ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ «ИТ» ҰЙЫТҚЫ СӨЗІНЕН
ЖАСАЛҒАН ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ЭТНОМӘДЕНИ ҚЫЗМЕТІ
Қызырхан Шыңғар - 5В012100 – «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенті
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Бақбергенова Р.Қ.
Әр халықтың өзіндік салт -санасы, елдік рухы алдымен оның тілінде таңбаланады. Этностың өзіндік дүниетанымынан, тұрмыс-салт ерекшелігінен туындаған арнайы сөз қолданыстардың халықтың өткен өмірінде қандай мәні болса, бүгінгі өмір-тіршілігіне тигізер пайдасы одан зор. Қазіргі тіл ғылымы ұлттық рухани мұраның тарихи маңызын саралап, қайта бағалауға бағыт бұрып отыр.
Қай этнос болмасын оның ежелгі, дәстүрлі дүниетанымдық жүйесі, халықтық рухы тілінде көрініс тауып, бүгінгі күнге жалғасып отыр. Этностың қалыптасу жолындағы ғасырлар қойнауынан сыр тартатын небір деректер бүгінгі ұрпаққа археологиялық қазбалар, көне ескерткіштер, т.б. жолдар арқылы жетіп жатады. Ә. Т. Қайдардың пайымдауынша, «бұлардың бәрі этнос басып өткен өмірдің бір ғана елесі. Этностың шынайы бейнесі, болмысы оның тілінде ғана сақталады» [1,11]. Тіл арқылы әр халықтың байырғы табиғи өмір сүру ортасы, қоғамдағы әртүрлі қарым-қатынасы, дүниетанымы, қадір-қасиеті көрінеді, өз қолымен жасаған мәдени құндылықтары жаңғырады. Осы ежелгі мәдени құндылықтардың пайда болу жолы мен заңдылықтары бар. Ол халықтардың, географиялық жағдайына негізделген өмір салтынан туады.
Жер бетін мекендейтін тіршілік иелері арасында адамға ең жақын тұратыны - жан-жануарлар дүниесі, сондықтан адамзат өркениеті, тіршілік етудің амал-тәсілі жан-жануар әлемімен тығыз байланысты. Ал қазақ этносының дәстүрлі экономикасының негізі мал шаруашылығы болған. Төрт түлік малды асырау, өсіру мақсатымен көшпелі ғұмыр кешкен, сондықтан қазақ тіліндегі фразеологиялық қордың бастауы осы дәстүрлі өмір сүру салтын айшықтайды. Дәстүрлі этномәдени ерекшелікті танытуға, этномәдени семантика жинақтауға бейім тұратын тілдік таңба - фразеологизмдер болып табылады.
Филология ғылымдарының докторы Г.Сағидолда: Фразеологизмдер - адамның ассоциативті ойлауының нәтижесі, халықтың өмірлік тәжірибесінің даналық туындысы, қай қоғамда да қолданысқа дайын тұратын әсем өрнекті тілдік таңбалар болғандықтан, айтылмақшы ойды бейнелі, өрнекті суретпен жеткізудің айшықты амалына [2,29] айналып, белгілі бір образды берудегі поэтикалық экспрессияның ең ұтымды құралы болып табылады [3,94]. Ол өрнек халық санасында жан-жануардың мінез-құлқы, адамға үлкен қажеттілігі тұрғысынан нәтижесінде қалыптасады. Төрт түліктің табиғатына ұқсату арқылы өмірдегі жақсылық-жамандық атаулыны барлық қырынан сипаттап, тілдік таңбаға айналдырған.
Қазақ халқы тарихында ұзақ сақталған көшпелі өмір салты, қазақтарды айнала қоршаған табиғат сырын зерттеп, жете білуге және соған сәйкес үйлесімде өмір сүруге үйретті. Жылдың төрт мезгілінде төрт түлік малдың қамымен жайылым ауыстырып көшпелі ғұмыр көшті. сондықтан қазақ тіліндегі мал шаруашылығына байланысты фразеологизмдердің негізгі бөлігі тіл дамуының ең көне қабатына жатады. Бұл көнелік олардың парадигмалық қатарының кең болуына әсер етеді.
Қазақтың ұлттық мәдениетінің қазіргі күні әлемнің түпкір-түпкірінде өмір сүретін қазақ диаспорасы өкілдері тыныс-тіршілігінің барлық саласында осы көнеліктің көрінісі бар. Ол қазақ этносының мекен-жайынан, ішер ас, киер киімінен, тұрмыс-салт, үлгі-өнеге, ақыл-ой, өсиет т.б. жайттардан байқалады. «Ит» сөзі арқау болған тұрақты тіркестер де, тұрақты теңеулермен біріккен сөздер де күнделікті адамдар арасындағы қарым–қатынаста көрініс табады.
Қазақ дүниетанымында «Жеті қазына» ұғымы бар. Жеті қазына тұрақты тіркесі ел қорғаны ер азаматқа ең қажетті құндылық деген мағына білдіреді. Бұл құндылық қатарына халық арасында құрамы жағынан аздаған айырмашылықтарымен: мықты, жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, қару (мылтық), қақпан (аң аулау үшін), сұлу әйел, ақыл-білім жатқызылады. Ескі наным-сенім бойынша ер жігіттің қолында осының бәрі түгел болса, оның бағы жанып арманы орындалады. Жеті қазына құрамының өзі-ақ оның халық тұрмысының өте байырғы кезеңінен, бақташылық дәуірінен, хабар береді. Осыған орай, «Жеті қазына» жеке адам емес, ата-баба қастерлеген рухани мұраға айналып, символдық мәнге ие болған. «Адам баласы үшін қымбат жеті қазынаға кейде туған ел мен өскен жерді, тамыры терең білім мен өресі биік өнерді, еркін еңбек пен таңдаулы кәсіпті, ел жұрттың амандығын жатқызады. Сондай-ақ, «Жеті қазынаны» - жер қазынасы, мемлекет қазынасы, мәдени қазына, рухани қазына, үй қазынасы деп те таратады» [1,29] . Сөйтіп, есте жоқ ескі замандардан жеткен тілдік таңбалар семантикасы халық өміріндегі ит жануарының орнын айрықша бағалайды.
Көшпенді қазақ тұрмысында иттің үлкен мәні бар, ол оның үйі мен мал-жанын қорғаған. Жақында жүрсе қорғаушысы, алыста жүрсе қолдаушысы деп білетін иесін ол қашанда жанындай жақсы көреді. Жақсы көретінін іс- әрекетімен дәлелдей білетіндігі оның басқа хайуанаттан ерекшелігі деуге келеді. Иттің қойшының еңбегінде атқаратын ролі аса маңызды. Дала қасқыры малға жақындағаннан үріп, қойшыға жеткізіп, малдың дала жыртқышының аузына түспеуінің алдын алады. Малшы қазақтардың айтуынша, олардың қасқырға қарсы үрген дыбысы жай кездері үргенінен басқаша болып келеді. Түнде бүкіл ауыл тарс ұйқыда жатқнда, иттер кірпіктерін ілместен олардың ұйқысын қорғап шығады. Жалпы алғанда ит хайуаны халқымыз санасында да, өмірінде де алар орны тым бөлек һәм қәдірлі екені даусыз.
«Ит» сөзінің шығу тарихы (О. Сүлейменовтың «Аз и Я» еңбегі бойынша ).
Егер «испака» исгуздардың тілінде де «ит» дегенді білдірсе, онда бір кезде көсемдердің де Ит атаған дәстүр болғаны ғой. Иран тарихы, мифологиясы мен діни нанымдары түркілердікінен әлдеқайда толығырақ зерттелді.Бірақ бұл ғқрқп туралы тарихшыларда үн жоқ. Семиттер де,үндіевропалықтар да,угрофиндер де Итке табынбағанын білеміз. Ал ежелгі көшпнлілер.түркілер. осы таяудағы уақытқа дейін итті пір тұтқан, аңыздарда өздерінің шыққан тегін итпен байланыстыралы:ұлы әмірлер халыққа билік жүргізе алатын дәрежеге жеткен соң, ата-анасы қойған лауазыммен алмастырып, Ит деп аталатын болған.Бұл дәстүр малшылық дәстүр алдында өтен аңшылық дәуірінен қалған жол-жора болуы керек.Ит аңшының ең тұңғыш көмекшісі. Адам нәсілінің әл-ауқаты итке байланысты болған. Ит-адамның қызметшісінің де, оның сергек көшбасшысының орнына жүрген.Табиғат адамға ұнмағанды итке берген: ит иісті ала біледі, көз көрмейтін ізді табады. Табиғат бойына дарытқан қасиеттер итті ұлы хайуанаттар қатарына жатұызған. Диқандар күнге, оның жердегі перзенттері-маймылға, көң қоңызға, мүйізді ірі қара малға қалай табынса, аңшылар асырацшы итіне солай табынған. Мыңдаған жылдар әртүрлі түркі тілінде адамның төрт аяқты досына-жолбасшысына деген ықыласы бедерленіп, көптеген табуистік (тыйым) атаулар жинақталды. Соның көбі лауазымдар.
Генеалогиялық аңыздар Итті (кейіннен- бөріні де) түркілердің арғы тегі дәрежесіне жеткізжі. Мысалы; қырғыздар өздерін Қызыл тазының (қызыл тайған) ұрпағымыз деп есептейді, өйткені бекзада қызбен оның 40 нөкер қызы сол Қызыл тазымен көңіл қосқан екер. Қырғыздың тағы бір басқа аңызы бойынша, сол бекзада қызбен оның шашбауын көтерген қырық қыз Ыстыұкөлдің ақ көбігінің дәмін татып, бәрі жүкті болыпты. Сірә Ит Қырғызша «ақ көбік»-ақ кобок. Тобыл татарларының қахарман Ақ кобок(Ақ төбет) аталады. Ақ-ноғайлар өздерінің арғы тегін – ақ кобок (ақ төбет ) деп санайды . Оғыз –қарлық диалектілерінде – «кабок» (көбек , кобяк) төбет , ит . Кобяк(ит)- түркі тайпалары арасында көп тараған есім ; ақноғайларда «кобек» (ақ көбек) деген ру бар. (Гордлевский В.А Что такое «босый волк?» Известия А Н СССР , отд. Литературного языка)
Жеті қазынанының бірі, жылдық санаудағы 12 жылдың бірі, 'ит' адамның досы демекші басқа жануарлардан өзгеше қасиетімен ерекшеленетін 'ит' атауы нені аңғартады? Түркі тілдерінің қайсысында болса да‚ 'ит' сөзі дыбыстық құрамы жағынан бір-бірімен сәйкес келеді. Көне түрікмен, әзірбайжан‚ түрік‚ қырғыз, қазақ‚ қарақалпақ‚ өзбек‚ алтай ит‚ ұйғыр ишт‚ тува‚ саха ыт‚ башқұрт‚ татар эт‚ ноғай‚ ойрат ийт‚ хақас адай және т.б. Түркі тілдері ішінде сәл ерекше көрінетіні – хакас тілі. Сәл “ерекше” деуімізге де негіз жоқ емес. Түркі тілдеріндегі дыбыстардың өзара сәйкестіктерін ескерсек (а~и және д~т)‚ адай сөзінің түбірі ад-тың ит-ке дейін өзгеруінің тарихи заңдылық екеніне көзіміз жетеді. Алтай жүйесіне жатқызылып жүрген монғол тобындағы тілдерде біздегі 'ит' сөзі өзгеше дыбысталады: монғол тілінде нохой‚ қалмақ тілінде ноха. Осы ұсынылып отырған аз ғана деректердің өзі-ақ 'ит' сөзінің түркі тілдеріне ежелден тән екендігінің дәлелі бола алады. 'Ит' атауының алғашқы мағынасы қандай болғандығына қолда бар азын-аулақ тілдік деректерді арқау етіп‚ болжамдарды келтіріп көрейік. 'Ит' әр кез өзінің жауын ұнатпайтын жан иесін алдымен ырылдап‚ одан әрі үркіп қорқытатыны әркімге аян. Ал ырылдау етістігінің алғашқы түбірі бір буынды -ыр болғандығын өзге түркі тілдерінің деректері мақұлдай түседі. Татар тілінде дәл біздегідей ырылдау дыбыс құрамында айтылса‚ Тува тілінде ырланыр‚ саха тілінде ырдыгынаа‚ өзбек тілінде ирилламоқ‚ түрікмен тілінде арламак‚ қырғыз тілінде ырылда‚ хакас тілінде ыыран және т.б. Тағы бір айта кететін жайт – көрсетілген сөздердегі бір буынды ыр түбірінен иттің екінші бір қасиеті – үру пайда болуы да ықтимал. Мысалы: чуваш тілінде біздегі үру мағынасын веер тұлғасында келеді. Келтірілген деректерден ырылда сөзінің алғашқы түбірі ыр екендігі‚ одан барып үр туындағанын байқадық. Осының салдарынан итке алғашқы тән қасиет -ыр бері келе р~т дыбысының сәйкестігі негізінде ит атауының пайда болуы ықтимал. Әрине‚ ыр түбірінен 'ит' атауы келіп шықты деп келте қайырсақ‚ болжамымыз бостау болып шығар еді. Жоғарыда кейбір тілдерде ыр түбірінің ир‚ ар қалпында айтыла беретіндігін көрсеттік. Мұндағы ы~а~и дыбыстарының бірінің орнына бірі ауысып келе беретін заңдылықтарға тоқталып‚ түсіндіріп жату артық. Бізге түсінік беруді қажет ететіні р мен т дыбыс алмасулары. Басқа сөздерді айтпағанда‚ дәл ырылдау мен итке байланысты сөздің өзінде бұл аталған дыбыстардың сәйкестігінің тұңғұс-маньчжүр тобындағы тілдер дерегінен көреміз. Осы тілдердің бірінде біздегі ырылдау сөзін - иркь ұғындырса‚ екіншісінде - ит дыбыстық құрамдағы сөз түсіндіреді. Осының өзі-ақ р~т дыбыстарының сәйкестік айғағы бола алады. Түркі тілдерінде осы дыбыстардың сәйкестігін анықтайтын деректермен салыстырсақ жаға (теңіз‚ өзен‚ көлмен байланысты) сөзі татарларда - крый‚ сахаша - кыты жоғарыдағы болжам нақтылана түседі [1]. Демек 'ит' атауы‚ сол үй хайуанының өз жауынан қорғану немесе өз жауын қорқытуға жұмсалатын басты іс-әрекетінің бірі‚ негізгі қасиеті – ырылдау-дың түбіріндегі р-ның т-мен алмасуының нәтижесі демекпіз. Мысалы: Ырыл “ит‚ қасқыр‚ т.б. айбат шеккенде шығаратын дыбысы”. Ырылда “ыр-ыр етіп айбат шегу”. Ырылдас “а) орт. етіс. Ырылда-с”, “ә). ауыс. сөзге келу‚ керілдесу‚ ұрсысу”. Ырылдастыр “өзг.ет.‚ Ырылдастыр”. Ырылдастыру “қ. атау”. Ырылдасу “қ. атау” Ырылдат “өзг.ет”. Ырылдатқыз “өзг. ет.”. Ырылдатқызу “қ. атау”. Ырылдаттыр “қ. атау”. Ырылдаттыру “қ. атау”. Ырылдату “қ. атау”. Ырылдау “қ. атау” және т.б.
Тілде 'ит' семасымен байланысқан тілдік бірліктердің негізгі мағынасы мен қолданыстағы мағынасы кездеседі. Мысалы, 'ит' семасы арқылы жасалған негізгі мағынаға иттің тікелей өзіне қатысты айтылатын тілдік бірліктер жатады. Мысалы, Осы кез жаға жақтан ит қыңсылы естілді (Ә. Сараев). Қан-жынға таласқан иттердің ырылынан басқа сырттан дыбыс естілмейді (Ә. Кекілбаев) деген мысалдардағы 'ит' семасымен байланысқан тілдік бірліктердің негізгі мағынасынан гөрі, оның күнделікті қолданыстағы мағынасының көп екендігіне көз жеткіздік. Өйткені тіліміздегі күнделікті адамның жағымды, жағымсыз әрекеттеріне, сезім жағдайы мен эмоциясына, адамның жеке басына, іс-қимылына, тұрмыс-тіршілігіне және т.б. жағдайларына байланысты қолданыстағы мағынасына жоғарыдағы кестеде көрсетілген фразема, теңеу, мақал-мәтел, термин және иттің шығаратын дауысына байланысты қалыптасқан тілдік бірліктерден көруімізге болады. Мысалы, сенен аяғанды ит жесін “Саған бермегенім өзіме де бұйырмасын, аясам арам болсын”; итпісің, кісімісің деу “адам ғұрлы көрмеу, елемеу, жақтырмау, менсінбеу”; ит рәсуасы шықты “берекесі кетті”; ит өмір “қорлықпен өткен тұрмыс, қорлық, итше ырылдасқан тірлік” және т.б.
Түркі тілдері бойынша жазылған лексикографиялық материалдар негізінде ит атауларына және қазақ тілі этимологиясынан Ә. Нұрмағамбетовтың еңбектері негізінде ит, төбет лексемаларына талдау жасалынды.
«Ит» сөзі қатысқан тұрақты тіркестер және мәні:
1. Ит (таз) ашуын тырнадан алады . әлі жеткенше күш жұмсайды , біреу үшін кекті әлсізден қайтарады . Кешке шейін осы хабарды тегіс естіген Жігітек ауылдары үрпиісіп қалды . Заман не болып барады ? Күн рай қалай бұзылды . Ит ашуын тырнадан алғаны ма деп тіксінді (М. Әуезов)
2.Итаяқтан сары су ішкізді . Қорлады . Көзіне көк шыбын үймелетті . Әрине , сөз сенікі , келмей кетсең , келер болсаң ,иттей қып басқа тепсем . Ішкізіп аяқтан сары суды , дүниеде арманым жоқ соған жетсем . (С.Торайғыров) Тұтқын боп итаяқтан сары су ішіп , Кісенде қол-аяғы жатыр Абақ .(С.Бегалин)
3.Итәуресі шықты / Итәуреге салды . Әуреге түсті , әбден қажыды . Өскеменге обылыстық комсомол комитетіне барып едім , онда болғанымнан , жолда жүргенім көбейіп кетті . Итәуреге шығып , зорға жеттім . (М. Әбдірахманұлы)
4.Ит байласа тұрғысыз . Адам тұрып, тіршілік жасап болмайтын жер . Қайрақтының осы жақ беті жалтыр төбе ит байласа тұрғысыз , бір ызғырық , оң жақ беті аңырайтын бір аңғар . (Ғ.Мүсірепов)
5. Ит басына іркіт төгілді *ақ түйенің қарны жарылды. Ішкені алдында , ішпегені артында болды . ағыл-тегіл болды . молшылық .ауқатты тұрмыс орнады . –Нағыз жарылқайтын социализм көрінді !- деп Әбен күле жөнелді ...Күллі жұмыс машинамен істеледі . Мәселен : көшіп-қонғанда мынау үйді жығып , тігіп әуре болмаймыз , машина төбесінен бүркітше бүріп апарады да , қондыра қояды . Молшылық дегеніңізде есеп жоқ . Ит басына іркіт төгіледі...(Ғ.Мүстафин)
6. Ит қиынан қыл шықпай қалмайды . Әр нәрсе тегіне , затына тартпай қоймайды . Әр нәрсе тегіне тартпай қалмас , Қыл шықпай ит қиынан қалмас деген . (шешендік сөз)
7. Иттей болды *Ит болып кетті . Қор қылды ; абыройы төгілді, масқара болды.Әлі атаңа нәлет, завхоз,бүгін тағы алдады. Күні бойы күлімсіте ит болдым. Ақыры бермеді көлігін,- деді Батырхан.(М.Иманжанов).
8. Итжеккенге айдады. Алысқа, қиыр қиянға жер аударды.Нарды алған кісі бір күн ішінде әкеліп, үйімнің маңына тастап кетпесе,түбіне жетем! Ауыл –маулыңмен шабамын! Еркегін құл қылып,әйелін күң қылып, итжеккенге айдатам. ( «Қаз.ертегі» ) .
9. Ит жүгіртіп, құс салды. Сауық –сайран құрды. Ел ішінде сәлем де ,Замандас,құрбы,теңдерге. Ит жүгіртіп, құс салған,найза ұстаған ерлерге ( «Қобыланды батыр»)
10. Итжемеде қырылды. Азапта, қорлықта өлді. Тұтқындардың киімдері жұқа, жыртық болған соң, жатқан жерлері қарлы жер,уілдеген боран болған соі, азап шегіп, бұлардың бәрі итжемеде осылай қырылып таусылған екен.(С. Сейфулл ин)
11. Итжүрек Қызық –қуанышы жоқ, құлауға көнген көңіл. Сенісерге жан таба алмай, Сенделеді ит жүрек. Тірілікте бір қана алмай, Бұл не деген тентірек! (Абай)
12. Итжеміге тастады – ит жемі қылды Тастандыға (садақаға) шығарды, қараусыз қалдырды; өлімші етті, қорлады, азапқа салды. ( «Ит жемі» көбіне қорлау,қорлану мағынасында жұмсалады). Ендеше ортамыздағы ең әлсіз ,ең пышайман бір ғаріпті қайда тастап отырмыз? Итжеміге тастап отырғамыз жоқ па?! (М.Әуезов).
13. Ит жыны келді (ұстады) Ашуланды, тоңмойындық көрсетті. Мақау емес пе , ит жыны келсе, бетің бар, жүзің бар демейді (Ауызекі тіл)
14. Ит кемірген асықтай Бұжыр, сынбыз бет. Тегінде, ит кемірген асықтай тығырайған қара қажы қаны қашып, қара пышақтай болған екен. (І.Жансүгіров)
15. Иткөйлекті бұрын тоздырған Жасы аздап үлкен деген ұғымда әзіл ретінде айтылады. Бұдан ақыл сұрап, күн көріп жүргендер шамалы болса да, иткөйлекті бәріңнен бұрын тоздырғанмын деп, өзінше өктем соғар мінезі қалып көрген емес. (А.Байтанаев)
16. Ит көрген ешкі көзденді – ит көрген мысықша үрпиді Үрейі ұшты, елере үрікті. Ит көрген ешкі көзденіп, Елерме жынды сөзденіп, Жасынан үлгісіз шіркін, Не қылсаң өнер ізденіп (Абай). Төрде отырған Ықсан бұл сөздерге шыдай алмай, ит көрген мысықша үрпиіп, екі көзі мұғалімді жеп қоятындай аларып, кепкеннен кеуіп бара жатыр еді. (І.Жансүгіров)
17. Ит (иттей)қылды. Қор етті, қорлады, абыройын түсірді. Ермен шықты, ит қылып, Бидай шашқан егінге. Жай жүргенде өрт қылып, Тыныш өлсеңші тегінде (Абай ) . Әрине, сөз сенікі келмей кетсең, Келер болсаң , иттей қып басқа тепсем, Ішкізер табақтан сары суды, Дүниеде арманым жоқ соған жетсем . (С. Тора йғыров)
18. Ит мініп, ирек қамшылады – ағаш ерге жіп құйысқан Азып –тозып , тіршілікті жамап –жасқап өткізу мағынасында. ) Тепеңдеп айтылады). Еңіреген, егілген, Итке мініп, ирекпен Қамшылаған өмірден Аулын тартып алып тұр. ( І. Жансүгіров)
19. Ит өлім Қадірсіз, жиіркенішті қаза, қаңғырып, көмусіз қалу. Жусатып, жер құштырды ит өліммен, тізілген неміс тобын мыңнан, жүзден. ( М.Жанасаева)
20. Ит өмір Қорлықпен өткен тұрмыс, қорлық , итше ырылдасқан тірлік. Ит өмірдің осылай аяқталарын білді ме?! ( Ә. Нұрпейісов)
21. Ит пен құсқа жем болды – ит пен құс той тойлады . Кім көрінгеннің қолында кетті, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Көшіп кетіп не көрді, бөтен жұртта ит пен құсқа жем болды, күшігіне дейін тісін көрсетті. (Ауызекі тіл)
22. Ит пен құстың арқасында Кім көрінгеннің кесірінен. Ит пен құстың арқасында кедей болсаң да, бұл өңірде сені білмейтін кім бар дейсің, – деді Ыбырай Қалжанға ( Қ. Тайшықов).
23. Ит пен мысықтай Бір –біріне өш, өштес, аңдысып өтер жау мағынасында айтылады. Неге екенін білмеймін, ағамның Шойтыққа жұлдызы қарсы , екеуі ит пен мысықтай , – деді Жұмаш. (Н. Сералиев).
24. Ит сілікпесін шығарды – ит сілікпе етті –ит сілікпеге түсірді . Борша –борша етті, мылжа –мылжа қылды; әбден шаршатты, қажытты. Онансайын Шернер өздерінің ит сілікпесін шығарып, мылжалап, домалатып әкеп, енді сол қан –қан денені бір –ақ лақтырғалы көр аузына тақап тұрған ана күз кеуделі алып елді, әсіресе, көп ойлады. ( Ә.Нұрпейісов)
25.Иттей ұлып қалды Адасқан жұртта қалған иттей, жалғыз зарлап қалды ; жалғыздан – жалғыз зар жылап қалды. Қойдың ба мені бүйтіп әуре қылып, Мен өлсем сен қаларсың сен иттей ұлып, Қимайтын ешкімім жоқ бұл жаһанда, Өлемін де кетем деп көзім жұмып ( «Ғашық –наме» )
26. Ит терісін басына қаптады Айыбын бетіне баса масқара қылып ұрысты, балағаттады. Біз тозақта күйіп жатсақ, сендер қолдарыңның ұшын бермей–ақ қойыңдар! – деп Өмірбай молдалардың иттерісін басына қаптады ( С. Сейфуллин ) .
27. Ит тұмсығы батпайтын (өтпейтін) Адам өте алмайтын қалың орман, тоғай, шабындық немесе жайылым шөп; бітік шыққан егін. Ит тұмсығы батпайтын орман іші жым – жырт (К. Оразалин )
28. Иттің етінен жек көрді. Өте қатты жек көрді, ұнатпады, суйқаны сүймеді, тым сөлекет, сүйкімсіз көрді. Дәл сол сағатқа дейін сүйген қызымды азғырып әкетті деп, бұл адамды иттің етінен жек көріп едім. ( Ә. Нұршайықов ).
29. Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар. Әркімнің өзіне лайық бір сүйенері, қорғаушысы, қолдаушысы бар. Көбей: – Еспембет, Тобықты да рулы ел, «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» , сенің мына айтып отырғаның береке, бітім емес. (М. Әуезов ).
30. Итіне дейін біледі (таниды) Жұрттың бәріне әйгілі. (Оны) елдің итіне дейін күндік жерден таниды, керек болса, елден бұрын иттер таниды. (Ғ. Мүсірепов )
31. Итше таласады . Болар–болмас нәрсе үшін жағаласты, араз болды. Жаман адамға мал бітсе, Кқрінгенменен итше таласады ( Шешендік сөздер )
32. Ит ырғын болды . Мол олжаға кенелді , олжаға батысты. Қалмақты жеңіп қалың қол, Ит ырғын да көл – көпір, Бақыршы тоқ олжа мол (Бұқар жырау) .
Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде келтірілген «ит» сөзі бар біріккен сөздер :
Итала ( итала қаз), итарба, итарқа, итарқалану, итарқалау, итаршы, итаршылану, итауру, итаяқ,итәуре, итбадам, итбалық, итбас, итбөрі, итбүлдірген, итектеу, ителгі, итемген, итемшек, итжанды, итжеккен, итжеме, итжемеде, итжерік, итжидек, итжуа, итжүзім, итжығыс, иткәсік, иткөйлек, иткүшәлә, итқора, итқорлық, итқонақ, итқұлақ, итқұмыс, итқұсық, итқызғалдақ, итмия, итмұрын, итмінез, итошаған, итрәсуа, итсабын, итсандық, итсигек, иттабан, иттартыс, иттепкі, иттүйнек, иттік, итшабақ, итшомырт, итшу
Итаршы, құйыршық. Біреудің айтағына еріп, сөзін сөйлеуші, қолшоқпары болу. Қазанғап Шәкенге жағыну үшін итаршы болып көрінсе, Шәкен малайларға жағымды болып шығады. ( Ғ. Мұстафин)
Итшілеу , итпектеу. Әуреге түсу, қиындық көру. Әйтеуір атпен, шанамен, кейде жаяу, итшілеп жүріп өзіміз тасимыз. (Ж. Кеттебеков) .
Қазақ тілінің тұрақты теңеулер сөздігіндегі « ит» сөзі қатысқан тұрақты теңеулер және олардың мәні:
Аш иттей еркелеу. Бұраң қағып, аш иттей еркелеп, екі сұмырай әйел бұлардың үстіне жетіп келді. (І. Жансүгіров)
Аш итше топыр қағу . Аш итше бір тиынға топыр қағып, Бір таласып, бір ұрсып, бір күледі. (Абай) .
Барақ иттің басындай. Барақ иттің басындай Келісер ме шаш саған (І. Жансүгіров )
Бұралқы итше. Қазақ артына қарап, бұралқы итше еңкейіп тебінді.
Еркелеген иттей жүзі жылы. «жолбарыс адамға шабарда, теркелеген иттей жүзі жылып, қылмыңдап кетеді» деп еститін еді Асқар. (С. Мұқанов).
Иттей тақымдау. Жау жағадан алған күн Өздері иттей тақымдар (Абай ).
Күшік иттей жалбақтау. Екі малай артынан ертіп алған, Күшік иттей қылып жүр байға жалбақ. (Абай) .
Құтырған иттің көзіндей қанталау. Түсі оңа бастаған көк көздері құтырған иттің көзіндей қанталап, оқ тиіп долырған сары аюдай қорбаңдап, Бүркітбай кіріп келе жатыр. (С. Мұқанов).
Үйден үрген итке ұқсау. Ұрысса орыс, Елге болыс, Үйден үрген итке ұқсап. ( Абай )
Қорытындылай келгенде, қазіргі мәдениетаралық, тіларалық коммуникацияда, әлем халықтарының бірін-бірі танып-білуге деген құлшынысы кезеңінде, қай тілдің де иесі ғасырлар бойы жасаған нәрі мен сәнін түсініп білу арқылы халықтың жан-дүниесін рухын тануға болатыны белгілі. Әдетте өзге тілді үйренуде фразеологизмдердің номинативтік функционалдық жағына назар аударылып, оның этнос тілінің этнолингвистикалық мазмұнды байлығы екендігіне тереңдеп бара бермейді. Тілдің осындай этномәдени мазмұны жағынан толымды, ауқымды бірліктерін азды-көпті білу өзге этнос болмысын тануға апарар жол болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |