Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,


АБЫРАЛЫ: ТАРИХЫ МЕН ТРАГЕДИЯСЫ



бет15/37
Дата23.10.2016
өлшемі10,52 Mb.
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   37

АБЫРАЛЫ: ТАРИХЫ МЕН ТРАГЕДИЯСЫ

Кешегі кеңес дәуірінде кітап шығару дегеніңіз қияметтің қыл көпірінен өткендей өте ауыр шаруа болатын. Еңбекті жоспарлау, материал жинақтау, қорыту, жазу, түрлі талқыдан кейін басталатын машақат тіпті ала бөтен, сараптаудан өткізіп, пікір алу, одан соң баспаға ұсыну, жылдар бойы кезекке тұру, сәті түссе тақырыптық жоспарға ену, Баспа комитеті, Орталық партия комитеті сүзгісінен шыққан соң ғана арнаулы редактор қолжазбаны қарай бастайды. Оның аржағында тағы талқы, жабық пікір, бөлім бастығы, бас редактор, лито (қауіпсіздік комитетінің қызметі) рұқсатын берген соң ғана кітап қарасы көрінеді.

Мұның үстіне әдебиетте, өнерде, ғылым салаларында қандай тақырыптарға жазуға болады, болмайды – бұлардың бәрінің белгіленіп қойған шарты бар. Қай тұрғыда көрсету керектігі де айқындалған.

Тоталитаризм құлағаннан кейін бәрі өзгерді. Кім не туралы жазады, қалай жазады еркінде. Ақшасын төлесең болды не туралы, қалай жазғаныңа, кім жазғанына қарамай басып береді. Сөйтіп “топан әдебиет” басталды: ылғи қасқа мен жайсаңдары ғана бар ру шежірелері қаптады, жау атаулыны жапыра жамсатқан батырлар хикаясы, мәтінді, құжатты, білмейтін ғылымнан алыс әуесқойлар қолынан шыққан том-том өтірік тарихтар, өзін-өзі мақтап, өзгені қорлаған естеліктер қойша қоздады. Көркем әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өлең, әңгіме, хикаят, поэма, роман айдарымен шығып жатқан дүниелер аткөпір.

Осындай тасқа басылған сөздің сапасы жоғалған, мағынасы кеткен, беделі құрыған заманда қолыңа жаңа кітап түссе, сөзсіз күмән-күдікпен қарамауға әддің жоқ.

Жақында Ресейдің Новосибирь қаласында басылған “Абыралы – Сарыарқаның кіндігі” деп аталатын көп томдық бізді таң қалдырды. Үлкен энциклопедиялық, альбомдық пішінмен шығарылған бұл еңбектің көлемі орасан зор: бірінші том - 758 бет, екінші том – 642 бет, үшінші том – 757 бет, төртінші том - 613 бет, барлығы 6 кітап.

Еңбек авторы экономика ғылымдарының кандидаты, Республикаға белгілі финанс қызметкері Болатбек Нәсенов. Әуелде бұрынғы Абыралы ауданының азаматы, 1937 жылы репрессияға ұшыраған өз әкесі, мектеп директоры Нәсен Жарылғасыновқа байланысты шындықты білмек болып, мұрағат қойнауына кіріп, бірте-бірте бір ауыл, бір старшын, бір болыс, бір ояз, бір аудан емес, қазіргі бірнеше облыс аймағын, тіпті Республика көлемін қамтитын қисапсыз көп мәлімет, дерек, құжат тұңғиығына сүңгіп, орасан зор көлемді, маңызды тарихи материалдарды жарыққа шығарған.

Жүз сексен жыл мерзімді қамтитын бұл мес кітаптың ішінде патша өкіметі кезінде әрбір старшынға, биге, болысқа жазылған мінездеме, оның дәулет мөлшері, көші-қоны, жер даулары, жесір даулары, сайлау даулары, сот, тергеу істері, ел-елдің жер көлемі, мал саны, Қоянды, Қарқара жәрмеңкелеріндегі сауда-саттық статистикасы, Қажқылардың тізімі, жасы, Мекеге барған, қайтқан жылдары туралы дәлді деректердің көшірмесі, ксерокопиясы, мың сан адамның аты-жөні, қолдары, мөрі, түрлі хаттамалар, тергеулер бар. Араб, кирилица, латын қаріптері қатар жүр. Баспасөз материалдары, жеке естеліктер, кітаптан үзінділер пайдаланылған. Зор көлемді еңбекті бір жағынан тарихи документтер жинағы, екінші жағынан жеке адамдар туралы ғұмырнамалық анықтама, үшінші жағынан бір ауданның 200 жылдық тарихын қамтыған энциклопедиялық басылым деуге болады.

Бұл еңбектің құндылығын арттыратын ерекше сипаттың бірі – жүздеген адамдардың жеке, немесе топтасып түскен суреттерінің берілуі. Олардың көпшілігі сарғайған, өшуге айналған, жыртылғанына қарамастан, көп күшпен қалыпқа келтірілген. Бұлар жеке адамдар қолынан, түрлі мұрағаттардан, құжаттардан, баспасөз беттерінен, кітаптардан теріліп алынған. Әр кезде, әр жерде, әртүрлі аппаратпен түсірілген суреттерде түрлі тағдыр иелері бар: бабалар, аталар, әжелер, аналар, аға буын, орта буын, бүгінгі ұрпақ. Әр заманның киімі, сән-салтанаты, тұлғасы, мінезі, қылығы мен мұндалап тұр.

Бір ауданнан шыққан адамдардың ішінде кім жоқ десеңші: би, болыс, старшын, әнші, күйші, аңшы, ісмер, солдат, адвокат, министр, генерал, полковник, академик, профессор, дәрігер, геолог, инженер, ұшқыш, теңізші, спортшы, экономист, зоотехник, барлаушы, агроном, жазушы, тәуіп, саудагер, кәсіпкер, журналист, халық әртісі, жылқышы, қойшы, құрылысшы, ауыл, аудан, облыс басшысы, ректор, мектеп директоры, ғылым кандидаты, докторлары, Еңбек Ерлері, байланысшы – толып жатқан мамандық иелері.

Көптеген адамдардың суреті мен ғұмырнамалық деректері бар. Кейде тұтас әулеттің, отбасының бірнеше буынға созылған тағдыры құжаттар, суреттер, деректер арқылы көрсетіліп беріледі. Кейде ұсақ-түйек, майда-шүйде, кәкір-шүкір де кетіп қалған.

Бір атаның, бір әулеттің басында тұрған жақсыларымыз туралы толып жатқан тың дерек (туған жылы, билікке сайлануы, ата қонысы, байлық-дәулет мөлшері) орасан молдығы өз алдына, бұл еңбекте Құнанбай, Алшынбай, Бөжей, Шыңғыс Уәлиханов, Тәттімбет, Абай, Ділда, Шәкәрім, Мәди, Тұрағұл, Нығмет Нұрмақов, Тұрар Рысқұлов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, Ақжан Машановқа байланысты жаңа материалдар тұңғыш рет жарияланып отыр.

ХІХ ғасырдағы азаттық қозғалысына арналған құжаттар, оның ішінде Хан Кененің Орынбор, Омбы генерал-губернаторларымен жазысқан хаттары, көтеріліс туралы орасан көп материалдар, Есет батырға қатысты деректер, қазақ-қырғыз, қазақ-өзбек қарым-қатынасына байланысты документтер – бұлар тұтас қалпында қалың оқырманға алғаш ұсынылып отыр. Аса қымбат дүниелер. Мұрағаттан алынған материалдарға автор кең орын берген, бірер сөйлеммен ғана әредік өз пікірін білдіріп қояды. Талдауды, қорытынды шығаруды, жинақтауды арнайы мамандар үлесіне қалдырады.

Қазақ даласының отаршылдыққа саналы қарсылығы - әйгілі “Қарқаралы петициясының” мәтіні, қол қойған адамдар, тыл жұмысына алынған жігіттер тізімі – бәрі де қызықты құжат.

Зорлап колхоздастыруға қарсылық Қазақстанның көп жерінде шықты, олар: Адай көтерілісі, Созақ көтерілісі, Шыңғыстау көтерілісі, Абыралы көтерілісі. Жүздеген адам атылды. Абақтыға жабылды. Жансебілдікпен шекара асты. Тұтас әулет құрып кетті. Ұрпақтарының қылтасы қиылды. Кітапта Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау көтерілістерінің шындығы, адамдар тағдыры, нақты болған оқиғалар деректермен көрсетіледі. Осындай тәсілмен 1937, 1941-45 жылдар әкелген зұлмат ашылады. Бұған 1941-1999 жылдардағы қалың қазақ ортасында атом, сутегі бомбаларын сынап, жер-суды бүлдіріп, мыңдаған адамды құрбан етіп, халық тәні мен жанына жазылмас жара салған Дегелең полигоны кесел-кесепатын қосыңыз. Сонда қазақтың бір Абыралы ауданы басынан кешкен трагедияның зіл-салмағын аңғарғандай боласыз.

Сонымен, пайғамбар жасына келіп, зейнеткерлікке шыққан соң, ішкен-жегеніне мәз болып, үйде босқа жатпай, айлап-жылдап мұрағаттарда отырып, көзінің майын тауысып, ақыл-қайратын жұмсап әулетінің, ауылының, ауданының, аймағының, республикасының, жеке адамдардың, ұлы оқиғалардың дерегін жинап, оларды көшіріп, реттеп, саралап, жинақтап энциклопедиялық сипаттағы мес кітап шоғырын өз тапқан-таянған қаржысына шығарған Болатбек Нәсенов әрекетін бүгінгі азаматтықтың жақсы бір нышаны деп білсек керек. Тәуелсіздіктің нышаны.


2003.
ТІЛ

Таяуда бір газеттегі суретке көзім түсті. Сол. Соның өзі. Үстінде сәнді көйлек. Мұрты қиылып, күліп тұр. Тілшіге сұхбат берген екен. Президентті, үкіметті, сенатты сынайды. Барлық мәселеге қысылмай, еркін, асқақ жауап беріп отыр. Жалғыз-ақ ана тіліне, қазақшаға неге шорқақсыз деп сыпайылап қойылған сұраққа “Мен орыс мектебін бітірдім. Сондықтан қазақшам жоқ” деп сылтауратып, сүйей салған.

Бір тұжырымға келісіп алған жөн секілді. Өзге ұлт өкілдеріне “қазақ тілін неге білмейсің, Қазақстанда өмірбақи тұрасың ғой, мемлекеттік тілді білу міндет” деген секілді талаптар қоймас бұрын исі қазақ баласы ең алдымен өз-өзімізге неге сұрақ қоймаймыз? Президент Н.Назарбаевтың «қазақпен қазақ қазақша сөйлессін» деген талабы орындалып отыр ма, жоқ па?

Екі мың жылдан кейін әлемнің барлық еліне тарыдай шашырап кеткен жұрттың басын қосып, тілін қайта тудырып, қуатты мемлекет жасаған жебірей халқының тәжірибесі бізді де ойлантар күн туар ма екен?

Алпыс миллионнан астам халқы бар, адам баласына керектінің баршасын өзі шығарып отырған, бүгінгі ғылым-білімнің барлық саласын қамтитын еңбектер жазылатын тілді өрістетіп отырған түріктер мысалы бізді де ойлантар күн туар ма екен?

Кейбір қаракөздер ана тілін, қазақ тілін білмейтіндіктен өздерінің кемшілігі, түрлі жағдайлардың салдарынан болған кесел ретінде қараса, екінші біреулер сол олқылықты мақтан көретін сыңай танытады. Оқыған, дипломды, тіпті ғылыми дәрежесі бар “надандардың” бір тобы қазақ тілі жетілмеген, ойды, сезімді, пікірді бере алмайтын мешел де мешеу тіл деп қарап, ол сөздерін ауызша да, жазбаша да жариялап жүр. Неғылған мекерлік десеңізші!

Адам баласының ең көне байлықтары “Авеста”, “Гильгамеш” жырларында көптеген түріктік, қазақтық сарындар жатса, тасқа қашалған көне дастандар мың жарым жыл өтсе де бүгінгі ұрпаққа түсінікті екен, “Дивани-лұғат-ат-түрік”, “Құдатқу білік” сипаттас энциклопедиялық еңбектер тудырған тілдің жалғасы қазақ тілі болса, осы шындықтарды дәлел-дәйексіз жоққа шығарам деушілердің әрекетін нигилистік дегеніміз аз, ол “оқыған” есерсоқтық, басқаша қалай атайсыз.

Алаш қозғалысына қатысқан қазақ зиялылары бастауыш, орта, жоғары мектептерді бітірген сан-алуан мамандық иесі болатын: мұғалім, молда, дәрігер, инженер, агроном, экономист, заңгер, математик.

Ғасыр басында қалыпқа түскен қазақ мектебі жоқ, сондықтан қыр балалары медреседе арабша, татарша, ал школдарда орысша оқып білім алды. Орынбор, Семей, Омбы, Алматы, Мәскеу, Петербург, Том, Ташкент секілді шаһарларда ержетті. Олар қазақ, орыс тілдерінде бірдей сөйлеп, бірдей жазды. Орыс мектептерін бітіргендіктері олардың ана тілінде көркем шығарма жазуына, ғылыми зерттеулер, оқулықтар жасауына бөгет болған жоқ. Қос тілділік олардың артықшылығы еді.

А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің дыбыс жүйесі /фонетика/, сөз жүйесі /лексика/, сөйлем жүйесі /грамматика/ туралы зерттеулер, оқулықтар циклын, теориялық сипаттағы “Әдебиет танытқыш” кітабын, М.Жұмабайұлы “Педагогика”, Ж.Аймауытұлы “Психология”, “Жан жүйесі және өнер таңдау”, “Комплексті оқыту”, Х.Досмұхамедұлы “Тәнтану” / “Анатомия”/, Ә.Ермекұлы “Ұлы математика курсы”, Ж.Кудерин “Өсімдіктану” / “Ботаника”/, Е.Омарұлы “Пішіндеме” / “Геометрия”/, М.Әуезов “Құрылыс материалдары” тәрізді әртүрлі ғылым салалары бойынша жазылған оқулықтар, оқу құралдарын шығарды; түрлі әдебиеттерде қазақ тілінің ғылыми терминологиясы мен категориялары қалыптаса бастады.

Жиырмасыншы жылдарда әкімшілік іс-қағаздарын, түрлі деңгейдегі мәжілістерді қазақша жүргізуге мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінді. Жергілікті халық тілін білетін қызметкерлерге қосымша ақы төленді.

Ұлттық тілдің мүмкіндігін жетілдіріп, оның қоғамдық өмірдің әр саласындағы қызметін арттыруға 1913-1918 жылдар арасында А.Байтұрсынұлы бас редактор болып шығарған “Қазақ” газетінің атқарған тарихи миссиясы аса зор болды. Мемлекет басқару, шетелдермен қатынас, халықаралық жағдай, жер мәселесі, ел билеу, соғыс, сайлау, тарих, әдебиет, өнер, шаруашылық, кәсіп, сот істері, денсаулық, ғылым – осы алуандас тақырыптарға жазылған мақалаларда қазақтың баспасөз тілі, терминдер, атаулар, тұрақты тіркестер қалыптасты. Аударма мәдениеті өрістеді, қазақ тілінің лексикасы байыды.

Бұл құбылыстар жиырмасыншы жылдарда қаулап өскен қазақ баспасөзінде, кітап шығару ісінде, оқулықтар жасау арнасында жалғасын тапты. Голощекин геноциді ұлттық интеллигенцияны қырып салғаннан кейін, Сталиндік деспотизм миссионерлік, отаршылық саясатты әсіресе тіл саласына енгізді. Сөйтіп алаш зиялылары жасаған ұлттық төл оқулықтар орнын, рабфак бітірген пролетариат өкілдері жасаған қасаң, шала-жансар аудармалар басты. “Төрағаны-председатель”, “кеңесті - совет”, “жарлықты - указ”, “өнерді - искусство”, “шығармашылықты - творчество” деп алатын зорлық кезеңі басталды. Ол күні кешеге дейін созылған, заңдастырылған қиянат еді.

Сексенінші жылдардың аяғына қарай қазақ ата-аналары балаларын жаппай ұлттық мектепке бере бастады. Тіпті жоғарғы кластардан шығарып алып, қазақ парталарына отырғызды. Өзге халық өкілдері, шетелдіктер де осы бетбұрысқа иліккендей еді. Аз уақыт өткен соң, бұл қозғалыс саябыр тартып, тіпті кері әрекет қоздады. Қарагөздер қайтадан орыс мектептерін толтырды. Біріншіден, қазақ тілін білетін адамдарға мемлекеттік сұраным жоқ екен; екіншіден, қазақ мектептерінің «білім беру деңгейі талапқа сай емес» болып шықты.

Ауыл мектептерінің ауыр жағдайы көпшілікке мәлім. Ал, шаһардағы мектептер туралы не айтуға болады? Қазіргі сенат ғимараты тұрған орында осыдан қырық жыл бұрын Жамбыл атындағы қазақ орта мектебінің үйі бар еді. Бұл Ақмоладағы ең ежелгі және жалғыз қазақ орта мектебі болатын. Сол мектеп бүгінде бар, енді мектеп-лицей деп аталады. Мықты оқытушылар ұжымы бар, жабдықталған сыныптары бар. Мектеп жанынан қазіргі мұражай талаптары ескеріліп, бағалы экспонаттар, құжаттар, суреттер, дүниеліктерімен жабдықталған тәп-тәуір музей ашылған. Оқушыларға жан-жақты мағлұмат, білім, ақпарат беретін тәп-тәуір тәрбие ұясы. Оқушылардың көркемөнерпаздар үйірмесі Абай өлеңдері, Әуезов шығармалары негізінде өздері сахналастырған кішігірім спектакльдер көрсетеді; өздері режиссер, өздері артист – бәрі жарасып тұр. Осындай дарынды жас өркені бар мектепке тиісті қамқорлық, жағдай жасалмай отырғандығы қынжылтады. 1500 оқушы шағын ғимаратқа симай отыр. Тиісті орындардың қосымша құрылыс салып бермек уәдесі бірнеше жыл бойы орындалмай келе жатыр.

Бұрынырақ теледидар хабар-ошар білетін, әредік концерт көріп, кинофильм қарайтын демалыс-сауық құралы болып келсе, енді бұл саясат ошағына, әлеуметтік-қоғамдық пікір қалыптастыратын мінберге, қажет кезінде кез-келген адамды көкке көтеріп, не жерге тығып жіберетін құдыретке, ең бастысы күреп ақша табатын – қазақша жалпақ тілмен айтқанда, ділда табатын сауынды сиырға айналғаны қашан. Сондықтан бүгін теледидар айнасы үшін күрес саясат үшін күрес, байлық үшін күрес, мансап үшін күрес. Бұл, бұл ма, теледидар миллиондардың ойын, сана-сезімін, дүниетанымын билейтін күшке айналып кетті. Бұл, бұл ма, теледидар тұтас халықтың діліне, дініне, тіліне ықпал ететін, қажет десеңіз, қарасуды кері ағызатын, еңбектеген сәбиді, селкілдеген кәріні ұйытып жадылайтын сиқырлы күшке айналды.

Қазақ теледидарындағы қазіргі трагедиялық жағдай: шетелдік фильмдерден келіп жатқан зорлық-зомбылық, қатыгездік, зинақорлық, жезөкшелік,, мейірімсіздік насихатының тежеусіз тасқыны, күндіз-түні толастамайтын бөгде мемлекеттерде дайындалған хабарлары селі туралы соңғы уақыттарда баспасөзде, сенатта аз айтылған жоқ. Қауіптың үлкені, біз білгенде, тілге төнген қауіп - әрбір қазақ шаңырағында ұрпағымыздың тамырына балта шауып жатқан қара пәле – қара сандық – қара тажал – қара теледидар тұр. Бізге адамгершілікті жырлайтын, тәуелсіздігімізді, мемлекетімізді мадақтайтын, салтын, бүгінгі өмірін, өнерін, ер-азаматтарын дұрыс көрсететін ана тілімізде сөйлейтін ақ теледидар, хақ теледидар керек.

Жалпы санын есептеп көрсе, қазақ тілінде шығатын газет-журнал аз емес секілді. Әсіресе жеке адамдардың қаржыларына сүйенген басылымдар тым ұсақтап кеткен. Сатылады-ау, табыс береді-ау деген есек дәмемен өсек-аяқ, порнография, боғауыз сөзді тоғыта беретін мерез баспасөз бел ала бастады. Сол редакциялардың басында отырған жігіттер шындаса, басқа таза жолмен де табыс табар еді-ау.

Кедейшілік кесірі ме, тарату тәсілі табылмай ма, қазақ оқырмандарының дәстүрлі, көшелі, белгілі газеттері “Егемен Қазақстан”, “Қазақ әдебиеті”, “Жас Алаш” басқа жерлерді айтпағанда, Астана киоскілерінің өзіне түспейді. Ал ауылды жерлерді баспасөзбен қамтамасыз етудің бұрынғы жолдары түгел қиылған. Ауылды айтасыз, Астананың қақ төрінде тұрған арнайы салынған тамаша ғимарат – Сәкен Сейфуллин атындағы қалалық – көпшілік кітапхана, кітап сақтауға жасалған барлық мүмкіндіктері бар сақадай-сай орын тападай-тал түсте бұзылып, бір алпауыт меншіктеп алды. “Отырар” ғылыми кітапханасын жасау туралы жақсы бастама көтерілді. Құптайтын қадам. Дайын тұрған кітапхананы бұзып тастадық. Сәкен атын өшірдік. Құптамайтын қадам.

Қазақстанның жаңа алтын қазығы, бесігі – Астана қаласы. Елдің рухани, мәдени, экономикалық мәйегі, ұйтқысы. Сөз жоқ, көп істер жасалып жатыр. Жаңа опера театры, драма театры, Еуразия университеті – барыңыз, көріңіз, қазақ исі бұрқырап тұр. Ал көше аралай бастасаңыз, қарныңыз ашады. Вокзалға түстіңіз. Киоскілерге қарағанда, Ресей қаласына келгендей боласыз. Мың сан газет-журнал. Жалаңаш әйел, жалаңаш еркек. Ылғи жарнама. Тамаша қағаздарға басылған, сурет қандай?! Бәрі басқа тілде. Қазақ тіліндегі басылым бірді-екілі болмаса, мүлде жоқ.

Бағытты көліктердің кейбіреулері аялдама аттарын қазақша-орысша екі тілде хабарлайды. Ал жекеменшік шағын микроавтобус, таксилер мемлекеттік тілді мүлде ауызға алмайды. Аялдама аттарының көбі кешегі Целиноград заманынан қалған мұра, ана дүкен, мына дүкен болып келді. Ономастика комитеті көңіл бөлер екінші шаруа: қажетсіз берілген өзге тілдегі атаулар. Кім зорлады? Кімге қажет? Астананың қазіргі бас сарайы, бас кинотеатры неге ағылшынша аталуы керек!? Орысша жазылатын атауларда өрескел қателіктерге жол болсын! Абылай-Хан деп, Баян-ауыл деп неге теріс жазамыз? Қазақтың екі сөзі қатар келгенде ортасына сызықша қойылады деген орфографиялық заң жоқ. Жәнібек Тархан көшесі деудің орнына “Ж.Тархана” деген қай әбестік?

Бұлар ұсақ-түйек емес. Тілге құрметтің, тілдің иесі ұлтқа құрметтің, мемлекеттік заңға құрметтің жоқтығынан туған келеңсіздік.

Республикамыздағы тілдік ахуал, тілдердің даму бағдарлары мәселелерімен айналысатын арнаулы мекемелер, заң шығаратын орындардың сан салалы, көп қырлы әрекеттері ықпалы етіп, ең бастысы айдың, күннің аманында, өзінің туған жерінде, азат елінде ана тілін білмейтін, білгісі келмейтін адамдардың намысы оянып, ұяты шіміркеніп, сілкініп, қайта түлейтін күндердің туатынына сенгіміз келеді.
2001
ТОЙ
Биылғы жылы ел мерейін көтерген бірқатар тойларға қатыстым. Алдымен өз қатарларымнан бастасам, үш ноян атанған Төлен, Дулат, Ақселеудің алпыс жылдық тойлары өтті. Шерхан, Шота, Әзірбайжан, Нұрғожа, Серік, Тұрсынбек, Зейнолла, Нығмет, Рахманқұл ағаларымыздың да жасына жас, абыройына абырой тіледік.

Ең бастысы, бұл жылы Алатаудай алып тұлғалар – Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің 100 жылдық тойлары дүркіреп өтті. Иә, бұл жылы тойдан, жақсылықтан кенде болғанымыз жоқ. Қазақстанның миллиард пұт астық алуы молшылықтың, ырыстың тойы болды десем, Тараз қаласының 2000 жылдығын атап өту ел тынысын бір кеңітіп тастады. Осы той қуанышын көпшілікпен бірге бөліскен адам ретінде өзімді сүйсінткен жайттарды да айта кетсем деймін.

Жаймашуақ жылы кез. Тараз аспаны тап-таза. Халықтың бәрі көңілді. Қалада кір-қоқыс жоқ. Жолдардың бәрі жарқырап жатыр. Асырып айтсақ, айнадай асфальтта оймақтай тесік, бармақтай шұқыр жоқ. Мұның бәрі – тойға бөлінген қаржының жемқордың қалтасында, қомағайдың қолында кетпегенінің айғағы.

Жер-жерден келген қонақтар әуежайларда, вокзалдарда күтіліп алынып, рет-ретімен, тең-теңімен, ауыл-аймағымен, айқай-шусыз, кісілікпен, сыпайы сұлу тәртіппен орналасып жатты. Ақындар айтысы, ғылыми конференция, киелі орындарды көрсету, гала-концерт, театрландырылған қойылым – бәрі ұйымдасқан түрде өтті.

Тараздың 2000 жылдығына арналған тойдың тағы бір тағылымы, шындап келгенде, үлкен тағылымы – ұлттық ұлы қуанышқа арнап тігілген ақшаңқан үйлердің қасиетті дастарханына заһар (арақ, конбяк, шарап, сыра атаулы) шөлмек келген жоқ. Ол келмеген соң дастархан үстінде өтірік мақтау, бекер көлгірсу, мен-мен деп кеуде соғып құтыру, біреуді-біреу балағаттау, ата таластырып, ру жарыстыру, болмаған батырды, тумаған талантты ата-бабам еді деп бөсу көрінбеді. Оның есесіне әңгіме-дүкен құрылды, ән айтылды, күй тартылды, айтыс болды, ат шапты, палуан күресті, ат жарысы өтті.

Тараз тойының тағы бір тағылымы – ұлы қаламыздың, ұлы тарихымыздың нақты деректеріне құрылған ондаған кітап басылды. Оның ішінде Әбіш Кекілбайұлының, Мекемтас Мырзахметұлының, Жанғара Дәдебаевтың ғылыми, мағыналы еңбектері бар.

Сыпайы да сарабдал мінезбен өткен Ғабиден Мұтсафиннің 100 жылдығына арналған Қарағандыдағы той көптің жүрегінде ыстық әсер қалдырды. Кезінде жүз мыңдаған жұмысшылар арасында қазақтың саны 3 пайыздан аспаған Теміртаудың бүгінгі демографиялық келбеті күрт өзгерген. Аялдамада, көшеде, автокөлікте өз ағайындарымыз көбейген. Балалар қазақша сөйлей бастаған.

Осы өзгерістің айқын көрінісі – қазақ орта мектебінің ашылуы. Осы өзгерістің қуанышты да заңды белгісі – сол орта мектепке Ғабиден Мұстафин атының берілуі. Осы өзгерістің мерейлі сәті – мектеп оқушылары көрсеткен тамаша концерт.

Жас қауымның талантты өнерін тамашалаған той керуені бұрынғы Токаревка селосына Ғабиден Мұстафин есімі берілгенде тіпті серпіліп, сергіп кетті.

Жергілікті өнерпаздар ән-күймен көмкере отыра өткізген селолық клубтағы кездесуде де, бұдан кейінгі басқосуларда да кімнен кім бұрын сөз алды, кімге қандай сыйлық берілді, кім шапан киді деген қыжыртпа күңкіл, өкпе, дау-дамайдың бірі де шаң бермей, қаламгер мерейі үстем болып жатқанына деген разылық сезімі шалқып тұрды.

Сондай көңіл экономикалық университеттегі конференцияда, театрдағы кездесуде үдей түсіп, жазушыға ескерткіш ашылған кезде нағыз халықтық қуанышқа айналды десе де болады.

Осы арада бір айта кететін жайт, биыл Қызылжар қаласындағы университет өзінің 65 жылдығын тойлады. Бұл – республика Президенті Қазақтандағы үздік он оқу орнының бірі деп бағалаған университет. Техника ғылымының докторы, профессор Ғалым Мұтанов басқарған жылдарда университет іргесі бекіп, қазіргі заман талаптарына жауап беретін күрделі шаралар іске асты, әскери кафедра ашылды, осы заманға қажетті мамандықтар бойынша кадрлар дайындалды, шетелдердің ғылыми орталықтарымен пайдалы шарттар жасалды, қашықтықтан оқытуға қол жеткізілді. Университеттің жаңа ректоры Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Оңдасын Әшімовтың ұйымдастыруымен қазіргі жоғары мектептің көкейкесті мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға келген шетел ғалымдары, оның ішінде Ресей оқымыстылары облыстық қаладағы қазақ университеті жеткен табыстарды жоғары бағалап, осында жасалған кейбір тәжірибелерді өздерінде ендіру қажеттігін айтты.

Бір ғасырдың ішінде қазақ әдебиетінің Мағжан, Сәбит, Ғабит сынды классиктерін, әлемдік ғылымға жаңалық әкелген Евней Бөкетов, Мұрат Айтхожин секілді ұлы ғалымдарды берген қасиетті топыраққа бас иген ғылыми қауым атынан осы жолы бір орынды ұсыныс та айтылып қалған еді. Бір кезде Солтүстік Қазақстандағы алғашқы орта деңгейдегі білім ордасы – педагогикалық техникумда Мағжан Жұмабаев сабақ берген. Оның күні бүгінге дейін мәнін жоймаған тамаша ғылыми еңбегі – «Педгогика» сол кездерде жазыла бастаған. Қазіргі университет – техникумның жалғасы. Ендеше, күллі түркі әлемі құрмет ететін ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың атын оның туған жеріндегі университетке беру - әділет болар еді деген пікірді көпшілік қостаған болатын.

Әрине, университет атын беретін қазақта азаматтар аз емес, бірақ Қызылжардағы университет аты үшін Мағжан Жұмабаевпен басқаны жарыстыру, - тарих алдындағы қиянат.

Әрине, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының 1500 жылдық тойы да дүркіреп өтті. Осының бәрі елді бір серпілтіп, халқымыздың жан әлемін жарқырата түсуге өзінің лайықты үлесін қосқаны анық. Демек, 2002 жыл әр жүрекке өз табын қалдырды, ел бірлігін ойлаған әр азаматқа қуаныш сыйлады.
2002

АЙТЫС: ӨНЕР МЕ, ОЙЫН БА?
Арғы кездегі өкпесі талмас тұлпар Марабай, Жанақ, Сүйінбай, Әсет, Бақтыбай ақындар әйгілі айтыстары өз алдына, кеңес дәуірінде болған сөз сайысу ішінде 1922 жылы өткен Иса Байзақов пен Нұрлыбек Баймұратов шайқасы Семей халқының есінде ұзақ сақталып қалған ғой. Ашаршылық, репрессия кезінде елдің бас көтерер, хат танитын естияр азаматтарын қынадай қырған қанқұйлы өкімет айтыс ұйымдастырмақ түгіл, жұрт сүйген жүректен жаратылған шығармалардың былай қойғанда, арап қарпімен басылған кітап атаулыны өртеп жіберді.

Қырғын соғыс жүріп жатқанда, саяси мақсатпен, халықтың еңсесін көтеру үшін 1943 жылы Бірінші республикалық айтыс өткізілді. Ортада қасқайып – Жамбыл. Ұйымдастыру жұмыстарына Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов мұрындық болды. Әрқайсысы бір-бір театр, бір-бір жәрмеңке ауыздарынан от шашқан арыстан ақындар Шашубай, Нартай, Нұрқан, Қалқалар тартысқа түсті. Ал, 1980 жылы өткен екінші республикалық айтыс төрінде Әбділда Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Жұбан Молдағалиев отырды.

Шынын айтқанда, айтыстың басын көтеріп, қайта тіріліп, төрге шығуы соңғы ширек ғасырдың ішінде болды. Дәстүрлі үзіліп қала жаздаған өнер аяғын апыл-тапыл басқан кезде түрлі қиындықтарды бастан кешті: қағазға жазып қойғанды әндетіп оқып беру, айтысшылардың ортақ сөз таппай, босқа далақтап екі жаққа шабуы, сөзге қонақ бермей, жауап айтудың орнына үйдеп жаттап келген мәтінінен сылдырлатып, сулатып оқып беруі кезеңі өтті.

Айтыстың жаңаша өрлеуіне ғылыми мекемелер, оқу орындары күш салды. Ғалымдар Мүсілім Базарбаев, Мырзабек Дүйсенов, Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев те осы күрестің бел ортасында жүрді.

Қазіргі айтысқа деген ұшан-теңіз ықылас-пейілді немен түсіндіруге болады? Соншама көп жұртты біреу үгіттеп, ұйымдастырып, қанша топтаса да, зорлықпен басын қоса алмас еді, бұрынғыдай қорқытып, үркітіп ел жинап беретін, қылышынан қан тамған компартия, оның қолшоқпары шаш ал десе, бас алатын кәсіподақ, комсомол жоқ. Ендеше, айтыс болғанда театр залдарын, кең сарайларды аузы-мұрнынан шығарып, халыққа лық толтыратын қандай құдірет, қандай күш? Тегін де емес, бір билеттің өзі қалтаңды қағады. Біздің ойымызша, мұның себебі көп.

Ең алдымен халықтың тірі сөзге деген сағынышы оянды. Қазақ аналары бұрынғыдай тал бесікті әнмен тербетпейді. Қазақ әжелері бұрынғыдай немерелеріне ертегі айтып бермейді. Қазақ теледидарында қазақша қойылымдар жоқ, қазақша хабарлар сирек. Қазақ радиосы өзге жерді былай қойғанда, республиканың орталығы – Астананың өзінде естілмейді. Қазақтан қонақ болып бас қосқанда бұрынғыдай ән айтылмайды, домбыра тартылмайды. Ұзақ-ұзақ мадақ сөз сөйленеді, тост айтылады. Кинотеатрларда қазақ киносы көрсетілмейді. Қазақша газет-журналдар, кітаптар тиражы әбден азайды. Жұмбақ шешетін жарнамаға тесілетін, оқыс оқиға қуатын, ойлы әдебиетті қолына ұстамайтын тұтас буын қалыптасып келеді. Ақан сері, Біржан сал, Мұхит, Құрманғазы, Тәттімбет, Әміре, Жүсіпбек, Ғарифолла, Манарбектің кім екенін мүлде білмейтін, оның есесіне Майкл Джексон, Эльтон Джон, Энрики Иглесис десең аузынан суы ағып қоя беретін ұрпақ өсті.

Бұрынғы өмірі ежелгі дәстүр арнасында өткен ата буын, аға буын, орта буын бойында халықтық өнерге деген сүйіспеншілігі бар жаңа буын айтыс өнерінен рухани сұраныстарына белгілі дәрежеде жауап табады. Ағайын-туғанмен, дос-бауырмен, құда-жегжатпен тілдесіп, бет-жүз көрісуге, шүйіркелесуге айтыс мүмкіндік береді. Қалың жұрт, мәре-сәре ел қазақ тілін сағынған, қазақ әнін сағынған, қазақ иісін сағынған жұрт бастауға құлаған жылқыдай шұрқырап, айтысқа жиналады.

Қазіргі айтысты ұйымдастырудың, өткізудің бірқыдыру жаңа рәсімдері мен салттары қалыптасты. Ақындардың келген-қайтқан жол шығындарын өтеп беретін, жүйрік шыққандарға аса қымбат бәйге беретін атымтай Жомарт демеушілер – меценаттар шықты. Көптеген аламан жарыстардың барлық салмағын көтеріп алып, жеңімпаздарға қымбат сыйлықтардан бастап, автокөліктерге дейін сыйлаған Мұхтар Құл-Мұхаммед, Амангелді Ермегияев, Нұртай Сәбилянов қатарлас азаматтар бар. Қазақтың талантты ақыны, белгілі тележурналист Жүрсін Ерман соңғы ширек ғасырда күш-қайрат, қабілет дарынын айтыс өнерін төрге шығаруға жұмсады. Ескі өнерді қалпына келтірген реставратор, жаңа дәуірге лайықтаған реформатор екендігін бүгін айтпағанда қашан айтамыз?

Кейде айтыс ақындары 20-30 минут ішінде айтылған бес-алты ауыз сөзі үшін машина мініп кетеді. Кітапқа алатын қаламақы тіс шаюға да келмейді. Бұл дұрыс емес деп қазақ тілін білгені үшін қатарға қосылған неміс жазушы қызғаныштан жарылып кете жаздады. Сайдың тасындай талантты қазақ қаламгерлері тұрғанда, сол сылтып басатын неміс бұрынғы сыйлықтары аздай, таяуда көлкөсір доллар беретін кәсіпкерлердің тарлан сыйлығын тағы қағып кетті.

Фонограммаға жазып қойған әнінің әуенінде әрлі-берлі секектеп, аузын жыбырлатқаны үшін миллион евро алатын артист, қарсыласын жұдырықпен ұрып жыққаны үшін бір қапшық ділда алатын боксшы, қақпаға доп теуіп кіргізгені үшін аткөпір доллар алатын футболшыны неге ұмытамыз?

Шындап келгенде, мұның бәрі думан, шоу, екінші жағынан ойын, тамаша адамдардың ермегі, уақытты қызықты өткізудің тәсілі. Бұларға биллиард, карта, казиноны қосыңыз. Осы уақытқа дейін айтыстың фольклордағы, сөз өнеріндегі орны, тәрбиелік мәні, әлеуметтік салмағы, көркемдік ерекшелігі, жанрлық формалары, жеке ақындардың, айтыстағы тапқырлығы, шешендігі, шеберлік тәсілдері туралы көп пікірлер айтылып келді. Төңкерістен бұрын қазақ айтыстарын Радлов, Потанин, Шоқан, Диваев, Мәшһүр-Жүсіп жинады. Кеңес дәуірінде Халел Досмұхамедов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев, Әбділда Тәжібаев айтысты зерттеді. Көптеген мәтіндер басылды. Т.Нұртазин, Б.Имашев, М.Жармұхамедов айтыс туралы диссертация жазды. Бұлардың баршасында айтыс әдеби жанр ретінде қаралды. Ал академик Мұхтар Әуезовтің айтыс, “үлкен жиын топта сайысқа шығарған батырлардай, күреске түскен балуандардай, бәйгеге қосқан аттардай бәсеке жарыс қызуына араластырады. Осы айтылған ерекшеліктердің барлығы ақындар айтысын тыңдаушы көпшілік үшін әр кезде театрлық, формалық қызу әсері бар өнер түріне айналдырады” деген пікір-байламының әрі теориялық, әрі тәжірибелік мән-мағынасы бүгінгі айтыс сипатына назар салғанда анық ұғылады.

Расында қазақ айтысын қазақтың халықтық театрының үлгісі деп қарауға болатын шарттар толық бар. Негізінен айтыс жасырын, жабық жерде, құпия түрде емес, бірен-саран жазып, хат арқылы айтысуды айтпағанда, негізінен топ алдында, көпшілік ортасында, жиын тойда, үлкен аста, қыз ұзату, шілдеханада, қалай болғанда үлкен-кіші, еркек-әйел, көп әулет, көп рулар өкілдері бас қосқан жерде өткен. Айтыстың қашанда көрермені бар.

Айтысушылар – бір ортаның, бір әлеуметтік топтың сөз ұстаушысы. Соның сөзін сөйлейді, сойылын соғады. Өз мекенін, аймағын, тарихын, ірі адамдарын мадақтайды. Қарсыласының мінін, кемшілігін көрсетеді. Осыдан екеуі ұстаса бастайды. Сөзден сөз, даудан дау туады. Таласады. Қарсы пікір айтады. Әр түрлі айла қолданады. Бір елдегі кемшілікті айтысушының кемшілігі етіп көрсетеді. Ортасы, ауыл-аймағы, бота-тайлағы үшін ақын күйеді. Орынсыз, байқалмай айтылған бір ой, бір пікір, бір сөзден мүлт кетіп, құлап қалу оп-оңай. Көрермен бәрін аңдып-бағып отыр. Разылығын да, ұнатпауын да жасырмайды. Қолпаштайды. Күледі. Ренжиді. Айтысушы ақын көп алдында өз дарынына лайық бейне жасайды. Оның шеберлігі, айтқыштығы, тапқырлығы, ойшылдығы, азаматтық нысанасы, өткен-кеткенді білуі, бүгінге көзқарасы, халық, ел, азаттық, Отан туралы толғамдары, домбыра қағысы, дауыс мәнері, бет-жүз құбылысы, қиын тұстарда өзін-өзі ұстауы, қалжың көтеруі, әзілкештігі, түйін жасауы – осылардың бәрі аз уақыттың ішінде-ақ айқындалып қалады.

Структуралық тұрғыдан айтыс композициясы бір қалыпқа түскен деуге болады. Алдымен айтыскер әлеуметке ізет жасап, сәлем толғауын жолдайды. Өзін таныстырып болып, қарсыласына сауға тастауы мүмкін. Бір ілік тауып, екеуі сол төңіректе тартысқа түспек. Әбден ырғасып, талай белден асып, күш сынасып, біреуі басым болуы, не итжығыс түсіп бәтуаға келе алмай, шайнасулары да мүмкін. Бір ырғақ, бір әуенмен толғау, яки ой орайына сәйкес өлең шумақтарын да, домбыра сазын да өзгертіп отыру тәсілдері қатар жүреді.

Бүгінгі айтыстың аудиториясы бұрын-соңды болмаған деңгейде әбден кеңейді. Бұл алдымен елдік, тәуелсіздік, бостандық шапағатынан туған құбылыс. Талантты айтыскерлер ұсақ-түйекті, ауыл-аймақтың кемшілігін қазбалап, қарсыласын жығуды бірден-бір мақсат етпей, үлкен әлеуметтік мәселелерге орай толғай-толғай сөз саптап, қажет жерде, қымсынбай, қорықпай, парламент, өкімет, министрліктер тарапына шыншыл пікір, талап қоятын, табансыз әкімдерді, арсыз жемқорлардың бетін айдай ететін орақ ауыз, от тілді айтыстар өткізді. Сондай шұрай топта айтылған қанатты сөз біреуден-біреуге жетіп, ақиқатқа, әділетке қызмет етеді.

Сатирик айтыскерлер Есенқұл, Шорабек, Айтақын, Балғынбек күлкімен қырса, эпик айтыскерлер Баянғали, Серік, Дәулеткерей ескі ақынша көсіліп шабады, артистік қабілеттері мол Абаш, Оразалы, Әбілқайыр бір төбе. Мұхамеджан, Аманжол, Бекарыс, Айбек аузымен құс тістеген жүйріктер Қыз Жібектің көшіндей болып Ақмарал, Жібек, Кәрима шығады.

Бүгінгі айтыскерлердің бәрі бірдей жарыссын жарыспасын жалбыратып қалпақ, салпылдатып шапан, жер сыпыртып әлем-жәлем көйлек кие бермейді, өзінің түр-түсін, мүсін келбетін ашатын лайықты сәнді, ықшам киім таңдайтын болды.

Айтыскерлердің көбін де ақындықпен қоса артистік машық-қабілет бар, жап-жақсы дауыс, домбыра-сырнай қатар жүреді, ана бір кездердегі сөйлеп, сыбырлап, шіңкілдеп, мыңқылдап отыратындар енді сахнаға шыға алмайды. Тағы бір үлкен олжа айтыскерлер әбден жасарды. Топ алдына жетелеп, қақырынып-түкірініп, бір сөзден соң бір сөзін ұмытып қалатын, танауынан су аққан шал-кемпірді шығармайтын болдық. Айтыскердің бүгінгі жас өкілі жиырмадағы Ринат Заитов, Мақсат Ақанов Баянғали Әлімжанов, Абаш Кәкеновті көкшулан санауы тегін емес.

Бүгінгі айтыс дау жоқ, ең алдымен сөз сайысы, әдебиеттің бір жанрлық формасы, екінші жағынан театр, драма элементтері аса мол сахналық өнердің ерекше түрі, қалың көрермен алдында көрсетілетін спектакль, көркем ойын, қызықты шоу, бүгінгі мүмкіндер арқылы жазылып алынып, теледидар, видеодан үлкен аудитроияларға көрсетілетін, мыңдардың жүрегін жаулайтын көпшілік сипаттағы сауықтамалық өнер. Қаржысын жеке демеушілер немесе мекемелер тауып, ұйымдастыруына ондаған кәсіби қызметкерлер, режиссерлер, операторлар қатысып, таңдайынан балмен қоса зәр тамған бір топ ақынның, бір немесе бірнеше кеште бірін-бірі кейде көтермелеп, қамшылап, кейде арқаларынан таспа ала отырып, әлеуметтік, адамгершілік, көкейкесті тақырыпты жан-жақтан ашып беретін, күлкісі де, қайғысы да, үміті де бар ұжымдық зор спектакль. Осы өнердің мерейі үстем бола берсін.
2003



Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш
Ей, халайық, барым ең сен
Екінші желі. теңдік ұранды әдебиет
Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай
Минатюралар мәңгі махаббат ескерткіші
Төртінші желі. сахнадағы драма
М.әуезовтің фантастикалық пьесасы
Бесінші желі. диалог
Айтып келген ажалдан аяулы ұстазым
Зиялылардың заманға өкпелейтін
Талант қырлары
Кең тынысты ақын
Америка театры
Компаративизм

Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   37


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу