Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы



бет12/19
Дата11.11.2016
өлшемі5,24 Mb.
#1501
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19

Осыдан бір ай бұрын ғана 1945 жылы қыркүйектің 14-ші жұлдызында Үрімжіге келіп, Шығыс Түркістан қосындарының Манас бойына жетіп, Үрімжіге екі-ақ күндік аралық қалғанына қайғырып, Кеңес консулынан жәрдем сұрап, жалынған Қытай үкіметінің министрі Жаң Жыжұң енді міне, әрең бір ай өткен кезде осылай күш көрсетіп, осылай қоқиланды. Оған күш беріп отырған Чан Кайши үкіметі мен Кеңес үкіметінің ішті-тысты, әшкере-жасырын келісімдері екенін бұл арада қайталай айтып жатудың енді тіпті қажеті де жоқ.

Сонымен, Шығыс Түркістан үкіметі дегенде қайда тығыларын білмей, Үрімжіні тастай қашуға дайын тұрған Шынжаң үкіметі айналасы 32 күннің ішінде қайтадан күшейіп, айқұлақтанып, құтырынып шыға келеді. Халықтық күрестің жеңіс жемісіне Кеңес Одағының мақсатты түрде тағайындауымен ие болып, үкімет басына шығып алған Шығыс Түркістан үкіметінің қуыршақ бастықтары енді Чан Кайши үкіметінің алдында құрша жорғалай бастайды. Оны дәлелдеу үшін Жаң Жыжұңның мына бір сөзіне назар аударыңыздар: «Осы айдың 20 жұлдызында Іле жақтың өкілдерін мен екінші рет қабылдаған

кезімде... олар өздерінің бұл жерге келудегі міндетінің Іле, Тарбағатай, Алтай және Қашқар сынды төрт районының дербестігін талап ету екендігін айтты. Мен олардан «дербестік» дегеннің мағынасы немене? Кеңес Одағының хабарламасында айтылғандай сендердің Қытайдан бөлініп кету ниеттеріңнің жоқ екендігі мен мына бейнелерің бір-біріне сай емес қой, - дедім. Олар дереу өзгеріп, өз сөздеріне түсінік бере бастады...». «Олар сөйлеген сөздерінде Жұң Хуа Минго (Қытай Халық Республикасы - Ж.С.) және «орталық үкімет» дегенді қайта-қайта ауыздарына алысты. Олардың бұл жолғы позициясы алдыңғы жолғы позициясына қарағанда өте айқын парықты еді»/23.

Шығыс Түркістан республикасы үкіметінің тарихы жөніндегі Қытай деректерін ақтарып отырсаңыз осыдан бастап Шығыс Түркістан жақтың еңсесі түсе бастағанын, Чан Кайши үкіметінің жіберген өкілі генерал Жаң Жыжұңның барған сайын күшейіп, айқұлақтанып алғанына көзіңіз анық жетіп отырады. Генерал Жаң Жыжұң қарсы жақтың әрбір ұсыныс талаптарына дейін кері қағуға құқықты болып келеді. Өз үкіметінің мүддесіне биттей қайшы келген жердің бәрінде ол Кеңес Одағының Үрімжідегі консулына жүгіреді. Оның өз естеліктерінде жазылуына қарағанда, нақтылы мәселелер жөнінде үш айға жетпейтін уақыт ішінде Кеңес Одағының Үрімжіде тұратын консулы Иеусеевтен медет сұрап он шақты рет барғандығы бір-бірлеп көрсетіліп отырады.

Сөйтіп, 1946 жылы каңтардың 2-ші жұлдызында Шығыс Түркістан үкіметінің қуыршақ үкімет болып қалғаны, әуелі оның тарихтан аты мүлде өшірілуге тиісті болғанын дәлелдейтін, Шығыс Түркістан атауының орнына үш аймақ үкіметі деген терминді қолдануға мәжбүрлеген «қарулы қақтығысты бейбіт жолмен шешім ету» туралы 11 тармақты бітімге қол қойылды. Тоқтамның аяғына орталық үкімет өкілі Жаң Жыжұң, халық өкілдері: Әбілқайыр төре, Ахметжан Қасимов. Жұң Хуа Мингоның 35 жылы. Қаңтардың 2-і күні. Үрімжі қаласы, - деген сөздер жазылды. Шығыс Түркістан немесе үш аймақ деген атау мүлде ауызға алынған жоқ.

Шығыс Түркістан тарихын және оқиғаның шын сырын білмейтін кей адамдар бұған таң қалуы да мүмкін. Халық көтеріліс жасайды. Қан төгеді. Сол төккен қанының бодауына азаттық күнге жетеді. Армия құрып, үкімет сайлайды. Ал, ең соңында бір сәттің ішінде бәрі де жоқ болып шығады. Таңданарлық әңгіме.

Ең алдымен, Шығыс Түркістан деген атау мүлде жаңа ұғым емес. Ол XIX ғасырда шыққан атау. Яғни, Орта Азияда Зарапшан өзенінің шығысындағы өңірлерді меңзеп айтылған. Алғашқы кезде ол тіл және географиялық ұғым ретінде алынған. Көбінесе, қазіргі оңтүстік Шынжаң деп аталып жүрген, Тянь-Шань тауының оңтүстігіндегі ұйғырлар мекендеген алты шаһарды көрсеткен. Шығыс Түркістан деген атаудың саяси ұғым ретінде қолдануы кейінірек. Ал, оның үкімет есебінде жария болуы да бертінде. Бүкіл дүниеге әйгілі болған Шығыс Түркістан Ислам республикасы 1933-1934 жылдары Қашқарда құрылған болатын. Бұл тұстарда Қашқарды Ма Зыхұй/24 деген дүнген (ел оны Ма фамилиялы шолақ деп атайды) басқарып тұрған кез еді. Тарихи фактілердің анықтауынша, Ма фамилиялы ұлық Қашқарға басып кіргеннен кейін зор қырғыншылық, талан-таражылық жүргізген. Көшелер, тұрғын үйлер, қоралар қан сасып, қала түгел қаңырап бос қалған. Әйелдер, жас қыздар аяқ асты етілген. Ерлер найзаға шаншылып, атып өлтірілген. Ел ішіндегі атақты адамдар, беделді игі-жақсылар, жұрт иелері тұтқынға алынып, бастары кесіліп, жұрт көп жиналатын базарларға, қақпа ауыздарына ілініп қойылатын болған. Дәл осы кезде Қашқар халқы көтеріліс жасап, «Шығыс Түркістан Ислам республикасын» құрған болатын. Бұл жөнінде Қытай деректерінің бірінде былай деп жазылады: «1933-34 жылдары Молла Сауыт дамолла, Жәнуек қазы, Ораз, Мәмтімін қазірет қатарлылардың бастауымен Шығыс Түркістан Ислам республикасы құрылып, оның төрағалығына Молла Сауыт, үкіметтің бас жетекшілігіне Ораз сайланды. Бұрынғы Ораз, Жәнібек қазы, Оспан тұңның/25 Иүсүпжан құрбасы сияқтылардың қосындары Молла Сауыт дамолла қосынының қол басшысы Темір сылиңның/26 қосынына бойсұнды. Ма Зыхұй бұл үкіметті мойындамады. Молла Сауыт дамолла Үштұрпаңдағы Қожанияз қажыға өзін қолдау жөнінде өтініш етіп адам жіберді. Ел ішінде мемлекет ақшасын таратты. Мемлекет туын, мемлекет әнін және уақыттық заңдарды жариялады.

Ма Зыхұй қосыны Қашқар көлемінде бір рет зор кырғыншылық жүргізгеннен кейін Көнешәрідегі кіші сұлтандық Лаңгар деген бақшаға орналасты. Осы орайда ол Темір қолбасы мен оның жақындарын алдап қонақасыға шақырды. Темір қолбасы Ма Зыхұйдың қасам ішіп тұрып жазған шақыру қағазына алданып, Лаңғарға бара жатқан жолында астыртын орналастырылған тыңшылардың қолына түсіп, басы кесілді де, кесілген бас Қашқардағы ең үлкен мешіт Ейткар мешітінің қақпасына ілініп қойылды. Кейін Кеңес Одағынан қашып өткен қарулы бандылар бастығы Әділ Пенсатты ұстап алып, оның басын да Ейткар мешітінің алдына іліп қойды.

1934 жылы Мамұт шыжаң/27 қолбасшылығындағы Тұрпан қосыны Қашқарға келіп түсті. Олар ислам қосынымен бірлесіп, таңертеңнен кешке дейін Ма Зыхұй қосынымен соғысты...

Бұлардың өзара қырқысына және қанды қырғыншылыққа тоқтау салынбаса, әсіресе, Сауыт дамолла, Жәнуек қазы,Ораздардың империализмге байланған «Шығыс Түркістан Ислам республикасының» күлі көкке ұшырылмаса тарихи қала Қашқар мен оның парасатты да еңбеккер халқын қара түнектен құтқарып, еркіндікке бастау мүмкін емес еді. Сондықтан Ысқақбек Мононов 1935 жылы өкімдіктен қол үзіп, халықтың мұң-мұқтажын шешу үшін көкірек керіп, соғыс шебіне аттанды. Ол қырғыз жастарынан бес жүз адамдық қосын ұйымдастырды. Оларды әскери, саяси жақтан шынықтырып тәрбиеледі. Әскери өнерге жетілгеннен кейін бұл полкті сол жылы жазда Қашқарға алып келді. Полк істеріне көмектесу үшін Кеңес Одағынан Сапин, Подлов қатарлы кеңесшілер мен он неше радист және бір топ офицер алдырды. Нақтылы басқару үшін Молда Сауыр, Тұрғанбай, Жұмағұл, Қашаң қатарлы офицерлер әскери бөлімдердің маңызды қызметтеріне орналастырылды. Сол кезде Ысқақбек басшылық еткен қырғыз полкінің әскери, саяси, идеялық тәрбие қызметтерінде зор дамушылық болды. Қырғыз жастарынан тағы да 300 әскер алынып, полктің басшылық құрамы реттелді. Шірметті полк командирлігіне, Сыдықбекті полк командирінің орынбасарлығына, Құрбан Тампоны штаб бастықтығына тағайындады. Сонымен, бұл полк онан ары кеңейтіліп, бірінші қырғыз полкі, екінші қырғыз, ұйғыр полкі болып екіге бөлінді. Бірінші қырғыз полкі Қашқар Иұмалақ қалаға орналасты. Полковник Мәуленов 2-полк командирі болып тағайындалып, Хотан аймағының шекара қорғаныс жұмыстарына жауапты болды. 1-полктің 4-эскадроны Қашқар аймағының шекараларына орналастырылды. Сонымен бұл екі полк бірнеше дербес завоттарды өз құрамына алған бір бригада болып құрылып, бригада командирі Ысқақбек болып тағайындалды. Кеңестік Кошкин мен Бағдасаров Ысқақбектің ақылшысы болып бекітілді. Бригаданың қолбасшылық штабы 1-полктің қасына, Қашқар Иұмалақ қалаға орналасты.

Көп өтпей Шың Шысайдан Сауыт дамолла қуыршақ республикасының негізгі тірегі Жәнібек қазыны тас-талқан етіп, түк қалдырмай жою жөнінде бригада командирі Ысқақбекке шұғыл бұйрық келді де дереу Жәнуекі қазыны жою соғысы басталып кетті. Айлакер Жәнуек қазы бұдан күні бұрын хабар тауып, әскери бөлімдерін топ-топқа бөліп, алыс әрі соғысқа қолайлы орындарға аттандырды. Бұл соғыс операциясына қолбасшылық етуді бригада командирі Ысқақбек өз қолына алды. 1935 жылдың соңында бұл соғысқа қырғыз атты полкімен бірге жол бастаушы тау отрядтары қатынасты. Алдымен Тасқорған маңындағы Сарықол, Кетпентөбе, Таспалы сияқты жерлерде бандыларға бір айдан артық қуалай соққы берілді. Бандылар аттарының тағаларын теріс тағалатып алып қашқандықтан қуғыншы бөлімдерді адастырып, недеуір әуреледі. Көреген бригада командирі Ысқақбек олардың қулығын дереу сезіп, бандылардың қашатын жолының алдын тостырып, келгендерін дер кезінде жойып отырды. Алайда айлакер Жәнуек қазы аттарының аяғына байпақ кигізіп, 20-дан артық андайшаптарын ертіп, Ауғанстанға қашып кетті. Мұндай құз-қиялы тау ішінде жүргізілген соғыста олардың 300-ден артық адамы қаруымен қолға түсірілді және жойылды. Шығыс Түркістан Ислам республикасының бас қолбасшысы Ораз Қашқардағы қиян-кескі соғыста өз қосынынан айырылып, қалған адамдарын бастап, Ұлықшат тауына шығып кетті. Бригада командирі Ысқақбек екінші рет тағы да шепке аттанып, Оразды тып-типыл жоғалту соғысын жүргізіп, қысқа мерзімді сұрапыл соғыс арқылы оларды жойып, Ораз бастаған 11 адамның сүйегін Қашқар қаласына алып келді. Сонымен, Молла Сауыт дамолла, Ораз, Жәнібектер құрастырған «орда» жойылып, республика төрағасы мен оның жандайшаптары түгел қамаққа алынды»/28.

1933-34 жылдары Қашқарда құрылған Шығыс Түркістан Ислам республикасының құрылу және жоғалу тарихы қысқаша осылай. Бұл тарихқа ой жіберіп қарайтын болсақ, мұның да Кеңес Одағының қастандығы арқылы құлатылғанына күмәндануға болмайды. Ол кезде Кеңес Одағының Шың Шысайды қолдап отырғанын жоғарыда айттық. Ал, олай болса Ысқақбекті жұмсап, оған Кеңестік Қырғызстаннан әскер жинап беріп отырған да солар екеніне дауласуға келмейді.

1940 жылы Алтайда Шың Шысай үкіметіне қарсы көтеріліс бұрқ ете түскенде Кеңес үкіметі Шың Шысаймен тізе қоса отырып, ол қозғалысты жаныштауға аянбай-ақ кірісіп бақты. Бірақ сонан көп өтпей, Кеңес-Герман соғысы басталғаннан кейін Шың Шысай Кеңес Одағынан ат басын тарта бастады да екі мемлекеттің ортасындағы бұрынғы достық үзіліп, жаулыққа айналды. Осы орайда Кеңес үкіметі енді қайта жалт бұрылып, қазақты қолдап шыға келді. 1944 жылы Шіңгіл мен Моңғолия шекарасындағы Бұлғын деген жерге Моңғолия компартиясының төрағасы Чойбалсынды жіберіп, Оспан батырға кездестірді. Коминтерннің атын жамылып топ-топ ақылшылар келді. Қару-жарақ, оқ-дәрі көмек етілді. Мұндай жомарт, көпестік көмек сол жылы Іле аймағына да берілді. 1944 жылы жазда Патих Мүсілімовты Нылқыға жіберді. Сол жылы қараша айында Ысқақбек Мононов, Әбдікерім Аббасов бастаған бір топ зиялылар Құлжа қаласына қайтып келді. (Олар екі жыл бұрын Кеңес Одағына қашып кеткен болатын). Олар өздерімен бірге Кеңес Одағынан қыруар қару-жарақ ала келді. Осы қару-жарақ Құлжаның үш қақпа деп аталатын үлкен көшесінің бойында елге таратылды. Мылтық алғысы келгендер аты-жөнін жаздырып, тегін қару алды да әскер болып шыға келді...

Іле, Тарбағатай, Алтай сынды үш аймақтағы қазақтардың қарулы күресін қолдау және оған Шығыс Түркістан деп ат беруде Кеңес Одағының ойлаған мақсаты бөлек болатын. Бұл шынын қуғанда бір халықаралық сауда еді. Мұның түп-төркіні сонау арыдан басталады. 1911 жылы Қытайдан бөлініп шыққанын жариялаған Моңғолия, кейін Моңғолия Халық Республикасы болып қайта құрылды да Кеңес Одағының шылауына өтті. Моңғолия үкіметінің дербес ел болуын Қытай үкіметі бастан-аяқ қолданған жоқ. Моңғолияны өз қолынан мәңгі шығарғысы келмеді. Кеңес үкіметі Қытаймен талай рет сөйлесіп, моңғол халқының дербестігін мойындау жөнінде ұсыныс жасаса да Қытай үкіметі бұған бастан-аяқ қарсы шығып келді. Өз айтқанынан қайтпай сіресті. Қытайдың осы көзқарасына қысасып, егесіп жүрген Кеңес Одағына Шынжаңда бұрқ ете түскен халықтық көтеріліс табылмайтын жақсы бір орай болып кезікті. Моңғолияның дербестігін мойындағысы келмей, сіресіп келе жатқан Қытай үкіметінің алдында енді өйтіп қасарыса берсе Шынжаңнан да айырылып қалу қаупі тұрғанын сездіру үшін Кеңес Одағы Шығыс Түркістан республикасын құратындығын білдірді.

Көтерілісші халықтың бәрі қазақ болғанымен, бұл өлкеде Қазақ Республикасын құрамыз деудің орны жоқ еді. Кеңес Одағының қарастылығында Қазақстан одақтас республикасы тұрғанда оның қасынан тағы бір қазақ үкіметін құру мүмкін емес және оған Қытай үкіметі де сенбейтін еді. Сол үшін Кеңес үкіметі «Шығыс Түркістан» деген атауды ойлап тапты. Әрі оны Шынжаңның оңтүстігіне жақын Құлжа қаласында құруды лайық деп санады. Және осы үкіметтің басшылығына ылғи өзбектерді, татарларды, ұйғырларды таңдап қойды. Сол кезде соғысқа қатынасып, қолына қару ұстап шепке кіргендердің бәрі қазақ болса да офицерлердің ішіндегі қазақтар өте санаулы ғана болатын. Үкімет бастығы Әлихан төреден тартып, Ахметжан Қами, Ысқақбек Мононов, Әбдікерім Аббасов сияқты бұрын төңкерістің маңына жуып көрмеген өзбек, ұйғыр, татар азаматтарының бірден билік басына келе қалуы тектен тек емес болатын. Бұл Қытай үкіметіне жасаған ашық қоқанлоққыдан басқа түк те емес еді. «Егер сен Моңғолияны мойындамайтын болсаң, егеске қысас етіп мен мына жақтан Шығыс Түркістан республикасын тағы құрамын» - деген күштіліктің белгісі болатын. Сондықтан да Кеңес Одағы жаңа құрылып жатқан бұл республикаға Шығыс Түркістан атын беруге қарсы келген жоқ. Ал, олар бұл кезде Шығыс Түркістан дейтін атаудың оңтүстік Шынжаңдағы ғана ұйғыр халқының ата мекені әйгілі Алты шәрді ғана қамтитынын білмей қалған еді деудің де қисыны аз. Бәрі де біле тұра әдейі істелген шаруа.

Міне, осы тарихты анық білмеген кейбір тарихшы ғалымдар бұл атауды күні бүгінге дейін шатастырып келеді. Солардың бірі – Моңғолия ғалымы Ислам Қабышұлы. Ол: «Шығыс Түркістанның жер көлемі 1 миллион 700 мың шаршы километр. Ол шығысында Сининсиядан бастап батысы Іле өзеніне дейін кең байтақ жерді алып жатыр»/29 - деп теріс айтады. Біздің міндетіміз мұндай шындық тарихты кейінгі ұрпаққа дұрыс түсіндіру болып табылады. Біз өзіміз де бұл еңбегімізде Шығыс Түркістан атауын қолданып отырсақ та және оны қолданбаудың мүмкіндігі жоқ екенін біліп отырсақ та, тарихтың шын бейнесін саралап айтпай кетуге қақымыз жоқ.

Міне, осылайша Кеңес Одағының қолдап-қуаттауымен құрылған бұл республика шындап келгенде де Қытай үкіметін қатты қорқытты. Қытай үкіметінің президенті Чан Кайшиден бастап, ең аяғы Шынжаң өлкесінің үлкенді-кішілі мансаптыларына дейін Кеңес үкіметінің алдында құрша жорғалады. «1945 жылы маусымның 20-ы күні Гоминдаң үкіметі әкімшілік кеңесінің уақыттық бастығы және Сыртқы істер министрі Сұң Зывын Чұңчиңда Шынжаңда өмір сүріп отырған мәселелер жөнінде У Жұңшынмен кеңес өткізді. Жеделхат беріп, Лию Зырұңды Чұңчинге шақыртып алып, Москваға бірге баруды ұйғарды»/30. «Маусымның 30-ы күні Сұң Зывын, Жияң Жыңго (Чан Кайшидің ұлы – Ж.С.) Лию Зырұңдар Москваға барып, Сталин қатарлы Кеңес Одағының басшыларымен Ялта құпия келісімі жөнінде кеңес өткізді»/31.

Міне, осы кеңесте Шығыс Түркістан мәселесі сөз болды. Сталин Қытай үкіметіне құқай көрсетіп, егер олар Моңғолия Халық Республикасын мойындамай қасарыса беретін болса, онда тек Шынжаң ғана емес, шығыс солтүстік Қытайға, ішкі Моңғолға да қауіп төнетінін ескертті.

1945 жылы шілде айының 5-і күні «Чан Кайши Чұңчинде мәжіліс ашып, Қытай-Совет кеңесінің қатысты істерін арнаулы ақылдасты. Мәжілісте Кеңес Одағы үкіметі Қытайдың шығыс солтүстік Қытай мен Шынжаңдағы территория және әкімшілік иелік құқына кепілдік ете алса, сондай-ақ Қытай Компартиясы мен Шынжаңдағы бүлікке ендігәрі әр қандай көмек бермейтін болса, Қытай үкіметі Кеңес Одағының Сыртқы Моңғолия (Моңғол Халық Республикасы) жөніндегі талабын ойланып көреді деп белгіледі»/32. Осының артынан, яғни шілденің 7-і күні Чан Кайши Москвада Кеңес Одағымен келіссөз өткізіп жатқан Сұң Зывынға артынан екі рет жеделхат жолдап, «соғыстан кейін Моңғолияның теуелсіздігіне жол беруге болады. Бірақ, Кеңес Одағы жақ шығыс солтүстік Қытайдың иелік құқы мен әкімшілігінің бүтіндігін қорғаған, Қытай Компартиясы мен Шынжаңдағы бүлікті ендігәрі мүлде қолдамаудың керектігін мойындау қажет», - деп нұсқау берді/33. Осыдан кейін, яғни шілденің 9-ы күні «Сұң Зывын Чан Кайшидың жеделхат арқылы берген нұсқауының рухына негіздес Сталинге «Кеңес Одағы үкіметі Қытайға көмектесіп, Шынжаңдағы бүлікті тыныштандыруға уәде берсе, Қытай үкіметі Сыртқы Моңғол мәселесінде жол береді», - деді. Сталин: Мейлі Чан-ән болсын, Шынжаң болсын бәрі де комитет бастығы Чан Кайшидың басшылығына бағынады. Кеңес Одағы Шынжаң мен Чан-әнді комитет бастығы Чан Кайшидың басшылық көлемінде деп қарап келеді. Кеңес Одағы Гоминдаң үкіметін қолдайды. Қытай үкіметінің талабы бойынша мәлімдеме жариялауға да болады деп емеурін білдіреді. Сұң Зывының Кеңес Одағынан Шынжаңға қару-жарақ «тасуға» тыйым салу жөніндегі талабына да мақұл болды»/34.

Міне, бұл келтілірген фактілер Шығыс Түркістан республикасы үкіметінің кейінгі тағдырының қалай болғандығын айтпай-ақ түсіндіретін нақ шындықтың бетін анықтап көрсетіп береді. Шығыс Түркістан республикасының бесіктен белі шықпай тұрып тұншықтырылуының ең бірінші себебі дәл осылай. Ал, бұған қосымша оның екінші бір себебіне келсек ол Шығыс Түркістан үкіметі басшыларының түгелдей Кеңес Одағының адамы болуында деп білу керек.

Шығыс Түркістан үкіметінің төрағасы Әлихан төре 1885 жылы Ресейдің Өзбекстан республикасының Тоқмақ деген жерінде діни отбасында дүниеге келді. Ілгерінді-кейінді болып Сауд Арабиясында, Бұхарада діни оқу және дәрігерлік оқу оқыды. 1929 жылы Кеңес Одағынан Шынжаңның Құлжа қаласына келіп қоныстанып, дін таратуды және дәрігерлікті кәсіп етті. 1937 жылы Шың Шысай жағынан қамаққа алынып, содан 1941 жылы босады. Абақтыдан шыққан соң Құлжаға қайтып келді де Құлжа қаласындағы ең үлкен мешіт – Бәйтолла мешітінде бас имам болды. Ал одан кейін 1944 жылға келгенде Кеңес Одағының сүйемелдеп, көрсетуімен «Құлжа азаттық ұйымының» төрағасы және Шығыс Түркістан республикасы үкіметінің төрағасы болып тағайындалды.

Әлихан төре бастан-аяқ ислам дінін үстем орынға шығарып, ислам мемлекетін құруды жақтайтын діни адам еді. Ол үкімет басына өз күшімен шыққан жоқ. Асса бүкіл Шынжаң халқының, онан қала берсе Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарындағы мұсылмандардың жаңа құрылған ІПығыс Түркістан үкіметіне деген сеніміне ие болу үшін Кеңес Одағы үкіметі оны әдейі үкімет басына шығарды. Уақыттық пайдалана тұру үшін қуыршақ төраға етіп белгіледі. Ал, шынын қуып келгенде оның қолында түк те құқық жоқ еді. Үкіметтің әкімшілік және әскери құқының бәрі де басқалардың қолында болды. Сол себепті Әлихан төре әр қандай уақытта, орайы келген жерлердің бәрінде ислам дінін уағыздап, қалай сөйлесе де Кеңес үкіметі оған шек қойған жоқ. Тіпті Әлихан төре Гоминдаң үкіметінің Чинхайдағы 5-атты әскер корпусын ПІынжаңға әкелмекші болып отырған хабарын естіп, Чинхай өлкелік үкіметтің төрағасы Ма Буфаңға: «Сіз бізден шалғай тұрсаңыз да сіздің көмек беруіңізді өтінеміз. Өйткені, біздің дініміз бір... Біз үкіметті қолға алған соң, мен сізді ислам дінінің көсемі етіп көрсетемін», - деп жазған хатын біліп, көріп отырып та оған айылын жиған жоқ. Әлихан төренің бұл сияқты сөздерінің бос қиял екенін, егер онан Кеңес Одағының мүддесіне қауіп келетін болса, оның өзінің де мұнда тұра алмайтынына көзі жетіп отырған әккі саясатшылар бір мезет оны еркіне қоя беріп, ойына келгенін сөйлетіп бақты.

Ал, Шығыс Түркістан үкіметінің онан кейінгі басшысы Ахметжан Қасими болса Кеңес Одағының өзі тәрбиелеп өсірген адамы болатын. Ахметжан Қасимидың қысқаша тарихы жөнінде Қытай деректерінде былай деп жазылады: «Ахметжан Қасими 1914 жылы Құлжа қаласының Тура көпір мәлісіндегі қағылық бақшаға жандас көшеде дүниге келді. Оның әкесі Надыр ахұн етікші еді... 1920 жылы уақытсыз қаза болды... Бұл кезде Ахметжан 6 жаста еді. Осы бір бақытсыздық жағдайдан хабар тапқан Қасым (Ахметжанның шешесі Шаруанханның әкесі) Чилфаңзадан келіп, Шаруанхан апай мен Ахметжанды өз қасына көшіріп әкетті. Діни мектепте оқытты. Сол кезде Ахметжанның Жаркенттегі (Панфиловтағы) нағашысы Мансұр болыс (Шаруаханның інісі) бір туысқанын шанамен жіберіп, шешелі-балалы екеуін алып кетті. Ахметжан Жаркентке барғаннан кейін ондағы жетімдер мектебінде және Алматы қаласының Дүнген көшесіндегі дарылтамда мемлекеттің қамдауында оқыды. Мектепті жақсы нәтижемен тауысқандығы үшін Ташкентке жіберілді. Ташкентте орта мектепті бітіргеннен кейін оқытушылар жетілдіретін қысқа мерзімді курста оқып, онан Қазан қаласындағы Ленин атындағы мемлекеттік университетке таңдап алынады. Басында тіл-әдебиет факультетінде, кейін келе саяси-экономика факультетінде оқыды. Университетті тауысып, Орта Азия мемлекеттік университеті тіл факультетінің инспекторы болып істеді. 1938 жылы осы университеттің тарих факультетінің меңгерушісі болды. 1939 жылы өзінің талабы бойынша Наманганға барып, орта техникумда оқытушылық істеді. 1940 жылы Ахметжан Қасими Шынжаңдағы туған-туысқандарымен хат алысып, отанға қайтуды арман етті. 1941 жылы Шәуешек шекарасынан өтіп, халық арасында жүріп, Құлжа қаласына келді. Бірсыпыра уақыт кіші әкесі Насыр ахұнның үйінде жүріп, әйнекшілікпен шұғылданды. Кейін Құлжа бас сақшысы жағынан «күмәнды» адам делініп, қолға алынып, 1942 жылы Үрімжіге жіберілді. Үрімжіде N-4 түрмеде жатты... 1944 жылы 11-қыркүйекте милитарист Шың Шысай Чұңчинге кетті де оның орнына Гоминдаңның тағы бір мансаптысы У Жұңшы Шынжаңға келіп, 1944 жылы қазанның 4-күні өлкелік үкіметтің төрағалық міндетін тапсырып алды. У Жұңшын келісімімен-ақ Шынжаңдағы шиеленіскен жағдайды бәсеңдету қулығын істеп, «жалпы кешірім» дейтінін ортаға қойып, Шың Шысай қамаған қылмыстылардан 700-ден артық партиясыз қылмыстыларды бірнеше топқа бөліп, түрмеден шығара бастады. Сол қатарда Ахметжан Қасими қатарлы адамдар да босатылып, 1944 жылы қазан айының ортасында аэропланмен Құлжа қаласына қайтып келді»/35.

Ахметжан Қасимидың кысқаша тарихы, міне, осылай. Ал, осыдан кейін ол қайда болды? Не істеді? Енді мына деректерге назар аударыңыз: «1944 жылы қазанда Үрімжіден Құлжаға ұшып келген Ахметжан Қасими келе сала-ақ «Азат Шығыс Түркістан» газетіне қызметке алынды. Онда бір ай қызмет еткеннен кейін 1944 жылы қараша айының аяқ шенінде ол газет мекемесінен Шығыс Түркістан республикасының орталық үкіметіне ауыстырылды. Келе сала-ақ үкіметтің ұйымдастыру бөлімін басқарды. 1945 жылы Ахметжан Қасими орталық үкіметтің жауапты хатшысының орынбасары болып тағайындалды. 1945 жылы 12-қаңтарда үкімет мүшелерінің 4 реткі қарары бойынша орталық үкімет әскери бөлімінің бастығы болып тағайындалды... 1945 жылы 2-қыркүйектегі орталық үкіметтің 88 реткі жиынының қаулысы бойынша оған полковник шені берілді. 1945 жылы 2-қазандағы Шығыс Түркістан республикасы орталық үкімет мүшелерінің 100 реткі мәжілісінде Гоминдаң үкіметімен бейбіт кеңес өткізу лайық көрілді. Мәжілісте кеңеске қатынасатын Рақымжан Сабырхажиев (үйірме бастығы), Әбілқайыр төре (үйірме мүшесі), Ахметжан Қасими (үйірме мүшесі) үкіметтің өкілдер үйірмесі болып ұйымдастырылды. Және бұл өкілдерді Шығыс Түркістан республикасы үкіметінің Гоминдаң үкіметімен кеңес өткізетін толық құқты толымдылыққа ие өкілдері етіп қаулыдан өткізді» /36.

Міне, көріп отырсыздар, 1944 жылы қазанда Үрімжідегі Құлжаға аэропланмен ұшып келген Ахметжан Қасими не бары бір-ақ жыл ішінде Шығыс Түркістан республикасы үкіметінің тізгінін өз қолына алып, оның толық құқты өкілі болып шыға келді. Тарихи деректерге жүгінетін болсақ, 1940 жылы қаңтарда Алтайдың Көктоғай, Шіңгіл аудандарында Есімхан, Ырысхан, Ақтекелер бастап, Гоминдаң үкіметіне қарсы қарулы көтеріліс жасаған кезде Ахметжан Қасими кайда еді? Ол кезде ол Кеңес Одағының Өзбекстан одақтас республикасында, Наманган қаласында орта техникумда оқытушы болатын. 1940 жылдың күзінде Алтайдың Көктоғай ауданынан Оспан батыр шығып, Гоминдаң армиясына қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастыра бастағанда Ахметжан қайда еді? Ол 1940 жылы Құлжадағы туыстарынан хат-хабар алып, отанға қайтуды ойластыра бастаған. Қытайдағы елдің хал-жағдайы, Гоминдаң үкіметінің халыққа салған зұлматы, оларға қарсы қарулы көтеріліс жасау, Шығыс Түркістан республикасы дегендер оның үш ұйықтаса ойына кіріп шықпаған нәрселер еді. Оның үстіне Наманганда жатып, Қытайдағы Құлжа қаласындағы туыстарын аңсауы деген де бос сөз болатын. Егер ол шындыққа аздап жанасады деп қарасақ, Ахметжан Қасими өзі өсіп-өнген Жаркент ауданымен шекаралас, іргеде тұрған Қорғас, Құлжа шекарасынан өтпей, алыстан орап, салтанатпен барып, Шәуешек шекарасынан өтетін жөні де жоқ еді.

Ахметжан Қасими деген адамның Шығыс Түркістан республикасы үкіметінің төрағасы Әлихан төренің өкшесін басып, үкіметтің барлық ісіне араласып жүрген бұл «көсемнің» шын кеспірінің кім екенін енді ашып айтып жатпасақ та зерделі оқырмандар өздері де түсініп отырған шығар деген ойдамыз.

Сол кезде Шығыс Түркістан республикасы үкіметінде Ахметжан Қасимиден кейін немесе Ахметжан Қасимимен тең тұратын, кейде тіпті онан күшті деп есептелетін тағы бір адам болды. Ол – Ысқақбек Мононов еді. Ысқақбек Мононов бүкіл Шығыс Түркістан армиясының қолбасшысы болып, үкіметтің қарулы күшін басқарды. Шығыс Түркістан республикасындағы жалғыз Әлихан төреден кейінгі жоғары әскери атақ генерал-лейтенант шені соған ғана берілді. Шығыс Түркістан республикасы үкіметінің төрағасы Әлихан төренің жауға қарсы қолданатын барлық қарулы армиясын басқарып отырған сол генералдың арғы тегі қандай адам еді? Енді соған біраз назар салып көрейік.

Осыдан елу, яки алпыс жыл бұрынғы тарих жөнінде көп адамдар бүгін де мүлде хабарсыз. Әсіресе, Шығыс Түркістан республикасына қатысты Ахметжан Қасими, Ысқақбек Мононов қатарлылар туралы Кеңес Одағы мен Қытай коммунистерінің айтқанынан асып, нақ шындықты білетін адамдар тіпті жоқтың қасы. Ахметжан Қасими деген дана басшы, ұлттық көсем, Ысқақбек Мононов деген керемет қолбасшы, генерал-лейтенант деген жақсы атаққа ғана мәз. Бұл мүлде тарихтан хабарсыздықтың белгісі. Сөзімізді дәлелдеу үшін біз енді генерал-лейтенант Ысқақбек Мононов жөнінде де азырақ аялдай кеткеніміз жөн сияқты. Ескерте кететін бір жайт – біз Ысқақбек жөнінде тоқталғанда да ол туралы деректер мен мәліметтерді түгелдей Қытай жазбаларынан келтіреміз.

Ысқақбек Мононов деген адамның қайда туып, қайда өскендігі жөнінде Қытай жазбаларында мынадай мәліметтер келтіріледі: «Ысқақбек Мононов 1902 жылы Қашқария аймағында, Қызылбой ауданында, Сымхана ауылының Қосетек деген жерінде, орта шаруа отбасында дүниеге келген. Оның үлкен әкесі Монон қажы алға басар, беделді адам болып, ол қажыға бару сапарында бірнеше мемлекетті аралап, көп істерді көрген. Ысқақбекті оқытып, жарамды адам етіп шығаруға ерекше назар аударған. Және сол мақсатпен өз жерінде арнайы мектеп салдырып, қырғыз, ұйғыр балаларын оқытқан. Әрі қабілетті, жарамды мұғалімдерді, молдаларды таңдап алған. Монон қажы шаруашылықты көзден кешірген, аңға шыққан кездерінде Ысқақбекті де ерте баратын. Ысқақбек жастайынан қару ұстауға қатты қызыққандықтан көп өтпей-ақ мерген болып жетілген.

Монон қажының Кеңестік Қырғызстан Республикасымен сауда-саттық және тағы басқа да қарым-қатынасы болғандықтан онда таныс-білістері де недәуір көп болатын. Мононов қажы Қырғызстанға көп рет барып, ондағы ұлы Қазан социалистік төңкерісінің қырғыз ұлтына әперген жемістері мен қырғыз, ұйғыр ұрпақтарының мектептерде ғылым үйреніп, зор дамушылықтарға ие болғанын көзімен көреді. Сонымен, 1929 жылы Еркештам арқылы Ысқақбекті Фрунзе қаласына жібереді. Ол Фрунзеде үш жылдан артық уақыт оқып, орта мектеп мағлұматына ие болады. 1932 жылы оқу тауысып отанға оралады.

Осы кезде Кеңес үкіметінің достық көмегімен Шынжаңда демократиялық дамушылықтар болып, жастар топ-тобымен Кеңес Одағына оқуға аттандырылып жатқан болатын. Осы тұста жұртшылықтың қолдауымен және Шың Шысайдың бекітуімен жас Ысқақбек Қызылбойға әкім болып тағайындалады»/37.

Ол Шың Шысай үкіметінің тапсырған қызметтерін жанын салып істейді. Үкімет қайда жұмсаса, соған барады. Кімді жоғалтып, кімді құртуға тура келсе бәрінен де бас тартпайды. Әуелі ол Шың Шысайдың бұйрығымен сол жылдары Қашқарда құрылған Шығыс Түркістан Ислам республикасының ордасын ойрандап, оның басшыларының түгел басын алуға дейін барады. Бұл жөнінде біз жоғарыда қысқаша айтып кеттік.

Міне, осылайша Ысқақбек Мононов Кеңес Одағынан қайтып келгеннен кейін Шың Шысай үкіметіне жағады да әкімдік мансапқа отырып, Шың Шысайдың Қашқардағы қолшоқпары болып міндет атқарады. 1935 жылы Шың Шысайдың бұйрығымен әкімдігін тастап, әскери мансапқа отырып, Кеңес Одағынан әскери мансаптылар, ақылшылар алдырып, дін мұсылман қауымы қызыл қандарын төгіп әрең қолға келтіріп, тілеуін тілеп отырған жас Ислам республикасын жөргегінде тұншықтырып, күлін көкке ұшырып, Қашқар өлкесін мұсылман жауынгерлердің қып-қызыл қанына бояйды. Генерал-лейтенант ЬІсқақбектің 1935 жылы қандай қаһарман болғандығы, міне, осылай. Міне, керек болса...

Ысқақбек Мононовтың мансаптың ғана соңына түскен құлқынның құлы екенін дәлелдейтін мына екі фактіге тағы да назар аударып көріңіздер. 1935 жылы бригада командирі болып тұрған Ысқақбек алдымен Шығыс Түркістан республикасының тоз-тозын шығарып, құртып болады да, онан соң Шың Шысай үкіметінің бұйрығы бойынша Қашқардағы Ма Зыхұй қосынын тағы да өз қолымен жоғалтады. Мұндай кезде ол Ма Зыхұй қосыны кеше ғана Шығыс Түркістан республикасымен жауласып, оның әскери қолбасшысы Темірді алдап өлтіріп, басын Ейткар мешітінің алдына іліп берген одақтасым еді, енді олармен қалайша соғысамын деп ойланып жатпайды. Қожасы не айтса соны атқарады. Қытай жазбаларындағы мына бір деректі назарларынызға ұсынудың өзі-ақ жеткілікті болар. Онда былай делінеді: «Сол кездегі мүшкіл жағдайдың қажетімен, Қашқар халқының көкейтесті тілегіне сай оңтүстікті Ма Зыхұй әскерінін апатынан құтылдырып, Қашқар, Қотан аймақтарын бейбіт күнге жеткізу – кезек күттірмейтін маңызды мәселе болатын. Көп өтпей Шың Шысайдан Ма Зыхұйға Жаркент арқылы Қотанға барып тұру жөнінде хабарландыру келді. Бұл бір айлакерлік тәсіл болатын. Сондықтан бұларды дәреже-дәреже бойынша бөлшектеп жою жоспары күн бұрын жасырын түрде дайындалып қойған еді. Жаң фамилиялы қолбасшы (Шың Шысайдың сенімді адамы -Ж.С.) және бригада командирі Ысқақбек Ма Зыхұй мен оның әскери мансаптыларын Иұмалақ қалаға қонақасыға шақырып алды да, оларды салтанатты қонақасы үстінде тып-типыл етіп құртып жіберді. Ма Зыхұйдың әскерлері аздаған офицерлерінің қолбасшылығында Иыңысардан қашып, Еміт сайына барып жеткенде танк, аэропландар арқылы тұтқиыл жасалған шабуылда түгелімен жойылды. Танк бөліміне ол кезде полковник Лескин қолбасшылық етті»38/.

Көріп отырсыздар ғой, Шынжаң халқының қызыл қанын судай ағызған Шың Шысайға жағып, алғашында әкім болып, соңынан бригада командирі болып тағайындалған Ысқақбек Мононов қашан да өз қожасының айтқанын екі етіп көрген жоқ. Шың Шысай кімді жоғалт десе соны жоғалтты. Кімді өлтір десе, соның басын алып беріп отырды. Шың Шысайдың құрбандығы болғалы отырған қандай адам? Адал адам ба? Арам адам ба? Жақсы адам ба? Жаман адам ба? Ол жөнінде биттей ойланып жатпады. Мұсылман ба? Кәпір ме? Қырғыз ба? Қытай ма? Ұйғыр ма? Дүнген бе? Оны да пәруәйіне келтірмеді.

Тарихтан белгілі, азаттық, бостандық іздеген халық өзінің әділетті күресін еш уақытта тоқтатып көрген емес. Шығыс Түркістан халқы да солай істеді. Бірі жығылса, қалғандары орнын басып күреске аттанды. 1935 жылы Ысқақбек қосыны жағынан тып-типыл етіліп жоғалтылды деп есептелінген Шығыс түркістаншылардың алдыңғы қырғыннан аман қалған топтары 1936 және 1937 жылдары Қашқарда тағы да арт-артынан көтерілістер жасады. Бұл жөнінде Қытай жазбаларында мынадай мәліметтер келтіріледі: «Бұл кезде Қашқарда Махмұт шыжаң (девизия командирі) кіші ахұн, Абдолла Нияздар бірігіп алып, ешкімге бой бермейтін әскери шонжарлар болып алған еді. Бұрын да олардың Сауыт дамолла тобымен құпия байланысы бар болатын. 1936 жылы Махмұт қарулы қозғалаң көтеріп, Күшар ауданына келді. Бұл реткі қарулы қозғалаңды жоюды да бригада командирі Ысқақбек міндетіне алып, оларды тез арада тізе бүктіріп, Қашқар мен Оңтүстік Шынжаң халқын тағы бір күйзелістен арашалап қалды. Махмұт өз жақындарын ілестіріп шетелге қашып кетті. Қотанда қалған қарулы бандылар Ысқақбек және қолбасы Жаң фамилиялылардың басшылық етуімен полковник Мәуленов бөлімдері жағынан бүкілдей жойылды. Қотан халқы Ма Хусанның үстемдігінен құтылып, бейбіт күнге жетті.

Алайда Сауыт дамолла, Махмұт шыжаңдар жағынан әскери бөлімге жасырын кіргізілген ат төбеліндей қара ниеттілер құқ тартып алу үшін 1937 жылы N-1 қырғыз полкінде кері төңкерістік әскери өзгеріс жасауға дайындық көру тобын құрды. Оған полк командирінін орынбасары Сыдықбек бастап Өмерахұн, Ешім, Жүніс қари қатарлы бірнеше эскадрон командирлері қатынасты. Олар әскери өзгеріс жасауға дайындалып жатқан кезде бригада командирі Ысқақбек пен кеңесші Бағдасаров Сарықол шекарасы және ондағы шекара қорғаныс бөлімдерін тексеріп қайтуға кеткен болатын. Орайын пайдаланған Сыдықбектер Жүніс қари кезекші болған түні полк командирі Шірметті үйінен алдап шақырып шығып, оны жаттығу алаңында атып тастайды. Онан соң эскадрон, взвод командирлерін бес бөлмелі терең жер кепеге әкеліп қамайды. (Қамалғандардың ішінде қазіргі 4-дивизияның құрылыс комиссары Мәметов Құрбан да бар). Әскери өзгеріс жасаушылар оқ-дәрі, қару-жарақтарды және болып жатқан оқиғадан бейхабар әскерлерді түгелдей алып кетеді. Таң атып қалғандықтан олар бірінші және екінші камерадағы офицерлерді өлтіруге үлгірмей полк казармасынан шыға қашады. Оларды полк қожалық бөлімінің бастығы Ырсалат пен Тұрдыш бастап кетеді. Камерадағы 20 неше офицер өлімнен аман қалады. Ал, қашып кеткен бас кесерлер Қашқардағы Үндістан консулы арқылы Англия жиянгерлігімен бұрыннан тартып тіл біріктіріп жүрген қара ниеттер болғандықтан, олар қожайындарының жол көрсетуімен жасырын әрекеттеніп келген. Бірақ әскери өзгеріс, аяусыз қырып-жою жиянгерлердің көрсеткен уағында жүргізілмегендіктен оны Үндістан консулы мойындамай, бандылардың басшыларын консулханадан айдап шығарған. Таңертең Қашқар аймақтық сақшы мекемесінің қарулы сақшылары дереу шара көріп, N-1 және N-2 түрмедегі аман қалған офицерлерді босатып алған. Штабтан Ысқақбек пен Бағдасаровты шақырып келуге адам жіберсе, жіберген адам оларды таба алмай қайтып келеді. Жаңа шәріге енді орналасқан Жаң фамилиялы қолбасшының бір бөлім әскерлері де Иұмалақ қалаға келеді. Штаб казармасының жаттығу алаңында биік қарауыл орны бар болатын. Кеңесші Подлов оған бір қол пулемет пен бірнеше гранатты алып шығып аман қалады. Ал, үш бөлмелі камерада өлтірілгендердің арасында тірі қалған эскадрон командирі Қашаң, Молла Сауырлар еңбектеп шығып қатарға қосылады... Мұндай қанды қырғынды естіген кеңесші Кошкин Жаңа шәрідегі Жаң фамилиялы қолбасшының жанынан келіп, аман қалғандардан хал сұрап тұрғанда Жүніс қари, Сыдықбек дегендер үстіне костюм, басына қалпақ киіп, мойындарына галстук тағып, еш нәрседен хабарсыз жандай аяқ астынан кеңсеге кіріп келеді. Кошкин олардан: «Сендер осыншама оқиға болып жатқанда қайда жүрсіңдер?» - деп сұрағанда, олар қатты сасқалақтап, үйлеріне кеткендіктерін айтып күмілжиді. Кошкиннің бұйрығымен екі сатқын қамаққа алынып, 1937 жылы сәуірде аймақтық сақшы мекемесіне тапсырылады.

Байланысшылар таба алмай кеткен күннің ертесі бригада командирі Ысқақбек және Бағдасаров бас штабқа қайтып келеді. Ысқақбек ахуалды ішкерілей ұғысымен-ақ Жаң фамилиялы қолбасшымен ақылдасу үшін дереу жаңа шәріге аттанады. Қашып кеткен бандыларды жою, адасқандарды қайтарып әкелу үшін бригада командирінен қару сұрағанда, ол оларға екі пулемет, 20 мылтық, бір аэроплан белгісін береді. Полковник тәжік Замор бастауындағы 831-ұйғыр полкі мен 38-қытай полкі бандылардың соңынан қуады. Аймақтық сақшы бөлімдері де қуалай шығады. 1-қырғыз полкінен аман қалғандар да сол полктің атымен ұйысып, ұрысқа аттанады. Сонымен, бригада командирі Ысқақбектің тікелей басшылығында бұл бөлімдер таулы райондарға таралып, бандыларды өкшелей қуады.

Бригада командирі өнімді шара қолданып, тау жолдарына қанық бір топ қырғыз жігіттерін тауып алып, солардың жол бастауымен Сарықол, Кетпентөбе, Қызылүй, Сымхана, Таспалы, Иыңысәр қатарлы орындарда бөлім бойынша қашқан және жасырынған жауды бір-бірлеп тауып, 250-дей адамы тірідей қолға түсіреді. 300-ден артық қару олжалайды. Сақшы бөлімдері жағынан 300-ден артық қашқын тірідей қолға түсіп, олардың қарулары да тапсырылып алынады. 31-полк пен 38-полк қашқындардан 600-ден артық адамды қолға түсіреді. Осы кезде Ырсалат пен Тұрдыш өздеріне жақын 31 адаммен Пакистанға қашып өтіп кетеді. Сонымен, қашқындардан бір мың 200-ден астам адам ұсталып, аймақтың сақшы мекемесіне тапсырылады»/39.

Ысқақбек Мононовтың 1935 жылы Қашқарда құрылған Шығыс Түркістан Ислам республикасын қалай құртып, қалай жоғалтатындығы жөніндегі нақтылы оқиғаның қысқаша мән-жайы осылай.

Бірақ Қашқарда құрылған Шығыс Түркістан Ислам республикасын осылайша тас-талқан етіп, күлін көкке ұшырып құртып бергенімен өз қожасына, яғни Шың Шысай үкіметіне ақыры Ысқақбек те жақпай қалды. 1940 жылы совет-герман соғысы басталды да Шың Шысай мен Кеңес Одағының арасына үлкен жік түскеннен кейін Шың Шысай бұрын өзі қолшоқпар қып ұстап, көрінген жерге сілтеп келген коммунистерді, шпиондарды шетінен тізіп ұстап, қамаққа алып, атып-шауып, Чан Кайши үкіметіне жағына бастады. Сол қатарда Ысқақбекті Қашқардағы қарулы қосынынан қол үздіру мақсатымен Ілеге ауыстырып әкелді. 1940 жылы сәуірде Ысқақбек Ілеге келіп, ондағы қазақ-қырғыз ұйымының төрағасы болып міндет атқарды. Бірақ ол Іледе ұзақ тұра алмады. Бұл жөнінде Қытай жазбаларында былай деп жазылады: «Шың Шысайдың шпиондық органдары жағынан өзіне тықыр таянғанын аңғарған қырағы Ысқақбек Кеңес Одағына жасырын өтіп кетудің дайындығына кірісті. 1942 жылы маусымда кіші ұлын және сенімді қорғаушысы Ахметті ертіп, Кеңес Одағына өтіп кетті. Ошта қызу қарсы алынды. Ысқақбектің аты ондағыларға таныс болатын. Өйткені, Кеңес Одағы мен Қытайдың Еркештамдағы шекарасы тұрақтандырылғанда Монон қажының бір топ туыстары шекараның Кеңес жағында қалып қойғандықтан, кеңес адамы болып орнығып қалған. Монон қажының туысы Қойшыбай да Шың Шысайдың қақпанына түспеу үшін бұрын Фрунзеге қашып барған болатын. Қойшыбай Ошта қадірлі досымен кезігіп, оны Фрунзеге алып кетеді. Ысқақбектің тапсыруы бойынша Қойшыбай мен Арзыкүл деген адам Сымхананың өр жағындағы бөгеттен жасырын өтіп, сол түні Ысқақбектің бүкіл отбасын көшіріп әкетеді. Оның ең адал сүйікті зайыбы Тұрғанбүбі Кеңес Одағының Үрімжідегі консулы арқылы Ілеге жеткізіліп, онан Фрунзеге шығып кетті. Бірінші әйелі Гүлиді Шың Шысайдың қолшоқпары Тоқтамыш Ақсуға әкім болған құқынан пайдаланып, зорлықпен әйелдікке алып, Ақсуға әкетті»/40.

Зер салып қарасаңыздар, Ысқақбек Мононов бригада командирі кезінде 1935 жылы Қашқарда құрылған Шығыс Түркістан Ислам республикасын Шың Шысайдың бұйрығымен тып-типыл құртып, алдын Ауғанстан асырып жіберіп, артының сүйегін Қашқар қаласына дейін өңгеріп әкеліп, өзі құлдық ұрған Гоминдаң үкіметіне тапсырып береді де, енді он жылдан кейін биттей шімірікпестен Іледе құрылған, сол Гоминдаң кертартпашыларына соғыс жариялаған Шығыс Түркістан республикасында генерал-лейтенант шенді қолбасшы болып қызмет етеді.

Шығыс Түркістан республикасы үкіметінің негізгі басшылық құрамы осындай болғандықтан бұлардан осыдан басқа ешқандай нәтиже күту мүмкін емес еді. Кеңес Одағы және Қытай сынды екі үлкен мемлекет өз мүдделері жолында бірлесіп алды да, Шығыс Түркістан деген республика өз жайына қалды. Енді оның қуыршақ бастықтары екі қожайынның ортасында қалып, екеуіне кезек жалпақтап, айтқандарын бұлжытпай орындамасқа шарасы болмады. Сөйтіп, олар осы жолғы келісім арқылы Шығыс Түркістан республикасын жоғалтып, оны Қытай үкіметінің қол астына бағындырып беріп бір-ақ тынды. Бұл жөнінде Қытай жазбаларында мынадай деректер беріледі: «Шығыс Түркістан үкіметі 11 тармақты бітімге бойұсынып, оны іс жүзінде орындау үшін 1946 жылы 27-маусымдағы 324 реткі үкімет мүшелерінің жиынында Гоминдаң үкіметімен болған кеңес шешіліп, Гоминдаң үкіметі өкілдері мен Шығыс Түркістан үкіметі өкілдері бірігіп, өлкелік уақыттық бірлескен үкімет ұйымдастырғандықтан осы күнге дейін айтылып келген Шығыс Түркістан республикасының басқаруы 1946 жылы мамырдан бастап, Іле аймақтық кеңес деп өзгертілсін. Жалпы сайлам жүргізгенге дейін Іле аймақтық кеңестің төрағалығына Әкімбек қожа, орынбасарлығына Әбілқайыр төре, Әнуар Мұсабаев, хатшылыққа Уаққас қажы, кеңес мүшелігіне 35 адам тағайындалсын» - деп қаулы етілді. Бітімге сай Алтай, Тарбағатай уәли мекемелерін, меңгермелерін аймақтық мекемелерге өзгертіп құру, аудандық мекемелердің барлық тарауларын сол күннен бастап өзгертіп құру қаулы етілді. Шығыс Түркістан республикасының органы «Азат Шығыс Түркістан газеті» Іле аймақтық уәли мекемесінің органы болып өзгертіліп, Асхат Ысқақов жауапты редактор болып тағайындалды.

Шығыс Түркістан республикасы үкіметінің соңғы тағдырының бұлай бет алуына Әлихан төре разы болмады. Ол шамасы келсе осы Ислам республикасын сақтап қалуға тырысты. Тарихи фактілерге жүгінетін болсақ, Әлихан төренің бұл жағындағы сіңірген еңбегі көп екеніне көз жеткіземіз. Ол

өзі билік басында отырған кезде-ақ Ахметжан Қасими бастаған кеңесшіл адамдардың Шығыс Түркістан республикасын сатып жібермек болған екі беткей пиғылын біліп, түсініп отырды. Сол үшін оларға қарсы астыртын жұмыстар істеді.

1945 жылы қыркүйектің 20-ы мөлшерінде Әлихан төре, Ахметжан Қасими қатарлы Шығыс Түркістан республикасының басшылары Құлжадан Алтайға келіп, он неше күн тұрып қайтады. Осы кезде Ахметжан Алтайдағы әр ұлт, әр сала халқымен бірнеше рет кеңес өткізіп, бұқаралық жиындар ашып, Алтай төңкерісі үш аймақ төңкерісінің бір бөлегі деп қаралатынын, Алтай әкімшілік мекемесін құрып, оның Кұлжадағы уақыттық үкіметтің басшылығына бойұсынатындығын және оның құрамындағы негізгі басшылардың есімдігін жариялайды. Бұл жыйынға Оспан батырды ерекше ұсыныспен шақыртады. Әлихан төре мен Ахметжан Қасимидың Алтайға келуінде екеуінде екі түрлі мақсат болады. Ахметжан Қасими Алтайды өз қолына қарату үшін алдымен Оспан батырды шырғалап қолға түсірмек болады. Ал, Әлихан төре болса Оспанмен оңаша сөйлесіп, оны өз жағына тартып, Кеңес Одағының шеңгеліне түсіп, жоғалып құрып бара жатқан Шығыс Түркістан республикасын Оспанмен бірлесе отырып, құтқарып қалмақ болады. Бірақ Оспан Әлихан төрені де Ахметжан Қасимилер сияқты Кеңес Одағының жіберген қуыршақ бастықтары деп санап, онымен кездесуге қызықпайды. Бірақ кейін 1946 жылы наурыз айында Әлихан төрені түсіне бастаған Оспан батыр оған арнаулы адам жіберіп, хат жолдайды. Және сол жылы мамыр айының 20-ы мөлшерінде Әлихан төренің өзіне жазған хатын тапсырып алады.

Әлихан төре осы тұста Сауаннан шыққан Қалибек, Такіман тобымен де қарым-қатынас жасауға ұмтылып көреді. Алтайдан Оспан, Сауаннан Қалибек, Үрімжіден Жанымхан, Құлжадан Әлихан төре болып, Шығыс Түркістан республикасын қорғап қалуға, коммунизммен аянбай күресуге бел байлайды.

Бірақ Әлихан төре ештеңе де бітіре алмайды. Оның жүрген-тұрғанын аңдып, басқан ізіне шөп салып жүрген Кеңес Одағы үкіметі кейін оған қатты көңіл бөле бастайды. Оның кейінгі кездегі сөз-әрекеттерінен қатты сескенеді. Сондықтан Кеңес Одағы Әлихан төрені 1946 жылы мамыр айында үкімет басынан жасырын түрде алып тастады. Бір-ақ түнде жоқ болып шыққан Әлихан төренің қайда кеткенін ешкім де білмей калады. Үкімет адамдары оны Құлжаның Арасан деген жерінде демалып жатыр деп, бұқараны бір мезет алдап келді де уақыт ұзарған сайын ұмыттырып, сол беті үндемей қалып қойды.

Өзінің Құлжа қаласынан қалай кеткендігі жөнінде, өмірінің соңғы кезінде, Ташкент қаласындағы Қадыри деген базардың күншығыс жағындағы бір тар көшеде тұратын Әлихан төре бір тілшіге былай деген еді: «Мен Шығыс Түркістан республикасы үкіметінің төрағасы әрі армия маршалы болдым. Менің сол кездегі мақсатым – тәуелсіз Шығыс Түркістан республикасын құру еді. Кеңес Одағының соғыста көп көмек бергені рас. Бірақ кейін шұғыл бұрылыс жасалды. Гоминдаң үкіметімен бейбіт келісім жасай бастағанда-ақ ниеттері белгілі болды. Осыған қарап менің де пейілім бұзылды. Соғыстың Манас шекарасынан ары бармай тоқтап қалатынын да білдім. Сол үшін басқа шара іздедім. Алтайдағы Оспан батырға, Сауан бойындағы Қалибек батырға кісі жібердім. Солармен бірлесіп, ынтымақтасуды мақсат еттім Солардың күшімен Шығыс Түркістан Ислам республикасын аман сақтап қалуды ойладым. Бірақ уақыт, жағдай оған жар бермеді. Аяғы өзімді де үкімет басынан тайдырып әкетті.

Бір күні кешке тамақ ішіп болып, үйімде демалып отыр едім. Күн батып бара жатқан кез болатын. Бір полковник жетіп келді де: «Өте тығыз жұмыс шығып қалды. Үкімет кеңсесіне тез жүре қойыңыз», - деді. Кителімді кидім де сыртқа шықтым. Машинада алдыда бір полковник, сол жақ орындықта бір полковник отыр екен. Мен артқы орындыққа келіп отырдым. Оң жағымнан жаңағы полковник келіп жайғасты. Мен күнде осылай жүретінмін. Машина қозғалды да үкімет үйіне қарай жүрді. Үш қақпаның үлкен жолына келгенде, қара жолға шыққаннан кейін оң жақта үкімет үйі болушы еді. Сол араға барғанда машина оңға бұрылмады. Солға қарай бұрылды. Бұл жол Кеңес Одағынан бір-ақ шығады. «Жігіттер, үкімет үйі былай қалды ғой», – деп едім, әлгілердің біреуі: «Қария, бұйрық осы, енді түзу отырыңыз», – деді. Сөйтті де қалтамда кішкене наганым болушы еді, соны суырып алды. Содан Жаркенттен бір-ақ шығарды. Жаркентте ұшақ тосып тұр екен. Соған отырғызды да Өзбекстанның бір жеріне әкеліп түсірді. Сонымен осы арадағы бір мешітті тапсырып, тыным қылды... 1950 жылдардың орта шеніне дейін осы мешітте имам болып тұрдым. Құлжада Қадырихан бағының қасындағы үлкен қорада әйелім мен балаларым қалған болатын. Үкімет оларға да қамкорлық жасап тұрды. 1956 жылы бері өткізіп берді».

Әлихан төрені осылайша жоғалтып, көңілдері орнына түскеннен кейін Кеңес Одағы мен Қытай үкіметінің ішкі келісімі арқылы 1946 жылы шілденің бірінші жұлдызында Шынжаңның жаңа өлкелік үкіметі құрылды. Нанжиң үкіметінін бақылау палатасының бастығы Үй-Ию-рін Үрімжіге келіп, жаңа үкіметтің қасам беру жиынына қатынасып, бақылаушылық етті.

Үкімет жалпы 25 мүшеден құрам тапты. Осының сегізі үш аймақ жағынан, одан басқалары Үрімжі, Қашқар, Қарашәрі, Құмыл, Ақсу, Жаркент, Қотан сынды аймақтан көрсетілді. Бұлардың ішінде не бары үш-ақ қазақ болды. Өлкелік үкіметтің бас хатшысының орынбасарлығына Сәлісті, денсаулық сақтау меңгермесінің меңгерушісіне Сүгірбайұлы Дәлелханды белгіледі. Халықты бастап неше жыл қан кешкен әйгілі Оспан батырды өлкелік үкіметтің мүшесі деп қана атады. Өлкелік үкіметтің төрағасы Жаң Жыжұң, орынбасарлары: Ахметжан Қасими, Бұрһан Шаһиди болып тағайындалды.

Гоминдаң, яғни Чан Кайши үкіметі үшін бұл алғашқы адымдағы жеңіс еді. Олар осы жеңісті онан ары бекемдеп, нығайтуды ойлап, Шығыс Түркістан үкіметі басшыларының арасынан бір тобын өздеріне тартуға күш салып бақты.

1946 жылы Нанжиң үкіметі мемлекеттік халық құрылтайын шақырды. Бұған Шынжаңнан баратын 18 өкілдің жетеуін үш аймақ жақтан белгіледі. Олар өлкелік үкімет төрағасының орынбасары Ахметжан Қасими, өлкелік үкіметтің бас хатшысының орынбасары Әбдікерім Аббасов және Әнуар Салжан, Хамит Сұлтан, Абілахат Махсұм, Керім Ажы, Зия қатарлы жеті адам болды. Қалған 11 адам жеті аймақтан болып, олар: Қадуан, Әмина, Айса, У Жыңбын, Чау Жапо, Мұхаммет Емен, Жау Жанфиң қатарлылар.

Нанжиң үкіметінің шақыруымен жолға шыққан Шынжаң өкілдер үйірмесі 1946 жылы қарашаның 19-жұлдызында аэроплан арқылы Шанхайға жетеді де қарашының 22-і күні пойызбен Нанжиңге барады.

Нанжиң үкіметі Шынжаңнан барған өкілдерге, соның ішінде Шығыс Түркістан үкіметінің өкілдеріне ерекше жалбырақтап, оларды әр түрлі айла-шарғылармен өзіне тартып, сатып алудың амалын қарастырады. Бұл жөнінде мынадай деректерді дәлел етуге болады: «Төрағаның орынбасары Ахметжан Қасими Дихуға (Үрімжіге) қайтып келгеннен кейін кезіккен адамның бәріне өздерінің бұл рет ішкі Қытайға барғанда ерекше жақсы қарсы алынғанын, сонымен бірге орталық үкіметтің төтенше көңіл бөліп, құрметтеп, қадірлегенін әңгімелеп берді. Әсіресе, Чаң Кайшидың өзін бірнеше рет қабылдағанын, Жияң Жыңгоның (Чан Кайшидың ұлы – Ж.С.) көп рет іздеп келгенін, ортаға қойған мәселелерге қанағаттанарлық жауап ала алғанын, олардың бәрінің шын ықыласпен қарсы алғанына қарап, өздерінің Нанжиңге барардан бұрын мұндай боларын ойлап та көрмегенін айтқан. Сондықтан қайтып келгеннен кейін оның көңілі қуанышқа толып, өте шаттыққа бөленген»/41.

Нанжиң үкіметінің осы құрылтайына қатынасқан Шығыс Түркістан үкіметінің екінші өкілі Әбдікерім Аббасов. Сонау 1940 жылдарда, Шынжаң халқы «ов» дегеннің не екенін білмейтін кезде өзін Аббасов деп атап алған адамның қай жаққа тәуелді екенін айтып жатудың қажеті болмаса керек. Ахметжан Қасими сияқты Аббасов та Кеңес Одағының Шығыс Түркістан республикасына сыналап кіргізген адамдарының бірі еді. Аббасов жөніндегі бір кітапта былай деп жазылады: «Ол 1944 жылдың күз айларында марксшілдер тобының мүшесі Василий жолдастың жәрдемімен Кеңес Одағына барып, төнкеріске заттық жақтан жәрдем талап қылды. Кеңес үкіметі Қытай халық демократиялық төңкерісін қолдау тұрғысынан Әбдікерім Аббасовтың мұндай әділ талабын қолдады»/42.

Ал, 1946 жылы Нанжиң үкіметінін құрылтайына өкіл болып қатынасқан кезінде оны Чан Кайши үкіметімен бірге коммунистік Қытайдың басшылары да ебін тауып сатып алды. Қытай жазбаларындағы мына деректер соның айғағы. «Әбдікерім Аббасов 1946 жылы Ахметжан Қасимимен бірге Чан Кайши үкіметінің орталығы Нанжиңде ашылған ұлттық құрылтайға Шынжаңдағы аз ұлт өкілі болып барғанда коммунистік партияның Нанжиндегі өкілі Дұң Биумен танысқан болатын. Сонда Компартия Орталық Комитетінің өкілі, коммунист Пың Гоан жолдас Әбдікерім Аббасов жатқан үйдің артындағы бір ауызды үйге бір дана рациямен арнайы орналастырылған. Ол қарапайым киінген, ашық-жарқын, орта бойлы адам еді. Ол ұдайы Чан-әнмен (Қытай Компартиясы тұрған жер - Ж.С.) хабарласып тұратын»/43.

Сол Әбдікерім Аббасов деп аталған кеңесшіл, орысшыл элементтің ұйғырдың қара қас, қара көз қыздарына қарамай, сол кездегі мұсылманшылыққа берік ұйғыр халқының шарттарын бұза отырып, қытай қызына үйленгенін айтатын болсақ, енді оның Қытайдың шырғасына түсіл, қытайшыл болып шыққанына күмәнданудың қажеті бола қоймас.

Шығыс Түркістан республикасынын үкімет басшыларын осылайша сатып алу да Қытай үкіметін толық қанағаттандыра алған жоқ. Қытай үшін Шығыс Түркістан деп аталып отырған бүкіл Шынжаң жері тұтасымен қажет еді. Ал, өздеріне қанша сенімділік білдірсе де Шынжаңды Шығыс түркістаншыл, кеңесшіл адамдарға сеніп тапсыру қиын екені белгілі. Сондықтан олар өздерінің ертеңгі болашағы үшін қажет болатын ең сенімді басқа адамдар іздеуге мәжбүр болды. Бұл жөнінде генерал Жан Жыжұң былай деп жазады: «Мен өз орныма кімді қою жөнінде ұзақ ойландым. Алдымен Ахметжан және Бұрһан Шаһиди жөнінде талдау жүргіздім. Ахметжан жас, болашағы бар, қабілеті бар, бұқаралық негізі күшті. Бірақ ол үш аймақ төңкерісінің басшысы. Сонымен бірге, өлке ішіндегі радикалдардың жол басшысы. Шынжаңда бірнеше түрлі топ бар еді. Соның бірі - Ахметжан бастаған радикалдар тобы. Енді бірі - керқақпалар, яғни консервативтер тобы. Бұлар Мұхаммет Емен, Айса бастағандар. Радикалдар консервативтерді қытайлардың жалақшысы деп сөксе, консервативтер радикалдарды шетелдердің құйыршығы деп янаттайтын. Сонымен, енді Мәсіғұт жөнінде ойлануға тура келді. Ол Шынжанның бақылау органының мансаптысы болып, ұйғырлар ішінде абыройлы адам болатын. Шың Шысайға қарсы тұрғандығы себепті ішкі Қытайға қашып барып, орталықта он жылдан артық тұрып, Гоминдаң орталық үкімет мүшесі, Гоминдаң орталық үкіметінің бақылау органының алқа мүшесі қатарлы міндеттерді өтеген. Ол орталықтың жиындарында үнемі батыл, ашық пікірлер айтып, Шың Шысайды янаттаушы еді. Мен Нанжиңде Чан Кайшиге Шынжаң мәселесінен баяндама жасаған кезімде Чан Кайши оны ауызға алған және менен Шынжаңның тізгінін соған берсек қандай болар еді? - деп сұраған»/44.

Міне осылайша, 1947 жылы мамырдың 19 жұлдызында Мәсіғұттың Шынжаң өлкелік үкіметінің бастығы болуы жөніндегі Нанжиң үкіметінің бұйрығы жарияланды. Сөйтіп, Шынжаңның құқы Чан Кайши үкіметінің сенімді адамына тапсырылып, бәрінің де көңілі жай тапты. Бұған азды-көпті наразылық білдірсе де Ахметжан бастаған Шығыс Түркістан үкіметінің басшылары да өкпе-реніштен ары ештене істей алған жоқ.

Шынжаң тарихына көз жібергенде дәл осы кезде халық тағдырына жан-тәнімен күйініп, ел-жұрттың болашағын ойлап, сол үшін өздерінің басын бәй тігуге батылдық еткен қазақ жұртында екі-ақ адам болды. Оның бірі - жоғарыда атап өткеніміздей, әйгілі халық батыры - Оспан Сіләмұлы. Енді бірі - Қалибек Рақымбекұлы.

Шығыс Түркістан үкіметінің құрылуы және оның Гоминдаң кертартпа үкіметіне, Шың Шысайдың Шынжандағы үстемдігіне қарсы жойқын күшпен жасаған шабуылы Шынжандағы көзі ашық, көкірегі дана адамдарды түгел шаттандырмай қоймады. Шығыс Түркістан армиясының Алтай, Тарбағатай, Іле сынды үш өлкені толық азат етіп, енді Үрімжіге қарай шеру тартып, Манас өзенінің бойына дейін келгенін зор қуаныш деп есептеді. Ең алдымен, олар Шығыс Түркістан республикасы деп жарияланған жақсы есімге мәз болды. Онан соң Шығыс Түркістан үкіметінің мұсылман дінінің туын көтеріп шыққаны да халық көңіліне қатты ұнады. Өзінің мемлекет жалауының болуы, армияда өзінше әскери форма болуы да халықты өзіне қатты тартты. Шығыс Түркістан адамдарының қайда барса да ай, жұлдызды ақ туын көтеріп, дербес әскери форма киініп жүруі жұрт жүрегіне асқақ мерей бағыштады. Генерал Жаң Жыжұң Үрімжіге алғаш рет келген кезінде Шығыс Түркістан үкіметінің өкілдер үйірмесімен тұңғыш кезіккенін былай деп жазады: «Олар бұрынғысынша әскери форма киіп, жұлдызды кокарда белгілерін тағып жүре берді. Жалауы да сол тектес, асты жасыл, ай жұлдызды ақ жалау еді»/45.

Дәл осы себепті Шығыс Түркістан армиясы қайда барса да халықтың қызу қолдауына ие болды. Тіпті Шығыс Түркістан рсспубликасы армиясының аяғы әлі жетпеген жерлердегі халық бұқарасы өздіктерінен ұйымдасып, оларға сәйкесіп, Шың Шысай үкіметінің қарулы қолдарына ішкі жақтан соғыс ашты. Сондай батырлардың бірі - Алтайда Оспан батыр, Іледе Әкбар батыр, Сейт батырлардан кейін халықты қарулы күреске бастаған адам Қалибек Рахымбекұлы болды.

Қалибек Рахымбекұлы керейдің барқы руынан болып, Тарбағатай аймағының Алтын Еміл деген жерінде дүниеге келген. 1933 жылы Манас ауданына көшіп барып қоныстанған. 1951 жылдың соңынан бастап, шетелде өмір сүрген Қалибек Рахымбекұлы туралы кейін, әсіресе, батыс баспасөзі өте көп жазды. Оның ерлік еңбектеріне жоғары баға берді. Оның есімін құрметтеп ауызға алып, оны Қалибек хакім деп атап кетті.

Ал, бүгінгі күнде мұнан басқа Қалибек Рахымбекұлының Шынжаңдағы ұлт азаттық күресіне қосқан үлестері жөнінде шетел баспасөзінен де, Қытайдың өз баспасөзінен де тағы да көп дерек, толып жатқан мәліметтерді оқуға болады. Сөзімізді дәлелдеу үшін біз алдымен «Биік Түрік елі» басылымының 1986 жылы Стамбұлда жарияланған 9-кітабынан қазақшаға аударылып, Қазақстандағы «Жұлдыз» журналында басылған мәтіндерді оқып өтелік: «Үрімжі облысына қарасты Манас ауданына келгеннен кейін, яғни 25 жасынан бастап Қалибек хакім ұлт-азаттық қозғалысына белесене араласты. Алғашында бұл аудандағы көрнекті ұлтшылдардын бірі - Жүніс қажының көмекшісі қызметін атқарды. Құпия түрде құрылған «ұлтты қорғау ұйымын» ұйымдастырушылардың және оны басқарушылардың бірі болды. Бұл ұйымның нығаюына және оның ұлтшылдық қозғалысының жетекші орталығына айналуына қосқан Қалибек хакімнің үлкен үлесі бар. Қалибек хакімнің белсенді қызметін байқап қалған қытайлықтар оны үлкен мөлшерде ақшалай «айып» төлеуге мәжбүр етті. Қалибек хакіммен бірге ауыр дәрежеде ақшалай айып төлеген екінші адам - Мұхаметжан молда болды.

Арасында Мұхаметжан молда да бар бір топ ұлтшылдармен бірге Қалибек хакім де 1940 жылы тұтқынға алынады. Ол 18 ай түрмеде отырады. Ішінде Қалибек хакім де бар 300-ден астам түркістандық бірер мезгіл саяси тәрбиеге тартылады. Оларға арналып ертеңнен кешке дейіл саяси сабақ жүргізіледі. Яғни, қытайлар олардың «миын тазартуға» тырысады. Мұнан соң бұл топты біраз уақыт Шығыс Түркістанның оңтүстік өңірінде ұстайды.

18 ай қамауда болған соң Қалибек хакім қайтадан Манас ауданына жіберіледі. «Миы тазарды» деп табылғандықтан және Шың Шысайдың орыстармен арасы бұзылып, Орталық Қытаймен жақындасудың нәтижесінде орын алған әкімшілік өзгерістерге байланысты Манасқа келген Қалибек жергілікті басқармада қызмет атқарады.

Бірақ оның бұл қызметі ұзаққа бармайды. Ол қайтадан орталыққа, Үрімжіге шақырылады. Қалибек мұнда тағы да бір жыл тұтқында болады. Ақыры 1944 жылдың күзінде ол кері, еліне қайтарылады. Бұл жолы Қалибек хакім қазақ түріктері басшыларының бірі ретінде қайтадан бұрынғы қызметіне оралады.

1945 жылдың көктемінде Қалибек хакім Құлжада (Іледе) және Алтайда жалғасып жатқан ұлттық көтеріліске қолдау жасау мақсатымен қарулы күреске қатысу үшін дайындық жұмыстарына кіріседі. Бұл бағыттағы қажетті дайындықтан соң 1945 жылы 6 маусымда Қызыл өзен аңғарының батыс жағындағы қытай жасағына шабуыл жасап, ресми түрде қарулы соғыс бастайды»/46.

Қалибек ұйымдастырған қарулы көтеріліс Гоминдаң қосындарына өлтіре соққы береді де, Шығыс Түркістан армиясымен сәйкесе отырып, Сауан ауданын азат етеді. Шығыс Түркістан үкіметі Калибектің ұлт-азаттық күресі жолында сіңірген еңбегін жоғары бағалайды. Бұл жөнінде қытай жазба деректерінен мынадай фактілерді келтіруге болады: «1946 жылы маусымның 8-ші жұлдызында орта шығыс майдан штабында Еренқабырғада Сауан халқының азат болуына бір жыл толуына байланысты үлкен той жасалып, қазақ халқының салттық ойындары өткізілмек болды. Сондықтан түрлі өнерпаздарды алып, маусымның 10-ы күні Еренқабырғаға жетіп келу керек деген бұйрық келді. Бұл той халық пен армияның бірлесіп өткізетін тойы болмақ. N-4 қазақ бригадасынан бригада командирі Қайса бастаған 60 адам бір жамбы, бір ат тойлық дайындап, 50 биенің қымызын алып бардық. Бізді үш үйге орналастырып күтті. Тойға Еренқабырға бойынша 4 мыңнан астам адам жиналады (әскерлерден сырт).

Жиында Қазықан мен Қашқынбайға бірінші дәрежелі азаттық алтын ордені, Қанапияға екінші дәрежелі азаттық ордені, қалғандарына түгелдей батырлық ордені беріледі. Соңынан түрлі ұлттық ойындар өткізіледі. Балуан күресінде 4-бригаданың балуаны Ахметқали жүлдегер болып, адалдық медалы және бір жамбы сыйлық алды. Генерал-майор Палинов сөз сөйлеп, Іленің Нылқысынан асып келген Қазықандардың Сауан халқымен тізе қоса отырып, Қалибек, Такіманның бастауымен Сауан халқын Гоминдаңның үстемдігінен азат етіп, елеулі еңбек сіңіргендігін ерекше мадақтады. Осы байланыспен Қалибек және Такіманға «Халық каһарманы» деген орден беріп, Қалибекті Сауан ауданының әкімі, Такіманды Сауан аудандық сақшы мекемесінің бастығы етіп тағайындады».

Тойда өлең айтып өнер көрсеткен халық жыршысы Мағауия еріктілік медалын алды. Ақын Мағауия сол тойда былай деп жырлады:
Ілені қызыр шалған берекелі,

Думанды той боп жатыр мерекелі.

Нылқыдан сексен батыр асып келіп

Танылды бұл халыққа еңбектері.


Жеңіске жете берсін батырларым,

Еңбегін жыр етіңдер ақындарым.

Жаныңды халқың үшін құрбан қылып,

Беттескен жауды жеңіп тақымдадың.


Тағынған құтты болсын медалдарың,

Артса екен күннен күнге беделдерің,

Нылқыдан асып келген батырларым,

Көтеріп тастадыңдар ел аруағын/47...


Осы аяулы ақын Мағауия 1952 жылы Қалибек бандыларының тобына қатынасты деген атпен Тарбағатай түрмесіне қамалды. Қытай үкіметі оны әйел адам екен, артында бала-шағасы бар екен деген жоқ, өлім жазасына үкім етті де атып тастады.

Қалибектің Шығыс Түркістанның азаттығы жолында қалай үлес қосқаны жөнінде тағы да мынадай мәліметтер келтіруге болады: «Қалибек үш аймақ төңкерісі алғаш басталған кезде бір бөлім адамдарды бастап, тауға шығып алып, Гоминдаңға қарсы тұрған еді. Үш аймақ төңкерістік армиясы Шиху, Сауанды азат ету үшін соғысып жатқанда ол да бұларға сәйкесіп, соғыс бастап, елеулі есе қосқан болатын. Сондықтан, үш аймақ төңкерістік үкіметі Гоминдаңмен кеңес өткізіп, 11 тармақты келісімге қол қойғаннан кейін, оны Сауан ауданының әкімі етіп тағайындаған. Онан соң әуелі 1947 жылы өлкелік үкімет жағынан ашылған кеңес жиынына қатынасу үшін Тарбағатайдан баратын жеті өкілдің біреуі етіп жіберуді белгілеген болатын»/48.

Шығыс Түркістан үкіметінің Кеңес Одағы мен Гоминдаң үкіметінің шылауына түскеннен кейін, онан күткен бұрынғы үмітінің селге кетіп бара жатқанына көзі жеткен Қалибек сол кездің өзінде-ақ оларға ілесе берудің болашағы жоқ екенін сезеді де олардан ат кекілін кесісіп, бөлінуге қамдана бастайды. Олардың шақырған құрылтайына да барғысы келмейді. Бұл жөнінде Қытай жазбалары былай сөйлейді: «Сол жылы мамырда (1947 жылы) өкілдер үйірмесі көне Сауанға барып, Қалибекті шақыртса, ол денсаулығы жақсы емес деп таудан түсуге көнбей, орнына бала Қамзаны жібереді. Үрімжіге барғаннан кейін өкілдердің толымдылығын тексерген кезде бала Қамза мен Шиху Шағантоғай өкілдерінің толымдылығы жоқ деп қайтарып жібереді. Бұлардың орнына Сауаннан Өндірхан мыңбасы, Шихудан Низамиден, Шағантоғайдан Әбет мыңбасылар өкіл болды»/49.

Міне осылайша, Шығыс Түркістан мен генерал Жаң Жыжұң арасында келісімге қол қойылғаннан бастап, Оспан батыр, Қалибек бастаған адамдар мен Шығыс Түркістан республикасы үкіметінің арасы алшақтай береді. Шығыс Түркістан үкіметі алуан түрлі айла-шарғылармен оларды үгіттеп, өз қатарларына алмақ болады. Бірақ бұған Оспан да, Қалибек те көнбейді. Алған беттерінен қайтпайды. Түркияда шыққан «Биік Түрік елі» басылымының 1986 жылы Стамбулда жарияланған 9-кітабында бұл жөнінде былай деп өте анық жазады: «Әлихан төрені Кеңес үкіметі ұрлап алып кетіп, Шығыс Түркістан үкіметі қуыршақ үкіметке айналғаннан кейін Қалибек хакім де Оспан батыр сияқты оған қарсы күресті.

Өздеріне қарсы шыққан Қалибек хакімге Ахметжан Қасимидің басқаруындағы Шығыс Түркістанның қуыршақ үкіметі бір қатар алдамшы ұсыныстар жасап, оны алған бетінен қайтаруға тырысып бақты. Мысалы, оған Тарбағатай аймағының уәлилігі (губернаторлығы) ұсынылды. Кеңес Одағының Шәуешектегі (Тарбағатай аймағының орталығы) консулы өзі арнайы келіп, Қалибек хакімді үгіттеуге тырысты»/50.

Бұл шындықты қытай жазба деректері де жоққа шығармайды, қайта онан ары айқындай түседі. Шығыс Түркістан үкіметі басшыларының бірі - генерал-лейтенант Ысқақбектің Қалибекті қалай үгіттей барғандығы жөнінде бір материалға үңілсеңіз онан мынадай мәліметтерді көре аласыз. «1946 жылы жазда бас қолбасшы Ысқақбек подполковник Дамолла Разиев, капитан Жалал үшеуміз хал сұрау байланысымен кино қою тобын бастап, Сауан ауданына бардық. Ол кезде Сауан ауданының қызметін көзден кешіру қиын әрі қатерлі еді. Өйткені Қалибек, Такімандар Сауанды дербес районға айналдырып алған болатын. Олар бізді сақшы мекемесінің қонақ үйіне орналастырып, ондағы жұмысшы-қызметшілермен әңгімелесуімізді, ертесі аудан қалашығы бойынша жиын ашып, бұқарадан хал сұрауымызды мақұлдады. Бірақ кеште сақшы мекемесінің мансаптысы Такіман бізді қорғауды сылтауратып, бақылауға алды. Қонақ үйдің айналасынан ат дүбірі мен алуан түрлі дыбыстар естіліп, түнімен ұйықтай алмадық. Бәрімізде бір түрлі күдік пайда болды. Ертесі түске жақын әр ұлт халқынан, әскерлерден бірер мыңдай адам жиын майданына топталады. Таңертеңнен сол кезге дейін Такіман біз жатқан үйге әлсін-әлсін келіп, ғажайып сөздер айтып, қыр көрсетіп, бізден сыр тартумен болды. Олардың қорғаушылары бізге түнере қарасады. Жиын кезінде Қалибек: «Асқазаным ауырып тұр», – деп үстелге сүйеніп жатып алды. Бұдан соң әкім Қалибекті сөзге ұсыныс етіп едік, ол: «Сендер айтатын сөздерінді айтып болдыңдар ғой, маған және менің еліме ешқандай пайдасы жоқ. Қажет болғанда өзім-ақ сөйлесіп аламын», - деп бізге алая қарады. Біз түстен кейін сағат бестерде қайттық. Қоштасып коялық деп оның кеңсе, үйлерін іздесек ол бала-шағасы мен шабармандарын ертіп, әлдеқашан кетіп қалыпты»/51.

Сөйтіп, Қалибек бастаған Сауан елі қуыршақ Шығыс Түркістан үкіметінен мүлде қол үзіп, ат кекілін бір жолата кесісіп тынады. Екі жақ енді ашық түрде жауласуға өтеді. Бұл турасында Шынжаңда шыққан бір кітапта былай деп жазылады: «Бұл кезде үш аймақ төңкерістік үкіметі жоғарыдағы ахуалдардан хабар тауып, Қалибекке идеялық қызмет істеді. Тарбағатай аймағының орынбасар уәлиі Қасым ахүн, хатшы Сымайыл Ибраһимов, діни істер меңгермесінің ақылшысы Мұқаш молда қатарлыларды көптеген заттық бұйымдармен (шай, шекер, кездеме қатарлылар) хал сұрауға жіберіп, әңгіме еткізген болса да Қалибек бұған құлақ салмады. 1947 жылы шілде, тамыз айларына келгенде Қалибек асқынып, ашық-әшкере майданға шықты. Алдымен, ол көне Сауандағы малшыларды тауға көшіріп әкетті. Қазан айына келгенде Сауанның Қызыл деген жерінде 600 адамдық қосын дайындап, үш аймақ төңкерістік армиясымен соғысуға дайындалды»/52

Қалибек тобының ұлғайып, қосынының кемелденіп, күшейіп бара жатқанын көріп отырған үш аймақ үкіметі енді оларды құртып, түбегейлі жоғалтып жіберу үшін жаңа жоспарларға кіріседі. Бұл жөнінде Қытай жазбаларына жүгінетін болсақ, олардың сол кезде қандай дайындықтар жасағанына көзіміз жететін болады. «Үш аймақ жақтан тек Шиху жаяу әскерлері 1-полкі, Қобық 2-атты полкінің 4-батальоны бытыранқы түрде Шиху, Майтау, Янжіхай, Сандыхозы, Сауан қатарлы жерлерде тұратын. Қалибек тобы ерекше құтырынған кезде ұлттық армия қолбасшылық штабы 2-Іле жаяу әскер полкі және дербес зеңбірек батальонын Шихуға жөткеп келіп, 2-Іле жаяу әскер полкін Майтауға, зеңбірек батальоны мен Шиху жаяу әскер полкінің бытыранқы қосындарын жинап Янжіхайға орналастырды. Және бір батальон әскерді Сандыхозыға жіберді. 2-Іле жаяу әскер полкінің 2-батальонын кеңейтіп, Сауан атты полкі етіп құрып, Алауусұн, Шихаңзы төңірегіне орналастырды.

1947 жылы қарашада Қалибек, Такіман бастағандар мыңнан артық адам жинап, екі бағытқа бөлініп, Сауан мен Шихуға шабуыл жасады. Күйтүң мен Янжіхайдағы көпірге от қойып, қатынасты үзіп тастады. Қарашаның 18-жұлдызында Сандыхозыдағы ұлттық армия бөлімдеріне қоқан-лоққы жасап, оларды тізе бүгуге үндеді. Қалибек бастағандар Дөңті, Жетітам, Бөртүңке, Қазуан, Қызыл қатарлы жерлерде әрекет жасады. Такіман бастаған топтар Майтау, Байынгу, Ламамияу қатарлы жерлерді өз көлеміне алды.

Ұлттық армия қолбасшылық штабы Қалибек тобын жеріне жете түк қоймай тазалау үшін Шихуда алдыңғы шеп қолбасшылық штабын құрып, бандыларды үш бағыттан тиісіп жоғалту сынды соғыс жоспарын жасады.

Бірінші бағыт - Алауусұн, ПІихаңзы, Сауанда тұратын атты полктің 2-батальоны болып, олар Қызырбек, Дөңті деген жерлерге шабуыл жасауды өз үстілеріне алды. Сонымен бірге олардың Гоминдаң армиясымен қатынасын үзіп тастауға міндеттеді.

Екінші бағыт - Шиху 1-полкінің Янжіхайда тұратын күшейтілген батальоны болып, олар Бөртүңке арқылы Қорғас дариясының бағытына қарай ілгерілеп, Қалибек тобына батыстан соққы беруді міндетіне алды. Енді бір батальон Бөртүңке арқылы Қорғас өзені жаққа ілгерілеп, екі топ бандылардың арасына сыналып кіріп, оларды қақ ортадан бөліп тастап, Такіман бандыларына шығыс жақтан соққы беру міндетін үстілеріне алды.

Үшінші бағыт - 2-Іле жаяу әскер полкінің бір батальоны болып, олар Такіман бандыларын Майтау, Арасаннан қуып шығарып, шығысқа қарай беттетіп, екі топты бір-бірінен бөліп тастап, жеке-жеке қоршап жоғалтуға міндеттелді. Қалған бөлімдер запас күш болып, Янжіхай, Сауан, Майтау қатарлы жерлерде бұйрық күтіп тұрды»/53.

Кеңес Одағынан шыққан жаңа заман қаруларымен қаруланған, Кеңес-Герман соғысында болып, соғыс өнеріне әбден жетілген офицерлер басшылық еткен үш аймақ армиясы бұрын соғысқа қатынасып көрмеген жай бұқара үшін алдырмас қамал, қауіпті күш екендігі анық. Тұс-тұстан қамалап, жан-жақтан ұтылап қоршап келе жатқан күшті жау алдында Қалибек, Такіман бастаған аз ғана қарулы қол қатты қысылады. Шынжаң өлкелік үкіметінің Үрімжідегі Қаржы министрі Жанымқан және осы үкіметтің бас хатшысының орынбасары Сәліс арқылы Чан Кайши үкіметімен байланыс жасап, олардан көмек сұрайды. Жанымқан өлке ақшасынан 12 миллион доллар жәрдем атайды. Гоминдаң үкіметі де азды-көпті көмек беруге емеурін білдіреді. Сонымен, Қалибек Шығыс Түркістан тарихындағы түңғыш рет ұйымдастырылған 8-қазақ бригадасын құрып, дүниеге әкеледі.

Бірақ бұл қосын мұздай қаруланған үш аймақ армиясына төтеп беріп шыдамайды. Олармен әрең 20 күн шамасында ғана тіресіп тұрады да желтоқсанның 11-ші жұлдызындағы қатты соғыста жеңіліске ұшырап, Манас өзенінің батысынан жол тауып, Еренқабырға тауынан асып кетеді. Бұл жөнінде Қытай жазба деректерінің бірінде мынадай мәліметтер келтірледі: «Таулы райондағы жапалы жағдай астында ұлттық армия қосындары 20 күн бойы соғыс салып, Қалибектің үш аймақ үкіметін аударып тастау мақсатындағы бүліншілік әрекеттерінің быт-шытын шығарды. Соғыста банды тазалаушы қосындарымыз 67 жауынгерді құрбандыққа бере отырып, бандылардан 200 адамды жоғалтты. 63 адамды тірі қолға түсірді. Толып жатқан қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлік және 10 мың тұяқ мал олжаға алынды. Бандылар зорлап ертіп алған 900 түтін құтқарып қалынды»/54.

Бұл реткі соғыста жеңіліске ұшырағанмен Қалибек оған онша жаси қоймайды. Күрестің жаңа жолдарын іздестіреді. 1949 жылдың көкек айында Қалибек Үрімжіден 60 км қашықтықтағы Қосты деген жердегі өз үйіне Еренқабырға төңірегіндегі қазақтың көрнекті адамдарын жинап, мәслихат құрады. Бұған Оспан батырдың және өлкелік үкіметтің қаржы министрі Жанымқанның адамдары да қатынасады. Олар жан-жақтан қоршап келе жатқан қызыл қырғыннан сақтанудың әдіс-амалдарын қарастырады. Бұл мәселеде көп бас қатыра келіп, олар ақырында бұл үшін: Американың Үрімжідегі консулымен сөйлесіп, Америка үкіметінен көмек сұрау, Үрімжідегі ұйғырлармен бірлесу, Чаң Кайши армиясының коммунизмге қарсы офицерлерімен тіл табысу, сөйтіп Қарашәрі аймағында жаңадан қосын ұйымдастырып, жаңа соғыс шебін ашу... - деген сияқты байламдарға тоқтасады.

Осыдан кейін тағы бір мезгіл өткен соң бұлар тағы да Оспан батырдың үйінде қайтадан бас қосып, ақыл сұрайды. Мұны Қытай жазбалары былай растайды: «1949 жылы тамызда Оспан қазақтың ақсақалдарын жинап жиын ашты. Жанымқан, Қадуанның ұлы Зәкихан, Оразбек молда, Шаһимардан, Такіман батыр қатарлы 15 адам Шеби өзенінің жоғарғы аңғарындағы Шөгіндаса жайлауындағы Оспанның үйіне барып, үш күн мәслихат құрады. Бұл реткі жиынде Оспан Үрімжі төңірегіндегі қазақтарды аттанысқа келтіріп, көтеріліс жасауға әрекеттендіріп, Шынжаңның бейбіт жолмен азат болуына қарсы тұруды жоспарлады. Өзара қызмет бөлісін жасады. Жанымқан, Оразбек молда, Шаһимардандар Санжы, Құтыби төңірегіндегі қазақтардың бүліншілігіне басшылық ететін болды. Қалибек, Сәлістер Үрімжінің оңтүстігіндегі Қаратау маңындағы қазақтар көтерілісін басқаруды міндетіне алды. Оспан өзі Жемсары, Шонжы, Мори маңындағы қазақтарды басқаруға жауапты етілді»/55.

Оспан батыр, Қалибек хакімдер осылай жоспарлап, күрес жасамақ болып қанша жанталасса да Кеңес Одағымен астыртын байланыс орнатып күшейіп алған Қытай коммунистері оларға ырық бере қойған жоқ. Шығыс Түркістанның коммунизмшіл, қытайшыл басшыларын уысына түсіріп алды да шабуылын онан ары үдете түсті.

«1949 жылы тамыздың 14-і күні Қытай Компартиясы Орталық Комитеті Лию Шаучиға еріп/56 Кеңес Одағына сапарлай барған Дың Личүнді /57 Қытай Компартиясы Орталық Комитетінің байланысшысы ретінде үш қызметкер қосып, бір рация беріп Құлжаға жіберді. Ол Москвадан Алматы арқылы түстен кейін сағат алтыда Құлжаға келіп, алдымен Кеңес Одағының Құлжадағы консулханасымен байланыс жасап, онан сон Кеңес Одағының Құлжадағы консулы Н.Б.Аристов арқылы үш аймақ төңкерісінің басшыларымен кездесті. Және «Лию Чүн рациясын» құрды»/58.

Осы күні (тамыздың 17-і күні - Ж.С.) Дың Личүн Қытай Компартиясы Орталық Комитеті атынан үш аймақ жақтың жаңа саяси-мәслихат кеңесіне уәкіл жіберіп қатынастыруын ауызша ұсыныс етумен бірге, Лию Шаучидің нұсқауы бойынша үш аймақ жаққа бұл бүкіл Шынжаңның уәкілдері болуы керектігін, Гоминдаң үстемдік еткен районнан бір кісі болуын, ұсақ ұлттардан 4 уәкіл болуын, 5 кісінін арасында ең абзалы екі не үшеуі ерекше район көсемдері болуын, қытайлардан бір уәкіл болуын, Іледен Манжурияға дейін Кеңес Одағының аэропланымен жеткізіп қоюын сұрайтындығын, Манжуриядан Пекинге дейін баруда Қытай Компартиясы Орталық Комитеті арнаулы кісі және машина жіберетіндігін айтты. Үш аймақ жақ жаңа саяси маслихат кеңесінің ашылатынын бұрын естігендігін, кісі жіберіп, қатынастыру ойларының бар екенін, қазір Қытай Компартиясы Орталық Комитетінің ресми ұсыныс еткендігіне, осы орайда төраға Мао мен Қытай Компартиясы Орталық Комитетінен барлық жақтан нұсқау сұрау мүмкіндіктеріне ие болғандыктарына төтенше разы және қуанышты екендіктерін білдірді.

Осы күні үш аймақ қатысты жақтармен ақылдаса отырып, Ахметжан Қасими, Ысқақбек Мононов, Әбдікерім Аббасов, Дәлелхан Сүгірбаев, Ло Жы бесеуін Шынжаң уәкілі ретінде жаңа саяси мәслихат кеңесіне қатынастыруды белгіледі. Үш аймақтың жалпы қызметіне Сәйпиден Әзези жауапты болды. Әскери қызметке Лескин, әкімшілік қызметке Асхат Ысқақов, қоғам амандығын сақтау қызметіне Нәбижан Иүсіп, үгіт қызметіне Сейдолла Сейполлаев жауапты болды»/59.

1949 жылы құрылтай өтіп жатқан кезде және онан кейін де бір мезгіл кейінде Пекинге кеткен Шығыс Түркістан республикасы басшыларының ешбір дерегі болмай кетті. Құрылтай кезінде аттары да аталмай қалды. Сонан тағы бір қанша уақыт өткеннен кейін құрылтайға тұрақты өкіл болып Әбілқайыр төре және Сәйпиден Әзезидің сайланғаны мәлім болды. Ел ешнәрседен хабар таба алмай аң-таң болып жүрді.

Сол жылы күзде, яғни қараша айында Сәйпиден Әзези Құлжа қаласына келді. Ел жиылып, аэдромға шығып қарсы алды. Және онан бірінші сұралған сұрақ: «Біздің көсемдеріміз қайда?» - деген сауал болды. Оған Сәйпиден: «Кешкі сағат бесте ОҚАҚ-ы клубына келіңдер - деді. ОҚАҚ-ы дегеніміз сол кездегі Құлжадағы ұйғұр, қазақ, қырғыз клубы еді. Кешке қарай ел сонда жиналды. Клубқа жиналған қалың елдің алдында Сәйпиден көз жасын ағызып жылап тұрып: «Біздің көсемдеріміз - сүйікті адамдарымыз Пекинге кетіп бара жатқан жолында, 28-тамыз күні ұшақ апатынан қазаға ұшырады» - деп қаралы сөз сөйледі. Олар жөніндегі тұңғыш хабар халық жұртшылығына үш айға жақын уақытта осылай естіртілді.

Көріп отырсыздар, Шығыс Түркістан республикасының алғашқы төрағасы Әлихан төре Кеңес Одағы жағынан ұрланып әкетілді де, онан кейінгілері Кеңес Одағының ұшағымен Пекинге кетіп бара жатқан жолында қаза тапты. Ал, бұл топтан басқа бағыт ұстаған Оспан батыр мен Қалибек хакім де басқа-басқа тағдырларға тап болды.

Бүкіл дүние жұртшылығы түгел біледі, өткен бір мезгілде тарихтың тегершігі теріс айналып, ілгері емес, кейін қарай дөңгелеп, көз көріп, құлақ естімеген сұмдықтар болғаны ешкімге де беймәлім нәрсе емес. Жан-жақтан түтеген қара боран, теріс ағым бір мезет үстемдік алды да дүниені шала бүлдірді. Аспан бір төңкеріліп аунап түсті.

Осы бір қара боран, долы ағын Оспан мен Қалибек бастаған әділетті халық күресінің де туын жығып кетті. Әйгілі Оспан батыр тірідей қолға түсіп, коммунистік әкімияттың қолынан қаза тапты да, Қалибек хакім 1951 жылы ақпанның бірінші жұлдызы күні жаудың тұтқиыл жасаған шабуылы салдарынан елін бастап жолға шығып, Гималай тауларының қорқынышты суығы мен ауаның жетіспеуімен арпалыса және жаудың қуғынынан қорғана отырып, 1951 жылдың соңында Кашмирдің орталығы Сринагар қаласына барып жетті. Бұл Шынжаң қазақтарының шетелге ауған екінші үлкен тобы, сондай-ақ Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының өз отанынан ауа көшкен ең соңғы күштері де осылар еді. Қазір Түркияда, Европада жасап жатқан қазақтардың басым көпшілігі осылардың ұрпақтары. Осыдан кейін бүкіл Шынжаң коммунистік Қытайдың қол астына өтіп, соларға бір жола бағыныштылыққа көніп тыныш болды.


*** *** ***

Дәлелхан СҮГІРБАЕВ,

Шығыс Түркістан республикасы ұлт-азаттық

армиясының бас қолбасшысының

орынбасары, генерал-майор.

АЛТАЙДЫҢ КҮРЕСІ ҮСТІНДЕГІ ТАРИХИ ОҚИҒАЛАР


(1948 жылы 10 сентябрь ұлы халық жиналысында сөйлеген баяндаманың мәтіні)

Алтай халқы еселі теңдік алып, іргелі ел болу жолында басынан талай ауыр уақиғаларды өткізіп, құрбандар берді. Соның ең сіргежияры ретінде 6 сентябрь уақиғасы майданға қойылғаны бәрімізге мәлім. Міне, бүгін сол ұлт-азаттық жолында ұлы жеңіске ие болған Алтай халқының алтын таңы 6 сентябрьдің 3 жылдығын мерекелеп отырмыз.

Әрине, Алтай халқы үшін бұл күннің тарихи маңызы өте зор болып, ең қасиетті күн саналды. Өйткені, бұл күні аймағымыздан ғасырлар бойы халқымызды езіп қанаған қара әкімшіліктің темір құрсауы үзіліп, бағы тайған күн. Екінші түрлі айтқанда, Алтай халқы 6 сентябрь күні көптен көксеген арманына жетіп, ұлт азаттыққа қол жеткізді. Сондықтан да, біз бұл күнді зор салтанатпен қарсы алып тойлауға міндеттіміз. Халықтық мерекеміз 6 сентябрьдің үш жасқа толған ұлы мейрамы құтты болып, мерейі үстем бола берсін!


Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет