Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары



бет6/34
Дата21.07.2017
өлшемі5,93 Mb.
#21827
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34

Оспан. Адам тағдыры ойыншық емес. Қатар-құрбысымен ойнап-күліп еңбек етіп жүрген баладан айналу керек. Оның үстіне қазір ондай мәселені бастық емес, ұжым шешеді.

Тәттігүл. Сонда ата-анасы баласына тілін алғыза алмайтын, бастықтың өз бағыныштысына әлі келмейтін мұның қандай заман болғаны?

Оспан. Еркіндік дейді мұны.

Тәттігүл. Өйткен еркіндігі құрысын. Өйтіп еркіндік деп едірейткенше, ауа жайылу десейші мұны.

Оспан. Қой, сонша шала бүлініп не болды саған?

Тәттігүл. Не болсын, қыз бақытты болса екен деймін мен бар болғаны.

Оспан. Сонда бақытты болу – сүйгеніне қоспау ма?

Тәттігүл. Оспан, сен әлі көп нәрсені түсінбейді екенсің?

Оспан. Түсінетін түк те жоқ мұнда.

Тәттігүл. Бар. Басқасын былай қойғанда, қыздың бар жерге барғаны жақсы емес пе ата-анаға?

Оспан. Жақсы емес. Жастарға қиянат жасау, дүниеқоңыз бол деу неге керек. Өзің айтшы, екеуміз үйленгенде екі чемоданнан басқа неміз бар еді?

Тәттігүл. Түк те жоқ болатын.

Оспан. Енді не қыл дейсің? Еңбекпен табылған мал – баянды.

Тәттігүл. Ол рас. Бірақ Зәуре баршылыққа үйренген қыз ғой. Әлім жездеме келін болғаны дұрыс.

Оспан. Тәттігүл, сен енді езгілей берме. Екі жасқа керегі – өз дегені, оған араласу – армандарын аяққа басу.

Тәттігүл. Әлім жездемді қайтеміз? Саған соның зияны тиіп кетіп жүре ме деп қорқамын. Менің бар ойлайтыным – Зәуре екеуіңнің қамың емес пе, құдайым-ау!

Оспан. Қорықпай-ақ қой. Ол – пара жеуден басқаны білмейтін адам. Жаңа айттым ғой, оның немен айналысатынын. Біз сияқты мемлекеттік ұйым, мекемелерді ұмытқан. Бізге оның қамқорлығы жоқ, билігі жүрмейді.

Тәттігүл. Сонда да.

Оспан. Ендеше сонда да, мұнда да жоқ.

Тәттігүл. Дегенмен...

Оспан. Өмірдің өз заңымен болатын нәрсеге бола өзеуреудің қажеті қанша екен? Қыз бойжеткен екен, теңі кезіксін. «Теңі табылса, тегін бер» – деген сөз босқа айтылмаған. Әлімнің баласы Зәуренің теңі емес, көп үлкен.

Тәттігүл (күмілжіп). Қайдам?.. Қосылып, көңілдері жарасып кетсе, ғажап емес, жас айырмашылығы түк те етпейді.

Оспан. Тәттігүл, өз қызымызды өзіміз тәлкекке салғанымыз қай сасқанымыз осы? Жақсы атпен қоялық бұл әңгімені.

Тәттігүл. Қойсақ, қоялық. Тоқта... Тағы да бір ойланып көрейік. Қайдам, әйтеуір көңілім біртүрлі орнықпайтын тәрізді. Мен білсем, Әлім жездем бір жауыздық жасамай қоймайды саған.

Оспан. Қанша айтамын, маған десе, тіреп тұрған аспанын тастап жіберсін. Әлім емес, құдайдың көзі түзу болсын де.

Тәттігүл. Жарайды, айтқаның болсын! (Оспанды құшақтап сүйіп алып). Папуасигім менің! Мен сені қалай сүйемін десеңші! Жаным, өлердей сүйемін!

Оспан. Иә, мұныңа жөн болсын!

Тәттігүл. Оспан, бала көтергім келеді. Ол махаббаттан жаралады.

Оспан (күліп). Басында айтқанда көндің бе?

Тәттігүл. Ақымақ болыппын. Балқияның: «Бір бала көтеру – мода» дегеніне иланамын деп құдай атыпты. Сол-ақ бұзып бітті мені.

Оспан. Енді кеш емес пе?

Тәттігүл. Кеш емес, әйел қырқына дейін көтереді баланы, мен отыз сегіздемін. Оспан, айтшы махаббат дегеніміз не?

Оспан. Сүю.

Тәттігүл. Махаббат – ерлі-байлы адамның арасындағы таусылмайтын ұзақ әңгіме.

Оспан. Қызық екен. Оны қалай түсінеміз

Тәттігүл. Түсінетін не бар? (Оспанның бауырына тығылып). Былай түсінесің. Құшақташы! Сүйші! Махаббатым менің!

Оспан. Қой енді, біреу келіп қалса, ұят болады.
Зәуре кіреді.
Зәуре (көңілді). Қайырлы кеш, папа, мама! Мен сіздердің, жоқ, мама, сіздің тілегіңізді орындадым, Ерланды ертіп келдім.

Тәттігүл (қуанып). Қане, қайда?

Зәуре. Осында. Кіруге ұялып тұр.

Тәттігүл. Қой, ұялғаны несі, кірсін. Кіргіз.
Зәуре сыртқа шығып кетіп, Ерланды ертіп кіреді.
Ерлан. Сәлематсыз ба, Оспан Сандыбаевич?

Оспан. Сәлематсың ба, Ерлан?

Тәттігүл. Сәлемат па, айналайын. Кел, келе ғой.

Зәуре. Папа, мама, танысып қойыңыздар, ұлты – қазақ, аты – Ерлан, кәсібі – құрылысшы, біздің институтта сырттай оқиды. Әлеуметтік тегі – шаруа, ауылдың баласы, мінезі – ұялшақ.

Тәттігүл. Зәуре, қой, қай-қайдағыны айтқаны несі?

Зәуре. Мама, бұл – сіздің тілегіңіз.

Оспан. Төрлет, қарағым.

Зәуре. Ерлан асығыс. Ауылдағы папасы мен мамасы келген екен, соған кетіп бара жатыр. Мама, Ерланды сізге бір көрсетейін деп, зорға көндірдім, жақсылап қарап алыңыз.

Тәттігүл (қысылған болып). Көрдік.

Зәуре. Әбден жақсылап көріңіз.

Тәттігүл. Көрдім-көрдім.

Зәуре. Көрсеңіз, айтыңыз, Ерлен сізге ұнады ма, жоқ па?

Тәттігүл. Ұнады.

Зәуре. Онда болды. Ерлан, жүр, шығарып салайын.

Ерлан. Сау болыңыздар!

Оспан. Сау бол!

Тәттігүл. Ерлан, енді ұялма, келіп тұр үйге.

Зәуре. Келеді, күнде келеді.
Ерлан мен Зәуре кетеді.
Оспан. Ал, көріп тындың ба болашақ күйеу балаңды?

Тәттігүл. Тындым. Әдемі, адам болайын деп тұрған бала екен. Бір түрлі жүрекке жылы, сүйкімді. Бәсе, Зәуре маған тартса, жігіттің сұлтанымен жүреді демеп пе едім?!

Оспан. Енді не айтпақсың? Біздің құрылысшы жігіттер шетінен осындай, сайдың тасындай.

Тәттігүл. Не дейін, бәрі дұрыс деймін.

Оспан. Міне, ендеше бәрі жөніне келді.
Зәуре келеді.
Тәттігүл. Қызым, жылдам келіп қалдың ғой.

Зәуре. Айттым ғой, Ерлан асығыс.

Оспан. Қой, енді демалайық.
Оспан өз бөлмесіне кетеді.
Тәттігүл. Жарайсың, қызым! Ерлан аяулы бала екен.

Зәуре. Көрдіңіз бе, босқа байбаламдап, елді де, өзіңізді де әуреге салмақ болдыңыз.

Тәттігүл. Құдайым ұзағынан сүйіндірсін енді!

Зәуре. Ой, мама, қызықсыз сіз. Бүйтіп тұрмыс құрған кезде айтпайтын ба еді?

Тәттігүл. Үйленбегенде не істейсіңдер енді?

Зәуре. Қайда асығамыз?

Тәттігүл. Кәрі қыздың бәрі – сол қайда асығамыздың жемісі. Бойжеткен қыз – піскен алма. Дер кезінде үзу керек.

Зәуре (күліп). Шын шығар, бірақ сіз тым анайы етіп жібердіңіз.

Тәттігүл. Анайы болдың не, сыпайы болдың не, қыз бен жігіт жүрген екен, үйленуі керек. Қалғанының бәрі – бос әурешілік.

Зәуре. Уақыт көрсетер.

Тәттігүл. Мен не айтып тұрмын, уақыт – қыз атаулының жауы. Үй болып алып барып есептеу керек уақытты.

Зәуре. Мама, жастардың өзіне де қалдыру керек шығар біраз проблеманы. Біздің бірлі-жарым нәрсеге бас ауыртқанымыз жөн шығар.

Тәттігүл. Ауыртасың әлі. Әуелі байың, балаң болсыншы, бас ауыртқанның көкесін көресің сонда.

Зәуре. Мама, сіз махаббатты прозаға айналдырып бара жатырсыз. Ал, ол – поэзия, ән.

Тәттігүл. Үйрет-үйрет шешеңді. Ендігінің баласының үлкенмен ерегісе туатыны ешкімге таң емес.

Зәуре. Ой, мама, сіз баласың тура! (Шешесін құшақтап сүйіп). Мамам менің, мен сізді қалай сүйемін десеңізші!

Тәттігүл (Зәурені сүйіп). Қызым менің, кішкентай ақылдым!

Зәуре. Әне, өзіңіз кішкентай дейсіз, өзіңіз асықтырасыз.

Тәттігүл. Асықтырмаймын, қойдым бәрін.

Зәуре. Егер бүйте берсеңіз, Ерлан екеуміз қосыла саламыз. Әуелім Ерлан: «Ақыры келген екен, әке-шешем саған құда түссе қайтеді?» – деді жаңа.

Тәттігүл. Сен не дедің?

Зәуре. Қайдам дедім.

Тәттігүл. Онда ертең Ерланға айт, әке-шешесі келсін, құда түссін. Көрейік, бас-аяғы әжептеуір адамдар болса, рұқсатымызды берейік.

Зәуре. Мама, сіз Ерланның папасын тануыңыз да мүмкін. Ол кісі осы қалада туып, өсіпті.

Тәттігүл. Аты кім екен?!

Зәуре. Берік.

Тәттігүл. Ол қай Берік болды екен, а? Тоқташы, Ерланның фамилиясы кім өзі?

Зәуре. Оразбаев.

Тәттігүл (селк ете қалады). Қызым, бұл дүниеден байсыз өтсең де тимейсің сен Беріктің баласына!

Зәуре. Сіз қызықсыз, мама! Аяқ астынан құбылғаныңыз қайткеніңіз?

Тәттігүл. Сөйткенім.

Зәуре. Қайырлы түн, мама! Мен кеттім, жатамын, ұйқым келді.

Тәттігүл. Тоқта, сөз тыңда!

Зәуре. Сіз мен тыңдайтын сөз айтып тұрған жоқсыз. Мен түсіне алмадым бүгін сізді.
Кетеді.
Тәттігүл. Бар-бар, жат. Бүгін тыныш ұйықта, ертең бәрін түсінесің. Әкең де, бәрің де түсінесіңдер.
ЕКІНШІ БӨЛІМ

Төртінші көрініс



Қонақ үйінің екі бөлмелі люксі.

Оның залында Берік пен Аманғайша терлеп-тепшіп шәй ішіп отыр.
Берік (тоқ пейілмен). Бір көрсем, деп жүруші едің, міне, енді реті келді. Менің кіші Отаным – осы.

Аманғайша (сергек). Өте әдемі қала екен.

Берік. Иә, көркейіп кетіпті.

Аманғайша. Келешегі бар жер екен.

Берік. Дәл тауып айттың. Көресің, бұдан да көркейе түседі бұл қала.

Аманғайша. Айналайын Ерлан өсер өрісін тауып келген екен ғой.

Берік. Ұшар қанатқа аспан ашық қазір. Шіркін, жастығым қайта айналып бір келмейді-ау, келсе, мен де елмен бірге осы қаланың еңсесін көтерісер едім.

Аманғайша. Мен де сенің жаныңнан табылар едім, жоқ мені ертпейсің бе?

Берік. Неге?

Аманғайша. Кім біледі, бұрынғы біреуіңді тауып алатын шығарсың.

Берік. Не, тауып алсам, қызғанамысың?

Аманғайша. Қызғанбағанда ше?

Берік. Мас-қа-ра! Қартайғанда...

Аманғайша. Несі масқара? Керек болса, өле-өлгенше қызғанамын. Егер сенен бұрын өлсем, көрде де қарап жата алмаймын.

Берік. Қой, мұнысы несі тағы?

Аманғайша. Менің сенен сұрайтын бір-ақ тілегім бар, мен өлгенде әйел алмашы.

Берік. Қой, сен шындап барасың ғой.

Аманғайша. Рас айтамын. Шыным – сол.

Берік. Неліктен айтып тұрсың мұны?

Аманғайша. Сүйгендіктен.

Берік. Қайран махаббат-ай, жастың да, кәрінің де аузынан түспе!

Аманғайша. Сен сөйтесің үнемі, бірдеңе айтса, күлкіге айналдырасың. Мейлі, бір түсінерсің әйтеуір махаббаттың не екенін.

Берік. Әлдеқашан түсінгенмін. Сені алғаш көрген сәтте-ақ түсінгенмін.

Аманғайша. Мен де.

Берік. Бұл бос сөзді қояйық, кемпірім. Балаң қай уақытта келемін деп еді, одан да соған қам қылайық.

Аманғайша. Сөйтейік. Кешке жұмыстан соң келеді, қасымда Зәуре де болады деген. Қой, мен магазин аралап, оны-мұны алып келейін.

Берік. Сөйт.
Аманғайша кетеді.

Берік тұрып барып, репродуктордың құлағын бұрайды. Одан әдемі ән төгіліп қоя береді.
Жүрмін сені, туған жер, бастан аңсап,

Тастап кетсем, аяқты басқам жаңсақ.

Аңсағанда өзіңді, атамекен,

Жұбанғанмен сен жайлы асқақ ән сап.


Қайырмасы:
Көшеңде қалған қала,

Балағым, жастығым.

Сен үшін болып алаң,

Түн өтіп, асты күн.

Ұлыңа болма нала,

Құшағыңды аш бүгін.


Өзіңде қауыз ашқан гүл өпкем-ді,

Арман алыс, мақсат кеп күн өткен-ді.

Басқалық болғаннан соң махаббатым,

Лағып кеткем күйттеп күнелткенді.


Қайырмасы:
Шіркін, гүл-қыз, сен едің айтар әнім,

Болмадың махаббаттың байқар мәнін.

Кездесе қалсаң егер осы сапар,

Қалар ма екен ауылға қайтар әлім?


Қайырмасы:
Ән аяқталды. Біреу есік қағады. Берік өң мен түсті ажырата алмас хәлде басын көтереді. Есік қаттырақ қағылады.
Берік (сергіп). Да. Есік ашық. Кіріңіз.
Тәттігүл кіреді.
Тәттігүл. Не күткен жоқ па едің?

Берік (абдырап). Тәттігүл! Кел-кел! Сәлематсың ба?

Тәттігүл. Берік, сен өйтіп елпілдемей-ақ қой. Одан да айтшы, не іздеп келіп жүрсің сен бұл қалаға?

Берік. Тәттігүл, бұл қай айтқаның? Туған жерім, келемін, онда тұрған не бар?

Тәттігүл. Туған жерім! Кетіп едің ғой тентіреп басың ауған жаққа, енді балаңды жіберіпсің қаңғытып. Сол шақыртқан ғой.

Берік. Қалай-қалай сөйлейтін болғансың сен, Тәттігүл? Мен өмірдегі өз жолымды тапқанмын, балам да қаңғып емес, қанаттанып келіп отыр.

Тәттігүл. Бұлардың бәрінің айтатынын қанат екен. Қанаты қатты болса, ұша берсін ауылыңа барып. Біреудің отбасына лаң салмай кетсін, Зәуреден аулақ жүрсін.

Берік. Зәуре!

Тәттігүл. Неменеге үнің өшіп қалды? Енді білдің бе, Зәуре – менің қызым. Балаңа айт, аспандағы айға қолын созбасын!

Берік. Жоқ, айта алман. Оны өздерінің жүректері айтар.

Тәттігүл. Айт-айтпа – бәрібір, менің қызым сенің балаңа тимейді.

Берік. Қалай өмір сүретінін, кімді сүйетінін балалар сені мен менен сұрар ма екен?

Тәттігүл. Олардың сұрағаны неге керек, біз сұраймыз, жөн сілтейміз. Менің қызым сенің балаң сияқты бетімен кеткен жоқ, тыңдайды.

Берік. Сүйіскен екі жасқа ақылшы – артық. Олар бас иетін күш – махаббат.

Тәттігүл (кекетіп). Махаб-бат! Бұрын да аузыңнан осы сөз түспеуші еді, әлі сол екенсің ғой. Махаббат – нем ол, бақыт керек адамға.

Берік. Махаббат-махаббат. Бақыт – әне сол.

Тәттігүл. Ата-ананың айтқан ақылына көнуден асқан балаға бақыт та, махаббат та жоқ.

Берік. Кім қалай ойлайды, еркі. Мен – баламның өзі біледі деген адаммын.

Тәттігүл. Мен – қызымды өзім діттеген жерге беремін деген адаммын. Балаңа айт: жолымызға кесе-көлденең тұрмасын.

Берік. Айттым емес пе, мен балалардың шаруасына араласпаймын, не істейтінін өздері біледі.

Тәттігүл. Мен де айттым, сендей емес, әжептеуір адамның баласына беремін мен қызымды.

Берік. Тәттігүл, шынымен-ақ сен осындай адам болғаның ба?! Аяймын мен сені!

Тәттігүл. Ө-ө, шикін! Өзіңді, балаңды ая. Өзіңнің қолың маған жетпеген, балаңның қолы қызыма жетпейді.

Берік (қабағын шытып). Жарар! Намысқа тиетін сөздің қажеті қанша екен адамға? Әттеген-ай, сен екеуміз мұндай сөзге бармасақ керек еді!

Тәттігүл (мүләйімсіп). Берік, рас мен кінәлімін. Сен әскерден келгенше күте алмадым. Кешір! Бір кездегі мөлдір махаббатымыз үшін сұраймын: «Қой!» – деші балаңа.

Берік. Жоқ, махаббатқа адалдық – адамшылықтың шыңы. Балам адал екен, айныту – азғындату.

Тәттігүл. Берік, ағатай, аяғыңа жығылайын, осы тілегімді орындашы! Сен екеуміз қайтіп құда-құдағи боламыз? Менің күйеуім мен сенің әйеліңнің көңілдеріне қаяу салмаймыз ба? Жабулы қазан – жабулы күйінде қалсын да.

Берік. Ештеңе де із-түзсіз қалмайды. Бұйрық осылай болған екен, көнеміз. Ең бастысы – олардың алдында сенің де, менің де арымыз таза.

Тәттігүл. Ол рас қой, бірақ мен екеуміздің бастарыңның біріккенін көрмек тұрмақ көзіме елестетуден қорқамын.

Берік. Өткенімізден жериміз деп өркенімізді қимақпыз ба сонда? Оның аты – қатыгездік. Махаббаты баянсыз болған, алданған адамның қандай болатынын сен әлі білмейсің бе, немене? Ол – көк жүзіне енді көтерілгенде пәлеге ұшырап, жерге төсін соғып солықтап жатқан қарлығаш. Өзім кешкен бұл күйді балам көрмесін.

Тәттігүл. Білемін. Қайтемін, мен сені сондай күйге душар еттім. Ол – бір басқа, мынау – екінші басқа әңгіме.

Берік. Бұл – соның жалғасы, жақсы жалғасы.

Тәттігүл. Жоқ, жаман жалғасы. Берік ағатай, жалынамын, осы әңгімені өршітпейікші. Мен қызбен де, әкесімен де майдандасып келіп отырмын. Балаңды қызыма жолатпашы. (Тізерлеп отыра кетіп). Міне, керек десең, аяғыңа жығылайын, алғашқы махаббатым едің ғой, орындашы осы тілегімді.

Берік. Тәттігүл, мұның не? (Дереу қолтығынан көтеріп тұрғызады). Қандай адам болып кеткенсің сен өзің?
Осы сәт Аманғайша кіреді. Қолында – оны-мұны толы сөмке. Есіктің көзінде аң-таң күйде тұрып қалады. Берік пен Тәттігүл де үнсіз. Ыңғайсыздық орнайды.
Аманғайша. Берік, мына кісі кім?

Берік. Тәттігүл құдағиың. Зәуренің шешесі.

Тәттігүл. Айтарсың! Құдағи емеспін, болмаймын да.

Аманғайша. Екі жас бір-бірін сүйсе, құдағи болмай қайда барасыз?

Тәттігүл. Екі жас бір-бірін сүйсе... Сонда үлкендер қол қусырып қарап отырмақ па? Берік, Тәттігүлді білмейді екенсің сен әлі. Білесің. Білдіремін.

Аманғайша. Құдағи, не болып қалды соншама шала бүлінетін? Отырыңыз, дәм ауыз тиіңіз.

Тәттігүл. Өздері қаңғып жүріп, дәмшілін қарай көр бұлардың!
Тәттігүл кетеді.
Аманғайша. Сөзі қандай ірі еді мына кісінің?!

Берік. Жасында ұяң еді, бұзылыпты.

Аманғайша. Бұрын білуші ме едің?

Берік. Білемін. Тәттігүл тура Зәуре сияқты талшыбықтай әдемі қыз болатын.

Аманғайша. Бәсе, айтпап па едім, «Бұрынғы біреуіңді тауып алатын шығарсың» – деп. Тауып алып тыныпсың қас пен көздің арасында.

Берік. Қой, кемпірім, жоқ жерден сөз шығарма.

Аманғайша. Қайтіп қоямын, кішкентай бір тысқа шығып кетіп едім, аяғы мынау болыпты. Кемпірім дейді тағы. Мен – кемпір, жаңағы – қыз екен ғой саған. Мақұл. Сен сол қызыңмн қал, мен кетемін қазір жиналамын да.

Берік. Аманғайша, бұл қай секемің? Жоқ ырымды бастағаныңа жол болсын!

Аманғайша (жылап). Мен енді бұл жерде бір күн де, жоқ, жарты күн де қалмаймын. Сені де тастамаймын. Жүр, жинал. Ерланды да ертіп кетеміз.

Берік. Тоқта, сабыр қыл. Бұл бір қызық әңгіме болайын деп тұр. Мен әзірше ештеңе демей-ақ қояйын, көп ұзамай бәрін түсінетін боласың өзің-ақ.

Аманғайша. Түсінетін не бар? Ол сенің алғашқы махаббатың екен.

Берік. Сен де солай дедің бе? Алғашқы, одан кейінгі, соңғы махаббат деу – опасыздардың сөзі. Олар үшін махаббат – лап етіп жануы да, жалп етіп өшуі де оңай от. Жоқ, махаббат – аспандаған алау, сүйіскен екеу оны бірігіп тұтатқан екен, өшірмесін. Өшірген екен, ол махаббат емес, басқа бірдеңе.

Аманғайша. Менікі не?

Берік. Сенікі – махаббат.

Аманғайша. Онда ертерек кету керек бұл қаладан, әйтпесе сен тағы біреуіңді тауып аларсың.

Берік. Мынауың – қызғаныш.

Аманғайша. Махаббат – бұл.

Берік. Мүмкін. Махаббаттың бір аты қызғаныш болар. Қой, екеуміз бүйтіп бір-бірімізді қажағанша, балалардың қамын ойлайық.

Аманғайша. Балаларға не болыпты?

Берік. Естімедің бе жаңа, Тәттігүл қызын Ерланға жолатпаймын деп қиғылықты салып кетпеді ме?

Аманғайша. Енді қайттік, құдай-ау?!

Берік. Жас келгенде жоқ ырымды бастап торсаңдағанша сөйдемейсің бе бағанадан бері?

Аманғайша. Не істейміз енді?

Берік. Не істеуші едік, әліптің артын баққаннан басқа амал жоқ бізге. Бұл түйіннің шешуі – Ерлан мен Зәуренің қолдарында.

Аманғайша. Мен де солай ойлаймын. Біз – әйелдер елдің басын қатыруға құмармыз. Тәттігүл де сөйтеді енді, біраз дүрліктіреді.
Осы сәт есік қағылады. Берік пен Аманғайша жарыса:
– Кір!

– Кіріңдер! – деседі.





Ішке Зәуре мен Ерлан енеді.
Ерлан. Қонақпыз. Күтіп алыңыздар.

Зәуре (ұяң). Сәлематсыздар!

Аманғайша. Келіңдер! Зәуре айналайын, ұялма, жоғары шық.

Берік. Сөйт. Отырыңдар.
Зәуре мен Ерлан стол шетіне жайғасады.
Аманғайша. Ерлан, біз папаң екеуміз төмендегі ресторанға барып, ас қамын жасайық, сендер сәлден соң келе қойыңдар.

Ерлан. Міне, көкем мен мамам өстіп төтесінен кетеді. Сіздер алдымен қонақтың бір ауыз лебізін білмейтін бе едіңіздер?

Берік. Рас-рас. Қап, әттеген-ай! (Зәуреге). Кешір, айналайын! Айта ғойшы, сен бұған қалай қарайсың?

Зәуре. Ерлан айтсын.

Аманғайша. Ерлан айт десең, айта береді, бізге сенің айтқаның керек. Әлде онда баруға ұяламысың?

Берік. Ұялма, қарағым. Бұл жердегі біздің үйіміз – осы, ас ішетін орнымыз – ресторан. Бізбен бірге онда барғаныңның еш ағаттығы жоқ, тек мынандай жалаңаяқтарға ілеспесең болғаны.

Ерлан. Көке, сіз құдіретті құрылысшылардың өкілін өйтіп кемсітпеңіз.

Берік (қуанып күліп). Шешесі-ау, қара, балаң қалай-қалай сөйлейтін болған?! Тура кітаптағыдай қайырады.

Аманғайша. Айналайын баласынан! Шынының өзі де сол ғой. Біз әлі жассынамыз, күнім менің – жігіт.

Берік. Мақұл-мақұл, жеңілдім. Жүр, кеттік.
Берік пен Аманғайша кетеді.
Зәуре. Папаң мен мамаң қандай жақсы адамдар еді!

Ерлан. Несімен ұнап қалды?

Зәуре. Қарапайым адамдар екен.

Ерлан. Зәуре, білесің бе, олар, кеше саған мен айтқандай, «Құда түсеміз», – дейді.

Зәуре (шошып кетіп). Қойшы?

Ерлан. Несі бар?

Зәуре. Мен қорқамын!

Ерлан. Қорқатын түк те жоқ. Ол – ерте ме, кеш пе бір болатын жәйт.

Зәуре. Ал, меніңше, алдымен құда түсу, содан соң үйлену – жаттанды сүрлеу. Үйлену ешуақыт қайталанбас, сан қилы болуы керек.

Ерлан. Дегенмен, ата салттан асқаны жоқ. Құда түсіп барып некелесу – қазақ болу.

Зәуре. Екеуміз онсыз да қазақ емеспіз бе?

Ерлан. Қазақпыз. Бірақ, қазақтығымыз жеткіліксіздеу.

Зәуре. Қайдам? Меніңше, үйлену белгілі бір ереже, формулаға салатын есеп емес. Басқаны қайдам, егер менің тұрмысқа шыққым келсе, ештеңеге қарамаймын, «Болды, біз енді мәңгі бақи біргеміз», – деймін.

Ерлан. Ал мен: «Хұп, болады, Сандыбаева ханым!» – деймін.

Зәуре. Сонша тез айтасың ба?

Ерлан. Сонша тез айтамын.

Зәуре. Құда түсу қайда қалады сонда?

Ерлан. Соңынан бола жатады.

Зәуре. Дәстүр ше?

Ерлан. Бұзылады.

Зәуре (мәз болып күліп). Көрдің ғой!

Ерлан (күліп). Көрдім.

Зәуре. Бірақ бұлай деуді әзірге қоя тұрайық.

Ерлан. Неге?

Зәуре. Білмеймін. Уақыты болған жоқ сияқты.

Ерлан. Білеміз. Ол уақыт өзі келеді.

Зәуре. Рас айтасың. Ерлан, ресторанға бармай-ақ қойсақ қайтеді?

Ерлан. Қой, болмайды. Көкем мен маманнан ұят.

Зәуре. Кешіксем, папам мен мамам күтіп қалатын болды-ау!

Ерлан. Онда жүр, барып жылдамдатайық.
Берік пен Аманғайша келеді.
Берік. Балалар төмендегі ресторанның мазасы жоқ екен. Осы жақын маңда «Қызғалдақ» дейтін тәуірі бар көрінеді, жүріңдер, соған барайық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет