МЕН БІТКЕН ОЙПАҢ ЖЕРГЕ АЛАСА АҒАШ
Ұлтына “Оян, қазақ!” деп ұран салған қайраткер, жаңа жанрларды бастап берген жазушы, ақын Міржақып Дулатов қазіргі Торғай облысының Қызбел атырабында 1885 жылдың 25 қарашасында дүниеге келген.
Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық идеялары тамыр жая бастаған құнарлы топырақтың перзенті Міржақып әуелде молдадан тіл сындырып, артынан Торғайдағы екі жылдық орыс-қазақ мектебінде бес жыл (1897-1902) оқып білім алады. Бұдан кейінгінің бәрі өз түртінектеуі, өз талпынысымен тапқан олжа, байлық, даналық. Ерте жетім қалған, екі жаста шешеден, он екі жаста әкеден айрылған Міржақыптың бүкіл өмірі жоқшылықпен, азаппен, зорлықпен, әділетсіздікпен жан аямай, қажымай, талмай күресудің керемет бір үлгісі іспеттес.
Ауыл мектептерінде мұғалімдікпен өткен алты-жеті жыл ішінде оң мен солын танып, өмір күресі, тірлік тартысына түсіп, ұлт қамы үшін ширығып, соны сүрлеу іздеген Міржақып алдындағы ақыл-ой ағалары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсыновтарды тауып, олармен пікірлес, ниеттес, мұраттас боп шығады. Осы алаш азаттығы үшін бағышталған ерен достық олардың бүкіл тіршілігінің өзегіне айналды.
Міржақып 1904 жылы Омбы, 1905 жылы Қарқаралы, 1906 жылы Орал, Петербор барып, төңкерісшіл ағымдарға араласып, патша отаршылдығына ашық қарсы шығып, жер мәселесін көтеріп, мұсылмандықты қудалауға тыйым салуды талап еткен ағартушы-демократиялық бағыттағы қазақтың ұлттық озық оқығандарының алдыңғы легінің маңдай алдында көрінді. Ол өз заманындағы көзі қарақты қазақ баласына қолынан келген қамқорлығын, достық-махаббатын аямаған. Алдыңғы қатарлы татар, орыс зиялыларымен де араласқан. Бұл қатарда Г.Н.Потанин, Ә.Диваев, проф. А.Крымский, акад. В.А.Гордлевскийлер де бар.
Өлең жинағы, роман кітабы басылып, жазушылық даңқы шыққан Міржақып Дулатовтың “Қазақ” (1913-1918) газетінде Ахмет Байтұрсыновпен тізе қосып тең редактор болып, еңбек еткен жылдары – ұлтының сол дәуірдегі қоғамдық-әлеуметтік проблемаларын жан-жақты көтеріп, оларға дұрыс жауап берген көкейкесті публицистика тудырған, қазақтың еркін журналистикасының негізін салған, оның жанрлық формаларын жасаған, баспасөз мәдениетін, тілін қалыптастырған ең жемісті, ең бақытты жылдар.
Ұлттық ояну, Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш өкіметі, Алаш әскері (1905-1920) – бұлардың бәріне де Міржақып Дулатов бел буып, білек сыбанып қатысқан, оның әр түрлі ұйымдарына сайланған, ұран жазған, күнделікті шаруаларын іске асырған, баспасөз бетінде насихаттаған, қажет десеңіз, керек болса, қолына қару алып та күрескен – осылардың іздері сақталған көптеген тарихи құжаттар, анық деректер толып жатыр. Ол бұл жолда адастым, сандалдым демеген, имандай ұйыған берік сеніммен әрекет еткен.
Кеңес дәуірінде басқа да бұрынғы алаш басшылары секілді Міржақыпқа да үлкен іс тапсырылған жоқ, қайта қудаланып, 1922 жылы Кеңес түрмесіне қамалып барып шығады, ол Орынборда педагогтық қызметте, Семейде сот мекемесінде, Ташкентте, Қызылордада газетте елеусіз, қатардағы қызметтерде болды да (1920-1928), 1928 жылы ұсталып, содан абақты тауқыметтерін көре-көре, ақыры 1935 жылы 5-қазанда Ақтеңіз-Балтық каналының бойындағы Сосновец лагерінде опат болды. Арада 58 жыл өткен соң ақын сүйегі туған жеріне алып келініп, ақ жуып, арулап қойылды.
Міржақптың даңқын қазақ арасы ғана емес, Ресейдегі түрік әлеміне тұтас жайған “Оян, қазақ” 1909 жылы Уфада шығып, 1911 жылы Орынборда екінші рет басылды. Бұл – қазақ әдебиетінің тарихындағы ең көп қудаланған шығарманың бірі. Кітаптың бірінші, екінші басылымдарын патша өкіметі жинатып алдырып, авторды 1911 жылы маусым айында Семей түрмесіне қамап, 19 ай бойы абақтыда ұстаған. Архивтерден осы істердің қалай қозғалғаны, ақын соңына тыңшылардың қалай түскені туралы көптеген материалдар табылып жатыр.
“Терме” (1913), “Азамат” (1915) жинақтары жарық көрді. Прозадағы атышулы шығармасы “Бақытсыз Жамал” романы 1910 жылы Қазанда басылды. Мұның үстіне көптеген оқулықтар, аудармалар, қазақ кітаптарының көрсеткішін қоссаңыз, қысыл-таяң ауыр заманда, үнемі қудалауда жүріп Міржақыптың қаншама көп іс тындырғанын көресіз. Ұзақ жылғы үзілістен кейін 1991 жылы Алматыда Міржақыптың поэзия, проза, драматургия, публицистикалық шығармаларының басын қосқан біртомдық шығармалары жарияланды. Артынан көп томдығы басылды.
Өзінің көркем шығармаларымен, мақалаларымен, қоғамдық істерімен жас күнінен бастап туған елінің махаббатына бөленген Міржақып Дулатов алаштың өзі тұрғылас азаматтары секілді Қазан төңкерісінен кейін аз уақыт қана бостандықта әрекет етіп, артынан жазықсыз қараланып, кете барды. Олардың еңбектері жойылып, аттарын атауға тыйым салынды.
Сонда да Міржақып өмірі, мұрасы туралы Кеңес елінде бір ауыз жылы сөз айтылмай тұрғанда Түркияда басылған белгілі күрескер, жазушы, публицист Хасен Оралтайдың “Алаш” кітабында оңды, жағымды баға берілуін зерттеушінің көрегендігі деп бағалау керек. Қазақстан бостандық алғаннан кейінгі міржақыптануда ақынның қызы Гүлнар Дулатова, арнаулы диссертация қорғаған Марат Әпсәметов, ғалым Жұмағали Ысмағұлов өз үлестерін қосты.
Міржақып Дулатовтың толық деректерге сүйеніп жазылған ғылыми ғұмырбаяны әлі жазылған жоқ. Бұл – болашақта істелетін абыройлы шарулардың бірі. Ал көп қырлы қаламгердің әдеби мұрасы, қоғамдық көзқарасы, дүниетанымы, эстетикалық нысанасы туралы кейбір тұжырымдарды оның нақты шығармаларын арнайы талдау үстінде айтуға болады.
“Оян, қазақ” кітабына енген өлеңдердің атына назар аударайық: “Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі хәлі”, “Қазақ халқының бұрынғы мағижаты”, “Өнермен хасыл болған нәрселер”, “Сайлаулар хақында”, “Қазақ жерлері”, “Мешіт-медресе хақында”, “Қазақ халқына діни бір уағыз”, “Өнерін халық пайдасына жұмсап жүрген оқығандарымызға”, “Жастарға”, “Терме”, “Таршылық халіміз хақында аз мінажат”, “Мүдфрие”, “З.Әфендіге жазған мәктүбым”, “Жесір даулары хақында”, “Жігіттер”, “Насихат ғұмумия”, “Сөз ақыры”. Негізінен, “қазақ”, “жер”, “өнер”, “дін”, “насихат” деген сөздерге ерекше салмақ берілгенін аңғару қиын емес. Кітаптың алғашқы жолдарын оқып көріңіз:
-Міржақып, неге отырсың қалам тартпай,
Бәйге алмас болғанмен жүйрік шаппай.
Шаманды қадари хәл көрсетсеңші,
Байғұс-ау, оянсаңшы қарап жатпай.
Осындағы “оян” сөзі автордың биік идеялық мақсаты, басты рухани нысанасы.
Бір шоғыр өлеңде ақын туған халқының өз алдына ел болып, өзін-өзі билеген тұсын мақтана жырлай келіп, көшпелі жұрттың басындағы көшпелі бақты көрсетеді, қазақ-қалмақ, қазақ-орыс қарым-қатынастары тарихын шола өтіп, Ресейге бодан болғаннан кейінгі кіріптарлық, қорлық тіршіліктің аянышты суреттерін бейнелейді:
Аяқ асты болып қазақ қалды ғой,
Күн әншейін рухы қалып, жан кетіп.
Шаһбазалар басшы болған милләтке
Аяғына қан түсті ғой мән кетіп...
Шұрайлы жерлерден, атақоныстан айырылған, жалпы қазақ халқының басына түскен тұтас ауырпалықты ақын қайғылы хәл-азалы сарын етіп көрсетеді. Ал қазақтың өз ішіндегі кесепаттар, билікке таласып, мал шашып, дай-дай болып, жұлқыса-тартысу, надандыққа белшесінен батқан, оқу-білімнен құралақан ескілік бай мен кедей арасындағы ойсыраған айырма, аянышты тағдыр – осының баршасына ақын өзінің айқын көзқарасын білдіріп, жаңалыққа, ғылымға, адамгершілікке үндейді, алаш деп ұран салып, оян деп шырылдайды, философиялық-публицистикалық ойлар айтады.
Жас ақынның назары ең алдымен халқының өткен тарихына, қазіргі жағдайына қадалған. Ол жеке адамды, жеке ойды, жеке сезімді, жеке оқығанды бөліп алмайды, тұтас қарайды, шолып айтады, жалпылай сөйлейді, өз халқымен өзге халықтарды салыстыра отырып, артта қалған, мешеу ауыл үшін күйіне зар төгеді. Қараңғыда қамалған елі үшін сергек, жігерлі, салмақты ұран тастайды. “Оян, қазақ!” кітабының әлеуметтік-қоғамдық мәнін айқындаған айрықша салмағы өз заманының жаралы шындықтарының бетін ашып, келешек көш жолдарын іздеген бағдарламалық сипаттағы толғау жырларының азаматтық, ұлттық берік рухында жатыр.
Шабақтап, жанды азапқа салатын ең үлкен жара – қазақ жерінің тағдыры, бұл – азамат үшін айрылмас дерт, тарқамас шер.
-Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер,
Мұжыққа, қош аман бол, барасың да.
Қасиетті бабамыздың зираты
Қалдың ғой көшесінің арасында.
Моншаға зираттың тасын алып,
Ағашын отқа, мұжық, жағасың да.
Таба алмай бір барғанда еш белгісін,
Көзден жас көлдей болып ағасыз да.
Шалқар көл, аққан бұлақ, жайлы қоныс,
Орман-тоғай кетті ғой, ағашың да.
Ойласам мұның бәрін қияли боп
Қападан ішім оттай жанасың да... –
деп ақтарылған ақын даланың отарлану, табанға түсу, кіріптар болу трагедиясын терең тебіреніспен көрсете білген, ашық, айқын, дәл айтқан. Тіпті өз дәуірі ғана емес, келешекте ел басына түсетін қанды ноқта, темір кісенді көрегендікпен болжай білген. Бұл ретте Асанқайғы, Бұқар, Шортанбай, Дулат, Мұрат, Нармамбет поэзиясындағы қазақ елінің еркіндігінен айырылу кесепатынан қан жылаған, шермен зарлана айтылған өксікті толғаулармен сабақтас сарын айқын есіп тұр.
Жеке бастың, әлеуметтік топтың, белгілі таптың мүддесі емес, ақынды толғандырар мәселе – халық тағдыры, елдің қайғысы мен мұңы, айналып келгенде, “тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бір арнаға саяды. Ол – ел мұңы, ел шері, ел зары, ел кегі.
Ұйқыда жатыр қазақ көзін ашпай,
Кеттік қой отқа күйіп, өрттен қашпай.
Әр халық алға кетіп жатсадағы,
Біздің жұрт шегінеді қадам баспай...
Күн көреміз қайда барып, алашым?
Білгіштердің хәл мүшкілін қарасын.
Сүйегі жоқ тіске жұмсақ болған соң,
Әркім жейді біздің қазақ баласын.
Аз емеспіз, алты миллион халықпыз,
Әлхамдуллила надандыққа қарықпыз.
Жайымыз жоқ онан басқа мақтанар,
Сахарада дикарь болып қалыппыз...
Өзді-өзіміз дұшпан болып жүргенде,
Жарар еді басқаға жем болмасақ...
Бірлік жоқ, алты ауызды халықпыз ғой,
Қатардан сол себепті қалыппыз ғой.
Ғылым мен маһрифатты керек қылмай,
Надандық шәрбатына қаныппыз ғой.
Міржақыптың жиырма екі жасында жазылған “Таршылық хәліміз хақында аз мінажат” (1907) өлеңіндегі осынау қамырықты ойлар тұманы күні бүгінге дейін арылмағанын қайтерсіз.
Халқының басындағы ауыр қасіретті айқын көріп, дәл басып айта білген ақын енді содан айықтыру жолдарын іздейді. Сол дәуірде бел алған қыру-жою, қан төгісті мадақтаған төңкеріс, революция идеясы емес, адам баласылық игіліктерді, дін, иман жолын әспеттеп, білімге, адамгершілікке, оқуға, мәдениетке үндеу – жас ойшыл таңдаған арна.
Ақын өзі ұстанған әсемдік мұраттарға лайық жағымды тұлға мінездемесін жан-жақты сомдайды. Жеке өлеңдерде айтылып отыратын ғақлия ойлар тұтас келіп, “Насихат ғұмумия” толғауында бір арнаға саяды. Бұл өзі 17 бөлімнен, 556 тармақтан тұратын үлкен дүние. Жеке өлең емес, бір идеяның астына біріктірілген өлеңдер циклі, шоғыры десе, дұрыс болмақ.
Шығармада ақын аты-жөнін, асыл затын, тайпасын, шыққан жерін, кітаптың 25 жаста жазылғанын айтады, халқымен, замандасымен, елінің сөз ұғарлық азаматымен түгел сырласады. Қара өлең формасында жазылған туынды еркін есіліп, төгіліп отырады. Ақын қысылмай-қымтырылмай сөйлейді.
Ең алғашқы сөздер елдің тұтастығына, азаттығына арналған:
Ішінде темір тордың шынжырлаулы,
Жатқанын көрмеймісің қайран халқың?
Көп қуып, қорқақ едік, батыр қылды,
Біздерге енді не бар аянатын?
Біз онша сатып алған құл емеспіз,
Әркімді төбемізге шығаратын.
Болады әбігер заман деген осы,
Байқасаң Алаш ұлы азаматым.
Ел жағдайы осындай болып тұрғанда, өнер таппай бекер сандалған жастар, қайыр, иман, жақсылықты ойламаған байлар, қызыл көрсе құзғындай шүйген молдалар мен билер де сыналады. Ақыры ақынның мұрат тұтары – қара жерге қайық салар өнер тапқан жігіттер. Ондай азамат ең алдымен тал жібектей мінезді, түскен кемесіне тайсалмай мінетін жігерлі, газет-журнал оқитындай сауатты болуы шарт. Мұсылманша дін ғылымын, орысша сауат ашу және қажет. Пайда, саламаттық, байлық, азаматтық – бәрі де айналып келгенде халық махаббаты жолына жұмсалсын деген ой айтылады.
Алғашқы өлеңдерінің тіл – стиль ерекшелігі туралы Міржақып ағынан жарылып, былай дейді:
“... Мен өзім медреседе оқымасам да, 1904 жылдан бастап ноғай әдебиетін үйренуге әуестендім. Сол жылдан бастап “Тәржіман” газетасы, онан кейін шыға бастаған өзге ноғай газеталарын һәм кітаптарын алып оқитын болдым. Сөздіктен қарап, кісіден сұрап, ноғай тілі, ноғай әдебиетімен таныстым. Бұлар маған сіңді” (“Тіл құралы” – “Қазақ”, 1915, № 93). Ол кезде қазақтар татарды ноғай деген, сондықтан бұл жердегі ноғай әдебиеті дегенді татар әдебиеті деп түсінуіміз керек.
Расында қазақша баламасы бола тұра, “чунки”, “һаммет”, “һәмма”, “рисәлә”, “жәһід”, “Хоуса”, “фітнә”, “гәпләскен”, “мағариф”, “фәһім”, “тәһрис”, “нәмүнә”, “мүәбәф”, “инсаният”, “иттифақ”, “мушфик”, “жаһаллік”, “фаһим”, “һиммәт”, “машауарат”, “фасиық”, “мүбтәлә”, “мәсіләктәс”, “мұталиға” тәріздес сөздерді жиі қолдану автордың татар әдеби тілінің ықпалына түсіп, араб-парсы, лексикасымен әуестенуін көрсетеді. Кейде орыс сөздерін, тұтас сөйлемдерді қолданып жіберу де бар.
Кітаптың “Сөз ақыры” деген соңғы өлеңінен Міржақыптың әдеби мектебін, құрмет тұтатын ақын-жазушыларын көреміз, олар: орыс әдебиетінен – Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Крылов, Тургенев, Толстой; қазақ әдебиетінен – Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Әубәкір, Ақмолла, Нұржан, Шөже, Орынбай, Мәшһүр Жүсіп.
Ақынның “Азамат” (1903), “Терме” (1915) жинақтарында, одан кейінгі жазған өлеңдерінде көптеген өзгеріс пайда болады; ең алдымен сөз сұлулығына, тіл тазалығына ерекше мән беріліп, тура, ашық айтылатын дидактикалық, үгіттік, насихаттық ойлар азайып, оның есесіне поэтикалық образға, ішкі қисынға, астарға; емеурінге, ишаратқа айрықша көңіл бөлінеді. Тақырып ауқымы кеңеюмен бірге, өлең формалары құлпырып, ұйқас-ырғақ тынысы арта түседі. Бұрын жас ақын тарихқа, қазіргі заманға, халыққа жалпылай сөйлеп, шола тартып, кеңес айтып, үлгі тастап, ұран сала сөйлесе, ол әлі тәжірибе алмаған, өмірді негізінен кітап арқылы таныған талапкер зиялының романтикалық табиғатынан да шығып жатқан әрекет еді. Енді қауіп-қатерді өз басынан өткізіп, түрме азабын көріп, қуғын-сүргінге түскен соң, оң мен солын анық танып, дос кім, дұшпан кім – жақсылық пен жамандық не – анық ажыратып алғаннан кейін, ақын өз жүрегіне үңіледі, өз басындағы рухани құбылыстарды жырға қосады. Сөйтіп, бірде жарлы, шерлі, қайғылы, бірде жігерлі, ұранды, қайратты өлеңдер тудырады. Тұтас алғанда Міржақып поэзиясында сарыуайымшыл, пессимистік әуез емес, ерлікке, әрекетке күреске шақыратын сарындар басым.
Ақын бір алуан арнау өлеңдерінде Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан, Григорий Потаниннің поэтикалық бейнесін жасауға ұмтылады, олардың халыққа еткен еңбегін, тарихтағы орынын көрсетеді.
Қазақ әдебиетіндегі түрме суретін беретін шығармалар қатарында Міржақыптың “Қапастағы ұрының мінажаты”, “Абақтыда айт күні” өлеңдері өзінің реалистік дәлдігімен ерекшеленеді.
Тұспалмен, әзіл-қалжыңмен жазылған “”Сұлу қызға”, “Балдызға” (үш өлең), “Алаш” партиясына қосылған ақынға”, “Міржақыптың қайтарған жауабы”, “Жұмбақ”, “Қара құс һәм адам” өлеңдері ақын талантының юморлық, сатиралық қырларын көрсетеді.
Міржақыптың терең жан күйзелісін, рухани бұлқынысын, ақындық қуатын көрсететін бір топ философиялық-лирикалық өлеңдері бар. Біз оларды бір тұтас шоғыр, тұтас цикл, аяқталған топтама деп қараймыз. Осы туындылардан елім, халқым, қазағым, алашым деп, бостандық, еркіндік, азаттық деп аһ ұрған азаматтық жүрек лүпілін сеземіз. Ақын қайғырған жерде қайғырамыз, жылаған жерде жылаймыз, сілкінген жерде сілкінеміз.
Кең қоныс, атамекен кеткен жоқ па?
Орнына хахол сұмырай жеткен жоқ па?
Мал болса бар сенгенің, о да азайып,
Заманы көші-қонның өткен жоқ па?
(“Жұт”, 1913).
Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі –
Пайдалан шаруаңа жараса, алаш
(“Шағым”, 1913).
Ғазиз басым құтыла алмай жаладан,
Жаудың қолы босамай тұр жағадан.
Жүректі жаншып, жанға түскен ауыр тас,
Ашу тастап, тамырды қуып тараған.
(“Мұң”, 1913).
Көздеген оқ, сермеген қылыш болса да,
Тәуекел деп қасқайып көзді жұмарын.
Кім үшін тусам сол үшін өлу борышым,
Міндет қылып қосқаны маған құдайдың.
(“Сырым”, 1913).
Көп құлағы мақтаменен тығулы,
Қасқыр қуып үріккен қойдай ығулы.
Құбыжық бар десе, қорыққан баладай
Су жүрек боп сорлы қазақ бұғулы.
(“Қажыған көңіл”, 1913)
Сүйіскен, сөз беріскен замандастан,
Қаншасы хал біліскен, амандасқан?
Сырт берген, ол сілтеген, көбі ұмытқан,
Мен мүскін бұларды ойлап қиял басқан.
(“Қиял”, 1913).
Елең етер намысқа қызып жігіт аз,
Бұл не ғажап – жұрт керең боп қалған ба?
Мен не болсам. Болайын, саған садақа,
Сүйікті жұртым, қақпанға түсіп алданба.
(“Мұң”, 1913).
Жеті өлеңнен алынған бір-бір шумақ мысалдың өзінен-ақ бұлардағы ортақ ой, ортақ сезім, ортақ көңіл күйі анық есіп тұр. Ақын жүрегіндегі басты қайғы – елдің тағдыры, қазақ болашағы, отаршылдық кесепатына жұтылып, тозып бара жатқан даланың пұшайман, қалт-құлт тірлігі. Қайраткер азамат бостандық, азаттық үшін өзін құрбандыққа шалуға даяр, соңғы демі қалғанша еркіндік жолында күресуге бар, осы сапарға бірге ерген адамдар ғана оның ет жақыны, ішкен-жегенге мәз, бір күндік мансап, байлыққа құл болғандарды кісі қатарлы көрмейді, олармен ат құйрығын кесіскен.
Қазақ халқының бір кездегі дана билері, ақылман хандары, жаужүрек батырлары билеп, төстеп Есіл, Нұра, Ертіс, Еділ, Жайық, Сыр бойларын, Орал, Сарыарқа, Алтай, Хан тәңірі баурайын емін-еркін жайлаған күндерін еске салып, көңілі еңіреп жылаған ақынның “Сағыну”, “Жас қазақтар”, “Елім-ай”, “Зарзаман”, “Алашқа”, “Жаңа тілек” өлеңдері – поэзиядағы азаматтық сарындарды биік сатыға көтерген жаңа сападағы ұранды, дауылпаз толғаулар.
Ем таба алмай дертіңе мен ертеден,
Сол бір қайғың өзегімді өртеген.
Тырп етпейсің бас көтеріп көрпеден,
Еңсең түсті мұнша неге, елім-ай?
(“Елім-ай”, 1914)
Өз қамыңды ойлан өзің ел болсаң,
Ел боламын, тең боламын дер болсаң.
Көктен теңдік келмес өзің кем болсаң,
Мен-зең болмай, талпын, оян, алашым.
(“Жаңа тілек”, 1917)
Бұл өлеңдерде ақын а-а-а-б үлгісімен келетін жаңа ұйқас қисынын қолданған. “Алашқа” өлеңінде 8 шумақ бойы өзгермей есіліп отыратын қайталама ұйқас арқылы ерекше ырғақты туынды жасаған.
Осындай жұп-жұмыр, екпінді, толқынды туынды “Қайда едің” (1917) деп аталады. Бұл шығармасында ақын әлеуметтік күрес, қоғамдық өмірдің ерекше бір құбылысын дәл аңғарып, терең пайымдап, шебер кестелеп, кекесінді, ызалы, мысқылды ойын тура жарып айтып тастаған. Нағыз қиын-қыстау, тар кезеңде бұғып қалып, найзағай шатырлап, жер сілкініп, топан су ақтарылып кеткеннен кейін, бас көтеріп, өзгелердің істегенін өзім істедім деп көрсететін, жау кеткен соң батыр атанғысы келетін әр дәуірде, әр ортада, әр елде кездесетін құбылма жандардың бейнесін жасаған.
Ақын осы ерекше характерді дәл тауып, ашына отырып, уытты сөзбен түйрейді.
Кешегі қара күндерде,
Жұлдызсыз, айсыз түндерде,
Жол таба алмай сенделіп,
Адасып алаш жүргенде,
Бұл күнгі көп көсемдер,
Сұраймын, сонда қайда едің? –
деп басталатын 6 тармақты 7 шумақтан тұратын өлең тұтастай бір деммен, бір тыныспен құйыла салғандай. Аяқ астынан пайда болған, халық қан жылаған, қасіретті, дағдарысты, аштан қырылған, қанаты сынған, жау алған, өлімге бас байланған уақыттарда көзге түспеген, бүгін шыға келген шешендер, данышпандар, қамқорлық, жомарттар, жанашырларды ақын кешегі қанды күндерде қайда едің деп, қамшымен көзге ұрғандай ащы сауал тастайды да, бұрынғы нағыз жомарттың сараң, нағыз көсемнің жалтақ, нағыз шешеннің мешеу, бұрынғы мәңгүрттердің бәрі білгіш, бәрі ер атанғанын келеке етіп, ащы мысқылмен түйрейді. Бұл өлеңді оқығанда, 1986 жылғы Желтоқсан уақиғасында алаң түгіл, Алматыдан қашып кеткен, қажет болса, университетті жаптырамыз деп студенттерді қорқытқан, есік-терезесін бекітіп, үйінде тығылып отырған кейбіреулердің, енді аяқ астынан әділет үшін күйген ер болғысы келетін жалған, екіжүзді, опасыз сиқы, көз алдыңа тұра қалады. Бұл өлеңді оқығанда кейбіреулердің халық ұлдарын қаралаған тарих алдындағы қиянатты істерін оп-оңай ұмыта қалып, бұлт сейілген соң, кезінде пәлен жерде сөйлеп, шындықты мен айттым деп көлгірсуін көргенде, күнде өзгергіш қулардың, арамдығына найза бойламайтын сайқалдардың жәдігөйлігінен зәрең ұшып, жағаңды ұстайсың.
Міржақыптың ақындық ізденістерінде әзіл-қалжың өлеңдер, табиғат лирикасы үлгілері, тәмсіл, мысал нұсқалары да бар. Орыс тілін жетік білген, қос тілде қатар жазған қаламгер А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов өлеңдерін, Н.И.Анов пьесасын, көптеген ғылыми, тарихи еңбектерді қазақшаға дәл де шебер аудару арқылы, әдеби тіліміздің орнығып, қалыптасуына көп үлес қосқан.
Ұйқас қисыны а-а-б-а-а-б түріндегі Абай үлгісімен келетін 216 тармақтан, 5 бөлімшеден тұратын “Бүркіт кегі” балладасы ықшам да көркем, романтикалық, серпінді туынды. Мұнда да ақын өзінің азаттық, еркіндік, адалдық идеяларын дамыта, тереңдете түседі. Символдық, ишарат ойларға меңзейді. Қыр тағысын Есет баулып, мәпелеп, бабын тауып қайырып, түлкіге салып, қызығын көреді. Осыған қызыққан Баймырза төре құсты сұрап ала алмаған соң, иесі Есетті қанжармен өлтіреді. Әрине, тау тағысының иесі үшін төрені өлтіріп, кеудесін сөгіп, жүрегін суырып алуы – көркемдік қиялдан туған асқақ сурет. Ақынның зорлыққа келіспес, әділет жолында, намыс отына өртеніп кетер өрлік рухы атойлап тұр.
Қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет роман деген жанрлық анықтама қойылып, жарияланған прозалық көлемді туынды – “Бақытсыз Жамал”.
Кітап басында ескертпе ретінде берілген:
Қазақтан шыққан талапкер.
Бұл кітапты қарап көр.
Таратуға халыққа оқып,
Боларсыздар себепкер, -
деген жолдардың жалғасы 14 шумақтан тұратын “Сөз басында” таратылып айтылады. Салған жерден автор қазақ халқының құрылымы, тұрмыс-салты, мінез ерекшеліктері, кемшілік, олқылықтары туралы толғана келіп, роман жазудағы өз мақсатын баяндайды.
Міржақып – төмендердің аласасы,
Сезімнің бар ма, жоқ па тамашасы.
Жылтырап тесік моншақ жерде қалмас,
Қазақша бір роман жаза салшы, -
деген авторлық әзіл халық арасына кең тарап кеткен.
Шығармаға арқау болған оқиғалар ХХ ғасыр басында қазақтың кез келген атырабында, кез келген ауылында, кез келген шаңырағында өтуге мүмкін, әркімге таныс, түсінікті, ортақ, етене сипаттары бар, жалпылық мәнді жәйттер. Автор өз тұсындағы әлеуметтік-қоғамдық өмірдің маңызды арналарын адам тағдыры, нақты әрекет, тартыс арқылы көрсетуді мақсат етіп, ой, идеяны ашық публицистикалық түрде емес, бейнелер, образдар арқылы, көркемдік тәсілдермен береді. Бір сөзбен айтқанда, жазушы таза прозалық шығарма, жанр шарттарын толық қанағаттандыратын туынды жасау талабын ерекше ескерген.
Абайдың қарасөздері, Ыбырайдың шағын новеллалары “Дала уалаяты”, “Айқап” беттерінде жарияланған бірен-саран әңгіме үлгілері қазақ топырағында кең көлемді проза дәстүрлерін жасай алмағанын ескерсек, Міржақып – жаңа жанрдың төлбасы.
“Бақытсыз Жамал” романы туралы алғаш пікір айтқан Ахмет Байтұрсынов:
“Қазақта бұрын роман жоқ еді. Біздің арамызда қазақша бірінші роман жазып шығарған Міржақып Дулатов болды. Оның “Бақытсыз Жамал” деген романы 1910 жылы басылып жарыққа шықты”, - деді.
Негізгі сюжет желісі басты кейіпкер Жамал тағдырымен сабақтас өрбіп отырады. Шығарма оның туғанынан өлгеніне дейінгі аралықтағы негізгі белестерін қамтиды. Әкесі Сәрсенбайдың мойнына бұршақ салып, құдайдан жалбарынып сұрап алған баласы. Шешесі Шолпан әкесінің бір перзентке зар болып жүріп үйленген екінші әйелі. Қиын-қыстау кезеңде қызы үшін шырылдап отқа түсетін осы байғұс ана.
Заман өзгерістері қазақ ауылына да жаңалық әкелген. Соның бірі қолға молда ұстап, балаларға хат таныту, кітап оқыту. Осындай әрекетке кіріскен адамның бірі – Сәрсенбай. Алақанға салып еркелетіп, тіпті ұл балаша киіндіріп қойған Жамал молдадан бес-ақ ай оқыса да, тез сауаттанып, қара тану үстіне, қисса-жырларды заулатып оқып, ауыл-аймақты аузына қаратады. “Сал-сал”, “Қыз Жібек”, “Зарқұм”, “Қисса уақиға Кербала”, “Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны”, “Ноғай мен қазақтың айтысқаны”, “Ақсұлу”, “Айман-Шолпан”, “Бозжігіт”, “Шәкір-Шәкірат”, Ақмолда, Нұржан, Әбубәкір өлеңдері – бұларды оқу, жаттап алу, жұрт алдында айтып беру арқылы Жамал өзінше бір әдемі, сұлулық, көркемдік мектебінен өтеді. Ата-ана, ауыл-аймақ, дәстүрлі салт-сана әсеріне қоса, кітаби тәрбие жаңа буынның өкілі болып жетіле бастайды. Өзі де жанынан өлең шығаратын дарынды бойжеткен болып көзге түседі, зеректігімен, ақыл-көркімен, шешендігімен ауызға ілінеді.
Сөйткен Жамалдың мойнына қыл тұзақтай болып, әкесі Сәрсенбаймен Байжан арасындағы құдалық келісімі оралсын. Бұрынғы жақсы күндер көрген түстей ғайып болды. Қайғылы, азалы, мұңлы шақ. Сорлы анасы Шолпаннан өзге қол ұшын берер ешкім жоқ. Биік арманы ес ақылын билеп алған әкесі Сәрсенбайды тоқтатар күш жоқ сияқты. Сөйтіп, жұтып, запыран құсып, дерттеніп:
Мен қайран атам малға сатқанына,
Бір тазды жалпақ елден тапқанына.
Аты өшіп, тумай кеткір Жұман деген
Мал беріп мені өзімсіп жатқанына, -
деп көздің жасын көлдетіп жүргенінде, бір тойда жас, оқыған, сыпайы, сұлу жігіт Ғалимен танысады.
Бұл көріністе жазушы өлең текстерін еркін пайдаланады. Дәстүрлі үлгідегі қыз бен жігіт айтысының формасын қолдана отырып, жастың сырын ақтарады. Әуелі сөз алған Ғали алыстан орағыта отырып, өзінің шетте өскенін айта келіп, көпшілік өтінген соң, ұзақ толғауға ойысады.
Жақсы қыз баға жетпес бір гауһар тас,
Он алты, он жетіге жеткенде жас.
Жанаттың пісіп тұрған алмасындай,
Қол жетсе, қандай жігіт ләззат алмас, -
деп бастап қазақы ұғымдардағы сұлу қыздың портретін жасауға тізілген меруерттей отыз тіс, нұрлы жүз, жайнаған көз, қиылған қас, кәмшат бөрік, алтын шолпы, шәрбат, ғашықтық, ақ білек, ақ тамақ, тоты құс тәріздес сөз, ұғымдарды еркін қолданады.
Келесі кезекті алған Жамал:
Сөйле, тілім, шешіліп осындайда,
Құрбылармен бір жерге қосылғанда.
Отырмассың үнемі төрде бүйтіп,
Еріксіз-ақ қоярсың тосылғанда, -
деп бірден өз жағдайынан хабар беруден бастап, қолға түскен сандуғаштай торға түсетін, малға сатылып, теңіне бара алмай, күң болатын қыз тағдырын тебірене жыр етеді.
Осылай бір-бірімен той үстінде өлең арқылы танысқан екі жас ғашық боп, тез тіл табысып, араға көп уақыт салмай, алма-кезек хат жазысып:
Бір сенсің ғашық отын сөндіретін,
Кім бізді ықтиярсыз көндіретін.
Өлсек шұқыр бір болсын, шықсақ төбе,
Айырмалық болса да өлтіретін.
Бір алла жалғыз өзі болсын айғақ,
Тұралық уағданы бекем байлап,
Сен үшін бір басымды еттім құрбан,
Шынжырлап жіберсе де Сібірге айдап, -
деген Жамал сөздері келіскен тұжырымдай болады.
Сөйтіп, Жүніс, Нұрмаш екі досы көмек етіп, Ғали Жамалды алып қашып, қаладағы саудалас, ниеттес досы татар байы Фатихолланың үйін паналайды. Азды күнгі рахат, бақыт, ләззат дәмін татқан екі жастың қызықты ғұмыры ұзаққа созылмайды. Байжанның қоқан-лоққы, тепкі дүмпуі бұлардың жатқан ұясын шайқар болған соң, жылжып Ғалидың нағашыларын жағалайды. Аяқ астынан ауырған Ғали он үш күн төсек тартып, кенеттен дүние салды. Әрине, бұл кейіпкер күрес үстінде, әділет үшін, махаббат үшін шайқаста жауларының қолынан мерт болғанда, көркемдік шешім салмақтырақ шығатын еді.
Жамалдың жалғыз қалуы, еріксіз Байжан босағасына барып, Жұманнан зорлық көруі, қайғылы махаббат уын ішуі – оны боранды түнде адасып өлуге заңды түрде алып барған себептер ретінде сенімді суреттеледі:
Тоты құс едім бақшада,
Қарақұсқа жем еттің.
Хан қызындай басымды,
Бір жаманға тең еттің.
Ботасыз нардай боздатып,
Мінеки, мені еңіреттің.
Қаһарыңды жіберіп,
Тең құрбымнан кем еттің.
Мұндай зарлы қылғандай,
Мен бейшара не еттім?
Жыладым зарлап, Ғали жоқ,
Ісіне көндім құдіреттің.
Шығармада әр түрлі әлеуметтік ортаның өкілдері, түрлі мінездер қалыбы төбе көрсетеді. Әрине, көлемі шағын туындыда дара характерлер, сом тұлғалар жасау мүмкіндігі де аз. Дегенмен, әдебиетіміздегі алғашқы күрделі прозалық үлгіде бірталай көркемдік ізденістер, тұлғалар жасауға ұмтылу талабы барлығын көрсету дұрыс болмақ.
Алдында 100 жылқы, 200-300 қойы бар дөңгелек дәулет иесі Жамалдың әкесі – Сәрсенбай туысында жыртқыш, озбыр емес, негізі жұмсақ, момын адам, Жамалды бетінен қақпай өсіруі, тіпті еркек балаша киіндіріп тәрбиелеуі, Уфадан келген Ғазиз мұғалімнен жаңа жолмен оқытуы айналасына кеңдігі – оны жақсы жағынан сипаттайды.
Байлықтың буы Сәрсенбайдың басын айналдырып және қыздырманың тіліне еріп, шарға түсіп, билікке таласады, көп шығын рәсуа болады, 300 теңгесі босқа кетеді; бәрібір сайланбай қалады. Осыдан опық жеп, намысы күйген, жұрт көзінде жерленгендей күйге түскен Сәрсенбай қайтсе де, есе қайтармақ, қанша байлық шашса да, бәрібәр тағы шарға түспек. Осы сапарда өзіне тілектес іздейді, осы сапарда қандай құрбандыққа да бармақ. Сөйтіп, бұрын момын, жуас, қақсоқпен шаруасы жоқ қоңыртөбелі жан енді билік үшін, дәреже үшін неге болса да белін буды. Басқа, жаңа әрекетке.
Жазушы Сәрсенбай санасындағы жаңа өзгерісті сенімді көрсетеді. Өзіне жақтас іздеген мансапқордың тапқаны болыстың құдасы – сөзінен де, ісінен де, жолынан да, қолынан да келетін, артына ерткен тобы бар – Байжан, соның қолдауымен билікке жетуді іш есеп қылады. Сондықтан Байжанның өзі таз, өзі ақылсыз Жұман деген баласына Жамалға құда түсуіне қарсы болмайды. Бәйбіше мақұлдайды, туған шеше Шолпан наразы. Бірақ Сәрсенбайдың келіскені – келіскен.
Автор Сәрсенбайды қалыңмалға қызыққан, дүниеге бола баласын бергелі отырған дүниеқоңыз етіп көрсетпейді. Мансап үшін иманын сататын, жанын беретін, іштен шыққан баласына дейін айырбасқа түсіретін жаңа дәуірге лайық қаһарманның болашақ кескінін аңғарамыз. Бұл ғана емес, Сәрсенбай басына іс түскенде, бұғып қалатын су жүрек, қорқақ. Жамалды алып қашқаны мәлім болғанда, не істердің амалын таба алмай құдасы Байжанға бірінші хабар беруші өзі. Қатал әрекеттермен көрінетін елеулі бейне – Байжан. Әуелде Сәрсенбайды жаңа байыған, елге беделі жоқ деп кемсітіп, намыс жібермейтін, дұшпан белін сындыратын мықты деп басқа біреуді билікке өткізу үшін күрескен Байжан тез құбылып, артынан Сәрсенбаймен құда болып, батасына қырық жеті мал, екі жүз теңге, ақша беріп, туыстасып шыға келді.
Болашақ келіні Жамалдың Ғалимен қашып кеткені белгілі болған соң, Байжан қаһарына мінеді. Алдымен Ғали ауылынан, артынан Сәрсенбай ауылынан барымтамен жылқы алдырады. Ол аздай, құдасының ауылына бір болыс елдегі көрнекті кісілерді, болыс, билерді топтап жиын аштырады. Шаш етектен шығын өз алдына, қылмыс жасағандай Сәрсенбай қыңқ ете алмайды, бас күнәһар өзі секілді.
Байжан көп алдында ұқтыра, төндіре, сендіре сөйлейді, өз басындағы жағдай ертең-ақ әркімге келетіндей етіп көрсетеді: “Міне, жұрт бұл секілді тентекке тізгін беріп жібере берсе, жұрттың қойнындағы қатынын да әкетер, мұндай болмасқа тыйым салып, біреудің ақ баталы жесірін қайтарып әперу керек. Біреуге болған қиянат ертең екінші кісінің басына келмей ме, мұнымен халық арасы бұзылып, жұрттықтан шықпаймыз ба?” – деп ұйытып алып, малға бітпейтінін айтып, барымтадан түскенді үлестіріп, намыс үшін ақырына дейін күреспекке бел байлайды.
Бұл кейін қазақ романдарында терең реалистік қуатпен бейнеленетін Құнанбай, Игілік типтестердің мінез қалыбы ғой.
Алдымен билік иелерін дәлелді, сенімді, жүйелі, дәстүрлі сөздермен иландырған Байжан енді Жамал мен Жұманның некесі қиылған деген өтірік қағаз жасатып алып, сол үшін 400 теңге пара беріп, Ғалиды біреудің заңды әйелін алып қашушы, қылмыскер ретінде көрсетіп, қанқұйлы әрекетке бел буып, білек сыбанып кірісіп кетеді. Түптің түбіндегі мақсаты Жамалды келін етіп ұстау да емес, кек қайтару, табанға салу, ел-жұрттың алдында масқара етіп қорлау, тепкіге шыдамаса, күндікке шірісін деген аямастық пен қаталдық бар. Сол мақсат үшін ақша төгіп, топ жиын, қасқырша құтырынып алған Байжанды бетінен қайтарар күш бұл атыраптан табылмайтын секілді.
Жазушының реалистік шығарма жасау талабы пейзаж көріністерінен де анық байқалады:
“Май жұлдызы, таң қысқа, ай жарық, дүние тып-тыныш, жел жоқ. Ауа жақсы, жаңа қонған жұрт, көкорай шалғын, жапырақ гүлдердің исі аңқып, біздің жастарды көріп тұрған жалғыз алла, екінші аспандағы Ай мен Жұлдыз еді. Жан-жануар күндізден шаршаған секілді тынығып, жылқы жусап, қара мал күйсеп, анда-санда қой үріккенде ұйқысы сақ төбеттің маңқылдап үргені, кемпір-шалдың айтақтаған дауысы ғана естілуші еді”.
Жамал мен Ғалидың, уәде байласып, ғашықтық рахатына бөленетін сәттері осындай табиғат аясында өтеді. Ал сорлы, бақытсыз Жамалдың дұшпан торынан қашып шыққан соңғы сапары қалың қарлы қыстағы дүние көрінбейтін боран суретімен астаса, қатар өріліп беріледі.
Рас, шығармада кең бейнеленген кескін суреттері, портреттік мінездемелер мол болмағанмен, бірен-саран кездеседі. Үш мысал:
1. “Жоғарыда айтып өткен Байжанның он жеті жастарға келген Жұман дейтін бір таз һәм ақылсыз баласы бар еді. Сол елде екі-үш Жұман есімді жігіттер болғанға, бірін – “сары Жұман”, бірін – Байжанның баласын – тапал Жұман” деуші еді”.
2. “Жамал он бес жасқа келді. Сұлулық, ақыл, салтанат үшеуі бір-біріне муафиқ келіп, Жамал сол елдің қызының алды болды. Бұл айтылмыш артықшылығының үстіне Жамал сөзге бек ұста болып, өз ойынан шығарылып өлең де жазатын болды”.
3. “Бұл жігіт орта бойлы, қияпатты, бетінде азырақ қорасан дағы бар, жаңа мұрт шығып келе жатқан, сөйлеген сөзі сыпайы, әдепті, киімі ноғайшалау Ғали есімді бір азамат еді”.
“Бақытсыз Жамал” стилінде таза реалистік проза тіліне лайық салмақты, орнықтылық бар. Жазушы ұйқасты, ырғақты, өлеңдетіп отыратын өрнектен бойын мүлде аулақ салған. Тіпті кейінгі дәуірлердегі туындылардың өзінде кездесе беретін әсірелікке, сөйлемдегі сөздердің табиғи орын ауыстырып жасайтын инверсияға да бармайды. Лексикалық тұрғыдан таза қазақ тілінің байлығы еркін қолданылған, Міржақыптың поэзиялық шығармаларда жиі кездесетін араб, парсы, татар сөздері “Бақытсыз Жамалда” өте сирек, жоққа тән, оның есесіне (съезд, минут, фальш, план, учитель, расход, выборной тәрізді) кейбір орыс сөздерін өз қалпында алып жібереді. Жамал мен Ғали арасындағы ғашықтық сырларды көрсету үшін алынған өлең текстері айтыс үлгісінде, хат формасында берілген.
Шығарма сюжеті Сәрсенбайдың балаға зар болуы, Шолпанға үйленуі, одан Жамалдың тууы, Жамалдың молдадан оқып тәрбиеленуі, әдемі бойжетуі, Сәрсенбайдың билік үшін көмектеседі деген іш есеппен Байжанмен құда болуы, бұған Шолпанның қарсылығы, Ғали мен Шолпанның танысуы, Ғали мен Жамалдың танысуы, ғашық болуы, өзара тіл табысып, қашып кетуі, Байжанның келінінің кетіп қалуына орай жасаған аярлық дүние салуы, Жамалдың еріксіз Байжан босағасына келуі, Жұманнан көрген қорлық-зорлық, ақыры боранда адасып өлуімен аяқталған оқиғалардың бір-бірімен байланысқан, желісі үзілмейтін тізбегінен құралған. Композициялық тұрғыдан келгенде, лирикалық шегініс, қатар өрбіген желілер, қосымша эпизодтар жоқ, кей тұстарда автор оқырманға тікелей тіл қатып отырады. Бірер мысал:
1. “Оқушылар. Хикаямыздағы оқиғалар жоғарыда айтылмыш Сәрсенбайдың үй ішіндегі кісілерден басталғаны себепті, анық аңлатпақ үшін Сәрсенбайдың кім екендігін һәм нендей кісі екендігін жазамын”.
2. “Шолпан кісі көзіне түспей үйіне барып жата тұрсын, біз мезгілсіз аттанған жолаушыларымызды жолға салып жіберелік”.
3. “Енді оқушыларға елде болып жатқан уақиғалар мен мағлұм болсын”.
Авторлық баяндауда жазушы белгілі ортаның суретін, тұрмыс-салтты, адамдар мінезін сипаттай отырып, ретті жерлерде диалог мүмкіндіктерін кеңінен қолданады. Кей тұстарда тұтас толғауға ұласатын монологтар да бар. Адамдардың жүріс-тұрыс ерекшеліктерін, сөйлеу мақамын даралауға мән берілген. Сөйтіп, өз мезгілінің күрделі әлеуметтік-қоғамдық мәселесін көтерген, махаббат бостандығын жыр еткен, жанрлық тұрғыдан қазақ әдебиеті үшін жаңалық болған “Бақытсыз Жамал” прозалық туындысы жиырма бес жастағы Міржақып Дулатов ұлттық рухани тарихында терең із қалдырды, бірінші романшы атанды.
Өмір құбылыстарын жан-жақты қамту, сан алуан қақтығыстар үстінде көрінген күрделі бейнелерді жасау, көркемдік құралдар байлығы деп аталатын талаптарға жауап беретін іргелі қазақ романдарының эстетикалық ізденістер басы – “Бақытсыз Жамал да” көп уақыт салмай Міржақып туындысымен тақырыбы, нысанасы, әуезі сарындас Сәлім Көшімовтің “Мұңлы Мәриямы”, Тайыр Жомартбаевтың “Қыз көрелігі” (1912), Спандияр Көбеевтің “Қалың малы” (1914), Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Қамар сұлу” (1914) тәріздес прозалық шығармалар дүниеге келді.
Қазақ әдебиетінде баспа жүзін көрген алғашқы пьесалардың қатарында 1922 жылы Орынборда басылып шыққан Міржақып Дулатовтың “Балқия” драмасы да айтылуға тиіс. Бұл шығарманың нақты қай жылы жазылғаны туралы дерек белгісіз.
Пьесада көтерілетін әлеуметтік-қоғамдық мәселе жазушының бұрынғы поэзиялық, прозалық, публицистикалық шығармаларындағы арналарды одан әрі жалғастырып, драмалық жанр шарттарына орай лайықталып алынған материалдарды алдымызға тартады.
Авторлық ремарка ең алдымен кейіпкерлерді қысқаша мінездеп, олардың жас мөлшерін, бір-бірімен туыстық, кәсіби қатысын дәл көрсетеді. Мысалы: “Жарасбай – дәулетті адам. Жасы 68-де. Балқия – Жарасбайдың қызы. Ақылды, ашық ойлы. Жасы 19-да. Қасым – осы ауылдағы жәдит мұғалімі. Пікірлі, халықшыл жігіт. Жасы 25-те. Болыс – бай, жебір, зорлықшыл адам. Жасы 53-те. Тілмаш – болыспен жемтіктес, сұм жігіт. Жасы 31-де, - деп 18 персонаждың бәріне түсінік берілген.
Шығарманың сахнаға лайықталғаны, әсіресе оқиға ететін ортаны, ондағы декорациялық заттарды дәлді көрсетуден жақсы байқалады.
Пьесадағы оқиғалардың негізгі өтетін орындары Жарасбайдың үйі, болыстың кеңсесі, Қасымның қаладағы үйінің бөлмесі – осылардың бәрі авторлық ремаркада, негізгі заттары дәлді беріледі. Назар аударыңыз: “Жарасбайдың үйі бір бөлме. Есігі біреу, терезесі екеу, төрде жүк жиылған, текемет, кілем, көрпе жайылған, есіктен кіргенде оң жақта қазақы кіреует, тұсында ұсталған кілем. Алдында құрылған шымылдық, жиюлы кіреует алдында жерде сырмақ, оның үстінде қаптап төсеген көрпе. Жүктің бір шеті мен кіреуеттің арасында жерде тағы бір төсек. Оның үстінде қызылды-жасылды әйел киімдері ілулі. Бұл төсектің аяқ жағында кішкене сандықша. Сол жағында самауырын, ақ құман, поднос, шыны аяқтар, бұлардың тұсында жіпке асулы орамал, дастархан, жайнамаз. Перде көтерілген кезде үйде жалғыз Балқия көрінеді.”.
Бұл жерде драматург сахналық қойылымның дайын декорациясын қолдан қойғандай етіп беріп отыр.
Алғашқы көріністердегі әрекеттер осы ортада, Жарасбай үйінде өтеді. Бірден пьесаның түпқазық бейнесі Балқиямен танысамыз. Бұл бұрынғы ескі ауылдың хат танымайтын, оң мен солын білмейтін, әке-шешенің айтқанынан шықпайтын, ескі салт-сана шырмауындағы көрбала қыз емес, жаңа дәуірдің толқынында қалыптасқан, дүниеге өз тұжырымы бар, көзі ашық, әр нәрсеге пікір айта алатын, тіпті ежелгі тұрмыс-салт ережелеріне, шариғат билігіне, құдалық рәсімдеріне қарсылық жасай алатындай қайраты бар.
“Бақытсыз Жамал” романындағы негізгі кейіпкердің бірі Жамалдың сүйген жары – Ғали әрекет үстінде көріне алмайды, оның сөйлеген сөздері, жасаған істері көмескі, нағыз күресетін тұста, аяқ астынан ауырып, өліп қалуы да көңілге қонбайды. Осы олқылықтың орнын жазушы “Балқия” пьесасындағы мұғалім Қасымның бейнесі арқылы толтырды десек, дұрыс болмақ.
Пьесадағы тартыс жүйесінің бел ортасында Қасым тұр. Ол салған жерден еркін ойлы, жаңаша көзқарастағы жігіт екенін танытады. Басқа ауыл адамдары секілді дәулет иесі Жарасбайдың алдында бүгежектемей, ойындағы нәрселерді бетің бар, жүзің бар демей, ашық айтып тастайды. Әсіресе, кедей Нұрмақтың кешегі сайлау лаңынан бүгін заңсыз салық азабын жегіп отырған ауыр күйіне жаны ашып, бұл зорлықтың түпкі есебі неде екеніне сорлы шаруаның көзін жеткізеді.
Драматург қазақ ауылындағы әлеуметтік теңсіздікті, бай мен кедей, жуан мен жіңішке болып бөлінуді анық, дәл көрсетеді. Ескі салтты мүлде қолдамайды, қалың үшін қыз сатуды айыптайды. Бұл ретте Жарасбай жырынды, кеудемсоқ, әпербақан күйінде танылса, Нұрмақ мал – дүние үшін қыз жылатуға бармайтын иманды, арлы, намысты, ер кедей қалпында есте қалады.
Қасым мінезінің ашылуы, әсіресе, екінші перденің үшінші көрінісінде айрықша байқалады. Алдында Қасым-Жарасбай-Нұрмақ диалогтарында айқындала бастаған ерекшеліктер енді көзқарас, дүниетаным сипаттары болып танылады. Обал, сауап, пітір, зекет қақында дүмше молда түсініктеріне батыл қарсы шыққан Қасым шариғат, әділет жолын сілтейді. Ел дәулетінен жиналған қаржының құмға сіңген судай кім – көрінгеннің қалтасында, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуін айыптайды. Халық мұқтажына орай іс жасамай, патша отаршылары қасақана қазақ тілін жою, ұлт мектептерін тұншықтыру үшін жасап отырған қастандықтарды ашынып айтады. Бұл төңіректегі Қасым толғаулары Міржақып өлеңдері мен мақалаларындағы ой-сарындармен сабақтасып жатыр.
Төртінші пердеде Қасымның “Қазақ” газетін оқуы, Балқияға білім беруге талпынуы, сахнада пьеса қоюға әрекеттенуі, саяси қашқынға қаржы жинауы, озық пікірлі Құлтас, Ахметжан қатарлас достарымен қарым-қатынасы, ақыры Жарасбай, тілмаш, молдалардың жапқан жаласымен ұсталып кетуі – жаңа сипатты күрескер бейнесін айқындайтын белгілер.
Қазақ қауымының сан-алуан әлеуметтік, қоғамдық тіршілігі, тұрмыс-салт, шаруашылық жағдайы, мінез машықтары, арман мүдделері, отарлық езгінің кесепаты туралы толғамдарын әдеби шығармаларында түрлі бейнелер, көркемдік тәсілдер арқылы, кейде астармен, жұмбақпен, ишарамен білдірген Міржақып Дулатов журналистика, публицистика формаларымен өз заманы, күнделікті көкейкесті мәселелер, тарих сабақтары жөніндегі ойларын қолма-қол ашық, айқын етіп айтып беріп отырды. Бұл тарапта туған мақалалардың негізгі тақырыптары Қазақстанның отарлануы, шаруашылық, жер мәселесі, 1916 жыл оқиғасы, тарихи тұлғалар - әдебиет, театр, баспасөз, оқулық жасау, халықаралық жағдай, ұлттық мінез сипаттары секілді толып жатқан салаларды қамтиды.
Тіршіліктің шешуші тұтқасы, адам баласы байлығының кіндігі – жер мәселесін Әлихан Бөкейхановтан бастап алаштың көзі қарақты қайраткерлері ерекше көңіл бөліп, көптеген еңбектер, зерттеулер, мақалалар жазған. Бұлардың бел ортасында Міржақып Дулатов тұр. “Біздің мақсатымыз” (“Серке”, 1907) мақаласында қазақ халқының Ресейге тәуелділігі, отарлық тепкідегі ел екендігі, атадан мұра боп келе жатқан әдет-ғұрыптың, тұрмыс-салттың, мұсылман дінінің қудалануы, орыстандыру, шоқындыру әрекеттерінің өршуі, шұрайлы жерлердің тартып алынып, олардың байлар, дворяндар, помещиктер, генералдар меншігіне айналуы, бұларға қарсылық жасағандардың қуғын-сүргінге түсіп, абақтыға қамалып, түрмелерде отырғаны ашық айтылады. Патша өкіметінің отаршылдық саясатын қаймықпай айыптаған осы мақала үшін “Серке” газеті тәркіленді.
Кең өрістер қиылып, көші-қон мүмкіндіктері тұсалып, отаршылық қырсығынан тіршіліктің бірден-бірі көзі – малды еркін жаю мүмкіндігінен айрылған, сөйтіп аштан қырылу шегіне жеткен туған елінің азапты халіне ширығып, шаруашылық жүргізудегі ескі тәсілдерге қарсылық рухында орыс тілінде жазылып, латынша ат қойылған “Апат төнгелі тұр” (“Сибирские вопросы”, 1910) мақаласында патша өкіметінің шет аймақтарға бөлінген азды-көпті қаржысының шаруаға бір тиыны да бұйырмай, шенеуніктер жемсауында кете баратыны өз әрекеті әлсіз, сырт көмектен құр-алақан қалған елуге төніп келе жатқан жұт деген айдаһар туралы аттан салған дауыс бар.
Мәселені айқын қойып, соған дәл жауап іздеген мақаланың бірі – “Жер мәселесі” (“Айқап”, 1911) деп аталады. Мұнда Ресейден қарабұлттай қаптап көшіп келіп жатқан мұжықтардың отарлауы салдарынан қазақ қоныстарының тарылуы, ежелгі елдің тау-тасқа, құмшелге ығысу тағдыры ашына сөз болады. Енді жер кестіріп алып, қала болып тірлік ету керек пе, әлде бұрынғыдай көшпелі өмір салтымен қала ма – осы екі ұдай пікірдің екі жағының да тиімді, пайдасы, керекті жақтарын талқылай келіп, Клеменц, Винер секілді ғалымдардың тұжырымдарына да сүйеніп, Міржақып: “Қазақ мал баққан халық. Қазіргі бағып отырған малына лайық жер қалдырмай тастауын ақылға сыйдыруға болмайды. Халықтың ғұмыры 20-30 жыл емес, дүние тұрғанша тұруда үміт бар. Соның үшін түбін ойлағанда, қазіргі тұрмыстың неше ғасырдан бері бекіп қалған негізін бұзбасқа керек”, - деген ой түйеді. Сұңғыла қаламгер кейін зорлықпен жасалатын колхоздастыру кесірінен болатын ашаршылықты да, миллиондаған басқа жұрт өкілдерін алып келіп, тың жерлерді парықсыздықпен жыртып, табиғи ортаны жауыздықпен бұзып, қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерінен, тілінен, тұрмыс-салтынан айырылуына алып келетін кесепатты жағдайларды күні-бұрын болжап білгеніне таң қалмасқа лажың жоқ.
Бұрын патша өкіметіне алым-салық төлегенмен, әскерге жігіт беріп көрмеген қазақ елі үшін 1916 жылғы маусым жарлығы шаңыраққа түскен найзағайдай әсер етті. Жұрт не істерін білмей дал болған осындай тұста қазақ оқығандарының Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов бастаған тобы қатал өмірдің қаһарлы талабынан қаймықпай, халыққа арнап, “Алаш азаматына” (“Қазақ”, 1916) деген мақала жазып, болып жатқан дүниежүзілік соғыстағы Ресей, қазақ не істесе дұрыс болмақ деген сауалдарға азаматтық парыз тұрғысынан жауап берді.
Авторлардың патша өкіметіне емешегі бұрып тұрған жоқ, еріксіздік, мәжбүрлік жағдайдан туған таңдау негізінде ауылда отырып, босқа қырылғанша, қара жұмысқа барып, аман қалуды мәслихат етеді. Осы шешімге келген күнде ел ішіндегі басшы адамдар бай, кедейге, жақсы, жаманға, топ, руға бөлінбей, параға, малға сатылмай, солдатқа жөнелтілетіндердің тізімін жасауды, кейбір ретте жеңілдік сұрауды ұсынады. М.Дулатовпен бірге А.Байтұрсынов, М.Тұңғаншин, С.Қадырбаев қол қойған “Торғай һәм Ырғыз уезінің халқына” (“Қазақ”, 1916) деп аталатын ашық хатта тыл жұмыстарына жігіт бермегендігі үшін Түркістанда, Жетісуда жазаланған, бекерге опат болып, қырылып қалған, тау-тасқа, сай-салаға, шетелге қашып, қуғын-сүргінге түскендердің тағдырын баяндай келіп, қан төгілгенін, жұрттың берекесі кететінін ескертіп: “Бұл хатты жазушы біздер, өз балаларың, өз тумаларың. Жанымыз ашиды, қабырғамыз қайысады. Біздің ата-ана, туған-туысқандарымыз іштеріңде. Бізді қазақ баласы қанына тартады, жаны ашиды десеңдер, тіл алыңдар: қан төкпеңдер, қарсылық қылмаңдар. Алынатын жастар басын қорғаймын деп, үйдегі кемпір-шал, қатын-баланың обалына қалмасын. Бізді орысша оқып, орыс арасында жүр, біздің пайдамызды айтпас деп, ойлайтындардың бізді құдай мен аруаққа тапсырыңдар”, - деп жандары шырқырап, имандай сырларын айтқан. Рас, алаш азаматтары өз мақалаларында 1916 жылдың қиын-қыстау заманында қазақ ауылына қару алып, орыс патшалығына қарсы шық деп үгіттеген жоқ. Олар үкімет басына большевиктер бастаған революционерлер келетінін де күні бұрын болжай алмады.
Халық мақсаты үшін күрес тәсілдерінің бірі байлау жолымен болған өкімет орындарында өкіл ұстау деп білген Міржақып Дулатов “Үшінші июнь законы һәм қазақ” (“Қазақ”, 1914) мақаласында 3-ші және 4-ші мемлекеттік Думаларда қазақ халқының депутат болдырмай тастау себептерін ашып береді. “Ашық хат” деген мақаласында: “Бір кісі бар іске жарайтын болса да, аз болмас. Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрі бір: депутат бол, газет шығар, бала оқыт. Өзгеміздің бәрі сай болып, жалғыз депутатқа қарап тұрған іс жоқ. Халқың надан болса, мың депутатың болсын пайда тағы жоқ. Депутаттықты таңсық көріп, атағына қызығып, яки бәсеке үшін баратын кісі болмасқа тиіс” деген дәл бүгінгі Қазақстандағы жағдайды күні бұрын болжап білгендей, қызықты да құнарлы ой толғайды.
Міржақыптың Абайға арналған алғашқы қысқа ғана мақаласы татардың “Уақыт” газетінде 1908 жылы жарияланған. Ақынның ой-өрісі, білім деңгейі, туған жері, шыққан ортасы айтылып, әдеби мұрасына жалпылама баға беріліп, оның орыс әдебиетімен, әсіресе Лермонтовпен үндестігі ескертілді.
1914 жылы “Қазақ” газетінде басылған “Абай” мақаласы ақынның опат болғанына он жыл толуына орай арналып жазылған. Мұнда әдебиеттің, оның көрнекті өкілдерінің халық тарихында алатын орны айрықша бағаланады. Абайдың қадырын білмеу, оны елеп-ескермеу ұлттың үлкен кемшілігі ретінде аталады, әдебиет елдің жаны деп көрсетіледі.
Абайдың ғұмыр жолын қысқаша баяндап, тұңғыш кітабының шығу тарихы, оған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан және ақын балалары мен інілерінің қатысуы, Семейде Нәзипа Құлжанова өткізген әдеби кеш туралы сөз болады.
Ең құнарлы ой – Абай қазақтың жаңа әдебиетінің басы, негізін салушы деген тұжырым, алғашқы жарық жұлдыз деген балама. Орыстың бірінші жазушысы Ломоносов деп санап, Абайдың өз халқының тарихындағы орны онымен қатарлас деген салыстырма жасайды. Абай шығармаларын жариялау, насихаттау, оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін мұражайлар салдыру керектігін толғана сөз етеді.
Абайдың қазақ халқы тарихындағы мәртебелі орнын басқа елдер әдебиетімен сабақтастықта алып қарап, дәл тауып, дұрыс бағалап берген Міржақып келешек заманда ұлы ақынның атақ-абыройы, мерей-даңқы өсіп, жаңа буынмен емірене табысатын ерекше әулиелікпен көре білген. Дөрекі социологиялық, таптық, атеистік көзқараспен келген кезде зерттеушілер абайтануда толып жатқан, солақайлыққа, сан алуан қателікке ұрынғаны белгілі. Ал Кәкітай Ысқақов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов ұлы ақын шығармаларын тануда ұлттық, халықтық, эстетикалық таза талғаммен ешқашан мәнін жоймайтын бағалы байламдар жасай алды. Абай шығармаларындағы сарын-әуезді, ой-пікірді, идея-нысананы алаш азаматтары терең сезіп, тебірене насихаттай білген.
Қазақ тарихының заңғар тұлғасына арналған “Хан Абылай” (“Айқап”, 1912) мақаласы негізінен аңыз әңгімелерге, фольклорға, Бұқар жырау, Арыстан, Жанақ, Орынбай ақындар жырларына сүйеніп жазылған. Алдымен Абылайдың шыққан тегі, бабалары, Бұқара, Ташкент, Түркістан жағындағы бұлдырлау ғұмыры, Төле би, атығай Дәулеткелді байдың жылқысын бағатын шағы, қалмақпен бір соғыста “Абылайлап” шауып, атаққа ие боп, хан сайлануы көркем тілмен баян етіледі. Қызықты дерек – Абылайдың әйгілі жолбарыс, аю, қасқыр, түлкі, қоян туралы өзіне, ұрпақтарына қатысты түсі және оның жоруының берілуі. Ханның соңғы әрекеттері Самарқант, Ташкент жорығы, опат табуы тарихи нақты жағдайлардан алшақ емес. Абылай заманының исі қазаққа мәлім болған атақты адамдары қатарында Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаздауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Көкжарлы Көкжал Барақ, Шанышқылы Бердіқожа айтылады. Ханның отыз ұлы болғандығы көрсетіліп, даңқты Кенесары мен ер Наурызбай мадақталып, генерал атағын алған нәсілдері Ғұбайдолла Шыңғысханов, Сұлтанғазы Уәлихановтардың білім дәрежелері бола тұра, жұртын өрге сүйремегенін өкінішпен ескертеді. Мақалада Абылайдың батырлығы, ел аралық қатынастағы даналығы, қазақ-орыс, қазақ-қытай саясатындағы көрегендігі, әлеумет қайраткерлігі айтылмағанмен, қысқаша ғұмырбаяны оқырман назарына тартылған.
Шоқан Уәлиханов туралы жазылған қазақ тіліндегі ең алғашқы түбегейлі, жан-жақты мақала Міржақып қаламынан туып, 1914 жылы “Қазақ” газетінде жарияланды. Автор 1904 жылы Санкт-Петербургта Н.Н.Веселовский редакциясымен шыққан үлкен бір томдықта басылған материалдарды арқау ете отырып, ұлы ғалым, ағартушының ең алдымен ата тегі, шеше тегімен таныстырады, қазақ дәстүрі бойынша екі жағын да рулық жүйемен таратып, ол аталардан шыққан белгілі адамдарды айтады. Шоқанның білім алған, тәрбиеленіп өсіп, биік әлемдік деңгейге көтерілген рухани-мәдени, ғылыми-тарихи кіндік қаласы – Омбы, ондағы кадет корпусы, тәлім берген ұстаздар, Достоевский, Дуров, Потанинмен дос-жарлық – осының бәрі дерекпен дәлелденіп, құжатпен айғақталып толық айтылады. Жас дарынның оқу бітіргеннен кейінгі тағдыры, Қашғар сапары, Петербургке баруы, қырға қайтып оралып, Черняев экспедициясында болуы, ақыры Тезек төре ауылында көз жұмуы түгелдей баяндалады. Бұл ықшам ғұмырнамалық сипаттама – кейін тұтас ғылым саласына айналатын шоқантанудағы тырнақалды байсалды, салмақты еңбек.
Бұл мақаладан Шоқан кімдерді оқыды, қандай ғалым, жазушылардан үлгі алды, ориенталистикаға қалай келді, декабристер қозғалысына қатысы болды ма, өз заманындағы қандай ірі қайраткерлермен дәм-тұздас, тағдырлас еді деген сауалдарға жауап табамыз. Басқаларды айтпағанда, Шоқанның Семенов-Тян-Шанский, Достоевский, Тургенев, Пушкин, Лермонтовтарға қатысы деген мәселе көтеріледі. Орыс армиясының офицері бола тұрып, өзінің қалтқысыз қызметімен, ғылыми зерттеу еңбектерімен, әдебиетші, фольклоршы, тарихшы, этнограф, суретші, саяхатшы ретінде туған халқының рухани-азаматтық тарихында терең-терең арналардың бастаушысы болған, қазақ-орыс, қазақ-қырғыз, қазақ-ұйғыр жұрттарының арақатынастары үшін алтын көпір салған елші іспетті Шоқанның атына айтылған кейбір жала-ғайбатты Міржақып жоққа шығарып, ұлы азаматтық ұлт керуеніндегі қасиетті тұғырын қапысыз танытып береді.
Алаштың екі алып азаматы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов ауылдас, аталас, ең бастысы бұлардың ұлы күрес жолындағы рухани туыстығы – қазақ тарихындағы қымбат та қастерлі беттерді бірі. Міржақып шындап келгенде – Ахметтанудың негізін салушы. Оның орыс тілінде 1922 жылы жазылған “Ахмет Байтурсынович Байтурсынов” деген биографиялық очеркі – осы тұжырымға толық дәлел бола алады. Бұл еңбекте тұңғыш рет Ахмет Байтұрсыновтың туған жылы өскен жері, ата-бабасы, оқыған мектептері, істеген қызмет орындары, қазақ халқына жасаған тарихи еңбегі дәл, айқын көрсетіліп, толық, дұрыс бағаланған.
Ахметтің ақындық, публицистік, ғалымдық, қоғамдық қызметтеріндегі эволюциялық жол талдап берілген. Әкесі Байтұрсынның орыс әкімшілігінің зорлығына көнбеуі, Ахметтің жастай жетім қалуы, жоқшылық тепкісін көруі, арнаулы мектептенден білім алуы, Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атыраптарында мұғалімдік қызмет етуі, патша өкіметі тарапынан қудаланып, Семей түрмесіне түсуі, Орынборға жер аударылуы бір арна сөз болса, “Маса”, “Қырық мысал” кітаптарының мазмұны, идеялық нысанасы және талданады. “Қазақ” газетін ұйымдастырып шығаруы, қудалануы туралы дәлді деректер беріледі. Ахметтің Алаш қозғалысына қатысуы, Кеңес өкіметі кезіндегі қызметі деген мәселелерге де анық, бұлтақсыз жауап берілген.
Көптеген әсіре қызыл, шолақ белсенділер, таптық схоластика тұрғысынан байбалам салып, қайдағы пәлені ойлап шығарып, қара күйе жағып, улап-шулап жатқан кезде, Міржақып Дулатов тарихи фактілерді тырнақтай да бұрмаламастан алаштың ардақтысы – Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылық, қайраткерлік реалистік портретін жасап берді. Бұрынғы кеңес елінде, шет мемлекеттерде Ахмет Байтұрсынов туралы жазылған кейінгі еңбектердің авторлары бірқыдыру нақты деректерді осы Міржақып Дулатов очеркінен алғанын көреміз.
Шағын ғана “Ғабдолла Тоқаев” мақаласы (“Қазақ”, 1913) татардың жиырма алты жасында мерт болған ұлы ақынының қазасына орай жазылған. Қысқа ғұмырда ұлттың бас ақыны деңгейіне көтерілген дарынның жетімшілік, тауқыметке бой бермей, поэзияның биік шыңына көтерілу жолы айтылып, оның есімі татар халқы үшін қазақ арасындағы Абаймен теңдес деген тұжырым жасалады.
Тағы бір қазанама – қазақтың университет бітірген, тұңғыш заң мамандарының қатарынан құрметті орын алған, алаш қозғалысына белсене қатысқан, кейін Кеңес мекемелерінде қызмет еткен әйгілі азамат – Ахмет Бірімжановқа арналған, аяулы қайраткердің өмір жолы, артында қалған үрім-бұтағы іш тарта баяндалған. Алаштың көзге түскен жігіті – семинария бітірген, бала оқытқан, абақтыда отырған, күрескер Отыншы Әлжанов қырық жасында қаза тапқанда, Міржақып қайғыра отырып, “Тағы құрбан” деген мақала жазды.
Қазақ даласында Семей облысы, Тұзқалада казак шаңырағында туып, Омбыдағы кадет корпусында Шоқанмен бірге оқыған, ол туралы естеліктер жазған досы, әйгілі ғалым, саяхатшы, қазақ фольклорын жинап зерттеуші Григорий Николаевич Потанин ерекше құрметке бөленген. Оның сексен жасқа толған мүшелтойына арнап Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов өлең жазып, бүкіл Сібір халықтарына ортақ тарихи еңбек жасаған қарт оқымыстыны мадақ еткен. Мұның үстіне Міржақып “Григорий Николаевич Потанин” (“Қазақ”, 1915) мақаласында атақты ғалымның тарихи орнын көрсетті, өмір жолын, жазған ғылыми еңбектерін тұтас шолып айтып береді. Әсіресе, белгілі ғұламаның қазақ еліне, мәдениетіне, әдебиетіне сіңірген еңбегі жоғары бағаланады.
Кеңес дәуірінде жазылған – “Нариманұлы Нариман” (“Қызыл Қазақстан”, 1925) мақаласында әзірбайжан халқының перзенті, Кавказ бойында үлкен әрекеттер жасап, кезінде күллі Ресейге атағы шыққан белгілі революционердің туған, өскен ортасын, білім алған ордаларын, қызмет қылған жерлерін түгелдей айтып, негізгі қоғамдық істерін көрсетіп, басты әдеби-ғылыми туындыларын көктей шола отырып, аса ірі қайраткердің шығармашылық кескінін жасап береді.
Қазақ халқының тарихи тұлғаларына арналған ғұмырнамалық мақалаларының үстіне Міржақып Дулатов таза тарихи мәселелерге арналған туындылар да берді. Олардың ішінде екі еңбекті бөліп айту керек.
Жолсапар әсері ретінде оқырманмен сырласу үлгісінде басталатын “Хазірет Сұлтан” (“Қазан”, 1913) мақаласында қазақ халқының тарихына, қазақ-өзбек мемлекеттерінің байланысына, Ташкент, Түркістан иелігіне, Ақсақ Темір, Сығай хан, Есім хан, Тұрсын хан, Бүке хан, Қайып хан, Ғұмар хан, Жәдігер хан әрекетіне қатысты көптеген деректер келтіріліп, сан алуан мәліметтер беріледі. Ең бастысы Ахмет Яассауи кім екендігі; зират-мешіттің салынуы, құрылыс ерекшеліктері, күмбез бөлмелердің өлшемдері, түрлі заттардың сипаттамасы, қандай әйгілі адамдардың жерленгені жан-жақты айтыла келіп, орыс әскерлері зеңбірекпен атқаннан кейінгі кешене тағдыры, жөндейміз деген желеумен елден қаржы жинап алып, оны өздері сіңіріп кеткен жырындылардың ұрлық-қарлық әрекеттері әшкереленеді. Күтімсіздіктен қасиетті, киелі мешіт орнында үйіліп бір оба томпайып қалуы мүмкін деген Міржақыптың ащы ойы күні бүгінге дейін сейілген жоқ қой.
Айрықша мәні бар “Қазақ, қырғыздың аты, тегі туралы” (1923) деп аталатын зерттеуде Міржақып Дулатов біздің халқымыз жөнінде жазған Г.Ф.Миллер, П.С.Паллас, И.Г.Георгий, Н.П.Рычков, Ф.Б.Фишер, Г.Ю.Клсопарт, К.Риттер еңбектерін атап өтіп, әсіресе қазақ туралы үш томдық кітап жазған А.И.Левшинді жоғары бағалайды. Бұған қоса Шоқан Уәлиханов, Чулочников, В.В.Григорьев, В.В.Вельяминов – Зернов, Э.Мейр, Красовский, В.В.Радлов, Л.Ибрагимов, Н.И.Веселовский, Сенковский пікірлерін ескеріп отырады. Г.Вамбери, Фирдоуси, Әбілғазы Бахадур хан, Шәкәрім, орыс шежіресі, Әлихан Бөкейхан еңбектеріндегі деректер дәйектемеге алынады. Қазақ шежіресіндегі мәліметтерге мән беріледі. Қазақ, қырғыз халықтарының атын дұрыс ұғыну, қашаннан бері жұрт болғанын тану, үш жүзге бөліну және алаш атанудың себептері деген мәселелерге қатысты жалпылама, жинақтау, шолу түрінде, ғылыми еңбектерде тиянақталған ойлардың қорытынды тұжырымдары ұсынылады. Бұл еңбек Міржақыптың, қазақ, түрік, монғол, орыс, Еуропа, Азия тарихына байланысты көптеген зерттеулерді оқып, ой-елегінен өткізіп, халқының бұрынғысына қатысты өзі арнаулы пікір қалыптастырған, жүйелі көзқарасы болған тиянақты ғалым екендігін айғақтайды.
Әрі ұстазы, әрі рухани әріптесі, әрі күрескер досы Ахмет Байтұрсыновпен бірлесіп “Қазақты” шығарған, кейін кеңес газеттерінде де істеген Міржақып Дулатов – қазақ баспа ісінің, баспасөзінің тарихына қатысты тұңғыш пікір айтқан қаламгерлердің бірі. “Қазақ баспаханасы” (1917) мақаласында “Қазақ” газетінің қалай шыққаны, баспахана жағдайы, патша өкіметі тарапынан қалай қудаланғаны сөз болады. Іштен шыққан шұбар жылан іспетті сұмдардың, арызқорлардың, пәлеқорлардың, пәлелердің жапқан жаласымен Ахмет Байтұрсыновты, Әлихан Бөкейханды, Міржақып Дулатовты күйдірмек болған. Сол арыздардың текстері берілген. Осылардың кеселінен Ахметтің абақтыға қамалуы, сан рет айып төленуі, газеттің жабылып қала жаздауы айтылады. Осындай жалақорлықты, бұзақы мінездерді әшкерелейтін “Досмайыл хажыға ашық хат” (“Қазақ”, 1914) мақаласында (Ахмет Байтұрсыновпен бірлесіп жазылған) да сорақы деректер, бұлтартпас дәлелдер бар. Ішіне шынтақ айналмас қызғанышымен өртенген Досмайыл деген біреудің неше түрлі пәле-жала жауып, өтірік ғайбатпен алаштың ұлы азаматына күйе жақпақ, тіпті оларды патша өкіметімен шағыстырып, түрмеде шірітпек болған қанқұйлы әрекеттері әшкереленеді. Сондай қаскөй қылықтар кейінгі төңкеріс, қанқырғын, отыз жетінші жылдары ұлттық бетке шығар қаймағын сыпырып әкеткені еске түскенде, кесепат тамыры қай заманда түйін салғанын біліп, жағаңды ұстайсың. Қоғамның іштей шіруі, халықтың дай-дай болып бөлініп, бір топтың екінші топқа қасқырша шабуы, өтірік арызбен айдатып, соттату дертінің ушығуы “Дау құмар” (“Қазақ”, 1915) мақаласында Ақмола, Семей, Орал, Торғай, Ақтөбе атыраптарынан алынған көптеген сот материалдары арқылы көрсетіледі де, “қазақты жау мен жұттан құдай сақтар-ау, бірақ бұл мінезін қоймаса, тегінде, түбіне дау жетер” деген кекесінді ой айтылады.
Қазақ мінезіндегі солақайлық пен надандық кеселі Шу бойынан Омбыға гимназияға түсуге келген 11 жасар Дінмұхамед Әділов деген баланың тағдырына тигізген кесепаты “Балаларға жұққаны” (“Қазақ”, 1913) мақаласында өкінішпен баяндалып, автордың өзі жасаған қамқорлық көрсетіледі. Бір қыз басына азаттық алып бергені жайлы сөз ететін “Сол қыздың атын ұмыттым” (“Еңбекші қазақ”, 1924) деп аталатын туындыны көркем очерк, әйтпесе деректі қысқа әңгіме десе де қате емес. “Айқапта” басылған Шәкәрім хажы сұрауына жауап ретінде жазылған “Адамға тіршілік не үшін керек?” (“Айқап”, 1913) мақаласында ішкен-жегеніне ғана мәз болғандарды хайуандармен қатар қойып, қиянат, зорлықты, рушылдықты мансұқ етіп, жақсылық, адалдық, ұлт жолына қызмет етуді мұрат деп ұсынады, мансап үшін арын-жанын сатқандарды Абайдың “Мәз болады болысың” өлеңінен мысал келтіре отырып, мінеп-шенейді.
Мерзімді баспасөздің қоғамда алатын орны, мәдениетті елдерде оның “алтыншы мемлекет” аталатыны, халыққа хабар-ошар, білім берудегі қызметі “Баспасөз үлесі” (“Еңбекші қазақ”, 1923) мақаласында көрсетіле келіп, қазақ тілінде шыққан, жабылып қалған, шығып жатқан 42 газет-журналдық аты аталады. Баспасөзді өрістету, журналистиканы дамыту үшін қандай шаралар жасау керектігінің нақты тілектерін ортаға салады.
Мектеп, медресе, оқу орындарына арналған мақалалардан Міржақыптың ағартушылық-демократтық көзқарастары, ілгерішіл дүние танымы, ұлттық дамуды көксеген арман-мүддесі айқын көрінеді “Қирағат” кітабына алғы сөз ретінде жазылған “Мұғалімдерге” (1914) мақаласының үлкен әдістемелік, методикалық мәні бар. Мұнда мұсылманша, орысша білім алған мұғалімдердің айналып келгенде шәкірттерді қазақша оқытуда қандай тәсіл-амал қолдану керектігін бажайлап сөз етеді. Баяндап оқытудың жай-жапсарларын нақты текстен мысал келтіре отырып түсіндіреді. Жазушы қаламынан туған дүниенің сезінуге, естуге, көруге байланысын аша келіп, оқушы балаларға ұлт рухын сіңіруді негізгі мұрат деп табады. Оқытудағы мақсат тек білім сіңіру ғана емес, жақсы тәрбие беру, ұлт ұлын өсіру екендігі айрықша тәптіштелетін жәйт.
Бұрынғы қазақ арасындағы білім беру тарихына қатысты “Торғайдағы мұсылманша оқу” (“Қазақ”, 1915) мақаласынан көптеген дерек табамыз. Миссионер Ильминскийдің шәкірті Алекторовтың медресе аштың деп Байту молда мен Бейіс хазіретті қудалағанына қарамастан, мұсылманша оқудың Торғай атырабына үзілмегендігін көреміз. Жаңаша оқыту талаптарын қоя отырып, кейбір молдалардың келеңсіз мінездері, шәкірттерді арқалатып қойып сабайтын әрекеттері сыналады.
Сахараға білім сәулесін шашқан қасиетті шаңырақтың бәрі – Уфадағы Медресе Ғалияның онжылдығына арнап жазылған мақалада осы оқу орнын ашқан Зияддин хазіреттің тарихи еңбегі ерекше аталып, қазақ шәкірттерін өсіріп, тәрбиелеудегі бауырлық қамқорлығы көрсетіледі де, енді осы ошақ қаражат жоқтығынан зардап шеккен кезде, қазақ баласы да қол ұшын берсін деген тілек айтылады.
Міржақып Дулатов қаламынан туған еңбектер ішінде сын жанрының рецензия, полемика формаларына толық жауап беретін бірнеше мақала бар. 1914 жылы “Айқап” журналы Алматы уезінің начальнигі Лиханов жазған “Манап” атты драманы қазақша аударып басқан. Міржақып осы драмаға жеке мақала арнаған. Қаламгер өмірді егжей-тегжейлі білу үстіне, көргені мен сезгенін көзге елестетердей бейнелеу үшін талантты болуы шарт екендігі тиянақты айтылып, пьесаның мазмұны нақты талданады. Қазақ тұрмысында мүлде жоқ, жасанды жәйттердің өтірігі соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіледі. Ұзақ атты кісінің қасқырға қой жегіздің деп қойшыны бауыздауы, зорлығына көнбеген қызды өлтіруі, опасыздық жасадың деп, екі әйелін өлтіруі, жазықсыз жас баланың қанын төгуі, өлер алдында малға күнәсын сатып алмақ болуы, немересіне атастырған қызға өзінің ниет етуі, шалға бермекші болғанына қарсы шыққан өз қызын жарып өлтіруі – осы сияқты толып жатқан ойдан шығарылған, қазақтарға жаладай жабылған жәйттерді сынайды.
Аудармадағы қателіктер, теріс кеткен жерлер, қазақ ұғымына мүлде келмейтін сөздер, тіркестер, сөйлемдер тексті салыстыру арқылы көрсетілген. Осындай шала, халық тұрмысын мүлде бұрмалап көрсеткен құнарсыз шығарманы аударып басуға дәл осы сарындас қарсылық ойларды “Манап” драмасы туралы” деген мақаласында Сәкен Сейфуллин де айтқан.
“Надандық құрбаны” (1916) мақаласында автор театр, драма, проза, университет, студент, артист терминдерін қолдана отырып, өз кезіндегі қазақ жазба әдебиетіне сын пікірлер айтады, кемшілік-олқылықтарды көрсетеді, бірталай әдеби түрлердің әлі туа қоймағанына өкініш білдіріп, ең мол сала - өлеңнің өзінің сапасыздығына күйінеді, “бізде оқыған көп, ғалым хатшы. Хатшы көп, жазушы жоқ. Бізде өнер, ғылым, әдебиет кенже қалып отырған себебі де осы”, - деп ширығады. Осыдан кейін барып, Көлбай Тоғысовтың “Надандық құрбаны” пьесасын талдайды. Мұнда да бірінші қояр талабы – шығармада айтылған, көрсетілген оқиғалардың өмір шындығына, қазақ болмысына, тұрмыс-салтқа сәйкестігі. Бірнеше кісіні сөйлестірумен, біреуді үйден шығарып, біреуді үйге кіргізумен, біреуді ауыртып, біреуді өлтірумен драма болмайды деген жанрға қойылатын үлкен талапқа жауап бере алмаған шығарманың көптеген сорақы, жалғандықтарын автор жіпке тізгендей етіп көрсетіп береді. Кей тұста тіпті күлкіге айналдырады. Өлі туған тұңғыш театр кітабын әдеби кештерде сахнаға шығаруға болмайтынын дәлелдейді.
Міржақыптың қазақ тұрмысына арналған алғашқы екі пьесаны талдаған мақалаларында өмірлік шындыққа сәйкестік талаптары көркемдік, әдеби шарттармен егіз, қатар қойылады. Ұлт атына, ұлт намысына тиетін бұрмалауды көрген тұста сыншы ешкімді де аямайды, керек жерінде улы найзаны шаншып та алады.
“Қазақ әдебиет кеші” мақаласын (“Қазақ”, 1915) алғашқы қазақ сахналық қойылымына жазылған рецензия, тұңғыш спектакльге айтылған толымды пікір деуге болады. Кештің сегіз жарымда басталғанын, қазақ әдебиеті турасында Райымжан Мәрсековтің баяндма жасағанын, одан кейін Нұрғали Құлжановтың сөйлегенін айта келіп, Біржан мен Сара айтысының сахнаға қалай қойылғаны сөз етіледі. Перде ашылғаннан кейінгі көріністер, тұрған заттар, ойнаушылардың киімі, Сара болған Тұрар Қозыбағаркеліні, Біржан болған Жүсіпбек Аймауытұлы өнерлері, олардың әнді қалай салғаны, дауыс ерекшеліктері, көпшіліктің ықылас-пейілі баяндалады. Кештің екінші бөлімінде айтылған әндер нақты көрсетіліп, әншілер Жүсіпбек, Қали, Қайықбай, Әлмағамбеттердің дара сипаттары анықталады. Үшінші бөлімде Жанақ пен баланың айтысының, төртінші бөлімде қару-жарақты батырлардың, Қазақстанның түрлі атырабының киімін киген келіншектердің көрінісі сөз болады. Кешке кім қанша салым салды, қанша ақша түсті, Қаражан бай, Жақия қажының игілікті істері – осылар түгел айтылып, бәрінің басын құраған Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтар қызметі мадақ етіледі.
“Жазу тәртібі” (“Айқап”, 1912) мақаласында Ахмет Байтұрсыновтың қазақша жаңа жазу жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталып, қалай жазылса, солай оқуды құптап, кейбір басқа пікірлермен айтысқа түседі. Түркілік ұғымын бір емлені ұстанудан емес, ұлт, әрекет, іс ортақтығынан танитынын ескертеді. Ахмет ұсынған жазуға өзі қосар талаптарды да айтады.
Қазақ оқырмандарына халықаралық, жасанды ортақ тілэсперанто туралы тұңғыш мәлімет берген де Міржақып (“Айқап”, 1913 № 9).
Ұлттық тіл білімінің тырнақалдысы – Ахмет Байтұрсыновтың “Тіл құралы” кітабына арналған мақаласында Міржақып Дулатов қазақ тілінің байлығын, тазалығын айта келіп, осы тілдің бірте-бірте шұбарлану себептерін ашады, соған қайтсе тосқауыл қою жолдарын қарастырады. Өзінің шығармашылық жолынан мысал келтіріп, Абай кітабы, “Қырық мысалды” оқығаннан кейінгі бастан кешірген қаламгерлік өзгерістерді ортаға салады. Әдеби тілді қалыптастырудағы “Қазақ” газетінің тарихи қызметін көрсетіп береді. “Тіл құралдың” өзге еңбектерден артықшылығы қазақ тілінің табиғи қасиетін сақтағаннан деп тұжырым жасайды.
Кеңес дәуірінде жазылған “Қазақ тілін жүргізетін комиссияның құлағына алтын сырға” (1925) шағын мақаласында түсіну мүмкін емес балдыр-батпақ текстің өзін беру арқылы дүмше төрелерді мақтамен бауыздайды. “Қазақ тілінің мұңы” (1925) мақаласында қазақ тілінің былғануы, мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілмеуі, іс-қағаздарында қолданылмауы қызықты әдіс арқылы тілдің өз шағынуы ретінде келісті жазылған.
Шынына келгенде, Міржақып Дулатов ұстазы Ахмет Байтұрсыновпен тізе қосып отырып, қазақтың қоғамдық-көркемдік санасының жаңа бір терең арнасы – журналистиканың көптеген жанрлық формаларын қалыптастырды. Міржақып публицистикасы өзінің көп тақырыптылығымен, ғылыми тереңдігімен, логикалық жүйелілігімен, стильдік ықшамдылығымен, саяси науқандық, сектанттық, топтық мақсаттардан іргесі бөлек, халық, ел мүддесін бірінші орынға қоятын азаматтық шыншылдығымен ерекшеленеді. Ашық хат, фельетон, бөгде біреу жазған арыз, материалдардың өзін сөйлету, айтыс, полемика, тарихи құжаттарды пайдалану, қажет орайда кірме сөздерді, неологизмдерді қолдану, қазақша, орысша бірдей жазу, репортаж, очерк, проблемалық шолу, ғұмырнамалық мақала – Міржақып мұрасында осындай үлгілердің бәрі де бар.
Әдебиеттің барлық жанрында бірдей қалам тартқан қаламгер, қоғамдық-әлеуметтік іске жанын салып араласқан қайраткер Міржақып Дулатовтың өмірлік мақсатының биік нысанасы, тапжылмас темірқазығы – біркүндік даңқ, өтпелі дәулет, баянсыз шен емес, туған халқының бостандығы: өзін-өзі билеуі, отарлық езгіден құтылуы, ол қуғын-сүргін көріп, түрмелер азабын тартып жүрген азапты күндердің өзінде де, ақтық демі біткенше бұл жолдан тайған жоқ. Қазақ жұртының бүгінгі, болашақ буындарын алаш деп ұран салып, келешек үшін арыстанша алысқан Міржақып Дулатовпен бауырындай етіп табыстыратын, айналып келгенде, осы мәңгілік жасайтын асыл қасиеттер.
Достарыңызбен бөлісу: |