Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


Жасыл тау, шат көңілді көңіл қайда?



бет4/19
Дата11.11.2016
өлшемі5,24 Mb.
#1501
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

Жасыл тау, шат көңілді көңіл қайда?


Кілемдей жасыл мамық жерің қайда?

Жанаттай қайран мекен малға толған,

Баласы Он екі Абақ елің қайда?

Төгілмес мол байлығың – қордаң қайда?

Тігілген алты қанат Ордаң қайда?

Дос-жарлар бір-бірінен қалап алар,

Шаң жұқпас шашасына жорғаң қайда?

Ел қайда туып-өскен, туыс қайда?

Қадірін кісіліктің біліс қайда?

Айырылып осы айтқанның барлығынан,

Ауаша алыс кетіп жүрсің қайда?

Ойланбай мұның артын өткенің бе,

Еңіреп зар боларсың бұл күнге де.

Табасың қайдан қамқор, дос-жаранды,

Ауыр күн бұдан ары кез келгенде? [119,155-156].

Бірақ әбден көңілі қалып қайтпасқа бекінген ел бұған да жібімеді. Ганьсу, Цинхайға кеткен қалың елдің сол бетінше қайтпай қалуы, арттағы ел үшін де оңайға түскен жоқ. Өйткені ол қатарда талай елдің жанашыр жақындары, ағайын-туыстары кетті. Онан да маңыздысы Синьцзян топырағын баяғыдан мекендеп, бүтін отырған күллі қазақтың бір тиянағы жойылып, шаңырағы шайқалып, іргесі сөгілгендей ауыр хал еді. Қалған елге ауыр тигені де көбінше осы жағы болды. Баркөл қазақтары түп қотарыла көшіп кеткеннен кейін, ел ішінің олқу-толқуы көбейді. Жоңғарияны жағалай Алтай, Тарбағатай, Іле, Еренқабырға тауларының етегін ен жайлаған қазақ баласының басынан «біздің де күніміз не болар» деген уайым бір сәтке арылмады.

Ал Шэн Шицай үкіметі болса, сырттай халықшыл, интернационалшыл болып көрінгенімен, іштей халықты жаныштап, оларды өзіне кіріптар етіп ұстап отырудың әр түрлі айла-шарғыларын ойластырумен болды. Ол халықтың құралды күш болып ұйымдасып өзіне қарсы тұруынан, сол арқылы билікті тартып алуынан өлердей шошыды. Өйткені халық та соған бейімделе бастаған-ды. Түптеп келгенде Елісханның көшуі де сол мақсатта болатын. Сөйтіп, бұл тұста Шэн Шицайдың ашық көрініс беріп отырған ұлттық езгі саясатына, ауыр алым-салыққа, сондай-ақ қазақтарды әдейі қарулы күшпен жаныштап, торғайдай тоздыруына қарсы ұлт-азаттық мазмұнға ие дүбірлі төңкерістің толғағы да пісіп-жетілген еді. Құдды Ақыт ақын айтқан:

Алыстан орап орыс тұр,



Сыртыңда Қалқа— тор басы!

Жығыла ма осымен

Алаштың тіккен Ордасы?

–дегендей жағдай еді бұл. Ақыттың «Алаштың ордасы осымен жығыла ма?» деген сөзінің астарында бұрын қазақ іргесі бөлінбеген бір тұтас халық едік, оның көбі Ресейге, біразы Қалқаға (Моғолияға) бодан болып кетті. Енді қалған аз қазақтың мал–жаны торғайдай тозып Қытайға құл болуға айналды деген үлкен жанайқай жатыр еді. Өйткені ХІХ ғасырдың орта шенінен бастап Манчжу–Цин империясының билігіне номиналды түрде қарап келген қазақтар әлі де болса өзерін бір тұтас қазақ елінің бөлшегі ретінде сезініп, тым құрығанда өздері тұрған аймақта қал–қадірінше елдік дәстүрді сақтап қалуды мұрат тұтатын. Бұрыннан елдік пен еркіндіктің тәтті дәмін татып өскен жұрт өгей үкметтің өктемдігі мен бұғалығына көнбейтіні содан еді.



II ТАРАУ

ІЛЕ, ТАРБАҒАТАЙ, АЙМАҚТАРЫНДАҒЫ
ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ БАСТАЛУЫ (1940-1945)

§I Алтай төңкерісі (1940-1945)
1940 жылдан 1949 жылға дейінгі кезең Қытай қазақтарының тарихында есте қаларлықтай ерлік күрестерге толы жылдар болды. Тұтас Синьцзян көлемінен алғанда ұлт-азаттық қозғалыстың от-жалыны ең алдымен халықтың әлеуметтік хал-ақуалы нашарлай бастаған Солтүстік Синьцзяндағы малшаруашылық өңірлерінде (Алтай, Тарбағатай, Іле) тұтанған еді [68,72]. Мұның алғашқы кезеңінде, яғни 1940-1945 жылдар аралығында ұлт-азаттық күрес бірден-бірге ұласып Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында алғашқы адымда жеңіске жетті. Онан кейінгі кезеңде, яғни 1945-1950 жылдар аралығында ұлт-азаттық күресі бірте-бірте байырқалап, тіпті тоқырап, күрестің мақсаты мен тәсілінде түрлі өзгерістер туды.

Бірақ бұл күрестер алғашында бірер жайға наразы болып, атқа қонған аз ғана халықтың бас-аяғы бірер күнге созылып, атсыз, аяқсыз қала берген жай толқуы емес, кәдімгідей басталуы мен бүтін барысы ірі-ірі қантөгіске сайған, уақыт және орын жағынан едәуір ауқымды, сондай-ақ КСРО, Моңғолия, АҚШ тектес елдердің жіті назарында болған, күні бүгінге дейін барша шындығы мәлім болмаған, күрделі әрі бірегей ұлт-азаттық төңкерісі болып табылады. 1940 жылғы Алтай қазақтары бастаған қарсылық күресі кейін келе тұтас Солтүстік Синьцзянда ұлт-азаттық төңкерістің кең қанат жаюына түрткі болды [38,193-194]. Бұл туралы Синьцзянда жарық көрген Н.Мыңжанидің «Қазақтың қысқаша тарихы» деген еңбегінде де: «Алтайдағы қазақ халқының 1940-1941 жылдардағы Шэн Шицайдың террорлық саясатына қарсы екі реткі қарулы көтерілісі кейінгі Үш аймақ төңкерісінің беташары болды» [73,589]-деп атап көрсетілген. Бұл оның тарихи маңызын тіптен айқындай түседі. Ендеше, 1940-1945 жылдар аралығындағы Өр Алтайдағы аталмыш төңкерістің мән-жайына тоқталып өтейік.


Өр Алтайдағы алғашқы көтеріліс (1940)
1940 жылы қаңтар айының аяғында Өр Алтайдағы Көктоғай ауданының әкімі Сюй Эрлин мылтық жинау үшін 20 құралды сақшыны қасына ертіп қазақ ауылдарын аралап, жұртты үрейлендіріп, байлап-матап, ұрып-соғып, оларды тағы да құрал тапсыруға қыстайды. Олар әсіресе Есімхан, Ақтеке, Зейнел, Мәсәли, Мүтбай тектес кісілерге төніп, ертең болатын жұртшылық жиналысына дейін «жасырып жүрген» мылтықтарын апарып тапсыруды, әйтпесе оның арты өлім жазасына саятындығын ескертеді. Есімхан ол кезде Көктоғай ауданындағы машан молқы руының айтуған әулетінің үкірдайы (ру басы) еді. Ол әулетке қарасты 100-ден астам отбасы бар болатын. Есімхан ең алдымен сөзі өтетін ауыл адамдарынан 60 жігітті сайлап, әкімді өлтіруге дайындалады. Олар 2 ақпан күні түн жастанып барып, Оқан зәңгінің (ауылбасы) үйінде түнеп жатқан Сюй Эрлинді қорғаушы әскерлерімен бірге өлтіріп, 8 мылтық олжа алады. Бұдан соң жоғары-төмендегі елге өздерінің осылайша тәуекелге бел байлағандықтарын айтып, хат жазып, кісі шаптырады. Бұл тұста Көктоғай ауданының Қарабұлғын деген жерін қыстап отырған Қарақас руының биі Ақтекенің ауылында қонып жатқан Сюй Эрлиннің 3 адамы да өлтіріліп, мылтықтары алынды. Сонымен Есімхан мен Ақтеке қолы жиналып 200-ден астам болды.

Сюй әкім бастаған топ өлтірілгенін, әрі шаруалар көтерілісі туылғандығын 3 күннен кейін ұққан үкімет жағы өш алу және жағдайды тыныштандыру үшін ауданнан бір рота әскер аттандырады. Оларға жол бастаушы ретінде Сүлеймен Нүсіпұлы деген кісі тағайындалады. Бұлар Есімхандар тұрған жерге таяған соң рота командирі Сүлейменді ел ішін барлап қайтуға жібереді. Бұл кезде Ақтеке, Есімхандар өздері олжалаған әрі жасырып қалған 13-14 мылтықпен, 500-дей адамды топтап, Көктоғай аудан қалашығына шабуыл жасауға дайындалып жатқан еді. Өйткені аудан орталығы аудандық сақшы мекесінің орналасқан жері болғандықтан, онда негізгі құрал-жарақ қоры сақталған, әрі бірсыпыра тұтқындағы адамдар бар еді, сондай-ақ бұл жерді негізгі тірек етіп көтерілістің қанатын кеңге жаюға болатын. Бұл орайда Сүлейменнің айырықша ерлік көрсеткендігін айта кеткен жөн. Ол үкімет армиясына жол бастап келе жатқанымен өз тағдыр-төлейінің туған халқымен бірге екендігін, қолынан келген бар жақсылығын өзі туып өскен ел-жұртына істеуі керектігін жақсы түсінді. Сөйтіп Есімхандарға ауданнан бір рота әскердің келе жатқандығын хабарлады әрі өзінің көтерілісшілер сапында болуды қалайтындығын білдірді. Ерте қамданған көтерілісшілер жабал жұмылып, келе жатқан жаудың тұс-тұсынан лап қояды. Қарсы жақтың атойлап дүрсе қоя берген екпініне шыдамай қашқан жауды өкшелей соғып, олардың 40 адамын өлтіріп, он неше қару-жарақ олжа алады әрі сол беті барып аудан қалашығын қоршайды. Соғыс екі тәулікке созылады. Үкімет әскерлері берік көше бекіністері мен батареяларына сүйеніп қатты қарсылық көрсетеді. Көтерілісшілер аудандық үкіметті басып алса да, сақшы мекемесіне тығылған үкімет әскерлері мен сақшылар оларды ілгері бастырмайды. Көтерілісшілерден Сақыш, Қапас тектес 6 жігіт оққа ұшады. Қарсы жақтың күшінің басымдылығына байланысты, бұл жолы көтерілісшілер қаланы тастап кейін шегіне тұруға мәжбүр болады.

Наурыз айының басында көтерілісшілер Шіңгіл ауданын бетке алып Өңдірқара деген жерге барып топтасады. Сол кезде көтерілісшілердің соңынан түскен Шэн Шицай үкіметінің шекара қарауылшыларынан 80 адам олармен соғысады. Бұл соғысқа көтерілісшілер тарапынан шайқасқа Сүлеймен басшылық етеді. Нәтижесінде жаудың 76 адамын өлтіріп, 70-тен астам құрал-жарақ олжалайды. Бұл Сартоғай шайқасы деп аталады [85,19].

Осыдан соң Ақтеке, Есімхан, Сүлеймендер бастаған үлкен топ Шіңгілде тұратын Ноғайбай, Зәтелбай, Көксеген тектес кісілерге хат жазып көтеріліске үн қосуды талап етеді. Шэн Шицай жендеттерінен қорлық-зорлық көрген Шіңгіл елі де дереу көтеріліс сапына қосылады. Сөйтіп Көктоғай елінің Есімхан бастаған көтерілісшілерге еріп Қарабұлғыннан жоғары түп қотарыла көшкен жартысы Шіңгіл халқымен қосылып, көтерілісшілердің саны недәуір молаяды. Көктоғай, Шіңгіл екі ауданның халқын аттанысқа келтіріп қарулы күрес жолына түскен Есімхан Иманбайұлы, Ырысхан Ноғайбайұлы, Ноғайбай Мүсәпірұлы, Ақтеке Бітімшіұлы, Сүлеймен Нүсіпұлы тектес ел бастаған батырлар бұрыннан сақталып келген Жәнібек батырдың ақ туын тігіп, көк қасқа тайға бата қылып, иман айтып, қанға қолдарын мала отырып алған беттерінен қайтпай, күресті соңына дейін жүргізуге серттеседі. Осы қатарда кейін келе ерен батырлығымен көзге түскен, табанды күрескер Оспан Исламұлы да бар еді.



Бұл аралықта Шэн Шицай үкіметі де қарап жатпайды. Алдыңғы екі реткі соғыстағы жеңілісінен жүрегі шайлығып, көтерілісшілердің одан әрі ұлғайып, шар-тарапқа жайылып, күшейіп кетуінің алдын алу үшін жедел қимылдайды. Көктоғай мен Шіңгілдегі әскери бөлімдерінен басқа, Үрімжіден, Шонжыдан, Алтайдан тез арада 1500 әскер топтайды. Сөйтіп наурыз айының орта шенінде арт-артынан үш рет соғыс болады, осы үш реткі соғыстың басы Шаған-іргедегі айқастан басталып, оның өзі үш тәулікке созылады. Соғысқа Шэн Шицай 1500 адамдық атты, жаяу әскерлерінен өзге әлде неше броневиктері мен танктерін жұмсайды. 4-5 соғыс ұшағы Үрімжіден күніне 2-3 рет ұшып келіп, пулеметтен оқ жаудырып, бомбы тастап тұрады. Бірінші күнгі соғыста көтерілісшілерден Асқабыл, Шаймұрат, Жанәбіл сияқты он неше адам мерт болады. Ал жау әскерлерінің өлгендері, айырылған қару-жарақтары тым көп еді. Жау алғашында арындап, апырып-жапырып тастамақ болып келсе де кейін әптігі басылып, бір орыннан ілгерлей алмай бөгеліп қалады. Көтерілісшілер осы орайда Бұлғын өзенін өрлей көшіп Моншақ деген жерге келіп бекінеді. Алайда бірер күн дем алып есін жиған жау әскері арттарынан қуа келіп соғысады. Осы соғыста көтерілісшілерден Тәлікен, Сағындық, Қасым, Әштен тектес жеті адам зеңбірек оғынан қаза болады… Үшінші күнгі соғыс онан да сұрапыл болады. Таң рауандап атқаннан басталған шайқас бара-бара қоян қолтық айқасқа айналады. Жау көп, көтерілісшілер аз болғандықтан олар шегіне соғысып, Моңғолия шекарасынан өтіп кетпек болады. Алайда екі ел арасында «түсініспек болып қалмауын» ойлаған Моңғол жағы оларды шекарадан аттамауға, тіпті шекара бойынан алыс кетуге үндейді. Көтерілісшілер оған да қарамай, шекараны бұзып өтпек болғанда, Моңғол жағы олардың өтер жолындағы қалың қауға өрт қоя береді. Артта анталаған жау танктері мен ұшақтың қорғауында келе жатқан қаптаған жаудың, алдыңғы жақта қалың өрттің қыспағында қалған көтерілісшілер жау қоршауынан зорға қашып құтылады. Бірақ қашуға үлгірмеген кәрі-жас, бала-шаға тегіс жау қолына түседі. Есімхан 1000-нан астам партизан қолымен Бәйтік тауына қарай бет алған жолында Шэн Шицай армиясының тағы да әуе мен жерден бірдей қуа соққылауына тап болады. Олар Бәйтік тауына жетуге аз қалғанда алдарынан Моңғолия жақтың шекара күзетшілерінен ұйымдасқан 30 әскер олардың жолын тосуға әрекет жасайды. Моңғолия жақтың оларды өз шекарасына өткізбей, алдыларынан өрт қоюы, оның үстіне Шэн Шицай армиясына сәйкесіп көтерілісшілерді алдынан қайырмақ болуы бұл кезеңге дейін Кеңес Одағының Синьцзяндағы түркі-мұсылман ұлттарының тағдыр-тәлейі жөнінде бас қастырып жатпағандығының, керісінше, олардың бірер бұлқынысын Синьцзянның жерлік өкіметімен бірлесе отырып жөргегінде тұншықтыруға әрекет етіп келгендігінің белгісі. Өйткені бұл кезде Шэн Шицай мен Кремльдің қатынасы әлі де жақсы болатын. Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы Жапонияға қарсы бірыңғай позиция негізінде өзара сұғанақтық жасаспау туралы 1937 жылы 21 тамызда қол қойылған келісімге сай, Кеңес Одағы Гоминьдан Орталық үкіметі мен Синьцзянға әскери-экономикалық жақтан жан-жақтылы жәрдем беруде еді. Мысалы, 1938 жылы Кеңес Одағы Қытайға жалпы құны 100 млн. долларлық жаңа кредит берген-ді. Осы кредиттер есебінен Кеңес Одағы Қытайға ұшақтар, танктер, артиллериялар, жанармай және оқ-дәрілер жеткізді, сондай-ақ Қытай армиясы кеңестік ақылшылармен толтырылып отырды. Әрі Алматы мен Құмыл арасында тікелей әуе байланысы орнатылды [42,43]. Сол кезекте Сары-Өзектен Үрімжі арқылы Ланьчжоуға дейін баратын жалпы ұзындығы 2995 км. келетін автотрасс жасалып, онда 5260-тан астам автомашина қатынап тұрды. Олардың жалпы сапары (пробегі) 18,5 млн. км-ден асты. Кеңес Одағының 4 мыңнан астам жұмысшысы аталмыш автотрасс бойында жұмыс істеді [34,79].

Ал Шэн үкіметі болса, Өр Алтайдағы жағдайды Жапон басқаншыларына қарсы соғысқа жәрдем бергісі келмеген қазақтардың шекара бойында істеп отырған қарулы бүлігі ретінде сипаттады. Сондықтан Моңғолияны Жапонияға қарсы тұруда ылғида алдыға ұстап келген Кеңес Одағы ендігі жерде солар арқылы «Жапонияға қарсы тұрғысы келмейтін» қазақатардан да ептеп өш алғысы келген тәрізді еді. Әйтпесе Моңғол халқы дауылдан қорғалаған торғайдай болып өзінен пана тілеп барған босқын елге мұндай қастандық сайламаса керек еді.

Алдарынан кездескен Моңғол қолына қарсы Мұса мерген бастаған 50 адам аттанады. Олар ұтымды жерден тұрғы алып, жауды түгел қырып салып, 38 мылтық олжа алады. Бұл соғыста Мұса мергендігімен де, жүректілігімен де көзге түседі. Өкінішке орай, ол өліктер арасында жасырынып жатқан жау оғынан мерт болады.

Бұл кезде Сүлеймен бастаған 100 адамдық шағын партизан бөлімі олардан бөлек Сартоғай, Шақурті деген жерлерде жаудың артқы шебін ойрандауда еді. Ал Есімхан бастаған 1000 адамдық көтерілісшілер қосыны көктем келіп күн ысыған сайын өздері барып бекінген Қаптық өңірінде жасырынып жата алмады. Азық-түліктері де таусылды. Қосарға алған аттарын да сойып жеп тауысқан олар үш күн ұдайы жол жүріп, Бәйтік тауының Кіші Қарағайлы деген жеріне келгенде, Шэн Шицайдың шолғыншы ұшақтары оларды байқап қалады. Нәтижесінде жақын маңдағы Дабысыннан оларға қарсы бір полк әскер шығып, тағы да соғыс басталып кетеді. Екі тәулікке созылған шайқаста көтерілісшілер жаудың жүзден астам адамын жойып, 50-60 қаруын олжалайды. Бұл жолы көтерілісшілерге беттеп келе алмай ауыр соққы жеп қайтқан жау келесі кезекте өте тебінді тиіседі. Арада 10 күн өткеннен кейін Шэн Шицай үкіметі жеті бірдей соғыс ұшағының жол ашуы және қорғауы арқылы Дабысыннан бір полк, Шонжыдан бір полк әскер аттандырады. Көтерілісшілер бір тәуліктен астам уақыт ішінде жаумен тағы да қатты шайқасады. Жаудың тағы да жүзге тарта адамы өліп, отыз неше қару көтерілісшілер қолына түседі. Жанқиярлық күреспен жаудың бетін кері қайтарған көтерілісшілер олардың әбден титықтаған сәтін пайдаланып бөгетті бұзып, алғы жағындағы Арманты тауына қарай жосыла жөнеледі. Әйтсе де өкшелей қуып, бората атқылаған әуе шабуылынан құтылып кету оңайға түспейді. Осы кезде Ақтекеге әуеден атылған пулемет оғы тиіп жеті жерінен жараланады. Сәйіп деген жігіттің бір аяғын снаряд үзіп кетеді. Ақтеке Армантыға таянған күні ат жалында қайтыс болады. Сөйтіп көтерілісшілер өздерінің көрнекті бір басшысынан айырылады.

Көтерілісшілер Армантыға келген соң он неше күн дем алады. Бұл кезде 100 адаммен төменгі Бурылтоғай өзені бойындағы Қарамайлыда жатқан Сүлеймен, Жылқыайдар, Мәсәлилер аспанда қайшалысып жүрген жау ұшақтарының ұшу бағытына қарап отырып, Есімханды іздеп табады. Бірақ Шэн Шицай да Алтай тауына баратын өңірлердегі жол өткелектеріне, сулы, шөптесінді жерлерге әскер орналастырып, олардың алдын бөгеп отырған еді. Көтерілісшілер бұл бөгеттерді талқандау үшін Сүлеймен бастаған 300 кісілік екпінділер жасағын аттандырды. Олардың тұтқиылдан, пәрменді соққы беруінің нәтижесінде жау бекіністерінің бірінен соң бірі талқандалып, 70-80 адамынан айырылады әрі алпыстан астам қару көтерлісшілер қолына олжаға түседі. Көтерілісшілер қайтар жолында жаудың көмекке келе жатқан әскери күшімен бетпе-бет кездесіп қалады. Келіскен ұрыс тәңертеңнен ымырт үйірілгенге дейін жалғасады. Көтерілісшілердің әдіс-амал қолданып, асқан ерлік көрсетуінің нәтижесінде жау 50-60 адамынан айырылып, кері шегінуге мәжбүр болады. Көтерілісшілерден де Нұрпейіс, Қымбыл, Кәлей тектес азаматтар құрбан болады. Бұдан кейін көтерілісшілер Жон-Алтайға шеру тартып Ақбұлақ, Доржы жайлауларына барып тиянақтайды. Бұл 1940 жылдың маусым айының бас шені болатын. Осыдан соң Шэн Шицай әскерлері мен көтерілісшілер арасында бір айға жуық уақыт бойына ешқандай соғыстық әрекеттер болмады.

Бұған дейін көтерілісшілер өздерінің ішкі тәртібін реттеп, қатарын молайту жұмыстарымен айналысты. Ырысхан Шіңгіл елі арасына, Есімхан мен Сайып Көктоғайдың Арал жайлауына барып жұмыс істеді. Артқы жұмыстарға Сүлеймен мен Қәдірбай жауапты болды. Оспан Исламұлы да Есімханмен бірге болып, Қара Ертістің жүйрік басындағы Қуүй жайлауына барып, халықты өз жақтарына тартып, ондағы жау күштерінің мән-жайынан мәлімет алды. Сол кезде Шэн Шицайдың Көктоғай өңірінде әлі де 2000 әскері бар еді. Олар 1940 жылдың көкек-маусым айларының арасында Қуүйдегі көтерілісшілерге 20-30 рет шабуыл жасап бәрінде сәтсіздікке ұшыраған тұғын.



Оспан Исламұлына келсек, болашақ қолбасшы осы кезде ұлт-азаттық күреске белсене атсалысып, өзінің ерен үлестерін қосуда еді. «Мысалы, 1940 жылы шілде айының басында ол қырық неше адамды бастап Жон Алтайдың Жапсар жайлауы арқылы Қу Ертістен өтіп, Көктоғай ауданына қарасты Күрті деген жерде тұратын Шэн Шицай үкіметінің почта пунктіне шабуыл жасап, оны басып алады. Осы тұста Сарсүмбе жақтан Көктоғай қалашығына бара жатқан екі почтальон бұлардың үстіне келіп қалады. Оспан оларды сұраққа тартып, кейінгі жақтарында бір взвод әскердің қорғауымен үкіметтің 100 түйеге артқан әскери қоры келе жатқанын, оның ішінде он неше түйеге артқаны оқ-дәрі, қалғандары азық-түлік, киім-кешек екендігін біледі. Оспан адамдарын дереу орналастырып, ұтымды жерден тап беріп, әне-міні дегенше бір взвод жау әскерін түгел жояды. Олардың алып келе жатқан дүниелерін түгелдей олжаға алады. Сөйтіп, Оспан жасағы осы жолдың өзінде-ақ жаудың қырықтан астам адамын жояды. Қырық неше мылтық, отыз неше ат, 200 түйе, сондай-ақ 40 жәшік оқ және көптеген киім-кешек, азық-түлік түсіреді. Айналасы бір аптаға жетпейтін уақыт ішінде осындай олжаға кенеліп, өздері еш бір шығынсыз, аман-есен қайта оралады» [85,26]. Су Бэйхайдың мәліметінше Оспан бастаған 7 адам, 1940 жылы май айында Алтай тараптан 800 түйелі жүкпен Көктоғай көтерілісін жаныштауға аттанған жаудың 300 әскерінің алдынан шығып, оларды түгелге жуық жойып, көптеген қару-жарақ олжалады делінеді [106,879]. Алтай төңкерісінің басы-қасында болып, көп уақиғаларды өз көзімен көрген Қажынәби Уәлиевтің естелігінде көтерілісшілер жаудың 300 түйеге артқан әскери қару-жарақ, оқ-дәрі, киім-кешектерін олжалап алды делінеді [97,51]. Мейлі, қалай болған күнде де, көтерілісшілер арасында Оспан батырдың абыройы арта түседі. Бұл туралы Нөнен Ақытұлы 1946 жылы шыққан «Қан кешкен Өр Алтай» дастанында былай деп жырлайды:
Сүлеймен, Мұсалар жүр екі шетте,

Оспан да кеп қосылды кеше кеште.

Қолына шоқпар алған өңшең ерлер,

Жауларды жығып жатыр жанап кетсе.

Сүлеймен, Оспан менен Мұса мерген,

Бұларға жау шақ келмес қарысы келген.

Оспандар гоминьданның тосып жолын,

Тарықса асулардан алды орын.

Атысып Оспан жалғыз түсіріпті,

Жауының тоқсан түйе азық қорын...
Бұдан кейінгі кезеңде, яғни шілде айының соңынан бастап Шэн Шицай үкіметі жаз бойы жасаған ерекше дайындығы негізінде көтерілісшілерді басым әскери күшпен жойып жіберу мақсатында әуе мен жерден бірдей шабуылға өтеді. Сөйтіп Қайырты, Астауша, Ала-Айғыр, Сайқынбұлақ, Таршаты, Ашылы, Көктұмсық, Ышқынты, Табын-Белшір сияқты он неше жерде үш ай бойы кескілескен шайқас болады. Осы шайқастардың бірінде көтерілісшілер бастарын бәйгеге тігіп, қоршауды бұзып-жарып барып, жау қолында қалған бала-шағаларын, өзге де ауылдастарын құтқарып алады. Бірақ оның есесіне Шэн Шицай жендеттері, Көктоғай қала маңындағы Қара-Бұлғын деген жерде 20-дан астам отбасына тән әйелдер мен балаларды, әл-қуатынан айырылған кәрі адамдарды найзалап, кескілеп өлтіреді. Мұны көріп кектенген көтерілісшілер Көктоғай қалашығын қайтадан қоршауға алады. Әрі жауды тау ішіне шырғалап апарып тұс-тұсынан ұтылап соғады. Жау әскерлері арт-артынан жеңіліп, зор шығынға ұшырайды. Мысалы, Таршаты шайқасында көтерілісшілер жаудың 100-ден астам адамын жойып, 100-ге тарта қаруын олжалайды. Ал Ышқынты шайқасында жаудың 300-дей адамын жояды және соған пара-пар мөлшерде ат-көлігін, қару-жарағын олжалайды. Жау 200-ден аса түйесінен, 100 жәшік оғынан, тағы басқа да толып жатқан азық-түліктерінен айырылады [85,27-28].

Ышқынты соғысы – 1940 жылғы алғашқы көтерілістің соңғы айқасы еді. Бас-аяғы 300 күнге жалғасқан қым-қуыт шайқастарда Бұлғын бойында болған соғысты есепке алмағанда, өзге соғыстардың бәрінде көтерілісшілер үнемі жеңіске жетіп отырды, соғысқан сайын күшейді. Шэн Шицай әскерлері соғысқан сайын жеңіліп, орны толмас шығынға тап болды.

Қалыптасқан жағдайға байланысты, Шэн Шицай үкіметі мәселені жалаң әскери күшпен шешудің мүмкін еместігіне көз жеткізгендей болды. Cонымен ұшақ арқылы үгіт қағаздарын таратып, көтерілісшілерді келіссөз өткізіп, бітім жасауға шақырды, әрі Бұқат, Жанымхан, Рахат, Шәри сияқты адамдарды өкіл ретінде жіберетіндігін, көтерілісшілердің оларға жолығып, пікір талаптарын солар арқылы айтуларына болатындығын ұқтырады. Бұл адамдар 1939 жылдан бері Үрімжіде Шэн Шицай түрмесінде отырған ел беделділері еді. Алдағы тарауда айтып өткеніміздей, Көктоғай көтерілісі туылғаннан кейін көп өтпей, 1940 жылы 11 көкекте Шэн Шицай оларды да қатты бақылауға алып, ұрып-соғып, көтерілісшілермен қандай қарым-қатынастары барлығын анықтап, олардың аузынан көтерілісті тыныштандыруға уәде алған тұғын.

Шэн Шицайдың ұсынысын естігеннен кейін, Ырысхан, Есімхан, Сүлеймен тектес көтеріліс басшылары алда қаһарлы қыстың келе жатқандығын, әрі арттағы әйелдер мен балалардың, кәрі кісілердің қиын жағдайда екендігін ескеріп, келіссөз өткізу бейбітшілікке қол жеткізудің бірден-бір жолы деп есептеді. Сөйтіп Сайып бастаған бірнеше адамды жіберіп, уағдалы күні Бұқаттарды өздері тұрған жерге келтіреді. Көтерілісшілердің аттарын атап талап қылуы бойынша бұлардың соңынан Қалел, Дәлелхан (Сүгірбаев), Назыр тектес кісілер де Үрімжіден ұшақпен жеткізілді. Бұлардан бұрынырақ келген бас өкіл – Шэн Шицайдың қайын атасы Цю Цзунцзюнь бұл кезде көтерілісшілер арасына келуден қорқып, Көктоғай қаласында қалады.

Қазан айының басында келіссөз ресми басталып, 18 қазан күні екі жақтылы келісімге қол қойылды. Келіссөз алғаш басталғанда көтерілісшілер қаруларын тапсырмау, тыңшылықпен айналысатын сақшы мекемелерін алып тастау, жергілікті халыққа өзін-өзі билеу құқын беру сияқты ірі мәселелерді қамтыған толып жатқан талаптарды ортаға қойды. Ақыры бірнеше күн қайта-қайта кеңесу арқылы мынандай алты түрлі бітімге келді:

1.Бұл жолғы көтеріліске қатынасқандар қай кезде де, қандайда бір қылмысты жауапкершілікке тартылмайды;

2.Түрмеде отырған барлық адам бостылады;

3.Аймақ, аудан бастығы лауазымына және аймақтық мекемелердің негізгі басшылық орындарына жергілікті халықтың өкілдері қатыстырылады;

4.Көктоғай, Шіңгіл ауданындағы сақшы мекемелерінің бастығы немесе бастықтың орынбасарлары жергілікті халықтан болады;

5.Көтерілісшілер қолдарындағы құрал-жарақты үкіметке тапсырып береді; оның есесіне үкімет аймақ орталығына ғана белгілі мөлшерде әскер тұрғызғаннан басқа, өзге аудандарда, әсіресе Көктоғай, Шіңгіл аудандарында әскер тұрғызбайды.

6.Халықтан алынатын алым-салық жеңілдетіледі әрі осы жолы көтеріліс тұсында қиыншылыққа ұшыраған халықты үкімет тарапынан әлеуметтік, экономикалық жақтан қарауына алады [85,31-32].

Бұл алты түрлі бітім шартына қоса көтерілісшілер 1939 жылы жыл соңында ұстап әкетілген ірі діни қайраткер, ағартушы әрі ақын Ақыт қажы Үлімжіұлының тәркілеуге түскен барлық дүние-мүліктері мен кітаптарын қайтарып беруді талап етеді.

Сөйтіп, Алтай халқының Шэн Шицай үкіметіне қарсы 1940 жылғы тұңғыш реткі халықтық қарулы күресі жеңіспен аяқталды.
Өр Алтайдағы екінші көтеріліс (1941 жыл)
1940 жылдың күзінде көтерілісшілермен арада бітімге қол қойылғаннан кейін, Шэн Шицай үкіметі «1936 жылы қолға алынған Мәңкейдің, 1939 жылы қолға алынған Баянбай, Байқадам, Қарақұл, Өнерхан, Ақыт қажылардың ауырып өлгендігін айтып, сүйектерін қайтарып береді. Көтеріліс тынышталғаннан кейін әр қайсы жерлерден қолға алынған өкілдерді тізімдеп, оларды тірісін тірідей, өлісін өлідей қайтарып береміз деп уәде береді. Алтай аймағының уәлилігіне (әкімдігіне) Бұхатты, орынбасарлығына Жәнімханды тағайындайды. Назыр тәйжіні Алтай аймақтық салық басқармасының бастығына, Дәлелхан Сүгірбаевті Алтай (Сарсүмбе) ауданының орынбасар әкімдігіне, Рахатты Көктоғай ауданының орынбасар әкімдігіне тағайындайды. Үкімет: «1937 жылдан бастап Алтайдан көптеген адамдардың қолға алынуы, көтеріліс туылып, халықтың қырғыншылыққа ұшырауы және басқа да түрлі келеңсіздіктердің бәрі Шәріпханның кесірінен болған, сондықтан Шәріпхан түрмеден босатылмайды»-деп өз қолдарымен жасаған қорлық-зорлықтың бәрін Алтай халқының қалауы ұлдарының бірі Шәріпхан Көгедаевке артады. Ол бір кездері Абылайға тағын түсіп берген Әбілмамбет ханның тікелей алтыншы ұрпағы, яғни Алтай бетін Көгедай заманынан бері қарай басқарып келген төре тұқымы еді. Ол ақсүйек отбасында туылғанымен, алғабасар идеялармен ерте қаруланып, туған ел-жұрты үшін еселі еңбек еткен азамат болатын. Түрмедегі кезінде онымен бетпе-бет кездескен Шэн Шицай: «Сен Алтайға барып өз бұқара-жұртыңды тыныштандыр, сонан кейін мен олардың талап-тілектерін орындаймын» - дейді. Шәріпхан батыл түрде: «1939 жылдан бері мен қамалып, сенің темір қапасыңда отырмын. Алтайдағы жағдайдан титтей де хабарым жоқ. Міне бүгін өз аузыңнан естіп отырмын. Бұл мәселеде менің ешқандай амалым жоқ, әрі көтерілісші халыққа қолдарыңдағы қаруларыңды тастаңдар деуге де ешқандай құқым жоқ. Сондықтан мен Алтайға барып сенің сөзіңді сөйлей алмаймын» [37, 98]-дейді. Бұл 1940 жылдың шілде айы болатын. Осыдан соң көп өтпей Шэн Шицай жендеттері оны хайуандықпен азапттап өлтіреді.

Шэн Шицай үкіметі бітімге сай бір бөлім адамдарды және Ақыт-қажының 816 дана кітабын қайтарып беріп, кейбір кісілерді әкімшілік жұмыстарға тағайындағанымен, іс жүзінде шарттағы орындауға тиісті талап-тілектердің көбін бір жаққа қайырып қояды. Халық қолындағы қару-жарақтың 90%-тен астамын жинап алғаннан кейін, Көктоғай, Шіңгіл аудандарына «алтын қазушылар» деген атпен 1100 адамды әкеліп орналастырады. Оның үстіне олардың машиналарға тиеп әкеліп жатқаны өндіріс саймандары емес, кілең пулемет, мылтық сияқты әскери қару-жарақ, оқ-дәрі екендігін Көктоғай аудандық сақшы мекемесінің орынбасары Қадірбай сезіп қалып, Рахат әкімге айтады. Арада 2-3 күн өтпей жатып Қадірбайдың өзі тұйықсыз жоғалып кетеді. Шіңгіл ауданы жақта да тынышсыздық орнайды. Өйткені Шіңгілде жүрген көтеріліс басшыларының бірі Ырысхан аяқ астынан ауырып дүние салады. Мұнда да Шэн Шицай жендеттерінің қастандық істегендігі байқалады. Сондай-ақ, әлгі «алтын қазушылар» бір жолы көпе-көрнеу малшылардың 40-50 жылқысын ұстап алып, қарсылық көрсеткен 9 азматты өлтіріп кетеді.

Сөйтіп 1941 жылы маусым айында Есімхан, Қалел, Қалман, Рахат, Шәріп тектес ел ағалары қайталай бас біріктіріп, қалыптасқан жағдайды жіті талқылап, ең соңында Шэн Шицайға қарсы екінші рет көтеріліс жасауды ұйғарады.

Бұл кезде Шэн Шицай әскерлері де біршама толық дайындықта еді. Соғыс қайта тұтанған сәтте көтерілісшілер біраз жеңістерге жеткен болса да, бұдан алдыңғы соғыстарда недәуір тәжірибеге жинақтаған Шэн Шицай әскерлері де өздеріндегі әскери күштің басымдылығына сүйенді. Көтерілісшілер топтасқан Қуүй, Таршаты, Сайқынбұлақ, Ала-Айғыр сияқты өңірлерде небәрі бір айға жетпейтін уақыт ішінде едел-жедел алты рет ірі шайқас болды. Шэн Шицайдың жыл басынан бері дайындалғаны 4000 кісілік әскері жер бетімен шабуылдап қана қоймай, бұрынғы әдетімен күніне аз дегенде 3-4 рет, әр ретте 4-5 соғыс ұшағы келіп бомбылап, пулеметтен оқ жаудырып қайтады. Бұл соғыста да көтерілісшілер ерекше табандылық танытып, аянбай алысты. Жаудың бетін неше дүркін кері қайтарып 100-ге жуық қару олжалады. Өкінішке орай, қыркүйек айында болған Таршаты соғысында көтерілістің белді басшыларының бірі Сүлеймен батырға оқ тиіп, құрбан болды. Мұның өзі көтерілісшілер үшін оңай шығын болған жоқ. Бұл кезде көтерілісшілердің өз ішінде де босаңсу, жігерсіздену, үмітсіздену пайда болды. Оның бір мысалы Әділхан би, Әбдірахман тектес кісілердің қосым қарақас деп аталатын бір бөлім елді бастап Шэн Шицайға тізе бүгіп кетуі еді. Ал Қалел, Есімхан, Шәри, Рахат, Зейнел, Оспан тектес қол басшылар өздерінің үй-іші, бала-шағалары, ауыл-аймағы жау қолында қалса да, күресті одан әрі жалғастыру мақсатында қоршауды бұзып шығып, Алтай тауының ен қойнауларына кіріп кетті.

Бұл кезде Шэн Шицай қайын атасы Цю Цзунзюнь-ді көтерілісшілерді тізе бүктіру үшін тағы да Алтайға жіберді. Ол өзі Сарсүмбеде тұрып, Буырылтоғай ауданына қарасты Сарбұлақтағы Қаратас мектебін әскери штаб етіп, тауға қашып кеткендерге Жәнімхан-қажыны елші ретінде жіберді. Ол «Құранды» кеудесіне басып тұрып Құдай атымен ант-су ішіп, Шэн Шицайдың оларды ендігәрі қолға алмайтындығын, кешірім жасап, барлық талап-тілектерін орындайтындығын айтты. Көтерілісшілерден Қалел тәйжі оның сөздеріне сеніп тізе бүгуге мақұл болған кезде оған Шәри наразы болды, әрі бұның алдында Шэн Шицайға тізе бүгіп кетіп, енді Жәнімханмен бірге келген Әділхан биді атып тастамақшы болып жанжал шығарды. Бірақ Қалел тәйжі өз балалары Рахат пен Сәйіпті алып тізе бүккендігін жариялады. Өйткені Таршатыдағы шайқастан соң жау армиясы үстем бола берді де, көтерілісшілердің бала-шағасы орналасқан артқы шепке тым жақын келіп қалған еді. Мыңдаған, он мыңдаған әйелдер мен балаларды қамтыған көтерілісшілердің алдыңғы жағы – баса көктеп келе жатқан жау, артқы жағы барған сайын қалыңдап, етектей жауған қалың қармен қымталған асқар тау болатын. Сондықтан көтерілісшілердің басым көпшілігі амалсыздан алдын ала бағынып, етекке түсті. Мұндай жағдайда көтерілістің өзге жетекшілерінің де қасарыса беруге мүмкіндігі қалмады. Тек Оспан батыр бастаған 20 неше отбасы көтерілісті онан әрі жалғастыру мақсатында құрал тапсырмай, Алтай тауынан жылыстап шығып, Жоңғар ойпатындағы қысы жылы болатын құмды аймаққа өтіп кетті. Осыдан бастап ол талай-талай тар жол, тайғақ кешулерді басынан өткізді. Өзгелерден ешқандай көмек болмаған қиын-қыстау жағдайда тұп-тура бір жыл, он ай шамасында жаумен алысып, кейінгі үшінші реткі көтерілістің бастамасы есептелетін машақатты бір кезеңді басынан кешірді.

Ал Шэн Шицайдың алдамына сеніп оған бейбіт берілген Қалел, Есімхан бастаған топ Жәнімханмен еріп Бурылтоғайғдың Сарбұлақ деген жеріндегі Қаратас мектебіне мәжіліске келгеннен кейін онда күтіп отырған Алтай аймақтық сақшы мекемесінің бастығы Ли Хунмин оларға Шэн Шицайдың «ыстық ықыласты сәлемін» жеткізеді әрі Цю министр (Цю Цзунзюнь) Алтайда сіздермен кездесуді күтіп отыр, барып сәлем беріп қайтыңыздар – дейді. Көтеріліс басшылары Алтай аймағының орталығы Сарсүмбеге барғаннан кейін Цю Цзунзюнь: «Сендерді Шэн дубан аталарыңмен жолықтырып, беттеріңді жылытып қайтармақшы болып отырмын, басқадай күдік-күмәнде болмаңыздар. Сіздермен бірге Бұқат (Алтай аймағының әкімі) пен Дәлелхан да (Сарсүмбе ауданының орынабасар әкімі ) барып қайтады» -дейді.

Үш күннен кейін Дәлелханнан басқасы (ол аяқ астынан жоқ болып кетеді) – Бұқат, Қалел, Есімхан, Рахат, Зейнел, Шәри, Қалман, Кәріпбай, Қақыш, Ыбырайхан, Нақыштай, Ғалым, Құмар, Боранбай, Татай, Қақаша тектес 19 адам Үрімжіге ұшып шығады. Ұшықта келе жатқан Есімхан өздерінің алдауға түскенін сезіп қасындағыларға тезден әрекетке келіп өздерін әкеле жатқан құралды әскерлерді ұрып өлтіріп, онан соң ұшақтың бағытын кері бұрғызуды айтады. Бірақ ешкім оған үн қоспайды. Сөйтіп Алтай халқының ұлт-азаттық күресін екінші рет биік белеске көтерген ел ағалары мен қол бастаған азаматтар Шэн Шицайдың әккілік торына өз еріктерімен келіп түсті. Үрімжі әуежайына жетісімен сақадай сайланып тұрған құралды сақшылар оларды дереу қолға алып, абақтыға жапты әрі үстілерінен қылмысты іс қозғады. Әсіресе Бұқат Мәмиев, Қалел Бітімшіұлы, Есімхан, Рахат, Қалел және Зейнелдер бас қылмысты ретінде қаралды. Кейін келе Үрімжіге апарылған осы адамдардың Қалман, Қақыш, Шәри, Ғалым, Ыбырайханнан басқаларының бәрі түрмеде өлгені мәлім болды.

Сөйтіп Алтай халқының Шэн Шицай үстемдігіне қарсы 1941 жылғы екінші реткі көтерілісі сәтсіздікпен аяқталды.


Оспан төңкерісі (1942-1944)
Алтай халқының Шэн Шицай үстемдігіне қарсы үшінші реткі ұлт-азаттық қозғалысы 1942 жылдан былай қарай Оспан Исламұлының басшылығында жүргізілді. Сондықтан оны Алтай халқы «Оспан төңкерісі» деп те атайды. Бірақ 1945 жылы Алтай азат болғаннан кейінгі кезеңде ұлт-азаттық күресінің түрліше бағыт алуына байланысты, Оспан батырдың өлкедегі әр жақтылы саяси күштерге бағытталған қарсылық күресінің 1950 жылдың соңына дейін жалғасқанын ескерсек, «Оспан төңкерісі» делінген ұғым уақыт жағынан тіпті де ауқымды болмақ. Ендеше, екінші реткі көтеріліс сәтсіз аяқталғаннан бастап, 1944 жылы қараша айында Құлжа қаласында Шығыс Түркістан Республикасы құрылғанға дейінгі аралықта Оспан Исламұлының Алтай қазақтарына басшылық етіп, өлкедегі Шэн Шицай мен кейінгі Гоминьдан үкіметіне қарсы жүргізген ұлт-азаттық күресінің жалпы жағдайына тоқталып өтейік.

Профессор Су Бэйхай «Қазақ тарихы» деп аталатын еңбегінде: «Оспан Синьцзян тарихында назар аударарлықтай әрі өте ықпалды тарихи тұлға. Әсіресе оның Солтүстік Синьцзяндағы беделі айтарлықтай жоғары болған» [106,993] - деп жазады. Әрине, 1942-1944 жылдардағы көтеріліс кезінде Дәлелхан Сүгірбаев тектес өзге де ұлт қаһармандарының еселі еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Дей тұрғанмен, көтерілісті үзілген жерінен жалғап, күрес отын қайта тұтандыруда, әрі оны ең соңына дейін жалғастыруда Оспан батырдың жетекші орында болғаны тарихи шындық. Осы кездегі жағдайға талдау жасай келе Оспан батыр және оның төңірегі жөнінде жазған Монғолия батыс шекаралық әскери округінің бастығы Батын Дорж өзінің ескі жауына деген өшпенділігін былайша бейнелейді: «1942 жылы, яғни герман фашистері Кеңес жеріне ішкерілей енген сәтті пайдаланып, Қытайдың орталық гоминьдан үкіметі... Синьцзян үкіметін әскери күшпен басып алып, Кеңес Одағымен жасасқан дипломатиялық қатынасты үзіп, Кеңес мамандарын өз еліне лек-легімен қайтара бастады. Бұл кезді ұтымды пайдаланған американ, ағылшын саудагерлері мен барлаушылары Синьцзянға емін- еркін еніп, ұя сала бастады. Осындай нақты себептерге байланысты, мемлекеттік шекарамызға қауіп-қатер шындап төнген еді. Анығын айтқанда, біріншіден Синьцзян үкіетін құлатқан гоминдан билеушілері дінге нанатын надан халықтың сеніміне селкеу келтіріп, мұсылмандарды жазықсыз жазалап тәлкек ете бастағандықтан, санасы таяз ол адамдар таудың банды қазақтарымен бірлесіп, еліміздің шекарасын бұзып, барымтa істейтін оқиғалар өршіді. Екіншіден, ереуілшілердің күресін жаныштаймыз, оларды кері қайтарамыз деген сылтаумен гоминдан армиясының танк пен ұшақ және жаяу әскерінің көптеген бөлімдері еліміздің шекарасына жақын келіп орналаса бастады. Осылайша, біздің шекарамыздың іргесінде екі мақсаты бар, екі түрлі жау пайда болды. Осы орайда, ерекше айта кететін жайт, қазақтың ірі шонжарлары Eсімхан, Рысхандармен бірге Оспанның атағы қазақ арасына кең таралды, гоминдан түрмесіндегі дінбасылар мен ұлықтырды босату үшін күресемін деп ұран тастағандықтан беделі нығая түсті. Оспанның ықпалының күшеюінің тағы бір себебі бар: Бандылардың жетекшісін (Мұса мергенді—ауд.) Манжиев атып өлтіргеннен кейін, әккі Оспан банды қазақтардың әміршісіне айланғанын айта кеткен жөн... 1942 жылы маусымда гоминьданның әскери басшысы Лю Цзухуэй Оспанды өзіне қаратып алу үшін, оның тұтқында отырған отбасы мүшелерін босатып, арнайы елші арқылы төмендегідей хатты жолдайды: “Қаруды тапсырып біздің жаққа өт. Сендер сонда ғана қауіпсіз боласыңдар”. Оспан: “алдымен қазақтың қамауда отырған ұлықтарын түгел босатыңдар. Шіңгіл, Бұлғын, Көктоғайды азат етіңдер! Қытай әскерін Алтай бетінен шығарыңдар! Осы талаптың бәрін орындасаңдар ойлануға болады. Бірақ қару-жарақты еш қашан тапсырмаймыз деп жауап жазады» [135,7]. Бұл дерек өз кезінде Оспанның жаулары да оны іштей мойындағанын көрсетеді. Бұл ретте Синьцзян тарихында елеулі із қалдырған осы бір тарихи тұлғаның жеке басына қатысты кейбір жайларға да тоқтала кеткен жөн секілді.

Оспан Исламұлы 1889 жылы Алтай аймағына қарасты Көктоғай ауданының Өңдірқара деген жерінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Өзі он екі Абақ керей тайпасының молқы руынан. Оның үлкен әкесі едәуір ауқатты, діншіл адам болғанға ұқсайды. Бірақ ата дәулеті оның заманына жетпей сарқылады. Сонымен 1940 жылға дейін Көктоғай ауданының Күрті деген жеріндегі Ескі-Қызылтас бұлағы бойында тары, арпа егіп күн өткізген. Ол Шэн Шицай үкіметіне қарсы Көктоғай, Шіңгіл қазақтарының 1940, 1941 жылдардағы екі реткі көтерілісіне белсене қатысады әрі соғыста батырлығымен, бірбеткей қайсарлығымен көзге түседі. 1941 жылы қазаннан 1943 жылы шілдеге дейін құрал тапсырмаған көтерілісшілер тобының жетекшісі, 1943 жылы шілдеден 1945 жылы қыркүйекке дейін Алтайдағы қарулы күрестің бас жетекшісі, «Алтай уақыттық халық үкіметінің» бастығы, 1945 жылы қазаннан 1946 жылы ақпанға дейін Үш аймақ үкіметі (Шығыс Түркістан үкіметі) Алтай уәли (әкімшілік) мекемесінің уәлиі (аймақ бастығы), 1946 жылы шілдеден бастап (Шығыс Түркістан үкіметі өлкедегі гоминьдан билеушілерімен бітімге келгеннен кейін) Өлкелік бірлескен үкіметтің мүшесі болды. 1948 жылы ақпаннан 1949 жылы қыркүйек айында гоминьданшылдар Қытай қызыл армиясына бейбіт берілгенге дейін гоминьданшылдар тарапынан құрылған Алтай уәли мекемесінің бастығы (оның орталығы Шонжыда болатын) болды. 1950 жылы қарашада Ішкі Қытайдағы Ганьсу, Цинхай өлкелерінің шекарасындағы Цилянь-Шань тауында Қытай қызыл армиясына қолға түсті. 1951 жылы 29 сәуірде «банды, контрреволюционер» ретінде өлім жазасына кесіліп, 1 мамыр күні Үрімжіде атылды.

Оспан бір әкеден ағалы-інілі екеу еді. Інісі – Дәлелхан Исламұлы 1942 жылы Көктоғайдағы Шэн Шицай билеушілері тарапынан зиянкестікке ұшырап қайтыс болады. Оспанның ұлдарының бірі Шернияздан 1940 жылы Көктоғайдағы бірінші реткі көтеріліс барысында Қайыртқы шайқасында құрбан болады. Екінші әйелі мен үш ұл, бес қызы – жиыны тоғыз адам 1942 жылы Шэн Шицай әскерлерінің қолына түсіп, Сарсүмбе, Көктоғай қалаларында қамауда болды. 1944 жылы көтерілісшілердің бір реткі күшті шабуылына ұшырап, қатты өшіккен гоминьданшылдар Көктоғай қаласындағы қырықтан астам жерлік тұрғындарды және тұтқындарды қырған кезде Оспанның 18 жастағы қызы Кәбира мен 14 жастағы ұлы Байдолланы аналары Мәмейдің алдында турап өлтіреді. Ал 11 жастағы Кәри мен 9 жастағы Сапияны тірідей жиырма неше метр тереңдіктегі құдыққа тастайды. Осы сұмдықтың бәрін көзімен көріп, ес ақылынан танған Мәмей өзін өзі өзенге лақтырады. Сәті түсіп оны партизандар құтқартып қалады. Оспанның Пансия атты тағы бір қызы 1942 жылы Шэн Шицайдың Көктоғайдағы сақшы мекемесі тарапынан Оспанды райынан қайтару үшін жіберіліп, сол беті әкесінің қасында тұрып қалады [87, 9].

Оспанның Шердиман, Нығметолла, Нәби тектес ұлдары 1941 жылдан бастап әкелерінің қасында болып, Оспан қолға түскеннен кейін де күресті одан әрмен жалғастырды. Шердиман 1951 жылы 20 қыркүйекте қолға түсіп, 1970 жылы Құлжа абақтысында құрбан болса, Нығыметолласы қызыл армиямен соғыста ортан жілігнен жараланды. Он екі жасында қару асынып атқа мінген Нәби суішерлігімен аман қалды. 1942 жылы қинаумен қаза болған інісі Дәлелханнан басқа тағы бір інісі Қабылбақи қолға түскен жерінен қашып шығып, өзімен бірге Ганьсуға дейін барады. Інісі Кәмел 1944 жылы ерлікпен қаза тапса, інісі Құсайын 1949 жылы ұсталып, 1952 жылы қашып шыққан бойында қаза болды. Інісі Кәрмен 1951 жылы ақпанда қолға түсіп, атылды. Жақын туысы Райымбек баласы Іркес, Тіркестің алты ұлы түгел оққа ұшты. Інісі Рауан 1951 жылы оқтан жазым болса, Бәбілек 1943 жылы, Сәйпіл 1947 жылы желтоқсанда атылды. Кәгар, Кәшапат, Кәпат, Зейнел бәрі де оқтан кетті. Әлпемішке де 1951 жылы жау оғы ажал боп тиді [133, 80-81].

Бұдан Оспанның тұтас әулетімен күреске шыққанын және сол жолда түгелге дерлік шәйит кешкенін байқаймыз. Онның күрескерлік жігерін шыңдаған ең алдымен ел намысы, туған халқының азаттыққа деген ұмтылысы, ер азаматтардың алынбай кеткен есе-кегі, «қара қазан, сары баланың қамы» еді. Осы ниетке мықтап бекінген ол екінші реткі көтерілістің соңғы кезегінде Шэн Шицай үкіметімен ымырасыз күрес жүргізуге бел байлап, көтерілісшілер ішіндегі сөзі өтетін біраз адамды бастап, құрал тапсырмай өз бетінше кеткен болатын.

Оспан 20 отбасымен Жоңғар құмына барып тасалағаннан кейін көп өтпей Көктоғайдан Сүлеймен Бектұрұлы, Қадірбай сияқты кісілер тағы да 20 отбасын бастап келіп оларға қосылды. Елуге тарта отбасы, екі жүзге жуық адамы бар бұл партизан отряды одан әрі Жоңғардың Қарағанды-Сібе деп аталатын жеріне барып жасырынды. Желтоқсанның аяқ шенінде азық-түліктен қысылғандықтан Үрімжіден Алтайға 20 неше түйеге күріш артып бара жатқан шағын керуенді тосып, түйе мен күрішті алып қалып адамдарын қоя берді. Нәтижесінде олардың тұрған жері сезіліп қалып, келесі 1942 жылдың наурыз айында оларды талқандауға үкімет тарапынан 200 әскер жіберіледі. Екі жақ Үшбұлақ деген жерде біраз шайқасқаннан кейін, Оспан жағдайдың өздеріне тиімсіз бола бастағандығын сезіп, он неше адаммен қашып құтылады. Шэн әскерлері олардың бала-шағаларын және басқа көтерілісшілерді тұтқындап, Сарсүмбедегі бас штабқа алып қайтады.

1942 жылдың соңында көтерілісшілер сапына Келес бастаған 10 адам келіп қосылды. 1943 жылы жыл басында оларға тағы да Мәсей, Сейт бастаған 20 адам қосылды. Сөйтіп сәуір айының соңында көтерілісшілер Жоңғар құмынан жылыстап шығып, Алтайдың ен қойнауларына кіріп кетеді. Осыдан соң Оспан үкіметке «бала-шағамызды қайтарсаңдар бейбіт берілеміз» деген талап қояды. Ондағы мақсаты оларды алдап тұтқындағы бала-шағаларын құтқарып алу еді. Бұған үкімет жағы да оңай алдана салмайды. Керісінше осы орайдан пайдаланып Оспан тобын қолға түсірмекші болады. Нәтижесінде бұл істен түк шықпайды.

Осыған дейін «Шэн Шицай үкіметі Оспанға қарасты ел орналасқан Өңдіқараға 300 әскермен шабуыл жасайды. Көтерілісшілер оларға қайтарма соққы береді. Жау 40 неше адамынан, 30-ға тарта қару-жарағынан айырылады… Осыдан бастап мамыр айының аяғына дейін Шэн Шицай шеріктері мен көтерілісшілер ортасында Қарамайлы, Жиек, Құланқұдық, Бал Ертіс, Күрті, Құжырты сияқты жерлерде неше дүркін атыс болады. Осы шайқастарда көтерілісшілер жаудың 80 адамын өлтіріп, 40-50 қару-жарағын олжалады». Су Бэйхайдың мәліметіне сүйенсек, 1944 жылы жыл басында тек Шіңгіл және Бұлғын өзендерінің құйғанында Шэн Шицайдың 8000 адамдық әскери күші шоғырланған. Оспан мен Шэн Шицай әскері осы арада қиян-кескі соғысып бірін-бірі жеңе алмайды. Соңынан Оспан бастаған көтерілісшілер Шэн Шицай әскерлері дем алған орайынан пайдаланып, олардың соғысқа мінетін ат-көліктерін түгел қуып әкетіп, оларды тырп ете алмайтын жағдайда қалдырады.

Осы кезде, 1941 жылғы көтерілісте сәтсіздікке ұшырап бағынғандардан немесе қолға алыну қаупі төнгендерден бірден-екіден, бестен-оннан, тіпті отыз-қырықтан қашып шығып көтерілісшілерге қосылғандардың саны барған сайын көбейе береді. Алтай өңірінен ғана емес, Еренқабырға бөктерінен, Құмыл, Баркөлден келіп қосылушылар аз болмады. Мысалы, Шығыс Синьцзянға қарасты Баркөл ауданынан Қуанышбай бастаған адамдар, Алтайдағы Шэн Шицай түрмесінен қашып шыққан Тоқтаған, Сендиков (орыс, өз аты белгісіз), Фукаң ауданынан қашып шыққан Жолдыбай (төңкеріске сатқындық жасағаны үшін 1944 жылы атып тасталды), Үрімжі түрмесінен қашып шыққан Қалман, т. б. кісілер көтерілісшілер сапына арт-артынан келіп қосылып жатты. Сөйтіп, 1943 жылдың маусым айында 400-ге тарта адамы, 150-ге тарта қару-жарағы бар недәуір кемелденген қарулы күшке айналды.

Бұл тұста Кеңес Одағының саяси шылауында тұрған Моңғолия үкіметі де өздерінің Алтай көтерілісшілеріне байланысты бұрынғы көзқарасынан бет бұрып, оларды өз жақтарына тартып, рухани және материалдық көмектер беру жағына ойысты. Оларды бұлай істеуге итермелеген себеп халықаралық жағдайдың өзгеруіне байланысты Шэн Шицайдың Кеңес Одағымен болған қатынасын бір жолата үзіп, гоминьданшылдар тарапына өтіп кетуі еді.

1941 жылы маусым айында немістер Кеңес Одағына кең көлемді шапқыншылық жасап кірді. Қазан айында олар Санкт-Петербургті қоршауға алып, Мәскеу түбіне таман төніп келді. Қытайда Жапон басқыншылары комминистер иелігіндегі жерлерді басып алуын тездетті. Гоминьдан үкіметі «Жапон жаулаушыларына керенау қарсы тұру», компартияға белсенді қарсы тұру жағына бірте-бірте өтіп, коммунистер иелігіндегі жерлерге қоршап жою соғысын бастады. Оның үстіне 1942 жылы 26 көкек күні Шан Кайшидің әйелі Сүн Мэйлин Үрімжіге ұшып келіп, Шэн Шицайды коммунизмге қарсы болып, гоминьданмен істестік орнатуға көндірді. Нәтижесінде ол қытай коммунистерін қырғындаумен бірге, Кеңес Одағының Синьцзянда жұмыс істеуге келген мамандарын, ақылшыларын, әскери тәрбиешілерін, «геологиялық экспедицияларын» және Құмылда тұратын «Қызыл VIII полкін» шекарадан шығып кетуге мәжбүрледі [81, 4]. Кеңес Одағынан келген адамдардың шығарылуы және сауда байланыстарының күрт үзілуі Синьцзяндағы жергілікті ұлттар үшін де, неміс фашистерімен соғысып жатқан Кеңес Одағы үшін де оңайға соққан жоқ. Сталиннің Синьцзянды Кеңес Одағының іргесінде өзін қорғайтын қамал ретінде ұстамақ болған үміті ақталмады. Керісінше, өлкеде АҚШ-қа бейім, коммунизмге қарсы гоминьданшылдардың билігі ресми орынға бастады. Бұл жағдайды Кеңес Одағы тарихшылары былай деп жазады:

1943 жылы қаңтарда Синьцзянда гоминьдан партиясының өлкелік ұйымы құрылды. Гоминьданның әскери күштері көбейтілді. Қытайдың барлық өлкелерінен хань (қытай) ұлты өкілдері ағылып келе бастады. «Гоминьдандандыру» Синьцзяндағы хандық емес халықтардың жағдайын қиындатып жіберді [21,178]. Оның үстіне 1942 жылдың соңынан бастап гоминьдан үкіметі өзінің Кеңес Одағымен Синьцзян арқылы жүрілетін сауда байланысын күрт үзді [48,309].

Ал, АҚШ мемлекеті болса Қытайды ұлы держава ретінде бағалап, Тынық мұқит соғысынан кейін оған әскери-экономикалық жақтан көп жәрдем берді. Мысалы, Қытайдың оңтүстік-батыс жағынан 14 аэродром салу, 45 бомбылаушы және 50 атқылаушы ұшақ, 150 әскери ұшқыш, сондай-ақ көп мөлшердегі кредит беру ісі түгелдей АҚШ тың Қытайға жасаған әскери-экономикалық көмегінің бір бөлігі еді [34, 164-165].

Бұл кезде АҚШ пен Англия елдерінің ықпал күшінің Синьцзянға сіңіп кіре бастауы да Кеңес Одағын алаңдатпай қойған жоқ. Аталмыш елдер Үрімжі мен Қашқарда өз дипломатиялық өкілдіктерін ашты, әрі гоминьданшылдармен бірлесіп Кеңес Одағына, коммунизмге қарсы іс-әрекеттерін бастады. 40-шы жылдарда Синьцзянда болып қайтқан кеңестік дипломат В.И.Иваненконың естелігіне жүгінсек, сол кезде АҚШ-тың Үрімжідегі бас елшілігінде Кеңес Одағына қарсы қызметте арнайы мамандандырылған атақты барлаушы Клабб жұмыс істеген. Американдық әскери база мен әуежай құрылыстары Құмыл, Үрімжі, Құлжа, Қашқар тектес жерлерде басталып та кеткен. Сондай-ақ АҚШ-тың вице-президенті Х.Уоллестің 1944 жылы Синьцзянға келіп қайтуы да жайдан-жай болмаған. Ол АҚШ-қа қайтып барған соң, президентке жасаған баяндамасында біздің Үрімжідегі елшілік пен бас елшінің өкілдері Шэн Шицай Чан Кайшидің әмірімен жүреді дейді, сондықтан Синьцзян жіті назар аударарлық өңір деген [42,62]. Демек, аталмыш кезеңде Синьцзян жағдайының халықаралық ауқымға байланысты ушыға бастағаны бірден түсінікті еді. Мұндай жағдайда Кеңес Одағы да дүниежүзілік екінші соғыстан кейінгі өзінің хауіпсіздігі мен стратегиялық жағдайына жіті назар аударды. Сол себепті олар Синьцзяндағы тұрғылықты халықтардың Шэн Шицайға және гоминьданның Синьцзяндағы билеушілеріне қарсы күресіне көп жақтылы көмектесуге ойысты. Соның бір мысалы Моңғолия тараптың Оспан басшылығындағы көтерілісшілермен байланысып, оларға әскери жақтан қолдау білдіруі дер едік.

Жағдайды жіті бақылап отырған Моңғолия үкіметі 1943 жылы шілдеде (Су Бэйхайдың жазуынша қыркүйекте) Моңғолия қазақтарының ішінен Оспанмен рулас Қамқаш деген адамды көтерілісшілерге жіберді. Үкімет хатында: Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық қозғалысына жәрдемдесетіндіктері айтылған. Бұл Кеңес Одағының Синьцзяндағы ұлт-азаттық қозғалыстың қозын басқа біреудің қолымен көсей бастағандығының белгісі еді. Олар сол кезде Кеңес одағының ықпалындағы халықаралық ІІІ интернациональ, тіпті, 1942 жылы 20 қарашада Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі туралы декларация жариялағанын да жеткізеді.

Осыдан соң Оспан да оларға жауап ретінде және тереңірек түсінісу мақсатында өз ұлы Шердиман бастаған 4 кісілік өкілдер тобын жіберді. Олар өздерінің барған сапарына разы болып қайтты. Моңғолия тарапынан олардың әр біріне бірден пистолет, Оспанға арнайы бір автомат, бір бинокль, Қаби Бітімшіұлына бір пистолет сәлемдеме жіберді. 1943 жылы қараша айының орта шенінде Моңғолия жақ Қалқабай, Ғабдол, Құрманхан бастаған 6 адамдық ақылшылар тобын жібереді әрі «Халықтың Шэн Шицай үкіметіне қарсы ұйымы» атты ұйым құрылады. Бұл ұйымның нақтылы аты «Шығыс Түркістан Бұлғын-Шіңгіл Ақ үй соғыс комитеті» болатын. Бұлай аталатын себебі Кеңес Одағы мен Монғолиядан келген адамдар бұдан былай бүкіл Шығыс Түркістандағы ұлт–азаттық қозғалысқа осы бір жерден қолбасшылық жасалады, болашақта құрылатын мемлекеттің басшысы Оспан батыр, үкімет бастығы Сүлеймен Бектұрұлы, бас әскери қолбасшы Сұлубай батыр, ең жоғарғы әскери сот бастығы Көксеген би болады деп сендірген еді. Олар көтерісшілерге мемлеукетті басқарудың саяси әдіс-тәсілдеріне дейін үйретеді. Бірақ, кейін келе Шығыс Түркістан үкметінің билік басына тосыннан бөтен адамдардың келіп жайғасуы Оспанның ашу-ызасын келтіріп, Кеңес Одағына деген үміті мен сенімін жояды. Алтайда бұдан бұрын болып өткен қозғалыстар мен аталмыш ұйым туралы орыс ғалымдары В.А.Богословский мен А.А.Москалев былай дейді: тұрғылықты көшпелі халықтар (негізінен қазақтар) сонау 1939 жылдан бастап өлкелік үкіметке қарсы құралды қарсылық көрсетуде еді. Бұл жағдай үкіметке қарсы ірі көлемді көтерілісті дайындап жатқан құпия ұйымдардың жұмысын жандандырды. Сөйтіп, 1943 жылы көктемде Алтай аймағында «Халықтың Шэн Шицайға қарсы ұйымы» деп аталатын жасырын ұйымға Оспан Батыр тікелей басшылық етті. Аталмыш ұйымның құзырында «Алтай қазақтарының көркею комитеті» атты басшылық тобы ұйымдастырылды. Моңғолия көтерілісшілерге тағы да 200 винтовка, 10 жеңіл пулемет, 10 ауыр пулемет, 30 сандық оқ жібереді [21, 179]. Бұған дейін Көктоғай халқының 1/3-і, Шіңгіл халқының жартысы көтерілісшілер жағына өтті. Ал қалған халықты Шэн Шицай әскерлері «бандылардан қорғаймыз» деген желеумен әскери күшпен қоршап алды.

Осындай күрделі жағдайда 1941 жылы Кеңес Одағына жасырын өтіп, екі жылдай Алматыдағы «Шығыс университетінде» қарулы төңкеріске байланысты тәлім-тәрбие алған, сондай-ақ 1943 жылдың соңынан бастап Оспан бастаған көтерілісшілермен жиі-жиі қатынаста болып келген Дәлелхан Сүгірбаев, 1944 жылы наурыздың басында Моңғолия арқылы қайта оралып, көтерілісшілер сапына қосылды. Ол Кеңес Одағынан Әлихан, Темірхан, Әріпбай, Қасен, Құрмаш, Сұлтан, Жағыпар, Жапар, Дүйсенбек, Қали, Нұриан, Сәрли тектес 12 ақылшы ерте келді. Бұлар кейін ел арасында тігіп отырған киіз үйлерінің өңіне қарай «Ақ үйдің адамдары» деп аталды. Олардың алдында ғана Моңғолиядан ақылшы болып келген Қалқабай бастаған адамдар «Көк үйдің адамдары» деп аталды. Бұлардан сырт Кеңес Одағынан келген генерал Попов пен моңғолиялық генерал Доржы (Мэжик) Шіңгілмен шекаралас келетін Моңғолияның Майқантас қорғаныс штабында тұрып ақылшылық істейтін болды. Мұның бәрі Кеңес Одағының ендігі кезекте көтерілісшілерді ашықтан-ашық қолдауға кіріскендігін көрсетеді.

Бұл кезде өткен қараша айында сұрыпталып, төңкерістік қимылдармен шұғылдануға кіріскен қарулы қосын тағы да реттеліп, төңкерістік партизан бөлімі болып жасақталуға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, 1944 жылы наурыз айының соңын ала Қапас пен Камел, Қаби мен Жылқайдар, Нұрғожай мен Сұлубай, Келес пен Сымағұл басқарған әрқайсысы 150-200 кісілік төрт бірдей партизан бөлімшесі жасақталды. Оспан бастық, Дәлелхан Сүгірбаев оның орынбасары болды.

Көтерілісшілер қатарының күннен-күнге ұлғаюы өлкедегі Гоминьдан үкіметін қатты алаңдатты. Бұл кезде Алтайға топтала бастаған жау күштерінің жағдайы туралы П.Сүгірбаев былай деп жазады: Олар Алтайда бұрыннан тұрып келген өлке мен гоминьдан орталық армиясынан құралған Құрылық армияның 28-ші дивизиясы, уақыттық 3-ші дивизия, атты әскерлер дивизиясы, 46-шы дивизияның Шуй Биншэн бригадасы мен Ма Пинин полкі, Ша Почжэн полкі және хауіпсіздікті сақтау бөлімі мен қарулы сақшы бөлімшесінің 1500 адамын қамтыған 6000-ға жуық әскерінің сыртында Үрімжі жақтан тағы да қыруар әскер әкеліп жатты. Олар мыналар: 3-ші дивизияның 31-ші полкі, 32-ші полкі, Ішкі екі атты батальоны, екі жаяу әскер батальоны, өлкелік хауіпсіздікті сақтау бөлімінің 1,2,3,4-ші батальондары, бір зеңбірек батальоны, бір танк ротасы, 300 кісілік сақшы бөлімі болып, бұлар жиыны 4650 адамнан көбірек еді. Демек, жау әскерінің Алтайдағы адамы 10000-нан асатын-ды [85,54]. Су Бэйхайдың мәліметіне сүйенсек, жаудың тек Көктоғай, Шіңгіл өңіріне топтаған әскери күшінің өзі бұдан әлде қайда көп болған. Оның жазуынша «Шэн Шицай мен гоминьдан үкіметі Оспан бастаған көтерілісшілерді бір жолда жойып жіберу үшін күшейтілген әскери бөлімдері мен соғыс ұшақтарын, ірі зеңбіректерін түгелдей Көктоғай, Шіңгіл өңіріне топтастырды. 1942 жылдың соңына дейін олардың аталмыш өңірге шоғырланған әскери күші 20000 адамның айналасында болды. Олар негізінен Көктоғай, Қаратүңке, Сартоғай, Қос Шіңгілдің құйғаны тектес жерлерге шоғырланды» [112,887]. Ал Іле тарабын алсақ, 1944 жылы қыркүйек айының басында гоминьданның ондағы жалпы әскери күші мөлшермен 2500 адам болған [81,24]. Салыстырмалы түрде айтқанда, бұл гоминьданның бұған дейінгі Алтайдағы әскери күшінен әлде неше есе аз еді. Мұның өзі 1942 жылдан бастап қайталай тебін алған Алтайдағы ұлт-азаттық қозғалысының жаңаша беталысы өлкедегі Шэн Шицай әкімшілігі мен гоминьдан билеушілері үшін қаншалықты хауіпті бола түскенін әйгілесе керек. Д.Сүгірбаевтің пікірінше: «Алтай партизандарының өз тұсында гоминьданның осыншама көп әскери күшін өзіне тартып, шыжымдап тұруы гоминьданға өзге райондарға әскери күшін көбірек апару мүмкіндігін бермей, оларды тырп ете алмайтын халге түсірді. Мұндай жағдайдың 1944 жылы тамыз айында Іле аймағының Нылқы ауданында Фатих, Акбар, Сейіт бастаған малшылар төңкерісінің жарыққа шығып тез ұлғаюына, әрі олардың Құлжа қаласындағы төңкерісшіл күштермен ұштаса соғыс жүргізіп, небәрі үш ай ішінде гоминьданның бүкіл аймақ көлеміндегі үстемдігін аударып тастауында үлкен рөл атқарғандығы белгілі» [85,55].

Бұл кезде Моңғолия үкіметі де өз тарапынан берілуге тиісті әскери көмектен аянып қалмады. 1944 жылы наурызда Моңғол мемлекетінің басшысы Х.Чойбалсан Бұлғын өзені бойына келіп, Оспан бастаған көтеріліс басшыларымен кездесіп, қарулы күрестің жағдайымен танысады. Сол кезде Оспан Көктоғай, Шіңгіл аудандарының көлемінде бала-шаға, бақташы-қосшылардан сырт, 1000 адамды құралды күреске дайындай алатындығын айтады. Х.Чойбалсан дереу оларға Кеңес Одағында жасалған 1000 дана винтовка, 1000 ат, Ноғай деген қазақ жігіті басшылық еткен, фашизмге қарсы соғысты бастарынан өткізген 500 құралды қазақ солдатын беруге келіседі. Х.Чойбалсанға ере келген 30 адамның ішінде фашизмге қарсы соғыста пилот болып ерен еңбек көрсеткен Мүдәрісұлы Зайсанов атты қазақ жігіті бар еді. Чойбалсан оны арнайы таныстырып, оның ерлік істерін әңгіме етіп, жұртты алдағы күреске шабыттандырды. Бұдан соң ол тағы да Оспанға 17 әскери ақылшы қосып береді. Олар да моңғолиялық қазақ жігіттері тұғын. Олардың бастығы Қалқабай, орынбасары Марқаба еді. Радиоаппараттармен жабдықталған бұл 17 адам ылғи да Оспамен бірге жүрді»[123, 3]. Х.Чойбалсан кетерінде Көктоғай, Шіңгіл халқының атынан жиналған 800 адамдық алқалы жиында Оспанды бас қолбасшылыққа, Дәлелханды орынбасарлыққа тағайындап, олардың қол астындағы адамдарды белгіледі. Көтерісшілердің басшылық құрамы тағайындалғаннан кейін, Моңғолия тарабынан әскери көмектер де арт-артынан келе бастады. Чойбалсан науырыздың 6 күні келіссөз нәтижесі туралы сол Бұлғында тұрып, И.Сталинге радиомен жолдаған жеделхатында: «Москва, Сталин жолдасқа. Мұнда келіп Oспанның ақуалын терең біліп, толық араласып, әлгі тартуларды бердім. Қуана қабылдады. Оспан Aлтайды азат етеріне сенеді. Осы туралы отаншыл жаңа әндер шығарылуда. Оспанды мадақтаған жырлар да туды. Ежелгі қазақ батырларын да жырлайды. Ресеймен, Монғолиямен достасуды да сөз етуде. Бұл жағында қозғалыс көп. Оспан сөзге сараңдау, әйбат адам тәрізді. Күдікшілдеу. Секемшіл, діндар адам. Жалпы қазақтар секемшіл келеді. Осында біраз аялдап, Оспанның аңысын аңдаймыз» [133,38 ]-дейді. Кейін аттанар алдында тағы да 17 соғыс ұшағын жіберіп, гоминдан армиясын және олардың соғыстық базаларын әуеден бомбылайтындығын, сол үшін жердегі партизандар қосынының өз белгісі болуы керектігін айтады. Соған байланысты көтерілісшілер қолдарына «исламның ақ туын» ұстайтын боп келісті. Бұл ақ тудың ішіндегі ең төре ту бір кезде керейдің Жәнтекей руынан шыққан, Абылай ханның белді батырларының бірі Бердәулетұлы Жәнібек батыр көтерген ту еді. Сол туғды бір кезде Абылай хан «Санжақ» деп атаған екен. Алтайдағы Абақ керей елі Ер Жәнібекпен бірге Байтайлақ, Қожаберген, Жантай, Арқалық, Қотырақ, Бөке, Ақтайұлы Жылқышы, Көбеш, Зуқа сында батыр ұлдарын да мақтаныш етіп, олардың рухына сиынатын.Туды алып шыққан үлкен жиында бәтуаға шалынған көкқасқа тайға бата берген Үмтібай би жиылған халайықты жырымен жігерлендіріп былай дейді:


Әуелі Құдай оңдасын,

Аруақ бізді қолдасын.

Береке бірлік күшейіп,

Жамандық сірә болмасын.

Аман болсын басшылар,

Ержетіп өссін жас шынар.

Біз сиынып Аллаға,

Кезіміз келді бас құрар.

Аман болып мергендер,

Мерген болсын ергендер.

Азат болсын түрмеден,

Машақатты көргендер.

Қолға келсін табыстар,

Алынсын жаудан намыстар.

Азаматтар аман боп,

Құтты болсын шабыстар.

Орнасын бізге Күн мен Ай,

Болсын елім көңлің жай,

Мүсәпіршілік бұл жолдан,

Құтқара көр, а Құдай! [136, 18]
Алдын ала белгіленген жоспар бойынша, 1944 жылы 20 көкекте Оспан қолы Шэн Шицай армиясына қарсы шабуылын бастап жіберді. Сол күні таң сәріде Моңғолия жақ жіберген соғыс ұшақтары да жетіп келіп, Шіңгіл мен Бұлғын өзенінің құйғанындағы жау бекіністерін бомбылай бастады. Бұл кезде Оспан бастаған 1500 адамдық қалың қол жер бетімен шабуылдап Шэн Шицай әскерлеріне өлтіре соққы берді. Айналасы екі тәулікке созылған сұрапыл соғыста жаудың 8000 адамы өліп, қалғаны Шонжыға қарай қашты. Олардың бәрі соғыста ат-көлігінен айырылғандықтан жол бойы тағы да шағын партизан топтарының шабуылына ұшырады, аштықтан, соғыс жарақатынан өлді.

Бұдан кейін көтерілісшілер гоминьданшылар қолындағы тұтқынға түскен халықты құтқарып алып, Шіңгіл қаласына шабуылдады. Өздерінің Шіңгіл мен Бұлғын өзендерінің құйғанындағы Ағаш-Оба бекінісінен айырылып қорғансыз қалған жау, қаланы өртеп қашып шығауға мәжбүр болды.

1944 жылы маусым айында төңкерістің қанатын тұтас Алтай аймағы көлеміне жаю үшін көтерілісшілер нақтылы қимылға кірісті. Алдымен Дәлелхан Сүгірбаев төңкеріс жетекшілерінің әскери істер мәжілісін ашты. Тұтас Алтайдың нақтылы жағдайына сай қалашықтарды алуға және жау әскерлерімен кеңірек соғысуға асықпау, оның есесіне халықты толық аттанысқа келтіріп, төңкеріс шебіне тарту, сөйтіп жауды «судан айырылған балықтың күйіне түсіру» стратегиясын белгіледі. Шіңгіл ауданын азат ету тәжірибесіне негізделіп, алдымен әр ауданда төңкерістік жағдай жасату, жұртты өз қатарларына өткізіп алып, Шіңгіл сияқты төңкерістік базаға немесе басқа шалғай жерлерге көшіріп әкету, сол арқылы жауды «судан айырылған балықтың» күйіне түсіру, әр жақтан, өте-мөте экономсикалық жақтан жауды әбден тұралату, сонан соң тіректі бекіністер мен қалашықтарға ресми шабуыл жасау мақсатында, шілде айының басында әр бірі 2-3 жүз кісілік партизан бөлімін Сарсүмбе, Буыршын, Жеменей, Қаба, Бурылтоғай аудандарына жіберді. Олар Төменгі Алтайдағы Буыршын, Қаба, Жеменей аудандарының халқын төңкерістік күреске қатынастыру үшін барған жерлерінде мынандай мазмұндағы әндерді шырқаған:
Жан туа ма жалғанда Шәріпхандай,

Қызмет еткен халқына жан аямай.

Мәнкей, Ақыт, Қалелді тағы өлтірді,

Жан жағады қытайға енді қандай?! ...
Ай-хай ел, туған жер,

Туысқандар бізге кел!
Бұқат бейсі қазақтың кемеңгері,

Көрге тықты-ау қытайдың жемеңгері.

Ел басына күн туды екіталай,

Сыналатын кез жетті ердің ері.
Қытай қашан қазаққа берген пайда?

Пайда берсе Көкенай, Кәкен қайда?!

Ел адамын гоминьдан түгел жойды,

Қарап жатпай атқа мін осындайда.
Сауыр таудан біз келдік жер Қабаға,

«Жәнібек!»-деп сиынып ер бабаға.

Табан асты езгімен қырғындаған,

Қытайдан қорыққанмен жан қала ма?!
Ай-хай ел, туған жер,

Туысқандар бізге кел!
Нәтижесінде 1944 жылдың қазан айының соңына дейін Бурылтоғай, Алтай, Буыршын аудандарының халқы Моңғолия шекара шебі арқылы Өр Алтайға көшірілді. Ал төменгі Алтайдағы Жеменей, Қаба аудандарының халқы және оларға қосылған Тарбағатайға қарасты Қобық ауданының біраз елі көрші Кеңес Одағының жеріне көшірілді.

«Балықты судан айыру» стратегиясы сәтті аяқталып, гоминьдан күштері оқшау қалды. Ендігі кезекте күн тәртібіне гоминьданның түйінді бекіністері мен олар иелеп тұрған аудан қалашықтарына шабуыл жасау міндеті қойылды. Осыған байланысты, 22 қыркүйек күні партизандар Торғайты деген жерде гоминьдан армиясының Шонжыдан Алтайға жіберген әскери керек-жарақ тиеген 45 автомобилі мен 100 түйелік керуеніне тұтқиыл шабуылдап, олардың 80 адамын жойып, оқ-дәрі тиелген екі автомобилін күйретті.

Бұл кезде Алтай көтерілісшілері 60 мыңнан астам халықты өз жағына тартқан әлде қайда қуатты әскери күшке айналған-ды. Бұл кезде Моңғолияда жақ тағы да миномет, пулемет тектес ауыр құралдарға қоса, винтовка, автомат, маузер тектес 1700 тал құрал әкеліп көтерілісшілерді толық құралдандырды [97,67]. Сөйтіп, көтерілісшілер 1945 ақпан айының соңында Көктоғай мен Жеменей қалашығын, наурыз айында Бурылтоғай қалашығын жаудан азат етті. Аудан орталықтары есептелетін бұл қалашықтарды жаудан тазарту оңайға түспеді. 1945 жылы маусым айында Қапасты алдыңғы шеп бас қолбасшысы, Дәлеханды әскери ақылшы етіп тағайындап, олардың бастауына 2000 әскерді (мұның ішінде моңғолиялық 500 жауынгер бар еді) Көктоғайдан Алтай аймағының орталығы Сарсүмбе қаласына шабуылдауға аттандырды.

Тарихшы Су Бэйхай сол кезде Сарсүмбе қаласында гоминьданның 2000 әскері, 3000 тұрғыны тұратын дейді [112,875]. Ал П.Сүгірбаевтің жазбасы бұдан өзгешелеу. Ол: «Қаладағы азын-аулақ (1000-ға жетер-жетпес адам, 200-ден сәл көбірек түтін) тұрғындарды есепке аламғанда онда гоминьданның сұрыпталған 2500 әскері, хауіпсіздікті сақтайтын 500 кісілік 3 бөлімі тұратын» - дейді. Мейлі қалай болса да, жау өзінің соңғы апанында оңайлықпен беріле қоймайды. Көтерілісшілер Дәлелханның басшылығында қаладағы гоминьдан күштеріне қарсы төрт рет қоршап шабуыл жасайды. Нәтижесінде гоминьданшылдардың өлке орталығымен болған жан-жақтылы байланысы үзіліп, өте қиын жағдайда қалды. Сөйтіп, көтерілісшілер Шығыс Түркістан ұлттық армиясының Алтайды тез арада азат етуіне қолайлы шарт-жағдай әзірлеп қойған еді. Бұл кезде 1940 жылдан басталған Алтай халқының ұлт-азаттық күресінің жеңіске жетуіне де санаулы күндер қалған.



Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет