Алтайдың күрес үстіндегі тарихи уақиғаларынан шолу
6 сентябрьдің жеңісі кездейсоқ мәселе емес. Өзінің тарихи себептері бар. Оның майданға келіп шыққан қайнар көзін қысқаша шолып айтуға тура келеді. Бұрынғы өткен ата-бабаларымыз өз ұрпақтарының еркін өсіп, бақытты өмір кешуі үшін талай тар жол, тайғақ кешулерде қанды күрестер жасап келді. Оның бәрін теріп айтпасақ та, мысал үшін кейінгі кезде еліміздің басынан өткен уақиғаларға біраз тоқталып өтелік.
1864 жылы бүкіл өлке бойы Шығыс Түркістан халқы азаттық күреске аттанды. Отан мен ұрпақтарының келешегі үшін Қытай отаршылдарының қара әкімшілігіне қарсы шапты. Отанымызды өрмекшінің торындай шырмаған бұғауын үзуге бел байлады. Азаттық ұранын салды. Бұл жорыққа Шығыс Түркістанды мекендейтін қазақ халқы да, оның ішінде, атап айтқанда, Алтай халқы да қандас, Отандас туыстарымен бірге ұлт азаттық жолында асқан ерлік пен тамаша жауынгерліктерін көрсете білді.
Ол тұста Алтай, Тарбағатай қанаттас бір аймақ болып, орталығы Шәуешекте тұрған кез еді. Көтеріліс бастала салысымен-ақ Шәуешек қаласы қытай қысымынан азат етілді. Бірақ, қытай патшасының мәнсабына ар-намысын сатқандардың халық жазаларынан құтылуы қиын болды. Мысалы, айталық, патшаға сойыл соғар болып ұлт пайдасын бас пайдасына сатқандардың бірі монғол ұлтының ішінен шыққан Шаған кеген еді. Ол монғол халқының діни басшысы болу орнын пайдаланып, өзіне қарасты Өліт елін құрап, Қытайдың отаршыл әскерлеріне барып қосылып, Шәуешекке шабуыл жасады. Оған қарсы Қабанбайдың немересі Әділбек және Тоқыр батырлар бастаған Қабанбайдың туын көтерген қазақ қолы Шаған кеген бастаған жауды Тарбағатайдың бөктерінде талқан қылып жеңді. Сол жолы ұрыс майданы күні бүгінге дейін «Кәпір қашқан» деп аталады екен. Халық жырларында:
Қара бура, Күйгентам,
Ақ пен көкті киген там.
Сүйгенімен жүрген там,
Тәңірі өзіне тиген там,
– деген сөздер сол кездегі халықтың еркін өмірінің анық бейнесін айқын көрсетеді.
Тарбағатайдағы соғыста дүнген ұлтынан Бор дейтін батыр шығып, аса қайрат көрсеткен. Сондықтан, Тарбағатай соғысын халық Бор батыр соғысы деп те атайды. Бұл көтеріліс оңтүстіктегі бүкіл өлке бойы қанат жайып, Жақыпбек көтерілісіне барып ұштасып, ұлт азаттық күресіне айналды. Сонан кейін Қытай патшасы Шығыс Түркістан халқының ұлт азаттық жолындағы көтерілісін басу үшін қалың әскер аттандырып, оңтүстік пен солтүстіктің бәрінде қанды қырғын салды.
Тарбағатайда болған Отан қорғау соғыстарында Бұрымбет қабақ, Сайболат, Құрман қажы, Шотай, Тойеке және Жантүкеш батырлар жауды топалаң тигендей топырлатқан, олардың екпініне шыдамай қытай шеріктері 1866 жылы Үрімжі, Құтыби, Манас, Шонжыдан аса қашқан.
Тарбағатайда қанды күрес жүріп жатқан кезде Құтыби, Санжы, Манас қатарлы жерден бөлініп шыққан, аяғын қызыл шүберекпен ораған бір бөлім «қызыл аяқ» атанған қытай шеріктері біздің Отанымыз Алтайға келген. Оларды Алтай халқы басында мейман достық түрімен ат, азық беріп Сырт монғолға өтіп кетуін талап еткен. Бірақ, қытай шеріктері Алтай халқын алдап ат, азық алып, артынан жаушылық еткен. Сонымен жергілікті халық пен қара әкімдер ортасында қанды соғыстар басталды. Алтай халқы кір жуып, кіндік кескен ата мекенін қара әкімдерге бермеу үшін аяусыз күрестер жасады. Керейден шыққан халық қамқоры Көпеш, Жәркен, Шұлғаубай, Тіргембай батырлар мен Далай мергендер ата дәстүрін ұстап, оққа төсін төсеп, Жәнібек батырдың туын көтеріп, қара әкімдерге қарсы төтеп беріп, елін қорғады. Сол соғыста талай құрбандар да берілді. Мәселен, Көпеш батырдың баласы Қарымбек, Құйқалақ, Бәтеген және Балапан батырлар оққа ұшты. Алтай халқы бұны «қызыл аяқ жаушылығы» деп атайды. Қызыл аяқ соғысында керей елі басым күш шығарып қытай шеріктерін қырып салды. Жәдік Далай мергеннің: «Атым – Далай, атуым қалай?» – деп өз ерлігіне сүйсінген сөзі күні бүгінге дейін халық аузында аңыз болып қалды.
Алтай халқының батыр ұлдары соғыста жауды жеңіп жерін, Отанын аман сақтап қалса да, Шаған кегеннің айлакерлік алдауына түсіп, ақырында қытай патшалығына бағынышты болды. Оның себебіне келсек, 1864 жылы Шаған Кеген Тарбағатай бөктерінде Әділбек батыр бастаған қазақ қолынан жеңіліп, Орқашарды аса қашып, сол бетінде Алтай шекарасына өтеді. Қытай патшасына сатылған Шаған кеген Алтай халқының момындығын пайдаланып «мен патшаның жіберген елшісімін, сіздерге патшаның жаны ашиды. Қызыл аяқтар мен Алтай халқын татуластыру үшін келдім» – деп, өтірік қамқорсып, алдамшылықпен Керей мен қара әкімдер ортасындағы жаушылықты тоқтатып, қара әкімнің қалған шеріктеріне арқа сүйеп, бірнеше жыл Алтайда тұрады. Сол тұрған кезінде жасырын түрде тыңшылық жолмен Алтай халқының барлық сыр-сипатын әбден ұғынып алады да, Тарбағатайға қайтып барып қытайдың отаршыл ұлықтарына мәлімет беріп, Бейжинге барып нұсқау алып, Алтайды отарлау мен халқын бағындыру жолында зор жоспар құрады.
Ол 1873 жылдың мөлшері болып Шаған кеген сияқты ұлт пайдасын бас пайдасына айырбастаған мансаптыларды пайдалана отырып, қытай патшалығы Тарбағатайды қайтадан өз иелігіне алған кезі еді. 1877 жылға жеткенде оңтүстіктегі «бай дәулет» атанған Жақыпбек үкіметі де ыдырап, Шығыс Түркістанның барлық жерлерінде қытай билігі қайта күшейеді.
Сөйтіп Тарбағатайда Қытай патшалығының үкімі толық жүргеннен кейін 1878 жыл мөлшерінде Тарбағатайда тұратын «Ши амбы» (губернатор) деген қытай ұлығы көп әскер қосып Шаған кеген мен Жұн ғалдай дегенді Алтай халқын бағындырып, отарлауға жіберді.
Шаған кеген Жұн ғалдайды Қабаға қойып, өзі Сарсүмбеде болып, патша үкіметінің тапсырмасын өте айлакерлікпен орындайды. Ел ішіне іріткі салып, Алтай халқын әдеттен тыс қанап отырады. Содан кейін Алтай елін екіге бөліп, жарымын Қобдаға, жарымын Тарбағатайға қаратып әлсіретеді. Қара әкімдерден қалған Қытай шеріктерін Тұлытыға орналастырып, жергілікті халықтың егістік жерін тартып әперіп, оларды ұйысқан түрде қоржаға айналдырады. Алтай халқынан жылына неше мыңдаған қой, жылқы, жүздеген түйе, сиыр, сан кесектеген ақ кигіз алман алды. Ылау сойысы дегенде есеп жоқ. Халықты адамгершілік құқықтан мүлдем шектейді. Жазғы жайлауы Ушілік болып, ол жерде тастан қорған салып, жыл сайын Алтайдың барлық сайгүлік аттарын сол қорғанға сыйғанынша қамап, патшаға берілетін «сар ноқтаның аты» деп жинап алды. Оған да қанағаттанбай, елдің өзіне қарсы шыққан басты адамдарын тежеп ұстау саясатын қолданады. Көпеш батыр, Жуанған бітімші, Жәңгір төре, Жылқышы сияқты халық қамқорларынан: патшаға жазалы болдың деп, өтірік жала жауып, күнәңді кешірім еткен мархабатым үшін құндарың деп бір түрінен мыңнан ат алады. Қысқасы, Алтайды қытай отаршылдарының басыбайлы жері етіп беру жөнінде Шаған Кеген қолданбаған тәсіл қалмады.
Көтерілістен су жүрек болған қытайдың патша үкіметі 1888 жылы Шығыс Түркістан қалаларында бекініс, қамал (жамбыл) салуға бұйырады. Осы қамал салыну үшін Шәуешектегі «амбы» (губернатор) жамбыл жұмысына Алтайдан 500 адам сұрайды. Одан Алтай халқы бас тартады. Содан кейін Алтай басшыларынан Оспан, Мәми, Өміртай, Байпақтарды қатты қысым көрсетіп, жазалайды. Тіпті, Оспанға басына айдар тағып, темір ноқта кигізеді. Сонда да мізбақпайды. Ақыры адам бермеген соң мал алуға тоқтайды.
Алтай халқының мұндай ерлігінен сескенген патша үкіметі 1890 жыл мөлшерінде шекара қарауылы атымен Жеменейге әскер түсіреді. Сөйтіп, ақырында, Қытайдың патша үкіметі түрлі әдістермен құлдық шығырын Алтай халқының мойнына мықтап кигізеді.
Алайда, Алтай халқының Қытай патшалығына қарсылығы онымен аяқтамайды. Түрлі жақтан өз тәуелсіздігін алу шарасын іздейді. Сонымен, 1904 жылы халық қамқорларының ізденуімен Алтай халқы әкімшілік және саяси жағынан бірлесіп Бейжиңге төте бағынатын ерекше аймақ болып белгіленеді. Бейжиңнен «Шыңсәй» (патша уәкілі) деген ұлық келіп Алтай елін билейді. Бірақ халықтың күткен арманы орындалмай, бұл келген ұлық Алтай халқын бұрынғыдан ары қатаң ұстайды. Алтайда тұратын әскер санын молайтып, Иң У Шу деген әскери орын құрады. Алман-ажын, лау, сойыс деген тіпті көбейіп, халықта қомды түйе, жалды ат қалмайды.
Кейін келе Алтайға көршілес отырған Монғол халқының ұлт азаттық төңкерісі майданға қойылып, жеңіске ие бола бастаған кезде, соның әсері Алтайға да тиіп кетіп жүрмесін деп қорыққан қытай отаршылдары Алтай аймағын 1918 жылы Үрімжідегі Шығыс Түркістан өлкесін билеуші Жаңжұңның темір құрсауына кіргізіп, құлдықтың торымен шырмайды. Содан кейін 1920 жылы Алтай жерін хуға (қытайша жер өлшемі) жазып, тұнық сулы, шүйгін, шаппалы, шұрайлы егістік далаларымыздың бәрін дерлік тартып алып, қытай отаршылдарын қоныстандырды. Алманнан бас алдырмады, елдің титығына жетті. Малды қойып, адамға ауыз салды.
1931 жылдарға жеткенде қытай отаршылдарының өктемдігі бүкіл Шығыс Түркістан өлкесінің барлық жерлерінде адам шыдап тұра алмастық дәрежеге жетіп, асқынды. Содан кейін 1931 жылы Құмыл дихандарының Қытайдың қара әкімшілігіне қарсы құр жұдырықпен майданға аттанған көтерілісі басталды. Азаттық ұран салды. Бұны бүкіл өлке халқы қолдады. Соның нәтижесінде 1933 жылы 12 апрель күні өлкеміздегі Жин Шурннің қара әкімшілігі құлады.
Бұл жолғы ұлт азаттық күресте Алтай халқы да өздерінің туысқандарынан қалысқан жоқ. Шәріпхан басшылығында Құмыл диқандарының көтерілісіне үн қосып, 1933 жылдың март айынан бастап көтеріліске шықты. Шәріпхан басшылығындағы Алтай көтерілісі не бәрі 15 күн ішінде бүкіл аймақ бойына қанат жайып, Алтайдың жеті ауданының бәрінде ұрыс болды. Қара әкімшілікке қарсы көптен зығырданы қайнап келген Алтай халқы тез ұйымдасты. Бір ай мөлшерінде Алтайдан Ұйжүңгоны айдап шығып, қара әкімшіліктің ғасырлар бойы аймағымызды торлаған құлдық шынжырының тас-талқаны шықты.
Ол кезде Қытай кертартпаларының Алтайдағы қазығы суырылып, халы кеткенін көрген соң мұсылман шапанын киіп, сәлдесін ораған жапоншыл Машып, Махиың сияқты ұлт дұшпандары келіп Алтай халқын тағы да әбігерлікке салмақ болды. Бірақ, Алтай халқы оған алданған жоқ. Шәріпхан сынды шебер жолбасшының көреген қырағылығы арқасында дос пен дұшпанын тез айырып алды. Соның нәтижесінде 1933 жылы сентябрь айларында жиянгерлік бағытпен жапонға сатылған Машып, Махиыңдарды айдап салып кіршіксіз Отанымыз Алтайды өз қолымызға алдық.
Үрімжіде Жин Шурын үкіметі, Алтайда Ұйжүңго үкіметі құлағаннан кейін Шығыс Түркістанның барлық жерлерінде өзгеріс болды. Жаңа үкімет құрылды. Оның басына алдамшы Шың Шысай келді. Ол басында берген уәдесі бойынша аз жыл халықшылдық жол қолданды. Кейін келе Шың Шысай сертінен тайып, уағдасына опасыздық істеді. Фашистікке негізделген сән мин жуидың (үш мұрат) барып тұрған кертартпа жолына түсті. Барлығымызды қытайластыруға кірісті. Ол тұста баста билік, малда ерік қалмады. Атты, шапты. Өз білгенін істеді, талай сарбаздарымызды өлтірді.
Сол қатарда ең алдымен Алтайдан Халел тайжі, Мәнкей сияқты ел қамқорларын жазықсыз тұтқынға алды. Құрылтай ашамын деген өтірік амалмен 1939-жылы Шәріпхан бастатқан халқымыздың игі жақсы адамдарын Үрімжіге шақырып, көбін қамаққа алып, еліне қайтармады. Бұл жерде қалған бастыларынан ...анбай (бірінші адамның аты толық оқылмады), Байқадам, Ақыт қажы, Қарағұл зәлің сияқты ақылгөй кәрияларды да аман қоймай Сарсүмбе түрмесіне салды. Оның үстіне Ақыт қажының мешітін өртеп, құран кітаптарын аяқ астына басып, шашты. Аймақтық, аудандық Жыңсажүй (барлау мекемесі) түрмелері Алтайдың бейуаз, момын бұқараларымен лық толды. Өтірік-өсек көбейді. Түрмедегілерге қинау көрсетіп, нақақтан жала жауып, еріксіз түрде бірін-біріне тартқызды. Аса қауіпті күн туды. Ел күңіренді, жұрт шайқалды. Ақыры Алтай халқы: қарап тұрғанмен бос өлім, онан да қарманып өлелік – деген түйінге келіп, құр жұдырықпен қара әкімшілікке қарсы аттанды.
1940 жылы 2 июль күні Алтайдың күнгей бетінен төңкеріс дауылы шықты.
Қытай отаршылдары басында төңкерісті құрал күшімен баспақ болып жаңа заман техникасымен құралданған қалың шеріктерін айдап салды. Соғысқа зеңбірек, минамет, ауыр пулемет, тіпті танкі, айрыпылан сияқты ауыр құралдарын қатынастырды. Онымен төтеп бере алмады. Алтайдың халық партизандары барған сайын күшейді. Басында сойыл, шоқпар, балта алып жүрген партизандар кейін келе Қытай шеріктерінен тартып алған құрал-жабдықпен қаруланды. «Қытай тасқа атады, біз басқа атамыз», – деп ұран салды. Біздің жауынгерлер қара әкімшіліктің түп тамырын солқылдатып, миын аузына түсіруге айналды. Жан алқымға келген соң қара әкімшілік халық тілегін орындамақ болып, жазықсыз тұтқындардың бәрін босатуға уағда берді. Бұқат бейсі, Қалел тайжыларды босатып, елге жіберіп, бейсіні губернатор етіп сайлап, оның қасына халық жауы Жанымқанды орынбасар етіп бақылауға қойды. Сонымен төңкеріс дауылы біраз уақыт бәсеңсіді. Артынан халық Қытай кертартпаларының алдағанын түсініп, 41-жылы төңкерісті қайта бастады. Шың Шысайға қойған халық тілектері орындалмай тұрып және түрмеде қалған адамдары түгел шықпай тұрып соғысты тоқтатпайтындығын жариялады. Қытай кертартпалары Алтай халқының көтерілісін құрал күшімен басуға шамасы келмейтінін анық білген соң, тағы әдіс қолданып құдай, құран деген сөзді суша сіміретін халық жауы, алдамшы Жанымқанды жіберіп сөз салды.
Жанымқан халықты алдап ант су ішіп, айтқандарыңның бәрін орындатып беремін деп сендірді. Қалел қажы басты 12 адамды Сарсүмбеге ертіп келді. Содан кейін Қытай кертартпалары уақытша пайдаланбақ болған Бұқат бейсі, Жанымқан сияқты айтқанымызды істеп бермеді деп мүлде жоғалту мақсатымен Қалел бастатқан 12 адамды айырпыланмен Үрімжіге алып кетті.
Халық біраз уақыт Жанымқанның құдай, құран деген сөзінен бір нәрсе шығама деп үміттеніп еді, одан жылыт жоқ болған соң 42-жылы 3 рет көтеріліске аттанды. Бұл жолы енді қандай тар жол, тайғақ кезеңдерге душар болсақ та ең ақырғы азаттығымызды қолға алмай тынбаймыз деген сенім байлады. Сонымен 1943-1944 жылға жеткенде Алтайдың күн бетіндегі төңкеріс дауылы үдере соқты да, мұқым өлкеге қанат жайды. Ол кезде ең ақырғы нәтижені қолға келтіруге біраз бөгет болған іс – Оспанның ел тонаған бандылық әрекетінің халық көңілін қалдыра бергендігінен еді.
Мен сол уақытта Оспанның қасында болып, біздің түпкі мақсатымызды оған қанша айтып түсіндіріп, бұлаңшылық істің зиянды екенін ұғындырсам да, Оспан бет көргенде мақұл деп қойып, артынан өз сөзімен болып қойды. Малды көргенде қасқырдың көзі тұнып кеткендей, малды көргенде алды-артына қарамай бейуаз елді тонап жүрді. Сонда Оспанмен неше рет сөзге келісіп, қатты шара қолданбақ болсам да, өз ішімізден алалық туылып, күш бөлінбесін деп сабырлық еттім. Ақыры Оспан сол арам ниетінен қайтпады. Күні бүгінге шейін халыққа зиян жеткізіп, бандылық істеп келеді.
1940 жылы басталған Алтай төңкерісіне ең алдымен Іле халқы үн қосты. Сонымен 1944 жылы 12 ноябрьде Іле аймағының Нылқы ауданында Акбар, Ғани, Фатих батырлардың басшылығында қара әкімшілікке қарсы қанды күрес басталды. Төңкеріс дауылының екпіні аса күшті келіп, қара әкімшілік төтеп бере алмады. Қытай кертартпаларының қалың шеріктері қарақұртша қаптап, Іле төңкерісін құрал күшімен баспақ болып жан таласса да, онысы еш нәрсеге тұрмады. Ақыры халық төңкерісінің алып күші Іледен қара әкімшілікті құлатты. Содан кейін Іле мен Алтай халқы тығыз байланысып, күшіне күш қосылды да, енді Тарбағатайды азат етуге екі жағы бірдей аттаныс жасады. 1945 жылы август айларында Сауыр жеріндегі бір бөлім партизандар барып Тарбағатайдан Қырықошақты босатып, Дөрбілжінге қарай аттанғанда, ар жағынан Іле партизандары келіп Дөрбілжінді босатып, 31 август күні Тарбағатай түгел азат болды. Жеменейден барған Алтай партизандары Іле, Тарбағатай партизандарына қосылды. Содан кейін барлығы бірігіп алып жыл бойы тер төккен Алтайдың орталығы Сарсүмбеге аттаныс жасады. Жолда Қобық, Буыршын қатарлы жерлерде қытай шеріктері тосып атыс етсе де, төтеп бере алмай тас-талқаны шықты. Сонымен Іледегі туысқандардан келген бұл күш 5 сентябрь күні Сарсүмбе ауданының Шеміршек, Сайыр қатарлы жеріне келіп жетіп бізбен ұшырасып, толық план құрып, 6-сентябрь күні Сарсүмбе қаласына кіріп, ай жұлдызды ақ ту тіктік. Сондықтан бұл күн Алтай халқының жеңіс күні болып белгіленді. Ал Сарсүмбе маңайында болған ұрыс 1 сентябрьден басталып, 12 сентябрге шейін созылды. Осы 12 күндік соғыста қытай шеріктері қатты жеңілді. Бізге қара әкімшіліктің 1634 әскері, 152 әскер бастығы - командир, дивизия генаралы Уансыжаң, генерал губернатор Гаубайю және бір неше полковник қолға түсті. 1436 мылтық, 25 ауыр пулемет, 23 қол пулемет, 46 жең мылтық, тапанша, 300 мың оқ, 3 радио, 700 ат, 113 түйе, 193 өгіз олжаға алынды. Қысқасы, 45-жылы 3 аймақ қара әкімшіліктен түгелдей тазартылды. Халықшыл үкімет құрылды.
Біздің әскерлеріміз сол жылғы күзде қытай кертартпаларының неше жылдар бойы қор төккен Жың, Шиху, Сауан сияқты стратегиялық бекініс орындарын талқандап Манас босағасына барып жетті. Содан кейін қытай жақтың сұрауы бойынша 11 тармақты тыныштық бітім жасалды. Күні бүгінге шейін сол 11 тармақты тыныштық бітім үстінде келеміз. Біз өз жағымыздан орындауға тиісті бітім шарттарын түгел орындап келсек те, бірақ қытай жағы оны үнемі бұзып келеді.
Бұдан басқаны былай қойғанда тек Үрімжідегі қара әкімшіліктің қалдығы кертартпалардың Оспан, Қалибектерге нұсқау және көмек беріп бейбіт жатқан Алтай, Тарбағатай халқының тыныштығын бұзып, бұлаңшылық еттіріп отырған қылықтары толық дәлел бола алады.
Ілеге барып қайту сапарынан мәлімет
Біздің Іле, Тарбағатай, Алтай аймағы азат болғалы 3 жылдан асты. Солай болса да шаруашылық, мәдениет, оқу-ағарту, саясат, құрылыс және түрлі жұртшылық істерін бір беткей дамытып, ілгері бастыру жөнінде 3 аймақтың өзара толықтанған пікір алу жиналысы өткізілмей келді. Мұндай кеңестің өткізілмеуіне, әсіресе, Үрімжідегі кертартпалардың айтағына ерген Оспан, Қалибектер себеп болып, халық арасына тынышсыздық туғызып, бөгет жасап келген болатын.
Әрине, үш аймақ халқының шаруашылық, мәдениет, оқу-ағарту, саясат, құрылыс және түрлі жұртшылық істерінің бір беткей даңғыл жолға түсіп дамуы үшін бір толық кеңестің болуы өте қажет еді. Сол кеңесті ашуға тек осы жылы июль айының аяғында ғана мүмкіндік туды. Бұл мүмкіндікті біз халқымыздың болаттай берік ынтымағы мен ұлттар армиясының халық тыныштығын қорғап, бейбіт тұрмыс кешуге жағдай тудыруы арқасында қол жеткіздік. Сонымен қатар халықшыл басшымыз Ахметжан Қасыми мырзаның соңғы кездегі бүкіл өлке бойынша әр аймақтарға барып, халық тұрмысын өз көзімен көріп, халық жағдайын толық зерттеп қайтуы және барған жерлеріндегі саналы адамдармен болған кеңестің қорытындысы осы жолғы Құлжада болған ұлы кеңесті ашуға өте қажет екендігін белгіледі.
Сонымен басшыларымыздың шақыртуы бойынша осы жылы 24 июльде жолдастарымызбен Құлжаға бет алып, сапарға шықтық. Бүкіл өлкеміздің, әсіресе, азат болған үш аймақ халқының мәдениет шаруашылығы мен шынайы бұқарашылдық саясатының кіндігі, яғни, ұлт-азаттық төңкерісіміздің қайнар көзі болып отырған Құлжа қаласын бір көруге бұрыннан да асық едік. Бірақ жоғарыда түрлі себептер мен күнделікті қызмет жауапкерлігінің үстінде болғандықтан, бұл мақсатымыз уақытша орындалмай келген еді.
Алайда осы жолы Құлжада ашылмақ ұлы кеңесіміз осы мақсатты орындаудың бірден-бір себепкері болды-дағы, ол жердегі тілектес туған-туысқандарымызбен жамыраса қол беріп дидарласудың сәтін туғызды. Құлжаға кетіп бара жатқан сапар үстіндегі жүрегіміздің қуанышы ішімізге симай құмарлана тасыды. Жолшыбай бара жатып Құлжадағы мақсаттас озат бауырластарымызбен бет көрісіп, амандасумен қабат, қайтып келгенде елімізге үлгі боларлық әрбір істерінен өрнек алып қайтамыз деген күшті сенімге ие болдық.
25 июль күні көршілес Тарбағатай аймағының Қобық ауданындағы 14 сұм (аудан) торғауыт елінің – Шың уаңның өргесіне барып қондық. Ол жерде Балжын уаң меймандостық көрсетіп, қонағасы беріп, бізді қарсы алу жөнінде мәжіліс ашып, мәжіліс үстінде Балжын уаң: Алтай, Тарбағатай халқының, оның ішінде, монғол, қазақ халқының өте жақын достас, көптен дәмдес халық екендігін айта келіп, Қобық халқының туыстық сәлемін жолдады. Және өздерінің тұрмысы үстіндегі ахуалының бір мұншасын айтып, Құлжаға барғанда жоғарғы жолбасшыларымыздың алдына қойып, шешіп беруге өтініш етті.
26 июльде ертемен Қобықтан шығып Дөрбілжінге қарай бет алдық. Жолда көршілес Тарбағатай аймағының бастығы Басбай ағайға және Тарбағатайдағы әрбір туысқандарға сәлем беріп отыруды мақұл көрдік. Өйткені, Тарбағатай аймағының бастығы Басбай ағай басшылығындағы Тарбағатай халқы өткен жылы Оспан бандыларының Алтайда болған қанды жорығында Алтай халқына жақыннан жәрдемде болып, Оспан бандыларын Алтай шекарасынан айдап салуға ерекше көмек көрсеткен қайырымды бауырластарымыз. Сондықтан біз олардың туыстық жәрдемін әрқашанда ұмытпауға тиіспіз. Сонымен Дөрбілжін қаласына барып жетіп енді Шәуешекке қарай аттанамыз ба деп тұрғанда Басбай ағадан хабар алдық. Ол кісі де тиісті жолдастарымен Құлжаға қарай сапар шегіп, жолға шыққан екен. Дөрбілжінде бет көрісіп сәлемдестік. Содан кейін Басбай ағай бастатқан Тарбағатай елінің уәкілдері болып барлығымыз бірлікте тура Құлжаға қарай жол тарттық.
27-күні Қоңыроба сазындағы Қызыр үкірдайдың ауылына қонып, 28-күні Кеңсайдағы Әнуар әпендінің (мырза) үйінде болып, 29-күні Құлжа қаласына барып кірдік. Бұл жолғы 6 күндік сапарымыз өте көңілді болғандықтан, әрқайсымыз, тіпті, жолдың алыстық жапасын да сезбей қалыппыз. Біздің алыс жерден келуімізді қарсы алып халық қаһарманы Әбдіғани батыр мен Фатих батыр, өлкелік үкімет мүшесі Әбдікәрім Аббасов, ұлттық армияның орынбасар қолбасшысы полковник Зұнын Тайыпов пен Хакімбек қожа бастатқан, әрбір аймақтық мекеме жетекшілері, діни ғұламалар, жұртшылық, қоғам бастықтары және ұлттық армия сабындағы бір қанша жауынгер-офицерлер болып Баяндай қыстағында біздің келуімізді тосып тұр екен. Біз келісімен-ақ әсем күйге салып, музыка дауысымен құрмет білгізіп, өте салтанатты түрде қарсы алды. Бұлардың бізге көрсеткен туыстық құрметі бізді өте шаттандырып, көңіл-күйін еріксіз түрде өздеріне тартып, Іле халқы мен Алтай халқының бір бауыр, бір туысқан екендігін тағы бір рет дәлелдеді. Біз оларға ризашылық білдіріп, Алтай халқының аманат еткен жалынды сәлемдерін жолдадық. Содан кейін бізді қарсы алып шыққан аға, іні бауырластармен бірге ілесіп, даңқты Құлжа қаласына кіріп Хәкімбек қожаның үйіне түсіп, еркін дем алдық. Ол жерде Іле халқының ақылгөй ақсақалы Хакімбек қожа жәнәбімен (құрметті) көрісіп, қол беріп, құрметті қонағы болдық.
Бұдан соң өлке халқының сүйікті шебер жолбасшысы Ахметжан Қасыми мен Ұлттық армиямыздың бас қолбасшысы генарал-лейтенант Ысқақбек мырзалармен көрісіп сәлемдестік. Сол жерде әрбір мекемеде істеуші қызметкерлермен, Құлжа жақтың беделді жұрт басшылары бірінің артынан бірі сапырылысып келіп сәлемдесіп қайтып жатты. Яғни кертартпа қара әкімшіліктің қанқұйлы шабуылына көбірек душар болған Алтайдағы туысқандарының хал-жайын ақтара сұрасып ұғынды. Құлжа халқы Оспан қарақшыларының Алтай халқына істеген айуандық әрекетін естігенде Алтайдағы туысқандарына қатты қамығып, жаны ашып, бандыларға қарғыс айтпағаны жоқ. Біз де олардың бейбіт өмір құшағында бақытты дәурен сүріп жатқан хал-жайын біліп қатты шаттандық. Шаруашылық, мәдениет, саясат, құрылыс және жұртшылық істерінің қарыштап ілгері басып бара жатқан адымын көріп қатты сүйсіндік және қызықтық.
30-күні дем алып Құлжадағы барлық туысқандармен сәлемдесіп, хал білістік. Күн жұма болғандықтан түсте Хакімбек қожа жәнәпләрі келіп, бізді Байтолла мешітіне жұма намазын оқуға бірге алып барды. Ол жерде Құлжа халқының көпшілігімен бірге жұма намазын өтедік. Бұндай ерікті өмір құшағында діни парыздарымызды алаңсыз ада қылғанымызға құдайға мың шүкірлік етіп зор қуанышта болдық. Кешінде сол түскен орынымыз Қайымбек қожаның қорасында жаңа кинофильм қойылып, көңілді сауық кеші оздырылды.
31 июль күні ертемен сағат тоғызда Іле аймақтық әкімшілік мекемесінде үш аймақ халқының шаруашылық, саяси мәселелерін дамытып, ілгері бастыру жөнінде пікір алысу мәжілісі ашылды. Бұл мәжіліске жоғарғы жол басшымыз Ахметжан Қасыми, генерал- лейтенант Ысқақбек, өлкелік үкімет мүшелерінен Рахымжан Сабырхажиев, Әбдікәрім Аббасов мырзалар, Әкімбек қожа, Басбай ағай және олардың орынбасарлары мен шаруашылық мәселесіне байланысы бар мекемелердің жауапты қызметкерлері қатынасты. Мәжілісте Ахметжан Қасыми мырза үш аймақтың саяси шаруашылық істерін реттеп, ілгері бастырып дамыту туралы баяндама жасап, өзінің бұл туралы пікірін ұсынды. Содан кейін кең түрде талқылаулар жүргізіп, баяндамашының баяндамасын және ұсынған пікірін негізінен тура деп тауып, қаулы алды. Қаулының қарары бойынша үш аймақтың саяси шаруашылық істерін реттеп, ілгері бастырып, дамытып оны бекемдеу үшін айырым түрде жүргізіліп келген шаруашылық істерін бірлестіріп, халық тұрмысын жақсарту мақсатымен үш аймақ бойынша саяси шаруашылық істерін реттеп, ілгері дамыту басқармасы құрылды. Оның бастығына көпшіліктің ұйғаруы бойынша Хакімбек қожа, орынбасарлығына – мен, Басбай, жауапты –хатшылығына Асхат Ысқақов сайланды. Мүшелігіне Какімбек қожа, Әбілқайыр төре, Ғалымжан, Әнуар Мұсабаев, Уақас қажылар белгіленді. Бұл басқарманың ең негізгі қызметі үш аймақтың бұрынғы айырым түрде бытыраңқы келген шаруашылық күшін бір жерге бірлестіріп, халық шаруашылығын ілгері бастыру және халық тұрмысын бейбіт өмір құшағына бөлеп, үш аймақтың шаруашылық істерін қолайлы түрде және біркелкі желі жүйемен алып баруға басшылық ету. Ал басқарманың күнделікті қызметін тәртіпті түрде алып бару жөнінде өзіне лайықты қызмет шаралары бар. Оны бұл жерде баяндап отырудың қажеті жоқ.
31-күнгі мәжіліс осымен аяқтады.
1 август күні ертемен сағат тоғызда Іле аймақтық әкімшілік мекемесінің клубында халықшыл жол басшы Ахметжан Қасыми бастық бүкіл өлкенің әр бір жерлерінен келген қоғамның әр саласындағы халық уәкілдері, әр бір мекеме бастықтары, жастар ұйымының басшылары, үкімет қызметкерлері және жалпы саналы адамдар бас қосқан ұлы мәжіліс болды. Мәжіліс аса салтанатпен халықшыл көсеміміз Ахметжан Қасыми мырзаның жетекшілігінде ашылды. Мәжілістің салтанатты басқармасы сайланып, өз орындарына реттелгеннен кейін, Ахметжан Қасыми мырза сөзге шықты. Ол кісінің баяндамасы екі сағатқа созылып, қызғын алғыс, ду қол шапалақ астында аяқтады. Баяндамадан кейін күн тәртібі бойынша демалыс берілді.
Сол күні кешкі сағат 4-те мәжілістің отырысы басталды. Бұдан кейін Ахметжан Қасыми мырзаның жасаған баяндамасына кең түрде талқылаулар жүргізіліп, алдынғы қатардағы саналы адамдарымыз бірінің артынан бірі кезекпен өз пікірлерін ұсынды. Нәтижеде, халықшыл көсеміміз Ахметжан Қасыми мырзаның жасаған баяндамасы мен қойған пікірлерін өте дұрыс деп тауып, бұл баяндамадан мынадай қысқаша қорытынды шығардық: көп жылдардан бері ауыр жапа астында езіліп келген өлке халқы 1944 жылы ұлт азаттық қимылынан кейін халықшылдық және еркіндік алу мүмкіншілігіне ие болдық. Бірақ халық дұспандары, кертартпа элементтер халқымыздан бұл құқықты қайта тартып алу үшін түрлі әдіс қолданып өте заңсыз әрекеттер туғызып келмек те. Олар халқымыздың төңкеріс күші арқылы ашылған мәдени тіршілігін қайта қайыруғаға қатты ұрынбақ та. Соның әсерінен өлкеміздің бір қанша жерлерінде халқымыз және қайтадан қара әкімшіліктің ылаңына душар болып отыр.
Міне, бұл халқымыздың өз еркіндігі мен мәдени тіршілігінің ілгері басып дамуы үшін болған күрестеріне тура бағыт беріп, жетекшілік ететін бір орталық орынның болмағандығының нәтижесі.
Сол себепті көпшілік халық қажетін іс жүзінде қанағаттандыру үшін күресетін бір орталық орын сипатында «Шынжаңда тыныштықты және халықшылдықты қорғау одағын» құруды лайық деп тауып, бір ауыздан қаулы алынды.
Оның қысқа мазмұны және мақсаты мынадай: Шынжаң халқы ортасында еркіндік пен тыныштықты орнатуға, тыныштық бітімді толық іс жүзіне асыруға және бітімді бұзуға ұрынушы көзсіз элементтерге соққы беруді ұйыстыруға, ілгері басқан саналы адамдардың тырысшаңдығын бірлестірумен қатар халқымыз үшін мәдени, бай жаңа тіршілік орнату мақсатымен осы «Шынжаңда тыныштықты және халықшылдықты қорғау одағы» құрылды.
Бұл одақтың бас алқа мүшелігіне мына адамдар сайланды: Ахыметжан Қасыми, Ысқақбек Мөнонов, Сәйпидін Азизи, Қасым әпенді, Ыбырайым Тұрды, Сағидолла Сайфоллаев, Әбдікәрім Аббасов, Мұхаметжан Мақсұм, Ұйғыр Сайрани, Әнуархан Бабайди, Рақымжан Сабыр қажы, Талғат Сүзік қажы (анық ажыратылмады), Асхат Ысқақов, Керім қажы, Қойырып далама (анық ажыратылмады), Хәкімбек қожа, Әбілқайыр төре, Ғани батыр, Әбдімүтәліп, қалмақ, Бабажанды Салжабап (анық ажыратылмады), Москалев, Әбдікәрім хан (Әбдірауыф -?) Мақсұм, ... Георгий (анық ажыратылмады), Мұқамет Емени Ғабдыхамит қажы, Басбай Шолақов, Ғалымжан Хәкімбаев, Дашыжаф Санжаров (анық ажыратылмады), Пәтих Мүслимов, Әбдірахман Мұхиддинов, Мұқан Жәкен, Дәлелхан Сүгірбай, Әнуар Мұсабаев, Шамши Мәмид, Дәулетхан Жүсіп қатарлылар.
Кандидат мүшелігіне Шыңшыхуа, Әбдірайым Айса, Абдолла ... (анық ажыратылмады), Қайымбек қожа, Сағит батырлар сайланды. Одақтың бастығына барлық қатынасушылардың қызу рухпен бір ауыздан қабылдауы астында шебер жолбасшымыз Ахметжан Қасыми мырза сайланды.
Одақтың ішкі істерін және түрлі ереже-шараларын басына алып шығу үшін Ахметжан Қасыми, Ысқақбек Мононов, Қасым әпенді, Ыбырайым Тұрды, Ұйғыр Сайрани, Әнуархан Бабайды, Әбдімүтәліп Халқам, Шамси Мәмид, Сәйпидін Азизи, Әбілхамит ... (анық ажыратылмады), Асхат Ысқақовтар ұйыстыру басқармасы болып сайланды.
Бұрынғы «Отан» (? – анық ажыратылмады) газеті осы одақтың баспа сөз орыны болып белгіленіп, бұдан былайғы аты «Алға» деп аталатын болды. Оның жауапты редакторлығына Сәйпидің Азизи сайланды. Бүкіл өлке халқына бұл одақты кең түрде түсіндіруге үндеу жазылып, сол күні қаулыдан өткізілді. Сүйтіп бұл күнгі мәжіліс кешкі сағат жетіде өте қызу алғыс астында зор қуанышты салтанатпен аяқталды.
2 август күні және Іле аймақтық әкімшілік мекемесінің клубында заң тәртібін қорғау туралы мәжіліс өткізілді. Бұл мәжіліске бірінші август күні қатынасқан адамдар түгел қатынасты. Күн тәртібі бойынша генарал-лейтенант Ысқақбек мырзаның заң және тәртіп туралы баяндамасы тыңдалды. Баяндама артынан кең түрде талқылаулар болып, әр бір алдыңғы қатарлы саналы азаматтарымыз өздерінің пікірлерін ұсынды. Нәтижеде мәжіліске қатынасқан көпшілік мынадай қортынды шығарып, бір ауыздан қаулы алды: Біз үш аймақ халқы 1944 жылы ұлы азаттық әрекетімізден кейін өз еркіндігімізді қолға алдық. Халқымыздың талабына сай халықшылдық негіздегі тура заң және тәртіпті орындауға кірістік. Бірақ біздің бұндай еркін тіршілігімізді көре алмай бұзуға ұрынған кертартпа элементтер түрлі жасырын және әшкере бұзғыншылық жүргізіп, халқымыздың заңды тәртібіне және тыныштығына зиян жеткізіп отырды. Баяндамашының көрсеткен фактілері бұған толық дәлел болады.
Екінші жақтан, халқымыз арасында еркіндік пен тәртіпті айыра танымай заңға қиғаш түрлі әрекет қылушы аз санды өзімшілдерде жоқ емес. Бұндай сөлекет әрекеттер халықтың бейбіт тұрмыс кешіруіне азды-көпті әсер бермей қоймайды.
Демек, заңға қиянат және тәртіпсіздік етіп халық тұрмысына зиян жеткізу ісіне кесімді шара көру халқымыздың іс жүзіндік қажетінен саналады. Сол себепті генарал-лейтенат Ысқақбектің баяндамасы өте тура. Баяндамада көрсетілген ұсыныстарды лайық тауып, өте керекті мәселе деп қаулы алынды.
Сол қаулының қарарлары бойынша әрбір аймақтың өзінде сот бастығының басшылығында халық пайдасына қызмет қылатын әр ұлттың ең әділ және тура көзқарасты уәкілдерінен, діни ғұламалардан, жастар ұйымы уәкілдерінен, саудагерлерден, аймақтық әкімшілік мекемесінің бір орынбасарының тікелей жетекшілігі астында заң және тәртіп қорғау басқармасы құрылатын болды.
Заң және тәртіп қорғау басқармасының жауапкерлігіне үш аймақ халқының еркіндік, теңдік құқығы мен бейбітшілікті қорғау және қамалған қылмыстылардың қылмысы жөніндегі тергеу материялдарының үстінен қарар шығару міндеті жүктеледі. Сонымен сол күнгі мәжілісіміз аяқтады.
3 август күні сол алдыңғы мәжіліс болған аймақтық әкімшілік мекемесінің клубында сауда өндіріс еселі серіктігінің қоғамын ұйымдастыру мәжілісі болды. Бұл мәжілісте Әседолла әпенді баяндама жасады. Баяндама артынан талқылау жүргізіліп, көп пікірлер берілді. Содан кейін мәжіліске қатынасушылар мынадай қортынды шығарып, қаулы алды:
Біз үш аймақ халқы құлдыққа, кедейлікке, шаруашылық күйзеліске қарсы көтерілген азаттық әрекетімізден кейін шаруашылық жағынан ілгері басып, дамуға мүмкіндік таптық. Бірақ 1946 жылғы тыныштық бітімнен кейін қытай кертартпалары үш аймақ халқының еркіндігіне зиян жеткізуді шаруашылық жағынан қас етумен басталды. Сонымен олар үш аймақтағы әскери мүлік орындарды шаруашылық жағынан қысу мақсатымен түрлі әдіс жүргізіп отырды. Бірақ онысы біздің шаруашылығымызды бұзуға түк әсер бере алған жоқ. Қайта керісінше, біздің аймағымызда ең қолайлы шаралар іске асырылып, шаруашылық жағынан бейғам негіз құрылып, кертартпалардың өзіне соққы берілді.
Алайда, алдымызда бұл жөнінде тағы зор міндет – халқымыздың бай мәдени тіршілігін қамдау жауапкерлігі тұр. Ол үшін біздегі барлық шаруашылық негіздерді бір жерге жиып күшті орган ұйымдастырмай мүмкін емес. Сондықтан да Әседолла әпендінің баяндамасын өте лайық тауып, мынадай қаулыға келеміз делінді: Үш аймақтағы барлық шаруашылық негізіндегі әскери қамсыздау орындары, асыл тұқымды мал шаруа мекемелері, өндіріс бірлеспесі, транспорт мекемесі, электрлік серіктерінен күрделі түрде ұйымдасқан сауда өндіріс еселі серіктігі ұйыстырлсын.
Бұл серіктіктің жауапкерлігіне үш аймақ халқының және қоғам орындарының қаржысы ықтиярлы түрде тартылып, оларды пайшік етіп алу міндеті жүктелсін. Бұл серіктікке ауыл шаруашылық банксі, граждандар қоғамы және меншікті кісілер пайшік болып кіруге ерікті түрде тартылсын және халық қожалық басқармасының қармағындағы нәрселерде қосылсын. Серіктіктің аты «Тарақият» (ілгері басу) аталсын – деп қаулы алынып, ол күнгі мәжіліс сонымен аяқтады.
Құлжа қаласына барғаннан кейінгі ашылған мәжілістерде ең ірісі жоғарыда баяндалып өткен төрт іс болды. Бұл мәселелерді іске асыру жөнінде айырым жиналыстарда болып өтті. Оны түгел баяндауға уақыт жетіспейді. Негізгі ірі мәселені төрт күн ішінде ораза айттан бұрын бітіріп алдық.
Августың алтысы, жұма күні ораза айт болды. Айтта Құлжа қаласында болып, түрлі орындарға мейілінше айтшылап таныстық. Үш күн айт біткеннен кейін өзіміздің Алтай ахуалы туралы түрлі орындармен айырым шаруамызға кірістік. Алтай халқының Оспан бандыларының ылаңына душар болып шаруашылық жақтан күйзеліп қалғандығын еске алып Құлжа жағы Алтай шаруашылығына ірі көмек берді.
Биылғы жылы Алтайдағы транспорт қиыншылығын еске алып әскерлердің азық-түлік, киім-кешегін жеткізуге Құлжа жақ ірі көмек көрсететін болды. Бұрынғы әскер қаражатына Алтай есебінен ұсталып кеткен бір жарым миллиард ақша бар еді, оны заттай қайтарып беріп, оның үстіне дотация берді. Бұрынғы Алтайға берілген 1200 тонна астықты ақша алмай Алтайдың пайдалануына жәрдем етті. Сауда кәсібінің өркендеуіне және бір ірі күшті үкімет банкісінен Құлжа мен Алтай және Тарбағатай ортасында ресми түрде банке переуоты (ақша аударымы) жүргізілетін болды. Бірнеше мыңдаған оқу кітаптарын алып қайттық. Жақын уақытта «Ерікті Алтай» газетіне бір баспа машина беруге уағда етті. Және бір дана көшпелі кино аппаратын алып қайттық. Аймақтық әкімшілік мекемесіне бір дана ЗИС машинасын берді. Қысқасы, Алтай ахуалы туралы Құлжа жағы өте көмектестік көрсетіп, барған шаруаларымыздың барлығын толығымен орындап берді. Құлжа қаласында 22 күн тұрдық. Осы аз уақыт ішінде бізге Құлжа халқының көрсеткен сый-сияпаты және махаббат-достығы бірнеше ұмытылмайтын істердей болып қалды.
Сонымен 18 август күні Алтайға қайту сапарымыз басталды. Құлжа халқы қайтуымызды да зор салтанатпен шығарып салды. Жолда Сүйдің ауданының және Шылпаңзы ауданының, Бұратала ауданының мекеме бастықтары және халқы қарсы алып, зор жиналыстар ашып өткізді. Құлжадан шыққан күні Кеңсайдың ішінде Көксала деген жердегі Ақаңның үйіне келіп қонып, ол жерде бір күн ерулеп қонақ болдық. Ертеңінде Сайрам көлінің жағасында біраз ауыл керей-уақ ағайындар бар екен. Олар жолдан тосып жібермей, бір күн еруледік.
Құлжа қаласында тұрған кезімізде Басбай ағай Шәуешекке келіп, қонақ болып қайтыңдар деп шақырған еді. Сондықтан әдейілеп Шәуешекке барып, ондағы туысқандармен сәлемдесіп жүруді ұйғарған болатынбыз.
Кұбы (жазу өшіңкі болғандықтан жобаланып оқылды) деген жерге келгенде Тарбағатайдағы керей елі жолдан тосып отыр екен. Ондағы ағайындармен сәлемдесіп, екі күн еру болып, 24 август күні Шәуешек қаласына бардық. Шәуешек және Дөрбілжін халқы мен халық басшылары зор салтанатпен қарсы алып, жақын туыстықпен меймандостық көрсетті. Шәуешекте үш күн еру болып, 27 августа зор шаттық қуаныш астында ол жердегі туысқандарға қош айтып, Алтайға қарай бет алдық. 28-күні қайтып келіп Шын Уаң өргесінде болып, Балжит уаңның аманат тапсырған сәлемдері мен жоғарғы басшыларымызға өтінген өтініштерінің жауабын бердік.
Сонымен 29 август күні аман-есен қайтып келдік. Біздің бұл жолғы болған сапарымыз және ондағы көріп, білген істеріміз қысқаша осымен аяқталды.
Енді ақырғы сөзімде сіздерден күтетін үмітім – осы жолғы Құлжада болған мәжілістің қаулы-қарарларын шыңына жете орындау үшін әр біреулеріңіз жақыннан жәрдемдес болып, көмектестік көрсетіңіздер.
Алтайдың алтын таңы 6 сентябрьдің үш жылдығы жасасын! Өзара, ұлтара достығымыз жасасын!
Отанымыздың болат қорғаны - Ұлттар армиясы жасасын!
Құдіретті ұлт азаттық қимылымыз табыстан-табысқа ұласып, мәңгі жеңісті болсын!
Шынайы бұқарашылдық саясат жасасын!
Біздің бақытты өмір құшағында еркін дамуымызды көре алмайтын қара әкім қалдықтары, кертартпа мен оларға итаршы болып жүрген ұлт дұшпандары жермен-жексен болсын!
«Ерікті Алтай» газет баспасы, 1948-жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |