Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,


СОҒАЙЫН СӨЗІМНЕН БІР СҰЛУ САРАЙ



бет9/37
Дата23.10.2016
өлшемі10,52 Mb.
#55
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   37

СОҒАЙЫН СӨЗІМНЕН БІР СҰЛУ САРАЙ
«Ілияс Жансүгіровтің ірі поэмалары: «Дала», «Күйші», «Құлагер»… Осы үш поэма тұсында қазақтың Абайдан кейінгі поэзиясы аса биік ірі сапа табады».

(Мұхтар Әуезов)
Қазақ жаңа әдебиетінің бастау қайнарында тұрған құдіретті талант иелерінің бәріне тән ортақ асыл қасиет – көп қырлылық. Бұл ерекшелікті ақын, драматург, прозаик Ілияс Жансүгіров шығармашылығынан да көруге болады. Халық өмірін реалистікпен бейнелеген дарынды қалам иесінің әр жанрдағы туындыларының ішінде ерекше жарқырап тұрған оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады. Қазақ публицистикасының қалыптасуына зор үлес қосқан, Қазақстан Жазушылар одағын басқарып, әдеби процеске белсене қатысқан әлеуметтік қызметтер қаламгердің азаматтық келбетін көрсетеді. Ақынның терең идеялық, көркем мүсінді эпикалық шығармаларының танымдық-тәрбиелік мәні зор, олар қалың оқырманның ойына ой, сезіміне сезім қосады, қиялына қанат бітіреді, эстетикалық ләззат беріп, гуманистік-адамгершілік идеяларды толғайды.

Ілияс Жансүгіров 1894 жылы бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында (қазіргі Алматы облысы, Ақсу ауданы) туған. Ескіше хат танитын, араб-парсы, шағатай тілдеріндегі кітаптарды жинайтын, аңыз-ертегілерді, батырлық жырларды, тарихи оқиғаларды, әңгіме-шежірелерді жақсы білетін, көкірегі ояу, көзі қарақты, әр түрлі өнердің басын ұстаған әңгімеші, домбырашы, ұста, көшелі Жансүгір анасынан ерте қалған Ілиясты жетімсіретпей, еркелетіп, көп жақсы үлгі көрсетіп, қазақы адамгершілік жолымен тәрбиелеп өсіреді.

Халқымыздың құт-береке дарыған, ежелден ақындық, батырлық, даналық мекені болған Жетісу өлкесінің перзенті Ілияс көкірегіне жас күнінен бастап ән мен жырдың, өлең мен күйдің небір асыл нұсқалары ұялаған. Табиғатынан дарынды жаратылған зерек бала ел даналығы дариясына еркін жүзіп, уызға жарып, асыл байлықты бойына сіңіре білген.

Өз үйінде, әкесінен хат таныған, одан соң молда алдын көрген Ілияс біраз уақыт Қарағаш деген жердегі татар үлгісіндегі мектептен оқып, әр түрлі пәндерден сабақ алады. Бұдан кейін тұрмыс жағдайы билеп, шаруа күйттеп, тіршілік қарбаласына араласып кетеді.

Жастық қиял, арман толқулары, ауыл көріністері, табиғат суреттері оның оның жүрегін қозғап, тіліне ұйқасты сөздер оралып, өлең шығара бастайды.

Күнде өзі көріп жүрген айт пен тойдағы өлең-жыр, айтыс, жыршылар төгілтіп айтатын қисса қанша қызық болғанмен, оның жас қиялына ерекше әсер етіп, орасан зор ықпал жасаған Абайдың шығармалары еді. Әуелде дос-жаран, құрбы-құрдасты әзілдеген қалжың, сықақ өлеңді табанда ауызша алып тастайтын, өзі де ақындар айтысына түсіп кететін албырт Ілияс Абай данышпанның поэзиясымен танысқаннан кейін ақындық өнерге басқаша қарайды. «Оған шейінгі көрген, оқыған әдебиеттің бәрін Абай кітабы жоққа шығарғандай болды. Ойым ояна бастады. Қанбай, қайта-қайта оқи беретін болдым. Өзімде бір түрлі сергектілік, сілкініс, жүрегім де жаңалық сезгендей болды», - деп жазады кейін Ілияс «Қысқаша өмірбаяным» атты еңбегінде.

Жас ақынның сұлулық мұраттарының орнығуына, көркемдік талғамының қалыптасуына, өлең мәдениетін игеруіне реалистік Абай поэзиясының ықпал жасауы – оның әдебиет тағдырындағы бақыттылық, айта қаларлықтай эстетикалық құбылыс, дәстүр жалғастығын көрсететін жәйт. Ел қазынасы, халық фольклоры өкілдері тәжірбиелерінің сабақтары мен жазба әдебиеті үлгілері ақын туындыларында жаңа келісім тауып, өзіндік арна іздей бастайды.

Алғашқы өлеңдерден-ақ болашақ іргелі ақын Ілиястың стиль өрнегі, қаламгерлік дара тұлғасы айқындалады. Құйылған сөз тасқыны, эпикалық кеңдік, теңеу, айқындау, ауыстыру, кішіреуту, ұлғайту, түйдектеу, басқы, ішкі, соңғы ұйқас (А.Байтұрсынов терминдері) байлығы оның поэзиясының негізгі қасиетіне айналады. Лирикалық – философиялық толғау, ұзақ сюжетті шығармалар қатар жазылады.

Өз бетімен тірнектеп жинаған білімінің аздығын, түртінектеп оқыған кітаптардың мардымсыздығын қатты сезе бастаған Ілияс қайтсе жүйелі түрде оқымақ болып, 1920 жылы Алматыға келіп, үш айлық мұғалімдер институтының жанындағы қысқа мерзімді курста бес-алты ай оқығаннан кейін, денсаулығының нашарлауына байланысты ауылына қайтады.

Дауылды жылдардың тартысы тіршілігі жас мұғалімді өз толқынына тартады. Қазақ ағарту институтында, Жетісу облсының Қосшы комитетінде, губерниялық оқу бөлімінде, «Тілші» газеті редакциясында қызмет істеу, экспедицияға шығып фольклор үлгілерін жинау кешегі ауыл жігітін ширатып, шыңдайды. Жас азаматтың қызметтен өзге уақыты түгелдей кітап, газет-журнал оқуға, өз көкірегіндегі сырларды қағазға түсіруге жұмсалады. Алғашқы өлеңі 1917 жылы 22 тамызда басылған Ілияс «Тілші», «Кедей еркі», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» журналдарында жиі көрінеді. 1927 жылы «Беташар» атты үгіт өлеңі, 1928 жылы «Сағанақ» деген тұңғыш кітабы басылды.

Халықтың қалың ортасынан қайнап шыққан қажырлы таланттың мол өнімді еңбегінің берекелі жемістеріне таң қаласың. 1927-1937 жылдар арасында поэзия, проза, драматургия, сын, аударма салаларында жиырмадан астам кітап шығарып, артына аса бай әдеби мұра қалдырды. Оның лирикалық шығармалары, «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары, «Жолдастар» романы, «Кек», «Түрксіб», «Исатай-Махамбет» пьесалары – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған өлмес туындылар. Он жылдың ішінде осынша шығарма берген қалам қайраты, талант табандығы ғажап.

Тиянақты білімсіз ешнәрсе өндіре алмасына әбден көзі жеткен Ілиястың 1925 жылы Москвадағы Коммунистік журналистика институтына түсіп өмірдің үлкен бір кезеңіне шыққандай қуанышты сәті еді. Арнаулы пәндерді, лекцияларды былай қойғанда, тарихтан, философиядан, әдебиеттен, ғылымның басқа да салаларынан жан-жақты білім алу үшін өз бетімен дамылсыз іздену, талмай еңбектену Ілиясты тез марқайтады. Орыс, Еуропа классиктерінің шығармаларын зерттей оқу, тексере үйрену тәжірибесі ақын талантының жарқырап ашылуына мүмкіндік береді. Қала өмірі, шаһар тіршілігінің ырғағы сезімтал жүрекке орасан зор ықпал етеді.

1928 жылы журналистика институтын бірітіп, елге оралған Ілияс Жансүгіров «Еңбекші қазақ» газеті редакциясына қызмет істеп, қазақ баспасөзінің қалыптасуына көп үлес қосты. Аршынды қаламгер, үлкен мәдениет қайраткері Ілияс Жансүгіров 1934-1935 жылдарды Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болады, 1935-1937 жылдарды көркем баспасында поэзия бөлімін басқарады, СССР Жазушыларының І құрылтайында сөз сөйлейді, республиканың әлеуметтік өміріне белсене араласады. Жазушының М.Горькиймен шығармашылық байланысы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовпен достығы оның қаламгерлік жолында терең із қалдырған.

Көзі тірісінде қазақ поэзиясының өрен жүйрігі, ақындықтың құлагері атанған Ілияс Жансүгіров 1938 жылы жазықсыз жазаға ұшырады. Атылды.

Ілияс Жансүгіров «Қысқаша өмірбаяным» деген 1928 жылы жазған еңбегінде: «Хат білген соң өлең кітап оқығыш болдым. «Қыз Жібек» қиссаларын мен оқығанда талай жан жылайтын. Кейін аймағымыздың бозбаласының өлеңшісі болдым. Жарып той бастап, таңдап әріптес алып айтысып «құтырған» күндер өтті. Түнгі тойды таңға тарқатпай, ауыл әлеуметін ауызға қаратқан күндер өтті» деп жазды. Бұл сөздерде ақын өнерінің бастау қайнар, түп төркінін терең ұғуға мүмкіндік беретін кілт бар. Табиғатынан аса дарынды туған, бір естіген әнді, бір тартылған күйді, бір жырланған дастанды қолма-қол қағып алып әсте ұмытпайтын көкірегі сезімді, тілі орамды, құйма құлақ, зерек талант Ілияс ең алдымен халық әдебиетінің бай қызынасын бойына сіңіріп, өзі де сал, сері болып, айт пен той, қыз ұзату мен тамашаның көл дария қызығына батып, келіннің бетін ашып, өлеңге жоқтау шығарып беріп, ел ішінде Жансүгірдің ақын ұлы атанды. Қысқасы, Ілиястың мол арналы, терең ағысты поэзиясындағы туырылып жатқан көркемдік кестелер, таудан түскен селдей жөңкілген ырғақтар, бедері тозып, бояуы кетпген, алтын-күмістей сылдыраған сөз айшықтары, інжу-маржан, лағыл-гауһарша жарқыраған теңеу, ауыстыру, айқындау байлығы, асыққа құйылған қорғасындай дәлдік, шапқан аттың, соққан желдің екпініндей жігерлі жыр, терме, толғаулар ғасырлар бойы халық таланттарының небір жүйріктерінің асыл байлықтар қазынасынан, фольклордың мұхит мәнді, теңіз тектес құнарлы толқынынан келген болатын.

Мұның үстіне қазақ тілінде шыққан газет-журналдарды, кітаптарды құныға оқу жас ақынның жазба әдебиет дәстүрлерін үйренуіне, ой-өрісінің кеңейіп, білімінің артуына, саяси-әлеуметтік қөзқарасының қалыптасуына ықпал жасаған факторлар. Абайдың ақындық мектебінен шыққан, көптеген көркем қиссалардың авторы, дарынды композитор, асқан әнші, Пушкиннің «Евгений Онегин» романын еркін аударып, қазақ арасына таратқан, сегіз қырлы, бір сырлы, қызық та трагедиялық тағдыры бар аруақты ақын Әсет Найманбаевтың (1856-1923) бес өрлетіп, қырық қарпып, тоқсан толғап салған әнін естиді, сөзі – жаңбыр, даусы – дауыл ғаламат өнерін көреді. Әсетпен алғаш қалай ұшырасқанын, оның өнерінен, әнінен алған әсерлерін Ілияс «Тұңғыш тоғысу» (1923) өлеңінде жан-жақты суреттейді. Кейін Ілияс күй, ән әсерін бейнелегенде осы Әсеттен алған, үйренген, өзі дамытқан динамиканы, әрекетті, тірі қозғалысты көрсететін шалқыту, дамылдату, шаңқылдату, жорғалату, ағындату, қалтырату, жүгірту, шырқату, шығандату, шапшыту, шүмектету, нөсерлету, талдыру, толықсыту, тамылжыту, орағыту, саңқылдату, ырғыту, өршеленту, сар желгізу, серпілту, сумаңдату, қоңырлату, желдету, ойнақтату секілді сөздерді ерекше шеберлікпен, орынды да дәл қолданатын болады.

Ескі ақындарша ауызша, қолма-қол айтып тастайтын суырыпсалма өнермен қатар өлеңді жазып шығаруға машықтана бастаған көк қауырсын, жас қыран – Ілиястың қаламгерлік тағдырына 1916 жылдың ерекше орны бар. «Қысқаша өмірбаянында» өзі көрсеткендей, бұл кезде ол Абайдың 1909 жылы Петербургта шыққан жинағын қолына түсіреді. Бұрын данышпан ақын шығармаларын Әсет арқылы ауызша естіп, таң қалып ғажап әсер алған Ілиястың қолынан енді күндіз-түні түспейтін Абай кітабы болады.

Ақынның 1915-1920 жылдар арасындағы тырнақ алды туындыларын бағалағанда, осындай дәстүрлі арналар, әдеби ықпал-әсерлерді ескеру шарт.

Қолжазбалары сақталып, 1915-1916 жылдарда жазылған Ілиястың алғашқы өлеңдерінде өз заманының көкейкесті әлеуметтік мәселелеріне үн қосу, дәуір алға қойып отырған сұрақтарға жауап іздеу сарындары бар. «Арман» өлеңінде:

Мезгіл бар ма құтылар,

Шынжырлаулы тағдырдан?

деп отырған ақынның қоғамдық теңсіздікті түсіне бастағанын көреміз. Бұл байбаламға «Көңілдің жүгірісі», «Өзіме», «Сәлемдеме» өлеңдері дәлел бола алады.


Өнерге ұмтыл, өнерді біл замандас!

Қамдан, жатпа, заманыңнан хабарлас!

Ынта салсаң, білім туын қолға алсаң,

Теңдік тиер, ешкім күйе жаға алмас!


(«Замандасқа»).
Ортаға ұран тастағандай бұл ойлар сол тұстағы қазақтың ағартушылық-демократиялық бағыттағы ақын-жазушыларының эстетикалық принциптерімен сарындас. «Мақым», «Жыбырлақ», «Жаңылғаным», «Талғамалар» өлеңдерінде надандықты сынау, оқу білімге үгіттеу, адамгершілікті құрметтеу әуезі, дидактика элементтері бар.
Балаңды бер сабаққа,

Қойға айдама тымпыңдап!

Арттан өсек сөйлеме,

Көрнеу көзге жылпыңдап!


деген жолдарында Абайдың идеялық ықпалы байқалады. Ал:
Көз ұйқыда,

Көңіл қиқымда.

Ынтасы ұрлық, қулықта.

Көрсе былқыл,

Көрмесе қылқыр

Заңым түсті сұмдыққа.

Сұм-сұрқия қу заман

Ел қарғадай шулаған, -

деп жазғанда Ілияс өлең формасын ғана емес, сатиралық ойды да ұлы ақыннан алып отыр.

Жұлдызы жиі, айы жарық түнде тал перде жамылып, көк шалғында кездескен, бір-бірін қия алмай, таң алдында әрең қоштасқан ғашықтар («Ынтықтар»), қайғылы, мұңды, шерлі жанға ой салған, қоңырлатып, толқытып, емірентіп сайраған өнерпаз («Әншіге», «Бұлбұлға»), ақ сөйлеп, өмір күресін адал жырлауды мақсат еткен ақын («Өзіме») – Ілияс лирикасының бас қаһарманы.

Ұйықтап жатқан көңілді өлең түртер,

Қайғы, зарын, қуанышын жақсы тінтер.

Жүрегімнің айнасы шаң басқанда

Орамалым осы өлең бетін сүртер, -

деп ақын поэзиясының қоғамдағы алатын орнын, - образды суретпен бейнелейді («Жанды сөз»).

1917 жылы жазылған «Тілек» өлеңі Ілияс Жансүгіровтің алғашқы кезеңдегі тақырыптық-идеялық ізденістерінің бір қорытындысы секілді. Ақын лексикасындағы кедей, тартыс, бұқара, бостандық, ынтымақ, таң деген сөздер жаңа мағынаға, әлеуметтік мәнге ие болған.

Ылғалды тұман шағында саятшы Сартай, қайықшы Қалтай, мұңды Құлтай («Не күйде», 1919) не күйде екеніне жүрегі елжіреген, бүрсеңдеп жүгірген сорлы қойшы Таймасқа («Боранда», 1920) жаны ашыған ақын Ілиястың лирикалық кейіпкері «Арыным» (1920) өлеңінде мүлде өзгерген, ол:

Алқынамын, басылмайды арыным,

Тау селіндей екпін қайрат, сарыным.

Жарлы-жалшы, жақыбайды жарылқау –

Жандағы ауру, жүректегі жалыным, -
деп айтуға жетіп қалған күрескер таптың өкілі. Шығарма:
Арылтамыз аспанды аршып тұманнан,

Тазалаймыз жерді жонып жуаннан.

Тапсыз, тату, мерекелі, өнерлі

Ел жасаймыз еңбегіне қуанған, -


деген революциялық идеямен аяқталады.

Бұл сарындар ақынның «Жас бұлбұлдарға» (1921), «Жастар ұраны» (1922), «Тілек» (1922), «Жанар тау» (1922) өлеңдеріне де ортақ.


Әйел, еркек, жалпы жас!

Көтеріл, көрін, көзіңді аш!..

Топтан, тұтас, туғандас!

Жасасын еркің! Жоғалмас.

Жамырас, үлес, жалпы жас,

Қосыл, қозғал, қоғамдас!


Жалпы жасқа», 1922).
Мұндай үгіттік әуез, ашық пікір бұл тұстағы қазақтың революциялық поэзиясына тән элементтер еді.

Енді ел әлеуметтік іске белсене араласа бастаған еңбекші тап өкілінің нақты бейнелерін жасау талабына жазылған «Жас жалшыға» (1923), «Қойшы ойы» (1923) сияқты өлеңдердің ішінде шаруа адамының реалистік келбетін көз алдыңа әкелетін бір шығарма бар:


Адырайып тамырың,

Балшықты балтыр балағың.

Күн жеген қара жауырын,

Қарында айран, шалабың.

Топырақ шашып, жер айдап,

Жалтылдап ақ кетпенің.

Жұлма құлақ, су байлап,

Жырым етек шекпенің.


(«Егінші», 1922).
Өмірдің тура өзінен алынған диқанның жанды портреті осылай реалистік дәлдікпен жасалған.

Жаңа өмір салтанаты үшін керек басты құралдың бірі – оқу-білім санаған ақын, бұл тақырыпқа арнаған «Жастар» (1924), «Саналы жастарға» (1924), «Оқимын» (1925) өлеңдерінде:

Жас мұраты білім, тәлім-талабы,

Таудай болсын, оңалтуға алабы.

Жас қанжары – жүректегі жігері,

Өнер, оқу – жастық қару жарағы, -


деген сарындағы ағартушылық, өсиеттік идеялар айтады. «Баласынан анасына хат» (1927) өлеңіндегі шәкірт сөздері революциядан кейін оянып, қалаға білім іздеп шыққан қазақ жасының ой-санасын, түйсік-сезімін, ілгері ұмтылған қайратты ізденісін көрсетеді.

Революцияның тарихи сабақтарын, әлеуметтік-таптық мәнін, қазақ халқына әперген есе-теңдігін жырлау – Ілияс Жансүгіровтің саяси лирикасындағы арналы тақырыптардың бірі. Бұл орайда жазылған өлеңдерде ақын толғау, терме формаларын («Ұлы күн», 1923), мадақ, жыр үлгісін («Май тойында» 1923), аллегориялық кейіптеу әдісін («Октябрь күні» 1924) қолданса, бірқыдыру шығармаларында жаңа көркемдік-эстетикалық игіліктер жасады. «Ұштасқан үш тілек» (1927) өлеңінде бұрынғы өмірдің жаралы кескінін жел қуған ебелек, толқын теуіп құлатқан терек, қан сасыған қара қайық сипатында бейнелей келіп, ұшқыр қиялды қаламгер символдық, әрі нақты сипаты бар сурет жасайды да, ең соңында идеялық түйінді үш бейнемен тұжырады.

Балғалы бауыр баста тұр,

Күйелі дене, күс білек.

Орақты бауыр қаста тұр,

Маңқиған мұжық түстірек.

«Әйдә, бірге жүр!» – деді,

Ұмтылдым, тұрдым үш тіреп.


Ұстадым қолын бұлардың,

Айқасып қалды үш білек.

Таяғым таптым, таяндым,

Өзімді сездім күштірек.

Үшеуміз бірге аттандық,

Ұштасқан соң үш тілек.


Жұмысшы. Шаруа. Қойшы. Үшеуі қатар кетіп барады. Бұларды тоқтатар күш жоқ енді. Лирикалық кейіпкердің осыған сенімі кәміл, «Ұлы Октябрь» (1928), «Тоғызда» (1929), «Октябрь екпіні» (1934) өлеңдерінде ортақ сипат – революциялық пафос, өршіл идея.

Революциялық жаңғыруларға қарсылар, НЭП заманында бас көтерген элементтер, өтірік белсенділер саудагерлер, молдалар ақынның сатиралық қаламының отымен өртелді. Бұл тақырыптағы өлеңдерде монолог, диалог формалары, шағын скетч, драмалық көрініс үлгілері кең де шебер пайдаланылды. Бұл тұрғыдан келгенде, «Некешілдер» (1921), «Ала бие» (1922), «Шошқа» (1931) туындыларда ортақ идеялық сипат, композициялық ұқсастық, сатиралық, юморлық, ирониялық сөз қолданыс бар.

Ақынның саяси лирикасындағы ең бір берекелі арна - өзгерген дала келбетін, оның адамдарын, қазақ республикасының өрісті қадамын, кемел қимылын, қанатты келешегін жырлау, жаңа көзқарастағы адамның рухани келбетін, адамгершілік сырын, еңбектегі ерлігін бейнелеу. Шалқыған толғау үлгісіндегі «Бүгінгі дала» (1928) өлеңінде өткен күндерде қазақ халқы бастан кешірген қиямет, азаптар шола баяндалып, революциялық өзгерістер тудырған жаңалықтар, еркіндік, бостандық, азаттық мадақталады. Кейін бұл әуездер «Дала» поэмасында мол сарынға айналады. Темір жолдың келуін, завод-фабрикалардың салынуы, кен орындарының ашылуын құп алып, бұл құбылыстарды шалқыта жырлаған Ілиястың тамаша шығармаларының бірі «Алтын қазанда» (1930) индустрия тақырыбын игеруде дәстүрлі, ұлттық бейнелеу, көріктеудің фольклорлық үлгілері шебер қолданылды.

Ақынның саяси лирикасының шоқтығы биік туындысы – «Шаттық жырында»:


Дәуірлеп, дәулет өрлеп тұрған елміз,

Азат боп түрмесінен қанды азаптың.

Таңынан тарихының толғаны осы –

Ерікті ел қазақтың, ер қазақтың,

Елімнің шаттығынан шалқып жырым.

Мен де айдап өлеңімді өрге тарттым.

Бай жерім, бақытты елім – ұлы одағым;

Отаны азаттықтың, адамзаттың!

Табысқан туысқандай алуан халық

Астында бақыт тудың – балға орақтың! –

деп шалқуға шынында да заңды қақы бар еді.

Ілияс поэзиясындағы мөлдір арнаның бірі – табиғат лирикасы. Туған жерін, елінің тау-тасын, өзен-көлін беріле сүйген патриот ақын қоршаған ортаның ғажап сұлулығынан өз шабытына нәр алып, сан алуан бояулары буырқанған ғажап суреттер салды. Бұлардың ішінде нақты географиялық адресі танылатын («Ағынды менің Ақсуым»), табиғаттың бір сәттегі көрінісін бейнелейтін («Ақшам», «Бұлт», «Желді күн», «Жазғы таң»), құбылысты көз алдыңа әкелетін («Жауында», «Жел», «Тас») сан алуан үлгілері бар. Натюрморт, этюд, эскиз сипатындағы туындылардағы ойлар, символдық бейнелер, ишарат, философиялық идеяларға жетелейді, көп мағыналы сарын-әуездері тудырады.

Қазақ поэзиясындағы Абай қалыптастырған табиғат лирикасының ілгері өрістеуін Ілияс есімімен тығыз байланыста қарау керек. Табиғаттың дәстүрлі маусымдарына арналған ақынның алғашқы өлеңдерінің бірі «Жазға салымды» (1922) оқып көрейік:
Күркіреп, күңіреніп ұласып аспан,

Сіркіреп, бұлт тұмшалап, жаңбыр жауар.

Дүркіреп жауқазындар жарар гүлін,

Үлбіреп өсер шөптер, құлпырар қыр.

Жалтылдап жүнін тастар тай-талағы,


Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   37




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет