Алла елшісінің (с.ғ.с.) есті өлең кезіксе құлақ асқаны, мағыналысына жақсы баға бергені, тіпті, егер көркем өлең жолықса, шайырға одан әрі айта түсуін өтініп, әр ұйқас сайын оған дем беріп отырғаны риуаяттарда баяндалған. Бірде, Алла елшісі (с.ғ.с.) олжаны арабтың әр руына таратып жатып, Ғатафан руының мырзасы Ғуйайна деген ақсақалға жүз түйе, Тәмим тайпасының мырзасы Ақрағ есімді қарияға жүз түйе бергізеді де, қалған елу түйені Аббас ибн Мирдас атты мырзаға ұсынады. Аббас дуалы ауыз ақын болатын. Ол Пайғамбардың (с.ғ.с.) мұнысына разы болмай:
Ғуйайна мен Ақрағтан
Үлесім кем болды ма?
Аталары бұлардың
Мирдасқа тең болды ма?
- деп, өлең шумақтарын бұрқыратады.
АЛЛАХ ЕЛШІСІ (С.Ғ.С.) Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірден түсіне қойып, сөзге тоқтайды, өлеңге разы болады. Қасындағы Әбу Бәкірге (р.ғ.) қарайды да, бұл өлеңді қайталап айтып береді. Бірақ, өлеңнің құрылымын толықтай біліп тұрса да, буындарын бұзып, ұйқасына әдейілеп мән берместен: "Кем болмасын үлесі, Ақрағ пен Ғуйайнадан"- деп жымияды. Бірнеше риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) белгілі шайырлардың бірі Хассан ибн Сәбитті (р.ғ.) Құрайыш мүшріктері жайлы қағыта сөйлеуге құлшындырып: "Мүшіриктерді әжуала! Шындығында, Қасиетті Рух (яғни Жебірейіл періште) сенің жағыңда!" - деп бұйырғаны жайлы дерек айтылады. (Ахмад, Ибн Хиббан, әл-Хаким және басқалар)
Мұсылмандар Меккені жаулап алған кезде, әйелдер қуанғанынан сәйгүліктерге мініп, орамалдарымен сабалап, шаттана шаба жөнеледі. Шайырлар бұл көрініс жайлы бірдеме айтпауы мүмкін еместігін білетін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жанында тұрған Әбу Бәкірге қарап: "Бұл жайлы Хассан не деп жатыр?" - деп сұрайды. Сонда Әбу Бәкір:
"Сәйгүліктің барлығы шапқылап жүр,
Орамалмен қатындар соққылап жүр!
- деген өлең айтыпты" - дейді. Мұны естіген Алла елшісі (с.ғ.с.) жымия күліп: "Турасын айтқан екен", - деп разы болады.
Достарыңызбен бөлісу: |