Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,


М.ӘУЕЗОВТІҢ ФАНТАСТИКАЛЫҚ ПЬЕСАСЫ



бет18/37
Дата23.10.2016
өлшемі10,52 Mb.
#55
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   37

М.ӘУЕЗОВТІҢ ФАНТАСТИКАЛЫҚ ПЬЕСАСЫ
Бір кезде Гете ескерткендей, ұлы қаламгер қаламынан шыққан туындының бәрі бірдей саф алтын бола бермейді.

Осы әділет пікірді Әуезов жайлы да айту қажет.

1958 жылы “Қазақ әдебиеті газетінде жарияланған “Дос - Бедел дос” қазірде жұртшылық үшін үшті-күйлі жоғалып кеткен сияқты. Әдебиетшілер жадынан шығарып сыншылар елемейтін секілді.

Рас, кезінде Ә.Тәжібаев: “Мұқан ең соңғы пьесасында қазақ тілін ұмыта бастағандай, диалогқа тән ұшқырлық, икемділік жоқ” деп жазған болатын. (“Өмір және поэзия”, Алматы, 1960, 440-бет).

Осы бір дәлелсіз пікірден басқа “Дос – Бедел досты” арнайы сөз еткен, идеялық көркемдік жағынан талдаған, драмалық құрылысына зер салған, тексерген адам жоқ.

Орыс әдебиетшілері “Өлі жандардың” бірінші томындағы данышпандық шеберлікті, елін сүйген азамат жүрек махаббатын қастерлеп, құнттап, құрметтеп талай кітаптар жазды. Екінші томдағы адасулар сырын ашты. Пушкиннің бір ауыз сөзін ұғынуға, Лермонтовтың бейтаныс жанның альбомына қалдырған қолтаңбасын ажыратуға кемел ғалымдар көзінің майын тауысады.

Қасиетті дәстүр, ғибрат аларлық дәстүр.

“Дос – Бедел дос” туралы баға неге жоқ? Әлде бұл идеялық жағынан тартымсыз шығарма ма? Әлде пікір айтуға тұрмайтындай солғын, көркемдігі ақсап жатқан дүние ме еді?

Әлде… Әлде сынның танауына су жетпейтіндей, қазақ әдебиетінде пьеса аткөпір болып, күнде қаулап туып жатыр ма?

Мұның бірі де емес. Гәп – “Дос – Бедел дос” пьесасында Әуезов таланты бұрын жұртқа мүлде белгісіз, өзгеше бір күйде, жаңа сапада бой көрсетуінде. Фантастика бар мұнда. Драматургия тарихында қолданылған әйгілі әдіс. Шекспир Гамлеттің әкесінің аруағын сөйлетеді. “Король Лирде” өріп жүрген албастылар бар; “Дауылдағы” ғаламаттар. Гете лақса болған Фаусты жап-жас жігіт етіп жасартып жібереді. Теңіздей терең идеялар, мұхиттай мол ойлар айту қажет болған шақта қиялда шек жоқ. Драматургияда әлгіндей фантастикалық күйлер пәлендей таңырқатпайды, ол өнерде бола беретін, тіпті қажет шарттылық деп ұғынамыз.

Керек десеңіз алысты шарламай-ақ “Қарагөз” трагедиясының аяқталуын есіңізге түсіріңіз.

Ал, қазақ драматургиясында фантастика әуені ең мол араласқан шығарма “Дос - Бедел дос” дейміз. Пьеса идеясы – гуманизмнің адамды өрге жетелейтін қуатты күшін мадақтау. Философиясы – әркім заманының перзенті. Осы шындықтар көркем шығарма тілімен жаңаша сөйлейді, өзгеше әсер беріп құлпырады. Үш актыда үш қоғамдық құбылыс көрінісі бар: феодализм, капитализм, социализм.

Бедел, Жаппас, Шәріп, Хажендер феодализм, капитализмнің шетпұшпағын бала-бозбала күндерінде ептеп көріп қалғандар.

Драматург бұл орайда фнатазия тізгінін босатады. Осы адамдар әлгі қоғамдарда өмір сүрсе не болар еді?

Бірінші актыдағы молда Бедел тасбих тартып мүлгіп қалған меңіреу емес, келер күннің саңылау жарығына аз да болса көзін тіккен адам. Сол үшін де дүлей қараңғылық, фанатизм темір табанына түседі: ол, қазіреттен қарғыс алады, қызы Гүлжаннан айрылады, өмірі күйрейді. Қыр соңынан қалмай жүрген қырсық – қара албастыдай Жаппас.

Екінші актыдағы мұғалім Бедел парасат майданындағы күреске бел шешіп түсіп кетпегенімен, туған халқының қамырық қайғысына қабырғасы қайысатын азамат, ағартушылық жолын қуған сыңайы бар. Түн-түнек басқан сұм заман бәрібір топшы сындырады: Бедел айдалады, қызы Гүлжан у ішіп өледі. Алғашқы айқас – бір сермеліп сынған қылыш.

Үшінші актыда ғалым Беделдің мағыналы, кез-кезеңді өмірі, заман, дүние, халық жайлы тебіреністер, толғау.

“Дос – Бедел дос” Әуезовтің басқа пьесаларына ұқсамайды.

Мұнан “Еңлік-Кебектегі” поэтикалық тілді, сөйлем ырғағын, “Абай” трагедиясындағы сюжет жасау әдісін, архитектониканың дәл өзін іздеу ерсі. “Дос – Бедел дос” басқаша принципте жазылған шығарма. Ең алдымен, бұл пьеса фантастика талабына сәйкес келеді. Қараңыз, Бедел басынан кешірмеген жайттерді түсінде көргендей болады. Анда-санда Тарих (бір қаһарман ретінде алынған) Беделдің өзімен сөйлесіп, мұғалім Беделдің әрекет, қадамдарын бағалап, саралап отырады. Пьеса қаһармандары үш түрлі қоғамдық құбылыста, негізінен бір-біріне ұқсастау оқиғаларды бастарынан кешіреді. Әрине, бұл шартты түрде алынған нәрсе. Сөйтсе де жазушының осы жерде жасап алған дайын схемаға салынып кеткенін айту керек, бұл жәйт пьесаның реалистік қуатын солғындатқан. Әлеуметтік орта атмосферасын дәл беру үшін, алғашқы актыда драматург кейіпкерлерінің аузына араб, парсы сөздерін әдейі салған. Олар шығарманы түсініксіз етіп, бүлдіріп тұрған жоқ. Қайта дін фанатизмін дәлді бейнелеуге дөп табылған бояулар.

Бұл пьесаның кино өнерінің, сахнаның бүгінгі табыстарын ескере жазылғандығы айдан анық: драматург режиссердің жарты жұмысын тындырып қойған. Сахналық орналасулар, мизансцена, тіпті жарықты қалай пайдалануға дейін ремаркада айтылып отырады.

МХАТ көрсететін “Сүйкімді суайт” спектаклін, қазір ГДР-да ойналып жүрген “Фаусты” ескерсек, “Дос – Бедел досты” қоюдың көп қиындығы жоқ сияқты көрінеді.

Сенбей қаласың. Апыл-құпыл сыдыртып қарап шығасың. Қайта шұқшиясың. Зер салып, көңіл бөліп оқи бастайсың. Космостың, саясаттың жөн-жосығы, сол саладағы қатпар қиындықтар, табыстар, техниканың шетін, соны жайттерін топшылаған гәп.

Таңырқау. Қайта күдік. Бөгде, жат жазу шығар? Әншейін кіріп кеткен қосақ арасының дүниесі болмасын? Жо-жоқ. Өз қолы, Әуезовтің оп-оңай таныла қоймайтын жазуы, өз шығармасы.

Әуезовтің соңғы пьесасы “Дос – Бедел дос” емес екен, “2010 жылда” деген пьеса. Бұл шығарма жазушының әдеби-мемориалдық музейі архивінің №138 папкасында сақталып келген. Сырты қатты, түсі сұр, жалпы дәптер беттерінің екі жағына бірдей ақ жол қалдырмастан тығыз жазылыпты.

Өшірілген, сызылған, түзетілген жерлері мол.

Жазушы жоспарына қарағанда “Дос – Бедел дос” дилогияның бірінші, ал мына пьеса екінші бөлімі “Жарым ғасыр”, “Елу жылдан соң”, “Жарым ғасыр соңында”, “Жарым ғасыр өткен соң”, “2010 жылда” атты варианттары жарыса қатар тұр. Қаһарманға келсек, бәрі де “Дос – Бедел достағылар” – сол есім, сол адамдар.

Пьесаның дәл қашан жазылғаны белгісіз, жазушы ешқандай дата қоймаған. Бірақ бұл мәселені айқындауға болатын бірнеше мүмкіндік бар. Біріншіден, “Дос – Бедел досты” 1957 жылдың соңғы айларында бітіргенін Әуезов “Қазақ әдебиеті” газетінің 1958 жылғы жаңа жылдық анкетасына берген жауабында айтқан болатын. Екіншіден, тұңғыш қазан айында, ал бортында ит бар жер серігі қараша айында ұшырылды. Бұл да 1957 жылы. Үшіншіден, Әуезов қолжазбасынан мынаны оқуға болады:

Серік орбитаға шыққан кезде тыныс жиілігі әуелгіден үш-төрт есе артты (иттің физиологиялық функциясындағы өзгерістер)”. Тексте бұл жер орысша. Сөз жоқ, әлгі мәлімет серіктер ұшырылғаннан кейін ғана айтылуы мүмкін. Сөйтіп, жоғарыдағы жайттерге сүйеніп, “2010 жылда” пьесасы “Дос – Бедел доспен” біршамада, 1957 жылдың соңында космосқа әлі адам ұшпай тұрған кезде жазылды деуге болады.

Бұл шығарма қандай тілек-талаптан туды? Жердің тартылыс күшін үзіп, космосқа серіктер самғатқан ғылыми техникалық ойдың салтанатына қошемет қанша ма? “Правдаға” Всеволод Иванов “Совет халқының даналығы”, ал Константин Федин “Жұлдыздарға” деген публицистикалық мақала жазып, жүрек лүпілін білдірді, азаматтық мақтанышпен айтты. Әуезовтің фантастикаға бой ұруы неліктен? Бұл сұраудың жауабын пьесаның негізінен аяқталған прологынан табамыз. Оқиық:

“Бедел мен Тарих. Енді Бедел шақырады тағы бір саяхатқа. Тарих таңырқайды. Қандай саяхатқа? Бұл білмес қандай заман бар, қандай соны болуы мүмкін? Әсіресе Тарих білмеген, адам білетін қандай сырлы сала тарих бар? Бедел сенімді.

Бедел. – Мына сізге мәлімді сіздің әңгімеңізге баяндамақ болсам, ол өрескел болар еді. Әділін білмеу, дандайсу десе де сыйғандай.

Бірақ, мен сізді өзіңіз кешірген шақтарға шақырмаймын. Мен Болашаққа шақырамын…

Тарих. – Мен болашақты болжаймын.

Бедел. – Мен болжаймын.

Тарих. Болжап көріңіз.

Бедел. – Ендеше жүріңіз, алға бастық.

Сахнада тарих беті аударылып түседі. Тарих пен Бедел жерде.

Түстері мүлде жаңа, киімдері басқаша: жеңіл, көркем, көп бояулы, сәнді күйде…”.

“Дос – Бедел дос” пьесасында әдейі шарттылыққа барып, бір адам басынан үш қоғамдық формацияны кешкендегі тағдыр – талайды суреттеген драматургтің қиялы енді болашақты көрсетуге ұмтылуы заңды. Әуезов ол үшін тағы да фантастикаға қол созған.

Қазірде фантаст әулетінің етене машығының бірі – ертеңгі күнді суреттеу, болашақты бейнелеу. Француздың белді әдебиет сыншысы, “Ғылыми фантастика әлемінде” деген көлемді зерттеудің авторы Юбер Жюзи: “Совет жазушылары фантастикаға бой ұрғанда болашақты, адамдардың жарқын келешегін көрсетеді. Ал америкалық фантастар зәре-құтыңды ұшырады” деп, бостан-босқа жазған жоқ-ты. Десе дегендей, 1962 Нью-Йоркте аты шулы Самюэль Деланидің “Эптор қазыналары” деген фантастикалық романы жарияланды. Мазмұны – құрыған дүние, қаусаған цивилизация, атом соғысы бәрін жалмап, жұтып, жеп қойған. Рас, жылына сан-сапалақ сұмдықтарға толы 100-120 фантастикалық кітап шығаратын Америка үшін бұл жаңалық емес. Француз Рене Жилуэннің “Адам – жендет” деген кітабы да осындай сыңайда.

Күн мен түндей кереғар екі бағыт, екі тенденция: бірі асыл армандар мен игі мақсаттардың жақсы келешегін жырласа, екіншісі әлем-тапырық тозақ отындай сұмдықты көрсетіп, болашақтан бездіреді.

Әуезов суреттеуіндегі өмір – 2010 жыл шындығы. Жарқын шуақты тірлік. Қырғын бомбамен ойран-ботқасы шыққан лақса жер емес, бәйшешекті өмір, жаңа бүршік атқан жұпар иісті жас махаббаттың құлақ күйі, алысқа мегзеген ойлар, пікірлер таласы.

Жазушының фантастикалық шығарма жазуға көз жұмбайлықпен күмп бермегені, әсіресе ғылыми-техникалық әдебиетті қаузағаны, серіктер ұшыру мәселесіне бойлап көңіл бөлгенін көреміз.

Әрине, бұл арада драматург қолжазбасындағы космосқа орай әртүрлі әдебиеттен алынған материалдарды тұтас беру қажет емес.

Азын-аулақ мысалдардың өзі ізденіс, барлау қай бағытта болғанын аңғартады.

Тірі организмнің космостық жағдайды қалай басынан кешіргенін баяндайтын жазулардың бір парағын оқып көрейік: “… старттан орбитаға шыққанға дейін ит организмінде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Бұдан кейін салмақсыздық жағдайы басталды.

Қалыпты атмосфералық қысым, оттегі 20-40 процент, көмірқышқыл газы бір проценттен артық емес (кабинада). Мақсат: адам организмінің комсмостық ұшуларға бейімділігін тексеру”.

Бұл жайттердің космосқа екінші серік ұшырылғаннан соң белгілі болғаны өзінен-өзі түсінікті. Пьеса соңында қарындашпен жазылған беттер космосқа адам ұшыру, сол төңіректегі техникалық жетістіктер, шешілмеген түйіндер, қиын проблемалар хақында. Ең аяғында “Совет ғалымдарының серіктер жайлы тәжірибесі” деген жазу бар.

Осындай ізденістерге барып, нақты техникалық мәліметтерді әдейі қарастырғанын көреміз. “2010 жылда” пьесасы дегенде, бұл шығарма төрт аяғынан тік бітіп тұрған драматургиялық туынды емес. Пролог аяқталған, кейбір суреттердің диалогтары жазылған. Барлығы сегіз сурет. Жазушы қара сөзбен кейіпкерлердің ара-қатынасын айқындаған, сюжет желісін сызған: сезімдер шарпысуы, мінездер қақтығысының ұзын-сүре жолы тартылған. Қайталаймын, “2010 жылда” тәмамдалған пьеса емес, эскиз, ұлы жоба, пьесаның шала біткен түрі, жоспары.

Толстой, Роллон, Шолохов, Голсуорси эпопеяларымен иықтас “Абай жолы” эпопеясының құдіретін тамашалап қою аз.

Мұхаңнан қалған байтақ мұраны тұтас қамтып, терең зерттеп, түгел бағалау шарт. Осы борышты ойлаған кезде “2010 жылда” фантастикалық пьесаның аяқталмаған күйінің қаншалықты маңызды екенін түсінеміз.

Елу жыл өткен, ХХІ ғасыр, 2010 жыл. Үлкен ғылым, зор ізденіс ордасы – Ұланбел қаласы. Бедел, Сана, Жаппас, Асандар – тарихшы, Гүлжан, Делдал, Бибі. Бұлардың ішінде әсіресе биіктеп өскен жас ғалым, үздік физик Делдал. Москва түлегі.

Сана, Бибі үшеуі космос сапарына аса қажет аппарат ойлап шығарған. Сынау керек соны.

Драматург сюжет бағытын жаңа аппарат сынаудың қира кезік шырғалаңына бұрмайды. Негізгі арна – сезім, психология. Үш жастың – Делдал, Сана, Бибінің басындағы хал. Екі қыздың бір жігітті ұнатқан сыңайы бар. Не істемек керек? Делдал өзі тапқан аппаратты Бибіге береді. Бұл біреудің сезімін, ойын басқаға айтып бере алатын аппарат. Бибі шешіледі. Сүйетіндігін білдіреді. Гүлжан аппаратты кимейді. Жан сырын ашып қоюдан жасқанады. Оның есесіне Делдал ойлап тапқан космостық аппаратты сынауға бел буады. Не жеңіс, не қаза. Гүлжан айға ұшады. Сахнадан телевизор арқылы дайындық ұшудың барлық сәттері тұтас көрінеді.

Фантастикалық әдебиетте Айға ұшу жаңалық емес. Ертегілердегі самұрық қанатында жету өз алдына. Эдгар По шығармасында ауа шарымен. Жюль Верннің белгілі “Жерден Айға” романында адамдар зеңбірекпен атылған снаряд ішінде ұшады. Бұл шығармалардың философиялық тереңдігінен гөрі оқиғасы басым.

Ал Әуезов пьесасындағы идеялар мен сарындар кейінгі фантастармен, әсіресе Герберт Уэльстің бұл жанрға енгізген ғажайып күйдің астары болып көрінетін әлеуметтік, қоғамдық мәнмен сабақтас.

Жазушының өз кітапханасында фантастардан француз Жюль Верн, ағылшын Герберт Уэльс, поляк Станислав Лем, орыс Иван Ефремовтың кітаптары бар. Палеонтолог, профессор И.Ефремовтың “Андромеда тұмандығы” романындағы кейбір күйлер, жайлар Әуезовтің “2010 жылда” пьесасымен орайлас, бір бағытта.

Гүлжан Айға ұшып кетті. Ұланбелдегі үлкен ғылым кеңесі зор іс үстінде. Дүниежүзілік кітап шықпақ. Барлық саладағы бұрын-соңғы табыстар жөніндегі кітаптың Қазақстан жайындағы бөлімін жазуға Гүлжанның әкесі Бедел, шешсі Сана қатысады.

Гүлжан орала ма, жоқ па? Өлі ме, тірі ме? Осындай ойлар, тағатсыз сағаттардағы сезімдер буған бұл екеуі жұмысқа белсене кірісе алмайды.

Хабар! Гүлжан хабары. Белгісіз бір шифр. Аппараттардың көп-көп сигналдары. Родезия, Мексика ұстаған. Париж, Лондон, Рим аспанға қараулы. Әлем құлағы түрулі. Бәрі де Айға ұшқан жанның хабарын күтеді. Сұрау бойынша Қызылқұмда жауын, оның артынан күншуақ жіберілді. Адамдар үшін бұрынғы көп сөз, көп ұғым архаизмге айналған.

Киев ұстаған шифрдің мәнін білетін жер үстінде жалғыз-ақ адам бар – Делдал. Ол – Гүлжанның “сүйем” деген сөзі. Инженер Бибі толқу үстінде, Айға ұшқан құрбысына әрі мақтанады, әрі тамашалайды, жүректің бір бүйіріндегі қызғаныш бүлкілді жасыру және қиын. Делдалмен сөйлесуге жүзі шыдамайды. Сахнада Бибі мен Делдалдың ішкі ойлары сөйлеседі.

Қуаныш! Гүлжан Қарақұмға келіп түсті. Ұланбелдегілер бір-бір тікұшаққа мініп солай қарай ұшып жөнеліседі. Делдал аппараты ойдағыдай сыналған. Пьеса Беделдің монологымен бітеді.

Аяқталмаған, бітпей қалған “2010 жылда” пьесасы бір жағынан Әуезовтың көп құрлы талантының жаңа сырларын ашуға көмектессе, екінші жағынан ғылыми-фантастикалық драматургияның соны жайлау, биік өрісін мегзейді.

1965.
ТАҒЫ ДА СПЕКТАКЛЬ

«Кремль куранттары»
Тамыз. 1965. Алматының рухани өмірінде, аса мәнді оқиға болып жатыр Мәскеу көркем академиялық театры – МХАТ келді! Беташар – Николай Погодиннің “Кремль куранттары”. Ленин туралы трилогия - үш пьеса жазған Погодин суреткерлік ерлік жасады. Осы шығармалардың туу, жазылу тарихына көз жүгіртсек, кесек таланттың өр шабыты, сырбаз суреткердің инемен құдық қазар еңбеккерлігі, ең бастысы үлкен тақырыпқта деген зор жауапкершілік таңқалдырады.

1936 жылы Үкіметіміз жазушыларды әдебиет пен өнерде Ленин тұлғасын бейнелеуге шақырған-ды. Абыройлы міндет, ауыр міндет. Шығармалар туа бастады: Треневтің “Нева жағасында”, Корнейчуктің “Шындық”, Афиногеневтің “Москва, Кремль”, А.Толстойдың “Жеңіске жол” пьесаларын осы тұста атауға болады.

Бұлардың бәрінде көсем бейнесін жасауға ұмтылған жақсы ниет ойдағыдай сәтті шыға алған жоқ. Аталған авторлардың басты кемшілігі Лениннің сөйлеу тілін беруде еді. Бұлар революция көсемінің стенограифиялық сөздерін сол қалпында пайдаланумен шектелді. Мұндай статика көркем образ жасауға лайық құрал бола алған жоқ.

Погодин басқа жолмен тартты. “Правда” газетінде ұзақ жылдар бойы жүріп-тұратын тілші боп істеген жазушы кейіпкерлердің әсіресе сөйлеу тілінде, тек бір адамға ғана тән мәнер, мақамды зерттеуге төселген-ді. 1959 жылы “Вопросы литературы” журналының төртінші санында басылған мақаласында Погодин Ленин жайлы пьесаларын қалай жазғанына тиянақты тоқталды.

Бақсақ, жазушы Лениннің шығармаларын әлденеше рет қайталап оқып шыққан, құнттап тексерген, тіпті кей еңбектерді ұйқыдан оятып сұрасаң да, жатқа айтып берерлік дәрежеге жетіпті. Ленин жайлы жазылған естеліктерді, архивтерді зерттеу өз алдына бір сала. Өзімен “Правдада” қызметтес болған Мария Ильиничнаның Погодинге айтқан әңгімесі, тигізген пайдасы, берген кеңесі де аз болмаса керек.

Сөйтіп, драматургия социалистік реализмнің биік жетістерінің бірінен саналатын трилогия: “Мылтықты адам” (1937), “Кремль куранттары” (1940, 1955), “Салтанат жыры” (1958) пьесалары туды.

“Кремль куранттары” – МХАТ репертуарынан берік орын алған шығармалардың бірі. Қара жүрек жаумен тістесе арпалысқан, кескілескен ұрыс жүріп жатқан қиракезік күннің өзінде МХАТ өмір сүруін тоқтатқан жоқ. Театрдың негізін салушылардың, әрі көркемдік жағын басқарушылардың бірі Вл.Немирович – Данченко 1942 «Кремль куранттарын» сахнаға шығарды.

Жазушының өзі айтқандай. Вл.Немирович – Данченко пьесаның әбден жетілуіне, композициясының ширап, кейіпкерлердің мүсінделе түсуіне көп ақыл қосыпты. Жеке сценалардың, кейбір картиналардың режиссер кеңесімен қайта жазылған реттері де бар екен.

Көрермен “Кремль куранттары” шу деп басталғанда алғашқы суреттің шыншылдығына, өмірден тіліп алғандай кесектігіне таңырқағаны соншалық, демін ішіне тартады. Дүние төңкеріліп түскен тар кезең, тас қақпа кескінін көз алдыңызға тірі қалпында әкеле қояды. “Алтын крест, сом крест, нағыз крест, ұнға айырбастаймын” деп дін түгіл, әкесінің сүйегін сатып, жіберуге әзір дауыспен поп зар қақса, кешегі инженер көше ақтап, “қауіпсіз, күкіртті сіріңке, қауіпсіз күкіртті сіріңке” деп тентірейді. қалың тобыр. Бәрі тіленші. Бәрі қақсайды. Сондағылары құлқын қамы. Қызыл әскер үні естіледі. Әлгілер тым-тырақай қашады. Ән дауылдап, көтеріліп барады.

Жауынгерлердің екпінді маршы.

Иә, бұл жиырмасыншы жылдар. Пьесаның алғашқы вариантында Иверь қақпасы алдында өтетін оқиға кейінірек көрсетілетін.

Задында, осы сурет көрерменнің назарын бірден, магниттей өзіне тартып әкететін, дүрбелең дәуір рухын бейне жарып көрсеткендей жарқын әсермен баурап алады да, енді не болар екен деген құштарлықты маздата түседі. Кейбір добал режиссерлердің пьесаны қидалап қор қылатын, өнер аулынан, мүлде алыс қыжал мінезі емес, қайта Погодин секілді үздік талантты драматургтің өзіне ақыл қосқан, мағыналы нәр берген көреген режиссер Вл.Немиревич – Данченконың айтылмыш көріністі алға шығаруы – театр мен жазушының достығын паш ететін өнегелі іс.

Қашан дүниеден көшкенше, Погодин Ленин туралы пьесаларын өңдей беруді, толықтыруды, ширата түсуді өзінің жазушылық мақсатының бірі деп түсінді. Тек “Кремль куранттарының” бірнеше нұсқасы бар. Әр бағдарда қайта-қайта жазылған сценарийлар толып жатыр. 1959 жылы Погодин “Кремль куранттарына” тағы шұқшиды, жаңа, сапалы, табысты өзгерістер жасады. Ол – пьесасының финалы.

Қазақтың Абай атындағы опера және балет театры сахнасында МХАТ көрсеткен “Кремль куранттары” Погодиннің көзі тірісінде ең ақырғы рет құнттап қараған варианты. Ленин туралы трилогияның, үш пьесаның әрқайсысы өз алдына бөлек, аяқталған шығарма. Идеясы, композициясы, кейіпкерлері, бәр-бәрі жөнінде осыны айтуға болады. “Кремль куранттарының”, “Мылтықты адам” мен “Салтанат жырынан” бір өзгешелігі мұнда Ленин жан-жақты көрінеді. Қажет десеңіз, көсемнің ішкі дүниесін, шарықтаған қиялы мен бурқанған ақылын ең нәзік суреттейтін осы пьесса.

Идея – Ленин арманы. Балақта жатқан, Еуропа мемлекеттерінен көш кейін қалған көрбала Россияны алға шығару, экономиканы күрт көтеру, май шаммен сығырайып отырған тауықсоқыр деревняға электр әкелу – міне, Ильич арманы қайда жатыр.

Аранын ашқан Антанта омыртқасы үзілгелі көп болған жоқ.

Жыланша сүйреңдеген аштық. Саботаж. Қираған завод. Тоқтаған фабрика. Осындай аш-жалаңаш дәуірде электрлендірудің шұғыл жоспарын жасауға қандай адам батылы барады? Жасасын-ақ, іске асуына кім сенеді? Герберт Уэльс “Кремль арманшылы” деп буржуазиялық паң кеудемен күлді емес пе?

Погодиннің түп қазық идеясы – Ильич арманы. Қарабайыр, қол-аяқты матап жатқан пұшайман бүгінгіден ертеңгі әсем күнге арғымақ қиялды, іске асар ер ойды шығандату. Бұл – мақсат.

Соны драматургия тілімен сахнада қалай бермек керек?

Иверь қақпасы алдындағы топалаңдай суреттен соң, оңаша бөлмеде Машаға (РСФР-ға еңбегі сіңген әртіс Г.И.Калиновская) ғашық жүрек сырын шешіп отырған матрос Рыбаковты (РСФСР-ға еңбегі сіңген артист Л.Ф.Золотухин) көру оқшаулау жай. Есікті тарс бекітіп қойып махаббат сөзін жөнсу тілмен айтып тұрған жігіт қалпы аз-кем водевильге де ұқсап кетеді. Бірақ революцияның от-жалынында мұз жастанып, қар кешкен матростың шын сыры, бар келбеті, рас ғашықтықтығына ден қоясыз. Мынадай мінезін қызықтайсыз, жылы раймен күлесіз.

Рыбаков “Мылтықты адамдағы” шаруа Иван Щадрин емес, ол революцияға өзі қатысқан, не үшін, кімдер үшін күресетінін жақсы біледі. Ортақ мінез – екеуінің Ильичке деген махаббаты.

Погодин қарапайым жандармен, көптің бірімен қатынастыру арқылы Лениннің терең адамгершілік, ересен жылылығын шеберлікпен ашады.

Алғашқы суреттер бір жағынан дәуір шындығын, сол кездегі рухты дәл берсе, екінші жағынан көрермен құштарлығын жанып отырады: “Қашан Ильич шығады?” деп ынтығасыз.

Шаруа Чудновтың (арт. Д.И.Шутов) отбасындағы әбігер, ұлы адамды тосып алу сәттеріндегі толқу сезімдері табиғи күйінде қалың көрерменді де шарпиды.

Екпінді аттап, міне, Ленин де кірді. Кейінгі ұрпақтың, миллиондардың зердесінде сақталған Ленин бейнесін экранда, сахнада жасаған тамаша артистер Б.Щукин, М.Штраух, В.Софронов, А.Крамов сияқты өнерпаздармен бір қатарда айтылатын СССР халық артисі, Лениндік сыйлықтың лауреаты Б.Смирновтың кесек талантын шалқар шабыт үстінде көрген қауым сатырлата, қыздыра қол соқты.

Погодин Ленин тұлғасын жасауда түрлі әдіс қолданады: бірде көсем сезімін, ойын басқа кейіпкерлердің түйсіну, толқуы арқылы бейнелейді, көбіне Ленин тікелей қимыл үстінде кескінделеді. “Кремль куранттарында” Ленин әуелде шаруа үйінде болады, одан кейін трамвай жөндеушілермен жүздеседі, ақырында жұмыс кабинетінде, қызмет бабында бой көрсетеді. Осылай сатылып отырады. Ильич жанының терең иіріміне біртіндеп бойың үйрене береді.

Сыншылардың Погодин драматургиясының үнемі классикалық үлгісінің сюжет-композиция талап-шарттары үдесінен шыға бермейтін жағын мін етіп таққан кезі де бар. Бұл “Қарқын”, “Балта жыры” пьесаларына дөп келгенімен, Ленин жайлы триология турасында шындыққа қиыспайды. Мазмұн форма тудыруы керек. Диалектиканың осы қағидасын ескерсек, “Кремль куранттарының” неге көбіне сцена-сцена боп келетінін ұғамыз. Ленин сияқты серке бейнесін, оның ісін өз дәуірінің күре тамыр оқиғасы – революциядан, сол революцияның адамдар тағдырына тигізген әсерінен жыра қарауға болмайды. Ендеше Погодин пьесасының бір сюжетті көірнбеуі сырт әсер, “Кремль куранттарының” тұтастығы – идея тұтастығы. Мейлі Забелин болсын, мейлі Рыбаков болсын, мейлі Чуднов болсын, қай кейіпкерді алмаңыз, бәрі де дәуірдің тынысын өз жүрегімен сезінген, бұған қоса олар Ленин кейпін ашуға әбден керекті персонаждар.

Буржуазияның белді қызметкері, кеше ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғғыс болып тұрған инженер Забелин Қазан револциясының мәнін, оның тарихи миссиясын бір дегенде түсінбейді. Жұмыс жоқ деуі – желеу ғана. Көше кезіп, сіріңке сатуы – (кеше бүкіл Европаға аты әйгілі инженердің) бұл да совет үкіметіне қарсылық. Тағдыр-ай десеңші, даңқты инженер тамағын сіріңке сатып айырады деген не сұмдық! Әрине, бұл арада гротекс жоқ емес.

Инженер Забелин трагедиясын СССР халық артисі Б.Ливанов реалистік арнада, биік шеберлікпен бейнелейді. Болып жатқан терең әлеуметтік өзгеріс мәнін түсінбейтін қарт интеллигент мүлде ашынған. Ол туған қызы Машаны матрос Рыбаковпен көрген сәтте, өз перзентін ертең “жезөкше,жәләп”болады дей салудан тайынбайды. Ливановтың сирек қимылы, өкініш-қайғы аралас кесек үні сол дәуірдегі интеллигенцияның талай өкілі басындағы психологиялық драманы дәл жеткізер қарапайым әрі шынайы бояу. Драматург тек скептик, оптимист, кестелі дама, қорқақ дама деп қана аталған кейіпкерлер күні сөніп, айы батқан топтың соңғы уәж, ақырғы халін елестетеді.

Ал Забелин ше? Маша “Парижге,эмиграцияға неге кетпедің?” дегенде, ол имандай сырын ақтарады. Инженер Октябрьдің мәнін түсінбесе де, туған жерін, Отанын, халқын сүйеді. Сондықтан кете алмайды. Кетпесе деқұл-құтан, жақыбай-жарлының үкімет басына барғанына зығырданы қайнайды. Міне, қайда трагедия.

Забелиннің матрос Рыбаковпен бетпе-бет келуі символдық әсер қалдырады. Екі Россия кездескендей: ескі, жаңа! РСФСР-ға еңбегі сіңген артист Л.Золотухин матрос Рыбаковтың жаңа заманға деген құлдық махаббатын, жүректі жара шыққан жалын сенімін, революция дауылын белден кешкен сарбаз мінездегі аңғал-саңғалдықты – түп-түгел қаз-қалпында береді.

Сонымен, пьесаға негізгі идеяға, арнаға соқпай кететін линия, басы артық кейіпкер жоқ. Қаһарман саны 38 болса да, әрқайсысы спектакль архитектоникасына қажетті. Тартысты шиеленістің бірі – Забелиннің Ленин алдына келуі. Инженер бірден иіле қоймайды, іште қатқан қаны бар. Лениннің “Қалай саботаж ба, жұмыс па?” деген сөзін Б.Смирнов қынаптан қылыш суырғандай етіп, саңқ етіп айтады. Ескі интеллигенцияны көсем әрі ащы сықақ етеді, әрі айқын дәлелмен жаңа шындықтың жарқын, айқын екенін елестетеді. Инженердің сіріңке сатып жүргенін естіген сәттегі Ильич ашуы қандай! Сірә, Б.Смирнов Ленин рөлін ойнайды деп қана айту мүлде аз болар. Б.Смирнов Ленин бейнесін жасайды. Забелинді қабылдаған сценадан қаншама күш бар. Күрделі адам мінезінің қырық сан қыры – сахнада көрінеді. Б.Смирнов Лениннің түрін, тұлғасын, қимылын, сөйлеу мақамын ғана терең шеберлікпен, зор өнерпаздықпен көрсетіп қоймайды. Ильичтің өткір мысқылын, көзіндегі әнтек сәулеге дейін, ерін ұшындағы әзіл ұшқынын, қабаққа қонақтаған ой үзігін, көкіректі кернеген арманды – бәр-бәрін қақас қалдырмайды.

Смирновтың Ленин рөлін ойнауы шынтуайтқа келгенде, үлкен бір актерлік мектеп. Сіз, дәл бағып отырсаңыз, көсем көкірегінде арман, Россияны гүлдендіру арманы қалайша толқып жатқанын аңдағандай боласыз. Ильичтің бір нәрсеге үңіле бой салуы, шұқшия қадалуы, толқын ой, шешендік сөз арнасын ағытқан өзен тасқынындай төгілуі – осының күллісін Борис Смирнов сахнаға шығара алған.
7 тамыз 1965.
БЕРНАРД ШОУМЕН ДИДАРЛАСҚАНДА
Репертуар – театр беті іспеттес. Негізгі бағыт, құрық сілтеген ізденістер одан көрінбей қалмайды. МХАТ репертуары бай, сан алуан. Американ драматургі Джером Килтидің “Сүйкімді суайт” комедиясын МХАТ тұңғыш рет 1962 жылы қойған болатын. Жер шарының әйгілі театрларының көбінде жүрген бұл комедия несімен қызық? Аз уақыт ішінде МХАТ-тың өзі оны 200 рет қойды.

“Сүйкімді суайт” шу-дамай модерннен аулақ, бірақ аса қызық қиысытырылған шығарма. Пьеса хат түрінде жазылған, екі актылы, кейіпкер де екеу-ақ: ағылшынның атақты драматург Джордж Бернард Шоу және кезінде белгілі болған актриса Патрик Кемпбел. Комедия драматург Д.Килтидің қиялынан ғана тумаған, ол нақтылы документтерге сүйенді. Шоу мен Кемпбел қырық жыл бойы үзбей хат жазысып тұрған және олардың өздері дүниеден көшкен соң жеке кітап болып басылып шықты.

Комедияның ұлы арқауы – нақты деректер.

Шу дегенде комедия құлаққа тосын естіліп, көзге оқшау әсер етеді. Бұл шығармада әдеттегі пьесаларда болатын оқиға, тартыс, диалог жоқ. Оның есесіне кезек-кезек ауысып отыратын Шоу мен Кемпбел монологтары ғана, оның өзі ұзақ хат түрінде келеді.

Көрермен бірте-бірте спектакль атмосферасына еніп, пьесаның оқшау өзгешелігін тани бастайды. Қайта қойылым ерекшеліктері пьесадағы екі кейіпкердің қылт еткен титтей қимылына дейін қақас қалдырмай, қағылез бағып отыруды мойындатады.

Тоқсан төрт жаста дүние салған Бернард Шоу ұзақ өмірде талай кемерге құлаш сермеген, мың құлап, мың тұрған, өзі тізе бүккен, өзгені тізе бүктірген, біреуді сүйген, біреудің сүйіктісі болған; әлденеше романның, толып жатқан публицистикалық, әдеби сын кітаптардың, дүниежүзі сахнасына жаңа үн, өзгеше леппен байытқан пьесалар авторы табандатқан қырық жыл бойы аты шулы актриса Патрик Кемпбелге үзбей хат жазып отырды деп кім ойлаған?

Хат – етжақын адамдардың еркін сырласуы. Ол көркем әңгіменің қысқалық, нақтылық шеберлік деген талаптарын, пьесаның дәлдік, психологизм, характер атты шарттарын, романның қос қыртыс көлемін мүлде мойындамайды. Хат көңіл-күйдің ешбір ережеге бағынбай, бәз қалпында, қалтқы-тартқысыз қағазға түскен сәулесі. Ирландық юморымен Европаны күлкіге қарық қылған өткір пьесалар авторы Шоудың қырық жыл бойғы әйгілі актрисаға жазған хаттары. Сірә, қызыққа толы болар?

Ынта үстіне ынта. Патрик Кемпбел рөлін ойнаған СССР халық артисткасы А.И.Степанова асқақ, өр, бірде баладай аңқау, бірде шалдуар қырсау жанның әр жастағы, әр күйдегі мінезін береді.

Кең көкіректен күмбірлеп шыққан дауысы, сәл мұң шалған көзі даңқты актрисаның бір кезде Шоу сезімін баурап, тұтқын еткен сұлулығының айғағындай.

СССР халық артисі А.П.Кторов Шоудың түр ұқсастығын, шын ирландтық тіл мақамын тамаша келтіреді. Талантты суреткер мінезіндегі аңғал-саңғалдық та жасырын қалмаған. Шоу (Кторов) сүйіспеншілік сырын шертіп отырып, келеңсіз жәйтті де соға салады.

ХХ ғасыр басындағы түрлі әлеуметтік оқиғалар көрінісі салқар көштей тізіліп өтіп жатады. Бәрі хат арқылы, драматург, артист сыры, солардың өмірде қалдырған іздері арқылы көрініс береді.

Виктория Королеваның өткен дәурені қараңдайды. Бірінші дүниежүзілік соғыс, одан тұтанған фашизм кесепатты зіл төгеді.

Пьесадағы негізгі арна-лейтмотив – өнер тағдыры, өнер мұраты. Түптеп келгенде, Кемпбел мен Шоуды бір-біріне жақын тұттырған сол өнерге деген сөнбес ғашықтық. Кемпбел Шоуды қанша “аяулым, жаным”, Шоу Кемпбелді қанша “күнім, сүйіктім” десе де олар қосыла алмайды. Өйткені олар бір құшаққа сияр жүректер емес. Екеуінің де айнымай, өмір бақи таймай сүйері біреу-ақ – өнер. Шоудың “Пигмалион” пьесасының тууы, соның алғаш рет сахнаға шығу тарихы баяндалатын мезет махаббаттың, жалын сезімнің талантты шабыттандыратыны әдемі бейнелейді.

Хаттардан Кемпбелдің сан сала артистік мінезінің мол қыры жасырын қала алмағаны сияқты Шоудың да азамат кеудесі молынан ашылады. Мынау ақбас, ұрты суала түскен, жүзі қуқыл адам – Шоу. Даусы дірілдеп, іш толқынды жасыра алмай тұр.

Ыза, кек, ашу бардай. Қолды-аяққа тұрмайды. Қимылы жіті, көзі сұсты. Осының алдында ғана Патриктен хат келген. Аяныш халді мұң етіп шығатын жыларман хат. Басын тік көтеріп, Шоу-Кторов жұдырық түйе сөйлеп тұр: “Ұлыңды өлтірген! Өйткені адамдар бір-біріне қасқыр”. Қасқыр ортаның қасқырдай суық моралі.

Жыл артынан жыл өтеді. Бәрібір хаттар толастамайды.

Байқайсыз, олар енді ғашық көңілдің мұң-шыны емес, өмір өріне шыққан жандардың өз ішіне үңілуі, өткен тірлікке бағыштай айтқан бағасына да ұқсап кетеді. Баяғы әзіл, баяғы күлкі жас араласқан қамырық ішінен сығалайды. Шоудың ең жақсы пьесасында басты рөлді зор шабытпен ойнаған Кемпбел басқаға тұрмысқа шығады. Сонымен арадағы қатынас үзілетіндей еді. Бекер. Тағы, тағы шыншыл жүректер дүрсілі дірілді дауыспен көрермен көңілінің пернесін басады.

Еңіс. Сексенді алқымдаған Шоу – пьесалары Европа, Америка театрларында үзбей жүріп жатқан әйгілі драматург. Ал Кемпбел болса, Париждің қараңғы бұрыштарының бірінде қоңторғай тірлік кешеді, кіші-гірім рөл алса, ол да жүдеу өміріне талғажау.

Бәрібір өр жүректі әйелдің асқақ күйі асқақ. Тең, бастас адамы, айнымас досы Бернард Шоумен арадағы хатты үзбейді. Өмір, адам, мұрат, пәни, – осылар жайлы тебіреністі ойлар толқын атады.

Комедияны РСФСР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер И.М.Раевский қойған. Көп-көп монолог бей-берекет бытырамай, қыштай қиысып, сындарлы кіріккен. Өткенді еске алу, қазіргі өмір тұтас ағын түрінде өтіп жатады. Тіпті жеке ауысулардың қалай болғанын көрермен байқамай да қалады. Горькийдің “Пьеса симфония секілді жасалады” деген пікірі бар. Жинақтылық, шашау шықпас көп үнділікке мегзеген дана ой.

Осы принципті М.Раевский жақсы пайдаланған екен. Болеро сазына ұқсас музыкалық әуен қос қаһарман көңіл күйіне үн қосады, кейде оқиғалар арасын қиыстырады, кейде сценалардың жарасты атмосферасы секілді.

Өнер тағдыры, өнер адамдары махаббаты жайлы мұндай кездесулер әмсе толғантады.


15 тамыз, 1965.
АЩЫ КҮЛКІ УЫТЫ
Оскар Уайльд – ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ағылшын әдебиетінің атышулы өкілі.

Сан алуан сарын жазушы қаламына ықпал жасап, таңба салып із қалдырғанымен, оның шығармаларының негізгі бағдарын, адамшылық идеясын, прогресшіл арнасын тәрк ете алған жоқ.

Ақсүйектер колледжін бітіріп, Оксфорд университетінде білім алған талантты жас Лондонның, Париждің жоғарғы қауымының дырду өмірінің небір думанына белшесінен батқан. Көкірегі ашық, басы бос сал көңіл жігіт сол жалт-жұлт тірлікті асау арман медеті тұтып, талай жылын өткізген. Бірақ дабыра, шу, мәнсіз топтың сырт көзге жабулы, арам түйткілдерін түгел аңдап, көкірекке түйіп жүрген. Сол сырлар, ащы ойлар кезі келіп, қағаз бетіне түсіп, көпке жария болады.

МХАТ көрсеткен “Мінсіз күйеу” комедиясы – О.Уайльд пен өмір арасындағы күрделі байланысты терең ұғына алмай қанша малтығып, қанша “әдебиет саясатпен қоңсы қона алмайды” деген ойды тұтынғанымен, үлкен талант өмір дидарын, түрлі сатыда тұрған қияли адамдардың сантүрлі психологиясын көрсетіп беруден, шындықтан, реализмнен безініп кете алған жоқ.

СССР халық артисі, режиссер В.Я.Станицын “Мінсіз күйеу” комедиясын қойған кезде жазушы әлемінің ұңғыл-шұңғылына сүңгіп, оның әр қырын түгел қарпып, спектакльдің биік дәрежеде шығуына мол күш жұмсаған. Өткен ғасыр аяғындағы Лондон ақсүйектері өмірінің, перде артындағы сиқын жария қылатын “Мінсіз күйеу” комедиясы асқан артистік қабілет, ең алдымен дәл психологизмге баруды талап етеді. Әйтпесе жалтырап тұрған диалогты сыдырта айтып шығудың жаңсақ, оңай машығына түсіп кету қиын емес.

Небары жиырма төрт сағат ішінде болатын оқиғада көп тағдырлар хикаясы, саналуан адамның жүрек күйі ақтарылады. Өзге түгіл, өзінен жасырған, жеті сандық түбіне тыққан көмбе ашылып, құпия паш етіледі.

Англия сыртқы істер министрлігінің қабырғалы қызметкері сэр Роберт Чилтерн (СССР халық артисі П.В.Масслаьский) сырт көзге жүзік көзінен өткендей жақсы әсер қалдырады. Шешен. Қимылы ширақ. Мансап баспалдағының қасқа жолында өр кеуде, аршындап бара жатқан бір жан. Қараңыз, пәле аяқ астынан. Шынашақтай ғана миссис Чивли (РСФСР халық артисі С.С.Пилявская) әлекедей жаланып, Роберт Чилтернді өз үйінде қуырады. Бағанағы өр, асқақ Чилтерн аяқ астынан аласарып, құрып бара жатқандай, қара жердің жарығы табылса, түсіп кетердей, даусы қалтырайды, көзі жыпылықтайды. Сол қолы шалбыр қалтасына әдеттегідей әлсін-әлсін сұғылудан да қалған. Не сұмдық!

Осы бір терең драмалық ситуациядағы Массальский мен Пилявская өнеріне айызың қана ден қоясың. Пилявская талантының тегеуріні ерекше қуатпен бой көрсетеді. Мисс Чивли қаһарға мінген кезде Гете Мефистофелінің төбе шашыңды тік тұрғызар тас көкіректігін ойға оралтады.

Бірінші акты соңында Чивли Роберт Чилтернді төбеден ұрғандай тұқыртып, басын жерге жеткізіп кетеді. Чилтерн қылдан тайса, мансабының күні қараң. Соққы үстіне соққы. Роберт Чилтерннің шиі шыққан соң, леди Чилтерннің (СССР халық артисі А.С.Степанова) жұтқаны желім, жегені сағызға айналады. Тоба-ай десеңізші, қыздың аузынан түстіп қалғандай дейтін өзінің Роберті де қылмыс жасаған! Мемлекеттік маңызды документтерді құлқынының құны үшін сатқан дейді. Ішіне ит өлгендей, сонша жыл бір төсекте жатқанда тіс жармаған неткен жан? Кімге сендік? Бәрі алдамшы, бәрі жалған болғаны да. А.Степанова – Гертруд Чилтерннің осындайлық халін, беріле, өртене, сене сүйген әйелдің опық жегенін қайталанбастай қуатпен бейнелейді. Енді не болар екен?

Осы арада Уайлд интригаға басады. Осы арада сіз ақбас лорд Кавэршемнің (РСФСР халық артисі Г.Г.Конский) ұлы Горингпен (РСФСР-дің еңбегі сіңген артисі В.Д.Давыдов) арадағы жаяу қалжыңның куәсі боп отырғаныңызды байқамай да қаласыз.

Роберт Чилтерннің қылша мойнын талша етіп, қиямет қайымына әкелген Чивлидің де кешегі өмірі аппақ болып көрінбейді. Удай тілімен өлгенді тірілтетін, алдап-арбап ұлан-асыр байлық жинаған Чивли – ұры, талғамайтын ұры. Оған бәрбір. Перде сыртынан сөзге құлақ тігеді. Біреудің үстіндегі жылтыраққа да селқос емес.

Ол жарқылдатып тағып жүрген жылан білезік жымысқыдан түскен болды! Тағы да сцена.

Чилтернді дір қаққызған тәсілін Чивли көңілі кеткен лорд Горингке айтады. Осы сәтте өз ұрлығы және ашылады. Шоттың басы маңдайына тисе де, оған қымсына қояр Чивли ме екен?

Чилтерннің әйелі Горнигті оңашада жолығысуға шақырған Гертрудтың тіл-хатын жымқырады. Міне, жоғарғы қауым. Міне, жоғарғы қауымдағы мораль, адалдық, махаббат, мансап жолы.

Айналып келіп бәрінің істер ісі – алдау, жалғандық.

Әр жерден лап берген өрттей бірнеше у түйін байланды. Роберт Чилтерн, миссис Чивли – ұры, Гертруд – күйеуінің көзіне шөп салушы. Драматург пьесаны қалай аяқтар екен? Тағы да Оскар Уайльд өзінің машықты әдісіне басады. Осыдан аз бұрын Чилтерннің батпандай мансабының күл-талқанын шығара жаздаған құжат, Гертрудты масқаралай жаздаған айғақ хат оп-оңай жойылды. Күлесіз. Ащы, улы күлкі. Масқара болған Роберт Чилтерннің министр портфелін алуы сізді таңырқатпайды.

Үлкен шеберлікпен көрсетілген “Мінсіз күйеу” спектаклі мансап, байлық жолында арын белбеуге түйіп, кімге болсын қас дұшпандық жасайтын жоғарғы қауым өкілдерінің мерез жараларының бетін ашады.

Күлесіз, жиренесіз, ойланасыз.


16 тамыз, 1965.
БУЛЫЧЕВ ТРАГЕДИЯСЫ
Максим Горький 1931 жылы тамыз айында, Мәскеуде өз үйінде бір топ өнер қайраткерлерінің басын қосып қонақасы берді. Сол кеште жазушы жаңа шығармасын қолжазба күйінде талқыға салды. Задында бой көрсетуді мін санайтын Горький осы жолы “Егор Булычов және басқалар” атты пьесасын өзі дауыстап оқыған. Бұл туынды оның шығармаларында ежелден берік орын теуіп, орыс әдебиетінде жаңа жота көрсеткен мағыналы арна – қоғамдық-әлеуметтік сарынның енді тұтас тенденцияға ауысқандығының айғағы болатын.

Сыншыл реализм қорамсағындағы ақырғы оқ Чеховтың соңғы шығармаларында атылып біткен секілді еді. Ал Горький болса соны өрісті жайға, шырқау биікке тартты; Россия өміріндегі терең тамырлы тарихи оқиғалардың дүмпуін суреткер жүрегімен жіті сезініп, сол қилы замандағы адамдар мінезін, жаңа дәуір үнін, мол қырлы, сан қырлы күйінде өнер тілімен суреттеді.

МХАТ коллективінің “Егор Булычов және басқалар” спектаклін өз репертуарынан 1934 жылдан бері қарай түсірмей келе жатуының себебі де осыған орайлас. Отызыншы жылдарда кейбір режиссерлар “Егор Булычов және басқалар” пьесасының түп қазық шешімін осы кемерден іздегені, адасқаны белгілі. Евг.Вахтангов атындағы театр қойылымының репетициясына қатысқанда Горькийдің өзі айтқан ескертпелеріне зейін салсақ, бұл шығарманың діңгегі Егор Булычовтың жүрегі, соның басындағы трагедия екендігіне ден қоямыз.

Осы пернені Б.Н.Ливанов пен И.М.Тарханов дөп басқан.

Пьесаның ұлы арна құлақ күйі – лейтмотиві Булычов трагедиясы басқа сарындар әуенінде көміліп қалмай, андағайлап, атойлап ерекше естіледі. Ол қандай трагедия? Қарасирақ ортадан жарып шыққан Булычов басын тауға, тасқа соқты, беттің арын белге түйді, өмір өріне беттеді. Мегзегені – байлық, жетті, тапты соны. Ақшадан ақша тудырды. Алдаған, арбаған болатын. Не мұрат енді содан? Арпалыста, итжығыста өткен арамтер тірлік бетіне адамдық көзбен қайта қарауға, екшеп, сынап бағалап қарауға дәті барар ма? Барғанда медет тұтары қайсы? Жалмауыздай жалаңдай түскен қамау, қоршау топ сол өзі енді жиренген, енді бармақ тістеген пұшайман өмірдің қарақұрым тобыры. Тебіренгенде, тепсінгенде барар тау, басар жері кәні? Кең өріс, шалқар айдынға тартар жолға тұманды көз жетер ме? Көр қараңғыдан ақ сәулеге құр ұмтылған апақ-сапақ бұлыңғырда қарманады. Бос далбаса. Бірін-бірі қуып, апыл-ғұпыл өтіп жатқан еліктіргіш оқиға пьесада жоқ. Оның есесіне сезімдер шарпысуы, пиғылдар қақтығысы, мінездер тоқайласуы қат-қабат. Әр өреден, әр биіктен көрінген түрлі типтердің дүниеге көзқарасы, өмірдің мәніне берген бағасы, қилы моральдардың қым-қиғаш кескілесі көрерменді де баурап, әркімді ішіне үңілдіріп, ойлантып, толғантып қояды.

Булычов шаруадан шықса да, ол топқа баяғыда топырақ шашып кеткен саудагер қауымның қаны мен сөлі бойына сіңген, сол таптың бел баласы. Горький шеберлігі кең қалталылардың өз бетін өзіне тырната айғыздайды. Пьесада тайталасқа түспейтін адам жоқ десе де болғандай. Саралап көрейік, поп Павлин (РСФСР халық артисі А.В.Жильцов) ақша сұрай келгенде көп сыры ашылады; приказчик Мокей Башкин (СССР халық артисі И.М.Кудряцев) Мокроусовты ұсыну үстінде көрінеді. Емшінің де бақай қулығы бар.

Іштей жегі кеулеген, рухани жағынан азғындық-өзегін өртеген Булычов қасында екі-ақ жан бар: бірі – Жолдыбай қызы – Шура; (РСФСР-ға еңбегі сіңген артистка Н.И.Гуляева), екіншісі – қызметшісі Глафира (артистка Г.А.Попова). Шураның бойында Булычовтің тентек қаны аласұрып ағады. Кейін өмірдің асау арнасының қай жалында кететіні беймәлім. Монологтарын тыңдап көріңіз. Іш кернеген ыза, буырқанған ашу. Төңірегі жат. Көкірек тынысы тартылғандай. Жас жүрек талпына ұшып, шарықтасам дейді. “ойран ботқасын шығарам, кек аламын мен қайтсем де, жирен болғандығым үшін, әкемнің ауруы, үшін – бәр-бәрі үшін! Басталсын революция, шақырамын. Көрерсіңдер көресіңдер”, – деп жұлынып тұрған Шура тап тартысы мәнін толық түсініп жеткен саналы күрескер емес, сондықтан да Н.И.Гуляеваның оны тым ереуілдетіп, революция маршы естіліп тұрған – терезеге тым көбірек апаруы артық бояу. Негізінен артистка Шура мінезінің табиғи қалпын, еркекшора келбетін нанымды түрде жеткізе білді.

Пьесада аз сөйлескенімен, үлкен салмағы бар бейне – Глафира. Ол бірінші актыда небәрі 14-ақ ауыз сөз айтады. Горькийдің бейнелеуінде салқын сабырлы, есті сұлу. Нәпсі талшығын қараңғы ұрлықпен алып жүрген жеңіл жүрісті әйел емес, Булычов өлім мен өмір шекарасында қалған қиын сәттің өзінде тастап кетпей, айнымай сүйіп жүрген, берілген, аяулы жар.

“Тартып кетейікші Сібірге, мен жұмыс істеймін… Не бар осында, не бар? Бәрі жек көреді сені, бәрінің күткені өлімің сенің” деген сөздерінде қаншалықты махаббат, қаншалықты жанашырлық бар.

Артистка Г.А.Попова Глафираның таза сұлулығын, асқақ қалпын оңды берсе де, іш астарды, сезімнің бүлкіл тынысын көрсетуде осал соғады. Кей сәтте лап еткен жалын, жалаңаш құштарлықтан емес, Булычовқа деген сүйіспеншілігінен туғанын аңдаған абзал.

МХАТ артистерінің терең актерлік шеберлігі, шу-дамайсыз, әсіре қызыл бояусыз, психологияны дөп басатыны әрбір спектакльден көрініп жатыр. Василий Достигаев рөлінде ойнаған СССР халық артисі М.И.Прудкин жұмсақ, жылбысқы саусақтар арқылы көп дүниені ашып тастады. Жыбырламай, секектемей отыра алмайтын нағыз мыңдарды ұстап жүрген капиталист саусағы қандай сыр айтқыш. Қожасы үшін саусақ сөйлеп тұр.

Бір-ақ рет көрінетін емші Трубач бейнесіндегі РСФСР-дың халық артисі В.А.Попов зал кернеп отырған қалың жұртты күлкіге бөктірді. Әуелде тұрмыстық детальдар мен жеке артистік мәнжайды құнттап кету әйгілі театрдың өзінің сәтсіздікке ұрынуына әкеп соққан. Бұл – бір. Екіншіден, “Егер Булычов және басқалар” – аса күрделі драмалық шығарма.

Пьесада Горький драматургиясының өзіндік ерекшеліктері өте айқын сайрап жатыр. Өзге кейіпкерлер соның төңірегінде шыр айналатын, шын мағынасындағы басты деп бөле-жара қарайтын жеке дара қаһарманның болмауы, оқиғаның бірден-бір себепкері – интриганың кездеспеуі, өмірді ағын түрінде көрсету – Горький пьесаларына етене тән қасиет. Оған қайталанбас сөздік сипаттаманы, терең философияны, қат-қабат психологияны қосыңыз.

“Егор Булычов және басқалар” спектаклін СССР халық артисі Б.Н.Ливанов пен И.М.Тарханов 1963 жылы қайта қойған, Горький туындысының шым терең тұңғиығына молынан барған, режиссураның шешімінде жаңалық бар қойылым.

Драматург құрық сілтеген тұс шым-шытырық өмір, ақпан революциясы қарсаңындағы саудагерлер тірлігінің апақ-сапақты сасқалаңы. Сюжет шиыршық атады. Мыңды үйірген Егор Булычов (Б.Н.Ливанов) өлім аузында, бауырына рак жармасқан.

Өлімтікке қаптай ұшқан құзғындардай жалаңдаған көп ауыз, бәрі Булычовтың опат болуын аш қасқырша бағып отыр. Тас түрмедей еңсені басқан зіл салмақ. Сырттан жұлқына естілген шайпау марш үні, ереуіл сазы келеді. Ол әлі дауылдамайды, сонда да, бір есіп қалса да мына бөлмедегіні жайлап, таптап, жерлеп кететін секілді.

Игнат Гордеев, Илья Артамонов – бұлар Горькийдің тегеурінді таланты тудырған кесек тұлғалар. Жалаң аяқ жар кешіп жүріп, өткелектен өтіп, ақыры байлықтың тентек толқынына батқан сыңайы Талғардың сеңгіріндей одыр-шодыр жандар. Ал Егор Булычов мінезін қалыптауда жазушы бұрынғыдан бетер кеулей түскен.

Кешегі пақырдың көлкөсір дүниеге қалай ие болғаны, сол жолдағы ирек қырсық сырлары емес, аптал алпауыттың өмір соқпағының шыңырау жары басынан енді құлағалы тұрған сәттегі гөй-гөйлі шыны, текіректі тебіренісі, өксікті өрекпеуі сахна тілінде бебеу қағады. Өзінің өзегін өртейді, өзгені жалындай шарпиды.

Бір қарағанда пьесадағы омыртқалы тартыс, көкшеке дода Егор Булычов мұрасына таласу сияқты. Бұл Бальзактың “Горио атайынан” бастап талай шығарманың негізгі болған айқас ертең-ақ торғайдай тозып кететін революция алдындағы помещиктік Россия провинциясындағы үстем тап өкілдерінің келбеті көлбең қағады: атасы Булычовтің өлімін тілеп, тімтініп жүрген күйеу баласы адвокат Звонцов (РСФСР-ға еңбегі сіңген артист Г.М.Колчицкий) мансапты арман етеді. Бір тиынды он рет балалататын саудагер Достигаев (СССР халық артисі М.И.Прудкин) тұтар пір – Распутин, дін жолын қуғансыған монтаны Мелания (СССР халық артисткасы К.Н.Еланская) суық жүрістен тайынбайтын көкбет.

Жас буын бұдан да сорақы. Достигаевтың қызы Антонина (РСФСР-ға еңбегі сіңген артистка В.Г.Калинина) сөзіне құлақ салайық: “Құлай сүйер құштарым – қорқыныш пен үрей. Зәрем ұшқанда көңілсіздік қашады, қараңғыда отырсаң ғой телміріп, сондай суық бауыр аждаһа бас салса”. Мағынасыз, мақсатсыз күйкі өмір оны осылай сандалтып қойған. Алексейдің (артист К.К.Градофолов) есіл-дерті тән ләззаты – нәпсі.

Варвара - (РСФСР-ға еңбегі сіңген артистка Е.М.ханаева) Булычовтың қызы желөкпе заманның бұланқұйрық құйынына ілеспек. Әркім құлқынының құлы боп кеткен қиракезі дәуір. Сол Варвара бұрыш-бұрыштан селтеңдеп шыға келеді.

Аңдығаны – төсек тартқан әкесі. Аңсай күткені – соның өлімі, арманы – мұра бөлісінде бес, он тиын болса да артық асап қалу.

Өмір асқақ басын еңкейтіп кеткен ызғарлы шақта Булычов қасында көңілсүйер жар да жоқ, әйел Ксения (РСФСР-ға еңбегі сіңген артистка А.Ф.Георгиевская) майға қонған шыбынның сирағын жалап-жұқтап ұшырар сібер сараң. Сезім, көкірек күйі кеудесіне бармас сәулесіз соқыр. “Бес минутта сөлкебай, сағатына алпысын қақшиды… Сұмдық-ай”, – деп Ксения күйеуін қараған дәрігерге аз ақшаның өзін қимай, шыбын жаны шырқырайды. Георгивская мысық табан жүріспен Ксенияның жалтаңдығын, сорлы күйін дәл жеткізеді. Ол Булычовтан мүлде алыс, жат, өзі айтқандай, артық мүлік секілді. Долылықпен күйіп тұрған кейпі бар: Ксения – адуын туысы Меланияға бір кезде Егормен тамыр болдың деп тап-тап бергенде беті шімірікпейді.

Қайтерсің, анталаған жау ортада талғажау үшін күндесі болса да Меланиямен, анау Звонцев, Башкин, Достигаевтармен жеңұшынан еріксіз жалғасады. “Жат ортаға түстім. Отыз жыл бойы жат ортада. Сенің басыңа бермесін оны. Әкем ғой менің сал айдады, ал мен ше? Тіл де жетпейді оны айтуға” деп өкініш зары селеудей селдіреген езудегі мұрт, тұрбаны үрлеген кезде жұлынып ұшып жатқандай, екі аяқ қамыттанып жерге кіріп барады. Өзінше Булычовты алдадым деп көзі сексеуілдей жанып тұр.

Реалистік драма “Булычов және басқаларда” жасандылық көлеңкесі жоқ. Ливанов кейіптеген Булычов – нар кеуде, дария ақыл, орақ ауыз, от тілді жан. Өмір соқпағының ақырғы шақырымдарында өзімен-өзі, осы уақытқа дейін тұтынып келген моралімен, сеніміменен, өзі кереғар қайшылыққа түскен, арпалысқан, қос қыртыс, қат-қабат қаһарман.

Әр жерден анда-санда бұрқ етіп шаң көрсететін шалдуар пікір бар: шырқай дамыған киноның дәуірінде, телевизия өркен жайып бара жатқан жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында театр тынысы тарылды, ол ертең-ақ сөзсіз жұтылып кетеді. Рас, жаман театрды, көрерменге берер қуаныш, қосар нәрі жоқ қауқарсыз қуыршақ театрды кенеулі кино мен ойлы телевизия шетқақпай қалдырады. Ал қалың көпшіліктің көз алдында өмірдің терең сырларын ашып, небір иірім толқын күйлер шертетін, көрермен шулы тіршіліктің қолма-қол куәгері болатын ақылды театр әсте аяөқ асты болмақ емес. Қайта нағыз театрға деген халық махаббаты спектакльден-спекткальге ұлғайып, өсіп, жан тебірентер сүйіспеншілікке ойыспақ.



21 тамыз, 1965.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   37




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет