Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,


СҮЙ, ЖАН СӘУЛЕМ, ТАҒЫ ДА СҮЙ, ТАҒЫ ДА



бет5/37
Дата23.10.2016
өлшемі10,52 Mb.
#55
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37

СҮЙ, ЖАН СӘУЛЕМ, ТАҒЫ ДА СҮЙ, ТАҒЫ ДА

Халқымыздың отжалынды, зор таланттарының бірі, аспан құлап, жер сілкінгендей аума-төкпе заманда өмір сүрген, ауыр тағдырды басынан кешкен, ақыры сталиндік репрессия кезінде мерт болған есіл боздақ ұлы ақын Мағжан Жұмабаев қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы жеріндегі Сасықкөл мекенінде іргелі, әйгілі шаңырақта 1893 жылы 15 мамыр күні дүниеге келген. Өз әкесі Бекен, бабалары Жұмабай қажы, Шоқай, Өтеген, Өтеміс – бәрі де исі Арғын ішінде даңқы шыққан белгілі, көшелі кісілер. Мағжан өзімен емшектес Мүсілім, Қаһарман, Мұқаметжан, Сәлімжан, Қалижан, Сабыржан, Күландам, Гүлбарам бауыр-қарындастарымен құлын-тайдай тебісіп, анасы Гүлсімнің бауырында ауыл баласының қызықты, романтикаға толы тәтті, қимас шағын бастан кешірген. Кәрім, Мұқаметжан молдалар, Данияр қажы, Ахитден мұғалім – бұлар болашақ ақынның тілін сындырып хат танытқан, арабша, парсыша, түрікше, орысша оқытқан алғашқы ұстаздары. Алдымен Қызылжарда медреседе Хасен молдадан дәріс алған Мағжан, Уфа қаласына барып медресе Ғалияда татар халқының ұлы жазушысы Ғалыман Ибрагимовтан оқыды. Алғашқы әдеби тәжірибе басталып көкқауырсын жырлар тудырды.

Жаңа заман рухы бойын билеген, тырнақалды “Шолпан” (1912, Қазан) кітабы шыққан, асау жүрек, жас сұңқар орысша білім алуға ерекше талаптанып, 1913 жылы Омбы қаласына келіп, осында мұғалім болып жүрген Міржақып Дулатовтан сабақ алып, дайындалып, семинарияға түседі де, оны 1916 жылы бітіріп шығады.

Бұдан кейін ел өміріндегі ұлы оқиғалар жас азамат, өршіл ақынды өзінің ұмар-жұмар, аласапыран көгала толқынына тартып әкетеді. Үш революция дүмпуі, Алаш қозғалысы, өткелектер, дүниетанымдағы сілкіністер, қоғамдық-әлеуметтік тартыстардың поэзиядағы көріністері, жеке бастағы шырғалаңдар – осылардың баршасын көре жүріп, Мағжан да 1919 жылдың көктемінен бастап, кеңес өкіметіне сеніп, әлеумет ісіне бел шешіп, білек сыбанып кіріседі. Қызылжардағы “Бостандық туы” газетінде редактор болады (1919), Ташкентте Қазақ-қырғыз институтында сабақ береді (1922), Москвада Күншығыс баспасында аудармашы болады, В.Брюсов атындағы көркем әдебиет институтында оқиды (1928), Бурабайда техникумда, Қызылжарда партия кеңес мектебінде сабақ береді. 1929 жылы жазықсыз жала жабылып, түрмеге қамалып, одан Карелияға жер аударылады, М.Горький және оның әйелі Е.Пешкованың араласуымен 1936 жылы босап келгенімен, қайта ушыққан репрессия тырнағына ілініп, жазықсыздан жазықсыз есіл ақын 1938 жылы 19 наурызда атылған. Өзі ғана емес, ағалары Мүсілім, Қаһарман, інісі Мұқаметжан да репрессия отына шалынды. Әкесі Бекен 1934 жылы, анасы Гүлсім 1943 жылы қуғында өлді.

Мағжаннан қалған әдеби шығармашылық мұраның көлемі, салалары сақталуына қатысты сөзді нақты айтуға мүмкіндік бар. Талантты ақынның алғашқы өлеңдері Уфадағы, Омбыдағы қабырға газеттерінде, қолжазба журналдарда, өз кезіндегі мерзімді баспасөз бетінде жарияланып жүріп, көзге түседі, елеп-ескеріледі де, жұртшылық назарын аударады. 1912 жылы Қазанда “Шолпан” өлеңдер жинағы шыққанда, Мағжан он сегіз-он тоғыздардағы уылжып тұрған қыршын жас. Абай кітабының басылғанына үш-ақ жыл өткенін ескерсек, жас ақынның даңқы қазақ сахарасы аспанында қалай көтерілгенін ұғу қиынға соқпас. Бұдан кейінгі кезеңде дүниеге келген қазақ газет-журналдарының бетінде Мағжан шығармалары 1929 жылы жаламен күйіп, абақтыға түскенге дейін үздіксіз жарияланып тұрды. Негізінен ақын өлеңдері екі-ақ рет жинақталып, топталып оқырман қолына тиді. Бірінші рет 1922 жылы Бернияз Күлеев Қазанда бастырып, екінші рет осы кітап толықтырылып Сұлтанбек Қожанов алғы сөзімен 1923 жылы Ташкентте шықты. “Педагогика”, “Сауатты бол” (араб, латын әріптерімен бірнеше рет басылған) кітаптары, аудармалары басылды. Қысқасы, Мағжан Жұмабаевтың қаламгерлік сапары бас-аяғы жиырма жылға жетпей, тым ерте үзілді, он жылдай өмірі абақтыда, лагерьде, қуғын-сүргінде, азап-қорлықта өтіп, ақыры 1938 жылы ажал оғы құлатты.

Көзі тірі ақын атағы жалғыз Қазақстан емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұрстанға түгел жайылып, сол тұстағы татар Ғалымжан Ибрагимов, өзбек Фитрат, Шолпан, қырғыз Қасым Тыныстанов, башқұрт Сайфи Құдаш Мағжан ақындығының дария ағысты, терең тұңғиығына назар аударса, қазақ топырағында сан алуан, кереғар пікірлер айтылды. Ахмет Байтұрсынов “Әдебиет танытқыш” (1926) кітабында қазақ өлеңі табиғатын, құрылысын түсіндіру үшін Мағжан шығармаларынан көптеген мысалдар алады. Жүсіпбек Аймауытовтың “Мағжанның ақындығы туралы” деген зерттеу еңбегі – поэзия танудағы ғажайып эстетикалық биіктеріміздің бірі. Мұхтар Әуезов Мағжанды Абаймен қатар атап, сөзі болашаққа жететін ең үздік, заманынан озған жүйрік ақын санайды. Ғаббас Тоғжанов “Мағжанның ақындығы, Жүсіпбектің сыны”, Сәбит Мұқанов “ХХ ғ. басындағы қазақ әдебиеті” еңбектерінде Мағжан поэзиясының тереңіне бойламайды. Деректі социологиялық өлшемдермен кетіп қалып, кей тұстарда дәлелсіз саяси уақыт орын алып келгенін жасыруға болмайды.

Мағжанның көзі тірісінде барлық көркем шығармалары жинақталып, тұтас топталып басылып көрген емес. Бұл шаруа енді қолға алына басталды. Ақынның ең көлемді кітабы, канонды нұсқа деп қарауға болатын еңбегі – 1923 жылы Ташкентте “Мағжан өлеңдері” деген атпен шыққан жинақ. Мұның сыртында “Шолпан” журналында жарияланған “Батыр Баян”, “Ақжол” газетінде басылған “Қорқыт”, “Ертек” поэмалары, “Еңбекші қазақ” жарық көрген “Тоқсанның тобы”, әр түрлі басылымда шыққан өлеңдері, мақалалары бар. Жұрт қолында жүрген, қолжазбасы сақталған басқа туындылар бар ма, жоқ па, әсіресе он жылға жуық қорлық-зорлық табанында шіріп, өткелектен өтіп, соры қайнап, сорпасы төгіліп, ырысы кетіп, ыңыршағы айналған кезде жазған туындыларынан не қалып, не қойды, дәл бүгін бұл сұрақтарға тап басып жауап беру қиын. Кім қасиеттеп сақтай алды дейсіз, қан жылаған жүректен асыл сөз туа қалған күннің өзінде жоғалып, құрып біткен шығар.

Хош, сонымен қалың оқырман, қазіргі ұрпақ, болашақ буын үшін ақынның отыз жасында Ташкентте жарық көрген кітабының тарихи маңызы зор. Ақын поэзиясы, оның табиғаты, басты ерекшеліктері туралы пікір-байлам, ой тұжырымды біз осы жинаққа сүйеніп айтамыз.

Мағжан бала күннен халық фольклорын, ауыз әдебиетін, елдің дарынды сөзін бойына сіңіріп өсумен қатар, қаршадай күнінен арабша, орысша хат танып, артынан арнаулы оқу оырндарын аяқтап, сүйегіне біткен сұңғыла, зерек, қиялшыл қасиеттеріне орай, Шығыс пен Батыстың поэзиясын терең біліп, көңілге тоқып, жүрекке ұялатып, бойына сіңіру арқасында таза талғам, биік парасат, үздік көркемдік нысаналрға тіпті ерте жеткен. Ақын таланты қыл-қыбыр, жүн-жұрқа, шаң-тозаңды дарытпай, шын, мөлдір қасиетін сақтап, табиғат ұста соққан қалпында қалған.

Бала-бозбала, оқушы-шәкірт қолынан шыққан, әр нәрсенің басын шалған, шөпті де, шөңгені де өлең еткен әрекеттен ада, әлемдік классикалық үлгідегі мәдениетті ақынның қаламгерлік жолы басталған. Алғашқы күннен тартып Мағжан қарасөзбен айтуға болатын, мақаламен көмкеретін жәйттерге өлең арнамайды; үгіт-насихат сарынынан, ғақлия-дидактика мақамынан, терме-қисса арнасынан бойын мүлде аулақ салады; аз күндік ұранға ілесе жазылған қошамет, мадақ жыр, біреуді марапттаған қолпаш өлең атымен жоқ. Тоқ етерін айтқанда, қазақ поэзиясының аспанына көтерілген жаңа жұлдыз – Мағжан салған жерден ақындықты көз жасы, жүрек қанынан сорғалайтын – асыл сөз, дарынды сөз, қасиетті өнер, шарапатты өнер деп біліп, бұл сапарды туған жерге, отанға, халыққа қызмет етудегі киелі жол санайды.

Жетсе егер қорқынышты қара түнім,

Басса дерт, әлім құрып, шықпай үнім.

Көңіл ашып, кеудеме жан кіргізер

Өлең менің – Шолпаным, айым, күнім, -

деп толғауы тегін емес.

Ақын 1923 жылғы жинақты жеке тарауларға, бөлімдерге айдарлап, тақырыптап, атап бөліп-бөліп бермегенмен, кітап композициясы, өлеңдердің бірінен кейін бірінің берілуі ерекше ойластырылғанын аңғару қиынға соқпайды.

Топтама “Көкшетау” өлеңімен басталады да, бұдан кейін “Жиіленді қара орман”, “Қысқы жолда”, “Жазғы жолда”, “Орман патшасы” (Гете - Жуковскийден), “Жазғы таң”, “Толқын”, “Күннің батуы” (Генрих Гейнеден), “Сарғайып келген егін толқынданса” (Лермонтовтан), “Жаз келді”, “Сыйлық”, “Жазғытұры”, “Жазғытұрым”, “Жазғы түнде”, “Жел”, “Толған ай” өлеңдері берілген. Бәрі де табиғатпен сырласудан туған толғанысты жырлар, көзіңді арбап, жүрегіңді тебірентетін мұңлы пейзаж, ғажайып суретші қолынан шыққан картина секілді, тізіп, шолып, термелеп айтқан, жер бедерін баяндай көрсеткен тұрмыс-салт көрінісі, маусым кескіні емес, әр түрлі сезім-түйсік арқылы қабылданған психологиялық астарлы сырлары бар реалистік пейзаж үлгілеріне қоса, кей тұста фантастикалық сурет, пері, періште, тәңір де араласып кетеді. Әлем поэзиясы классиктері шығармалары қалай, менің туындым қалай дегендей, ақын әр түрлі үлгілерді қатар жарастырып беріп отырады.

Ақынның суреткерлік құдіретін көрсететін сиқырлы өлеңдердің бірі “Толқын” мынадай жолдармен аяқталады:

Ерке бала былдырлап,

Сылдыр,сылдыр, сылдырлап,

Толқынды толқын қуады.

Күміс кәусәр суымен,

Суының алтын буымен

Жарының бетін жуады.

Мөлдіретіп көз жасын,

Жасымен жуып жартасын,

Сүйіп сылқ-сылқ күледі.

Жылағаны – күлгені,

Күлгені – оның өлгені,

Жылай, күле өледі.

Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,

Бірінің сырын бірі ұрлап,

Толқынды толқын қуады.

Жарына бал береді.

Береді де, өледі,

Өледі толқын – тынады.

Толқын біресе бала болса, біресе ғашықтарға айналады, ең соңында өледі. Қандай қозғалыс, қандай әрекет жатыр?! Астарлы ой, мегзеу идея, емеурін сарын қандай десеңізші?!

Ақын шыққан аса биік эстетикалық тұғырдың бірі – пейзаж лирикасы. Халық әдебиетінен, Абай дәстүріндегі жыл маусымдарына қатысты әлеуметтік терең сарындардан алынған үлгілерді дамыта келе, Мағжан табиғат көріністерін бейнелеуде әлем поэзиясындағы классикалық тәжірибелерге ден қоя отырып, жаңа көркемдік игіліктер жасады. Бұл топтағы жырларда кескін өнері тәсілдері, сәуле мен көлеңкені ойнату, уақыт пен кеңістік диалектикасын көрсету, панорама, плэнер, әр түрлі ракурс, этюд, түрлі астастырулар принциптерін пайдаланғанын байқауға болады.

1923 жылы кітаптағы пейзаж лирикасын ойлана зерттегенде, әрбір өлеңнің берілу тәртібінде зор мағына бар екенін аңғарасың. Алдымен жазғы не қысқы сахараның аумақты, мол көрінісі алдыңыздан шығады: кең дала, асқар тау, саумал бұлақ, ақ қайың. Бірте-бірте ақын жалпы суреттен жеке бейнеге, нақты детальға, дәлді образға көшеді. Мұның үстіне ашық, жарқын, сәулелі бояулар азайып, қара, қорқынышты, үрейлі таңбалар молаяды, дауыл соғады, нөсер төгеді, боран ұлиды. Ақырында – аштан бұралған, үсіп өлген, түтекте адасқан, ажал жұтқан пенде. Әуелде кісіге дос, жақын, етене табиғат бірте-бірте тасбауыр тартады, өлімге пейіл береді. Қуаныштан, рахаттан, ләззаттан басталған пәк дүние соңы – апат, қырғын, зобалаң, нәубет, селебе.

Осындай күрделі, қат-қабат көзқарас, өмір болмыс, табиғат – ортаны екі ұдай болып жарылған, ақыры құрдыммен аяқталған қанқырғын трагедиялық сипатта көру – үлкен ақынның көркемдік танымындағы тұтас суреткерлік жүйе екенін ашып айту керек.

Жинақтағы ғашықтық жырлар “Р. альбомында” деген өлеңнен басталады. Альбомға жазу формасы да еуропалық үлгі. Бұдан кейін “Көңілде қайғы қалдырмас”, “Жұлдызды – жүзік, айды – алқа қып берейін”, “Көңіліңді ашар”, “Сәуле”, “Гүлсім ханымға”, “Гүлсімге”, “Бұлбұл”, “Құр қалыппын”, “Хор сипатты қарындас”, “Жан жарымды бір сүйейін түсімде”, “Күміс нұрлы ай”, “Сен сұлу”, “Шолпан”, “Екі бетің сұлу қыз” (Гейне - Фет), “Сүй, жан сәулем”, “Төгілген шашы”, “Біраз Фетше”, “Н.-ға”, “Ес кірген соң”, “Сүйгенім анық”, “Жас сұлуға”, “К. -ға”, “Айырылдым” сенен жан сәулем (Гете), “Махаббат не?”, “Р.-ға”, “Сүйгеніме”, “Зар”, “З.-ға”, “Айырылғанда”, “Тірілдім” өлеңдері берілген, бәрі де төгіліп тұрған махаббат лирикасы. Мағжанның Мағжан атын шығарған, халық аузында жатталып кеткен әйгілі өлеңдер. Бұл шығармаларда сан алуан психологиялық күйлер мол, адам жанының неше түрлі тылсым сырлары, ләззатты минуттар, азапты түндер, қоштасулар, тосулар, жыртылып айрылу, қайта табысу сәттері, қуаныштың жасы, қайғының қаны, жүрек толқыны – үлкен ақын осының бәрін алдыңызға жайып салды. Оқыған сайын тереңіне тарта берер, әлем поэзиясының ең озық, үздік үлгілерімен қатар тұрар жырлар:

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да,

Жылы тәтті у тарады қаныма.

Бұл ләзаттың бір минутын бермеймін

Патша тағы, бүкіл дүние малына.

Мағжан поэзиясының мәңгі өлмес. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу-маржаны – махаббат, сүйіспеншілік, ғашықтық стихиясының сан алуан тылсым, жұмбақ күйлерін шерткен, терең ақындық шабыттан толқып туған, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген, ішкі мазмұны мен түр кестесі жымдаса ұласқан, ықшам, жинақы, жұп-жұмыр жауһар дүниелері.

Қалың мал кеселі, әйел теңсіздігі деген дәстүрлі тақырыптың қазақ әдебиетінде таптаурын болған көркемдік шешіміне Мағжан бірді-екілі шығармаларында ғана ден қояды да, бұл орайда жаңадан тың жол салып, негізінен, еуропалық, орыс лирикасындағы бай эстетикалық тәжірибелер, ізденістер арнасына түскен.

Қанатты ақын лирикасындағы қыз, әйел қай жағынан алғанда да жігіт, еркекпен тең, иықтас, деңгейлес. Көп ретте әйел адамгершілік, ізгілік, махаббат сезімдері тұрғысынан суреткер үшін дүниедегі ең қасиетті, ең ардақты, ең құрметті адам; торыққан, қиналған, тапталған көздерінде медет сұрап, сыр бөлісіп, қайырым тілеп әйелге тіл қатады, ақтық дем таусылып, ажал тырнағына ілінер сәтте айтылар сөз сүйген жар, туған анаға арналады.

Ғашықтық сезімнің сан алуан толқындары: ұнату, құлай сүю, бір көргеннен құлап түсу, ұзақ уақыт сүйіспеншілік зарын кешу, ләззат рахатына бату, ажырасу азабын тарту, айрылып күйзелу, тіл таба алмай торығу, бір кездесуге құмарту, жалт еткен ықылас, түңіле безіну, махаббат жолында жан қию, ерлі-зайыпты қоңыр тірлік, батаға адалдық, неке су ішісу, жастықтың әр кезеңі, қызықшылық, серілік, ұйқысыз түндер, тоқырау, тәубаға келу, от-басы, ошақ қасына қарап қалу – осы алуандас сезімдер, күйлер, мұң-қайғылар Мағжан өлеңдерінде жеке адамдардың тұтас тағдыры, көзден – жас, жүректен қан, тілден – у ағызған сырлар болып төгіледі. Жадағай тақпақ, ақылгөй ділмарлық көлеңкесі түспеген мұндай саф таза толғаулар қаныңды қыздырып, аруағыңды көтеріп, сай-сүйегіңді сырқыратып, буын-буыныңа түседі, ішіңе от тастайды, мас болғандай, елтігендей күй кешесің, сиқырлы, киелі поэзия бейне бір бақсы сарынымен жадылағандай көкала толқын бауырына тартылып бара жатқаныңды сезбей қаласың.

Еріксіздік азабы, түрме тауқыметіне арналған шығармалар шоғыры “Сағындым” өлеңінен басталады да “Жел”, “Тілегім”, “Жауға түскен жанға”, “Тұтқын” (Лермонтов) “Әбу Фарастан”, “Күн шығады да батады”. (М.Горький) “Айға” туындыларымен қосылып, тұтас цикл құрайды.

Абақтыда айды, күнді жаңылдым,

Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.

Қарашығым, құлыным деп зарлаған

Алыстағы сорлы анамды сағындым...

Алтын күнді, қара жерді сағындым,

Жан жолдасым жүйрік желді сағындым.

Асау таудай еркелетіп өсірген

Ағайынды, туған елді сағындым...

Қазағымды, қалың елді сағындым,

Сарыарқамды, сайран жерді сағындым.

Балдай бұлақ, мөлдір күміс көбікті

Арқадағы айдын көлді сағындым, -

деген жолдарды жазған Мағжан өзінің қайғылы тағдырын күні бұрын сәуегейлікпен болжаған секілді. Ол “Оқжетпестің қиясында” өлеңінде:

Бұлтты айдап, сылдыратып сумен ойнап,

Ерке жел тасты құшып, сылқ-сылқ күлді.

Аллалап ну қарағай шулай-шулай,

Төменде тулай-тулай толқын өлді, -

деген керемет образ жасайды.

Философиялық трагедиялық жырлар, шерлі, мұңды толғаулар “Жан сөзі” өлеңінен кейін берілген. Олар: “Ой”, “Ауыру”, “Жұлдыздарға”, “Сағат”, “Ж-ға”, “Ф-ға”, “Шылым”, “Александр Блок”, “Н. альбомына”, “Алдамшы өмір”, “Күзді күні”, “Мені өлім, әлдиле”, “Сарғайдым”, “Ғазизаға”, “Қайғылы сұлуға”, “Домбыра”, “Зарлы сұлу”, “Жәмила”, “Шын сорлы”, “Жас келін”, “Алданған сұлу”, “Тілегім”, “Әйел”, “Түн еді”, “Жарыма”, “Қарындасқа”, “Орамал”, “Батқан күн, атқан таңның жыры”, “Сүйемін”. Әсіресе, “Жан сөзінде” ақынның қайғы-қасіретке толы өмірі, келешек ұрпақпен ашық тілдескен, іштей ақтарыла төгілген бір сәті бар; бұл қазақ поэзиясында кейін Қасымның “Өзім туралы”, Мұқағалидың “Жан азасы”. “Реквием” шығармаларына ұласатын терең трагедиялық арна, ұлы сарын.

Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған

Молама көз қырын да салмас па екен.

Дариға, сол күндерде күнім қараң,

Қазақ елім, бір ауыз сөзім саған.

Болғайсың, сыншы болсаң, әділ сыншы,

Кінәні жүрекке қой, қойма маған, -

деген сөздер дәл бүгін де естіліп тұрғандай.

Ел басына түскен зор нәубет, қанды кесепат, ұлы селебе – он алтыншы жыл оқиғасына арналған шығармалар көркемдік сипатымен, терең идеясымен, шебер кескінімен дараланып оқшау тұр. Келіншектің толғау – монологы сипатында жазылған жыр бастан-аяқ бір шабыттан туған, көңіл-күйдің қағазға түсе салған суреті.

Қайғы батты жаныма,

Уға толды жас жүрек.

Орамалды жарыма

Бітірем қашан кестелеп.

Күз сарғайтты қайыңды,

Мен де бірге сарғайдым.

Қара бұлт жауып айымды,

Жылаймын, күйем, зарлаймын, -

Деп басталатын өлеңде ақынның поэтикалық лексикасында жиі қолданылатын, көп тұстарда тұтас образ, символға айналып кететін сөздер бар. Олар: қайғы, жан, у, жас, жүрек, күз, қайың, сарғаю, қара бұлт, ай, жылау, күю, зарлау. Кейін қазақ поэзиясында “орамал” сөзі солдат сағынышының символына айналады. Мағжан бастап берген сарынды көптеген ақындар қайта жырлайды, әсіресе, Ұлы Отан соғысы туралы жазылған өлеңдерде бұл әуез көп қайталанды.

Ақынның күрделі өмір құбылыстарын, тарихи кезеңдерді бейнелейтін, реалистік сипаттармен қоса, символдық, мистикалық, фантастикалық сарындарға бой алдыратын аса күрделі өлеңдері “Тәңірі”, “Жаралы жан”, “Оқжетпестің қиясында”, “Қойлыбайдың қобызы”, “Күз” бір сала болса, “Бесік жыры”, “Туған жер”, “Туған жерім – Сасық көл”, “Анама”, “Жазды күні қалада”, “Айда атыңды, Сәрсембай” шығармалары екінші арнаны құрайды. Ал ежелгі этностар тұтастығын, исі түркі бірлігін жырлайтын “Өткен күз”, “Тез барам”, “Жер жүзіне”, “Орал”, “Орал тауы”, “Жер жүзін топан басса екен”, “Алыстағы бауырыма”, “Түркістан”, “Күн шығыс”, “От”, “Пайғамбар” өлеңдерінің ырғақ, сөз жүйесіндегі құйылып тұрған ғажайып көркемдікті көрсете отырып, кей тұста ұшырасып қалатын дүниетаным қайшылықтарын айтпай кетуге болмайды. Сол сияқты “Батыр Баян”, “Қорқыт”, “Ертек” секілді шығармалар үстірт-атүсті қарауды көтермейді, олардағы тарихи-эстетикалық қонцепцияларды, образдар жүйесін, идеялық-философиялық сарындарды терең зерттеп, көп толғанып барып, пайымдау керек.

Қазақ лирикасында үлкен көркемдік жаңалық ашып, соны әсемдік арналарды негіздеп, әсіресе, Еуропа, орыс әдебиетіндегі ізденістерді, бағыттарды ұлттық топыраққа батыл да еркін ендірген Мағжан эпикалық жанрда поэманың ықшам формаларын қалыптастырды. Бір қарағанда, тақырыптық тұрғыдан алғанда, алып-жұлып, әкетіп бара жатқан ерекшелік көрінбейтін секілді: “Қойлыбайдың қобызы”, “Қорқыт”, “Түркістан”, “Оқжетпестің қиясында”, “Батыр Баян” – аңыз, тарихи белгілі оқиғаларға, “Жүсіпхан”, “Өтірік ертек” – шығыстық сюжет, мысал, тұспалға құрылған. Ішкі мазмұн тұрғысынан келгенде бұл шығармалардың бәрінде де халықтық аңыз, тарихи дерек үлкен көркемдік идея тұрғысынан қайта құйылып, ежелгі әңгіме, миф сарындары өзге құбылып, жаңа сипаттағы эстетикалық игіліктер жасалды.

Мағжан фольклорды игеруде соны жол, жаңа бағыт ашты, қайта жырлау, нәзира, сарындау емес, түп-түгел тосын, биік, асқақ көркемдік жүйелер жасады.

Ең бастысы ақын ықшамдық, сұлулық, философиялық талаптарды, бейнелілік, суреттілік шарттарын бірінші қатарға шығарды: “Қойлыбайдың қобызында” фантастикалық күйлер, бәйгеге қобыз қосу көрінісі ғажап шебер бейнеленеді; “Қорқытта” өмір мен өлім арпалысы, мәңгілік үшін күрес, өнердің өлместікке апарар киелі қасиеті жыр етіледі; “Жүсіпханда” тұлға мен тобыр, мансап пен ұждан диалектикасы, “Өтірік ертекте” мысал, тұспал әдісімен берілген әлеуметтік тартыстар сыры бар; “Оқжетпестің қиясында”, “Түркістан” туындылары азаттық идеясын, түркі бірлігін жырлайтын шығармалар.

Фольклорда, тіпті жазба әдебиеттің өзінде қазақ ұғымындағы дәстүрлі батырдың айқын, анық кескіні белгілі: ел қорғау жолында жанын береді, жолбарыс жүрек, дүдәмал, шәктену, күдіктену жоқ, бір қимылдың, бір әрекеттің, бір ерліктің адамы. Жаңа заманда, үлкен эстетикалық әдеби мектептерден сабақ алып, өз бағытын тапқан зор талантты, ғаламат шабытты, биік мәдениетті қаламгер аңыздан, фольклордан негізгі оқиға сорабын, сюжет арнасын аған алып отырып, мүлде тың тартыс, орасан қақтығыс, қайшылықтар тоғысына құрылған жаңа сипаттағы, ең бастысы реалистік трагедиялық поэма шарттарына, жанрдың классикалық заңдылықтарына жауап беретін, қазақ поэзиясындағы аса көркем, терең, ғажайып шығарма “Батыр Баянды” тудырған.

Патша заманында отыршылық тепкі, ұлттық езгіні көрген, адамгершілік нормалар бұзылып, кеңестік қанқұйлы қуғын-сүргін бұлты басына төнген Мағжан жүрегін қайғының қара толқыны басып шерлі, мұңлы жырлар төгілді. Әділетсіздікке, зорлық-зомбылыққа деген қарсылық, тақымына қыл бұрау түскен періште – шындықтың шырқырауы – ақынның жәдігөйлік, жағымпаздық, келісімпаздық дертіне шылдықпаған жігерлі, қайратты ұят-иманды намысты толғауларындағы сарындар “Батыр Баян” поэмасында бір арнаға құйып, бұрқырай тасқындады. Таразының екі басы тең емес әрине, бір жағада – сұм дүниенің зілзаласы, екінші жағада ботадай еңіреген ақын жүрек. Қолы ғана емес, жаны, рухы, қызыл тілі кісендеулі, шандулы, шырмаулы, тордағы жыршы жүрегінен – қан, көзінен – жас ағыза отырып, зарлайды, жылайды, сонда да тапталып, жаншылып қалмай, бас көтереді, қарсылық білдіреді, атой салады. Зорлық-зомбылық, әділетсіздік әбілеттей басқанмен, бәрібір шындықты, ақынның асыл сөзін, келешекке деген үмітін үзе алмайды, түптеп келгенде, ақын мәңгілікке, өлместікке, бостандыққа, еркіндікке сенеді, сол рухты сезім, кісілікті ой алдында оқырманын имандай ұйытады.

Ақын оқырманға жан сырын ашып салады, ағыл-тегіл көз жасын ағызады, жүрек тереңінде жатқан құпиясын ақтарады. Қоғамдық мұрат, әлеуметтік идеалды халқының өткен күндерінен, азаттық үшін күрескен ерлерінің тағыдырынан табады. Бұл ретте тарихи тұлғаларды әбден образға, көркем бейнеге айналдырады. Сондықтан ақын шығармаларындағы кейбір тұлғалар туралы ойлар, ақындық толғамдар тарихи деректермен, ғылыми пікірлермен, тіпті бүгінгі историографиялық концепциялармен дәл келмей жатуы мүмкін. Поэма сюжеті екі арада дамиды. Бірі – Абылай хан, оның айналасындағы белгілі батырлар, олардың қалмақ шапқыншылығына қарсы бүкіл халықтық күреске қатысы, Шоқан Уәлиханов жазатын әйгілі оқиға. Бұл бағыт ақындық шолу қалпында, суретті жөргем түрінде беріледі. Екінші арна, әділіне келгенде, шығарманың күре тамыры – батыр Баянның қалмақ елін шауып, Бөбек қызды қолға түсіруі, оған ғашық болу хикаяты айтылады. Сорға қарай, Бөбек қыз батыр Баянның інісі ер Ноянмен көңіл қосады, екі жас ғашық болып табысып жарасады да, қайын жұрт батасын алмақ ниетпен қалмақ еліне тартады. Бір жағынан қызғаныш сезімі өртеген, екінші жағынан туған інісі тұтқын қыз соңынан кеткені үшін намыстан күйген батыр Баян басындағы психологиялық күйзелісті, қат-қабат хәлдерді ақын өз басындағы шындықтармен, заман мен ақын, тарих пен ақын, ел намыс және махаббат, туыс сезімі және қызғаныш тәріздес шытырман әуездермен астастыра, құлпырта, толқыта, тербете бейнелеген. Трагедиялық ситуация, Шекспирлік жағдайлар, Дантелік қарым-құлаш, Достоевский екпіні еске түседі. Қан-қазаны, зор күйзелісті көрсеткен “Батыр Баян” түптеп келгенде, рухани сеніммен, келешекке көз тіккен үмітті серпінмен аяқталады.

Қазақ фольклорында, ауыз әдебиетінде: ақын-жыраулар поэзиясында өмір мен өлімнің беттесуі, тіршілік пен ажал айтысы терең арна тартқан сарын емес, мұның үстіне мұсылмандық шарттары бұ дүниеден гөрі о дүниені мәңгілік, қасиетті орын етіп көрсететіндіктен ХІХ ғасырда шыққан жазба әдебиеті өкілдері де өлім тақырыбына терең бара алған жоқ. Абайдың рух мәңгілігі, болашақ ұрпақпен сырласу хақында терең тебіреніспен жазған өлеңдері, Кемпірбай, Әсеттердің тіршілікпен қоштасуы секілді үздік туындылар бір төбе.

Мағжан поэзиясындағы көкжал толқын, көгала ағыстың бірі - өмір мен өлім, тіршілік пен ажал шайқасы, екеуінің бетпе-бет келуі. Данте, Гете сарындары, Байрон, Пушкин, Лермонтов әуездері, Блок, Фет, Мережковский ырғақтары түйісіп, тоғысып келіп, қазақ ақынының қайғысына қайғы қосып, жүрегін тербеп, жаңа, соны, бой түршігердей күйлер тудырған. Періште, тәңір, пайғамбар, құдай, көк аспан, жер, ай, жолбарыс, арыстан, толқын, жел, теңіз, өзен, алдаспан, алмас қылыш, тұлпар, жүрек – осы секілді көптеген сөздер, ұғымдар Мағжан поэзиясында үнемі қайталанып келеді, олардың жинақтаушылық, эстетикалық, образдық символдық, көркемдік орасан зор мәні бар. Өз ортасынан үзіліп, үздік шығып, арада көп мезгіл өтіп, көп дүние өзгергеннен кейін жаңа қауыммен емірене табысқан өнер иелері әр халықта, әр топырақта, әр ғасырда бар болса, Мағжан поэзиясының бірқыдыру сыры осы арнадан табылса керек.

Ақынның күнделікті, мезгілдік, науқандық, тіпті анығын айтқанда таптық күрестер талабына орайлас елгезек, үгіттік, насихаттық шығармалар жазудан бойын мүлде аулақ салуы таң қалдырады; тақырып таңдау, өлең объектісіне келгенде ерекше талғампаздық, өзін-өзі саналы түрде шектеуді көреміз, әлем поэзиясындағы ұлы шайырлар үнемі жыр еткен мәңгілік тақырыптар, мәңгілік образдар, мәңгілік сарындар, түркі тұтастығы, тарихи сана, ұлт тағдыры қазақ ақынының жанын мазалайды: жарыса бейнелеу, бой теңестіру үстінде туған әуендес туындылар өз алдына, аршынды дарын асқақ шабытпен еркін көсілген кейбір тұстарда адам таңғаларлық ғашықтық, сүйіспеншілік, ізгілік, мұңлы қайғы, текті қасыретті толғаған сом алтындай саф дүниелерді төгіп-төгіп тастайды. Үш революция, аласапыран дәуір, саяси төңкерістер, қоғамдық-әлеуметтік өзгертулер, санадағы сілкіністер, тұтас рухани құрлықтар жоқ болып, жаңа әлемдер пайда болып жатқан, күнделікті іс-әрекет, талап-тілек, уақыт сұранысы өнер атаулыны өзіне қызметші етіп алған, публицистикалық, саяси ұрандар, ұғым-категориялар, байлам-тұжырымдар әдебиеттің барлық саласына ентелеп кірген уақыттардың өзінде Мағжан поэзияның зеңгір көкпен, тәңір пайғамбармен мәңгілікпен тілдескен заңғар шыңындай болып, таза ақындықты сақтады, бір тақырыптың, бір кезеңнің бір халықтың, тіпті бір таптың жыршысы болып кетпей, уақыттар желі құлата алмайтын алтын діңгек, әлемдік, планетарлық әуез-сарындармен тамырлас өлмес туындылар берген ұлттық ақын, ғажайып суреткер болып қала берді. Мағжан Жұмабаевтың азаттық, еркіндік заманында оралып келуінің бір сыры оның әсемдік әлеміндегі жаңаша эстетикалық, философиялық көркемдік ойлау жүйесінің ерекшелігінде жатыр. Қазіргі қазақ оқырмандары дүние жүзі әдебиетінің сан алуан, қайнар бұлақ, өзен, дария, теңіз-мұхиттарынан сусындаған, толып жатқан көркемдік-эстетикалық ізденістер төркінін айыра білетін, өлімді жеңетін, мәңгілік мұраттар үшін қызмет ететін асыл поэзияның қадіріне жеткен оқырман, Мағжан шығармаларымен емірене табысатынына сеніміміз кәміл.

Алпыс жылдан астам Мағжан шығармаларына ресми түрде тыйым салынып, оның еңбектері жұрт қолынан жиналып алынды, өртелді; ондай кітаптарды сақтаған адамдар басын қатерге тікті, үлкен кітапханалар қоймасындағы темір тор ішіндегі құлыпты сандықтарды ашқызып, арнайы тізімге ілініп, жүрегінде түгі барлар ғана оқыр еді. Қанша қиямет күндер туғанымен, бір керемет нәрсе, Мағжан өлеңдері, поэмалары ел арасына фольклор шығармалары секілді тез тарап, халық жүрегінде, жұрттың ой-санасында, елдің ақыл-зердесінде қалып қойған еді, - оны жоюға сталиндік қан қырғын репрессияның күші жетпеді. Біреуден-біреу естіп, қолма-қол жаттап алып таратты; халық өлеңдерінің әуенімен шырқалды. Бертін келе қолдан көшірілген, машинкаға басылған нұсқалар тарап жүрді. Сондықтан Мағжанмен қатар жасасқан аға буын, оның алдын көріп-сабақ алған шәкірттерін былай қойғанда, кейінгі ұрпақ қаламгерлері де ақын мұрасынан хабардар еді.

Орыс әдебиетінде қысталаң, қиын кезеңде Сергей Есенин шығармалары жұртшылық арасына қалай тараса, Мағжан Жұмабаев туындылары да біздің ортамызда сондай хал кешті десек, өтірік емес. Әсіресе, жеке адамға табынушылық ресми түрде айыпталып Сәкен, Ілияс, Бейімбет, басқа да ғазиз жандар ақталып, қатарға қосылған тұста, Мағжанды тірілту күресі басталған.

Бұл орайда Қазақ мемлекеттік университетінің профессорлары Бейсембай Кенжебаев, Хайролла Махмудов, Темірғали Нұртазиннің әлеуметтік пікір қозғау мен шындыққа жету әрекеттері, Мағжан шығармаларын орыс тіліне аударып, бастыру арқылы ақиқатты дәлелдемек болған Ілияс Омаров, Иван Шухов, Ахмет Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Александр Жовтис қимылдары нәтиже беру орнына, олардың бастарына пәле боп жабысты. Осы орайда арнаулы орындарға, үлкен мансапты қызметкерлерге хат жолдап, тарихи фактілер, әдеби текст күшімен Мағжанды қатарға қоспаққа күрескен башқұрт ақыны Сайфи Құдаш өзі қуғынға ұшырады. Мұны айтасыз, қылмысы жоқтығы айтылып, заңды түрде 1960 жылы ақталғаны туралы шешім шықса да, оны елеген, ескерген кісі жоқ, әлдекімдердің “азаматтық ағарту” “саяси ағарту”, деген желеулері тағы да отыз жыл үлкен ақынның жолында қара жылан болып оратылып жатып алды.

Мағжанның халқына қайта оралуы тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі кезеңінің шапағатымен дөп келіп отыр. Қазір Мағжан шығармалары орта мектеп, жоғары оқу орындары бағдарламарына енді, оның есімі мектептерге, көшелерге берілді. Арнаулы диссертациялар, зерттеулер жазылып жатыр. Үш томдық шығармалар жинағы шықты. Сөйтіп, ұлы ақын сағынған халқымен қайта қауышты.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет