Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,


Үшінші желі. Мың сан әуез жамырап



бет13/37
Дата23.10.2016
өлшемі10,52 Mb.
#55
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   37

Үшінші желі. Мың сан әуез жамырап

Минатюралар


МӘҢГІ МАХАББАТ ЕСКЕРТКІШІ
/Қошы Көрпеш – Баян сұлу бейіті басында/
Алматы – Новосибирск поезі Аякөз қаласынан 120 шақырым жердегі Таңсық станциясына сәл ғана аялдайды. Бұл арадан өте бергенде, талай жолаушы терезеге қадалады, есікке жүгіреді.

–Кәне, қайсы, қайсы?

–Әне, көрінді әне!

Сол жақ қапталдан, көз ұшынан шошақ бейіт шалынады. Сағым көтеріп, бұлаңытып тұрған осынау молаға жолаушы назары неге ауған?

Ол – Қозы Көрпеш-Баян сұлудың бейіті. Әманда ауызға бірге алынатын жұбы жазылмас қос есім. Анау шашы тұзға малынғандай ақбас қарт көзі жасаурап, алысқа қарап, неге дірілдеп күрсінеді. Бал бозбала, қызғалдақ қыз шақта көңілді булап, жүректі атша тулатқа өз Баянын шіркін кеуде ұмытар ма? Он екіде бір гүлдері ашылмаған қос қыршын иықтары түйісіп тұрған қазіргі сәтте үнсіз ғана арманға батады. Ауызда жалғыз сөз; “Қайран, Қозы, Баян!”.

Ел аузындағы аңызға қарағанда біз кем дегенде осыдан 400-500 жыл бұрын жасалған алып ескерткіштің қасында тұрмыз. Ол жиһангер жойқынға, ғұлама сопыға орнатылған емес, ақ, адал махаббатқа басын иген халықтың ғашықтарға қойған ғажап белгісі.

Бейіт көлемі кірпіштен аспайтын, бірақ одан жұқалтаңдау келген ылғи біркелкі қайрақ секілді шақпақ тастан баспаша дейтін әдіспен керемет берік қаланған. Тас түсі әр түрлі: қызылкүрең, көкжасыл, ақкөк. Біржағы содан, екіншіден төбенің өзі биік, әрі тастақ, – бейіт күн сәулесімен құбылып, түрлі-түсті бояуға малынғандай болып, ашық кездерде көздің жауын алады.

Оның қазіргі биіктігінің өзі 16-17 метр, ал қабырғаларының табанынан есептегендегі ұзындығы 8 метр шамасында. Құбылаға қараған бетте үлкен ойық-терезе бар.

Енді анау-мынау кісі еңкеймей жүре беретін есіктен еніп барамыз. Мәссаған! Қабырғаның қалыңдығының өзі екі метрден асып жығылады.

Іші әрі кең, әрі биік екен: атты кісі созса қолы жетпейтіндей. Мұртты шофер сөйлеп тұр:

–Осыдан біраз жыл бұрын мұның сырты қандай болса, іші де сондай еді. Мыналар кейінгілердің қол таңбасы, – деп іштей бір наразы кісіше қатқыл жөтеліп қойды.

–Біздің бала-жігіт кезімізде есіктен енген адам кісі бойы төмен түсетін еді. Келген-кеткен аяқпен қазір топырақ өсіп кетті. Әкем марқұм айтушы еді, мұнда қара тікен бар деп. Тас ескерткіштер де болса керек. Соның кейбіреуін өзен көмейін байлағанда тастағанын өзім де көрдім.

Әңгіменің байыбына енді бардық. Бақсақ, бұдан екі-үш жыл бұрын осы Аякөз, Шұбартау төңірегінің колхрз-совхоздары Қозы Көрпеш-Баян сұлудың бейітін оңдауға деп ортадан қаржы шығарады, бірнеше машина, адам бөлінген.

Ғасырлар бойы мұртын қылау шалмай тұрған ғажап ескерткіштің бар ақауы – төбесінің бір жақ бұрышының бес – он тасы түскен екен. Соны қалап қана қоюдың орнына халықтың керемет мұрасын бүлдіргенін білмеген ақкөздер жоғары жағын бір метрдей құлатып, шұнтитып, өздерінше мәңгілік етпек болып, іркес-тіркес қалаған тастарының үстін цементтейді. Өзінің бәз қалпында соншалықты әсем құрылыс енді таздың төбесіндей ақ айранданып, сатпақ-сатпақ сорлы күйде тұр.

Бұл бұл ма? Ең болмаса дүниенің арзаны бес алты ауыз сөз жазылған белгі тас та жоқ. Оның есесіне ішкі қабырғадан нені көрмеймін дейсіз: жапсырылған қағаз, қағылған тақтай, әлде кімдердің жөн-жосығы – жарнама тақтасынан аусайшы.

Ескерткіш тұрған төбе қандай тамаша: жасыл нуы шулап, суы сылдырап, мәңгі толастамас сыр шертіп асығып бара жатқан Аякөз анау, анау жырда айтылатын Қос терек, анау Ай, анау Таңсық. Қазақ бір бейіт салса, соның төңірегіне жалғастыра беруші еді, мына мәңгі махаббат иелерінің белгісі биік шоқы басында қасқайып оқшау тұр. О да сол сүйіспеншілікке деген ел құштарлығының, қадырының бір белгісі шығар. Анау бейіт аясында жатқан отыз шақты тас қабырды ақсақалдар “Баянға таласып өлген қарақшылардың қабыры” дейді.

Көшпелі тірлік кешкен ата-бабаларымызың ұрпаққа қалдырған материалдық ескерткіштері саусақпен санарлықтай. Оны әркім біледі. Ендеше өз топырағымыза туған махаббат аңыздарының ішіндегі ең ғажабымен сабақтас тамаша белгі Қозы Көрпеш–Баян сұлудың бейітінің тарихи, архитектуралық қымбаттылығын неге ескермейміз, неге ғана оны көзіміздің қарашығындай сақтамаймыз?

Мәңгі махаббат ескерткіші ғасырлар бойы өлмей-өшпей өзінің бар асқақ сұлулығын сақтап қазірге жеткен, оның ендігі иесі де, қамқоры да біз – бүгінгі ұрпақ.

1963.

ЖЕТІ ШЫҒАРМА – ЖЕТІ ПІКІР

АЖАЛ ҚҰРСАУЫНДА
Жазушы Қалмұқан Исабаевтың повесті «Ажал құрсауында» деп аталады. Шығарма Ұлы Отан соғысының оқиғасын қозғайды. Неміс фашистеріне қарсы барлық майданда кескілескен ұрыс жүрді. Жауға деген қасиетті өшпенділік, бітіспес күрес қандай ауыр жағдайда болмасын бір толастаған емес. Сол оқиғаларды көрсететін қазақ әдебиетінде көптеген шығармалар жазылды. Ал, Қалмұқан Исабаев осы үлкен тақырыптың жаңа, ешкім қолға ала қоймаған, бірақ аса маңызды бір саласын көрсетіп отыр. Повесте неміс фашистерінің қолына түскен әскери тұтқындардың өмірі сөз болады. Басты тақырып осы болғанмен шығармада көрсетілген өмір өрісті, шеңбер кең. Соғыс тақырыбына арнаған кей шығармаларда жау орта мүлде осал, шектен тыс әлсіз етіп суреттейтін жалған әдіс байқалып қалушы еді. Қалмұқан бұдан бойын аулақ салған. Сол секілді өз адамдарымызды көрсеткенде оларды шексіз батыр етіп жіберуден сақ болған.

Повестің оқиғасы Германиядағы Вельштлер штадт және Унтенгассер лагерінде өтеді. Мұнда өртелген жас ғұмыр, миллион түрлі азап. Нелер жанды қара жерге күлмен көмген.

Тұтқындарды атса да, асса да өз қолдарында, әй дер әже, қой дер қожа жоқ. Фашистер өлтірілген әрбір неміс солдаты үшін біз басып алған халықтың жүзі төлем болады деп көкиді. Көзіне тура қараған адамды атып жібергенге эсэстердің еті үйренген. Тұтқындар, қылдың үстінде жүрсе де мойынсұнбайды. Ер азамат екендігін ешқашан естен шығармайды.

Повестегі оқиғалар, негізінен, Төлеген деген қазақ жігітінің төңірегінде өрбиді. Ол 26-ға жаңа шықты. Әскери қызметтен үйіне демалысқа қайтып келе жатқан Төлеген туған елі Қазақстанның шекарасына жеткенде, Отан басына ауыр күн туады. Үйіне қайтып демалуға мүмкіндік болмайды.

Жаумен жағаласқан күресте бостандық іздеген Төлеген өзіне дос тапты. Вернер тәрізді ержүрек Ганс тәрізді адал азаматтардың көмегімен жау шеңгелінен босап, ажал құрсауынан құтылады.

Исабаев шығармасының ұтымды жері – тұтқындар тек өзінің қара басын ойлайтындар болып көрсетілмеген. Олар бірі үшін бір жанын пида етуге бар. Қарт латыш Ионас Булатасты қорғау жолында Төлеген өз өмірін аямайды. Немістер мықты тәртіп орнаттық деп масаттанып жүрген лагерьде қилы-қилы күрес жүріп жатыр. Күндіз-түні қарауылы қас қақпайтын осынау ажал құрсауынан тұтқындар талай рет қашады.

Лагерьде фашистердің көздеріне түспей, тырнақтап жиылған талай қару бар, кезі келгенде қаһарлы қолдар қарақшылардың жайын өздері-ақ табады. Осының бәрінің ізін білдірмей сақтықпен істеп отырған ұя – лагерьдегі батылдар. Олардың құрамында қазақ Төлеген, латыш Булатас, орыс Сверидов, неміс Вернер, Онкельдер бар.

Халықтар достығын көрсету – әдебиетіміздің айнымас игі дәстүрінің бірі. Қалмұқан да бұл шығармасында осы дәстүрді жақсы дамытқан. Халықтар достығы құрғақ сөзбен ғана айтылмай, істе, қиын-қыстау, ауыр жағдайда дәлелденген.

Повесте неміс халқының адал ұлдарының бейнелері орынды көрсетілген. Әсіресе, есте қалатыны – жұмысшы Вернердің образы. Ол Төлегеннің лагерьден қашуына жағдай жасайды. Кейіннен өзі сотталған соң, фашистермен күресті үдете түседі.

Шығарманың құнды болуы үшін негізгі шарттардың бірі – оның сюжетінің шашау шықпай, жинақы, берік болуы. Ал, сюжетсіз характерді ашу қиын. Исабаев повесіндегі сюжет талапқа сай келеді.

Шығармада екі сала тартыс бар. Оның бірі – лагерьдегі тұтқындардың фашистермен күресі. Екінші топ уақиға профессор Клаус Гипнердің семьясына байланысты дамиды. Тек, ғылымға ғана берілген профессор және фашистердің айуандығын көзбен көріп күрескерлер қатарында тұрған оның ұлы – инженер Ганс пен профессордың қызына үйленген ағылшындық шпион Виллидің арасындағы тартыс әсерлі көрсетілген.

Сюжет құруда төселіп қалғанмен Қалмұқанның жазушылық мәдениетінің әлі де көп кемшілігі бар. Адам портретін жасағанда оның түсі-түгін санап шығу, детальға толы жанды пейзаж жасау орнына қоршаған ортаны түк қалдырмай айта беру, кейіпкерлердің аузына оның бейнесін ашатын сөз салмау сияқты олқылықтар көрінеді. Ішкі монолог, лирикалық шегініс повесте сирек ұшырайды, содан барып шығарма салқындау болып шыққан. Алайда, Қ.Исабаев кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде ажал құрсауында – тұтқында жүріп неміс фашистерімен күрескен көп ұлттың адамдары туралы оқиғаны, қызықты шығарма береді. Интернационалдықты, патриоттықты дәріптейтін бұл шығарманың, әсіресе, жасөспірімдер үшін тәрбиелік мәні ерекше.

1961.
БІР СҮЙІНШІ, БІР РЕНІШ
Сын-сықақ жанрында мандыта жазып, кітабы шығып, қаламының желін байқатып, ауызға ілініп жүрген саусақпен санарлықтай сатириктеріміздің бірі Садықбек Адамбековтың әңгімелері мен фельетондарының жаңа жинаңы “Көсенің көзі” шығысымен-ақ әр жерден қошамет сөздері төбе көрсетті.

Бірақ көркем әдебиетті ұғу дегеніміз әсте оның мазмұнымен таныстыру ғана емес қой. Шығарманың қолын қолша, санын санша мүшелеп, жайлап талдап, жанр табиғаты, шеберлік өрісі жайлы ой толғамақ керек. Осыдан келіп оқушы елемегенін елегендей, сезбегенін сезгендей болса, жазушы сырт көздің – сыншы көздің бадырайта айтқан батыл пікірінің кәдеге жарарын алуы хақ.

Оқи бастаймыз.

“Буынып, тұншығып, үзіліп қалып, қайтадан барқыраған мазасыз әуенін бұзып, қыз күлкісі сыңғырлай шықты. Осы күлкі соңынан аңғаза шудың дабырын табанға басып, шырқай көтерілген әсем әннің жағынан тартып жібергендей ауыр жұдырық жасаулы столға сарт етті”.

“Кермеқас” атты әңгіме осылай басталған. Сәтті басталған. Және бұл жолдарда сатирикке аса қат нәрсе – уытты сөз, шымшыма тіл бар. Кейіпкерлерінің портреттерінен-ақ аңғарылады. “Кермеқас” – әлем-жәлем киініп, басқа тапқан барды жеп, бақанын таянған қуыс кеуде жандарды түйрейтін зілді дүние.

Әңгіме табиғатына үңілген кісі оның ұтымды бір оқиғаға, адам мінезін дәл берерлік, дөп тиер диалогтарға құрылатынын жадынан шығармайды. Қысқа жанр болғандықтан ба, әйтеуір әсіресе әңгімеде селкеу бір сөз, добал сөйлем идеяның шиін шығарады. Ықшамдылық, нақтылық, бастау мен аяқтау аса құнттылықты талап етеді.

С.Адамбеков әңгімелерінің көбіне-көп сәтті басталатынына қуанасыз. Бұл қызық бір суреттен, кейіпкердің етене өзіне тән сөйлеу мақамынан, кілт оқиғадан бастаудан ба деп шамалаймыз. Өкінішті нәрсе сол, Адамбеков бірқатар ретке жақсы басталған әңгімесін қожыратып алады.

“Көсеубайдың көршісі” дейтін әңгімені оқи бастағаннан езу тартасыз. Осыдан ширек ғасыр бұрын дүние салған әкесін жоқтап еңіреген мас Көсеубайға әрі жаныңыз ашиды, әрі одан түңілгендей боласыз. Бір кезек сөз аңғары Көсеубайдың көршісі – молдаға ойысады. Біреуді алдап, біреуді арбап жанын сақтап жүрген өсекші сілімтік молда әшкереленеді. Жақсы бір сюжеттік желісі бар әңгімені автор мынадай жасық жолдармен аяқтайды.

–“Әйеліңмен тату болам десеңдер Көбеубайдың көршісіндей қулардың құрығына түсе көрмеңдер”, – деп “Ақсай” колхозындағылар өзара күлісі қояды.

Оқушыға шайнап беру қажет емес, оған қозғау салса жеткілікті. Әңгімеленетін жай тамамдалған соң дереу тыну керек. Әйтпесе кейіпкердің кейінгі өмірін хабарлап айтып беру оңай. Драмадағыдай әңгімеде де әрбір сөз мол мағына жиып, шиыршық атып тұруы шарт. Әңгімедегі көп сөзділік, түйіндеп аяқтамаушылық - “Көсенің көзінің” басты кемшілігінің бірі.

Жазушының өзі айтқандай, Көсе көзі көреген. Сондықтан да көлеңкелі жайлардың сыналуы заңды. Әрине, ауыз-екі сөзде, я жиналыста сынау – бір төбе де, әдебиеттегі сынау – бір төбе. Әдебиеттің бас парызы – бейнелі түрде көрсетуі ғой. Сол ұмытылғандықтан да “Құрбановтың өңі мен түсі”, “Ноқаев” әңгімелері әсерсіз шыққан.

Әңгімеде жазушы негізгі кейіпкерінен бір сәт те көз жазбауы керек. Не айтылса да соған қатысты болсын дейміз. Барлық құрал сол кейіпкердің сезімін, мінезін ашуға жұмсалсын. Ал, С.Адамбеков әңгімелері үнемі бұл талап тұрғысынан шыға бермейді. «Қанаты мен құйрығы», «Қарыздар» атты әңгімелерде парақорлар мен алаяқтар сыналады. Иә, автор оларды сынайды. Бірақ есте қаларлықтай бейнелер жасалмаған. Өйткені, кейіпкерлердің бақай қулық тақілеттес ұсақ әрекеттері ғана сөз болады. Үлкен характер ашуға мол септігін тигізер сүбелі сюжеттер жоқ.

С.Адамбеков фельетондарының ұтымдылығының бір себебі – оларда ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлердің көбірек ұшырасып, жаңаша бір қалып байқататынынан. Баяғы Алдар, Бізбике, Қожанасыр жарықтық. Бұлар араласқан фельетондарды еліге оқисыз. Жазушыға да бұл әдіс көптеген мүмүкіндік береді екен.

Жинақты оқып та біттік. Бір қуанасыз, бір ренжисіз. қуанатыныңыз – кеселді, кесепатты әшкерелейтін сатирик жинағын оқыдыңыз, сүйсінткені көп. Ренжитініңіз – жоғарыда айтылғандай ішін-ара кемшіліктер. “Күн мен көлеңкедей” ширақ пьеса жазған, аңғаруы күшті, тілі бай автордың шеберлік мәдениетін көтере беруге де мүмкіндігі көп.

1962.


ОЧЕРК ӨРІСІ
Әдебиетімізге кейінгі жылдары тағы бір жаңа адам келді. Ол алымды, қарпуы кең қадамымен оқушы қауымды қуанта келді. Медеу Сәрсекеевтің “Ғажайып сәуле”, “Көрінбестің көлеңкесі” атты шығармалары шынында қазақ әдебиетіндегі ғылыми-фантастикалық жанрдағы тырнақалды әңгіме-повестері еді.

Екі кітап жазған Медеудің бүгінде “Жетіжылдықтың жігіттері” атты очерктер жинағы баспадан шықты. Бұл жинақ ең адымен бүгінгі күн тақырыбына арналуымен қуантады. Автор өз ортасын жіті байқап, тақырып таңдап кейіпкер тауып, жанына-рухына жақын нәрселерді жазған.

Міне, Ертіс – Қарағанды каналының арнасы бойынан су көзін іздеп жүрген гидрогеологтардың бір тобы. Ұяда нені көрсең ұшқанды соны ілерсің» деген тұжырымды ұстанатын Самойлов шәкіртін қатал тәрбие мектебінен өткізуді ұнататын адам. Бұл жолы карта түсіруге Сәт Баймолдаев жалғыз кетті. Айдала, аңызақ жел, шөлейт. Құтыдағы суын ерте таусып алған Сәт қалжырап құлайды. Осы есінде бар ол келер жолы цилиндрдегі өлшем суды ұрлап құйып алады. Ұрлықты оп-оңай ашуға болар еді, бірақ топ бастығы Қиял ойлы кісі Сәттің масқара қылығын бетіне басса, бәлки ол геологтықтан мүлде түңіліп кетер, өйтуге болмайды. Өзі-ақ түсінер. Мәжілістен соң, ұяттан ары қызарған Сәт қараңғы түнді жамылып, ұрлық суды орнына қайта құяды. «Марқаю» атты очеркте жас адамның өміріндегі осындай бір кілт бұрылыс, өзінің жасаған қателігін түсіну, онысына өкініп барып, алға ұмтылу, жаңғыру құбылысы шығарманың өзегі етіп алынған.

Суреттеп көрсетілген демекші, Сәрсекеев осы жағын көбірек құнттағанда, жазғандары әдемы шығады да, мұны бәсеңсітсе болды очерктері нашарлап кетеді. Очерк шағын, ықшам жанр, көп баяндауды көтермейді. Оған жол берілсе, шығарма әлсірейді. «Жаңа участокта», “Мұрат” деген очерктер туралы осыны айтуға болады.

Жинақтағы “Менің замандасым”, “Жігер жеңісі” – кейіпкерлері және мазмұны жағынан сарындас очерктер. Мұның бірінде көзінен айрылып мүгедек болып қалған өскемендік кенші Шілкеннің қайта шахтаға түсуге, достармен тізе қосып, еңбек етуге ұмтылуы, екіншісінде он жыл бойы аурухана төсегіне еріксіз байланса да мойымаған семейлік Серікқазынның ұзақ күресі – өмірге, күн шуаққа құлай ғашық қос замандасымыздың жан тебіретерлік өмірі көрсетіледі. Әсіресе “Жігер жеңісі” очеркі әсерлі. Серікқазы Пейілханов торға түскен торғайдай боп ауруханада сарылып жатқанда оқушы оны мүсіркеп аяйды, қиылған қыршын-ай деп қиналады, ал Серікқазы сырттан оқып институт бітірген шағында, осы бір абзал жігіт үшін мақтанғың келеді, бейне бір өзің табысқа жеткендей көкірегіңді қуаныш кернеп кетеді.

Сәрсекеевтің Жезқазғанның кеншілері, Семейдің цементшілері туралы шығармаларының құндылығы – автордың өндірісті жақсы білетіндігінде, өйткені өзі инженер. Сәрсекеев адамдарды мамандық ерекшеліктеріне байланысты даралап көрсетуге тырысады.

Жазушы өзіңмен сырласа отырып, лирикалық шегіністерге молырақ орын берсе, оның шығармасы ыстық, жалынды келеді. Семейдегі Цемент заводының цех бастығы Шәйкен Нұрбеков жайлы очерк осылай жазылыпты. Очерк жазудағы қиындықтардың бірі характер бір эпизодта көріне алмайды да, кейіпкердің ұзақ өмірін айтуға тура келеді, олақ қаламгер мұндайда хронологиялық тәртіппен бәрін тізе береді.

Сюжетсіз очерктер көп, бірақ оларда сюжет орнына тоқсан тарау сезім бірімен-бірі шарпысады, ой толғанады. Сонан барып шығарма туады. Бірақ қанша дегенмен адам психологиясы әрекетсіз көрінбейді, бұл оқиға, сюжет керек деген сөз. “Жезқазған жігіттері” деген очерктер циклі бұл ойымызды дәлелдей түседі.

Очеркте адамдарды әр қырынан көрсеткен абзал. Сөйткен уақта оқушы кейіпкерді молырақ танып, тереңдеп түсінеді. Осы тұрғыдан алғанда участок бастығы Садық Асатов, шахтаның бас инженері Кәкімбек Салықов қандай? Игі толқын, соңғы ұрпақ. Бірі шахтаға жаңа техника өндіріп, бетбұрыс жасаса, екіншісі артта қалған коллективті алға шығарған шебер ұйымдастырушы. Екеуі де көпке өнеге болар, еліктеуге тұрарлық талантты инженерлер.

Кейде шығарма тілінде орашолақтық, әредік орынсыз баяндаулар жібергенімен, Медеу Сәрсекеевтің бұл очерктер жинағы оқиғалы, адам характерін беретін ұтымды диалогтары мол, ішкі монологті қолданып жазылған.

Сәтті туынды оқушыны дән риза етіп, жазушының мерейін өсіреді, шабытын шалқытады. Осыдан келіп, оқушының жазушыдан жаңа туынды күтуі әбден орынды.

1962.


АҚЫН ПРОЗАСЫ
Бір жанрға баса ден қойып жүген жазушы екінші салаға қалам сермегенде көрінбей қалмайтын құбылыс бар, – тәжірибесіздіктен туатын бошалаңдық өз алдына, мұндағы басты нәрсе ерекше сонылық, бұрынғы машық, мәнердің жаңаша қасиет тауып құбылуы, бір сөзбен айтқанда, жанрлар шекарасы дейтін сүртіліп, суреткердің мүмкіндігі артады, бояу-нәш те мол, содан туған шығарма да құнды. Ғали Ормановтың «Жүрек» атты әңгімелер жинағы осы ойымызға шырақ жағады.

Небәрі сегіз әңгімеден тұратын кішкентай кітапшада қым-қуыт тіршіліктің біраз суреті бар: көз ұшында бұлдырап қана қалған сонау бір балалық кездегі алғашқы сабақ, тұңғыш алданыш (“Қоянның қырсығы”), еңбекші көкірегінде оянған саналы намыс, қайратты қарсылық (“Ақы”), саятшы елдің сүйікті бір ерекшелігі – құсбегілік, соның жас жүрекке арман асуын мұрат тұтқан бас асау бір шағаныда тигізген әсері (“Жалаң қия жартас”), қызығы мен қиыны қат-қабат колхоз өмірі, ортадан ойып жол салатын қария (“Жүрек”), еңбек адамының қырсаулы емес, қылықты мінезі, күрек пен машинаның тай-таласы (“Сенім”), жас түлек жаңа төл, солар алар ғибрат (“Тың баласы”), (“Диқан баба”), кірбең, қарбаласқа қарамаған әзіл-күлкі (“Бәрі бәкіден болады”).

Қазір басын аққырау шалған жазушы бір сәт өзі өткерген көп күндерге жіті көз тастап, онша аялдамай алғаш еске түскен оқшау-оқшау суреттерді ғана іріктеп алып қағазға түсіре салған секілді. Яки кезінде жазыып, уақыт сынынан өтіп оқушысына топталып енді ғана жеткен шығармалар ма? Қайткен күнде де оқушыға туындының лабораториялық жағынан, оның мазмұн сыры, айтпақ шындық, берер ләззаты қызығырақ. Ал, ол болса шығарманың қалай жасалғандығынан байланысты.

Әңгіме сипатының көп ерекшеліктерін былай қойғанда, оның оқушы ынтасын тез билеп кететін себептері бар: біріншіден, кіп-кішкентай шығармада адам мінезінің бір қыры, кейде тұтас қалпы көрініп қалады, екіншіден, селт еткізер оқыс оқиға әсері, үшіншіден, бір толқын сезім иә булыққан ойды сол қалпымен бере салу болады.

Ғ.Орманов кітабындағы беташар әңгіме “Қояннң қырсығында” соңғы қасиет бар сияқты. Жазушы дәл жылын көрсетпегенімен, әңгімедегі оқиға елдің өз қолы, өз аузына жетпеген қоңторғай бір кезін мегзейді.

Анау қаршадай Әлтай баланы қуып жүрген де жоқшылық, астық тапшылығы. Қашанда баланың аты бала. Ол айналадағы құбылыстың өз көзі жеткенін қақас жібермейді. Құдағидың қас-қабағын, қимылын түгел бағып отыр Әлтай. Алыстан ат терлетіп келіп, бір қап тарыны олжа еткен жас көңілі көкке екі-ақ елі жетпей тұр. Оның сезімі ‘Өзімше дүниені көшіріп келе жатқан секілдімін де, алдыма күле шыққан аға, жеңгем көз алдыма елестейді”.

Осы қуаныш бір бүйірін тоқ етіп, көңілі тасыған Әлтай өгізшесін тыпырлатып елсіз-жапанда салып береді. Оған бәрі таңсық, бәрі ыстық: анау аспанда жалтыраған жалғыз күн де, тал-құрағы мүлгіген өзен бойы да, көлеңке қарауытқан сай қырат та, дала шөптерінің иісі танауын жарып, маңдайы ыстыққа тершіп келе жатқан балаға қазір дүниенің бәрі де дос. Жол үстіде оған Әли дейтін ағайын тиісті адам кезігеді. Жапа-жалғыз елегізген жеткіншекке бұдан артық не керек. Оқушы бірден-ақ Әлидің Әлтай қанжығасындағы тарыға сұғын қадауынан секем алады. Әлтай болса, өзінің марқайғанын сездіргісі келгендей ашық, сөзшең. Тіс қаққан, жырынды кәрі тарланның астары қалың, қос қыртыс сөзімен пәк, бейкүнә жастың ағынан жарылып тұрған шын лебізі қатар өріледі. Ақыры Әли жолда қоян кесіп өткенін желеу етіп, тары төгіліп қалды деп алдап, Әлтайды жер соқтырып кетеді.

Жүрегіңіз шымыр ете қалады. Сақалды басымен бармақтай бала қанжығасындағыны қарақтаған Әлиге зығырданыңыз қайнап қоя береді. Әңгіме әсері осы ғана ма? Жазушы кішкентай үйірім оқиға арқылы балалықтың мұз шындықпен тұңғыш қоян-қолтық келуін көлбетіпті. Суып барып жылыну, татып барып тану бар.

Бірде А.П.Чехов: «Жазып болған соң әңгіменің басы мен соңын сызып таста деген ғой. Неге айтты екен? Сірә, бастаудың қиындығы, содан туатын бұлталақты, аяқтаудың аса маңыздылығын ескертсе керек. Тіпті бүкіл әңгіменің барша идеясын соңғы сөйлем ашып тастайтын кез көп емес пе, сондықтан ұлы жазушы бұл жерде ширатылған шеберлікті нұсқайды. Ормановтың бірнеше әңгімесі осы талап үдесінен шықпаған, Жаңағы «Қоянның қырсығының» орынсыз тұрған экспозициялық жайларын алып тастаса, «Бір жолы қоңыр өгізшемен Ешкілі аулынан ерте шықтым» деп салмақты басталатын Әли әңгімесінде селкеулік жоқ. Басы-аяғы балғадай.

Ыстық лиризмімен, шайырлы тілімен, психологиялық тереңдігімен баурап алатын әңгіме «Жалаң қия жартасты» да композициясы мінсіз дей алмаймыз. Оқудан ауылға оралған Жарболдың туған жердегі алғашқы адымы кең баяндалады. Мұнда бояуы қанық көпшілік сценасы да, төгіліп тұрған шын пейзаж да, көкейін арман тескен, кеудесін қиял буған жастың алаулы сезімі да бар. Бірақ бұлардың бәрі тұтас ағын емес, бірінен-бірі туып жатпайды. Әңгіме бүркіт балапанына ойысқанда шығарма белі жазылып сала береді. Ендігі пейзаж, бірін-бірі іліп жатқан қарттардың сөзі, Жарболдың сезім толқыны түгел жымдасып келіп, жарасымды қисын табады.

Құсбегілік байтақ дала төсін, асқар тау кеудесін жайлаған халқымыздың ыстық бір құмарлығы болса, сол мына әңгімеде өте әсерлі, шындық қалпында берілген. Ал, түп қазық идея Жарболмен сабақтас. Қия жартастағы балапанды алу – оның алғашқы бір жеңісі, болашақ қарпуы кең адамның жоралғысы секілді. Ұйқысынан кеш оянып, көп дүниеден кенде қалған елдің жас азаматының кеудесінде қып-қызыл боп жанған білімге деген құштарлық оты «Жалаң қия жартаста» жылымшы сентиментализмнен мүлде аулақ, реалистік арнада көрсетілген.

“Ақы”, “Сенім”, “Жүрек” бұл үш әңгіме ауыл өмірінің үш кезеңін көрсетеді. Бұларды оқып отырып адамның қалай марқайып өсетінін аңғаруға болады. “Ақындағы” Орынтай Ақшал байдың кеудесін басып жатыр, “Сенімдегі” Отарбек еүрегін тастай беріп машинаға балаша қуанып тұр, ал “Жүректегі” Құрман қар қақаған қыста колхоз дәулеті үшін қар шомып, аяз жұтып жүр. Бұл туындының осындай мазмұн бағалығын айта отырып, кемістігін де жасыра алмаймыз. Өйткені әңгіме роман емес, титтей олқылықтың өзі көзге ұрып, бадырайып тұрады. “Ақылдағы” Орынтай қылығы Ақшал байға жай қарсылық емес, таптық сананың ояну – рухани сілкініс, бізше әңгіме идеясы да осы. Сондықтан осы ойды ұштай түсу керек еді. Орынтайдың еңбекқорлығын айтып, бірнеше бет жазу орынсыз.

Жеріне жеткізілмей келте қайырып, дәт дегізген «Жүректегі» Құрман қарт бейнесі. Қапияда амал тапқан қария бірден ұнап сала береді. Оның мінезін даралап, бажайлау орнына, жазушы шаруашылық жайына көшіп кетеді, ал соңғы бөлім әңгімені мүлде солғындатып жіберген.

«Шың баласы», «Диқан баба» әңгімелері жас өспірімге тәлім, өнеге беретін шығармалар, бұлардағы ғибрат сарыны олардың идеясын айқындай түскен. Ал, «Бәрі бәкіден болды» әңгімесі жазушының мысқыл-әжуаға да шеберлігін көрсетеді.

Бұл жинақ ақын прозасының жоралғысы ғана шығар, үлкен туынды алда болар деген ойға сенгіміз келе береді.

1964.
РОМАН ЖҮГІ


Рамазан Тоқтаровтың тұңғыш романы – «Бақыт» өзіміздің замандастарымызға арналған.

Шығармадағы бас қаһарман – Қайыр. Жазушы оның көзге елестетерлік портретін бермеген. Әйтсе де сіз бұны олқылыққа баламайсыз. Өз қиялыңызда – Қайыр келбеті. Оның адамдармен, табиғатпен, өзімен-өзі бетпе-бет келгенде айтқандарынан, шерткен сырларынан, жүрек толқынынан туған ойларынан түйген жәйттеріңіз мынаны мойындатады: Қайыр – көкірек, көзі ашық, аршынды арманның, байлаулы батыл ойдың адамы. Бұл адамгершілік жігіттің көбік ауыз жел сөзде емес, барша тірлігінде – істеген ісінде, үй-ішіндегі мінезінде, қызмет бабындағы қимыл-әрекетінде.

Ал енді Жәкуді алыңыз. “Өлеңнің әр сөзі алтын.. кәдімгі алтын… Алтынның ақшаға айналып кететінін білмейсің бе, сен? Идеясынан жаңылмасаң болды тек. Сартылдап соға бер!” Рухани кейіпі жадау, ішкі дүниесі сорлы Жәкудің моралі осы. Өлең жазады, сатады,мүлік жияды. Қайырға кереқар тип. Кәсіпкер тоғышарды жазушы жақсы сынаған.

Романист аяқ алысының бір құптарлық жері – ол, барқадарынша, адамдардың жан дүниесіне үңілуге тырысады.

Жаңа отау тіккен жігіт, оның келіншегі, шешесі, бірер дос-жараны – осы орайда суреттелген жәйттер үй-ішілік, ошақ басылық күйден өрлеп, өсіп, жалпы адамшылық, адамгершілік сарындарға ұласады, адамға ой салады. Келін мен ене, буын мен буын арасындағы күрделі қатынас, көзқарастар, пиғылдар шарпысуы біршама төселген қаламгердің биязы тілімен қағаз бетіне түскен.

Айтылмыш шығармамен тақырыптық жағынан, объектісі жағынан үндес “Болашаққа жол” романының, “Өмір ұшқыны” повесінің авторлары, негізгі қаһармандарын студенттік ортада суреттеген болса, Тоқтаров бұған қоса, отбасылық өмірдің жағдайында алға тартады.

Кейіпкерлерінің сезім-күйін, күрес тірлігін байсалды роман талабына орай салмақты көрсетіп келе жатып автор кейде тым жеңілейіп, уақиғаға, ситуацияға өз қатынасын тез білдіріп қоятыны бар; қаһарман орнына өзі сөйлеп те кетеді, нақты бір жәйттен қолма-қол туған афоризм емес, әшекей орнына жүрген шешендік көркем прозаға жараса бермейтінін кей реттерде жадынан шығарып алады. Әйткенмен “Бақыт” романын анықтап тұрған оның олқылығы емес, табысы. Өмірдің жырта қарыс қалың қатпарларына бойлап еніп кетпесе де де авторлық қажетті объектіні /ұл-ана-келін/ баурап, пайдалы шығарма тудыра алғандығын айту керек. Жеке қаһармандардың мүсінделуі, сюжеттік-композициялық шешім, осылардан туатын идеялық түйін жайына көз жібергенде, тырнақалды романның бірталай пікірге мұрындық боларлық реті бар.

Қайырдың сүйген жары – Анар. Басы бос емес, тұрмыстағы келіншек. Қайыр мен Анар қосылады. Қиын, шиелі түйін романда жеңіл шешіледі. Келіншек болып келген әйел басындағы, оған үйленген жігіт басындағы шетін сезім, тоқсан толқыған жүрек, құбылмалы психология оңай күрмеле салынған.

Төл әдебиетіміздегі М.Әуезовтің қымбат тәжірибесін, Джек Лондонның “Мартин Иден”, Ромен Ролланның “Жан-Кристоф” романдарында өнер адамын, оның қалыптасу жолын, жалпы шығармашылық психологиясын қалай көрсеткенін Рамазан ойына тағы бір түсіру артық емес. Сол озық үлгілерді ескерген кезде, Қайырды жазушы болады деп көтермелемей-ақ, өзіне шақ тақия киген күйінде қалдырудың дұрыс болатындығына көз жеткізу қиынға соқпайды. Өз ішіне үңілген қиялы күшті адамдардың бәрі жазушы болуы шарт па екен? Және Қайыр бейнесінің құндылығы оны жазушы етіп көрсетпек ниетпен берілген бірер детальда жатқан жоқ. Бұл бейненің күші – ақылмандық қуатында, адамгершілік ажарында деп ойлаймыз.

Көздеген идеясы, бейнелер, жүйесі, композициялық құрылысы, сюжет желісі, стилі жағынан алғанда “Бақыт” романы арсы-күрсі шалғайлықтан іргесін бөлек салған, ықшамдылыққа, тиянақтылыққа ден қойған шығарма деп бағалағанымызбен, авторға ескеретін, ойласатын, ортаға салар жәйттер де бар.

Басқа қаһармандарды айтпағанда, Қайырдың өзінің пышақкесті қимылы сараң көрінеді. Ол көбіне қиялдың, ойдың соңында. Сырттай тамашалауы, тамсануы мол, бақылаушы сақ көз. Отбасылық тірліктің астарлы күйлеріне, содан қабындап туып жатқан халдерге баса назар бөлгендіктен болар, роман кейіпкерлері әрекеттің, әлеуметтік істің қалың додасына түсіп кетпейді.

Қазіргі қазақ прозасына бойлап ене бастаған құтты көркемдік құралдардың біразы: ішкі монолог, ой ағымы, диалогтағы астар – Тоқтаров романында бірсыдырғы орынды, ретті жұмсалғандығын айту үстіне, мәдениетті қаламгерге үлкен мін саналатын сөз салақтығы, фраза селкеулігі, сөйлем жадаулығы тәрізді кінәраттардың да кездесетініне қынжыла тоқталамыз. “Он сегіз бен жиырманың арасы ырың-жырың көп толқуға толы болмақ” /22 б/, “Терек жапырақтары әлденені шыжбалақтап жеткізіп тұрғандай” /24/, ‘Калинин атындағы көшенің опера мен жас өсіпірмдер театры тұрған жері түн ішінде, әсіресе, көркем, электр шамдарының түрлі-түсті жарығы көздің жауын алып сан құбылады” /28/.

“Күн батыс майданда өзгеріс жоқ”. “Қоңыраулар кім деп күңгірлейді”, “Осы шақ досым, осы шақ”… Ойланбастан, бірер кітаптың атын жазып отырмыз. Кітап рухын дөп басқан атаулар. Қазақ әдебиетіне әлі сіңісті болмай жүрген бір жәйт – шығарманың атын дәл тауып қоя алмау. Сөзімізге тиек боп келген Р.Тоқтаров романының аталуы да кітаптың табиғатына сәйкес деп айта алмаймыз.

Романға қол сермеу жазушының толысқандығын, талант күшінің марқайғандығын көрсететін айғақ. Ал шығарма – жазушының толғақты мәселелерге, әлеуметтік-философиялық, көркемдік-эстетикалық сұрауларға берген жауабы десек, Рамазан Тоқтаров бүгінгі өмірдің бір қырын бейнелеп, осы ақиқат үдесінен шығып отыр. Оның романы қарабайыр талапкердің машық тәжірибесі, алғашқы апыл-тапыл қадамы емес, азды-көпті ғибрат аларлық адамдардың да, жиренерлік кісілердің де бейнесін жасау, талабын әжептәуір шешкен шығарма.

1965.


Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   37




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет