Адам санасындағы әлем туралы түсінік, пайым тіл болмысы негізінде сыртқа шығып, тілдік бірліктер арқылы бейнеленеді. Тіл адамға таным және қарым-қатынас құралы ретінде қызмет етеді. Тілдегі таным теориясының ғылыми негізін дамытуда А. Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С. Аманжоловтың әлемніңтілдікбейнесісипатындағы көзқарастарының маңызы зор.
XX ғасырдың 60-жылдарында әлем бейнесі тіл мен миф, дін, фольклор, поэзия, кино, сурет, сәулет өнерін модельдеуші жүйелермен бірлестікте семиотиканың шеңберінде қарастырыла бастады. Гуманитарлы ғылымдарда «әлем бейнесі» термині ең алғаш 1922 жылы Л.Витгенштейн еңбектерінде пайда болды. Тілдік формада бекітілген әлем туралы білімдердің жиынтығы әртүрлі тұжырымдарда түрліше аталды: «әлемнің тілдік репрезентациясы», «әлемнің тілдік моделі», «әлемнің тілдік бейнесі»,
«концептуалды жүйе», «индивидуалды-концептуалды жүйе» т.б. Осылардың ішінде «әлем бейнесі» термині кең тарады.
Әлемнің тілдік бейнесі туралы алғашқы идеялар ХIX ғасырда өмір сүрген неміс ойшылы В.фон Гумбольдттің «тілде халықтың рухы бар» деген
пікірімен, А.Байтұрсынұлының: «Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады»[1;1]- деген пайымдауы үндеседі. А.Байтұрсынұлы әр тілде сол тілді қолданушы халықтың қасиеті, ділі, тарихы сақталатындығын көрсетеді. Әр ұлт тілінде, әлем туралы түсініктер, ұғымдар түрлі тілдік деректер арқылы таңбаланып, қоршаған әлемнің тілдік бейнесі, адамдар санасындағы дүниенің логикалық бейнеленуі жағынан ұқсас болып келеді. Құбылыстар арасындағы ұқсастықтар ұғым категорияларын жасайтын лексемалардың толығуына әсер етеді. Сол ұғым түрлерінің тұтастай алғандағы атаулары тілдің негізін құраса, әлемнің тілдегі бейнесінен ұлт ерекшеліктерін танып-білуге болады.
Ғалым Э.Д.Сүлейменованың пікірі бойынша, ғаламның тілдік бейнесі, көбінесе, «түрлі дүниетаным мәселесі ретінде қаралады. Бүгінгі таңда әлемнің тілдік бейнесі ұғымында екі түрлі сипат бар. Оның біріншісінің нақты тілдерге және олардың арасындағы айырмашылықтарға қатысы жоқ болса, екіншісі нақты ұлт тілдерінің қатысуымен қалыптасқан лексикалық аталымдар жүйесі тәрізді тілдер арасындағы айырмашылықтарға бағыт – бағдар жасаушы әлемнің тілдік бейнесімен байланысты»[38;131].
Э.Д.Сүлейменованың пайымдауынша, ғаламның тілдік бейнесі негізгі екі қызмет арқылы айқындалады: 1) әлемнің бейнесін негізгі элементтер білдіреді; 2) тілдік тәсілдердің көмегімен әлемнің ғылыми бейнесі түсіндіріледі [38;135].
Қазақ тіл біліміндегі таным теориясының қалыптасуы А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов еңбектерінен адамның тілтанымдық пайымдаулары негізінде көрініс тапқан. Яғни адам әлемді тани отырып, ол туралы түсінік қалыптастырады, оның санасында белгілі бір
«әлем бейнесі», «әлемнің тілдік моделі» туындайды. Көбіне әлем бейнесінің пайда болуы тілмен байланыстырылып, ол тіл мен таным сабақтастығында анықталатындықтан, оны «әлемнің тілдік бейнесі» деп атайды. Сондықтан А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов мұраларын лингвистиканың жаңа салалары тұрғысынан талдау арқылы таным теориясының бастау арналарын, қоғамдық формациялар барысында тілдің жай-күйі мен дамуын, қалыптасуын, дүниетанымдық көзқарасын аңғаруға болады. «Әлемнің тілдік бейнесі» таным теориясы негізінде анықталып, түсіндіріледі.
«Әлем бейнесі дегеніміз − қоғамдық (сонымен қатар топтық, жеке) санада қалыптасқан шындық туралы білімнің реттелген жиынтығы» [39;51], сондай-ақ, қоғамдық, әлеуметтік әлемнің тілдік бейнесін ашу әлеуметтік лингвистика саласының еншісінде. Әлеуметтік лингвистика ғылымы тіл болмысы мен қоғам мәселесін байланыстыра зерттейді. Тіл арқылы адамның әлеуметтік аспектілерін анықтап, қоғамдық ролін қарастыратын ғылым саласы – әлеуметтік лингвистика. А. Байтұрсынұлы еңбектерінің тілдің танымдық болмысын ашатын бір тұсы: ол – тілдегі таным мәселесін әлеуметтік лингвистикамен байланыстыратын пікірлері. Тілдің қоғам алдында қызмет ететіндігін ғалым әр тұжырымында, әр енгізген терминінде, ғылыми пікірлерінде бекітіп отырады. Профессор Б.Хасанұлының пікірімен
айтсақ: «ғалым адамның биологиялық тіршілік иесінен әлеуметтік тіршілік иесіне айналуын тілдің қызметімен байланыстырып отыр» [40;291]. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде тіл әлеуметтің, қоғамның бейнесін көрсету тұрғысынан да сараланады. Ол «Тіл – құрал» немесе тіл-адамның ... жұмсайтын қаруының бірі»[1;1]-деп, тілдің қарым-қатынастық қызметін қоғаммен байланыстырып, «Осы дүниедегі адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді, осы күнгі адамдар жазудан айырылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айырылғаннан жеңіл болмас еді» [1;1]- деп, тілдің қоғамдық сипатының мәнісін түсіндіреді.
Қазақ тіліндегі таным мәселесі бойынша тың зерттеулер жүргізген О.Жұбаева: «А.Байтұрсынұлы еңбектерін талдау арқылы ғалымның тіл жүйесінің негізгі концептуалды құрауыштарын көрсетіп, олардан грамматикада көрініс тапқан ұғымдар (және концептілер) құралатынын түсінгенін, «когнитивті лингвистика», «морфологиялық концепт» т.с.с. атауларды қолданбаса да, бұл саланың өзіндік ерекшелігін терең зерделегенін байқаймыз. Ғалым зерттеулерінде адам сөйлермен, өзіндік әлемі, өзіндік дүниетанымы бар саналы жан ретінде сипатталады»[41;97],- деп А.Байтұрсынұлының еңбектерін танымдық тұрғыда талдау қажет екендігін айтады.
Ал ХХ ғасырдың басында өмір сүрген А.Байтұрсынұлы сөзімен айтсақ: «адамда екі ғалам болады: ішкі ғалам, тысқы ғалам. Ақыл, көңіл, қиял сияқты, адамның рухына қараған жағы ішкі ғалам болады да, онан басқалары
басқа адамдар, мақұлықтар, нәрселер, бүтін дүние тысқы ғалам болады»[42;134]. Ғалым адамның жан дүниесін, психологиясын ішкі ғалам, ал қоршаған әлемді, табиғатты, барлық тіршілік иесін, адам өмір сүрген қоғамды тысқары ғалам деп ажыратады. А.Байтұрсынұлы «тысқы ғалам турасындағы сөзді» әуезе деп танып, уақиғаға құрылған көркем шығарма жайын түсіндіреді. Ғалымның жоғарыдағы көзқарасынан сөз өнері арқылы
«тысқы ғалам бейнесін» көруге болатындығы байқалады. Тіл болмысының мүмкіндіктерін жоғары бағалаған А.Байтұрсынұлы сөз өнерін «өнердің ең алды»[42;2] деп санайды.
Тіл адамзаттың тек қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар дүниені тану құралы екендігін А.Байтұрсынұлы: «тіл – құрал», «тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі»[1;1], - деген дәйекті тұжырымдармен түсіндіреді. Ғалым еңбектерінде адам айналадағы табиғатты бақылап, түйсік арқылы сезініп, қабылдап, ойлап, пайымдап, ойын тіл арқылы жарыққа өзіндік танымы, түсінігі аясында білдіретіндігін айтады.
Әлемнің тілдік бейнесінің бірінші қызметін А.Байтұрсынұлы «тысқы ғалам турасындағы сөз», яғни «тысқы ғалам бейнесінің» тіл арқылы көрінуі деп түсіндіреді. Ал екінші қызметтің орны мен мәнін А.Байтұрсынұлының
«ғылым дегеніміз – дүниені, яғни табиғатты дұрыс тану, ғылым жоқ болса дүниені тану дұрыс болмайды» [42;151]- деген пікірінен аңғаруға болады. Ғалым әлемнің ғылыми бейнесі де тілдік тәсілдер арқылы жарыққа
шығатынын меңзейді. «Дүниені дұрыс танымаған соң, дүние турасындағы мағлұмат жиысатын сана-саңлауы дұрыс болмаған соң, табиғаттың күшін, ісін, қасиетін бұрынғылар теріс танып, теріс әуезе қылған» [42;134]-деп, әлемнің ғылыми бейнесі де тілге тікелей қатысты екендігін айтады.
Таным теориясы арқылы тілдегі халықтың болмыс, тіршілігінің, мәдениетінің, таным-түсінігінің құпия сырлары, ұлттық өмірдің айнасы анықталады. Адамзат өзін қоршаған дүниедегі әлем бейнесін қалай таныса, ұлттың дүниеге деген көзқарасында сол ерекшелік тіл арқылы жарыққа шығады. Сондықтан, А.Байтұрсынұлы емлеге қатысты мәселені халықтың ұлттық қасиетімен, мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен байланыстыра түсіндірді: «Асыл тіл, түзу емле қазақтарға боларға тиісті. Неге десек: ата кәсібін тастамай істеп келе жатқан – қазақ. Басқа жұртқа араласпай, өз алдына оңаша, оқшау жүрген – қазақ. Жат жазудың ыңғайына қарап, басқалардан тілін бұзуға, арасына жазу жайылмаған түрік баласы – қазақ.
...Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алған – қазақ. Жат жұрттың шалығы тимесе, кәсібі, ғұрпы өзгерілмесе, жалғыз тіл өзгерілді деп айтуға тіпті жол жоқ. Қазақтың тілі өзгерген тіл деп айтуға жол жоқ болса, емлесін де қисық деп айтуға жол жоқ: қазақта тілінің табиғатына хилаф келетін емле жоқ. Еділден бастап Ертіске дейін, Оралдан бастап Ауғанға шейін қазақта тіл де бір, емле де бір. Қойшы, түйеші, биеші емлесі деген қазақта жоқ нәрсе. Тоқсандағы шалының, тоғыздағы баласының – бәрінің емлесі біреу-ақ»[43;110]. Ғалым өзі өмір сүрген кезеңдегі қазақ тілінің тазалығы мен бірізділігін халықтық таныммен, оның тұрмыс-тіршілігімен, ата кәсібімен, орналасқан географиялық өңірімен тығыз сабақтастықта зерделеп, адам санасындағы әлемнің концептуалды бейнесін анықтайды . Осы тұста ғалым емле мәселесіне қатысты пікірлерін, тілдің әмбебаптық қызметіндегі ғылыми ұстанымдардың негізінде түсіндіреді. А.Байтұрсынұлы адамзат тілін генеологиялық, типологиялық фактормен ғана байланыстырып қоймай, оның ареалды факторын да ескереді. Себебі «тілдік универсалий дегеніміз – генеологиялық, типологиялық немесе ареалды фактілермен анықталатын, абсолютті яки статистикалық деңгейде дамитын, болжалды-логикалық не болмаса нақты индуктивті амалдармен айқындалатын барлық тілдерге ортақ заңдылықтар мен ұстанымдар жүйесі»[36;249],- екені белгілі қағида.
А.Байтұрсынұлы адам санасында танымдық әркеттер негізінде әлемнің концептуалдық бейнесі қалыптасып, оның ұшқындары тілден көрініс табатындығын айтып өтсе, Қ.Жұбанов адам санасындағы әлем бейнесінің көрінісін тілдің құрылымынан табуға болатындығын дәлелдейді. «Адам баласының табиғатында әуелі сөзді біліп алып, өзін кейіннен білу қасиетібар. Мысалы: адам фотографияны танып-білгеннен кейін ғана өзінің басқа затқа ат қоятыны өзін сол басқаларға ұқсата айтатыны – өз басын кіші дүние деп біліп, оны ана үлкен дүниеге ұқсатуынан болған. Осы таным тілге де әсер еткен. Мысалы: орысша небо-аспан, небо-таңдай; қазақ тіліндегі таң=адам әлемінің аты, яғни жоғары жаққа тән қасиеттің иесі; таңдай=адам денесінің
жоғары жағы. Адам жекелеген бөлшектердің белгілерін түйсіну арқылы атрибутивті портрет қалыптастыра отырып, ғаламды таниды»[44;94]-деген Қ.Жұбанов тілдегі грамматиканың қызметін адам санасымен байланыстыра зерттейді.
Адам айналасындағы заттар мен құбылыстарды өзіндік белгілерімен түсініп, қасиетіне қарай есте сақтап, қабылдайды. Қабылданған ақпаратты пайымдап, заттың немесе құбылыстың сыр-сипаты, түріне қарай атау қояды. Ат қою мәселесі заттардың немесе құбылыстардың адам санасында бейнелену, белгілі бір нәрсеге, құбылысқа ұқсату қасиеттеріне байланысты қойылады. Осыған байланысты профессор Қ.Жұбанов: «Таңырқады – таңқалды; таңыр=таң+ыр=тәңір»; Таң =аспан бөлегі; ір=аспан. Бұрын адам өзін кішкене деп есептеген. Бет-ауызды аспанға ұқсатқан: бет-таң атып келе жатыр. «Таң қалу» деген тіркесті кейде қысқартып таңырқау дейміз. Ұятсыз деуді бетсіз деуіміз де осы конкреттік бар. Бұл қолданыстың да ым тіліннен шыққандығы байқалады (бетін сызу – ым тілінен қалған қалдық; заттық көрсеткіш)»[2;492]-деп талдай келіп, тілдегі әлемнің концептуалдық бейнесін ашады. Сонымен қатар грамматиканың қызметін ғалым: «Грамматика процесті қарайды. Екінші түрлі айтқанда, морфология –қызметші; ол лексиканың қызметшісі болғандықтан, түбірлер тудырады; синтаксистің қызметшісі болғандықтан жалғау, жалғаулықты қарайды»[44;120]-деп, тілдің құрылымындағы танымдық мәселелерді айқындап береді.
Тіл болмысының танымдық сипатын С.Аманжолов: «Адам баласының өмірінде, тұрмысында болған қайшылықтар, белеңдер, кедір-бұдыр кезеңдер, тарихи сатылар, баспалдақтар, түрлі қабаттар да сөзден табылады»[45;244]- деп түсіндіріп, адам өміріндегі барлық сыртқы әсерлер тілден көрінетіндігін айтады.
Бүгінгі күні таным теориясын зерделеуде терминология мәселесін қарастырудың маңызы ерекше. Себебі белгілі бір ғылымға қатысты терминдер сол тілдің танымдық деңгейін, әр түрлі салаларға қатысты ұғым- түсініктерді кәсіби жағынан белгілейді. Осы тұрғыдан келгенде, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжоловтың терминжасаудағытанымға қатысты түйінді пікірлерін атап көрсеткен жөн. Осы орайда, қазақ терминологиясының негізін қалаушы А. Байтұрсынұлы жайлы академик Рабиға Сыздық: «Ахмет Байтұрсынұлының оқу-ағарту ісі мен ғылым білім саласында істеген қызметі тарихымызда теңдесі жоқ феномендік құбылыс болды[46;250]»-деп, ғалымның қазақ тіл біліміне қосқан үлесін, еңбектерін, енгізген терминдерінің маңыздылығын жоғары бағалайды.
ХХ ғасырдың 30-жылдары қалыптаса бастаған терминология саласы – әлі де шешімін іздестіретін мәселе. Ғылымның барлық салаларының жан – жақты дамуы терминология мәселелерімен тығыз байланысты, себебі қандай да бір жаңалық, жаңа ұғым терминмен белгіленіп, терминологиялық жүйеде өз орнын тауып отырады. Таным теориясы аясында терминдерді зерттеу жаңа бағыттарға жол ашады. Өйткені бұған дейінгі дәстүрлі семантикалық, жүйелі – құрылымдық парадигмалар жоққа шығарылмай, қайта керісінше,
терминологиялық процестерді дамытады. Когнитивтік лингвистика жалпы лингвистиканың аумағынан шыға отырып, философия, психология, логика, әлеуметтану пәндерімен байланысты бола келіп, осы саладағы терминологиялық ұғымдардың ауқымын кеңейтеді.
Терминдер – өзіндік құрлымдық, семантикалық, деривациялық, функционалдық ерекшеліктері бар тілдің өзгеше категориясы. Аталған ерекшеліктерді ескермей термин жасау, басқа тілден терминдер алу, калькалау, ойды дұрыс жеткізу мүмкін емес. Терминдер ғылым мен техниканың, кәсіби және өндірістік салалардың, ғылыми таным мен нақты ұғымдарды көрсетеді. Терминологиялық жүйесіз бірде-бір ғылымның, техникалық, кәсіби, өндірістік саланың дамуы мүмкін емес. Яғни, терминдерде әлем түсінігі жайлы арнайы білім, ұғымдар қамтылған. Сонымен қатар, терминдер адамның ойлау қабілетінің, танымының, ақиқат шындықтың бейнеленуі мен көрінісінің мазмұны мен мәнін сипаттайды.
Қазақ тіл білімінде терминдер, негізінен, семантикалық, құрылымдық тұрғысынан жүйелі түрде зерттелді. Терминге қойылатын үлкен талаптың бірі – ұғымның, түсініктің нақты, дәл берілуі, яғни оны атаушы сөз ұғым табиғатына жат, бөгде түсінік туғызарлық мағыналық белгіден ада болуы және түсінікті жалпылап, тұспалдап емес, басты ұғымдық белгі арқылы көрсетуі. Түсініктің дыбыстық тұлғасы ойды көмескілеуге немесе шашыратып жіберуге емес, анық, нақты, тура айтар ойға бағытталғанда ғана оны қолдану: ойлау, жазу, оқу, қолдану жемісті болады.
Термин дұрыстығының, ұтымдылығының бірден-бір белгісі – ұғымдар жүйесінің ішкі, сыртқы, алыс, жақын мағыналық байланыстары сөз құрылысынан, тіркесінен мейлінше анық көрініп тұруында. Бұл ретте «затесім,санесім,сынесім,етістік,етіс,есімдік,есімше,бастауыш,баяндауыш,басыңқы,сиысулы,қиысулы,сабақтас,салалас,жиылыңқы,сұйылыңқы,қойылыңқы,қайырыңқы,айырыңқықұрмалассөйлемдер» сияқты Ахмет Байтұрсынұлы қаламынан шыққан атаулардың бірде-бірі орынсыз, кездейсоқ жасалып, ұғымдар ұйқасуынан тыс қалмай, түгелдей өзара үндесіп, тіліміздің грамматикалық жүйесін оқып, ойға сақтап, лингвистикалық ұғымдарды нақты, айқын білдіріп тұрғанын аңғаруға болады.
А.Байтұрсынұлы тіл таразысында тартылып, ой-санасында таңбаланып қалған мол қазынаны халық танымына сәйкес термин жасау арқылы сөздік қорға қайта енгізіп, ғылыми айналымға ұсынып дәйектейді. Ол терминдердің кейбіреулері ғана стильдік өзгеріске түскені болмаса, тілдің дыбыс жүйесі, сөз жүйесі, сөйлем жүйесі және жазу мәселесі салаларының терминдерінің негізін құрап, барлық қазақ тілі оқулықтарында тұрақты орын алғаны белгілі. А.Байтұрсынұлы байырғы сөздерден термин жасауға болатын терминжасамдағы ұстанымын өз үлгісі арқылы көрсеткен, терминдерді ана тіліміздің сөздік қорынан алған. Сонымен қатар, А.Байтұрсынұлы және алаш зиялылары шетел терминдерін қабылдауға қарсы болмаған. Тілде баламасы жоқ жағдайда шетел терминдерін қабылдауға болатынын ескере келіп, шетел
терминдерін қазақ тілінің дыбыстық заңдарына сәйкестендіріп алу керек деп санаған. Алаш оқығандарының жат сөздер және пән сөздері деген атаулары терминдік ұғымдардың ішкі мәнін айқындай түседі.
«Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы 12 тамыздағы санында жарияланған «Қазақстан оқу кемесериетінің орынбасары Жолдыбайұлы Молдағалимен әңгіме» деп берілген «Қазақ тілін байытамыз» атты шағын сұхбатта сол кезеңде термин жасаумен кімдер айналысқандығы және өзге тілдерден термин қабылдауда қандай қағидат басшылыққа алынғандығы, осы істі жүзеге асырудағы А. Байтұрсынұлының рөлі атап көрсетілді. «1922 жылы Қазақстанда жат сөздерді, пән атауларын қазақшыландыратын кемесие құрылған. Кемесиенің құрылғаннан бергі жұмысы аз емес. Мың-мыңдаған сөздер қазақ тіліне аударылып, иә қазақ тіліне үйлестіріліп, қазақ тілі байытылды. Кемесиеде қазақ тіліне жетік 5-6 қазақ қызметкерлері жұмыс істейді. Оның үстіне кемесиенің жұмысына түрлі білімнің басын ұстаған мамандар қатыстырылады. Кемесиенің ағасы Қазақ елінің әсіресе тіл заңына жетік оқымысты данышпаны Байтұрсынұлы Ақымет. Кемесиенің негізгі мақсаты – қазақ тілін өнер-білімге бейім мәдениетті тіл қылу»[47;50-51].
«Қазақ білімаздарының 1-съезі» бекіткен қағидат негізінде толықтырылып, жүйеленген терминология қағидаттары жөніндегі баяндаманы Бакуде өткен Бірінші бүкілодақтық түркологиялық құрылтайда А.Байтұрсынұлы жасады.
Ол қағидаттар мыналар :
«а) Ең алдымен термин ретінде ұғым мағынасын толық беретін қазақ сөздерін алу. Бұл қазақ тілінің жоғарыдағылар мен төмендегілердің, дәлірек айтқанда сауаттылар мен сауатсыздардың тілі болып жіктелмесі үшін керек. Қай жерде және кім бастырып шығарса да баспа өнімдері, газет-журналдар, кітапшалар пайда әкелуі үшін, тіл қалың көпшілікке түсінікті болуға тиіс. Сонда аз ғана пайызды құрайтын сауаттылар көптеген сауаты жоқтарға қызмет көрсете алады.
ә) Ондай сөздер қазақ тілінде болмаған жағдайда оларды туыстас тілдерден алу. Олай етуіміздің себебі : 1)туыстас тілдердің көптеген сөздерінің тұлғалары бірдей болмаса да олар ортақ түбірден тараған, сол себепті туыстас емес тілдердің сөздеріне қарағанда оларды түсіну жеңіл және естігенде де айтқанда да бөтен болып сезілмейді; 2) түркі халықтары қашанда өзара қарым-қатынаста болған және бола береді, сондықтан да бір тілдің көптеген сөздері ортақ түбірден өрбімесе де өзге тілдің тұтынушыларына таныс болуы мүмкін.
б) Жаппай қолданылатын әлемдік терминдер қабылдана алады, бірақ олар қазақ тілінің табиғатына сәйкес өзгертілуі керек. Оларды алмастыруға болатын қазақ сөздері болған жағдайда таңдауды қоғамның өзі жасауы үшін, екеуі де қатар алынуы тиіс. Жаппай қолданылатын деп біз араб сөздерін емес, қазіргі кең тараған европа сөздерін айтып отырмыз. Араб сөздеріне қарағанда оларға басымдық беріп отыруымыздың себебі біз қазір араб емес европа мәдениетіне ден қойып отырмыз. Европа мәдениетінің
барлық жетістіктері тұтастай европа тілдерінде атала алады. Алайда кірме терминдер біздің қазақ тілінің айтылуына бағынуға тиіс, яғни оларға тілдің қалыпты артикуляциясынан бастау алатын біздің тіліміздің дыбыстық заңдылықтары үстемдік етуі (таратылуы) керек. Шет тілдерінің сөздерін өзіміздікі ету үшін, бұл міндетті түрде солай болуы қажет.
в) Қазақ тілінің табиғатына сәйкеспейтін барлық өзге тілдердің сөздері дәл қазақтың айтуына сәйкес өзгертілуі керек. Бұл дегеніміз, біріншіден, құрамында қазақ тіліне жат дыбыстары бар барлық сөздердің тиісті төл дыбыстарымызбен алмастырылады, екіншіден, кірме сөздердің жұрнақтары қазақ жұрнақтарымен қабылданады, төртіншіден, қазақ тіліне жат қосымшалар Оренбург-Орынбор, Самара-Самар, пуховой-бөкебай, покров- боқырау, Адамовский-Адамау т.б сияқты тілге қажетті талап шеңберінде өзгертілуге тиіс»[48; 417]-деп тұжырымдаған А.Байтұрсынұлының терминдік қағидаттарының маңыздылығын Ш.Құрманбайұлы: «А.Байтұрсынұлы құрылтайға қатынасушыларға осы қағидаттарды таныстыра отырып, өзге түркілерге де ғылыми терминологияны қалыптастыруда қазақ білімпаздары жасаған осы қағидаттарды басшылыққа алуды ұсынды. Оның ұсыныстары ғалымдар тарапынан қолдау тауып, құрылтай қарарына енді».[49; 51-52]-деп көрсетеді.
А.Байтұрсынұлы жасаған терминдер бүгінгі таңға дейін маңыздылығын жоймай, әр терминге артылған атаулық мағына мәндік қызметін атқарып келеді. Бұл мәселе де ғалымның терминдерді мағыналық, танымдық тұрғыда дәл жасауының дәлелі. Зерттеулер бойынша «қазақ тілінің дыбыс, сөз және сөйлем жүйесіне арналған «Тіл – құрал» оқулықтарында (1914, 1915, 1925) 310 лингвистикалық термин қолданылған. Оның 118-і (38,5%) қазіргі қазақ тіл білімінде қолданылып жүрсе, 192-сі (61,5%) қазір қолданылмайды. Бұл терминдерді тіл білімінің салаларына қатысты жіктесек: - дыбыс жүйесіне қатысты 108 термин (35,4%); - мағынаға қатысты 11 термин (3,6%); - сөз жүйесіне қатысты 109 термин (34,9%); - сөйлем жүйесіне қатысты 64 термин (21,3%); -жалпы тіл біліміне қатысты 18 термин (4,8%)»[50;14-15].
Термин жасауда тілдің танымдық болмысына аса мән берген А.Байтұрсынұлы дыбыс жүйесінен бастап, сөз жүйесі, сөйлем жүйесі, жазу мәселесі т.б. деп, әр ғылым салаларына байланысты басты ерекшеліктерді танып-біліп, соған назар аударуды қалады. Мысалы: «Бас мүше дейміз – сөйлем ішіндегі сөздер байланатын қазық сөзін, сөйлем иесін. Ол нәрсенің сырын-сипатын, жайын, амалын, болмысын айтып баяндайтын сөз баяншы мүше болады»[51;4]. Демек,, бастауышты «қазық» арқылы түсіндіріп, оның функционалдық қызметінің мәнін аша түседі, - «Жеңілдік үшін бас мүше – бастауыш деп, баяншы – баяндауыш деп аталады»[51;5]- дей келіп, сөздердің атқаратын қызметіне сай басты ұғымды бөліп көрсетеді.
Ғалымның мұндағы сөйлемнің құраушы «мүшесі» деп танып отырғанын қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінен анықтайтын болсақ: «1) Адам, жан- жануаp денесiнiң бөлiгi. Нұрбайдың тым құрыса қол-аяғы бүтін, ал бұл байғұс соғыста бір мүшесін беріп келді емес пе?(Б.Тоғысбаев. Асыл адам).
2)биол. Өзіне тән құрылысы болатын және арнайы қызмет атқаратын ағзаның бөлігі. Мүше әртүрлі ұлпалардан құралады(Қазақ тілі терминдері. Биология). 3)этногр. Сойылған мал етiнiң қонағына қаpай таpтаp негiзгi бөлшегi (жамбас, жiлiк, сүбе, бұғана, т, б.). Бұл да еті қаттылау болғанмен, қадірлі мүше – құдаға салады. (С.Жүнісов, Ақан сері).
Белгiлi бip ұйымның, ұжымның, отбасының құpамына енетiн адам. Камесиенің мүшелері қайта сайланды (Х.Досмұхамедұлы). 5)Алғашқы, табиғи қалпы, уыз күйi. Құлын мүшесi бұзылмаған. 6) мат. Жиынның қандай бір бөлігі»[52;398]
Сөздікте берілген түсіндірмелердің басым бөлігі қазақ халқының тұрмыс- тіршілігінен айқын көрініс бере отырып, ұлттың тұрмыс-салтына, дәстүр- жоралғысына байланысты екенін аңғару қиын емес.
Бастауыш, баяндауыш терминдерінің өзі іс-әрекетті бастап, аяқтап тұрғандығын көрсетсе, тілшінің бастауышты «қазық» сөзімен байланыстыруы, бұл сөздің мал шаруашылығымен айналысқан халық үшін жақын ұғым екенін көрсетеді.
Бұл – ғалымның термин жасаудағы таным мәселесін ескергендігінің айқын айғағы. А. Байтұрсынұлының термин жасау ұстанымдарын ескере отырып, терминдерді таным теориясы тұрғысынан қарастыру мақсатында төмендегідей ұстанымдарды ұсынамыз:
Терминдерді таным теориясы тұрғысынан қарастыру барысында оның түп мағынасын анықтап, танымдық қырын ашып алу қажет (өзге тілден еніп, бейімделген; туыс тілдер тобындағы сөздер, ана тіліндегі сөздер);
Терминдердің ұлттық, мәдени, әлеуметтік факторлар негізіндегі танымдық сипатын айқындап, негізгі ұғымға қатысты нақты мән-мазмұнын белгілеу керек.
Таным теориясына қатысты психологиялық ерекшеліктерді ескере отырып, терминдердің күрделі синтаксиситік құрылым аясындағы предикативтілік қызметін анықтау қажет (қысқалық, түсініктілік, нақтылық т.б.).
«Ғалым ғылыми терминдерді жасауда қазақ тілінің болмысына терең үңіліп, сөздердің қолданысынына, мағынасына, сонымен қатар, қазақ тілінің құрылымына, функционалдық қызметіне баса назар аударғандығы байқалады. Оған сол кезеңде жасалған терминдердің бүгінгі күнге дейін маңызыдылығын жоғалтпай, керісінше біте қайнасып кеткендігі дәлел»[53;120].
А.Байтұрсынұлы зерттеулерінің маңыздылығын, сонымен қатар Еуропадағы белгілі түркітанушы профессор Хенрук Янковски де атап өтеді. Ол ғалымның өмір сүрген кезеңінде туындаған саяси қайшылықтарға қарамастан, тұтас қазақ тілінің құрылымдық жүйесін шебер қалыптастырғандығына баса назар аударып, қазақ тілінің табиғатына жаңаша көзқараспен үңіледі. Сондай-ақ, профессор бүгінгі таңға дейін Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің, ғылыми көзқарастарының, тұжырымдарының маңыздылығы зор екендігін айтады. Тіпті, А.Байтұрсынұлы ұсынған кейбір
тұжырымдардың бүгінгі таңда қолданылмайтындығын сынға алып ескертеді[54;75].
Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы мұраларының танымдық сипаты жалпыадамзаттық құндылықтың көрсеткіші екендігін дәлелдейтіндігін Э.Оразалиева: «А.Байтұрсынұлы – қазақ тілін өз алдына оқшауланып тұрған, бір халықтың игілігіне ғана қызмет ететін қазына ретінде ғана емес, тіл туралы ғылымның іргелі бір тармағы есебінде, жалпыадамзаттық құндылықтың жүйелі көрсеткіші сияқты зерттеу керектігін алғаш дәлелдеген ғалымдардың бірі»[36;38],-деп бағалайды.
Қазіргі тіл білімінде тілдік мағынаның кең таралған семантикалық үштігі – шындық зат, оның таңбасы және ой туралы тілдік мағынаның табиғатын шешуге бағытталған. Когнитивтік семантикада тілді ұғыну және қолдау мәселесі негізге алына отырып, мағына санада кодталған үдеріс, ғаламның тілдік бейнесін құрушы элемент екені көрсетіледі. Соның нәтижесінде үдерістік «әрекет етуші, әрекет, мақсат, нәтиже» қатынасы негізінде жүзеге асатыны айқындалады. Әрекет етуші әрекетті белгілі бір мақсат көздеп жасайды және ол белгілі бір нәтижеге бағытталады. Нәтиже – объективтік шындықтың тілдік бейнеленген формасының концептуалды жүйесі, ал мағына – санада кодталатын үдеріс. Танымның кодталуы әрекет түрінде сөз, дыбыстық құрылым мен мазмұн бірлігі арқылы ойша және әр түрлі бейвербалды, вербалды түрде жүзеге асады. Осындай вербалды түрде қалыптасқан таным кодталуының бір ерекше түрін терминдер жүйесі айқындайды.
Терминдердің концептуалдық құрылымын анықтауда ұғым мен мазмұн мәселесінің маңызы зор. Себебі терминнің концептуалды құрылымы дегеніміз – белгілі бір ұғымдық сала иелерінің коммуникативтік байланысын қамтамасыз ететін референциялардың инвариантты жүйесі. Концептуалды құрылымды тіл жүйелері мен арнайы ұғымдар арасын байланыстыратын негізгі буын деп қарастыруға болады. Бұл арада тілмен тікелей байланыс мазмұнды аспект арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан концептуалдық құрылымның өзі де белгілі бір семантикалық және ұғымдық категориялармен сипатталады. Осыған орай Қ.Жұбанов пен С.Аманжоловтың термин жасаудағы тілтанымдық мәселелерін айтуға болады. Қ.Жұбанов: «Термин мәселесіндегі үлкен кемшіліктеріміздің бірі – мына тіпті термин емес сөздер де термин қатарына қосақталып, белгілі бір мағынаны білдіретін стандарт сөздер боп қатып қалған»[55;1]-деп түсіндіріп, «Қай тілдің де жай сөздері тек сол елдің ғана қолданатын сөзі болудан озып, ғылыми ұғымдарды білдіретін болса, сонда ғана термин қатарына»[55;2] кіретіндігін көрсетеді. Ал С.Аманжолов жазба әдеби тілдің және жергілікті тіл ерекшеліктерін зерттей келе: «Термин деп танылған, қабылданған сөздің бір-ақ мағынасы болуы керек. Екіұшты мағына беретін сөз термин болып жарытпайды... Бірақ кейбір ғылымның (мысалы, физика, математика, химия, медицина, т.б.) көптеген термині сол ғылымның негізгі клеткасы, жайы келсе, қаңқасы сияқты. Ондай терминдерді білмеген кісі сол ғылымның маңына жолай алмайды Демек,,
термин сөздер – жай сөз емес, мағынасы айқын, әрі терең, әрі асыл сөз» [45;205], - деп термин сөздердің танымдық мәніне баса назар аударады. Яғни, белгілі бір саланың терминдерінің жүйе құрайтындығын, ал жүйенің бір теорияға арқа сүйейтінін ғалым нақты түсіндіріп, термин сөздердің қазақ тіліне енуі, әлеуметтік себептері тарихи оқиғаларымен байланысы, тілде тұрақталуы, басты-басты кемшіліктері, т.б. туралы «Қазақ тіліндегі ғылыми терминология мен аударма мәселесі туралы» мақаласында тоқталып өтеді.
Сонымен таным теориясының ғылыми негіздерін айқындауда А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов еңбектерінің орны ерекше. Ғалымдар қазақ тілінің құрылымдық сипатын қалыптастырып қоймай, бүгінгі күні жаңа бағытта зерттеліп жүрген тілдің танымдық қызметіне байланысты, тіл арқылы адамды, оның құндылықтарын тану және танытуға арналған құнды ғылыми мұра қалдырған. Көрнекті ғалымның осы танымдық көзқарастары мен пікірлері тілдегі таным теориясының басты ұғымдары мен ұстанымдарын айқындауға жол ашады. Сонымен жоғарыда айтылған пікірлер мен талдаулардың барлығы А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжоловтың термин жасауда тілдің танымдық болмысына да аса мән бергендігін дәйектейді.
А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов еңбектерінде таным теориясының келесі бір ерекшелігі – тіл мен мәдениет тұтастығын бірлікте қарастыра отырып, адамзат болмысын терең білуге ұмтылуы. Тілтаным тілмен мәдениет тұтастығына ерекше мән бере келіп, тіл арқылы ұлттың, халықтың мәдениетін танып зерделеуге мүмкіндік береді.
Тілді қоршаған әлеммен, адамдық факторлармен сабақтастыра зерделеу тіл арқылы адам болмысын тануға жетелейді. Тілдің табиғатын адамның мәдени, рухани, әлеуметтік, психологиялық болмысымен ұштастыра отырып талдау, халқымыздың ұлттық ерекшеліктері мен құндылықтарын терең түсінуге жол ашады. Демек,, тіл болмысы арқылы адамдық факторларды, соның ішінде сол тілді қолданушы халықтың мәдениеттін зерттеудің мән- маңызы зор.