Тағам атауларының салт-дәстүрлердегі көрінісі
ҮЙЛЕНУ, ҚЫЗ ҰЗАТУҒА БАЙЛАНЫСТЫ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕР
Құйрық-бауыр – құдаларға арнап дайындалатын тағам, ас ( қойдың піскен бауыры мен құйрығынан жасалған дәмді тағам Бет ашар – қалыңдықтың бетін ашқаннан кейін жасалатын ырым, көбінесе қант-кәмпиттен тұрады. Бұл салт барлық түркі халықтарында кездеседі. Мысалы, қарақалпақ халқы “ беташардан ” кейін “ майсөк ” деп аталатын тағам береді. Оны қуырылған тарыға сары май қосып жасайды. Бірінші қайыненесі дәм татады, сонан соң қалыңдық (тату болсын деген мағынамен ). Бұл ырымнан кейін қалыңдық бірден қонақтарды күтуге кіріседі Шашу - келін түскенде, той үстінде құрт, ірімшік, кәмпит шашу ырымы. Мағынасы : жас жұбайлар тату- тәтті өмір сүрсін деген ырым. Мойын тастар – күйеу жатқан үйге үй түтінді болмасын деп түңліктен қойдың мойнын жіпке байлап түсіріп, ырым жасап алатын кәде Өлі-тірі – ұзатылатын қыздың үйіне құдалар әкелетін кәде. Көбінесе тірі қой. Әкелген өлі-тіріні қыздың әке-шешесі туысына немесе жақсы араласатын көршісіне береді. Олар қойды сойып, құдаларды шақырады. Шығыс Қазақстан облысының Катын-Қарағай ауданында бір пәшке тұз да әкеледі екен ( Сыдықова, 64 жаста ). Қалыңдық бұл малдың етінен жемейді.
ЖҮКТІ БОЛҒАН, БОСАНҒАН ӘЙЕЛ АДАМДЫ КҮТУГЕ БАЙЛАНЫСТЫ САЛТ-ДӘСТҮР, НАНЫМ-СЕНІМДЕР
Жеңсік ас - ерте кезде бұл атаумен сирек кездесетін тағамдарды не жемістерді де атаған. Мысалы, “ Тегінде құм қазақтары дақыл тағамдарын жеңсік ас санаса, бау-бақша, түйнек атауларын көздің құрты дейді.
Сағыз шайнату – іштегі бала шымыр болсын деген ниетпен. Түйе етін жегізбеу – жүкті әйел баласын тоғыз ай емес, он екі ай көтеруі мүмкін деген сенім бар. Сондықтан аяғы ауыр әйелдерге түйе етін бермейді. Ал босанатын уақыты өтіп кетсе, керісінше, түйенің үстінен аттатады, тез босансын деп. C аз, топырақ, қызыл ірімшік жегізу – баланың сүйегі берік болу үшін жегізеді. Жуамен тамақтандыру – келіннің тәбетін ашу үшін жуа әкеліп жегізеді. Ұлтабар – көбінесе әйелдер жейтін еттің түрі. Оны ұл тапсын деп жас келіншектерге береді. Қалжа – жас босанған әйелге арналып сойылған малдың жас еті.
Хакастардағы құрбандық шалу дәстүрі көңіл аудартады. Жүкті әйел бар үй судың құдайына әйелдің атынан 3 жасар өгізді құрбандыққа шалады. Оны “ суг-эззи ” деп атайды. Өгізді салмен судың ағынымен қоя береді, әйел жеңіл босансын деп. Телеуттерде жүкті әйелге иит-мун дайындайды ( қой етінің сорпасы ). Оны егде әйел дайындайды. Дайын тағамнан ең алдымен итке, сонан соң босанатын әйелге құйып береді. Егер әйел жеңіл босанса, сорпасынан басқа жүкті әйелдерге де береді ( қол-аяқтарын тез жинасын деп). Қиналып босанса, тағамнан ешкімге бермейді. Ал Хорезмде босанған әйелдің ең алғашқы тағамы – тауықтың жұмыртқасы болған.
Қорыта келгенде, қазақ халқы асты өте жоғары бағалаған әрі қастерлей білген. Ел-жұрт жадында жатталып қалған «Ас – адамның арқауы» деген қағида осындай терең ұғымнан қалыптасқан. Халқымыз адам өмірінде тамақтың орнын тіршілікке қажетті құндылықтардың бәрінен де жоғары қойған. Бұған «Астан үлкен емессің» немесе «арпа, бидай ас екен, алтын, күміс тас екен» деген ескертпелер мен мақал-мәтердер де куә бола алады. Қалай айтылса да, қалай заманда айтылса да халық асты құрметтеу мен бағалаудың жолын да жөн-жосығын да, оны дәмді етіп әзірлеудің көзін таба білген.
Қазақ халқының құқықтық заңында да ас пен тамақ, ақиқат пен адалдық кепілі ретінде қолданылады. Мысалы, ант берген адам "имандай шыным" деп Құран ұстап, нан жеген. Бұл Құранды - Алла сөзі деп, нанды - қасиетті ас деп ардақтаудан шыққан. Асқа байланысты халықтың сыбағасы, абысын асы, қонақасы, қалжа, құйрық-бауыр асату, қымызмұрындық т.б. көптеген ғажайып салт-дәстүрлері қалыптасқан. Салт-дәстүрлері басқа түрлі ұғымдар, тыйымдар, ырымдар, аңыздар, әңгіме, ертегілер, мақал-мітелдер де өте көп.
Мал шаруашылығына негізделген қазақ халқының тұрмысы олардың ішетін тамақтары өте айқын көрінеді. Негізгі тамақтары ет-сүт өнімдері болды. Кезінде А.И.Левшин де: "Қазақтық атқаратын барлық міндеттері мен қоғамдық қатынастары осы кәсіпке негізделген. Сондықтан да олар бұл кісіпке аса тәжірибелі. Малды күтіп, бағуға ерекше машықтанған, мол тәжірибе жинаған. Олар рухани жан дүниесінде де тамаша дәстүрлер қалыптастырған", - деп жазған болатын. XVIII ғасыр алғашқы ширегінде солтүстікті, батысты қыстаған Орта жүз бен Кіші жүз рулары ауа райының қолайсыздығына қарамастан Түркістан өмірінде қалыптасқан суармалы егіншілік дәстүрін Арқа жерінде жалғастырған. Қолында малы жоқ кедей отбасылар үшін ғана егіншілік өнімдерінің шешуші маңызы болды. Қыстыгүні қазақ халқы көбінесе етті, ұннан дайындалған тамақтарды, кептірілген ірімшік-құртты азық етті. Егіншілік кәсібіндегі Ортаазиялық тәжірибе қазақтарда одан әрі дамып, елдің әр түрлі жерлерде табиғи-климаттық жағдайларға байланысты қалыптасып, өзіне тән сипат алды. Қазақтың еккен дәнді-дақылдары және одан жасалатын ұлттық тағамдардың сан алуан болып келуінен ақ диқаншылықтың терең өзіндік сипаты қалыптасқанын аңғаруға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Қасиманов С. Қазақтың ұлттық тағамдары... –Алматы «Қайнар» 1977.
Тілемісов Х. Қазақтың ұлттық тағамдары –Алматы «Қайнар» 1995.
Шай дастарқаны Алматы: Қайнар 1994.
С.Кенжеахметұлы «Ұлттық әдет ғұрыптық бізге беймәлім 220 түрі» Алматы 1998.
Қазақтың дәстүрлі ас-тағам мәдениеті (тарихи этнологиялық зерттеу) Монография 2002.
Достарыңызбен бөлісу: |