Оралтай Х. Елім-айлап өткен өмір. Алматы. 2005.
Жаналтай Д. Қилы заман, қиын күндер. Алматы, 2000.
Selvı Z., Teycı M., Kara A. Kazakların Dogu Türkıstan’dan Anadolu’ya göçü ve Osman Taştan. Istanbul. 1996.
Петров В.И. Мятежное «сердце» Азии—Синьцзян: краткая история народных движений и воспоминания. М., 2003.
Имин Боғра М. Шерқи Түркістан тарихы. Анкара. 1989.
Рахметұлы Ш. Оспан батыр (эссе хикая). Баян-Өлгей. 1996.
Gayretullah H. Altaylarda kanli günler. Istanbul. 1977.
Дорж Б. Қазақ терроры (ауд. А.Тойшанұлы) // «Көш» газеті. 01. 08.2002.№ 2 (08).
«Шалқар» газеті, 1994 ж., № 18.
Молдажанұлы Н. Өмірім үшін естелік: құз-қияда өткен жетпіс екі жыл (Қолжазба). Стамбул. 1984. 1-197.
Сыроежкин К.Л. Казахи в КНР: очерки социально-экономического и культурного развития. Алматы, 1994.
Мендикулова Г.М. Исторические судьбы казахской диаспоры: Присхождение и развитие. Алматы, 1997.
Сыроежкин К.Л. Современный Синьцзян и его место казахстанско-китайских отношениях. Алматы, 1997.
ЕКІНШІ БӨЛІМ: ТАРИХИ ЖАЗБАЛАР
Жақсылық СӘМИТҰЛЫ,
Жазушы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
университетінің Шығыстану кафедрасының доценті,
Қытайдың мемлекеттік сыйлығының иесі (1985),
Оспан батыр туралы «Сергелдең» атты тарихи
дилогияның авторы.
ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
1933 жылы 12-сәуір саяси өзгерісі арқылы таққа шыққан Шың Шысайды бастабында Нанжиң үкіметі қолдап, қостай қойған жоқ. Шыңжаң жақтың Лию Вынлұңды өлкелік үкіметтің төрағалығына, Шың Шысайды шекара қорғаныс мекемесінің уақыттық бастықтығына тағайындау жөніндегі қайта-қайта, көп рет жіберген жеделхатын да елеп-ескермеді. 28 сәуірде штаб басқармасы бастығының орынбасары Хуаң Мусунді Нанжиң үкіметі тағы да Шың Шысайға насихат айтуға жібереді. Әрі осы арқылы оны Лию Вынлұң мен Шың Шысайдың орнын бастырмақшы болады. Хуаң Мусун Шыңжаңға келіп, саяси өзгеріс жасаған Тау Миң-иө, Чын Жұң, Ли Шияутияндармен тонның ішкі бауындай жақын байланыс орнатады. Олар да Нанжиң үкіметіне арқаланып, соған сүйеніп, өз күштерін молайтуды көздеді. Мұны сезіп жүрген Шың Шысай 19-мамырда алдыңғы шептен әскерлерін бастап тұтқиыл қайтып келіп: «Чың Жұң мен Ли Шияутияндар астыртын бүлік тудырмақшы» деген құжатты жалғаннан жасап шығып, «қасқүнемдік бүлік тудырушы ұйымға» қатынасқан адамдардың есімдігін дайындап алады. 26-маусымда Тау Миң-иө, Чың Жұң, Ли Шияутиян үшеуін тапа-тал түсте ел көзінше атып тастайды да, Хуаң Мусун мырзаны қамаққа алады. Сонымен Нанжиң үкіметінің Шыңжаңның саяси жағдайына араласу жоспары сәтсіздікке ұшырап, ақыры Лию Вынлұңды Шынжаң өлкелік үкіметтің төрағалығына, Шың Шысайды өлкелік үкіметтің мүшелігіне, қосымша шекара қорғаныс істері меңгермесінің меңгерушілігіне тағайындайды.
Бірақ Нанжиң үкіметі Шың Шысайға оншалық сенім артпайды. Оның Шыңжаңдағы ықпал күшінің зораюының алдын алу үшін жасырын жұмыстар жүргізіп, оған бөгет жасаудың айла-амалдарын қарастыра бастайды. 1933 жылы қыркүйекте Заң министрі Ло Вынгаңды Шынжаңға жіберіп, дүнген милитарист Ма Жұңиың мен Іледегі әскери мансапты Жаң Пи-юанды қолдап, Шың Шысайға қарсы одақ құруды ұйымдастырмақ болады. Ма Жұңиың әскерлері Үрімжіге шабуыл жасап, қаланы қоршауға алады. Іледен Үрімжіге қарай жолға шыққан Жаң Пиюан әскерлері де үрдіс жол жүріп, Үрімжіге таяп қалады.
Осындай қысылтаяң, қиын сәтте басқа амалы қалмаған Шың Шысай Кеңес Одағына жан тартатындығын білдіріп, Сталиннен әскери көмек сұрайды. Шың Шысай тегінде, Жапонияда оқып жүрген кезінде марксшіл, лениншіл ұйымдарға, отаншылдық қимылдарға қатынасып, көзге түсіп жүрген болатын. Соны ескерген Кеңес Одағы Шың Шысайға үміт артады да, оған әскери көмек беруге мақұлдық білдіреді. 1933 жылдың соңынан 1934 жылдың бас шеніне дейін Іле мен Шәуешек арқылы Шыңжаңға кірген Кеңес Қызыл армиясы алдымен Жаң Пи-юанның жоғары қолбасшылық меңгермесін жояды. Әуеден де, жерден де қоршауда қалып, қатты сасқалақтаған Жаң Пи-юан 1934-жылы 28 желтоқсан күні Борбосын мазарына барған кезінде Тарбағатай армиясының қоршауы астында өзін-өзі атып өлтіреді. Кеңес Қызыл армиясының әскерлері онан ары Үрімжі қаласын қоршап жатқан Ма Жұңиың қолын да талқандап, оларды оңтүстік Шынжаңға қуып тастайды.
Сонымен, барлық билік өз қолына өткен Шың Шысай орайды қолдан бермей, дер кезінде қозғалып, өлке орталығындағы өзіне қарсыларды дереу аластап, Жың Рұнчиң, Яң Яужүн және ақ орыс әскерлерінің командирі Папинготты да қамаққа алады. Өлкенің төрағасы Лию Вынлұңды да үй-іші, бала-шағасымен қоса мырза қамаққа тастайды.
Сөйтіп, Шың Шысай енді Шынжаңды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Ол өз үстемдігін онан ары бекемдеп, Нанжиң үкіметінен бір жолата бөлініп шығып, жеке патшалық құру ниетіне кіріседі. Бұл үшін ол Нанжиң үкіметінен мүлде бөлек саясат белгілейді. Ол өз саясатын алты ұлы саясат немесе алты ұран деп атады. Ол алты саясат - бірінші, жиянгерлікке қарсы тұру, екінші, Кеңес Одағымен дос болу, үшінші, барлық ұлт тең құқықты болу, төртінші, бейбітшілікті қорғау, бесінші, Шыңжаңда реформа жүргізу, алтыншы, парақорлыққа қарсы тұру сынды тармақтардан құралады. Сөйтіп, ол өзі дара билейтін, жеке патшалық құру мақсатына жету үшін тағы да Кеңес Одағын пайдаланбақ болды. Сондықтан Кеңес Одағына, Сталинге барынша жалбақтап, жалпауыштап көрді. Кеңес Одағымен дос болуды ерекше дәріптеп, коммунизмді үгіттей бастады. Кеңес Одағының тәжірибелерінен үйренуді уағыздады. Кеңес Одағынан ақылшылар алдырды. Қызметкерлер шақырды. Оларды маңызды-маңызды жұмыстарға тағайындады. Мәселен, 1935 жылы Кеңес Одағы жіберген әр ұлт большевиктерінен 25 кісі, яғни, Ваң ІПучиң, (бұрынғы аты Үй Шиюсұң) Ван Баушиян, Ван Шиянтиң, Жың Ийжүн, Жияң Ийу, У Димин, Қадыражы қатарлылар арт-артынан Шынжаңға жетіп барған. Және үкіметтің негізгі орындарындағы жұмыстарға жегілген»/1.
Шың Шысай бұл большевиктерді жайдан-жай, қызмет істеу мақсатымен ғана шақырмаған болатын. Кеңес Одағының Шыңжаңдағы консулы және әлгі қатардағы ілгерінді-кейінді ұсыныс етілген қызметкерлердің күшімен Сталиннің бұрынғы жақсылығының қарымжысын қайтару үшін жанын салып бақты. Сондықтан, ең алдымен әлгі қызметкерлердің күшімен, көмегімен Сталинге жақсы атанып, кезінде Кеңес Одағынан қашып шығып, Шынжаңды паналап жүргендерді қайтадан ұстап беруді науқан етіп жүргізді. Шың Шысайдың Кеңес Одағына жалбақтап, жарамсақтанғандығы жөнінде бір материалда былай деп жазылады: «1937 жылы шілдеде Шың Шысай Москваға барды. Кеңес Одағы коммунистік партиясына кіру рәсмияттарын өтеу үшін барды. Сталинмен кездесті. Сталин оған бес жұлдыз орденін тарту етті. Шың Шысай Кеңес Компартиясына мүше болды. Сонымен бірге Кеңес Одағынан бес миллион сәрі күміс қарыз алу, Құмылда Кеңес Одағының әскерін тұрғызу, Тұдың Хабадан құрыш қорытатын завод құру, Алтайдан асыл тас кенін, Қашқардан мыс кендерін ашу туралы Кеңес-Шыңжаң келісімдеріне қол қойылды»/2.
Міне, сөйтіп Кеңес Одағы сияқты үлкен империяның қолдауына ие болып алған Шың Шысай Шыңжаңға қайтып келгеннен кейін, яки шын ниеті, яки жалған бейнесі болсын, әйтеуір, Шынжаңды коммунизмге қарсылардан тазалау жұмысына белсене кірісе бастады. Бұл турасында Қытай жазбалары былай деп мәлімет береді: «Шың Шысай Кеңес Одағының троцкийшілдерге қарсы тұру қозғалысына сәйкесіп, Шыңжаңда қашып жүрген кейбір оппортунистер мен партияға қарсы троцкийшілдерге және Кеңес Одағына наразы болып, социализммен жауласып, қашып шыққан ақ орыс офицерлеріне, көшпенді қазақтардың ру басыларына, буржуазияшыл элементтерге, помещик, бай шаруа, мал иелеріне және басқа да ауқатты адамдарға саяси күнәлар тағып, жаппай тұтқынға алды. Бұлардың саны 800 адамнан асты. Осы адамдарды тергеу және осы істерді анықтау үшін Кеңес үкіметі Москвадан Смирнов, Яхуп, Ашым ажылардан құралған сот үйірмесін Шыңжаңға жіберді. Бұл құпия сот алқасы N-2 түрме ішінде жұмыс бастады. 1938 жылы күзде тергеу қызметі аяқталар кезінде Смирнов пен Яхуп екеуі күнәкарлардың мойындау қағаздарын алып, Кеңес Одағына қайтып кетті. Сол жылы қыста Ашым ажы Кеңес Одағы үкіметінің 108 күнәкарға өлім жазасын берсе болады» - деп шығарған үкімін Шың Шысайға жеткізді. Сонымен бұл іс Шың Шысайдың қайта қарап бекітуі арқылы сол жылы желтоқсанда құпия сот Ашым ажының бақылауы астында N-2 түрмеде Жаң Шиң, Пың Лияң, Қожанияз ажы, Хуаң Ханжаң, Ма Шияуу, Лан Яншу, Чернов қатарлы 108 адамға өлім жазасын берді. Бұлардың барлығы да дарға асылып өлтірілді. Шың Шысайдың ең сенімді жендеті Жаң Гуаңчиянның басқаруымен бұлардың сүйегі Үрімжі қаласының жанындағы Сай-У-Фу деген жердің батысындағы тауға апарып көмдірілді/3.
Жер иесі, мал иесі, саудагер қатарлы кілең ауқатты адамдарды тұтқынға алуда Шың Шысайдың Кеңес Одағына, Сталинге жағынудан тыс басқа да мақсаттары болғаны анық. Ол қоғамдағы атақты адамдарды, байларды амалын тауып тұтқынға алып, олардың мал-мүлкін тәркілеп, сол арқылы өз үстемдігін экономикалық жақтан нығайтуды ойластырған болатын. Мәселен, ол Құлжадағы Үсейін байды тұтқынға алып, мал-мүлкін тәркілеген кезде онын қамбасынан 27 бөшке алтын алған.
Міне, осылайша екі жақтылы есеп соққан Шың Шысай үкіметі 1937 жылға келгенде адам тұтқындауды тіпті де көбейте түсті. Деректі жазбалардың мәліметіне қарағанда, 1937 жылдың соңына дейін бүкіл Шыңжаң көлемінде тұтқынға алынғандардың саны мөлшермен 100 мың адамнан асқан. Бұл жөнінде былай деп жазылады: «Үрімжіде бұрын жасалған ду бан/4 мекемесі (өлкелік үкімет органы) ішіндегі түрмелер мен батыс қақпа ішіндегі түрмелерге адам сыймай, әуелі Ман Хуаң сарайы, Лию Вынлұң сарайы, сақшы басқармасының машина қоятын үйлері (гараждары) мен Уаң Ямияу бұтханасынық арт жағындағы қоралардың барлығы да абақты етіліп, кайта жасалды»/5.
Осы жөнінде тағы бір материалда мынадай мәліметтер келтіріледі: «Жан саны 70 мыңға толмайтын Үрімжінің өзінде ғана үлкенді-кішілі алты түрме бар еді. Бұл түрмелерге үш мыңнан артық адам сиятын. Шет аймақтардағы қоғам қауіпсіздік мекемелері абақтыларға адам сыймай жатыр деп зарлайтын. Тұрпан, Астана дегендер кішкене ғана қыстақ болса да сақшы мекемесінің Астанадағы бөлімшесінде сол кезде 200-ге таяу адам қамалған болатын»/6.
Абақтылардың осылайша көбеюімен бірге Шың Шысайдың сақшы органдарында қызмет істейтін адамдарының саны да еселеп арта түсті. Ол төңірегіне өз сойылын соғатын қарақшы, ұры, қара ниет, жауыз адамдарды топтап алды да, тұтқындарды солар арқылы басқарды. Осындай жұмысқа жегілген сақшы қызметкерлерінің саны турасында мынадай мәліметтерді келтіруге болады: «1936 жылға келгенде бұл мекеменің аты қоғам қауіпсіздік мекемесі болып өзгертілді. Аймақ аудандардан қоғам қауіпсіздік орындарын құрып, оларды күн санап кеңейтіп отырды. Тек Үрімжідегі сақшы басқармасының өзін ғана алып айтсақ, басқарма бастығының орынбасарлары ішінде жоғары шенді төрт адам бар еді. Санақ басқармасы, кабинет, шпиондар қосыны, сақшы қосыны болудан тысқары тағы да бес бөлім бар болатын. N-2 бөлім арнаулы шпиондар қызметін басқаруға міндетті болды. Сөйтіп, 1936 жылы Үрімжідегі қоғам қауіпсіздік басқармасында 260 кадр, 292 сақшы бар еді. Бүкіл өлке бойынша сақшы қызметкерлері 992 адам, сақшылар 2 мың 333 адам болды»/7.
Өлке бойынша қоғам қауіпсіздік мекемесінен тыс 9 аймақта, 80 ауданда 196 сақшы мекемелері құрылды. Бұл орындарда әр түрлі 5 мың дана мылтық, 100-ден артық тапанша болды.
1937 жылы Кеңес Одағы Бұхарин, Духачевский қатарлыларды тұтқынға алып, көзін жоғалтты. Сонымен бірге, қазына саласындағыларға және шетелде тұратын елшілеріне де тазалау жүргізді. Сталиннің бұл әрекеті Шың Шысай үшін де пайдалы болды. Ол көңіліне жақпаған адамдардың кейбіреуін шетел шпионы деп, кейбіреуін троцкийшіл деп, біреулерін үкіметке, Шың Шысайға қарсы шығып, қастандық жасамақшы деген сылтаулармен тұтқындауды көбейте түсті. Кеңес Одағының жоғары органдарына жеделхат жолдап, Шынжаңда құрылған құпия ұйым әшкере болғандығын, ол ұйымның троцкийшілдермен, Өзбекстан ұлтшылдарымен қарым-қатынасы болып, бұлар солардың ықпалы арқылы Жапониядан экономикалық көмек алып, Шыңжаңда әрекетін жүргізіп, Шыңжаң-Кеңес достығына бүліншілік салмақшы болып отырғанын хабарлады. Кей жерлерде үкіметке қарсы қарулы бүлік ұйымдастырушылар бар деп жар салды. Сондықтан «Халық арасындағы қару-жарақ түгел жиылып алынады. Жалғыз тал жез, жарты мырыш болса да үкіметке тапсырылады» - деп бұйрық түсірді. Осылайша, ел қолындағы ұршықтық қорғасынға дейін жиып алмақшы болды.
Шың Шысай үкіметінің бұлай байбалам салуының мәні бар еді. Бұл жөніндегі жоспары да күрделі болатын. Ол ең алдымен, ел ішіндегі атқа мінер, абыройы бар делінген адамдардың бірде-бірін қоймай көзін жоғалтуды ниет етті. Сонда бассыз қалған қара бұқара маған қарсы шыға алмайды деп есептеді. Тарихтан бергі Қытайдың кертартпа хан-патшаларынан қалған бұл әдісті ақыры Шың Шысай да Шыңжаңға әкеліп қолданды. Бірақ ел ішіндегі атқа мінерлерді түгел қамаққа алу үшін оған ерекше сылтау керек еді. Шың Шысай бұған мылтық жинау деген себепті тауып шықты. Және бұл оның үстіне басқа халықтан гөрі қазақ халқына тізе батырудың да амалы болып табылатын еді. Ата-бабасынан бері сахарада өсіп, мал және аңшылықпен шұғылданатын қазақ, моңғол халықтарында азды-көпті аң мылтықтары да жоқ емес болатын.
Сонымен, алғашында астыртын түрде ұрлап әкетіп, жасырын ұстап түрменін түбіне тығып жүрген әдісін енді дереу өзгертіп, бәрін ашыққа шығарды. Кімді қырына алса, соны әшкере ұстай бастады. Ол мейлі үкімет адамы болсын, мейлі басқа болсын, бай болсын, кедей болсын, әйтеуір өз үстемдігіне қатерлі, күдікті делінсе болды, ұстап әкеліп қамай берді.
Осы кезде тұтқынға алынған адамдар жөнінде бір материалда былай деп жазылады: «1937 жылы казанда Шың Шысай өз торын шеткі өңірлерге дейін жайып, Іленің уәлиі (губернаторы) Чын Дыли бастаған 100-ден артық адамды, Тарбағатай уәлиі Жияу Дышу бастаған 60-тан астам адамды, Құмыл уәлиі Шүн Шауюан бастаған 30 неше адамды, Үрімжі аймағындағы аудан бастықтарынан 20-дан артық адамды, Ақсу аймағының уәлиі Сали бастық 100 неше адамды, Қашқар аймағынын уәлиі Ван Шантиң, Хотан аймағының уәлиі Жың Ий-жүн бастаған әр ұлт, әр сала қайраткерлерінен 300-ден астам адамды тұтқындап, Үрімжіге алып келді»/8. Осы қатарда Шың Шысай Алтайдан бір жолда Жо Шыңхұй, Төлеуғазы, Шабдан, Сәлім, Қамбар, Найманғазы бастаған 30 неше адамды тұтқынға алды. 1938 жылы қыркүйекке келгенде үкіметке қарсы шықты деген желеумен Көктоғайдан қарақас елінің басшысы Қалел тәйжіні, оның артынан Алтай аймақтың әкімшілік мекемесінің бас хатшысы Мәнкейді ұстап әкетті.
1939 жылға келгенде (қазан айында) Шың Шысай моңғол, қазақ, қырғыз - үш ұлт құрылтайы деген сылтаумен Үрімжіге 300-ден аса өкіл шақырып жиын ашты. Бұл жиында ол барған өкілдерге ел қолында бар барлық мылтық, құралдарды түгел жиып беруді тапсырды. Елдеріне хат жазып, адам жіберіп, мылтық санын толық және түгел жазасыңдар, - деп қысымға алды. Соңынан әр аймаққа мылтық жию комиссиясын жіберіп, Үрімжіге бара алмай қалған ел басыларын аймақ орталықтарына шақырып жиып өткізді. Осы жылдың соңында Алтай қазақтарының діни жетекшісі Ақыт қажыны ұстап, қол-аяғын байлап, түрмеге әкетті де, кітаптарын жинап алып, құрандарын өртеп жіберді. Алтай аймағының орталығы Сарсүмбе қаласында ашылған жиын үстінде Қарақұл залың мен Өнерхан тәйжіні ел көзінше тұтқынға алып, құқай көрсетті.
Мылтық жию комиссиясы онан ары аудандарға түсіп, ел аралап үгіт жүргізді. Ел ішіне тыңшылар жіберіп, беделді адамдарды тізімге алып, түгел тұтқындады. Ел басына ауыр күн туды. Ер азаматқа сын кезең жетті.
Осы кезде, яғни, 1940 жылы бірінші ақпан күні Алтай аймағының Көктоғай ауданына қарасты ру басылары Есімхан, Ақтекелер бірлесіп, Қарабұлғын деген жерде Оқан деген зәңгінің үйінде қонып жатқан Көктоғай ауданынын әкімі Шүй Ерлиң бастаған мылтық жинау комиссиясының жеті адамын өлтіріп, мылтықтарын қолға түсірді. Ертеңінде Қалел тәйжінің ұлы Сайып өз аулында жүрген Сарноғай деген тыңшыны және оның қасындағы екі-үш шерікті өлтіріп қаруын алды. Сонымен, олардан алған он бір мылтық, ел ішінде бұрыннан жасырылып қалған екі мылтық, жиыны 13 мылтықпен қаруланып, қалың ел жиылып атқа мініп, қалғандары сойыл, шоқпар алып, Көктоғай қалашығына шабуыл жасады. Аудандық үкімет мекемесіне өрт қойды. Бірақ қаланы басып ала алмады. Көтерілісшілер Шіңгіл ауданындағы Ырысқан, Сүлеймендерге қосылып, екі аудан халқы бірігіп, Шың Шысай үкіметіне қарсы қарулы халықтық соғыс бастады.
Өр Алтайдан осылай бұрқ ете түскен халық қозғалысы Шың Шысай үкіметін қатты састырды. Сол жылы сәуірдін он бірінші жұлдызында Шың Шысай құрылтайға қатынасып жатқан үш ұлт өкілдерінен 80 адамды тұтқынға алды. Бұлардың ішінде Алтай аймағынан аймақтың губернаторы Шәріпхан төре және Бұқат бейсі бастаған 14 адам бар еді.
Көктоғай, Шіңгілде соғыс бастаған көтерілісшілер қосыны Шың Шысай армиясымен он неше рет қанды соғыс жүргізіп, тамыз айына жеткенде 1000-ға таяу қаруы бар зор қосын болып қалыптасты. Үкімет әскерін кез-келген жерде қынадай қырып, қатты жеңіліске ұшыратты. Шың Шысай үкіметіне көмекке жіберілген Кеңес Одағының Құмылдағы сегізінші полкінін дербес атты әскер батальоны да ештеңе өндіре алмады. Қазақты қылышпен шауып құртпақ болған батальон командирі қазақтар жағынан сойылға жығылып, жер құшты.
Қазақ көтерілісшілері алдында Шың Шысай үкіметі қатты мүсеуреді. Сегіз ай бойы қанша әскер, қанша қару-жарақ төксе де, қазақтар барған сайын күшейе түспесе әлсіреген жоқ. Қытай әскерлерінің әдісін әбден біліп алған соң оларды тіпті ойыншық құрлы да көрмеді. Полк-полкімен, батальон-батальонымен айдап әкеліп, қойша қоралап, иіріп келіп қырып отырды.
Халықтық көтерілісті қарулы күшпен жеңе алмайтынына көзі жеткен Шың Шысай үкіметі енді өкілдерін жіберіп, оларды келісім жасауға шақырды. Көтерілісшілердің бастығы Есімхан, Ырысхандар бір ауыздан: «Үрімжідегі қамаудағы адамдар түгел босатылсын. Көтеріліс жауапкершілігі кузалмасын. Сақшы мекемелері құрылмасын. Қаруымыз қолымызда болсын. Жергілікті жерлердегі үкімет бастықтары қазақтардан болсын. Дініміз аяқ асты етілмеспін. Алман-салық азайсын» - деген сияқты талаптар қойды.
1940 жылы қыркүйекке келгенде көтерілісшілер қосынының барған сайын ұлғайып, басқа аймақтарды қоса шарпуынан қорыққан Шың Шысай үкіметі ақыры олардың талабын мақұлдауға келісім берді. Қару-жарақты түгел жинап алудан тыс, басқа талаптарының бәрін де орындаймыз деп уәде етті. Алтайдан тұтқындалып, Үрімжіде абақтыда жатқан Шәріпхан, Мәнкей, Қабыл тәйжілерден басқа көп адамдар елге қайтарылды. Олардың көбіне мансап берілді. Бұқатты Алтай аймағының губернаторлығына, Жанымқанды оның орынбасарлығына тағайындады. Олардан басқа Сүгірбайүлы Дәлелханды Сарсүмбе ауданының әкімдігіне, Рахат Қалелұлын Көктоғай әкімінің орынбасарлығына, Шіңгілден Нәзір тәйжіні бажы мекемесінін бастықтығына, Қадірбайды Көктоғай сақшы мекемесі бастығының орынбасарлығына тағайындады.
Көтеріліс алғашқы ретте осындай жеңістерге жеткен болса да алдамшы Шың Шысай үкіметі өз уәдесінде тұрған жоқ. Халықтың қолындағы қаруды түгел жинап алып, көтеріліс жалынын сөндіргеннен кейін айтқан сөз, берген сертінен айнып алды. Қамауда қалғандарды босатпады. Ел ішінен қайтадан адам ұстап, халыққа қысым жасай бастады. Шіңгіл ауданының елін бастап шыққан ел басшысы, есіл ер Ырысханды қастандықпен, улы дәрі беріп өлтіріп, халықтың ашу-ызасын тағы қозғады.
Сонымен, 1941 жылы жазға келгенде үкіметтің алдамшылығына көзі жетіп, қаны қайнаған ел тағы да атқа мінуге мәжбүр болды. Көктоғай ауданынан Қалел тәйжі мен оның ұлы Рахат бастаған зор қосын қайтадан қару алып шепке аттанды. Тағы да жанкешті, сұрапыл шайқастар жасалды. Тағы да қазақтардың аруағы үстем шықты. Қу Ертіс, Бал Ертіс, Ышқынты өзенінің бойында Шың Шысай әскерлері қатты шығынға ұшырады. Қоршауда қалып, ерекше қиыншылыққа тап болды. Азық-түлік, ат-көліктен әбден тарықты. Үкіметтің өз әскерлеріне арнап әуеден тастаған оқ-дәрі, азық-түліктері оларға егескендей қазақ ауылдарына барып, солардың ауылының ортасына түсті. Ең соңында қамауда қалған қалың әскер басқа ешбір амал таба алмай, өздерін өзенге тастады. Сол кезде көзімен көрушілердің айтуына қарағанда, өзеннің беті қара-шобыр адам болып кеткен. Аздаған су ішері барлары өзенмен ағып барып, аяқ жақтан жағаға шыққаны болмаса, басым көпшілігі асау өзеннің адуын толқынына көміліп өлген. Тобынан бөлініп қалып, адасып, тоғай арасында қаңғып жүрген бірен-саран әскерлерді қойшылар көріп ауылға айдап әкелген. Алғашында айқұлақтанып, қазақты қырып салмақ болып, айдынданып келген Қытай әскерлерінің кейінгі күні осыған қалған.
Күзге қарсы Алтай тауын қалың қар басып қалады. Көтерілісшілер еріксіз ойға түсуге мәжбүр болады. Қатты аяз, қалың қарда ел күйзеліске түседі. Әсіресе, бала-шаға, ауру-сырқау көп қауымға қиын бола береді. Халықты бір жағынан үкімет әскері қысса, енді бір жағынан табиғи апат та қыса түседі. Осы кезде Шың Шысай үкіметі Жанымханды жіберіп, елді тағы да келісімге шақырады. Ол: «Сендерге үкімет тиіспейді. Кек алмайды» - деп құран ұстап ант ішіп, көтерілісшілердің бастықтарын Сарсүмбе қаласына барып, генерал Чиң Зұңжүн дейтін Шың Шысайдың қайын атасымен бет көрісіп, кеңес өткізуге шақырды. Чиң Зұңжүң оларды онан ары Шың Шысай шақырып жатыр деп аэропланмен Үрімжіге алып барды. Сөйтіп, бұл жолы тағы да алдауға түскен аңқау қазақтан Қалел, Рахат, Шари, Есімхан, Нәзір, Зейнел, Нақыштай, Кәріпбай, Құмар, Қалым, Қақыш қатарлы 16 адам Үрімжіге барып, аэропланнан түсе сала қайтадан тұтқынға алынды.
Қазақ елімен әбден өштесіп алған Шың Шысай 1941 жылдың соңына таяған кезде Алтайдағы ел басыларын тағы да тұтқынға ала бастады. Кейбіреулерді жиын деп шақырып алып, кейбіреулерді мәслихат деген атпен алдап апарып, барған жерінде қамаққа алды. Кейбіреулерді үйіне басып кіріп, түн ішінде ұрлап әкетті.
Осындай кезде, яғни, 1941 жылы қазанның оныншы жұлдызында Алтай сақшы мекемесі Бұқат бейсімен бірге Сүгірбайұлы Дәлелханды да тұтқындап, Үрімжіге жөнелтуді жоспарлайды. Бірақ сол күні түнде Дәлелхан жоғалып кетеді. Мінген аты Қыран өзенінің бойындағы қара көпірде байлаулы қалады. Кейін мәлім болуынша Кеңес үкіметінін Алтайда тұрған консулы оны жасырын шақырып алып «Кеңес үкіметі сенің Кеңес Одағына барып, білім алып, тәрбиеленіп қайтуыңды ұйғарды»,- деп ұқтырып, сол күні түнделетіп машинамен Жеменей шекарасынан өткізіп жібереді. Дәлелхан Кеңес Одағына келгеннен соң марксизм-ленинизм негізінде және төңкерістік теория үстінде арнаулы адамдар арқылы қазақ тілінде сабақ тыңдап, коммунистік тәрбие қабылдайды.
Басшы адамдарының көзін түгел жоғалтып, онан қалғандарын да жайпап тұтқындай бастаған Шың Шысай үкіметі енді көтеріліске қатынасқан жай бұқараға да ауыз сала бастайды. Олардың қыр соңына түсіп, қуғындауын үдете береді. Қару-жарақты тұтас тапсыруға зорлайды. Қару жоқ дегендерге мүлде себестік танытып, қысымға алуын бұрынғыдан да күшейте түседі.
Осы кезде молқы руынан Әбдірақман зәңгі, Оспан Сіләмұлы қатарлы алты-жеті адам қаруларын тапсырмай, тауға қашып шығып кетеді. Кейін ойға түсіп, қыс бойы Құбының құмын қыстап шығады. Ел ішінде жүріп үкіметтен қысым көріп, басына күн туғандар бірен-сарандап қашып барып оларға қосыла береді де, ел жайлауға көшер алдында олардың саны 40-қа жетеді.
Үкіметтің өмір-пәрменіне бағынбай, ашық қарсыласуға белдерін бекем буған осы бір топ адамды үкімет жағы да елеп-ескермей тұра алмайды. Оларды тағы да алдап қолға түсіру үшін ел ішіндегі беделді адамдардан Мәмила, Уатқандарды өкіл етіп жіберіп, оларды үгіттеп бағындырмақшы болады. Бірақ олар көнбей, жіберген өкілдерінің аттарын аударып алып, өздерін жаяу айдап жолға салады.
1942 жылдың бас шеніне келгенде Шың Шысай үкіметі Бүрбіжап дейтін жергілікті моңғолдың басқаруына 200-дей әскер беріп, Оспанның адамдарын бір-ақ құртып, жоғалтып жібермек болады. Бірақ Оспан Алтай тауының жер сырына қанықтығы себепті оларды маңайына жолатпайды. Қалай қуғындап, ізіне түсіп, қыр сонынан қалмай шапқыласа да оларға маң қарасын көрсетпейді. Оның есесіне әр рет айналып соғып, қапы жерден тиісіп, өздерін шығындатып кетіп отырады.
Үкімет жағы Оспанға тағы да қайталай Әділхан би, Салық тәйжілерді жіберіп, өздіктерінен бағынып, келісімге келуді тапсырады. Осы жолы Әбдірақман, Қапас қатарлы 13 адам үкіметке бағынуға келісім береді де, Оспан және оның ұлы Шертиман, онан басқа Келес, Сүлеймен қатарлы бір топ адам бағынбай кетеді.
Осы кеткеннен бастап Оспанның атақ-абыройы арта береді. Оның жау жүрек батырлығына, көрегендігіне көзі жеткен халық жұртшылығы оған тілеулес болады. Гоминдаң үкіметінен қорлық-зорлық көріп жүргендер, басына қауіп төнген азаматтар, үкіметтен қалай кек алуды білмей қысытып жүргендерден Тескенбай, Сұлубай қатарлы батырлар қосылып, Оспанның қосыны барған сайын көбейіп, аты шыға бастайды.
Достарыңызбен бөлісу: |