Сүт пісірім уақыт. Халықтық өлшем Ширек сағат шамасы. Жігіт қыздан қара үзбей тұр, қыз қозғалатын емес, сүт пісірімнен астам уақыт өтті (Ә.Нүрпейісов).
Сүт тандыры суалды. Әбден қуарып, құрдым болды. Онда да сүт тандыры суалып, алыстық тамыры қуарып тұрған жоқ екен. (Ә.Әлімжанов).
Сүттей жарық. Күндізгідей ашық, таза. Сүттей жарық, айлы түн. Таң әлі жоқ. Бірақ жоқ екенін білсе де, Абай әлдеқандай өзгеше «таңды» сезеді. (М.Әуезов).
Сүт үстінде қаймақ болды. Қағажу көрмей, бұла боп өсті. Көз салып біздің күйге бойлаймысың? Әлі де тірімін деп ойлаймысың? Ерке қыз, сүт үстінде қаймақ болған, Үйдегі желігіңді қоймаймысың (М.Әуезов).
Қорықтық құйды(көне). Қызығын темірге, тасқа т.б. сұйық затты кенет шаж еткізе құйды (шошыған балаға істелген ем-дом). Тағы қорықтық құю ма, қара малдың өкпесімен қағып көшіре ме, жынға орау, қырық аяқ сумен ұшықтау... не керек, әйтеуір, осылар секілді «қасиетті» қазақ емдерінен қалғаны бар ма екен? (С.Торайғыров).
Бас аман болсын!(тілек). Бір аяулы малы, мүлкі жоғалғанда я ұрланғанда көңіл жұбату үшін өздерің аман болыңдар деген мағынада айтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |