Қазақ әдебиетінде тағам атауларына байланысты төмендегідей мақал-мәтелдерді кездестіреміз:
Ас иесімен тәтті, табағымен жақсы.
Ас үстінен аттама,
Астан үлкен емессің.
Ас – адамның арқауы.
Арпа, бидай ас екен,
Алтын, күміс тас екен.
Жаманнан да жарты аяқ ас қалады.
Байғұстың асын бісімілла құртады.
Ұшқан құс, жүгірген аң – бәрі тамақ.
Тас қадақ болғанмен тамақ болмайды.
Жан денеге қонақ,
Денені демеген тамақ.
Жүгіріп айтқан сөздің мәні жоқ,
Жүгіріп жүріп жеген тағамның дәмі жоқ.
Тал тая болады,
Шал қонақ болады,
Нан тамақ болады.
Тамақ тамұққа – түсіреді.
Асығыс істеген жұмыс сәтті болмас,
Шала піскен тамақ тәтті болмас.
Нан – тамақтың атасы.
Нан мен тұздан үлкен тағам жоқ.
Дастарқанда наны жоқтың,
Тағамының дәмі жоқ.
Кимесең де тоның жақсы,
Жемесең де наның жақсы.
Ұны жоқтың құны жоқ.
Наның негізі жақсы.
Диірменнің тасы қатты, ұны тәтті.
Ет дегенде бет бар ма?
Ет етке, сорпа бетке.
Етке тойғанның емі табылмайды.
Еттің соры қуырдақ,
Ұнның соры бауырсақ.
Тойсаң тоқтының еті қи сасиды.
Айран сұрай келіп,
Шелегіңді жасырма.
Жусансыз жерді от деме,
Көжесіз елді тоқ деме.
Қонақ көже қол жуғанша,
Кеспе көже күн батқанша;
Тары көже таң атқанша,
Бидай көже ел жатқанша.
Қасық тары ботқа болмас,
Ботқа болса да, жұртқа жетпес.
Быламық бетінен суиды,
Көже түбінен суиды.
Қыдырып ішкен көженің қиюы жоқ,
Қыдырып айтқан биліктің керегі жоқ.
Өле жегенше, бөле же.
Біреудің палауынан,
Өзімнің көмешегім артық.
Қомағайдың сыбағасы бір шөкім ет.
Есек мінген ат сұрамайды.
Түсіңде жеген қазыдан,
Өңіңде жеген құйқа артық.
Ет сүйексіз, күріш күрмексіз болмас.
Серке еті – ем, ешкі еті – жел.
Қой еті- құрыш, жылқы еті – бұрыш.
Әр жіліктің өз майы бар.
Жылқы еті жемесең түсіңе,
Жесең тісіңе кіреді.
Омыртқаны ұстап отырғанша,
Қабырғаны қағып алып, тастай бер.
Тарта жесең тай қалар,
Қоя жесең қой қалар,
Қоймай жесең, не қалар?
Түнемел қымыздың ашуы қатты.
Көженің кенеуі бар,
Қымыздың қызуы бар.
Бір аяқ қымыздың екі аяқ желі бар.
Қырықтан артық жас жоқ,
Қымыздан артық ас жоқ.
Жалғыз биенің қымызы,
Қарындаспен қағыстырар;
Жалғыз түйенің шұбаты,
Ағайынды табыстырар,
Нар маяның шұбаты –
Нардай ердің қуаты.
Еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес.
Жау айдаса баспа, дәм айдаса қашпа.
Аш ауыл айранды бұрын ішеді.
Достарыңызбен бөлісу: |