Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,



бет12/37
Дата23.10.2016
өлшемі10,52 Mb.
#55
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   37

ҮШ БАҒАНА
І
Қазақ әдебиетінде барлық жанрда бірдей ең көп жазған жазушы – Сәбит Мұқанов десек қателеспейміз. Оның қаламынан өлең, поэма да, әңгіме, хикаят, роман, пьеса, зерттеу де туды. Жазушы шығармаларынан тұтас кітапхана жасауға болар еді. Кей жазушылар тез жазып, тез таусылады. Сәбит таланты – құнарлы да бай талант. Оқырман оның ұзақ қаламгерлік жолының сәтті кезеңдерінің бәріне куә. Оның талантын дарқан дала табиғатымен салыстыруға болады. Сәбит – тынысы, өрісі кең қаламгер. Қазақ әдебиетінің тарихына ол ең алдымен жаңа заманның жыршысы ретінде енді.

Қара бұқараның қалың ортасынан қайнап шыққан ұлт мақтаныштарын еске алғанда, ең алдыңғылардың қатарында Сәбит тұрады. Ол – қоғам қайраткері, зерттеуші, ғалым, академик. Жазушылық жолын бағалаудағы маңызды кілт – оның өмірбаяны, туған-өскен ортасы. Сәбит Қызылжар жерінде туған. Бұл жер – "қызыл қайыңдар" өлкесі. Бұл өлкеде әдемі көлдер бар. Бұл өлке – қыста түтек боран, жазда салқын самал болатын қазақтың махаббатпен атайтын Сарыарқасы. Көп қыздың ішіндегі жалғыз Сәбит жасынан жетім қалады. Э. Хемингуэйдің "Жазушы болу үшін бақытсыз балалықты бастан кешіру керек" деген сөзі бар. Бұл ,әрине, асыра айтылған, бірақ шындығы бар сөз.

Сәбит қаршадайынан өмір азабын көреді. Жетімдік, жоқшылық тақсыретін тартты. Сөйтсе де, талантты баланың тауы шағылған емес. Ауыл молдасынан хат таныған. Табиғи аса талантты, ұғымталдығының арқасында хисса-хикаяларды жаттап өскен. Бұл оның кейінгі шығармаларына өзек болды, терең әсер етті, олардың мазмұны мен формасына ықпал жасады.

С. Мұқанов тағдырына бетбұрыс жасаған – қазан төңкерісі. Ол Көкшетау ревкомында, ЧОН-да істеді. Аласапыран заман оны тез марқайтты. Сәбит саяси жағынан тез толысты. Кейін Орынборда рабфакта оқиды. 20 – 30 жылдары газеттерде істеген. ЛГУ-де оқыды. Москвадағы Қызыл профессура институтын бітірді. Көп жылдар басшылық қызметте болды. Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат, Қазақстан КП Орталық Комитетіне мүше болып сайланды. Жазушылар одағының төрағасы. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алды.

Бірен-саран, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов секілді қаламгерлер болмаса, қазақ жазушыларының алғашқы буыны қадамдарын өлең жазудан бастаған. Сәбит алдымен айтыстардан нәр алған. 20-жылдардағы өлеңдері форма жағынан халық әдебиетіне жақын еді. Жақсы ерекшелік – мазмұн жаңалығы болатын. Әлеуметтік тартыстардың ауыр кезеңінде тура жолды дәл таба білгендер аз еді. Сәбитті қоғамдық әрекетке революциялық қызмет алып келді. Алғашқы өлеңдердің пафосы – жаңа заман рухын мадақтау, бостандықты жырлау, үгіт-насихат. Оның тырнақ алды туындыларының бірі – "Совет өкіметі және қазақ әйелдері" деп аталады. 1919 жылы жазылған "Бостандық" өлеңіндегі автор идеясы айқын. Мұнда ашық публицистік, саяси ой бар. Сәбит лирикасының биігі – "Майға сәлем" өлеңі. Бұл өлең форма жаңалығын ала келді. Өлеңде мазмұн жаңалығы да бар. Сәбит Май ұғымын жандандырады. Май - әділет пен тазалықтың символы іспетті. "Сөз- Советтік Армия" өлеңі үздік туындылар қатарына жатпақ, өзіндік ырғағы бар, терең мазмұнды туынды. Мұнда автор көптеген соны бояулар тапқан. Сөз өнерінің мәнін ашады. Өлеңде жаңа теңеу, жаңа бояулар мол. 40-жылдардан соң С. Мұқанов арнау, төрттаған секілді шағын формадағы ұсақ өлеңдер жазды.

С. Мұқанов 20-жылдары көптеген поэмалар тудырды, олар: "Жайлау үстінде", "Құрдас", "Альбом", "Наурыз гүлі", "Пионер", "Жетім қыз", "Балбөпе", "Ленин", "Батрақ", "Октябрь өткелдері", "Құланың құны", "Ақ аю"; "Сұлушаш". Бұларды тақырып жағынан екіге бөлуге болады:



  1. аңызға, фольклорға сүйеніп жазылған поэмалар;

  2. нақты өмірлік материалдар негізінде жазылған поэмалар.

Бұлардың бәрі бір көркемдік-идеялық деңгейде емес. Кейбір дастандарды ізденіс жолындағы тәжірибелер деп қараған дұрыс."Ленин","Батрақ","Октябрь өткелдері" поэмалары идеялары, тақырыптары бейнелері жағынан қызық туындылар."Октябрь өткелдері" поэмасындағы Теміртастың прототипін Сәбит жақсы білген,араласқан, белгілі революционер Угар Жәнібеков.

Бұл поэманың идеялық-көркемдік тағдырын айта отырып, созалаңдық, схематизм секілді кемшіліктерін де көрсету дұрыс."Сұлушаштың" жанры туралы екі түрлі пікір бар. Бір зерттеушілер поэма десе, Т. Нұртазин роман деп атайды. Негізінен, жанрды ондағы оқиғалардың көлеміне қарай айыруға болады. Егер осы тұжырымға ден қойсақ,"Сұлушашты" роман деген пікірдің жаны бар. Алғашқы қазақ романдарының бірі делініп жүрген "Қамар сұлу"- жартылай өлең, жартылай қара сөзбен жазылған шағын шығарма ғана. Ол роман жанрының европалық қатаң талабына толық жауап бере алмайды. Ал "Сұлушаш"- бұл тұрғыдан оқшау, кесек туынды. Сәбиттің өмірдегі мол тәжірибесі, үлкен таланты осындай сом шығарма жасауға мүмкіндік туғызды. "Сұлушашта" бұрынғы халық әдебиеті дәстүрі мен реалистік шығарма жазу принциптері ұштасқан.

Шығармадан автордың таптық позициясын айқын көреміз. "Сұлушашта" мазмұн, форма жаңалығы бар. Бұл тек қана қызық оқиғаларды хронологиялық сабақтастықта айтып берген ежелгі дастан емес. Бұл - ескі аңызды пайдалана отырып жазылған жаңашыл шығарма. "Сұлушаш"- қазақ әдебиетінің көркемдік деңгейін көтерген, әдеби дамуға ықпал жасаған кезеңдік туынды. Бұл ретте ол "Еңлік – Кебек" секілді трагедиялармен сарындас. Қазақ поэзиясының биік тұғырлары "Батыр Баян", "Құлагер", "Көкшетау" поэмаларымен "Сұлушаш" қашанда қатар тұрмақ. "Сұлушашта" бөлек-салақ, көлденең оқиға, артық сөз, жасанды ситуация кездеспейді. Сәбит талантына сюжет құру шеберлігі тән екенін көреміз. Детектив элементтері ұшырасады. Мысалы: Сұлушашқа жолбарыс шабуы, Алтайдың өзін-өзі өлтіруі т.б. Бұл шығарманың өмірлік материалы, жазылу тарихы, көркемдік–идеялық ерекшеліктері, поэтикасы өте қызық. "Сұлушаш"– Сәбит талантының айқын ашылып, жарқырап тұрған сәтті шағында жазылған құдіретті шығарма.

Сәбит прозасының барлық жанрлық формаларында сәтті, кезеңдік туындылар берді. Прозада Сәбит қалам тартпаған тақырып кемде-кем. Оның прозасында сан алуан стильдік-көркемдік ізденістер бар. Шығармаларын шартты түрде бірнеше жүйеге бөліп қарауға болар еді.

Деректі (документті), мемуарлық, қызық оқиғалы, шытырман сюжетті, психологиялық, әлеуметтік, тарихи, өмірбаяндық проза. С.Мұқановтың прозадағы дәстүрін, барлау тәжірибелерін прозашылардың бірнеше буыны пайдаланғанын жасырмау керек. Проза көркемдік- эстетикалық сана өскен кезде замана талабына байланысты туады. Көп уақытқа дейін қазақ әдебиетіндегі басты жанр – поэзия болатын. Қазақ прозасының балаң кезінде оған арна болған дәстүрдің бірі - әңгімешілдік. Бұл дәстүр әсіресе Сәбит Мұқанов прозасында кең тармақтанып көрінді. Рас, С. Мұқанов орыс, Европа әдебиетін жақсы білді. Оның жүрдек қаламы әлемдік реалистік әдебиеттен нәр алып отырды.

Сәбиттің тырнақ алды романы "Адасқандар" 1929 жылы тұңғыш рет кітап болып шықты. Т. Әлімқұлов пен Т. Нұртазиндер мұны қазақтың тұңғыш романы деп қарайды. "Адасқандар" жай қиялдан тумаған. Негізгі оқиғалар, кейіпкерлер өмірде болған. Жай көзге бір очерктік материалдан Сәбит көлемді роман тудырды. 1935жылы "Сын бая" деген атпен орысшаға аударылды. Шығарма дөрекі социологиялық сынға ұшырады. Соның кеселінен 15-20 жыл бойы оқушы қолына түспей кетті. Бірақ, шын жақсыны, асыл туындыны халық іздейді.

Романды биік талаптар тұрғысынан автор кейін қайта түзетті. Романның әлеуметтік мәні күшейген. Осы арқылы ескі заман күйреп, жаңа заман орнап жатқан өлара шақтағы ауыл өмірін, жастар, махаббат тағдырын баяндайтын "Мөлдір махаббат" романы туды.

Автор Торғай даласын мол суреттейді. Сөйтіп, шығарма қазақ әдебиетіндегі кесек романға айналды. С. Мұқанов "Теміртас" (1935), "Есіл" (1939) романдарын жазған. Бұларда сан алуан өмір шындығы, реалистік суреттер бар. Бірақ олар асығыс жазылған, әр түрлі көркемдік-идеялық олқылықтары бар шығармалар еді. Автор оларды өңдеп, шыңдап, көп томдығына ендіруді арман ететін, бірақ ол мақсат орындалмады.

Проза жанрындағы Сәбит Мұқанов ізденістерінің ең сәтті үлгісі – "Жұмбақ жалау". Кейінірек "Ботагөз" аталған бұл романнан С. Мұқанов талантының ең сапалы, қасиетті ерекшеліктерін көреміз. Революция алдындағы және революция тұсындағы қазақ өмірін автор реалистік тұрғыда бере білген. Дүниетанымы толысқан, шеберлігі жетілген жазушы талантының күш-қуаты, деңгейі, тереңдігі түгел көрінді. Сан тарау тамырлы соқтығыстарды, күрестер ықпалымен талай белдерде кездескен айқастарды шашыратпай, бір романға сыйғызған. Бұл роман туралы зерттеу еңбектер көп. Барлығы да "Ботагөз" жайлы ортақ тұжырымға келеді. "Ботагөз" – қазақ аулын революцияға алып келген әлеуметтік, психологиялық, экономикалық факторларды адам тағдырлары арқылы бейнелеген шыншыл шығарма. Бұл – күрескерлер бейнесін жасаған шығарма. Ботагөз, Асқар, Амантайларды алсақ, олар ұйқыдағы қараңғы адамдар емес, әрекет иесі – күрескерлер.

Қазақ прозасындағы реализм принциптері романда айқын көрінді. Қазақ прозасының әлемдік аренаға шыға бастауы "Ботагөзбен" де сабақтас. Кейінгі озық шығармаларға "Ботагөз" жол ашқан. Сәбиттің ең сұлу, ең көркем, ең бақытты тағдыры бар шығармасы осы "Ботагөз". Одан толысқан стильдің ізі көрінеді. "Ботагөз" романы реализм жеңісінің айғағы болды.

Жазушының көлемді, терең шығармаларының бірі – "Өмір мектебі" мемуарлық романының (30-жылдары "Менің мектептерім") кейбір тараулары "Әдебиет майданы" журналында шыға бастады. Хронологиялық жағынан бұл туынды Қазақстанның жарты ғасырлық өмірін қамтиды. Бұл циклдағы шығармаларда өмірлік материалдар айрықша мол. "Өмір мектебі" трилогиясын М. Горькийдің "Менің университеттеріммен" бір контексте зерттеуге болады. Қиялдан гөрі шындықтың, сүлдеден гөрі деректің бәсі артқан заманда Сәбит романдары тәрбиелік мәні күшті шығармалар болып табылады. "Тар жол, тайғақ кешумен" төркіндестігі де бар. Тарихи тұлғаларды бағалауда автор тарапынан кеткен қателіктерді де көрсету кере. Мемуарлық, деректі романдары арқылы С. Мұқанов қазақ әдебиетін жанрлық жағынан байытты. Сәбиттің өмірді кең бейнелейтін көлемді шығармасының бірі – "Сырдария". Қызықты оқиғалар, тосын кейіпкерлер бар. Кей жері созылыңқы болып кетеді, сенімсіз ситуациялар да кездеседі. Көп жылдар бойы С. Мұқанов Шоқан өмірін зерттеді, монография, пьеса-дилогия, роман жазды.

"Аққан жұлдыз" – Шоқан Уәлиханов туралы романдар циклының алғашқы томдары. Екі кітабы жарық көрді. Бұл роман - кең жоспарлы, мол мақсатты шығарма. Көп зерттеу нәтижесінде С. Мұқанов аса бағалы жаңа деректер тапқан. Ол өзінің алдындағы зерттеушілердің күрделі маңызды еңбектеріне сүйенді. Сәбит роман жазу мақсатымен Шоқан болған жерлермен арнайы жүріп өткен. Сәбиттің ерекше қарастырған материалдарының бірі – халықтың шежірелері, аңыз-ертегілер. Романның негізгі кемшілігі – шығарманың көркемдік нәріне енбей қалған фактілердің көптігі. Автордың осы олқылығын әдеби сын дұрыс атап көрсетті. Алғашқы екі кітапты әлеуметтік-психологиялық роман деп атауға сыя қоймайды. Шығарма көп жерде өмірбаяндық болып кеткен. Созылыңқы, артық детальдар жиі ұшырасады. Шығармада, әсіресе, Шоқанның туып-өскен ортасы, Сібір т. б. өлкелер ұзақ сылбыр суреттеледі.

Қазақ сахнасында үнемі қойылып жүрген С. Мұқановтың 3 пьесасы бар. Олар: "Ш. Уәлиханов", "С. Сейфуллин", "Қашқар қызы". Сәбит драматургияға 30-жылдары келген. Сол кезде Әуезовпен бірге "Ақан – Зайра" пьесасын, соғыс кезінде "Алтын астық" атты операға либретто жазды. Бұларда автор тартысты және кейіпкерлер тілін ескермеген. Оның ең көрнекті шығармасы - "Ш. Уәлиханов". Мұнда автор өзінің алдындағылардың тәжірибелерін пайдаланған. Тарихи тұлғаны қара бастың күйбеңімен емес, қоғамдық күрес үстінде суреттеу дәстүрі басым. Бұл – автордың табысы. 1954 жылы жазушылар съезінде М. Әуезов бұл трагедияны: "жалған романтизмге, натурализмге соқпайды. Ағартушы Шоқан бейнесі пьесада жақсы сомдалған. С. Мұқанов бір драманың бойына сыймайтын кең аумақты материалдарды қамтуға тырысқан", деді.

Пьеса негізінде сәтті спектакль туды. Шоқан ролін Нұрмұқан Жантөрин тамаша ойнады. Сәтті бейне жасаған екінші бір актер – Шымкент театрының артисі Қасымхан Шанин.

С. Мұқановтың келесі бір көрнекті пьесасы - "С. Сейфуллин". Замандастары Сәбит үнемі Сәкенмен жолдас, сырлас болды дейді. Сәкенді ең көп білетін Сәбиттің ол туралы шығарма жазуы заңды еді. Пьеса сюжеті "Тар жол, тайғақ кешумен" сарындас. Тұтас детальдар сәйкес келеді. Бұл Сәкен жайлы жазылар болашақ шығармалардың беташары десе де болады. Сәкен туралы басқа да авторлардың пьесалары бар. Олар: Қ.Сатыбалдиннің "Жер бетіндегі ұзақ жол", Ә. Әбішевтің "Сәлем, Сәкен аға", А. Сатаевтың "Азап вагонында" туындылары. С. Мұқанов "Тар жол, тайғақ кешуден" үзінділер де алады. Бұл да бір көркемдік тәсіл.

Жалпы алғанда "С. Сейфуллин" табыспен өтетін сәтті спектакльдерге негіз болды. Режиссерлер спектакльге Сәкеннің өз өлеңдерінен үзінділер енгізген. Бұл пьесаға салтанатты мақам береді. Пьесада сахналық эффект басым. Әнуар Молдабековтің Сәкені – көрермендердің көңілінен шыққан сәтті бейне. Сәбит драматургиясының табысы оның тарихи-ғұмырнамалық шығармаларында жатыр деуге болады.

С.Мұқанов–қазақ әдебиеттану ғылымына, фольклористикаға, этнографияға көп үлес қосқан ғалым. Сәбит әдеби процеске де белсене жиі араласты, рецензия, мақала, шолу жазды. Үлкен зерттеулер, күрделі монографиялар берді. Олар әдебиетші, сыншы, ғалымдардың бірнеше буынына әсер етті. Қазақ қаламгерлері туралы көптеген пікірлер айтты. Сәбит қазақ әдеби сынындағы естелік, мемуар, портрет жазудың шебері, әр жылдары шыққан монографиялық еңбектеріндегі ой-пікірлер кейінгі зерттеулерге мұрындық болды. Оның ХVІІ, ХІХ, ХХ ғ. Қазақ әдебиеті тарихы туралы әлі құнын жоймаған, іргелі зерттеулері бар. Сәбит-жалығуды білмейтін қаламгер еді. Талант деңгейлері әр түрлі жазушылар туралы да Сәбит жазған мақалалар аз емес. "Мың бір түнді" аударумен әдебиетте аты қалған Қ. Әбдіқадыров жайында мақала, ақын Ә.Тәжібаев, жазушы Ғабит туралы эсселер берді. Сәбит Мұқанов - мол арна, кең салалы өнер иесі. Өзі айтқандай "партияның өрге тартар өгізі" Сәбит Мұқанов – қазақ әдебиетіндегі піл сауырлы жазушы.
ІІ
Әлеуметтік күреске, қоғамдық қызметке, көркем өнерге ХХ ғасырдың басында келген, заман қуатымен түлеген, қазақ мәдениетінің бүкіл саласында халқын мол олжаға кенелткен ғажайып талантты буынның өкілі – Ғабит. Әдебиет тарихында Ғабит есімі Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбиттермен қатар аталады. Бұлар - өнеріміздегі жаңа арналардың көш бастаушылары. Әрине үлкен жазушы, кемел суреткер болу – бақыт, ал көш басылық одан да зор абырой. Қазақ жаңа әдебиетінің ірге тасын қалау миссиясы осы алыптарға бұйырды. Ғабит шығармашылығы – қазақ өнерінің сұлу бір арнасы. Ғабит әні – таза үнді, шырқау үн. Ғабит арнасы –мөлдір, тұнық арна. Ғабит шығармалары ұзақ баптап, жалқұйрығын сүзіп барып бәйгеге қосқан жүйріктерді еске түсіреді. Оның шығармаларындағы осы сұлулықтар жеке басына да тән қасиеттер. Ғабит Мүсірепов қазақ әдебиетіне мәдениет, көркемдік, тереңдік әкелді, оның шығармалары ұлттық және интернационалдық сипаттардың терең тұтастығының үлгісіндей.

Ғ. Мүсіреповтың балалық шағы Қазақстанның солтүстік өлкесінде өткен. Ауыл молдасы, Орынбордағы рабфак, Омбыдағы ауыл шаруашылық академиясы – осыларда оқып білім алған. Шортандыдағы орман шаруашылығы техникумында сабақ берген. Ғабит – қаламгерлікке кемелденіп, пісіп келгендердің бірі. Ол қоғамдық қызметтерге белсене араласады. Баспада істеді, газет-журналдарда редактор болды. Белгілі қоғам қайраткері ретінде ерекше танылды. Қалам қызметімен ғана отырған кездері де болды.

Ұзақ жылдар Қазақстан Жазушылар Одағын басқарды. Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР, СССР Жоғарғы Советтерінің депутаты, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ ССР халық жазушысы, мұның бәрі – жазушыға көрсетілген құрмет, абырой, даңқ.

Ғабит шығармалары әдеби сында көп талқының өзегі болды. Жазушы туындыларын ғылыми зерттеу 50-жылдары басталды. Алғашқы жеке еңбек – Т. Ахтановтың "Ғ.Мүсірепов" атты очеркі. Автор Ғ. Мүсірепов шығармаларын идеялық-көркемдік тұрғыдан жақсы зерттеп, шеберлік сырларын ашып, әлемдік классикамен байланысты тамырларын салыстыра қарастырады. Мүсірепов қаламгерлігі бірнеше диссертациялық еңбектердің объектісіне айналды

Н. Ғабдуллиннің кандидаттық диссертациясында Мүсірепов драматургиясы зерттелді. Бұл - Ғабит өнерпаздығын зерттеуге арналған тұңғыш ғылыми еңбектердің бірі еді. Қ. Құттыбаев, М. Бекбергенов, Ж. Молдағалиев, С. Әшімханова т.б. диссертация жазды. Ғ. Мүсіреповті зерттеудің жинақталған көрінісін Хасен Әдібаевтың "Талант, талғам, тағдыр" кітабынан байқауға болады. Әсіресе, текске тереңдеп бару арқылы жазушы шеберлігі, стильдік өрнектер ашылған.

Ғабит тіліне шешендік, мақал-мәтелдердегідей ықшамдылық тән. Ол –аткөпір көп жазудан қашқан қаламгер. Бұл авторды жалқау деген сөз емес. Классикалық шығармаларды нысана етіп ұстау алғашқы кезден бастап-ақ тізгін тартып отыруға үйреткен. Тырнақ алды туындылары әңгіме, хикаят үлгісінде жазылып, олар қазақ прозасына жаңа леп әкеп қосты. Ол сарын, ол арна –ащы шындықты күлдіре айту, Мүсірепов палитрасындағы ерекше жарқын бояу –күлкі, ескіні де, жаңаны да, жақсыны да, жаманды да, өмірді де, өлімді де күлкі арқылы беру. Ғабит әрқашан сөздің шайырын іздейді. Оның жазу машығы қара тасқа жан бітіретін мүсіншіні еске түсіреді. Әңгімелерінде ишарат, астарлы ой, қалжың, юмор, сатира, символ, емеурін, философиялық мегзеу мол. Олар әлем әдебиетіндегі үздік үлгілермен үзеңгілес деген тұжырымда әбестік жоқ.

Автор қазақ прозасына ерекше ырғақ енгізді. Бояуы қанық сурет жасады. Мәселен, "Кездеспей кеткен бір бейне" хикаятын европалық әдебиеттердегі ықшам туындылармен салыстыруға болады. Бұл – ақындық шабыттан туған шығарма. Сол секілді "Қыран туралы жыр", "Өмір жорығы" әңгімелерінде автордың көкейкесті сырлары айтылған. Бұлар – натуралистік шығарма емес, адамдық туралы шығарма. Ғ. Мүсірепов әңгімелері – қазақ прозасындағы асыл мен жасықты ажыратып, жаңа көркемдік игіліктер жасап, әдебиет көкжиегін кеңейтті.

Ғ. Мүсірепов деректі прозада да мәнді шығармалар берді. Жапония сапары жайлы әңгімелер циклін жазды. Мұнда арқа, тас тәрізді шартты нәрселер сөйлейді. Естелік әңгімелерінде Мұхтар Әуезов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов бейнелері бар. Ал "Кездеспей кеткен бір бейнедегі" басты кейіпкер Еркебұлан – Сәкен Сейфуллиннің тұлғасы. Көлемі шағын шығарма. Кейбір бөлімдері "Тар жол, тайғақ кешумен" сарындас. Автор бұған өз жанынан тың бояулар қосқан. Поэмада Сәкен өмірінің бірер эпизоды ғана алынған. Автор Сәкеннің өлімін домбыра шегінің үзілуі арқылы берген. Ғ. Мүсірепов – қазақ прозасына қымбат шығармалар қосқан жазушы.

Драматургиядағы шығармалары сан жағынан көп емес. Бәрі де сахнада қойылған. Қазақ әдебиетінің інжу-маржаны – "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" мен "Ақан сері – Ақтоқты". Бұлар қазақ драматургиясының шоқтығы биік шығармалары. Ғабит шебер драматург. Ол нағыз көркем пьеса тудырды. Өйткені іргелі талант драматургияға үлкен дайындықпен келді. Бұл әсіресе тілге, стильге байланысты дайындық. Сахнадағы сөздің әсері күшті екенінде дау жоқ. Әуел бастан сөзге шебер Ғабит драматургияда өнеріне өнер қосты. "Қыз Жібек" секілді музыкалық драманың либреттосында, эпосты сахнаға лайықтау деңгейінде көрінген автор 1939 жылы "Қозы Көрпеш – Баян сұлуды" жазып, тез шырқап өсіп, классикалық шығарма тудырды. Жырды алғаш рет Ж. Шанин пьесаға айналдырған. Ол 1926 жылы Қызылордада қойылған. Бұл инсценировка деңгейіндегі дүние болатын. Ғабит жырдан қажет идея, ой алғанымен, сөзбе-сөз ешнәрсені көшірмеген. Махабатты жырлаған, зұлымдыққа қарғыс айтқан бұл трагедия әлем әдебиетіндегі айтулы туындылармен сарындас шықты. Қазақ драматургиясында ақ өлең үлгісімен соны формалар тудырды. Шумақтағы тармақ саны әр түрлі болғанмен, ырғақ тудыратын элемент – буын санындағы біркелкілік үнемі сақталады. Нағыз трагедия жанрына лайықты күшті тартыс, қат-қабат күрделі тұлғалары бар тамаша шығарма "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" ұлттық сахнаның көркіне айналды, репертуардан берік орын алды.

Ғ. Мүсіреповтің драматургиядағы екінші асылы – "Ақан сері – Ақтоқты" трагедиясы. Бұл да ақ өлеңмен жазылған. Автор жалаң факт жетегінде кетпей, Ақан сері өмірінің бір ғана ситуациясын бейнелейді. Мұнда нағыз трагедиялық жағдайлар тудырған трагедиялық тұлғалар бар. Бос сөз, босаң сюжет жоқ. Бұл – күрескер ақын рухын терең суреттеген тамаша трагедия. Сахнадағы Ақан бейнесін қазақ актерлерінің бірнеше буыны жасады. Әсіресе Шәкен Айманов, Шахан Мусин, Досқан Жолжақсынов өнерлерін дара атау дұрыс. Ғабит – тұңғыш қазақ кинодраматургтарының бірі.

"Қазақ солдаты" – ұлттық әдебиетіміздегі әскери тақырыпқа көш басы болған шығарма.

"Оянған өлке", "Жат қолында" романдары көп толғанудан туған. Бұл – кең тынысты дилогия. Кейіпкері де көп, проблемасы да көп. Ол – қазақ әдебиетіне жаңа бояу ала келген туынды. Кезінде өндіріс тақырыбын реалистікпен бейнелеген мұндай шығарма бүкіл Орта Азия әдебиетінде жоқ болатын. Мұнда өндірістік қарым-қатынастағы адамдар тағдыры молынан суреттелді. Тұлғаларының сенімділігі жағынан "Оянған өлке" – еңсесі биік туынды. Шығарма кейіпкерлері Жұман, Игіліктер сомдап соғылған. Дала тарландары қулығына найза бойламайды. Ғабит кейіпкерін көбіне іс-қимыл арқылы, әрекет үстінде көрсетеді, өзі көрінбейді. Көп нәрсені кейінге қалдырып отырады. Романға көп сындар айтылды, онда біраз кемшіліктер көрсетілді.

Үлкен қаламгерлік ерлік жасап, жасы ұлғайған шағында жазушы "Жат қолында" романын бітіріп кетті.

Ғ.Мүсірепов мұрасының бір саласы көркемдік-эстетикалық ойлар. Ол профессионал сыншы да, көп әдебиетшінің бірі де емес, Ғабит әдеби процесті терең саралаған профессионал жазушы. Оның бұл саладағы еңбектері "Суреткер парызы" кітабында топталып берілді. Әдеби проблемалар жөнінде айтқан қомақты ойлары да бар. Ғ.Мүсірепов – сыншы. Б. Майлин, М. Әуезов, С. Мұқанов, Б. Бұлқышев, М. Шолохов, А. Тоқмағанбетов туралы эстетикалық білікті тұжырымдар жасады. Ол В. Шекспир, А. Островский пьесаларын аударды. Даусыз тұжырым: Ғ. Мүсірепов – қазақ әдебиетінің классигі.


ІІІ
Қазақ әдебиетіндегі аға буыннан шыққан прозаның төрт тұлпарының бірі – Ғабиден Мұстафин. Әркім әдебиетке әр түрлі жолмен келеді. Бірден үздік шығармалар берген қаламгерлер сирек. Рас, тіпті ерте көрінетін, жастай танылатын айрықша таланттар бар. Орыс әдебиетіндегі М. Горькийдің өмір жолы көптеген өнімді ойларға жетелейді. Ол жігіт шағында Кавказ, Донды жаяу аралаған. Орыстың стильге қатаң қарайтын жазушыларының пір тұтары – Паустовский де кезінде көп мамандықтың дәмін татып барып, ақыры жазушылықпен тоқтады. Ғабиден Мұстафин де осылар секілді әдебиетке өмірдің ащы-тұщысын көріп барып келген қаламгер. Табиғатынан талантты, сезімтал, алғыр Ғабиден үшін тіршілік талқысы талант қайрағындай болды. Қазақ әдебиетін байытқан үлкен романшы Ғабиден Мұстафин талантының бір ерекшелігі – құнарлы топырақпен, өмір сабақтарымен тығыз байланыстылығында.

Ғ. Мұстафиннің әкесі Мұстафа қажы көшелі кісі болған. Ғабиден жасында Спасскідегі 4 кластық орысша-қазақша мектепте оқыды. Одан өзге арнаулы мектеп көрмеген. 23 жасына дейінгі өмірі ауылда өтеді. Бұдан кейін Қызылордаға барып қағаз көшіруші болып істейді. Тұңғыш әңгімелері "Ер Шойын" жинағына енген. Көп ұзамай Қарағандыға қайтып келіп, 3 жылдай кен орнында істейді. Кейінірек облыстық "Қарағанды пролетариаты" газетінде, одан кейін Новосибирскіде шығатын "Қызыл ту" газетінде еңбек еткен. 1939 жылы Алматыға көшіп келіп, алғашқы романын жазуға кіріседі. Бұл кез оның замандастары Сәбит пен Ғабиттердің үздік жазушы ретінде атағы шыққан кезі. Ал Ғабиден бар болғаны "Ер Шойын" жинағының ғана авторы. Аз-кем қаламгерлік тәжірибемен роман жазуға кірісу қаламгерлік батылдық еді. Тырнақ алды "Өмір не өлім" романының бірқыдыру көркемдік-идеялық кемшіліктері болатын. Автордың даңқын шығарған негізгі шығармалары – "Шығанақ", "Миллионер", "Қарағанды", "Дауылдан кейін", "Көз көрген" романдары, "Ой әуендері" кітабы.

Ғ. Мұстафиннің прозашы ретінде қалыптасқанын көрсететін "Шығанақ" дерекке негізделген, нанымды бейнелер жасаған шынайы реалистік шығарма. Автор Ш. Берсиевтің аулына барып, сөйлесіп, материал жинады. Басқа бір қоңыртөбел қаламгер бұл материал негізінде асса, очерктер циклін жазған болар еді. Бұл орайда Мұстафин өзінің қажырлы қаламын танытты. Ізденіс үстіндегі жазушыға нақты деректер, өмір материалдары көп әсер етеді. Өмірді көп көрген, ауылда туған, қала тұрмысын, жұмысшы ортасын жақсы білетін Ғабиден сәтті тақырыбын тапты.

Екінші жағынан, ол 40-жылдары қазақ әдебиетіне еңбек адамының, қатардағы колхозшының бейнесін әкелді. Қазақ прозасы үшін жаңа жанр – роман формасында Ғ. Мұстафин үйірім-үйірім оқиға аяқталып отыратын, сюжетті шығарма тудырды. Бұл жағынан Сәкеннің "Тар жол, тайғақ кешуінен" алған сабақтарын көреміз. Реалистік шындығы мол "Шығанақ" орысшаға аударылып, Одақ оқушыларына кең танылды.

"Миллионер" романы 1948 жылы жарияланды. Бұл – тақырыбы, тіпті ат қоюы жағынан да қазақ прозасында бұрын болмаған тың туынды. Шығарма аты оқырманға оқыс әсер етеді. Ықшамдылығы жағынан Тургеневтің романдарын еске түсіргендей. Көп сөзділік, бөлек-салақ көлденең оқиға жоқ. Негізінен шығармада өмірлік маңызды проблемалар көтерілді. Мұндағы кейіпкерлер Бейімбеттің колхозшыларына ұқсамайды. Миллионерде драматизм басым. Кейіпкерлер шешен, өткір тілді, қысқа, нақты сөйлейді. "Абайдағы" ұзақ-сонар мақамды толғаулар мұнда жоқ. "Миллионерде" кейбір схематизм, стандарт салқыны кездесіп отырады.

Автордың "Қарағанды" романында өндірістік орта суреттеліп, шахтерлер бейнесі жасалған. Бұл роман "Өмір не өлім" негізінде қайтадан жазылды. Реалистік кейіпкерлер жүйесі бар. Мұнда өмір көріністерінің кең панорамасы бейнеленіп, қазақ жұмысшы табының қалыптасуы көрсетіледі. Идеясы жоғары, көркемдік дәрежесі биік деңгейдегі бұл роман әдебиетімізді байыта түсті.

Қазан төңкерісі және қазақ аулы деген проблеманы көркемдік тәсілмен терең бейнелеген "Дауылдан кейін" романы - Ғ. Мұстафиннің ең шоқтығы биік шығармасы. Осы роман арқылы қаламгер өзінің қанық стилін, талант қуатын толық ашып таныта білді. Қазақ әдебиетінде бұрын тиіп-қашып суреттелген өмір құбылыстары шығармада терең әрі көркем бейнеленді. Романда байыптылық, реалистік салмақ бар. Таптық жіктеліс, ауыл өміріндегі қайшылықтар, қазақ шаңырағындағы өзгерістер бар. "Дауылдан кейін" романында тек қана бір әлеуметтік, кезеңдік проблема ғана емес, өмір мен өлім тартысы, адамдар тағдыры, сезім шырғалаңдары суреттеледі. Шығармада автор өзі көрген жақсы білетін орта, бастан кешкен, жүректі сыздатар оқиғалар бейнеленеді. Нақты атырап – Орталық Қазақстан көріністері, табиғат суреттері. Кейбір сыншылар бұл романда басты қаҺарман жоқ, кейбір өмір фактілері бұрмаланған деген сияқты пікірлер айтты. Шындығында, кез келген шығармадан басты қаҺарман іздеу дұрыс емес және бұл қиялға орын берілетін көркем роман. "Дауылдан кейін" – полифониялық, кең тынысты, алуан сарынды роман. Өз заманының рухын беретін сенімді кейіпкерлер бар.

"Көз көрген" – ұзақ жылдар жемісі. Көркем мемуарлық шығарма. Стилі, композициясы жағынан да өзіндік ерекшелігі бар. Жеке тарау – жеке әңгіме. Мұндағы басты қаҺарман Сарбала автордың өзін еске түсіреді. Ол - әдеби кейіпкер. Романда жазушы хронологияға ұрынбайды. Сюжет кейіпкер Сарбаланың ойы арқылы өрбіп беріледі. Мұнда ХХ ғасыр басындағы қазақ аулының тынысы кең суреттелген Өмірлік материал мен көркемдік материал арасындағы автордың кейбір ауытқуларына сыншылар назар аударды.

Ғ. Мұстафин профессионал сыншы не маманданған әдебиетші-ғалым болған емес, бірақ жазушы ретінде көркем шығармаға, әдеби процеске, әлеуметтік мәселелерге әр кезде пікір білдіріп отырды. Мақала, рецензия, пікір жазды, баяндама, шолу жасады. Осы еңбектердің басын қосып "Ой әуендері" деген кітап шығарды. Оған Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді. Өмірде таза, адал жүрген, қыл-қыбырмен өнерін былғамаған өр ойлы, нәзік сезімді азамат жазушы, қара қылды қақ жарған Ғабиден Мұстафин көзі тірісінде халық махаббатына бөленді. Оның үздік туындылары елімен ұзақ бірге жасамақ.


Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   37




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет