А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов еңбектері бойынша таным теориясын меңгертудің философиялық негізі білім беру философиясымен тікелей байланысты. С.Ж.Еділбаева білім беру философиясын былай түсіндіреді: «Білім беру философиясы білім берудің онтологиясын, логикасын, аксиологиясын, мәдениетін, әдісін және идеологиясын қарастырады»[81;9]. Осыған сәйкес тіл біліміндегі таным ториясын меңгертудің бастапқы ұғымдары, логикалық үйлесімділігі, құндылықтары, әдістері, негізгі идеялары білім философиясының негізін құрайды. Бүгінгі таңда құндылық мәселесі әр түрлі мағынада қолданылады. Құндылықтың онтологиялық ерекшелігін білу үшін, алдымен болмыс түрлерін анықтап алуымыз керек. Ибн Синаның пікірінше болмыстың екі түрі бар: 1) түйсіктен тыс болмыс; 2) түйсікке негізделген болмыс[82;30]. Түйсіктен тыс болмыс сезімдермен түйсінетіндіктен ақиқат болмыс деп танылады. Ал түйсікке негізделген болмыс түйсіктен тыс бір нәрсенің бейнесі секілді, түйсіктен тыс баламасы жоқ ұғым да болуы мүмкін. Осыған орай құндылықтың
онтологиялық ерекшелігін анықтау үшін Оңғаров Е.: «1) Құндылық шын болмыс па, әлде түйсікке негізделген болмыс па? 2) Құндылық іс-әрекетке негізделген болмыс па, әлде күшке негізделген болмыс па?»[83;132] -деген сұрақтар қоя отырып, құндылықтың мәнін айқындайды. Философ Нұрмұратов С.Е. «құндылық дегеніміз – рухтандыратын шындық»[84;83]- десе, С.Ф.Анисимовтың пайымдауынша: «Егер құндылықтарға маңыздысы қоғамның, таптың, тұлғаның жаратымды, саналы нақты қажеттіліктерін қанағаттандыратын қабілеті болса, онда ол өзінің мағынасы бойынша теріс бола алмайды»[85;41]. О.Г.Дробницкий «Адамгершілік» атты еңбегінде адамгершілік сапасы түсінігіне назар аударады: «бұл адам мінезінің ең тұрарлық қасиеттерінің бірі болып табылады»[86;50]-деп құндылық ұғымын кеңейте түседі. Сонымен тіл білімін танымдық тұрғыда оқыту адамды рухтандырады, шәкіртті адамгершілікке тәрбиелейді және ұлттық-мәдени құндылықтарды, оның ішінде салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды бағалауға жетелейді.
Білім философиясының зерттеу мәні – адам болғандықтан, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжоловтың еңбектеріндегі таным теориясын оқыту да білім беру философиясының зерттеу мәнін құрайды. Себебі таным теориясын меңгерту тек білім мазмұнын ғана емес, сонымен қатар адамның рухани-мәдени құндылықтарын да қамтиды. Сондықтан тіл арқылы білім алушыға адамгершілік, ұлттық, мәдени, қоғамдық-әлеуметтік құндылықтарды сіңіру – таным теориясын оқытудың маңыздылығын арттырады.
А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов еңбектері негізінде таным теориясын оқыту арқылы студентті ұлттық, мәдени, қоғамдық, адамгершілік құндылықтарды бағалау тәрбиелейді. Ғалымдар тіл біліміне қатысты еңбектерінде таным мәселесіне байланысты жан-жақты ғылыми тұжырымдар мен тілдің табиғатын ашу үшін философиялық пайымдаулар жасайды. Себебі философия табиғаттың да, қоғамның да, ойлаудың да ең жалпы заңдылықтарын зерттейді, сондықтан таным мәселесінің тілдегі көрінісі философиялық пайымдауларды да қажет етеді. Себебі «философия дегеніміз
— мәңгі және үнемі өзгерістегі дүниені тану, бар заттар мен құбылыстардың себептері мен принциптерін айқындауға бағытталған ғылым. Ол дүние мен адамның тұтастығы, немесе өмірдің мәні туралы, адамның әлемдегі орны, оның парасаты мен биік қасиеті туралы ілім» [87;12]. Философия – адамның дүниедегі заттар мен құбылыстарды танып, игеріп, оның сырын ашуға жәрдемдесетін ғылым. А.Байтұрсынұлы адамның дүниені, ғаламды танудың биік ұғымы – даналық мәселесін: «Адам зейіні бүтін ғаламды тануға жұмсалып, дүниедегі бар нәрсенің барлығын, яки бар деп ұйғарылған нәрсенің бар-жоқтығын танып, белгілі бір қарарға келгенде, адамға бір үлкен ұғым пайда болады. Сол ұлы ұғым жүйесі даналық деп аталады. Даналық мақсаты бүтін ғаламды танып, бүтін ғалам аталған дүниенің жұмбағын (дүние мәселесін) шешпек»[42;133]-деп түсіндіреді. Ғалымның пайымдауынша, адам ғаламды танып, дүниенің сырларын шешіп, ол туралы
үлкен ұғым қалыптастырып, оны сөз арқылы жарыққа шығарады. Себебі
«қара сөз нәрсені тиісті жағына сөйлейді... Нәрсе турасында тиісінше сөйлеу үшін тиісінше ойлау керек. Тиісінше ойлаған ойымыз, ұғым түрлеріне қарай, бірнеше тарапқа бөлінеді» [42;133]. Сол тараптың бірі - «ғалам тарапы», яғни даналық. А.Байтұрсынұлы ғалам туралы адам пайымының тілге қатысын анық байқап, даналық адамның айналада қоршаған заттар, құбылыстар мен оның сырын, сипатын, заңдылықтарын санасына қабылдап, тіл мен ойлау бірлігі негізінде қайта жарыққа шығаратындығын көрсетеді.
Таным мәселесі адам болмысымен тығыз байланысты болғандықтан, адамның дүние туралы пайымдауымен (яғни философия ғылымымен), санасымен (психология ғылымымен), сөйлейтін тілімен (лингвистика ғылымымен) сабақтасып, жаңа ғылыми парадигманың бірнеше ғылымдар тоғысында пайда болуына ықпал етті. Таным мәселесі өте күрделі болғандықтан, жан-жақты анықтап, айқындап алуды қажет етеді. Танымның философиялық негізі адамның ақылымен, санасымен сабақтас. Ақыл-парасат, сана – сезім иесі ретінде адамның ең басты қасиеттерінің бірі — өзін қоршаған ортаны танып – білуге деген ерекше ұмтылыс. Адам айналасындағы әлеуметтік дүниені, табиғи әлемді танып білу барысында олардың ішкі құпиясына үңіледі, қасиеттерін анықтайды, даму заңдылықтарын біледі, өзінің орнын, басқа адамдармен қарым – қатынасын белгілейді. Дәлірек айтсақ, таным барысында адам өзін қоршаған ортаны игереді, ол туралы білімі кеңейіп, тереңдей түседі. Адам айналасын танып, білуге тырысып, ол туралы пайымдап, философиялық дүниетанымын кеңейтеді. Сонымен «философиялық дүниетаным деп әлемге, табиғатқа, қоғамға және олардың арақатынастары туралы қалыптасқан ең жоғарғы ғылыми көзқарастар жиынтығын айтамыз. Философия өзінің мазмұны, түрі және танымдық тәсілдері жағынан әрі дүниетаным, әрі ғылым болып табылады» [87;7]. Демек,, философияда таным философиялық дүниетанымның қалыптасуына зор ықпал етіп, адамға ең жоғарғы ғылыми тұжырымдар жасауына әсер етуші әрекет ретінде түсіндіріледі. Қ.Жарықбаевтың пікірінше: «Дүниетаным – адамның табиғат, қоғамдық өмір туралы білімдерінің жүйесі. Нағыз дүниетаным мистика мен идеализмге жат, дәйекті ғылыми-материалистік дүниетаным. Оның басты ерекшелігі – ғылыми негізделетіндігі. Бірден бір ақиқат дүниенің даму заңдарын дұрыс түсіндіретін ғылымға негізделген дүниетаным ғана адам психологиясына дұрыс бағыт бере алады»[73;128]. Сондықтан, адам өмірінде маңызды орын алатын, оның рухани байлығын қамтамасыз ететін дүниетанымдық білімі таным арқылы қалыптасады.
Философия зерттеушілері: «таным – жеке тұлғадан оның барлық маңызды күштерін: ақылын, сезімдерін, еркін, түйсігін жұмылдыруды талап ететін аса күрделі үдеріс»[87;296]- деп танып, теориялық тұрғыда танымды екіге бөліп қарастырады. Біріншісі– сезімдік таным, ол сезіну, қабылдау, көзге елестету әрекеттері арқылы өзін қоршаған әлемді таниды. Екіншісі – логикалық таным, яғни адам әлемді, өзін қоршаған заттар мен құбылыстарды
ойлап, пайымдап, тұжырымдап таниды. Логикалық таным басымдылығымен танымның ең жоғарғы пішімі ғылыми таным қалыптасады. «Ғылыми танымның негізгі мақсаты –шындыққа жету, өйткені сол ғана ғылымның іс жүзінде қолданылуына, пайдаға асуына жол ашады»[88;298].
Қазақ тіл білімінің негізін салушы ғалымдарымыз сөз еткен таным теориясы – тіл біліміндегі таным. А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов танымдық тіл білімінің негізгі ұғымдарын, қағидаларын, ұстанымдарын зерттеулеріне арқау етіп, ХХ ғасырдың басында-ақ тіл болмысын танытуда философия ілімінің қарарларына ден қойғандарын байқаймыз. Тіл болмысын дүниетану құралы ретінде түсіндірген ғалымдар тілдің танымдық қызметін, тіл мен таным сабақтастығын, тіл арқылы халықтық танымды, тіл мен ұлт тұтастығын, тіл мен қоғам бірлігін философиялық пайымдаулары арқылы ұсынып, тілдегі таным теориясының басты ғылыми ұғымдарын қалыптастырды. Сезімдік таным мен логикалық танымды да тіл біліміне қатысты зерттеулеріне арқау етіп, таным теориясының тіл болмысымен сабақтастығын анықтауды көздеді. Сезімдік таным адамның бастапқы сатысы екендігін Қ.Жұбанов «кішкене дүние дәуірі» деп атап: «Адам баласының табиғатында әуелі басқаны біліп алып, өзін кейіннен білу қасиеті бар... Ежелгі дәуір адамдарының алдымен өзінен басқа заттарға ат қоятыны, өзін сол басқаларға ұқсата атайтыны – өз басын кіші дүние деп біліп, оны ана үлкен дүниеге ұқсатуынан болған. Осы таным тілге әсер еткен»[44;492]-деп, тілдің танымдық қырын дәл көрсетеді.
А.Байтұрсынұлы адам баласында дүние туралы ұғым түрлерін бірнеше тарапқа бөліп: «Қара сөз нәрсені тиісті жағына сөйлейді... Нәрсе турасында тиісінше сөйлеу үшін тиісінше ойлау керек. Тиісінше ойлағанда ойымыз, ұғым түрлеріне қарай, бірнеше тарапқа бөлінеді: 1) ғалам тарапына, 2) Құдай тарапына, 3) ғылым тарапына, 4) әлеумет тарапына, 5) үгіт-тәрбие тарапына,
6) сын тарапына» [42;133] -деп жіктеп, ғалым адамның дүниені тануы ғылыммен сабақтасып, ғылым тілі арқылы адам өмірінде маңызды орын алатындығын түсіндіреді.
А.Байтұрсынұлы: «Ғылым дегеніміз – дүниені, яғни табиғатты дұрыс тану, ғылым жоқ болса дүниені тану дұрыс болмайды. Дүниені дұрыс танымаған соң, дүние турасындағы мағлұмат жиысатын сана-саңлауы дұрыс болмаған соң, табиғаттың күшін, ісін, қасиетін, бұрынғылар теріс танып, теріс әуезе қылған» [42;155]-деп пайымдап, ғылыми таным дұрыс болмаса ол туралы жарыққа шыққан сөз де дұрыс болмайтындығын айтады. Себебі ғалым адамдаекіғаламболады деп түсіндіреді. Оның бірі–тысқығалам,екіншісі–ішкіғалам. «Ақыл,көңіл,қиялсияқтыадамныңрухынақараған жағы ішкіғаламболады да, онан басқалар – басқаадамдар,мақұлықтар, нәрселер, бүтін дүние тысқы ғаламболады. Әуезе тысқы ғалам турасындағы сөз» [42;156] - деп дүниенің философиялық негізін тілмен байланыстырады.
Айнала қоршаған дүниені, оның қасиетін түйсік арқылы адам санасына қабылдап, сезімдік таным қалыптастырады. Сезімдік таным дамып,
қабылданған ақпараттың тек сыр-сипаты ғана емес, оның ішкі мазмұнын ашып, пайымдап логикалық таным дәрежесіне көтереді. Адамның қоршаған дүние туралы ойлап, пайымдап, тұжырымдап, оның сырын ашуға ұмтылатын ой жүйесі, жинақтаған білімі күрделі үдеріс ретінде ғылыми танымға айналады. Қазақ тілінің негізін салушы А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжоловтың тіл біліміне қатысты зерттеулерінің басты ерекшелігі – олар тіл болмысын құрылымдық сипатта ғана қарамай, оған философиялық пайымдаулар жасап, тіл табиғатын тұтас танып, және біртұтас үдеріс есебінде зерттеуге тырысқандығында. Мысалы, А.Байтұрсынұлы:«Тіл – құрал. Құрал болғанда толып жатқан есепсіз бөлшектері бар, ол бөлшектері түрлі жағымен қиысатын толып жатқан қырлы, тетіктері есепсіз көп бір өте үлкен машина секілді құрал.
Қандай құрал болса да, оны жұмсаушысы екі түрлі болмақ. Біреуі – құралдың ішкі-тысқы бөлшектерінің бәрін біліп, олар қалай бір-біріне үйлесіп, үйлескенінен шығатын тетіктер бір-біріне қалай жалғасып, қалай қызмет ететіндігін біліп отырып жұмсаушы. Екіншісі – олардың бәрін білмей-ақ құралдың жұмсауға керегі бар тысқы бөлшектері мен тетіктерін көріп, жұмсау әдісін үйреніп алып жұмсаушы. Ішкі бөлшектері мен тетіктерін бұл таныс құралды жұмсап жүріп, онымен көп істес болып барып, тәжірибе арқылы таниды.
Солай танығаннан кейін ананың да, мынаның да құрал жұмсауы, оны тануы бірдей сияқты болып шығады. Бірақ асылында олай болмайды. Мәселен: машина бөлшектері жасалынған заттардың қасиеттерін, олар үйлесуінен шығатын тетік заңдарының жайын жақсы білетін жұмсаушының машина тануы мен тек өз тәжірибесі арқылы машинамен танысқан адамның машина тануы – екеуі бірдей болмайды. Машина жүрісінде кемшілік біліне бастаса, оның неден екенін анау бірден білгенде, мынау тіпті білмеуі мүмкін». [89;1]-деп түсіндіреді. Тіл табиғатын – «құралға» теңеп, адам санасына «жеңілдетіп» алуы – ғалымның таным теориясының сезімдік және логикалық деңгейлерін қолданғандығын көрсетеді. Тіл білімін көріп, ұстап, сезіне алатын затпен салыстыра түсіндіру арқылы А.Байтұрсынұлы оның ішкі мазмұнын, мағынасын түсініп қолдану мен әдістерін үйреніп қолданудың арасында айырмашылық бар екендігін білдіреді. Осыдан танымның бастапқы деңгейі сезімдік таным адамның тіл табиғатын толық қабылдай алмайтындығын, оның ішкі мазмұнын түсіну үшін логикалық танымның маңыздылығын аңғаруға болады.
Сондай-ақ, Қ.Жұбанов қазақ тілінің грамматикасына арналған еңбегінде сөз бөлшектерін құрайтын тілдік бірліктерді тұрмыспен байланыстырып, мәнін бейнелі түрде: «Тігіліп біткен киім, тоқылып шыққан өрмек, иіріліп болған жіп сияқты, сол күйінде адам керегіне жарарлық болып жасалған затты бұйым дейміз. Ағаш, тас, кірпіш, балшық, шеге, әйнек сияқтылар – үй деген бұйымды жасауда керекті материалдар. Жүн, мақта, жібек, кендір сықылдылар жіп деген бұйымды жасауда керекті материалдар... Сөйтіп өрмекке жіп материал болады. Осы өрмек деген
бұйымның өзінен киім деген екінші бұйым жасалады. Сөйтіп, өрмек киімге материал болады.
Сөз бөлшектерінің бәрі де – шикізат емес, бұйым. Өйткені бәрі де, ірісі де, ұсағы да – сол күйінде-ақ сөздің бір керегіне жарарлық болып жасалады. Ең аяғы – жеке дыбыс та бір сөзді екінші сөзден айыруға жарайды»[76;2] – деп түсіндіріп келіп, «Сөйте тұра сөз бұйымдарының бірі-біріне материал болады. Сөз бөлшектерінің әрбір ірісі – өзіне тете ұсағынан жасалған бұйым, әрбір ұсағы – өзіне тете ірісін жасайтын материал» [75;2]-деп түйіндейді. Ғалым тіл құрылымын, тілдің теориялық ұғымдарын түсіндіру үшін шәкірттің танымына сәйкестендіріп, бастапқы сезімдік таным, кейін логикалық танымда қабылданып, өңделген ақпаратпен салыстыра баяндайды. Сонымен бірге, ғалым тіл білімінің заңдылықтарын тұрмыспен байланыстырып, білім алушының қабылдауына жеңіл, ұғынықты түсіндіру әдісін шебер қолданады.
Адамның заттар мен құбылыстар туралы ақпараты ішкі мәнге қарай ұмтылып, жүйелі, шынайы білімге айналады. Ендеше, танымды адамның жаңа әрі тың білімді игеріп, рухани баюы деп есептеуге болады. С.Аманжолов адамның дүниетануына тілдің ықпалы зор екенін, тіл арқылы қарым-қатынас жасап, пікір алысу нәтижесінде адам ой-санасының кеңейетіндігін айтады. Және адам қарым-қатынас жасап, бір-бірін түсінісуден ой-санасы кеңейіп, тіл арқылы сыртқа шығатынын: «Тіл - амАл құрАл оның арқасында адам бірімен-бірі қарым-қатынасқа енеді, пікір алысады және бірін-бірі түсініседі. Тіл ойлаумен тікелей байланысты болғандықтан, сөзді және сөйлемдегі сөздердің бірлігінде ойлау ісінің жетістіктерін тіркеп отырады. Демек,, адамның дүние танудағы жетістіктері сөзде, сөйлем құрылысында тіркеледі, сөйтіп адам қоғамында пікір алысуға мүмкіндік жасайды» [45;90] –деп білдіреді. Сонымен қатар, тіл білімінің тек қарым-қатынас және дүние тану құралы емес, дүниетанымды кеңейтетін ғылым екендігіне назар аударады: «Мыңдаған жыл өмір сүрген адам баласының дүниетануына үнемі қызмет еткен тіл, тек қарым-қатынастың құралы ғана емес, ол дамудың және күрестің де құралы болумен қатар, грамматика сияқты адам баласына зор қызмет істейтін өте маңызды ғылымды тудырды. Бұл ғылым адам баласының ұзақ өміріндегі тұрмыс үшін күрес жолында жасаған тәжірибелерін, ойлауының ұзақ уақыт абстракциялануы арқасында топшыланған жетістіктерін қорытқан да ғылым болып отыр»[45;92].
Таным адамның дүниетануын кеңейтетін, рухани байлығын көтеретін, ақыл-парасатының көрсеткіші саналатындықтан, таным теориясы философия ғылымында субъект пен объект арақатынасын, адамның дүние тану жолдарын, тәсілдерін зерттейтін бір саласы ретінде қарастырады. Философия ілімінде: «Таным теориясы немесе гносеология – танымдық қызмет процесіндегі субъект пен объектінің арақатынасын, білімнің шындыққа қатынасын, адамның дүниені танып білу мүмкіндігін, білімнің
ақиқаттығы мен айқындық критерийлерін зерттейтін философия тарауы»[90;411]-деп түсіндіріледі.
Сөйлеу жеке адамның ойлау дәрежесін, рухани деңгейін, фантазиясын көрсететін басты белгі болса, тіл, оның ішінде көркем әдебиет тілі –мыңдаған адамның сөйлеуінен халық талғамымын сұрыпталып әдеби нормаға айналады да, ұлттық сипатты көрсетеді. Тіл - әрі объективті, әрі – субъективті құбылыс. Ол адам санасында жоқ әлемді көрсете алмайды, мидың қорытындысы ретінде адамның жан дүниесінен хабар береді. Қазақ тіл білімінің негізін салушы ғалымдарымыз А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов еңбектерінде де сөйлеу және адамның ойлау дәрежесі, тіл арқылы қоғам түсінігін айқындайтын пікірлері кездеседі.
Сөйтіп, танымның субъектісі деп жеке адамдарды, таптар мен әлеуметтік топтарды, кең мағынада алғанда, тұтас тарихпен ұштасқан нақтылы қоғамды айтуға болады. Сонда – ақ, субъект өз болмысын, өзінің ішкі дүниесін таным объектісі ретінде қарай алады. Сонымен қатар, табиғатты, қоғамдық қатынастарды таным объектісі ретінде қарастыру қажет. Олар субъектінің өндірістік, әлеуметтік және ғылыми қызметі арқылы таным объектісіне айналады. Басқаша айтқанда, таным объектісі дегеніміз материалдық және рухани дүниенің қоғаммен практикалық және теориялық тұрғыдан қарым – қатынасқа түсетін, нақты тарихи іс — әрекет барысында субъекті игерген бөлігі.
Таным объектілері адамның тәжірибелік қызметімен тығыз байланысты және әрқашан соған тәуелді болады. Таным әрекетінің негізінде адамның объективті дүниеге тигізетін белсенді әсері жатады. Себебі таным адамның объективті құбылыстарымен байланысына, оларға тигізетін әсеріне және оларды өзгертуіне байланысты дамып отырады. Осы тұрғыдан алғанда, таным дүниенің белсенді әрі нысаналы бейнеленуі деп қарастыруға болады. Қоғамдық тәжірибе таным үдерісінің қозғаушы күші болып табылады. Ол өмір сүру, іс — әрекет жасау барысында адамдардың алдына үнемі шешуін талап ететін мәселелер мен міндеттер қойып отырады. Осыған байланысты, С.Аманжолов қазақ қоғамын, оның этногенезін, ру-тайпа түсінігін тіл арқылы зерттеп, танымның қоғамдық, әлеуметтік сипатын көрсетеді. Ғалымның синтаксиске байланысты зерттеулерінен тіл мен таным мәселесін қоршаған орта өмірімен, әлеуметтік-философиялық шешімдермен сабақтастыра қарастырғанын көреміз. Сөйлемнің адам дүниетанымынан көрініс беретінін тілші: «нақтылы дұрыс құрылған, ойға сай айтылған
«сөйлем» дегеніміздің өзі де ойдың сәулесі, бейнесі, суреті ғана» [3;9]- деп түсіндіріп, тіл білімі мәселелерін зерттеу арқылы адам дүниетанымының көрінісін дәл бейнелеп береді. Адамның қоршаған ортаны қабылдауы, түсінуі, пайымдауы тіл болмысынан көрінетіндігін ғалым тілдің әртүрлі функцияларымен, дүниетаным мәселелерімен байланыстыра зерттеген. Адамның қарым-қатынас жасауы тілдің ең басты қызметі екендігін ғалым:
«Тілдің негізгі қызметі – адамдардың қарым-қатынасын жүзеге асыру. Дегенмен оның танымдық функциясы да өте маңызды, басқаша айтқанда, тіл
тек танылған дерек туралы ойды жеткізіп қана қоймайды, сонымен қатар ол ойдың қалыптасуына да тікелей әсер етеді, яғни тану процесінде тіл өзінің қызметін екі жақты атқарады»[3;15]-деп көрсетіледі. Тілдің дискурсивті- логикалық қызметі адамның танымдық әрекетіне, яғни ойлау жүйесіне тәуелді болады, сол себепті тіл әр адамның ойын жүзеге асыратын, оған материалдық сипат беретін вербалды құрал болып табылады.
Тілдегі дүниетаным мәселесінде ғалым адамның қоршаған ортаны қабылдап, түсінуі нәтижесіндегі жетістіктің маңызы зор екенін былай түсіндіреді: «Адамның ой-өрісі кеңіп, тіл қарым-қатынастағы мықты құрал болуымен байланысты сөз көбейіп, сөйлем әуелгідей емес, бірнеше я көп сөзден құралғанын»[3;29] айтып, оның жетістігін сөйлеммен байланыстырады. Демек,, сөйлемнің күрделенуін ғалым адам дүниетанымының кеңейіп, жетістіктерге жетіп, оларды бейнелейтін сөздердің көбейгендігінің жемісі деп түсіндіреді. Тіл болмысының қалыптасуы бойынша алғашқы қауымдық құрылыста ең бірінші, адам заттарды бейнелейтін дыбыстық таңбаларды қолданған, кейін адамның еңбектеніп, қоғамдық ілгерілеуінің әсерінен ойлау, қабылдау қабілеті дамып затты бірнеше дыбыстың тіркесуі арқылы сөз етіп қалыптастырған, одан келе жай сөйлемдер құрыла бастағандығын және сөздердің бір заттың екінші затқа ұқсатуы немесе, заттың түр-тұлғасына, түсіне, көлеміне байланысты ат қоюы дамыды. Ғалым осыдан қалыптасқан қарапайым сөйлемдер адамның дүниетанымының өсіп, өркендеуіне байланысты қарым-қатынас жасауының нәтижесінде сөздер көбейіп, сөйлемдердің күрделенгендігін айтады.
Адамдардың алғашқы қауымдық өміріндегі тілдің дамуын тұжырымдай отырып, синтаксистің қалыптасуын танымдық және болжамдық тұрғыдан түсіндіреді. Ғалым сөйлемнің адам логикасына, танымына қызмет етуін: «Мен мектепке барамын дегенде (Мен екі рет) басында мен бөлек субъекті ретінде, соңында -мын бірге қосымша есебінде айтылған. Бұл екі рет айтылған меннің соңғысы да алғашқы конкрет ойдың сарқыны. Өйткені бар етістігі, әуелгі кезде «қол, аяқ» мәнінде, құрал есебінде айтылған сөз. Оның етістік мәніне енуі – соңғы кездегі қарым-қатынастар жемісі»[45;12]- деп мысал келтіре отырып баяндайды.
Қазақ тіл білімінде сөйлем мүшелерінің жіктелуіне, бастауыш пен баяндауыштың ара қатысына сай тілші-ғалымдардың көзқарастары көңіл аударуға тұрарлық. С.Аманжолов анықтауыштың дербес сөйлем мүшесі болмай, оның бір бөлігі болуының негізі туралы: «Анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш басында объект болған. Анықтауыштың заттылығы да, бұл күнде көрінбейтін болып кеткен. Анықтауыштар субъектің болмысын, сынын, санын, түрін көрсетеді. Анықтауыш болатынның негізгісі – сын есім, ол өзі абстрактқа айналып кеткендіктен, оның объект екенін табу өте қиын болады... Сөйлем мүшесін айыру жұмысында форма жағынан гөрі логика жағы басым болуы дұрыс... Объектілігі анық көрініп тұрған сөзді толықтауыш дейміз. Объектілік жағы анық көрініп тұрмаса, анықтауыш я пысықтауыш болады»[3;115] –деп тұжырымдайды. С.Аманжолов
анықтауыштардың қалай пайда болғанына мынадай анықтама береді:
«Анықтауыштардың барлық түрі де адам баласында талғау қабілеті пайда болғанда, дүниеге космикалық көзқарас қылып, нағыз логикалық ойлау басталғанда, кәдімгі объектілердің, заттардың қарама-қарсысы есебінде пайда болады» [45;24]. С.Аманжолов адамның космикалық ойлау дәрежесінде қалыптасқан талғау, таңдай білу қабілетін анықтауыштармен байланыстырады.
Сондай-ақ тілші-ғалым анықтауыш пен толықтауыш табиғатын айқындауда олардың ерекшеліктерін көрсете отырып, «анықтауыш абстрак да, толықтауыш объект» екендігін, және «Мұндағы объект неше түрлі құбылысқа айналып кеткен. Бұл құбылыстың барлығы да қоғамдағы қарым- қатынастың сәулесі » [3;119] - деп түсіндіреді.
Тілші атаулы сөйлемдердің ерекшелігін адамның тілдік дүниетанымдық болмысымен байланысты түсіндіреді. Мысалы: «Түн. Өзен. Жағалай біткен қызыл тал. »- деген сөйлемнің алғашқы екеуінің етістігі болмаса да мезгілдік мағынасы бар екендігін айтады. «Өзен деген сөзді ешбір жағдаймен, ешбір іспен, қоғамдық қатынаспен байланыстырмай алсақ, жабайы ойға мезгілсіз-ақ сияқты. Бірақ оның «өзендігі» уақытқа байланыстылығын көрсетіп, заттың қасиеті – ол езгілсіз (шақ, уақыт) болмайды, ол шақ мезгілдің өзі зат тіршілігінің формасы (түрі) » - деген дүниетанымдық қағидасына сүйенеді.
Тіл білімінің әртүрлі мәселелерін профессор С.Аманжолов адамның қоршаған ортаны тану көзқарасымен сабақтастыра қарастырған. Ал есімдер мен етістіктердің табиғи болмысы, функционалды ерекшелігі туралы біршама деректер «Жақ пен шақтарға байланысты синтаксистік категориялардың жаратылысы» деген бөлімде кездеседі. Мұнда да тілші есімдік сөздерді тек объект пен субъектіні ажыратушы есебінде ғана емес, сол сияқты 1-2 жақтардың жіктік жалғауларын жасаушы әрі «етістіктің етістік болып тиянақталуына, әсіресе, баяндауыштың қалып алуына... себеп, дәнекерші» ретінде қарастыру қажеттігін атайды. Мысалы: «Құтадғу білігтен» алынған «ескі документтердегі кейбір сөйлемдер» негізінде С.Аманжолов етістікке жалғанатын -ды, -ді жалғауларының бастапқы кезде жалғау емес, бүтін сөз болып жұмсалғандығын дәлелдеуді мақсат еткен: құтылды өзүм - өзім құтылдым; менің бу өзум качты ... мен қаштым [45;26].
Ғалым осы шақтың қалыптасуына да өзіндік көзқараспен қарай отырып: «осы шақ дегеннің өзі көптен бар, дыбысты тіл шыққаннан кейінгі нақты ойға, ойлау сатысына сәйкес категория екендігін ұғынамыз. Бұл осы шақтық ұғым ертеде шыққанымен, оны білдіретін, көрсеткіш боларлық сөздер, сөздік элементтер өткен шақ пен келер шақтың қарсысы есебінде алдыңғы екеуінен кейін шыққан. Сондақтан да, оның өткен шақ, келер шақтар сияқты кейіннен пайда болған көрсеткіштерінің жоқтығы заңды нәрсе. Мұның негізгі көрсеткіші, дәнекері бүтін я қабаттасқан етістіктер болуы да сол кейін пайда болғанына дәлел » [45;31]-деп, яғни осы шақ категориясының өзі ойға негізделген грамматикалық көрсеткіш бола тұра,
өзге шақтың түрлерінен кейін пайда болған болып шығады. Ғалым: «бүкіл адамзаттың тілін алсақ та, жеке халықтың тілін алсақ та, атқаратын қызметі, даму жолы біркелкі. Бұл біркелкілік негізінде халық пен халықтың, ру мен рудың үнемі қарым-қатынаста болуынан туады. Тіпті жер жүзінде бірімен- бірі қарым-қатынасқа түспеген бірде-бір тіл жоқ. Бүкіл әлемдегі тіл, барлық халық бір бүтін материя сияқты. Олардың тіршілігіне байланысты бірінің табысы екіншісіне, екіншісінің табысы үшіншісіне ортақ болып отырады» - деп тілдер арасындағы ұқсастықты оның қатысымдық ерекшелігімен айқындаған автор «бүкіл әлемдегі тілді бір бүтін материя» деп қабылдады, ол кез келген материя сияқты тіл де әртүрлі құрылымдық-семантикалық бірліктен құралған, бірақ бір жүйеге түскен, ортақ мақсатқа бағытталған ерекше құрылым болып табылады деген қорытындыға келді.
С.Аманжоловтың: «сөз, сөйлем ойдың көрінісі, суреті болғандықтан, сөздер, сөйлемдер адамның ой-санасының тарихын, ізін, жолын көрсететін деректер» [45;301] деген пікірі негізінде ғалым тілдің дамуын танымның қалыптасуымен сабақтастыра отырып, тіл болмысының адам үшін маңыздылығын көрсетеді. Тіл өзінің бойына сол тілді қолданушы қауымның сандаған ғасырлардағы тарихының «ізін» қалдырып, сақтап жеткізе алатындығын көрсетеді. Қазақ тілтанымына зор үлесін қосқан С.Аманжолов зерттеулері терең философиялық ой түйіндерді, адамзат өмірінің негізгі заңдылықтарына негізделген деректерді қамтыған. Ғалым тілді адамның мәдени, этникалық, қоғамдық, елтанымдық, әлеуметтік өмірімен ұштастыра зерттеп, дүниетануда тілдің маңызы зор екендігін айқындайды. Сонымен қатар тілші: «Сөйлеу әуелгі адамның адам болған күнінен бар. Ойлау да солай. Бұл екеуі бірімен-бірі егіз нәрсе сияқты. Кімде-кім сөйлей білсе, ойлай да білгені»[45;11] - деп, сөйлеудің сөйлемнен айырмашылығын анықтап, оның дамуын былай түсіндіреді: «Адам баласы сөйлеу мен ойлауды мыңдаған жыл өмір сүру, табиғат күшіне қарсы тұрмысын жеңілдету үшін күресу жолында тапқан. Бұл бірден-бір олардың өзара қатынас жасауына, ұйымдасуына, еңбекті оңайлатуына, өнімді етуіне керекті құрал есебінде пайда болды»[45;11]. Адам қоғамының өсіп-өнуіне, өркендеп дамуына тіл болмысының ықпалы мол екендігін айтып, тіл ғылымы үшін баға жетпес құнды мұралар қалдырған.
Таным теориясы – адамзаттық философия тарихын, мәдениет пен ғылым тарихын, техника мен тәжірибе жетістіктерін философиялық жағынан қорытуының нәтижесі. Сонымен бірге ол қазіргі ғылыми-техникалық революция және жаңаша ойлау жетістіктеріне сәйкес одан әрі тез қарқынмен дамуда, осы жетістіктер тіл арқылы жүзеге асатындығы жайында С.Аманжолов: «Тіл – адамның сана-сезімін өсіруші, тәрбиеге, үгіт-насихат ісіне, еңбекті өндіруге, ғылым-білім алуға керекті құрал» [45;55]-деп пайымдайды.
Зерттеушілер тілдің танымдық болмысын тіл біліміне қатысты зерттеулеріне арқау ете отырып, тілдің танымдық сипатындағы білім беруге де аса мән берген. Білім философиясының негізі саналатын білім берудің
жолдары, әдістері, дидактика, педагогиканың дүниетанымдық қырлары А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов еңбектерінен қазақ балаларын сауаттандыруға шақыру ретінде көрініс тапқан. Қазақ қоғамын сауаттандыру мәселесін алға қойған қазақтың көрнекті тұлғалары өз кезеңіндегі білім беру олқылықтарын сынға алып, қазақ баласының өзіндік күштерін ашуға талпынады. Сонымен қатар, ғалымдардың зерттеулерінде білім берудің құндылықтары мемелекеттік құндылық, қоғамдық құндылық, тұлға құндылығы ретінде сипатталып, әдістемелік зерттеулерін осы негізге арнайды.
А.Байтұрсынұлы: «Адамға тәрбие беруші әуелі ата-ана, сонан соң ұстаз, мектеп тұрмысындағы төңірек. Өмірінде қандай тұрмыс көрсе, неңдей адамдармен кездессе, жолдас болса, істес болса, солардан өнеге көріп, үлгі алмақ. Өнер, ғылым жоқ жұртта адам тәрбиесін төңірегінен алады. Өнер, ғылым бар жұртта адам тәрбиені ата-анадан да, төңірегінен де, мектептен де, әдебиеттен де алады. Сүйтіп адам мінезіне өң беретін үй іші, мектеп, төңірек болып шығады»[42;256] –деп, тәрбие, білім беруші орта – ол отбасы ғана емес, мектеп, қоғамдық ортасы да екендігін айтады. Сондықтан да ғалым зерттеу жұмыстарын ағарту жолына арнап, білім беруді қоғамдық мәселе ретінде қарап, қазақ мектептерінің жағдайын, олардың білім алуын басты мәселе деп қарайды.
Қорыта айтқанда таным теориясын оқытудың философиялық негізі мынадай мәселелерді қамтиды:
Адамның ұлттық болмысын, ұлттық қасиеттерін тіл арқылы сақтауға мүмкіндік береді.
Мәдени-рухани құндылықтарды тілдік бірліктер арқылы дәлелдеуге жол ашып, студенттер тілдік талдаулар арқылы қазақ халқының өркениетін танытады.
Болашақ маман тіл біліміндегі таным теориясын меңгеру арқылы білім беру барысында оқушының танымдық қабілеті мен білімін ескеруге дағдыланады.
А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанов тіл мен ойлаудың тығыз байланыстылығын алға қойылып, зерттеулерінде адамның дүниені тануы, пайымдауы, тұжырымдауы тіл арқылы жүзеге асатындығын тілтанымдық пікірлері арқылы көрсетіп, тілдің танымдық қызметін білім беру философиясымен ұштастырған. С.Аманжолов алдыңғы ғалымдардың көзқарастарын жалғастырып, тілтанымды тұжырымдай келе, тіл арқылы қоғамның философиялық ойлауын, түсінігін анықтауға тырысқан. Сонымен философия ғылымында таным теориясы тілдің танымдық қызметімен тығыз байланыста зерттелуде. Таным теориясының мазмұнын терең түсінген А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов қазақ тіл білімінің негізін қалыптастыруда философия ілімінің басты бағыттарын зерттеулеріне арқау етіп, тілдің құрылымдық жүйесін, тіл тарихын, тілдің танымдық табиғатын тұтас қарастырады. А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов тілдің танымдық болмысын оқыту – адамның дүниетанымының кеңеюіне,
санасының жетілуіне ықпал етіп, адамгершілік, ұлттық, мәдени-рухани құндылықтарды бағалауға жетелейді деп түсіндіреді.