пара хәлге душар еткен сізсіз. Енді осы күйге қызымды түсіре жаздапсыз.
Балқия. Ойбай-ау, мынау не дейді-ей! Ат кекілін кесісетін адамның сөзі ғой мынау!
Тәттігүл. Қалай түсінсеңіз, солай түсініңіз.
Балқия. Онда мен кеттім, бетіңді көрмеймін енді сенің! Бұдан былай еш жақсылық күтпе бізден.
Тәттігүл. Бара беріңіз. Сіз Тәттігүлді білмейді екенсіз әлі. Маған десеңдер, Әлім екеуің тіреп тұрған аспандарыңды тастап жіберіңдер. Байымнан да, қызымнан да аулақ жүріңдер. Мен қызымды бақытсыз қыла алмаймын. Сүйгеніне қосылмаған адам – жарты көңіл, жарым жан.
Балқия. Опасыз! Сен Оспанды емес, Берікті сүйеді екенсің.
Тәттігүл. Сізге ондай асқақ сезім жат. Сіз махаббатты төсек деп білесіз.
Балқия. Сендерді құрту керек екен. Қап, Әлімді бекер тоқтатқан екенмін.
Тәттігүл. Айттым ғой, аямаңдар. Қызым сүйгеніне қосылсын, басқа түктің керегі жоқ маған. Мен көрген мына азапты қызым көрмесін.
Балқия (қалтасынан бір буда ақша алып, шашып жібереді). Мә, етігіңнің ақшасы. Өткенің осы шығар, ал!
Тәттігүл. Солай ма екен?!
Балқия. Солай! Осыдан көр де тұр, «тәтелетіп» жорғалатып қоймасам ба, қап!
Тәттігүл. Көрдік қолдарыңнан келгенді!
Балқия. Көресіңдер! Көрсетеміз!
Тәттігүл. Тапқан екенсіңдер қорқатын адамды. Одан да ана ақшаңды жинап ал! Біліп қой, Тәттігүл бір бергенін қайтып алмайды.
Балқия. Алмай қайда барасың, аласың. Алмасаң, жатсын өстіп дода-дода болып!
Тәттігүл. Жатса, жатсын!
Балқия. Онда отыр шашылған ақшаның ортасында.
Тәттігүл. Бұл шашылған ақша – екеуміздің төгілген арымыз. Мен жинамаймын, көрсін үйге келгендер. Соларға айтамын мұның қандай ақша екенін.
Балқия (шошып). Шын айта ма?
Тәттігүл (міз бақпай). Шын айтам. Әлім жездеме берген парам еді деймін мұны.
Балқия. Пара емей-ақ сыйламап па едің өзің ол етікті?
Тәттігүл. Пара сыйлық түрінде де беріледі.
Балқия. Қойшы құрысын. Онда мен мұның көзін құртайын дереу. (Балқия ақшаны тез жинап, қалтасына салып алады). Ал, енді неңді айтар екенсің? Кеттім!
Балқия кетеді.
Тәттігүл (Ба лқия шыққан есікке қарап тұрып). Бар. Сол керек саған! Сенің маскүнем балаңа қыз қайда? (Ойлаып қалады). Берікті қайттім, құдай-ау! Шындықты жасырмай айтсам, Оспан түсінер ме? Ой, айналайын өмір-ай, біз, адамдар қанша құйтырқы болғымыз келгенімен, сен өз шындығыңды алға тартады екенсің-ау! Қанша тайсақтамайық, шындық – біреу. Оны тек мойындау керек. Мен де сөйтемін, Оспанға бәрін жасырмай айтамын.
Оспан келеді.
Оспан (көңілді). Біз келдік. Қане, не тамағың бар?
Тәттігүл. Түк те жоқ. Әркіммен бір арпалысамын деп жүріп, ештеңе дайындай алмадым.
Оспан. Әлі Зәуренің әңгімесі ме? Тәттігүл, соны жақсы атпен қоя-ақ қойсаңшы.
Тәттігүл. Қоймаймын! Қызың ойнақтаймын деп жүріп от басыпты: Ерланның әкесі сенің қас жауың екен!
Оспан. Қайдағы жау? Сен абайлап сөйле, жау деген ауыр сөз.
Тәттігүл. Білемін. Ерланның әкесі – Берік менің қыз кезімде сүйген жігітім болса, жауың емей, кімің?
Оспан. Ешкімім де емес.
Тәттігүл. Ойбай-ау, мен Берікке тигенде, Ерлан менің балам болатын еді ғой. Оған Зәурені қалай береміз?
Оспан (ашуланып). Тәттігүл, сенің осыдан басқа ісің құрып қалды ма? Демалып-демалып алып кірісесің келіп. Бүйтерің бар, басында неге тимедің, сол Берігіңе?
Тәттігүл. Сені сүйдім.
Оспан. Енді не қыл дейсің? Зәуре де Ерланды сүйеді.
Тәттігүл. Сүйсін. Бірақ мен Берікпен құда бола алмаймын. Өлім ғой бұл, құдай-ау, өлім. Ешкімге керек емес екенмін мен!
Оспан. Адам бол, керексің бәрімізге.
Тәттігүл. Адам болу – Зәурені Беріктің баласына беру ме сонда?
Оспан. Адам блу – өмірдің басты мәнін ұғу.
Тәттігүл. Ол не сонда?
Оспан. Ол – дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деп білу.
Тәттігүл. Рас айтасың. Сонда да екеуіңнің бас қосып, қатар тұрғаныңды көруге дәтім шыдамайды менің?
Оспан. Неге?
Тәттігүл. Білмеймін.
Оспан. Сен Берікті әлі сүйеді екенсің.
Тәттігүл. Жоқ, мен сені сүйемін. Екеуміздің махаббатымызға шаң жуымасын дегенім ғой – бұл.
Оспан. Ал, өзің келіп балалардың махаббатына жармасасың.
Тәттігүл. Иә, сөйттім...
Зәуре келеді.
Зәуре (әке-шешесінің қас-қабағынан әңгіме райын байқап). Мама, мені әлі саудаға салып жатырсыз ба?
Тәттігүл. Не қылған сауда? Сенің, бәріміздің тағдырымыз туралы әңгіме – бұл.
Зәуре. Мен – өз тағдырыма өзім қожамын.
Тәттігүл. Қожа!.. Ата-ананың тілін алмайтын не қылған қожа ол?! Әбден бетіңмен кеткен екенсің сен, қызым.
Зәуре. Мама, мен енді сізбен сөйлеспеймін. Папа, сіз кешіріңіз, мен бақытымды таптым, Ерлан екеуміз қосылайық деп ұйғардық. Оның әке-шешесі де келісіп отыр. Сіз маған рұқсатыңызды беріңіз! Осы қазір кетем, далада Ерлан күтіп тұр.
Оспан. Зәуре, рұқсат айналайын! Тек Ерланды шақырып келші, айтатын жалғыз ауыз ғана сөзім бар.
Зәуре барып, Ерланды ертіп кіреді. Ерлан ұялып, аузы жыбырлап қана амандасады.
Зәуре. Папа, Ерлан дайын сіздің сөзіңізді тыңдауға.
Оспан. Ерлан, мен тірі жүрсем, Зәуре – сенікі. Зәуре менің жалғыз перзентім, енді сенімен екеу боласыңдар! Ата жолымен ұзатайық, сәл шыдаңдар! Тәттігүл мамаң да сен екеуіңнің қосылуыңа қарсы емес, мұны торсаңдатып жүрген басқа бір себеп, оны сендер білмей-ақ қойыңдар.
Ерлан. Папам мен мама келеміз деп жатыр, құда түсеміз дейді.
Оспан. Келсін. Құда түссін. Содан кейін екеуіңе жол ашық. Ал, қазір Зәуренің бөлмесіне барыңдар, музыка тыңдаңдар.
Ерлан мен Зәуре басқа бөлмеге кетеді.
Тәттігүл. Ал, не істедік енді?
Оспан. Не істейтіні бар, той қамына кірісу керек.
Тәттігүл (Оспанды құшақтап сүйіп). Мейлі ендігі балаң тілімізді алатын болады.
Оспан (қуанып). Рас па, Тәтті?
Тәттігүл. Рас, мен енді ұл туамын. Оны қазақша оқытып, Зәуре алмаған тілімді алғызамын.
Оспан. О-о, менің балам – мұрагерім болады. Сен – ғажап әйелсің, Тәтті!
Тәттігүл. Қара томпағым менің! Қалай шыдап жүргенсің сен осы уақытқа дейін?!
Оспан. Сүйгендіктен!
Тәттігүл. Қандай құдірет едің сен, махаббат!
Оспан. Тәтті, біз оны ешуақыт Зәуре құсатып шөре-шөреге салмайықшы!
Тәттігүл. Зәуренің өзі ғой, тілімізді алмай, әуреге түсірген.
Оспан. Енді қайтсін, біз өзіміз оны шыр-пыр қылған.
Тәттігүл. Иә, десеңші, апыр-ау, балалардың махаббатында неміз бар еді?
Оспан. Соны айт!
Тәттігүл. Құдайым-ай, елдің басын аямай-ақ қатырған екенмін мен. Осының бәрі кімге керек еді?
Оспан. Оны Әлімнің Ерлны айтқан жоқ па еді, бұл – жастарға емес, бізге, ересектерге керек әңгіме.
Тәттігүл. Мүмкін.
Оспан. Мүмкінің не, шындық – бұл!
ШЫМЫЛДЫҚ
СӘЛІМ-СӘЛИМА
(Екі бөлімді, төрт көріністі драма)
Қатысатындар:
Сәлім – отставкадағы полковник
Сәлима – зейнеткер әйел
Қайрат – Сәлиманың баласы
Фатима – Қайраттың әйелі
Владимир – Сәлімнің баласы, лейтенант
Тергеуші – милиция лейтенанты
БІРІНШІ БӨЛІМ
Бірінші көрініс
ЖАЗ АЙЫ
Күн ауған. Бесін әлеті. Қалалық парктің дәл ортасындағы шағын алаңқай.
Ортадағы кішігірім әуізді айналдыра қойылған орындықтың бергі шетіндегісінде Сәлима отыр. Бетіне әлі әжім түсе қоймаған, келбетті, осы заманғы, зейнетке жаңа шыққан әйел. Жүзі сынық, қайғысы бар екені байқалады.
Полковник шеніндегі Сәлім шығады. Ой құшағында отырған Сәлимаға біраз қарап тұрып қалады.
Сәлім (қуанып кетіп). Сәлима!
Сәлима (жалт қарап). Сәлім! Сенсің бе?
Сәлім. Сәлима! Қалай өзгеріп кеткенсің?
Сәлима. Қартайдық. Өзгердік. Ал, сен өзгермепсің, сол баяғы – жіптіктей жігіт қалпың.
Сәлім. Не қылған, маған қарағанда сен әлдеқайда жас болып көрінесің.
Сәлима (жымиып). Көңіліңді құдай көтерсін! «Өзгеріп кетіпсің», – дегеніңді қалай ұқтық?
Сәлім. Оным – қыз күніңді іздегенім.
Сәлима. Қыз күн қайда, тым алыста қалды ғой.
Сәлім. Сені қайдам, маған сенің қыз, менің бала болғанымыз күні кеше сияқты. Сол аяулы күндер қаз қалпында көз алдымнан бір кеткен емес.
Сәлима. Мүмкін. Қазақшаны ұмытпапсың.
Сәлім (толқып). Қайтіп ұмытайын анам тілін?! Мен – күндіз өңімде орысша, түнде – түсымде қазақша сөйлеп өмір сүрген адаммын. Адамға бұдан асқан азап жоқ, білсең, Сәлима! Өз отбасыңда жан баласы сенің тіліңді білмегені, бір ауыз тіл қата алмағаны – қайғының ең үлкені.
Сәлима. Түсінемін. Сол ғой жүдеткен, өйтпесе, әскери адам не қорлық көрсін?
Сәлім. Қызметті қайтеміз, жөндеп амандасып алайық алдымен.
Сәлима (жанынан орын ұсынып). Иә, сөйтейік. Кел, отыр.
Сәлім (отырып). Ал, қане, жөн сұрасайықшы, мұнда қайдан отырсың? Ауылда, Кербұлақта емес пе едің?
Сәлима. Жоқ, осындамын. Зейнеткермін. Зейнетке шығардан біраз бұрын облыстық мәдениет басқармасына бастық болып келгенмін. Өзің қайдан жүрсің?
Сәлім. Мен отставкаға шыққамын. Соқа басымды сүйретіп келдім елге. Қонақ үйде жатырмын. «Кішкентай да болса, бір қуыс бер», – деп әкімдердің есігін тоздырып жүрген жай бар. Осы қазір де біраз сандалып келіп, дамылдап отырайын деп паркке шыққан бетім.
Сәлима. Соқа басымың қалай? «Әйелі, бала-шағасы бар», – деуші еді ғой ел, оларың қайда?
Сәлім. Қалды өздерінің елінде.
Сәлима. Иә, әйелің орыс деп естігенмін.
Сәлім. Өмір солай – әскери қазақтардың бәрінің дерлік әйелі орыс немесе басқа ұлттан. Ұшарын – жер, қонарын сай білген әскери қызметшіні қайтсін қазақ қыздары. Соның бірі – сенсің. Кластастарымыздың бәрі: «Сәлім-Сәлима», – деуші еді ғой бізді. Әттең, ол жорамал сол сөз күйінде қалды, біз жұп құра алмадық!..
Сәлима (қабағын шытып). Сәлім, ескі жараның аузын тырнап қайтеміз қартайғанда?
Сәлім. Сәлима, ол аузы ешқашан қатпайтын жара болса ше?
Сәлима. Мейлі. Бәрі өтті, кетті.
Сәлім. Өткен жоқ, өзек өртеген өкініші өрши түседі қайта.
Сәлима (күрсініп). Рас айтасың. Сәлім, білсең, менің өкінішім, қайғым сенікінен аз емес. Байсыз, баласыз, сыртым – бүтін, ішім – түтін күн кешіп келемін мен бейбақ.
Сәлім. Балаң бар емес пе еді?
Сәлима. Бар. Інім мен келінім машина апатынан қайтыс болған. Екеуі баласын өздері тірі кездерінде, емшектен шығысымен, бауырыма салған. Өз өзегіңді жарып шықпаған бала қайбір...
Сәлім (Сәлиманың сөзін бөліп). Түсіндім, Әй, Сәлимаш! Айтшы, екеуміздің еншіміз осы ма еді? Қай-да-а-а!
Сәлима. Мен де өкінемін, бірақ амал қайсы?!
Сәлім. Күйік қой – бұл күйік!
Құрбым, сол бір өткен күнді еске алдым.
Көз алдымнан кетпей қойды еш қалпың.
Махаббаттың тәтті күйін шерткенде
Деп едің-ау мұңайып сен: «Кеш қалдың!».
Бір ақын өстіп жырлап, жылаған екен. Мен де дәл сондай шерлі күй кештім. Маған әлі жұмбақ, неге тайдың сен сонда серттен?
Сәлима. Мен оны саған бұрын да айта алмағанмын. Қазір де айта алмаймын.
Сәлім. Бұрын мен қазір тең бе? Бұрын үдеп тұратын едік, қазір жүдеп тұратын болдық. Беттің қытығы азайып, көңілдің ынтығы кеміген. Көн тері, сүйреткіміз бәріне көнген. Енді жараланар жүрек жоқ, жалыны сөнген. Білейін, айтшы, не болды өзі сонда?
Сәлима. Сен мүлде кешігіп келдің!
Сәлім. Солай ма?
Сәлима (сәл бөгеліп барып). Солай! Сен кешігіп жүргенде мен сорлап қалғанмын.
Сәлім. Қап! Сен мұны неге айтпадың маған?
Сәлима. Сен онда жалындаған жас лейтенант едің. Аспан – алақаныңда, Алатау – аласа болатын, өрекпіп тұрғансың. Шындықты айтсам, сен бір нәрсені бүлдіріп жүрерсің деп қорықтым. Білесің етті, мен сені өлердей аядым! Қайтейін, амалым жоқ, «Кеш қалдың!» – деуден басқаға тілім келмеді. Соным жөн болыпты, сен тулап-тулап ұрынарға қара таппадың да әскеріңе кете бардың. Мен жастығымды көз жасыма көміп қала бердім. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды.
Сәлім. Айтуың керек еді, түсінетін едім.
Сәлима. Мүмкін. Бірақ мен өзімді түсіне алмадым. Әбиірі жоқ қыз – тот басқан қара бақыр дедім.
Сәлім. Саған қиянат қылған кім сонда?
Сәлима. Базарбаев.
Сәлім. Қой! Ол аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы емес пе еді?
Сәлима. Бірінші болатын.
Сәлім. Сен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысысың.
Сәлима. Иә.
Сәлім (кекесінмен). Комсомол – партияның қолқанаты, ізбасары.
Сәлима. Екінің бірі айтатын сөз еді ғой бұл. Мен де есепсіз айтқанмын. Істейтініміз басқа болушы еді бірақ.
Сәлім. «Сөз бен істің бірлігі үшін күресейік!» – деген ұранды аяққа басқан екенсіңдер де.
Сәлима. Ұранды қойшы сол! Оны әркім өз қалауынша құрастырып ала қоюшы еді ғой. Ұранға келгенде Базарбаевтан жүйрік адам болмайтын. Керемет шешен кісі еді, сөздің майын тамызатын.
Сәлім. Тіліне алданып қалған екенсің ғой. Партияның қолқанаты емес, қабырғасы болыпсың.
Сәлима. Сөйттім. Меніңше, ол арбаса, әйел тұрмақ еркектің өзі қарсы келе алмас, көнер.
Сәлім (күліп). Мәс-саған, безгелдек!
Сәлима. Күлме. Шын айтам, ол аудандағы беті жылтыраған әйел атаулыны қойған жоқ. Керемет айлакер екен, сұлу әйелдің алдымен қызметін өсіріп, көңілін көтеріп, көлкілдетіп қоятын. Содан соң ары итеріп, бері жығу басталатын. Кіріптар қылып кіртитетін де, жақсылық жасап жадырататын да өзі. Тағдыр-таланымыз қолында, жақсылық жасаушы, жарылқаушы сол, ал, біз қарыздармыз. Әйел байқұс қарызын немен өтемек?!
Достарыңызбен бөлісу: |