Екінші желі. Теңдік ұранды әдебиет
Этюд
ҒАШЫҒЫМ МЕНІҢ – БОСТАНДЫҚ
«Желісі үзілмей келген жиырма жылдық ақын жолы жеңіл жол емес.
Күш-қуат, ой-сезім, істегі нәр атаулының барлығын қуаныш пен күйініш, қиналу мен тебірену араларында, жалындай жанып ортаға салған жылдар. Бұл жолға барлық жас қуаты, өмірлік бейнеті, жүрек қаны сарп етілген. Осы күйді әсіресе Сәкен басынан мол кешті»
(Мұхтар Әуезов)
ХХ ғасырдағы қазақ жаңа әдебиетінің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның қоғамдық тарихында көрнекті орын алатын қайраткер Сәкен Сейфуллин аз ғана ғұмырында найзағайдай жарқырап өтті. Жаңашыл жазушы қаламынан туған шығармалар халық өмірінің көкейкесті, өзекті тақырыптарын аша көрсетті, жанды бейне, көркем тұлғалар арқылы терең идеялар айтып, эстетикалық игіліктер жасады.
Ұлттық әдебиетке жаңа мазмұн, жаңа түр, жаңа идея әкелген жазушы туындылары халқымыздың қымбат рухани қазыналарының қатарына жатады.
Сәкен Сейфуллин 1894 жылы бұрынғы Ақмола облысы, Ақмола уезі, Нілді болысының бірінші ауылында (қазіргі Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы) туған. Сарыарқаның сағымды даласы, мөлдір сулары толқыған Есен өзендерінің бойы, алыстан көз тартатын Аба, Ор тауларының бауыры – болашақ ақынның балалық шағы өткен, жаз жайлау рақатын көріп, алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнаған, қыстың боранды ұзақ түндерінде қиял-ғажайып, ерлік оқиғаларға толы батырлар жырын естіп, мың түрлі сырмен адам жүрегін елжіретер ән мен күй тыңдаған, айт пен тойдың қызығын көріп, айтыс пен бәйгені қызықтаған, алтын бесік ыстық ұясы.
Табиғатынан дарынды жаратылған, мөлдір қара көз, толқынды шаш, қыр мұрын, қайратты ұлдарын Сейфолла мен Жамал азан айтып қойған Сәдуақас есімінің орнына, ата-анасының Мұқаметқанапияны – Шоқан, Ибраһимді – Абай дегені секілді, ерекелетіп «Сәкен» деп атап кеткен.
Қажырлы, сөзге шешен, домбырашы, саятшы, аңшы Сейфолланың көп істері, әрекет-қимылы, мінез-қалыбы болашақ ақынның өр, қайсар, әділ болып өсуіне әсер етеді. Еркелікті білмейтін, орынсыз күлкіге, жылауға жоқ, тұрымтайдай бала шешесі Жамалдың ертегілерін тыңдаудан жалықпайды. Ауыл молдасынан тілін сындырып, арабша хат танып, қисса-хикаяны өзі оқи алатын деңгейге жеткен Сәкенді сол кездегі өзге көрбілте қазақтар секілді «Осы жетеді. Мал бақ. Үй ішін қара» деп, от басы, ошақ қасында ұстап қалмай, «Орысша тіл үйрен, орысша оқу үйрен» деп Нілді заводына жібереді. Тоғыз жасында ауылдан кетіп, рудникке келген Сәкен бір орыстың сиырын күтіп, пешке тас көмір жағып, су әкеп, әр түрлі жұмыстар атқара жүріп, әуелі сол үйдің кемпірінен орысша тіл үйреніп, екі жыл завод мектебінде (школа) оқиды. Кеше ата-ана алақанына салған бақытты бала, бүгін кісі есігінде. Кеше кеш жатып, кеш оянған, ұйқыдағы жайбарақат ауылда болса, бүгін түтіні аспанға шапшыған завод, балғаларды дүрсілдете соғып, көк темірді сағызша илеген ұсталар, есе, теңдік, бостандықты талап етіп ереуілге шыққан жұмысшылардың арасында. Қазағы, орысы, ағылшыны бар интернационалдық ортада. Жеті қат жер астындағы шыңырауға түсіп, көздері ғана жылтырап, шаршап-шалдығып шахтадан шығып келе жатқан кеншілер, сан алуан машиналарды жүргізіп, тас қопарып жатқан жұмысшылар, жатақ үйлер, ауыр тұрмыс, тартысты өмір суреттері алғыр, зерек, есті бала жүрегіне ыза, намыс, кек болып байланады. Кейін олар ақынның көптеген шығармаларына арқау болады. Сәкеннің жан-жақты білім алуы, азаматтық-әлеуметтік көзқарасының қалыптасуы, шығармашылық қадамының басталуы оның 1908-1913 жылдары Ақмоладағы (қазіргі Астана) приходская школада, қалалық училищеде, 1913-1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыған жылдарымен тығыз байланысты. Тырнақ алды қадамын Нілді заводында қалжың өлең жазудан бастаған жас дарын қазақ фольклорын, Абай шығармаларын, орыс, Европа әдебиеттері классикасын игеруге талаптанады: «Айқап» журналына хат-хабар, сын мақала, бірнеше өлең бастырады. 1914 жылы жиырма жастағы семинарист Сәкен Сейфуллиннің «Өткен күндер» атты өлеңдер жинағы Қазан қаласында басылып шығады. Өзі секілді семинария бітірген сол тұстағы қазақтың жас оқығандары сияқты Сәкен де еңбек жолын Сілеті-Бұғылы деген жерде ауыл мұғалімі болудан бастайды. Қазақ даласының астаң-кестеңін шығарған 1916 жыл оқиғалары, әсіресе әлемді дүр сілкіндірген 1917 жылдың алапат толқыны Сәкен өмірінде, оның азаматтық, ақындық тағдырында ерекше орын алады. Шәкірт оқытып, қазақ тұрмысынан әр түрлі өлеңдер жазып жүрген, тіпті әлі балалық мінезден арылмаған жас ақын Ақпан революциясы болып, патша құлағаннан кейін Ақмолаға келеді. Тап тартысының бітімсіз күресі аз уақыт ішінде романтик жыршыны ширатып, тіпті оның шығарма жазуға қолын да тигізбей, әлеумет қайраткері, революционер, саяси күрескер етіп шығарады. Қазақ комитетінің төрағасы, Совдеп президиумының мүшесі, Халық ағарту комиссары, «Тіршілік» газетінің шығарушысы – 1918 жылы маусым айында ақ казактар мен чехословактардың контрреволюциялық көтерілісі Ақмолада совет өкіметін құлатқанға дейін Сәкен Сейфуллин осындай қызметтер атқарып, қазақ әйелдеріне теңдік беру, дін басыларын ауыздықтау, бұрынғы дәулет-байлық, әкімшілік-билік иелерін тізгіндеу, кедей-кепшік, жұмысшы-жалшыға құқық беру, әлеуметтік іске тарту секілді сан алуан саяси шараларды жүзеге асырады. 1917 жылы жазған «Бақыт жолына» драмасы 1918 жылы Ақмола жастарының күшімен сахнаға қойылады. Революционер өмірін бейнелейтін «Қызыл сұңқарлар» драмасы 1920 жылы дүниеге келген. Басқа да революционерлермен бірге Сәкен қол-аяғы шынжырланып, Колчак түрмесіне отырады, аш-жалаңаш, қорлық-зорлық көріп Анненковтың азап вагонының тауқыметін тартады. Тоғыз айға созылған бұл тамұқ тақсыретінен ержүрек ақын 1919 жылғы наурыз айында Омбы тұтқын лагерінен қашып шығып құтылады. Тордан босанған жаралы жолбарыс контрреволюционерлердің қудалауынан қашып, мыңдаған шақырым жаяу-жалпы, арып-ашып жүріп, ақыры Түркістан өтіп, Әулиеата (қазіргі Тараз) атырабында совет өкіметін орнату жұмыстарына белсене қатысады. Бұл революциялық күндердің шежіресі - «Тар жол, тайғақ кешу» (1927 ж.).
Ақ бандылар, контрреволюция күштері жермен-жексен болған соң, 1920 жылы Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы құрылғанда, революционер, 1918 жылдан Коммунистік партияның мүшесі Сәкен Сейфуллин Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің президиум мүшесі, Жер-су комиссиясының төрағасы, ал ІІІ Советтер съезінде 1922 жылдың қазанында Қазақстан Комиссарлар Советінің төрағасы болып сайланады. Бүкілодақтық Атқару Комитетінің (ВЦИК) мүшесі ретінде ССРО көлемінде шешілетін күрделі, саяси, әлеуметтік, шаруашылық мәселелерді талқылауға қатысады, 1922-1925 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болған С.Сейфуллин қазақ баспасөзінің өрістеуіне күш салды. 1925-1937 жылдар арасында Жазушылар Одағында, Партия тарихы институтында басшылық қызметтерде бола жүріп, жоғары оқу орындарында ұстаздық етті. Ер жүрек революционер, кең құлашты қоғам қайраткері, адал, шыншыл азамат Сәкен Сейфуллин даңқы алысқа тарады.
Революциялық күрестің от-жалынында шыңдалып, әлеуметтік-қоғамдық қызметтің мыс қазанынан балқып шығып, батырлық-ерлігі аңызға айналған Сәкен қарбалас, аласапыран күндер тынышталып, бейбіт өмір арнасына түскен шақта негізгі өмірлік мұраты қаламгерлік екенін әбден ұғынды. Барлық қайрат-күшті, талант-дарын, жігерді көркем сөзбен туған халқына қызмет етуге жұмсайды. Оның дарынды қаламы жаратқан «Асау тұлпар» (1922), «Домбыра» (1924), «Экспресс» (1926), «Тұрмыс толқынында» (1928), «Көкшетау» (1929), «Альбатрос» (1933), «Қызыл ат» (1934), «Социалстан» (1935) өлең, поэма кітаптары, «Тар жол, тайғақ кешу» (1927), «Жер қазғандар» (1928), «Айша» (1922), «Жемістер» (1935) прозалық шығармалары, «Бақыт жолына» (1917), «Қызыл сұңқарлар» (1920) драмалары, «Қазақ әдебиеті» (1932), «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1933) зерттеу еңбектері көркем, танымдық-тәрбиелік мәні жоғары, ұлттық эстетикалық дамуымызды жаңа сапалық биікке көтерген, кейінгі өрістеу-өркендеулерге ықпал жасаған туындылар.
Композитор ретінде Сәкен Сейфуллин қазақ музыкасының дамуына өзінің тамаша әндерімен үлес қосты.
1936 жылы қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Сәкен Сейфуллиннің әдеби қызметінің 20 жылдығы тойланып, әлеуметтік шығармашылық ерекше қызметі ескеріліп, оған Еңбек Қызыл Ту ордені берілді. Бір жарым жылда дүние шыр айналды. Советтік террор басталды. Сәкен Сейфуллин 1938 жылғы 28 ақпанда атылды.
Тұңғыш «Өткен күндер» өлеңдер жинағы Қазандағы «Мақтубат кәримия» баспасынан басылып шыққанда – Сәкен Сейфуллин жиырма жаста.
Кітапқа енген өлеңдердің әлеуметтік-қоғамдық мазмұны, көркемдік-эстетикалық ерекшелігі, поэтикалық-ақындық қуаты жас қаламгердің табиғи үздік талантын, азаматтық позициясын, философиялық дүниетанымын анық көрсетіп берді. Бұл тұста баспадан кітап болып шығып жатқан қазақ жазушыларының шығармалары некен-саяқ, ұлы ақын Абай туындыларының басылғанына не бары бес-ақ жыл өткен.
Сәкен жинағындағы өлеңдер идеялық тұрғыдан алғанда ағартушылық, демократтық бағытта, сыншыл реализм әдісінің арнасында жазылғандығын көреміз. Жас ақын қазақ өміріндегі, халық тұрмысындағы маңызды әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, оған көркемдік, эстетикалық талдау жасайды.
Патша отаршылығы, қазақ елінің қараңғылықтан көзі ашылмағандығы, қазақ байларының надандығы мен топастығы, өздері бірікпей, жан-жаққа тартқан ел басшыларының берекесіздігі – осы тектес саяси-әлеуметтік тақырыптарды қозғау, кедейлік, жоқтық зардаптары, білімге үндеу, оларға халық мұраттары тұрғысынан жауап іздеу жас ақынның азаматтық ой-өрісін көрсетеді. Бұл идеялар «Мұра», «Түс», «Кім басшы-аға халыққа», «Қазақ сабағы», «Надан бай», «Жетімге», «Інішегіме» өлеңдерінің бәріне тән.
Оқу-білім қуып жастай қалаға кеткен жасөспірімнің елге деген сағынышы, туған жерге махаббаты, ауыл көріністері, ел тұрмысын, этнографиялық жәйіттерді бейнелейтін «Жайлауға көшу», «Жайлауда қымыз ішу», «Айт күні» өлеңдерінен жақсы көрінеді. Бұл туындыларда есте қалар қанық бояумен салынған табиғи суреттер, бірте-бірте жойылып бара жатқан қазақтың кешегі өмірінің белгілері - өткен күндер картиналары бар.
Ұшқын атқан алғашқы ғашықтық, махаббаттың нұрлы сәулесін жырлауға да жас ақын қаламы бейім, бұл ретте Абай ықпалы бар.
Әлеуметтік айқын позиция, халықтық идея, бейнелі тіл орамы, мәдениетті өлең кестесі бар «Өткен күндер» жинағы қазақ әдебиетіне тегеуірінді талант келгендігінің айғағы болды.
1922 жылы Орынборда басылып шыққан «Асау тұлпар» жинағы – қазақ поэзиясында жаңа мұраттар, жаңа игіліктерді жырлаған туынды болды.
«Далада» аталатын ақ өлеңмен жазылған арнауында ақын:
Сендерге, қарындастар,
Сендерге, інілер,
Сендерге арналды бұл әндер.
Дүниенің құлдық шынжырын қиратып,
Әділдік, теңдік іздеген,
Тұрмыстың таршылық зынданын бұзып,
Еркіндік, кеңдік іздеген,
Көкіректері жанып, бақыт іздеген, жастар,
Сендерге арналды бұл әндер,-
деп жинақтың негізгі идеясын, эстетикалық мұратын пафосты, ұранды сөздермен ашып береді. Негізінен «Асау тұлпар» жинағындағы өлеңдерді үш жүйеге бөліп қарауға болады. Бірінші – революцияға дейінгі кезде жазылған махаббат, ғашықтық жырлары, табиғат, пейзаж лирикасы, түрлі аудармалар, әдеби пародия. Ақын өлеңдердің қашан, қай жерде жазылғанын дәл көрсетіп отырған. Еркіндік, бостандықты аңсау, табиғат құбылыстарынан философиялық мағына іздеу, таза сүйіспеншілік рақат-ләззатын мадақтау - «Жазғы түнде», «Көңіл», «Сәулем», «Өткен күн», «Далада» секілді өлеңдердің басты көркемдік нәрі.
1917 жылы 9 наурызда жазылған «Асығып тез аттандық» өлеңі – ақын шығармашылығындағы жаңа күрт бетбұрыс, революцияны жырлаудың басы. Россияда болып жатқан таптық шайқастар табиғатын, патша құлап, еңбекші тапқа бостандық келгенін терең ұғынған ақын әлеуметтік мәселелерді қара күн, зеңгір тау, таң, тұлпар, қызыл шоқ үкі, көк, қызыл шашақ оқа тәрізді символды бейнелер арқылы романтикалық әуенде көтеріңкі пафоспен жырлай келіп:
Күнге жайып құлашты,
Шақырып бері шаттандық.
Қуантуға ел-жұртты
Асығып тез аттандық, -
деп тұжырды.
Ал «Кел, жігіттер» өлеңінде (1917) автор позициясы тіпті айқын, енді ол символды сурет, романтикалық толғау арқылы емес, қазақ жастарына ашық революциялық ұран тастайды:
Залымдық пен
Әділдіктің
Алысқанын айтайық
Бай мен кедей
Жер жүзінде
Шабысқанын айтайық,-
дейді.
Сөз жоқ, бұл – қазақ әдебиетіндегі революциялық жыр.
Терең мазмұнды, асқақ идеялы «Тұлпарым», «Сағындым», «Қамауда», «Адасқандарға», «Шаһит болған достарыма», «Түрмеден қашып шыққанда» өлеңдері қаһарлы күндердің сұсты келбетін, өмірлік терең шындықтарды ашады, ауыр күрестерде шынығып шыққан революционер тұлғаларын жасайды. Бұл шығармалар революционер Сәкен Сейфуллиннің қысталаң кездегі өмір хроникасы іспеттес; «Тар жол, тайғақ кешу» романында айтылатын оқиғалармен сарындастық, үндестік сезіліп отырады. Ақын өз басынан өткерген жәйіттерді жалпы халықтық тарихи маңызы бар көркем шығарма дәрежесіне көтеріп, бір-бірімен сабақтас, ұялас, шоғыр туынды – революциялық жырлар циклын тудырған. Осылардың ішінде гауһардай жарқырап тұрған, бүкіл қазақ даласын күңірентіп, үстем таптың зәре-құтын алып, еңбекшілерді күреске шақырған бір кездегі француз революционерлерінің әуенімен айтылатын туынды – «Жас қазақ марсельезасы» (1918).
Анненковтың азап вагонынан өлдім-талдым дегенде әрең қашып құтылып, басқа атпен жасырынып жүрген кезінде Сәкен қаламынан туған «Біздің жақта» (1919), «Бабаларыма» (1919), «Тау ішінде» (1919), «Шөлде» (1919), «Қашқынның ауылы» (1919) өлеңдерінде пессимизм, өкініш, түңілу сарындары, күрестен қашу мотивтері жоқ, қайта туған жерді, кең даланы, сұлу қыз, батыр жігітті, еркіндік, бостандықты мадақтау пафосы толқын атып тұр.
Үшінші топтағы «Біз» (1921), «Қызыл ерлер» (1921), «Жолдастар», «Кімде-кімнің тасқын судай қайраты» (1922) деген өлеңдерінде ақын Қазан революциясының жеңісін, оның дүниежүзілік маңызын, тарихи сабақтарын жырлайды. Ақын тақырыбы кеңейіп, идеялар сараланып, бояу-кесте байи түскен «Қара айғыр» (1921), «Жұмыскерлерге» (1921), «Біздің тұрмыс – экспресс» (1922) өлеңдерінде жаңа заман кескінінің көрсеткіші ретінде ақын поэтикасында орасан зор орын алатын поезд, самолет, экспресс, жұмысшы, домбыра секілді бейне-символдар жиі қолданылады.
«Домбыра» жинағында (1924) ақын таланты бұрынғыдан терең ашылып, сан алуан тақырыптағы көркем туындылар берді. Табиғат құбылыстарын, туған ел көрінісін бейнелей отырып, символдық сурет жасау, ишарат ой айту сипаттарымен ерекшеленетін «Алтай» (1925), «Жазғы далада» (1923), «Лезде-ақ артта қалады» (1923) өлеңдерінде асқақ пафос, жалынды рухпен қоса, кей тұста тәтті мұң төгіліп, тебіреністі сыр шертіледі.
Ақынның революционерлер, жұмысшылар, бір сөзбен айтқанда жаңа сана адамын сұлу мүсінді, қайратты, сыптай, жаны таза, биік мұрат жолындағы күрескер етіп көрсететін «Біздің Сәуле» (1922), «Жас қазақ» (1923), «Сәрсен» (1923), «Біздің ұлан» (1923), «Жеткіншегім, тартынба» (1923) өлеңдерінің идеялық мазмұны ұқсас, көркемдігі деңгейлес.
Әсіресе «Бұлшық ет» өлеңінде дүниедегі шын сұлу – барлық әрекет, қозғалыстың, динамиканың, даму атаулының тұтқасы, тас қопарып, жер үңгіп, шыңырау қазып, байлық шығарған, темірден жол салып, жер қыртысын сыдырған адам қолын ардақтай келіп, ақын бұлшық етті айғырдың тоқпақ жалына, бөкеннің серке санына, қайыңның қырған безіне, шортанның жұмыр беліне теңей келіп:
Ширатылып түйілген,
Болаттай күшпен иілген,
Бұлшық етті білек пен
Балтырдан күшті дене жоқ,-
деп аяқтайды. Бұл – адам баласының таза сұлулығын, күш-қайратын бейнелі сурет арқылы әсем сомдап, шалқыта мадақтаған келісті де ықшам, көркем де шебер жыр, қазақ лирикасының інжу-маржаны, классикалық туынды.
Тағы бір көңіл аударарлық жаңалық «Аспанға ұш» (1923), «Самұрық» (1923), «Автомобиль» (1923), «Жел қайықта» (1924), «Қызыл жұлдыз» (1924) секілді өлеңдерде революциялық өзгерістер дәуірінің, өсіп өрлеудің, дамудың бейнесі ретінде самолет, автомобильді, күрестердің символы, эмблемасы сипатында – қызыл жұлдызды жырлайды, осы тақырыптардан әлеуметтік-қоғамдық мазмұн тудырады.
Сәкен лирикасы үлгісінің бірі – 1926 жылы Қызылордада басылып шыққан «Экспресс» жинағы.
Шын сүюді сенен көріп,
Сенен ғана білгемін.
Күлсең мен де саған еріп,
Қуанғаннан күлгемін,-
деп анасы Жамалға арнаған тарту өлеңнен бастап, кітаптағы бірталай шығарма туған жерге махаббат, оның кең даласын («Қара жер», «Күзді күнгі дала»), айдын шалқарын («Міне, көл»), шулаған тоғайын («Орман»), елге деген құштарлығын жырлауға арналған. Әсіресе хат үлгісінде жазылған «Балаға хат», «Анаға жауап» өлеңдерінде аналық-балалық махаббаттың, сағыныш-мұңның, өкпе-наздың жүрек қылын шертер, көзге тәтті жас үйірілтіп, ет-бауырыңды елжіретер нәзік лирикалық сезім жеті-сегіз буынды, шалыс ұйқаспен келетін Абай жасаған өлең формасымен аса сәтті бейнеленеді.
Сәкен ақынның жарқ еткен гауһардай лирикалық туындысы, еркін поэтикалық шабыттан сау етіп құйыла салған шығармасы «Сыр сандық» өлеңі досқа жазылған хат формасында берілген. Сезім мен сыр, ой мен бейне жымдаса қабысып кеткен бұл шығарманың ішкі ырғағы, тармақтың басқы, ортаңғы, аяққы ұйқастары, бунақ, әуезі гармония заңдылығымен есіле төгіліп, жібек торғындай судырап тұр. Адалдық пен арамдық, талант пен күншілдік, мансап пен ұждан, достық пен қастандық туралы тебірене толғанған ақын мұзбалақ, зеңгір тау, сыр сандық, сым перне, алтын сарай бейнелері арқылы көркемдік мұрат, әсемдік идеяларын оқырман қауымға айқара ашып салады.
Әлеуметтік лирика саласындағы кең тынысты туынды – «Советстан» (1925) - қазақ поэзиясына соны ырғақ, композициялық айтулы өлшем әкелген туынды. Лирикалық қаһарманның экспресте келе жатып ойланған, толқыған көңіл-күйіне, тебіренген жүрек сырына құрылған лирикалық философиялық поэманың композициясын оның әр түрлі көлемдегі, жеке-жеке ат қойылған тоғыз тараушасы жинақтап, ширатып ұстап тұр.
Лирикалық қаһарман – революция түлегі, жеңген тап – жұмысшылар өкілі, сондықтан да ол Совет өкіметі орнаған сегіз жылдың биігінен, шырқау тұрғыда тұрып, жырлап алға басып бара жатқан дәуір атынан сөйлейді. Тартыс, күреске толы заман туралы ақындық жүрекпен тебірене толқиды, ескілікті мансұқ етіп жерлейді, теңдікті, бостандықты, еркін еңбекті мадақтайды. Бір ауыл, бір атырап, тіпті жалғыз Қазақстан емес, лирикалық қаһарман бүкіл Совет Одағының атынан сөйлеп, тарих, жер, ел, табиғат туралы, Разин, Пугачев хақында, Кавказ бен Алтай, Еділ мен Жайық, байтақ Россия жайлы жыр шалқытады. Экспресс ырғағын, заман дамуын сабақтас, әуендес алған, аллегориялық, символдық бейнелер жасауға ұмтылған ақын ізденістері кейін «Альбатрос» поэмасында дамытылып, сараланып, тереңдей түсті.
Қазақ поэзиясында революционерлер, жұмысшылар тұлғасын тұңғыш рет жасаған ақын ретінде даңқы жайылған қаламгер Сәкен шаруалар, кедейлер бейнесін көрсетуге, олардың санасындағы психологиялық өзгерістерді суреттеуге де көптеген шығармалар арнады.
Өзі әңгіме-жыр деп атап, 1926 жылы жеке бастырып шығарған «Ұйым және еңбек шарты – жалшылар қорғаны» аталған шығармасында Бүйенбай байдың әділетсіздіктерін, жалшы Сәрсеннің көрген қорлықтарын фольклорлық дәстүрдегі терме әуенін пайдалана отырып,, еркін формада әңгімелей баяндайды. Жалшы қауымның адасып, қателесіп жүргенін, қайткенде еңбегі жанатынын үгіттік-насихаттық ыңғайда түсіндіріп береді.
«Тұрмыс толқынында» (1928) жинағындағы «Ауыл байғұс мінеки» (1926), «Қарлы аязда», «Ызғырық аязда Жұмат үйінде», «Келіншек ойы» (1926) өлеңдерін шаруалар өмірінің әр түрлі психологиялық күйлерін бейнелейтін бір тақырыптағы шоғыр шығарма, цикл деп қарау керек. Кедей шаруа Жұматтың өмірі, тағдыры қарлы боранды, сұсты табиғат құбылыстарымен астастыра алынады. Есе теңдікке қолы жеткен бүгінгі шаруаның әрекет-қимылы «Жазғы егіске» (1931), «Колхозда», «Егіс жайда» (1931) өлеңдерінде жаңа ырғақпен, публицистикалық шалқумен суреттеледі. Бұл туындыларда нақты жер-су аттары, кісі есімдері дәл беріледі, репортаж, очерк сарындары жоқ емес. Кейбір өлеңдерде ақын өлім мен өмір, фәни тіршілік пен мәңгілік диалектикасына бағышталған сырларды толғаудан да қашпайды. Осы сарындағы туындылар қатарына «Отарба терезесінен» (1927), «Тұрмыс толқынында»(1927) өлеңдерін жатқызуға болады. Керуен, қара жер, шілде, күз, қыс, тамшы, ағын, толқын, дария, теңіз, қайық ұғымдарына ақын символдық, аллегориялық, поэтикалық жаңа мағына береді, ишарат арқылы құнарлы философиялық көркем ойлар айтады, адам өмірінің түрлі кезеңдерін бейнелейді, өмірдің қымбаттылығын, тіршіліктің тәттілігін жырлайды.
Сәкен лирикасының тұғыр кейпкерлерінің бірі әр мамандықтағы жұмысшылар болды. Ақын толымды бейне жасау үшін өндіріс ырғағын, кәсіп ерекшеліктерін де ұмытқан жоқ, тіпті көзге елестер сурет тудыру мақсатында қимыл-әрекетті, машиналар қозғалысын беретін ырғақ, өлшем, ұйқас, дыбыс қайталауға дейін барды. «Баспахана» (1927), «Тізушілер» (1927), «Тоқу фабригінде» (1929), «Сылаушылар жыры» (1929), «Қалаушылар жыры» (1930) деген өлеңдер бұл реттен бір поэтикалық жүйе құрайды.
Қазақ әдебиетінің төл топырағында мәуелі жеміс берген революционер ақынның поэтикасында интернационалдық дәстүрлер, әсіресе орыс поэзиясының сабақтары, өзімен бір дәуірде өмір сүрген ақындар тәжірибесі, идеялық, мазмұндық, көркемдік-эстетикалық жалғастық үнемі көрініп отырады. Бұл әсер, ықпал, эпигонство емес, терең шығармашылық тамырластық табиғатына лайық дәстүр мен жаңашылдық диалектикасы, ұлттық және интернационалдық көркемдік тәсілдердің бірлігі, әдебиет дамуындағы жарасымды тұтастық.
Сәкен Сейфуллин поэтикасында символ дәрежесіне көтерілген бірнеше тұрақты бейне бар, олар асау тұлпар, қызыл сұңқар, аққу, домбыра, экспресс, альбатрос, сыр сандық, толқын. Осылардың ішінде сұлулық, тазалық идеалы ретінде алынатын бейне – аққу. Бұл бейне «Көкшетау» поэмасында, «Жемістер» хикаятында кең суреттеледі. Әсіресе «Аққудың айырылуы» поэмасында (1925) ақын аллегориялық тәсілмен терең көркем ой айта білген, мәңгілік махаббатты жырлаған. Бас-аяғы жұп-жұмыр ықшам, келісті туындының ширақ сюжеті, жымдасқан композициясына назар аудару керек. Алдымен Арқадағы құмы маржан, суы күміс, айнала көк кестелі шайы шымылдық, жасыл құрақты айна көлдің суреті беріледі. Лирикалық кейіпкер анда-санда, саясатсыз тұрмыс тіршілігіне еніп, демалысқа осында келер еді. Қызғыш, тауқұдырет, шағала, сұқсыр, қасқалдақ, үйрек секілді көлді мекендеген құстар қанша сәнді болғанымен, бұл мекеннің толымды суретін бере алмайды. Аққудың келуімен көлде жаңаша, әсем тіршілік пайда болады. Қос аққудың махаббат мейрамы басталады. Ақын бұл құбылысты көз алдыңызға дәл келтірердей жанды, тірі, динамикалы картина жасайды. Сұлулық, гармония, табиғаттың тамаша жаратылысы - айдын көл, оның бетіндегі шашақты толқындар, суда қалқи жүзе жүріп, сүйіспеншілік ләззатымен балқыған қос аққу – мұның бәрін әсерлі суретпен дәл бейнелейді.
Қамыс арасында тығылып тұрып, сұрша мерген бір аққуды атып алады. Сөйтіп тағдыр-минут қас-қағымда табиғаттың ғажап жаратқан асылы – сұлулық символын мерт қылады. Жалғыз қалған екінші аққудың қиналысын ақын кең толғап, ақыры оның өзін-өзі аспаннан тастап жіберуін үлкен трагедиялық күшпен суреттейді. Бірінсіз бірі тірлік ете алмайтын аққу құстардың табиғатта бар қасиетін ақын үлкен символдық идея, махаббат идеалы, сүйіспеншілік мұраты ретінде асқақтата бейнелейді.
Сәкен Сейфуллин өз шығармашылығында азаматтық позицияны бірінші қатарға қойған, халықтық талаптарды ерекше ескерген, өнердің әлеуметтік, тәрбиелік мәнін аса қатты құнттаған, шығармалары арқылы өмірге қолма-қол ықпал жасауды ойлаған жазушы. Оның барлық жанрдағы туындыларының басты ерекшелігі өз заманының, уақыттың көкейкесті, актуальдық мәселелерін көтеріп, соларға көркемдік-идеялық саралау жасауында жатыр.
Кезінде көп дау-дамай тудырған «Қызыл ат» поэмасында (1933-1934) ақын өзі бұрыннан да («Көкшетау», «Лашын әңгімесі») жиі әрі сәтімен қолданған, аллегориялық әдіспен Қазақстандағы коллективтендіру кезінде болған үлкен қателіктерді, солардың кесапатынан туған трагедиялық қиындықтарды, ащы шындықтарды жасырмай айтады. Ақын мен Қызыл аттың айтысы формасында жазылған бұл туындыны қазақ поэзиясындағы ең уытты әлеуметтік сатира деуге болады; қазақ даласында аштық кеселінен миллиондаған адам қырылғандығын ақын жасырмай айтады. «Қызыл ат» поэмасында Сәкен Сейфуллин советтік өмірдің трагедиялық қайшылықтарын ашық, дәл бейнелеуде әр түрлі көркемдік формаларды, шарттылық тәсілдерді пайдаланды.
Қазақтың ұлы даласының дәл кеудесінде жаратылыстың ғажап үзігі, сүмбіл қарағай, айна көл, зеңгір таудың басын бір жерге қосып, алып бүркіттей болып томпиып жатқан Көкшетау атырабы сұлулық, әсемдіктің ғаламат символындай, халық ұғымындағы көркемдік идеалы сияқты. Әсіресе, қазақ өнерінің алтын кезеңі ХІХ ғасырда ақындар, композиторлар бұл өлкенің сұлулығын жырға, әнге бөлеп, қалың жұртшылық, жалпақ елдің санасына әдемі эстетикалық сурет етіп сіңіріп жіберді.
Сұлулық атаулыға ғашық жүрекпен құлаған, ұшқыр қиял, мөлдір сезім, өткір ойдың ақыны Сәкен Сейфуллин Көкшетау табиғатынан өзінің әсемдік мұраттарын, сұлулық идеалдарын тапқан еді. А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой Кавказ атырабын шығармаларына қалай арқау етсе, С.Сейфуллин де Көкшетау табиғатынан, тарихынан, бүгінгі тынысынан, болашағынан шабыт, өнеріне өріс тапты. Осы өлкенің қанаты талмас, дарынды, өршіл жыршысы болды. Кейін қазақ поэзиясында туған өлкені, атамекенді жырлау ағымы өрістеп, өрлеп өсті, өнімді әдеби дәстүрге айналды.
Сәкен Көкшетаудың табиғат сұлулықтарына сырттай тамсанып, құр қызықтаушы емес. Бұл атыраптың ой-қырын, өзен-көлін, орман-тоғайын, тау-тасын түгел аралап, әбден терең біліп алғаннан кейін, ескі көз, кәрі құлақты тыңдап, бұрынғы хикая, ежелгі шежіреге толық қанған, өлкенің тарихына байланысты жазылған шығармаларды, тарихи еңбектерді, аңыздарды зерттей құнттаған. Атақты әнші-ақындардың, шебер күйшілердің өнерін тамашалаған. Елдің бүгінгі өмірімен жете танысқан.
Халықтық сюжетті, бұрыннан бар белгілі сарындарды, фольклорлық идеяларды жаңа заман тілегіне қарай суреткерлікпен өзгерте пайдалану реализм поэтикасына жат емес. Осы диалектикалық құбылысты терең ұғынған Сәкен ақын, бір жағынан, халықтық эстетика нормаларын сақтай отырып, екінші жағынан, өмірлік, тарихи материалдарды екшеп, сұрыптап, қорыта отырып, жаңа көркемдік игіліктер жасады. Мазмұны түр талаптарына, өскелең поэзия шарттарына жауап беретін, формасы жөнінен де жаңашыл шығарма – полифониялық, көп әуезді, мол сарынды, күрделі құрылысты поэма тудырды.
Қазақ әдебиетіндегі бұрынғы дәстүрлі дастандар, тіпті поэма деп аталған шығармалардың ортақ сипаттарын анықтап көрсетіп беру қиынға түспейді. Олардың көпшілігінде не аңыздан, не шығыс әдебиетінен алынған белгілі сюжет баяндалады. Бір оқиғадан кейін екінші оқиға туып отырады.
Сәкен поэмасындағы көптеген ерекшеліктер мен жаңалық сипаттарды ең алдымен шығарма композициясына байланысты айтуға болады. «Көкшетау» – бір ырғақпен, ұзын-сонар баяндауға құрылған шығарма емес, ол әр түрлі көлемдегі, әрқайсысына жеке-жеке ат берілген негізгі 4 бөлімнен («Көкшетау», «Қалмақ қызы», «Әнші ақындар», «Қазіргі Көкшетауда»), 47 тараудан тұрады.
Ең алдымен поэмадан ақынның өзі көрінеді, автор өзіндік позициясын, оқиғаларға көзқарасын жасырмайды. Поэманы Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сабыр Шәріпов, Елжас Бекенов, Мәжит Дәулетбаев, Өтебай Тұрманжанов, Қалмақан Әбдіқадыров т.б. – барлығы 17 «еңбекші елдің ұлдары, ақын, жазушы, әншілеріне» арнап, «Ойым мен жүрегімнің күй мен жыры, Ұлдары еңбекші тап – бәріңе ортақ» деуде ерекше мән бар.
Поэманың тоғыз шумақтан тұратын, он бір буынды қара өлең ұйқасымен жазылған прологы (кіріспесі) эстетикалық тұрғыдан көркем, идеялық, мағыналық жағынан шыншыл да терең.
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын,
Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын,-
деп басталатын алғашқы төрт тармақ өлеңде поэтикалық бейне бар. Жансыз нәрсеге жан бітіре сөйлеу, хас сұлудың шомылғанын, үлкен кісіге сәлем бере келуді ишаратпен айту – осыларды астарлай білдіру, статикалық бір қалыптағы өлі сурет емес, динамика, қозғалыс арқылы жанды бейне жасау – тамаша шеберліктің үлгісі. Ақын Көкшетаудың көкке бойлаған қарағайын, көкжелекті аппақ қайыңын, басынан мұнар кетпес көкпеңбек шыңын, шыңға қонған көк қаршығаны, алтын кесе – сексен көлін, дертке дауа, жұпар иісті ауасын жырлай келіп, сілекей ағызатын, өткеннің суретті шежіресін шертетін сиқырлы ертегіге ауысады:
Талай сыр ертегіні ел айтады,
Ызыңдап таудан соққан жел айтады,
Сырласып сыбырласқан жапырақтар,
Күндіз-түн күңіренген көл айтады.
Толғанып, төмен қарап шал айтады,
Тамсанып, таңырқанып бала айтады.
Тау-тасты тұнжыраған куә қылып,
От басы, қатын-қалаш – бәрі айтады.
Бұл шумақтардың әуезділігі «айтады-айтады» деп қайталанатын редиф ұйқастардың үстіне «то-та» деп еселеніп отыратын ішкі ұйқас, аллитерацияға байланысты. Мұның үстіне Сәкен өзі шығарған музыкалық әуенмен домбыраға қосып айтқан кезде поэма прологына рух беріп, естіген адамның жан-жүйесін билеп, ой-санасын тербеп, жүрегін елжіретеді.
Ақын «Бой жазу» деген тараушада ақындық өнер, шығармашылық психологиясына байланысты толғанады. «Көкшетауды» 1925 жылы жаза бастап, алғашқы 4 тарауы біткен соң, 3 жылдай қолға алмай кетеді. Ақындық шабыттың әр кезеңін түлкіге, сұлуға, мәстекке, тұлпарға теңейді, оқырманға адалынан жарылып, сыр шертеді. «Заман ағымы» тарауында дүниенің өткіншілігі, буындар жалғастығы, болашақ келбеті туралы философиялық-лирикалық ойлар айтады. Өмірді көшке, керуенге, сағымға, ағымға, экспреске теңеу – Сәкен поэтикасына етене қасиеттер.
Қызықты оқиғаны, сәтті сюжетті термелей баяндау дәстүрі қазақ дастандарынан бұрыннан табылатын. Ал оқиғаларға қолма-қол баға беру, тікелей оқырманмен сырласу, өмір ағымы, заман қабағы, мезгіл мінезі туралы толғану, философиялық-лирикалық түйіндер жасау – «Көкшетау» поэмасында Сәкен Сейфуллин әкелген өнерпаздық батыл қадамдар, эстетикалық игіліктер, көркемдік жаңалықтар еді.
Тау-таста, өзен-көлде, ағыш-жапырақта жан бар деп есептеу, оларды киелі санау, әулие, қасиетті көріп, табыну, зиярат ету – тіпті ескі замандардағы әдет-ғұрыптың қалдығы, мифтік түсініктердің белгісі. Сондай көне тарихтың ескерткіштері де Көкшетауда жақсы сақталған. Батырдың, бураның тасқа айналуына сену – тым ескі замандағы, тіпті дін атаулы пайда болмай тұрған алыс ғасырлардағы, адам санасы әлі жетілмеген, табиғат құбылыстарын пір тұтқан дәуірлердегі ой-сананың көрінісі. Ақын Сәкен мифология туралы диалектикалық тұжырымдарды біле тұра, жер-су, тау-тас аттары жөніндегі қазақ халқының ежелгі аңыздарын поэзиялық шығармаға арқау ету үшін екшеп, сұрыптап, өзінің жазушылық мұратына сәйкес өзгертіп, жаңғыртып алған.
Ақын «Жеке батыр» атанған таудың аңызын үш шумақ өлеңмен қысқа қайырады. Ақ қағазға қара қарындашпен сызып салғандай сурет: биік жоталы, таудай басына дулыға киген, сақалы төсін жапқан, қыр мұрынды, жасы қырыққа таяу келген батыр шалқасынан көлбеп жатыр.
Тасқа айналған Бура, көлдің Бурабай аталуы, сөз жоқ, тым ескіден келе жатқан көне мифологиялық аңыз болуға тиіс. Таптық күрестер, әлеуметтік тартыстар дәуірінің ақыны Сәкен Бура оқиғасының мезгілін өзгертіп, Абылай дәуіріне әкеледі, көлдің, жердің, таудың, киелі иесі, жазықсыз жануарды атып, қылмыс жасаған, табиғат киесінің кесіріне ұшыраған Қасым төре деп баяндалады. «Оқ жетпес», «Жұмбақ тас» атауларының шығуына байланысты да ақын мезгіл жөнінен ақындық мақсатына, қаламгерлік идеалына орай өзгерістер жасаған. Әйтпесе сол атыраптарда жүздеген жылдар бойы өмір сүрген қазақ халқы ХҮШ ғасырға дейін ол жерлерге ат қоймады деп айтуға болмайды.
Поэманың ең негізгі бөлімі қазақ-қалмақ қарым-қатынасының бір оқиғасына арналған. Қазақ эпосында, әдеби шығармаларда үнемі зорлық көрсетуші қалмақтар болса, Сәкен поэмасында керісінше. Бейбіт жатқан қалмақ ауылдарын Абылай хан қолы шабады. Сәкен Сейфуллин шабуыл сценаларын бейнелегенде авторлық позициясын айқын көрсетеді, ақын соғысқа қарсылық ойларын айтады, қатыгездікті әшкерелейді.
Әрине, қазақ ханы Абылай әлеуметтік-қоғамдық орасан әрекеттер жасаған, сан алуан қасиеттерді бойына жиған, өте күрделі, тарихи тұлға. Ақын Сәкен хан Абылайды таптық тұрғыда сипаттайды. Оның көлеңкелі сипаттарын көрсетеді.
Ұрыста қолға түскен қалмақ қызының портретін ақын былай кескіндейді:
Сол қыздың он жетіге келген жасы
Оралған аш беліне қолаң шашы.
Қап-қара қарлығаштың қанатындай
Иілген ақ маңдайда екі қасы.
Аш белі көк шыбықтай солқылдайды,
Қолаң шаш бейне жібек толқындайды.
Батырлар сол сұлуға салыстырған –
Жалғыз-ақ аспандағы Күн мен Айды…
Сұңқардың баласындай қолға түскен,
Құланның құлынындай торға түскен.
Тұтқын қыз жауларына жаутаңдайды,
Киіктің лағындай қолға түскен.
Қолаң шаш, қарлығаштың қанаты, көк шыбық, Күн мен Ай, сұңқардың баласы, құланның құлыны, киіктің лағы – бұлардың бәрі де қазақтың ежелгі поэзиясындағы, фольклордағы дәстүрлі бейнелер, ақын осыларды жүйелі кеңіткен, еркін пайдаланған.
Поэмада тұтқын қыз бен Абылай хан бір-біріне қарама-қарсы контрастда алынған. «Абылай түрегелді даусын кернеп», «Ойқастап қызға Абылай жақын келді», «Абылай ат үстінде күпілдейді», «Абылай ат үстінде қарқылдайды», «Түксиіп Абылай да тұрды тұйық», «Абылай кешірім деп қарқылдады», «Алшитып кәмшат бөркін тұрды Абылай», «Тамағын қоразданып қырды Абылай», «Абылай төмен қарап тұрды тұйық» - әр тұста, әр түрлі психологиялық ситуацияларда айтылатын осы сөздерден-ақ автордың Абылайға деген позициясын анық көреміз.
Өмір тұзағы мойнына тасталып, енді бір батырдың тақымында кеткелі тұрған тұтқын қызды ақын іш тартып суреттейді:
Ашаң жүз ақ шабақтап атқан таңдай,
Аш белі көк шыбықша майысқандай.
Үзілген қызғалдақтай өңі солғын,
Қабырғаң көрсең аяп қайысқандай.
Секілді қолға түскен бала киік,
Мергеннің әлсіреткен оғы тиіп.
Күйік пен қасіретін жасыра алмай,
Кеп тұрды хан алдында басын иіп.
Бұл жолдарда сорлы қыздың пұшайман халі, қысылтаяң сәттегі психологиялық күйі астастыру, параллелизм тәсілімен, ишарат арқылы сенімді беріледі.
Қазақ батырларының жүрегін жандырып, көздерінің жауын алып тұрған қалмақ қызы Абылайдың «Біреуін батырлардың таңдау қылар» деген сөзіне орынды дау айтып, ерлердің өнерін сынамаққа үш шарт қояды: бірінші – шың басындағы жаулықты атып түсіру; екінші – төрт жігітті арқалап жартасқа жүгіріп шығу; үшінші – жұмбақ тәсілімен ишарат арқылы сыр білдіру.
Оқырман ықыласын, тыңдаушы назарын ерекше тартатын шытырман сюжетті ақын шеберлікпен өріп, көркем кестелеп бере білген.
Сайланып шыққан он жігіттің оқ қайрағанын, астарындағы аттарының ойқастап пысқырғанын, жолбарыстай ышқынып садақ тартқандарын, тасқа тиіп жарқылдаған жебені, сыннан өтпей, дағдарған батырлардың мінезін, шыңның «Оқ жетпес» аталуын ақын көркем тілмен, келісті суреттеп баяндайды. Көк құрыш балтыр, білектерін жалаңаштап, жүректері дүрсіл қағып қырық жігіт төрт кісіден арқалап қалмақ қызы тұрған тасқа қарай лап қояды. Кейбіреулері тайлақша тайраңдап, кейбіреулері солқылдақ темірдей қайысып, улап-шулап, жамырап, ақыры сегіз батыр ғана тас басына қатар шығады, тең түседі, бір-бірінен күші артылмайды. Қалмақ қызы көлге төнген жартасқа шығып тұрып соңғы шарт – жұмбақ өлең етіп, бірнеше тараудан тұратын ұзақ, қызықты хикая шертеді. Мұның алдында тамаша, реалистік пейзажды: шыңды құз, тау, бұлт, орман, айна көл, айдынында ақшашақ ақ көбіктің басын үзіп сызылта қалқыған қос аққу, аспаннан нұрын төккен алтын күн – осылардың әдемі бейнелі тірі күйінде жазылған жанды тұтас суретін көреміз.
Жұмбақ жырдың тиегін ағытқан қалмақ қызының тұлғасын айқындау үшін ақын оның көңіл-күйін көлбеңдеп, ширатылып, құлашын сермеген, бүктетіліп, бауырын жазған жүйрікше, әңгімені әнмен ырғап, толғап шерткен сыңқылдаған аққу құсқа теңейді.
Жыр қылмақ біреу бастан өткергенін,
Жыр қылмақ біреу азды-көп көргенін
Я, тақсыр,
таза тыңдап,
төрелік бер,
Жырлайын бастан-аяқ кептер кебін,-
деп басталатын хикаяның кілті, астар, ишараты алғашқы шумақтарда-ақ жатыр. Жан-жануарға, тау-тасқа жан бітіре баяндау, оларды адамға тән қасиеттерге ие ету, осы арқылы емеуірінді, символды көркем ой айту – қазақтың халықтық әдебиетінде, фольклорында ертеден бар, әбден қалыптасқан дәстүрлердің бірі. Ақын Сәкен осы арнаны тереңдете, ұлғайта, жаңғырта пайдаланған. Қалмақ қызы баян ететін жәйіттерді баяндайды. Қысқа ғана, адам тапқырлығын, ой оралымын, қиял күшін тез анықтайтын шағын өлең емес, жұмбақ тәсілімен жазылған, сюжет үдей түсіп отыратын, драматизмі күшті, трагедиялық баллада.
Оқиғада жай қызықтылық элементі емес, трагедиялық ситуация, трагедиялық сипат бар. Төрт балапанына қаңғырып жемтік іздеп жүрген кептердің халі қандай мүшкіл. Айнала қалың жау, көп дұшпан. Ысқырып, көк жарып, лақтырылған темір қалақтай болып, жарқ-жұрқ етіп, ұяға садақтай атылған қарақұстың мойнын көк қанат Лашын қиып түседі. Ақын Кептер мен Лашынды тілдестіргенде реалистік диалог формасын пайдаланады. Қарақұс тырнағынан аман қалғандары үшін балапанның үлкені өскен соң балауыз төсінен тоят жегізбекке серт етеді.
Уақыт өтеді. Қанаттары өсіп, төрт балапан құс болады. Лашынға берілген сертті орындау шарт. Хикая енді осы уәдені орындау сапарында кездескен қиындықтарды баяндайды. Сұлу құсқа көзі түсіп, оны сырттай бағып, құмартып жүрген Сұңқар Кептердің аузымен айтылған зарлы сырды ұғады, Лашынның ерлігін сүйсініп, Кептерге уәдесін орындап оралуға мұмкіндік береді. Бұдан кейін қара түнде жем аңдып, жол тосып жүрген үш Жапалақ Кептердің егілген көз жасын көріп, іштері елжіреп, аяныш кіріп, егер қылмыс жасаса, мойындарына өле-өлгенше шешілмейтін лағнет қамытын кигісі келмей, сорлы құсқа жандары ашып, Лашын мекеніне жеткізіп салады. Лашын өзінің алдындағы Сұңқардың жомарттығын, үш Жапалақтың достығын естіген соң, оларға жан-тәнімен ырза болып, Кептердің өзі келгенін уәдеге татыр деп біліп, ризалық айтып, оған тимей, азаттық береді.
Осынша тар босаға, тар өткелдерден аман-есен құтылып, енді Сұңқарға берілмек үшін белден асып, зулап ұшып келе жатқан Кептер орман ішін зарлатып, лаң ғып, дүниені бүлдіріп, қан жоса етіп бүлік салып, ордалы ұяларды талқандап жүрген жалмауыз Бүркіттің шеңгеліне келіп түседі. «Тау, Бүркіт, Сұңқар, Лашын, үш Жапалақ – Айтыңыз, қайсысының ерлігі артық?» – деп хикаясын аяқтаған қыз жұмбағын Абылай да, оның қалың қолы да шешіп бере алмайды.
Бір қызықты сюжет осылайша аяқталып, екінші оқиға басталады. Ол осы уақытқа дейін күшін де, мергендігін де, ақылдылығы мен ақындығын да көрсетпеген батыр Адақ.
Арғын елінің бір тармағы Қуандықтан шыққан, жасынан кедейліктен кемдік көрген Адақ батырдың ақын скульптуралық портретін жасайды:
Қар сұр, ұзын бойлы, емес талпақ,
Денесі көк құрыштай, өркеш-шалқақ,
Қыр мұрын, қарагер көз, қара мұртты,
Қақпақтай қобы жауырын – топшы жалпақ.
Солқылдақ көк құрыштай, біткен тіп-тік,
Жараған аш бөрідей белі жіптік,
Ыңғайлы, сұлу сида, сұңғақ дене,
Жараған бәйге кердей ықшам, сыптық.
Біленген шиыр дене, бейне шойын,
Жұп-жұмыр сом боп біткен жігер мойын.
Денесі бұлшық етті, терткен күшті,
Бәйге атша ширатады тұла бойын.
Бұл мінездемеден Сәкен Сейфуллиннің ер жігітке қояр талаптарын, сұлулық идеалдарын көргендей боламыз, көз алдымызға бейнебір мифологиялық грек құдайлары секілді, мәрмардан қашап жасағандай ғажап мүсінді батыр келеді. Бұдан кейін ақын Адақтың ата тегін, шыққан жерін, Абылайға еруін, есімінің неге Адақ аталғанын, мінез ерекшеліктерін түгел таратып баяндайды.
Қалмақ қызының басына тағы қауіп төнген тұста әрекетке Адақ араласады. Қыз қойған шарттарды орындай бастайды – алдымен аққу балапанын алып ұшқан бүркітті, одан кейін Оқжетпес басындағы орамал байланған қаданы атып түсіреді. «Жер тарпып, ауыздығын қаршылдатқан кермедегі тұлпар», «әуеннін дыңылдатып сымын қозғап, әндетіп, көкке боздап жөнелген оқ» - осы секілді бейнелі тіркестер арқылы психологиялық жағынан дәл, көркемдік бояуы қанық сценалар жасалған. Басына «Оқжетпестің» оқ жеткізген Адақ мергендігіне Абылайдың, қалың қолдың, қалмақ қызының қалай қарағанын ақын сезім күйлері арқылы, даралап бейнелеп береді.
Адақ ақын қыз жұмбағын былайша шешеді: тұтқын қыз өз басының тағдырын, бала күннен көрген азапты өмірін баяндаған. Ауылын жау шапқанда ата-анасын Лашын тектес бір батыр құтқарған. Байласқан серт бойынша осы ерге қыз бойжеткен соң бір-ақ түндік әйел болмақ. Күйеуге шығар алдында осы сырды оған айтады. Күйеуі ерік береді. Өздерін, ата-анасын құтқарған ерді іздеп қыз жолға шығады. Жолда ұрыларға тап болады. Олар да ерік береді. Іздеп барған ер қыздың уәдеге беріктігіне разы болып, босатады, арын қорламайды. Осылайша қуанып, күйеуіне аман-есен, бұзылмай-жарылмай оралып келе жатқан қыздың торға түскенін Адақ шебер, көркем жырмен баяндап береді. Сөйтіп, қалмақ қызының Кептер, Лашын, Сұңқар, Жапалақ, Бүркіт деп отырған жұмбақ-жайлары түгел түсінікті болады. Абылай қойған, қыз құптаған шарт бойынша қалмақ сұлуы – Адақ ерге тимек. Жылы жүректі батыр тұтқындағы қызға азаттық береді, өз тұлпары Керкөжекті мінгізіп еліне қайтарады.
Сөйтіп, ақын зор гуманистік ой айтады, махаббат күші, ғашықтық қуат, сүйген жарға деген құштарлық әділетсіздікті, қатыгездікті жеңеді деген поэтикалық идея салтанат құрады.
Еліне қарай, сүйген жарын іздеп, заулап бара жатқан бостандық алған қалмақ қызының зымырауын бейнелеу арқылы ақын еркіндікті құрметтеу, бостандықты мадақтау мұратын асқақтата жырлаған.
«Оқжетпес», «Бурабай», «Жұмбақтас», «Кенесары үңгірінің» сипаттарын, табиғи сұлулығын айта келіп, «Әнші ақындар» бөлімінде Көкшетау атырабынан шыққан әйгілі ақындар, әншілер, серілер, палуандардың портрет галереясын жасайды. Олар жеке-жеке аяқталған, көркем портрет, тарихи жыр, батырлық баллада секілді. Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Қажымұқан, Біржан сал, Ақан сері – бұлардың әрқайсысының өнердегі, өмірдегі ерекшеліктерін, романтикалық, кей тұстағы трагедиялық тағдырларын ақын дәл детальдар, метафора, сюжет арқылы даралап, суретпен бейнелеп берген.
Қазіргі Көкшетаудағы әлеуметтік-қоғамдық өзгерістерді, ел тұрмысына енген радио, автомобиль, паровозды, курорт, пионер лагері, кооператив секілді ұйымдардың мәнін ақын публицистикалық стильде ашады. Көкшетаудың болашағы туралы толғанады. Бұл бөлімдер поэмаға бекер қосылған, басы артық көріністер емес, заңды, қажетті жырлар.
Жанрлық формасы жағынан «Көкшетау» күрделі композициялы, сан алуан бейнелер галереясы жасалған,бірнеше сюжет желісі бар, әр түрлі көркемдік деңгейлердегі стильдік жүйелердің басын біріктірген полифониялық, көп әуезді, мол сарынды поэма. Бейнелеп айтқанда, бұл шығарманың архитектоникасын әр түрлі формадағы ғажап сұлу тастар текшеленіп жиналған Көкше тауларына ұқсастыруға болар еді.
Сәкен Сейфуллиннің 1932 жылы жазылып, 1933 жылы басылып шыққан «Альбатрос» поэмасы кезеңнің көкейтесті тақырыбы – революция, азамат соғысы, Ленин тұлғасын сомдауға арналған актуальды, заман талабына үн қатқан, зәру талапқа ақындық жауап ретінде туған шығарма болатын.
Ескі дүниенің астан-кестеңін шығарған, капитализмді күйретіп, социализмнің өрістеуіне мүмкіндік берген революцияның, Азамат соғысының сесті рухына, ширақ екпініне сәйкес келетін, қаһарлы дәуір шындығын бере алатын мазмұнды форманы ақын көп ізденіп барып, ақыры сәтімен тапқан.
Поэма бастан-аяқ а-б-в-б-в-в-в-б ретімен ұйқасқан, әр тармағы 4-7-4-7-4-4-4-4-7 буын санын қайталап отыратын, 9 тармақты шумақпен жазылған. Бұл бұрын қазақ поэзиясында кездеспеген, Сәкен ақын тыңнан жасаған, өлеңнің ішкі ырғағын күшейткен, қысқа тіркеске, әсіресе жеке сөзге ерекше идеялық мағына, бейнелі салмақ беруге мүмкіндік жасаған өлеңдік өлшем, поэтикалық жаңа форма. Поэма әр түрлі көлемдегі (1.Сәйгүлігім. 2.Ленин туының астында. 3. Жау шебінде. 4. Екі күш. 5. Жау шебінде. 6. Біздің шепте, жерде. 7. Жау. 8. Біздің шепте. 9. Жауды қудық. 10. Лениншілдік. 11. Мен. 12.Теңізде. 13. Біздің құрал. 14. Жау флоты. 15. Мен. 16. Майданнан майданға. 17. Жасқанған ба ол. 18. Ленин планы. 19. Ленин кетті. 20. Ленин жолы. 21. Альбатрос) 21 тараушаға бөлініп, олардың әрқайсысына ат қойылған, ең қысқа тарауша – 2 шумақтан, ең ұзақ тарауша – 12 шумақтан құралған. Негізінен фольклорлық материалға, аңыз-хикая сюжеттеріне сүйенетін қазақ дастандарының дәстүрінен Сәкен бойын мүлде аулақ салып, жаңа көркем ой талаптарына жауап беретін соны формадағы, жаңа мазмұнды революциялық рухтағы шығарма тудырды.
Алғашқы «Сәйгүлігім» аталған тараушадан-ақ поэманың негізгі ерекшеліктері көріне бастайды. Лирикалық қаһарман салған жерден оқырманға ағынан жарылып тіл қатады, елін, жаңа құрылысты мадақтайды, сөз орамдары, тіркестер, неологизмдер жаңа дәуірдің символы ретінде асқақ естіледі; екпін, такт, үйлесімді құнттау, сөздерді еселеп қолданып, аллитерация, ассонанс, градацияға ерекше мән беру шығарманың ішкі ырғағын күшейтіп, гармониялық тұтастық береді. 11 және 15 тараушаларда қаһарман атынан айтылатын сырлар революционер Сәкен Сейфуллин өзі басынан өткізген, әсіресе «Қызыл сұңқар», «Тар жол, тайғақ кешу» шығармаларында баяндалған оқиғалармен үндес. Өмірлік шырғалаңдардың кейбір ұшқындары ақын басында болған талас-тартыстың алыс сарыны құлаққа жеткендей. Ишарат, астармен ой тастайды. Күрестерде шыныққан, асыл мұрат үшін талмай алысқан қажырлы азамат көз алдыңа келеді.
Ақын поэманың негізгі өзегі етіп, революция, азамат соғысы шындығын ала отырып, ең алдымен В.И.Ленин тұлғасын сомдайды, оның тарихи миссиясын жұмысшы табы мен Коммунистік партия істерімен сабақтастыра алып, поэтикалық құралдармен көсем бейнесін жасайды.
Патша өкіметі құлатылғанмен, таптық күрестің бір күнде оп-оңай тоқтай қалмағанын ақын поэтикалық картиналар, бейнелер арқылы әрі ықшам, әрі көркем етіп, жеке сценалар арқылы жинақтап кескіндейді. Саяси ұғымдар, публицистикалық түйіндер лирикалық кейіпкердің ішкі сезімі арқылы, поэзия тілімен бейнеленеді. Таптық шайқастардың көрінісін тарихи сбақтастық ізімен жалпы панорама түрінде, кейде нақты бір сцена, жеке деталь арқылы беру поэманың көркемдік қуатын, полифониялық, көп әуезділік сипатын, көркемдігін аңғартады.
Жұмыскер тап
Алып жаудың ордасын.
Қан майданда
Талқан қылып мордасын.
Жайқап туды,
Лектеп нуды,
Жауды қуды.
Көкке ұшырып,
Күлін – арам қордасын.
(4. «Екі күш»)
Ақын бұл жерде «тұмсық» деген мағына беретін орыстың «морда» сөзін сәтімен қолдану арқылы шумақтың бейнелік салмағын күшейтіп отыр. Неологизмдерді осындай мақсатта жұмсау Абай поэзиясында басталған дәстүр болса, оны Сәкен жаңа заман талабына, өміршең эстетика шарттарына орай өрістете білді. Осы тұста поэмада көркемдік мақсат үшін әдейі қару-жарақ аттары, «дредноут, крейсер, канонерка, миноносец, флот, адмирал, глиссер, фланг, штаб» сияқты теңізшілік терминдері, граф, лорд, пан, паша, пастор, поп, индустрия тектес терминдерді ақын кеңінен әрі еркін пайдалану арқылы қазақ поэзиясының ұғымдық, категориялық таным көкжиегін кеңейткенін айту дұрыс. Асылбеков, Әйтиев, Жангелдин, Тәтімов, Досов, Ярмухамедов сияқты қазақ революционерлері мадақталса, Антанта сойылын соғып, революция арқасына қанжар салмақ болған Юденич, Дутов, Колчак секілділер сыналады.
Жер үстінде, аспанда, суда өткен, жан беріп, жан алған, жаңа заман үшін болған күрестің шындығын ақын бейнелі сценалар арқылы, қысқа лирикалық сюжет, детальды пайдалана отырып, поэтикалық қиялдың күшімен көрсетеді.
Поэмада Ленин есімі 47 рет айтылады. Ақын оны бірде Бас қолбасшы, бірде Бас көсем, бірде Тап көсемі, бірде Бас командарм деп атайды. Лениннің тұғырда тұруы, қолын алға сермеуі, сөйлеуі секілді нақты алынған штрихтар, дәлді қимылдар бар.
Кезінде көптеген ақындар Ленин бейнесін жасау жолында ертегілік арнаға, фольклорлық қалыпқа түсіп кетсе, С.Сейфуллин көсем әрекеттерін революция, азамат соғысы жылдарындағы нақты істермен, өмірлік материалдармен байланыстыра отырып, сенімді тарихи тұлға жасауға күш салды.
Күрескерлерді ақын теңіздің дауылдан, толқыннан қайтпайтын өршіл, тәкаппар құсы – Альбатросқа теңейді. Туған елінің сол қайсар құс Альбатрос іспетті найзағайша жарқылдап, дұшпанға жай түсірер қайратты болуын тілек етеді.
Сәкен Сейфуллин «Жұбату» секілді қысқа лирикалық әңгіме, «Бандыны қуған Хамит» сияқты оқыс оқиғалы новеллалармен бірге көлемді прозалық туындылар берді. Қазақ прозасының алғашқы тартымды үлгілерінің бірі – «Жер қазғандар» (1928) хикаяты жұмысшылар ортасын бейнелейтін маңыздылығының үстіне, көркемдік-эстетикалық сапасымен де ерекшеленеді.
Шығармада Көкшетау қаласының түбінде темір жол салып жатқан жұмыскерлердің өмірі, оның ішінде бір қостағы ерлі-зайыптының және төрт бойдақ жігіттің бейнесі суреттеледі.
Жазушы жанды тұлға жасау үшін көркемдік тәсілдерді сұрыптап қолданған. Хикаятта бастан-аяқ созылған, жібі үзілмей отыратын бір оқиға, бір сюжет жоқ. Автор бір қостың ішінен ас ішіп, бірігіп жұмыс істеп, бірге ұйықтап жүрген алты адамның жан сырын, қарабайыр ғана тіршілігін мінездеу, суреттеу арқылы дәлелді көрсеткен. Тіршіліктің көп ауыртпалығын бастан кешірген бес жұмысшының тағдыры да, түр-түсі де, мінез-қылығы да бес түрлі. Қараңыз: Бірінші – Хасен деген жігіт:
«Хасен ұзынша бойлы, шүңірек үлкен сұр көзді, қыр мұрынды, ат жақты, қапсағай, ашаң сіңір денелі, көселеу сұр жігіт… Жолдастарына қадірлі, өйткені жолдасына қоң етін ойып бергендей, өтірікке жоқ, бір сөзді жігіт, сөйлегенде даусы дөнен қошқардың маңырағанына ұқсайды. Күшті сіңірлі денесі сойған қасқыр тәрізді. Қол-аяқтарының, барлық денесінің көк еттері шор болып байланғандай. Безбеннің темір кеңірдегіндей».
Екінші – Қалкен деген жігіт:
«Бұл да ұзынша бойлы, көсе, сида арық, ат жақты, жасықтау қара көзді, қыр мұрынды тарамыс қара жігіт. Жасы 35-36 шамасында. Аяқ-қолы сыйдиған. Көп ештемені онша парық қылмайтын жуас жігіт. Бірақ азырақ мысқылшыл, көсе болса да, өңі ескі. Жұмсақ мінезді. Ашудың не екенін білмейді. Ашаң, сида денесі май жаққандай, жып-жылтыр қара. Арықтаған дөненше қара нар тәрізді».
Үшінші – Сатай деген жігіт:
«Аласа бойлы, дембелше, мықырлау, аяқ-қолдары,саусақтары да қысқа, тырбиған. Дөңгелек бет, бір жақ көзінің ағы бар, қара сұр жігіт. Жауырыны бүкірлеу, төңкерілген астау тәрізді… Қимылдары шапшаң. Жұмыссыз бір күн де қарап жүре алмайды. Жұмысқа өте мықты. Сөйлегенде жылдам дабырлап сөйлейді. Бір сөзді қайта-қайта айтады. Ақкөңіл. Бірақ күйгелек. Ашуланғанда тіпті сөйлей алмайды. Булығып, күрмеліп сөзін айта алмай қалады. Қулыққа, арамдыққа олақ».
Төртінші - Әзімхан деген жігіт:
«Жасы 35-36 шамасында, бойдақ. Орта бойлы, жауырынды, кеуделі, төсті жігіт. Беті сопақтау, жуан шоң мойын, дөңгелек қара көз, қырша мұрынды, қара торы жігіт. Дене бітімі нып-нығыз, тұп-тұтас, шойындай. Қалың қара сақалын түзей, иегіне шоқша ғана сақалшық қойған. Қою қара мұрт. Қалжың, әзілдің гүлі. Ашуланғанда бет-ауызының түктері едірейіп, қау тәрізденіп кетеді… Әзімханның қимылдары салмақты, жүріс-тұрысы марғау, сылбыр, түйенің жампозы, шудалы жайбасар қара атан тәрізді. Көбінесе бет-аузы аңқау кісінің бет-аузындай. Бірақ ешнәрсені аңдаусыз жібермейді. Жұрттың көбі елемейді, бұл ішінен жіпке тізіп отырады».
Бесінші – Бұзаубақ деген жігіт:
«Бұзаубақтың жасы 40-тан асқан, қара торы, орталау бойлы адам. Арық, қалақша жауырынды, шоқша қара сақалды, тырбиған қара мұртты кісі, ұрты суалғандау, бетін әжім басқан. Жасынан көрген ауыр бейнеттің барлық денесіне, бетіне, маңдайына, мойнына салған қатпар-қатпар, айғыз-айғыз таңбалары шимай-шатпақ ажым. Айқыш-ұйқыш арықпен суарып салған егіннің ескі аңыздары тәрізді. Денесі жапырайған, жүк басты болған жапырық өркеш, ақ қаптал, өмірінде шыр бітпеген оқпақ қоңыр түйе тәрізді».
Бұл портреттерді қазақ прозасындағы өте дәл, реалистік шебер үлгілердің қатарына жатқызуға болады. Жазушы бір-біріне ұқсамайтын етіп бес жұмысшының психологиялық, динамикалық сырын, мінез қалыбын айқын ашқан. Жұмысшылар өмірін, қазақ пролетариатының тағдырын көрсету үшін автор кейіпкерлердің өз ауыздарымен айтылатын әңгімелерді шебер пайдаланды. Бұл ұзақ монолог үлгісінде берілетін эпизодтарда ауыз екі сөйлеу тілінің айшықтары, интонация, ырғақ ерекшеліктері сақталады. Әсіресе Әзімхан аузымен айтылатын әңгімелерде қазақ пролетариатының қияметтің қыл көпірінен өткендей азапты тіршілігі дәл тұрмыстық, өмірлік суреттер арқылы көрсетіледі. Жазушы көп еркектің ортасындағы жалғыз әйел – сұлу Гүләйім бейнесін психологиялық сенімділіпен жасайды. Әзімхан-Гүләйім арасындағы сезім күйлерінде романтикалық пафос, тәтті мұң бар. Жүрегі жылы Әзімхан оспадар қимылға бармайды, Гүләйімді қанша сүйгенмен, Бұзаубақтың көзіне шөп сала алмайды.
Автордың жазушылық шеберлігі кейіпкерлер көзімен берілген пейзаждық суреттерден де көрінеді. Автор әсіресе төсінде сағым ойнаған кең даланың, батып бара жатқан күннің түрлі-түсті бояуларын, жұлдызды аспан кескінін динамикалық қозғалыс үстінде, тірі, жанды қалпында береді. Тегінде С.Сейфуллин – қазақ прозасында психологиялық, реалистік пейзаждың тамаша үлгілерін жасаған жазушы.
1922 жылы жазылып, 1935 жылы екінші рет өңделген «Айша» хикаяты – Сәкен Сейфуллиннің проза саласындағы кемел шығармаларының бірі. Жазушы 1917 жылы жазылған «Жұбату» қысқа әңгімесінде әйел азаттығы тақырыбын көтеріп, авторлық ойын, азаматтық позициясын публицистикалық серпінмен білдіреді, лирикалық сезім шалқып төгіледі.
Ал «Айша» хикаяты да әйел теңдігі мәселесі, қазақ әдебиеті үшін дәстүрлі тақырыпқа арналған. Соған қарамастан С.Сейфуллин мазмұны қызықты, сюжеті тартымды, идеясы салмақты, жаңашыл шығарма тудыра білді.
Оқиға 1916 жылы, Ақмола қаласынан 300-400, Нілді заводынан 60-70 шақырымдай жердегі ауылда өткенін автор дәл көрсетеді. Кәдір деген кісі Шәкір атты әйелі өлген қара шұбар, қисық қара сақалы бар жігітке Айша есімді кіші қызын бермек. Қалың малға отыз қаралы мал алмақ. Күшіген сияқты үңірейген, сақалы күректей қара шұбарға сұлу, жас Айша: «Қатын бола алмаймын. Егерде мұндай адамға мені малға сататын болса, мен тәңір алдында көз жасымды кешпеймін. Және өле-өлгенше менің әке-шешем, туған-туысқаным жоқ деп білем!» дейді.
Әке-шеше, ағайын-туыс бәрі де ата салтын бұза алмай, қанша қимағанмен, Айшаны ақыры жөнелтеді.
Бұл – ХХ ғасыр басындағы қазақтың демократиялық әдебиетіне де, алғашқы кезеңдегі жаңа әдебиетке де тән, көп шығармаларда қайталанған дәстүрлі сюжет. Сәкен Сейфуллин осы дағдылы, әбден белгілі өмірлік ситуацияны ала отырып, құрылысы соны, көркемдігі жоғары, сұлу сырлы шығарма жазып шықты.
Көшпелі қазақ ауылының кейбір тұрмыстық көріністерін дәл бейнелей келе, автор қыз ұзату алдындағы ауыл әбігерін ықшам баяндайды да, Айшаның ойы арқылы, бірнеше елес суреттермен бақытсыз қыздар тағдырын береді, сөйтіп, көркемдік шарттылық тәсілдерін пайдаланады.
Еріксіз ұзатылып бара жатқан, соры қайнаған Айшаны құтқару үшін туған ағасы Әбіл мен оның жолдасы Әлкей аттанады. Екеуі де жылқышы. Бұлар түн жамылып жүріп, тығылып барып, бір қалт еткенде, белгі береді де, Айша құлдық тырнағынан шығады. Сол-ақ екен, арттарынан қуғын түседі. Хикаятта қашу-қуу көріністеріне, ат үстіндегі шайқас сценаларына көп орын берілмеген. Жазушы ер жігіттердің қимыл-қозғалысын, епті әрекеттерін, шайқас-тәсілдерін тамаша суреттейді. Әсіресе Айшаны құтқаруға аттанған екі жігітке автор іш тартады. Оқып көрелік:
«Астындағы мейіздей қатқан жарау ақ сұр ат аяқтарын ор киікше басады. Екі құлағын қоянша қайшылайды. Әрбір болмашы дыбысқа, әрбір қылт еткен қараға екі көзі жалт-жұлт етіп, селтеңдеп қарайды. Ақсұр аттың үстінде қара балшықтан құйып жасағандай, нығыз отырған орта бойлы, жауырынды, білінер-білінбес тықыр түк мұрты ғана бар, дөңгелек жалпақ бет, қара жігіт. Аяғында үлкен ескі саптама етік, үстінде ескі қара бешбенттің сыртынан киген түйе жүн шекпен. Белін бостау буған. Басында ескілеу кішкентай ақ елтірі тымақ, қолында ұзын, жуан сапты қамшы, сол жақ қарында қайыс бүлдіргілі ұзын, жуан ақтабан сойылы бар».
Бұл – Айшаның ағасы Әбіл жылқышының портреті. Жазушы ат үстіндегі батыр жігіттің кескінін, қимыл-қозғалысын, киімін – баршасын тұтас қалпында көз алдымызға алып келеді. Тегінде С.Сейфуллин адам портретінің дара ерекшеліктерін айқындап, киімдеріне шейін тәптіштеп, дәл, нақты беруге шебер қаламгер.
Тізе қосып алған екі сойылды жылқышының қаһар төккен қарулы қуғыншылардан Айшаны құтқарып жіберіп, найзалы дұшпанмен қалай шайқасқанын жазушы реалистік дәлдікпен, психологиялық сенімді түрде қызықты бейнелейді. Жан беріп, жан алғандай жекпе-жек сценаларын, өмір мен өлім бетпе-бет келген сәттерді көреміз. Қара түнді жамылып, бір-біріне тап берген салт атты – жүрек жұтқан қаһармандар көз алдыңа келеді.
Әбіл мен Әлкей жол нұсқап, қашырып жіберген соң, жеке-дара шауып жөнелген Айшаның басындағы тебіреністер, әсіресе оны көп қасқыр қамаған кездегі сезім күйлері, ой толқулары сенімді бейнеленеді. Ақырында, қуғыншылар ұстап алса, еріксіз торға түсем-ау деген қорқынышты бастан кешіре отырып, шаршап-шалдықса да қиындыққа қарсы күресе білген қайратты Айша Нілді заводын, ондағы ағасы Сапарғалиды табады. Көп ұлтты жұмысшылар ортасы енді оны ешкімге қорлыққа бермек емес. Авторлық идея осындай ишаратпен айтылады. Хикаятта портреттер, әсіресе дала көріністері, түн суреттері бай да бейнелі тіл арқылы шебер бейнеленеді.
1935 жылы жазылған «Жемістер» хикаятының оқиғасы он бес жыл мерзімді қамтиды. Ақмоланың оңтүстік жағындағы Нұра өзенінің бойындағы Аққулы көлін мекендеген Танбай бай ауылындағы 1919 жылғы іс-әрекеттерді суреттеуден басталатын шығармада есте қаларлық өмір суреттері, тұрмыс картиналары бар. Әсіресе, Азамат соғысы тұсындағы қазақ ауылдарының мойындарына түскен ауыртпалықтарды жазушы реалистікпен бейнелейді. Ақтардың бейбіт жатқан, етек-жеңін жинай алмай, өзін-өзі қарауға шамасы келмей отырған панасыз кедейлерге, кемпір-шалға, қыз-келіншекке көрсеткен зорлықтарын суреттейтін беттерді оқығанда адамның зығырданы қайнайды. Жабысқақ Мияш, салпы ауыз Әбділда секілді кімнің тарысы бұрын піссе, соның тауығы болған жағымпаз сорлыларды жазушы әжуа қылады.
Ар-намысын бай балаларына да, ақтарға да таптатпау үшін күресе білген Ғайни сынды қайратты қызды көреміз. Оның сүйген жары құралайды көзге атқан аңшы, қаптаған қалың жаудан сескенбейтін ер жігіт Нияздың оң мен солын толық ажыратып, әлеуметтік санасы оянғанша, көп қиындық көріп, талай шырғалаңды бастан өткізуіне тура келеді. Жазушы Нияз, Боранбек секілді қыр жігіттерінің түнгі жортуылдарын өте қызықты суреттейді. Ақ бандылар мен қызыл әскерлер шайқастарына да көп орын берілген.
Хикаяттың соңғы тараулары Нияз басындағы өзгерістерді хроника түрінде, асығыстау баяндап кетеді. Оның Қарсақпайда жұмыс істеуі, Москвада оқуы, инженер болып оралуы, ұлы Өзеркінмен табысуы – революция жемісі, жаңа заманның нәтижесі деген идея айтылады.
Жазушы қаламынан шыққан кейбір туындылар әр түрлі себептердің салдарынан толық аяқталмаған, кейбір тараулары жоғалған, өкінішке орай, Сәкен шығармаларының жоспарлары, алғашқы нұсқаларының қолжазбалары бүгінгі ұрпаққа жеткен жоқ, жойылып кеткен. Оның толық аяқталмаған «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда» хикаяттарында көптеген көркемдік игіліктер, өмірдің нақты картиналары, есте қалар адам бейнелері, сан алуан идеялар бар. Мәселен, «Сол жылдарда» хикаятында бұрынғы қазақ ауылындағы сан алуан салт-сана, тұрмыс ерекшеліктері әдемі суреттеледі. Құрдастар қалжыңы, той, дәм беру, айтыс, аужар айту, палуандар күресі, ат шабыс – осының баршасын жазушы аса ықшам, көркем бейнелейді: диалог, монолог, полилогтардан тірі адамдардың даусын естиміз, түрлі мінездерді жазушы бір-біріне ұқсатпай, дара ерекшелеп бере білген. Табиғат суреттері де есте қаларлықтай: «Желі сыртында жайылып жүрген бірен-саран биелерден басқа далада қыбырлап жүрген жан жоқ. Жалғыз-ақ ауылдың күншығыс жағында, ойда, өзен жақтағы сортаңда сағыммен бұлдырап төрт-бес түйе жүр. Сағыммен бұлдыраған түйелер көкте, аспанда жүзіп арбиып бұлдыраған көлеңкелер сияқты. Немесе алыстан көтеріліп, қалқыған теңізде жүзіп жүрген кемелер сияқты».
Қазақ әдебиетінің көркем, мағынасы терең, әлеуметтік мазмұны бай, жанрлық формасы күрделі, ұзақ жасай беретін сирек туындыларының қатарында Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы да аталады. Алғашқы тараулары 1922 жылдан бастап «Қызыл Қазақстан» журналында жарияланған бұл шығарма тұңғыш рет 1927 жылы жеке кітап болып басылды. 1936 жылы роман екінші рет баспаға әзірленгенде, автор елеулі редакция жасаған. Бұл редакция туралы Т.Кәкішев пен К.Ахметова арнайы кітап жазды. Осы нұсқа кейін бірнеше рет қайта басылды. Роман орыс тіліне аударылды. Жазушы шығармаға арнап жазған «Беташар» деген алғы сөзде: «Мақсұт 1916-17-18-19 жылдардағы тарихи қозғалыстың, ұлы өзгерістің (революцияның) Қазақстандағы өзім көрген, өзім білген оқиғаларынан баспа жүзінде әйтеуір із қалдыру болды» дейді.
Шынында да автор осы алға қойған жазушылық міндетін идеялық-көркемдік тұрғыдан түгел орындап шыққанын көреміз.
Романның «Тар жол, тайғақ кешу» деген аты авторлық идеяны ашуда бейнелік, символдық рөл атқарса, жеке тарауларға берілген аттарда саяси, көркемдік дәлдік бар, уақыт пен кеңістік ерекшеліктері нақты беріледі, жер-су атаулары өз қалпында.
Шығарма Омбы семинариясын бітіріп, 1916 жылы Ақмола уезіне келіп, Бұғылы еліндегі ауылдық мектепке мұғалім болып тағайындалған жас ақын Сәкен Сейфуллиннің оқу басталғанға дейін жалпы Россияда өтіп жатқан санақ жұмысына қалай араласқанын баяндаудан басталады.
Романдағы барлық негізгі сюжетті ақынның өзі бастан кешкен, не өз көзімен көрген, не естіген оқиғалар жүйесі құрайтындықтан, шығарманың өмірбаяндық, тіпті мемуарлық сипаты бар. Мұның үстіне Қазақстан өміріндегі аса маңызды әлеуметтік-қоғамдық істер, күрделі тартыстар, тап күресі, дәлірек айтқанда, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, революция жылдары шындығы нақты әлеуметтік дәлдік, объективті тұрғыдан гөрі, белгілі позициямен көрсетілгендіктен, бұл туындыда саяси роман қасиеттері мол. Әр түрлі партиялар программаларын, түрлі қоғам қайраткерлері дүниетанымын, мақсат-міндеттерін, заман шындығын дәл беру үшін жазушы тарихи деректерді, газет-журнал материалдарын өзгеріссіз қалпында, цитата түрінде алып отырады. Ондай көркемдік тәсілдер шығармаға публицистика, журналистика элементтерін ендірген. Осындай жәйіттер «Тар жол, тайғақ кешуді» тарихи-мемуарлық роман деуден гөрі, құжатты-саяси роман қатарына қосуға көбірек негіз береді.
Шартты түрде мағыналық жағынан шығарманы төрт бөлімге жіктеп талдауға болады. Романның «Революцияның алдыңғы жылдары» деп аталған алғашқы үлкен бөлімі «Шұбырада», «Әупілдек», «Тұлып», «Дауыл алдында» секілді жеке-жеке новеллалық сипаты бар, әрқайсысы аяқталған сюжетті әңгімеден тұрады. Жас автор ең алдымен қазақ ауылындағы таптық, әлеуметтік теңсіздікті айқын ажыратып көрсетеді, екіншіден, есте қаларлық адам тағдырлары (Әупілдек көлімен қоштасқан бақытсыз қыз), көз алдыңызға келетін сомдап соғылған дара тұлғалар (паң Нұрмағамбет), Сарыарқаның реалистік қуатпен салынған тамаша пейзаждары бар. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының кейбір көріністерін жазушы Арқадағы өзі көрген, басы-қасында болған оқиғалар арқылы бейнелейді, аса ұшыққан әлеуметтік мәселелрді жасырмайды.
Сәкен Сейфуллин революцияның алғашқы жылдарының шындығын, совет өкіметі үшін күрес күндерінің шежіресін, негізінен, Солтүстік Қазақстанда, әсіресе бұрынғы Ақмола губерниясында болған оқиғаларды, нақты, тарихи адамдардың іс-әрекетін бейнелеу арқылы көрсетеді. Бұл баяндаудың басты сюжеттік арнасын революционер-ақынның өзі бастан кешірген, ішінде болған оқиғалар, тартыстар құрайды. Естіген жайттар, оқыған нәрселер, баспасөзден алынған материалдар өзгеріссіз қалпында көркем баяндаудың ішінде үзінді түрінде, дәлел ретінде, тарихи айғақ, құжатты тиянақтама болып, әр жерде беріліп отырады. Әр түрлі партиялардың программалары, олардың мүшелерінің тізімі, түрлі жиналыстардың хаттамалары, сан алуан ресми қағаздар, қаулылар, тарихи деректер, цифрлар – бұлардың баршасын автор, әсіресе революция кезіндегі аласапыран, қиын заман, дәуір шындығын тарихи тұрғыдан дәл, объективті түрде көрсету үшін саналы түрде пайдаланған. «Алаш» партиясының қалай құрылғанын, оның әр түрлі атыраптардағы әрекеттерін, негізгі басшыларын Сәкен Сейфуллин тәптіштеп айтудан тайсалмайды. Жеке қайраткерлерге, оқиғаларға саяси баға береді. Ол байламдар «Алаш» қозғалысына байланысты қазіргі көзқарасқа қайшы екендігін көрсету керек.
Романның үшінші бөлімінде чехословактар лаңы, Ақмолада Совет өкіметінің құлауы, содан кейінгі қанды оқиғалардың көп картиналары беріледі.
Көркемдік-эстетикалық тұрғыдан алғанда, «Тар жол, тайғақ кешудің» ең құнарлы беттері осы тұста, шығарманы нағыз психологиялық роман дегізерлік ерекше әсерлі суреттер бар. Автор бұл бөлімде көлденең оқиға, қосымша эпизодқа орын бермейді, басты назар, негізгі объект – Колчак әкімшілігі түрмеге салған әр түрлі ұлттан шыққан, сан алуан мамандық иелерінің революция жолында бастарын құрбан етуге дайын қаһармандардың трагедиялық жағдайдағы тағдырлары.
Совдеп мүшелерінің қапылыста қолға түсуі, осы тұстағы сан алуан адам мінездері, түрмедегі азапты күндер мен түндер, үрей мен қорқыныш – жүйелі әңгіме арқауы. Автор тұтқындардың көңіл-күйлерін, түйсік-сезімдерді психологиялық саралаумен, аса шебер жазушыға тән көркемдікпен, дәлдікпен, сурет, бейне арқылы көрсетеді. Өмір мен өлім бетпе-бет келген сәттерді жазушы әр қырынан суреттейді:
«Қала – қараңғы, тұманның ішінде. Қала тынысын тоқтатып, өліп қалған мақұлық тәрізді».
«Айдаушылар мен айдалып келе жатқандар бірінен-бірі көздерін алмай, аңдысып келе жатқан тәрізді. Пышақтарын төсеп, аңдысып, бірінің көзі тайып кетсе, бірі қара пышақты салып жіберейін деп келе жатқан тәрізді. Әркім қалың, ауыр, есалаң ойға батып, қара тұманның ішінде келе жатқан тәрізді».
«Жүріп келеміз. Міне, айнала түпсіз тұңғиықтың жалғыз өткел аузында, қанжарын қайрап тұрған өлімге таяндық. Өмір де, тіршілік те әшейін бір түс тәрізді. Өлім де түс тәрізді. Дүниеде болдың, енді жоқ болдың. Жоқ болмайтын жан жоқ… Біреу ерте, біреу кеш…».
«Өлімді күн сайын күтіп отырдық. Революцияның дұшпандары күннен-күнге абжыланша уын шашып, ысқыра берді. Қажы, молда, би, болыстар тыныстарын кеңітіп, жайланып демдерін алды.
Темір торлы тас сандықтың ішінде шынжырланып байлаулы қызыл сұңқарлар жатты. Қастың айызы қанды. Достың жүрегін жалын шалды».
Жазушы түрме қапасында, қуғын-сергелдеңде қанша азап пен қинауды бастарына кешкенмен, революционерлердің асқақ рух, бостандық, азаттық жолындағы құштарлық сезімін, асыл мұраттарға деген сенімді жоғалтпағанын көркем суреттермен береді. Әсіресе ақын көзімен бейнелейтін ырдуан ағаш арбаға тезек тиеп, өгіз айдап бара жатқан жаяу қазақ, балапандарын ерткен қаз, түрме терезесі алдынан өтетін есімі белгісіз көк өрім қыз естен кетпес бейне болып қалып қояды. «Уа, шіркін, бостандық. Сенің қадіріңді қапастағы тұтқыннан басқа кім біледі? Ана қазақтай өгізге жеккен ырдуанмен тезек тасып жүрсе де, шіркін, бостандық артық екенсің!.. Мынау, ана құшағын, төсін ашқан кең даладан келеді-ау! Шіркін, бостандық. Шіркін, кеңшілік-ай!» деп тебіренген ақын жүрегінің лүпілі естіледі.
Ақмола совдепіне мүше болған революционерлер 1918 жылдың маусымынан 1919 жылдың қаңтарына дейін түрмеде отырады. Жеті ай. Жеті ай азап пен қорлық, қамау мен зорлық көреді. Екі ай бойы қол-аяқтан шынжыр темір түскен жоқ. Осыдан кейін барып Ақмоладан Қызылжарға дейін қызыл шұнақ аязда 500 шақырым жаяу-жалпы айдайды. 18 күн бойы қарлы, мұзды, аязды жолдың азабын тартып келіп, вагонға қамалады. Бұл жауыз, қанішер, бейбіт елдің дұшпаны атаман Анненковтың азап вагоны болатын.
Азап, тозақ вагонында отырғандар: Катченко, Шафран, Авдеев, Кондратьева, Монин, Павлов, Абдолла Асылбеков, Сәкен Сейфуллин, Бәкен Серікбаев, Жұмабай Нуркин… әр ұлттың өкілі, бостандық үшін жандарын шүберекке түйген есіл ерлер. Аштық пен ұрып-соғу қосылып, талай қыршын үзіліп жатыр – Дризге, Монин, Мартынов, Пьянковский өлді. Ақ қар, көк мұзда азап вагоны – Омбы-Ново-Николаевск (қазіргі Новосибирск)- Семей барып, ақыры қайтадан Омбыға келіп, тұтқындарды лагерьге түсіреді.
Азап вагонындағы қиындықтардан, аштықтан, шөлдеп, суықтан бұратылып, әбден тері тарамысына жетсе де, адамгершілік кейіптен арылмаған ерлердің кісілігін, бір-біріне деген бауырмалдығын, интернационалдық достықтың күшін жазушы көзге жас келтірердей оқиғалар арқылы суреттейді. Еркін өмір, бостандық қасиеті туралы ақын тебіреністері ой ағымы арқылы, ішкі монолог түрінде беріледі. «Жүрек ақырындап, тәтті қимылдап соғады. Көкіректегі байлаулы арыстан ақырындап шынжырын қозғайды» деген жолдарда ақындық сурет бар.
Омбы лагеріндегі жағдайды суреттейтін беттерді Ф.Достаевскийдің «Өлі үйден жазған хаттарымен» сарындас деуге болады. Лагердің жалпы тіршілігі, тұтқын сорлылардың халі, өлім мен өмір тайталасқан сәт, әр түрлі мінездер – бұлардың баршасын Сәкен реалистік дәлдікпен, трагедиялық қуатпен бейнелейді. Лагерден қашып шығар сәтті былай көрсетеді: «Қар тасушылар келді. Жүрек соқты. Көкіректегі шынжырлы арыстан жұлқынды».
Романның төртінші жүйе әңгімесі Сәкеннің Омбы лагерінен қашып шыққаннан кейінгі шырғалаңдарын қамтиды. Бұларды бір-бірімен сюжеттік тұрғыдан байланысып жатқан оқыс оқиғалардың тізбегі десе де болғандай. Дүйсенбі деген бүркеншік атты жамылып, Омбыдан Шет қаласына барып, одан Баянауылдатып, өз аулына жеткенше 844 шақырым жаяу жүрген жолда ақынның өткір көзі талай нәрселерді көріп, шалғыр құлағы неше алуан әңгімені естіп, өзі де бастан көп хикмет өткеріп, қабат-қабат ой толғайды. Революция кезіндегі Қазақстанның әлеуметтік-саяси, тұрмыстық-этнографиялық панорамасы жасалады. Жазушы қосалқы эпизодтар арқылы революционерлер Мұқаметқали Тәтімов, Сабыр Шәріпов бастарынан кешкен нақты оқиғаларды көркем новелла тұрғысына жеткізіп береді. Кейбір тарауларда ел өмірінің дәл суреттері, Ашай мерген, Шоқай болыс тұлғалары, ән-күй аңыздары («Ықылас күйі»), Бетпақдаланың табиғаты, Шу өңірінің тарихы беріледі. Шығарма Сәкеннің Әулие-Атаға келіп, Шуда Совет өкіметін орнату әрекеттерімен аяқталады.
Өз кезінде ең актуальды, заманның көкейкесті тақырыбына – Қазақстандағы Қазан революциясының тарихи тағдырларын көрсетуге арналған «Тар жол, тайғақ кешу» романы тарихи оқиғаларды бағалаудағы қайшылықтарына қарамастан, қазақ әдебиетіндегі әлеуметтік маңызы, идеялық-көркемдік сапасы жоғары, уақыт сынынан өткен кемел туынды, ерекше кітап.
Достарыңызбен бөлісу: |